Е ВЭЙЛИНЬ. НЫСАНА – БАҒДАРСЫЗ ӨЗЕНДЕ

ӘДЕБИЕТ
2482

АУДАРМАШЫДАН: 

Әлем әдебиеттің үздік үлгілерінің бірі ретінде миллиардтың үстінде халқы бар ұланғайыр Қытай әдебиетінің өкілі ретінде Ресейдің атақты қытайтанушысы Николай Федоренконың құрастыруымен 1988 жылы Мәскеудің "Радуга" баспасынан шыққан "Қазіргі қытай прозасы" атты жинақтан шоқтығы биік Е ВЭЙЛИНЬНІҢ мына бір туындысын қабыл алғайсыздар



І


Мен 1971 жылдың жазындағы сол жүзуді ешқашан ұмытпаспын, сірә... Мені онда провинция орталығындағы университетке оқуға жіберген болатын, ал мен мәшинемен, не болмаса пойызбен барсам деп армандағанмын – өйткені ондай көлікке бұрындары мінбеген едім. Бірақ мен көк тиынсыз болғандықтан, атайдың ақылымен қалаға кішкентай кәбеңкесі бар кәдуескі салмен жетуге тура келді. Ә дегенде мен, әрине, бұған онша қуана қоймадым, бірақ ойыма орыс ғалымы Ломоносов жайлы баяндаған, қолыма әлдеқалай түскен кітапша оралды: ол бала кезінде туған жерінен білім іздеп, балықшыларға ілесіп кетіп, кейін бүкіл Еуропаға даңқы жайылған ғалым болған. Мен сол ұлы ғалым жайлы ойға қалдым, оның да тап мен сияқты жалаң аяқ жалаң бас күйі дорбасын қолтығына қысып, өзенде балықшылар қайығында жүзгенін көз алдыма елестеттім, сөйтіп едім, уайым‐мұңым сейілгендей күй кештім. Жалпы мені оқуға жіберу мәселесі қайдан туындады? Халықта "Жақсылық іздеме, сәттілігін ізде" деген сөз бар. Шынын айтсам, бәрі де ойда жоқта орайласты. 

Сол жылы көктем ерте келді; аждаһаның оянар күні – екінші ақпанның өзінде шабдалы гүлдеп, қызыл тал қанатын жайды. Бірақ бесінші күнге аяқ басқанда кенет суық оралды, қар араласқан ұсақ жаңбыр тұрып алды, түнде қырау түсті. Әйткенмен жұлдыздың онына қарай ауа райы орнықты, қар аралас жаңбыр тоқтап, күннің көзі көрінді, сөйтіп қайта жылынды. Торғайлар шалшықтарда көңілді күйде секіре бастады. Оңтүстіктен тап бір жұмсақ жібек іспеттес бет‐ауызды аймалағандай жел есті. Елдің бәрі нағыз көктем енді келді десті. 

Ертеңіне атам мені асқабақ отырғызуға шақырды, әрі менімен әдеттегідей емес, шын ықыласымен, салтанатты түрде сейлесті. Мен таң қалдым: атайдың мені өзімен бірге асқабақ отырғызуға шақырғаны қалай? Мен кішкентайымнан атайдың асқабақтарға барынша сый‐сияпатпен қарайтынына үйренген едім. Әрдайым, асқабақты қайнатардан бұрын, ол оның тұқымдарын ыждаһатпен жинап алып, кептіріп, ошақ маңында сақталатын қалташаға салып қоятын. Қыс ортасына қарай тұқымдар едәуір көп жинақталатын; сол кезде атам қалташаның аузын ашып, тұқымдарды таңдап ала бастайтын. Мұндай сәттерде ол қадала көңіл бөлген ахуалға молығатын:аузына бос мүштігін қысқан күйі, масақтың сабағындай қастарын түйіп алып, тап бір асыл тастарды қарастырған көпес сияқты жанары жанған бойда тұқымдарды әлжуаз саусақтарымен іріктеуге кірісетін. Таңдалған тұқымдарды ол өзге қалташaғa салып, енді темір қалбыршаға орналастыратын. Арада бірнеше күн өткен сайын тағы да алып қарап, таңдауды жалғастыра беретін, әр жолы шамалы екшегеннен ең соңында отыз‐қырық қана тым жақсы деген тұқым қалатын. Ол енді  бұл қазынасын қорапшада емес, шүберекке орап қолтығына тығатын, өз денесінің жылуымен өбектейтін. Сонсоң атам қыс бойына таң рауаннан тұрып, кәрзеңкесі мен күрекшесін алып, ауылдың сыртынан тезек теруге кететін. Ол кейде Сяошуй өзенінің бес шақырым жердегі жағалауына дейін ұзап кетіп, суық судан аяқтары көгеріп оралатын. Атам өзгенің тезегі мен өз отбасының бар‐жоғын ешқашанда шашуға болмайтынын әманда жадында сақтайтын. Мен есімді жиып, етек‐жеңімді бауырыма тарта бастағаннан былай қарай ол күніне кемінде үш рет "көрінген жерге дәрет сындырма, тек үйдің әжетханасын пайдалан" деп нығарлай тапсырудан жалықпайтын. Мен оның  айтқанын қалт жібермейтінмін, егер мектепте отырғанда зәр қысса, көзімнен жас шықса да шыдайтынмын. Әлі есімде, атам бірде әлденендей мерекеге жиналды, мені өзімен бірге ала кетуін өтініп едім, ол мағaн үйде отыруға бұйырды, есесіне тәтті бірдеңе ала келермін деп уәде берді. Ол оралғанда қолында үлкен қапшығы бар екен. Мен онда базарлық бар екен деп алақанымды шапалақтап ашып қалсам – жаңа тезек! 

Атам жыл сайын асқабақ себуге қаншалық көңіл бөліп отыратын еді десеңізші! Сонысына орай асқабақтары да таңдап тізгендей, бірыңғай "сен тұр, мен атайын!" болатын: бәрі бірдей домалақ алтын түстес жып‐жылтыр, дәндері де біркелкі боп келетін. Атам бақшасының өнімін ерте күзде жинап алып, асқабақтарды кереуеттің, үстелдің немесе солтүстік қабырға жақтағы текшенің астына жинайтын, ал ол текшенің тұрқы адамның жарты бойына жететін. Әрдайым, таңертең үйден кетерде және кешке оралғанда атам өз асқабақтарына жақындап келетін де, саусағымен шертетін, сипалайтын. Мен мына жалғанда өмір сүрген жиырма жылда, осы асқабақтарды жеудей‐ақ жеп бақтым, бірақ оларға ешқашанда жиіркенішпен қараған емеспін, өйткені олар біздің отбасындағы қуаныштар мен бақытсыздықтардың куәгерлері болған еді. Мен біздің асқабақтарға ешқашанда сүлесоқ қарай алмасым сондықтан. 

Мен ауылдағы шалдардан атамның осыдан қырық жылдай бұрын бір помещикте батрақ болғанын, өзі отызға толса да, іліп алары жоқ жалаңаш болғанын жыр етіп айтып отырғандарын сан естігентінмін. Республиканың он жетінші жылы (1928) Хунаньда алапат аштық болып, көп халық біздің жақка қарай ойысты. Келгендерге көз салып қараудың өзі қорқынышты еді. Егер оларға он сегіздегі қыздарын үш өлшем күрішке сатудын орайы келсе, жақсы бағаға өтті деп есептейтін. Бірде атам егінжайдан үйге қайтып келе жатқанда, қайдан ілескені белгісіз, бір қыз ереді де, қалмай қояды: шаштарын жуан бұрым етіп өріпті, өзі жүдеу‐ақ – сүйектері кеудешесін тесіп шығардай ырсиып‐ырсиып тұрса керек. Әлгі “лә" деместен атамнын үйіне дейін еріп келеді. Атам одан не керегін сұраса, ол жылап жіберіп: "Мейірімді ағажан, мені өзіңе алшы!" депті. Атам болса: "Сонда екеуміз қалай күн көрмекпіз? Шынын айтсам, менде бір түйір де күріш жоқ, бар‐жоғы небәрі сегіз асқабақ қана". Үйде асқабақ барын естіген қыз дүр сілкініп, жанары жарқ ете түседі, табалдырыққа отырып алып, кетпей қояды. Ол сол күйі атамдікінде қалып, маған әже болған. Атам мен әжем асқабақтың мәнісін білудей біліп баққан және өз кездескендерінің ескерткіші санатында жыл сайын оны өсірумен айналысады, абырой болғанда жылдан‐жылға еккендерінен түсім көбейе түскен. Аштықтың созылған кезеңінде, ол – атамның отбасының аман қалуына себі тиді, ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік берді. Азаттық алғаннан кейін жер бөлісі жүргізілді, одан кейін кооперативтер құрылды, ол кезде өнімділік ұдайы өсіп отырды, әр жолы дәннен кенде болғанымыз жоқ. Егер ол асқабақтарын алдағы егіске дейін жеп үлгере алмаса, базарға апарып тұзға, сояға, майға, қытырлақ нанға, арасында темекіге де айырбастайтын. 

Мен бастауыш сыныптарда оқып жүрген кездерімде оқуға кететін шығындардың орны асқабақ сатумен толықтырылатыны есімде қалыпты. Кітап салатын көгілдір матадан жасалған сөмкені де атам асқабақтан түскен ақшаға алып берген еді. Халық коммуналары құрылған жылы ауа райы қолайлы болып, ел күріштен мол өнім жинағаны сондай, тіпті жұрт тәтті картоп‐бататты жинағысы келмей кесірленгенін қайтерсің. Коммунаның сол кездегі хатшысы Ли Цзячэнь айғай салып тұрып, жұрттың бәрін күніне үш рет әбден тойғанша тамақтандырамыз, енді бізде коммунизм деп жариялады. Ауылдағы асхананың үш дәу қазанының астында ұдайы от жанып тұратын, ал асхананың қасына тамақ ішетін шәшкелерді жуатын арық ағып өтетін. Күнде таңертең арықтағы су мөлдір болатын, түбінде күріштің қалың қабаты жатқаны көрінетін. Атам дәмді мұншалықты шашып‐төккенді көргенде ренішпен басын шайқайтын. Ал келесі жылғы көктемде атамды коммунадан темір балқытуға жіберді де, ол өзінің асқабақтарын отырғызуға үлгере алмай, мұны істеуді әкеме тапсырды. Әкем болса бұған немкетті қарады – бәлкім, тауға ағаш дайындауға да асықты ма, кім білсін? Ол жақын жердегі көтерме бөгеттен бірнеше шұңқырша қазды да, тұқымдарды алас‐күлес тастай салып тайып отырды. Жазда онда әлжуаз, үлкендігі жұдырықтай‐ақ қисық қабығы қарайып кеткен асқабақтар өсіп шықты. Бұл кезде атай да оралды, асқабақтарға көз салды да күліп жіберді: "Мыналарың асқабақ емес, қайдағы бір кәдіш – баклажан сияқты ғой". Одан қыс келді, жағдайдың ауырлағаны сонда айқын айшықталды. Қоғамдық асхананы ұстап тұру мүмкін болмай қалды, аш ел іріккен дәмнің бәрін жеп қойды, енді жан басына бір шәшке күріш пен шамалы алабота қосып беретінді шығарды. Уақыт өткен сайын аштықтан жұрттың көздері суланып, қол‐аяқтары күп болып ісіп кетті, жүректеріне қорқыныш ұялады. Міне сонда атайдың ыза болып: "Сен де мына шаруаңмен жетістірдің!" әкемді қатты жазғырғаны есімде. Әкем не десін, басын салбыратқан күйі отырып қалды. Өз кінәларын шама‐шарқыларынша тігісін жатқызбаққа әкем мен шешем өздерінің шәшкелерінен күрішті атам мен маған тыныш қана ептеп ауыстырып отырумен болды. Келесі жылғы көктемде атай көп асқабақ отырғызды, бірақ мезгілі өтіп кеткен еді. Аштық өз істерін асқабақ піскенше күрт қайырған‐ды. Көктем мерекесінен кейін біздің коммунадағылар даланың шөбін бітірді, құсын болса‐болмаса! Біздің отбасындағылардың бәрі шеменге шалдықты; бетті саусақпен түртсе із қалатын болды. Сонсоң безгек басталды, оны жұқтырған әкем мен шешем ұзақты күнге сандырақтаудан көз ашпады. Алдымен анам өлді. Ол таудағы шоқ бамбук тоғайшасында қайтыс болды, қолына бамбуктың жас өркен бұтағын қысқан күйі кетті. Ізінше әжем қайтты, одан соң әкемнің кезегі келді. Әкем өлгенде асқабақ молынан гүлдеп еді, әрі кей жерлерде тауықтың жұмыртқасындай ғана өнімдер де пайда бола бастаған‐ды. Әкем асқабақтар әбден жетілгенше енді жарты ай немесе бір ай шыдағанда мүмкін тірі де қалар ма еді, қайтер еді? Бірақ ол жете алмады, өліп кетті. Оның таза өлгісі келмегені анық сияқты болатын: көздерін бажырайта ашқан күйі көк аспанға тік қарап жатты да қойды. Атам сонда қызыл қағаздан екі дөңгелек ойып алды да, шамасы келгенше әкемнің көздеріне жапсырды. Ақсақалдың сондағы өзін жегідей жегенін айтып жеткізу қиын. Тек арада көп жылдар өткеннен кейін ол бірде былай деді: "Өмірде бастан нелер өтпеді дейсің, бірақ тап сол жылы асқабақты өзім отырғызбағанымды өзіме ешқашан кешпеймін..." Тіршіліктің сол ащы сабағынан кейін атам асқабақтарды асқан қамқорлық аясына алатын болды. Он екі жыл өтті, мен де есейдім. Кейінгі екі жылда мен ауылдағы қай жұмыс болмасын, бәрін де байқастап көрдім, тек асқабақ отырғызған жоқпын. Ал өткен жылғы көктемде атамның әбден әлсіреп қалғанын, енді оған жер қазу күшке түсетінін кенет байқап қалдым. Мен атамның орнына асқабақ отырғызуға ойқастап едім, бірақ бұл жайында оған айтуға бата алмадым. Оның маған бұл шаруаны тапсырғысы келмейтінін білетінмін. Сондықтан осы жолы атам маған асқабақ отырғызуды өзі ұсынғанда, мен сенер‐сенбесімді білмедім. Мен сол кейіпте атама жақындап келдім де: 

– Ата, мен асқабақ отырғызуым керек пе? – деп сұрадым. 

Атам басын изеді, қолтығынан тұқымдар ораған шүберекті алды да, баппен жайды: "Міне жақсы тұқымдар”. Ол жөткірініп қойды да, былай деді: "Есіңде болсын, ұмытпа! Тұқымдарда ең бастысы көлемі емес, түр‐кейпі. Алдыңғы жағы үшкір, ал арты домалақ болып келгендері жақсы да, кәдеге асады. Егер жасыл түсі құйылыңқырап тұрсын десең, екі кемері, тіпті үш кемері барына назар ayдар... Ұқтың ба?" 

Мен тұқымдарға ықтиятпен көз салдым: былай қарағаныңда бәрі ұқсас, айырмашылықтарын айыру қиын тәрізді. Бірақ мен: 

– Ата, түсіндім, – деп жауап бердім. 

Атам шоқша сақалын сипалап, жан‐жағына қарап алды да, сонсоң сыбырға көшіп: 

– Бұл – құпия, байқа, ешкімге айтып қойып жүрме, түсіндің бе? 

Мен жанарымды төмен салып: 

– Түсіндім, – дедім бүгежектеп. 

– Атаң міне, қартайды, енді сары жердің қойнына аттанатын кезі келді. Сен болсаң есейдің, қалт еткенде отбасылы боларсың, балалар келер дүниеге. Сен асқабақ отырғызуды үйренгенің ләзім, жылдан‐жылға отырғыза бер. Атаңның не айтып тұрғанын ұқтың ба? 

– Ата, мен ұқтым. 

– Жарайды, жақсы... бәрін де кешіруге болады, бірақ сол жұт жылы асқабақты неге өзім отырғызбадым десеңші?! Мен сенің әкең мен шешеңнің алдында кінәлімін, әжеңнің алдында да кінәлімін... 

– Ата, олай демеші. 

– Ал, қойдым, қойдым... 

Атам көздерін сүртті де, қолдарын жайды. 

– Бар да жүйектерді қаза ғой, қазып болысымен мені шақыр. 

Мен кетпенді алдым да, ауылдың кирелең көшесімен бос қалған бөгетке жол тарттым. Ұзақ жаңбырдан кейін күннің көзі көрініп еді, таулар жанарыма дабырая басылды; шалғындағы шөп жап‐жасыл боп жайнап тұр. Сяошуй жағалауындағы теректердің бүршіктері әлі ашыла қойған жоқ‐ты, содан болар, ағаштардың жіңішке бұтақтары аспан аясында тап бір қарындашпен салғандай менмұндалап тұрды. Бұйра да, ақша бұлттар тау биіктеріне әдейі қыстырған шоқ гүлдердей әсер етеді. Қос бозторғай аспанның сонау биігінде сыбызғының мақамына салып әндерін шырқаумен болды. Жол бойы жаңбырдың шалшықтары кездесіп отырды, күннің ыстық нұрынан бу көтеріліп, тезек пен құнарлы топырақтың иісі аңқығанын айтсаңызшы! Осының бәрі менің туған жерімнің суреті, оның дыбыстары мен иістері болатын. Мұның бәрі де маған сүйкімді еді, бірақ үйреніп кеткендіктен, пәлендей ерекше сезімдерімді қозғай қоймайтын. 

Мен бөгетке келдім де, алақандарыма түкіріп алып, жерді қазғыштай бастадым. Қазып жатып ойлап қоямын: атам ештеңесін аяған жоқ, менің мектепті бітіруім үшін қолдан келгенінің бәрін жасап бақты. Менің білімім турасында тап бір диқан егінжайын күткендей өбектеді. Атамның есебі мынадай болатын: "Жерге бір дән енгізсең, ертең қамбаңа он мың тұқым болып оралады". Ал, оқу менің тура көзімді ашты, көкжиегімді кеңейтті. Менің жан дүниемде тап бір көктемгі күннің тұманындай сан салалы үміт қанат қақты. Мен Сяошуй өзенінің жағасына келіп, алысқа ынтыға жиі көз салып, мұхиттың ұлылығы мен ғаламаттары жайлы ойға шоматын болдым. Теңіз суының дәмін татып, оның шынында тұзды екендігіне көз жеткізгім келетін. Мен тауларға да жиі қарайтынмын, олардың ар жағындағы ұшы‐қиырсыз әлем жайлы армандайтынмын. Оқулықтардан мен механика қағидаларына қанығып, автомобильдің қалай жүретіндігін түсінген едім. Әрине, автокөлікті көріп жүрмін ғой, бірақ оған мініп серуен құрудың сәті түскен емес. Және сондықтан да мәшинеде жүргеннің әсері қандай болатынын білмеймін. Ал теміржол деген не нерсе? Суреттерден немесе кинодан көргенім – бұларыңыз екі жіңішке жіптей ғана жолдар, бір қызығы, олардың астына көлденең ағаштар төселген! Мен бұл жайында біздің оқытушыдан сұрағыштап мазасын алғандай болып едім, ол күлімсіреді де, былай деді: "Үздік оқы, сонда, сен қайткенде теміржолмен серуендейтін боласың". Мен жақсы оқыдым, әрі сондай күнді тосумен болдым, бірақ аңсаған сәт ақыры тумады. "Мәдени революция" басталған соң ұзамай коммунадағы мектеп жабылды, мұғалім кетті де, парталар бос қалды. Мен ауылға оралдым, әкемнен қалған құрал‐саймандарды алдым да, өндірістік бригадада жұмыс істей бастадым. Қыстар мен көктемдер ауысып жатты, сөйтіп арада төрт жыл өтті. Мен жұмыстан қаймыға қойған жоқпын – тұла бойымда шаруаның қаны текке ақпаса керек қой. Бірақ көктемде, айнала тіріліп, қозғалысқа енгенде, менің кеудемде жиі толқыныс көтеріліп, жан дүнием әбігерлі күй кешетін. 

Енді міне, атам мені асқабақ отырғызуға жұмсады, оның үстіне өз құпияларын ашып, оларды сақтауды тапсырды – бәлкім, менің тағдырым асқабақтармен байланысты болатын шығар. Мен атамның бүкіл өмірін қалай өткергенін, әжемнің қалай қайтыс болғанын көз алдыма елестеттім, біздің отбасының бар тарихын еске түсірдім – асқабақтар оның әрбір буынының тіршілігінде әрқашанда айтарлықтай орын алып келген‐ді. Мүмкін, ілгеріде де солай бола ма? Мен осы ойдың өзінен‐ақ қамығып қалдым. 

Мен екі қатар жүйекті қопсыттым да, белімді жазып, демалуға ойыстым. Алдымда жапырақтарын молынан жайған су гүлдері тұнған тоған жатты. Олардың үшкір үшті жапырақтары жайымен шайқалып тұрды, өйткені жалпақ қарын, тұқыл балықтар әлсін‐әлсін судан шоршып шығып, гүлдерді тістелеп, жапырақтарды қозғағыштаумен болды. Қарсы қабақта бес‐алты жасар бүлдіршін қыз бала көбелек аулап отырды. Үстіне киген кеудеше мен қызыл шалбарына қарағанда ауыл баласы емес екендігі көрініп тұрды – мүмкін, осында қонаққа келген болар. Мен айналама бір қарап, басымды төмен салдым да, тағы топырақ қопсыта бастадым. Менің екі‐үш рет кетпен сілтеуім мұң екен, кенет судың шолп еткенін естідім. Қарасам, әлгі көбелек аулап отырған бала тоғанға құлап кетіпті, тіпті дауысы да шықпайды, тек қызыл кеудешесі ғана су бетінде қалқып жүр. Мен ойланып жатпастан киімімді лақтырып тастадым да, суға қойып кеттім, су гүлдерін жан‐жаққа сырмалап балаға жеттім де, мықтап ұстап алдым. Тоғанның суы да кеудеден ғана келетін онша терең емес еді – мен баланы қиналмай‐ақ жағаға алып шықтым. 

Барша ауылдастар айғайласып, қиқуласты да қалды, сөйтсем, әлгі бала аупартком хатшысы Ли Цзяченьнің қызы екен, оны мұнда демалуға коммуна парткомының хатшысы Лю алып келіпті. Әлдекім хатшы Люге болған жайды айтқан екен, анау ес‐түсі қалмай тоғанға қарай ұша жөнеліпті – байғұс түрі боп‐боз болып, суық терге малшынып кетіпті. Oл менің қолымнан баланы жұлып алды да, рахметін жаудыра бастады. Сәлден кейін ол мені иығымнан қақты да, қамқор кейіпте былай деді: 

– Мен мұны қайткенде хатшы Лиге жеткіземін. Сенің бұл әрекетің ескерусіз қалмайды... 

Шынында бұл оқиға менің өмірімді төңкеріп тастайды деп кім ойлаған? Мен онда ол сыйлағандықтан ғана осылай деп тұрған шығар деп, айтқанына зейін де қойған жоқ едім. Бұл Лю хатшының толық есімі Лю Дасюнь болатын. Ол коммуна парткомының хатшысы болғандықтан елдің бәрі оған сый‐сияпатпен қарайтын. Хатшы Лю біздің төрт бригаданың жұмысына жауап беретін, маңайдағы ауылдарда жиі болатын, арасында коммуна мүшелерімен бір дастарханда кездесіп, бірер кішкентай кесе ащы суды да тартып жібергенді ұнататын. Ұзақты күнге ол бет‐аузы қызарған күйі темекісінің тұқылын тістелеп, ауыл‐ауылды аралаудан жалықпайтын. Ол негізі жұмсақ адам болатын: коммунада одан кім не жайында өтінсе де бас тартпайтын, тек келіскен бетте берген уәдесін ұмытып қалатын. "Не дейсіз‐ау? Мен шынында келісіп пе едім? Сіздер енді кешіре көріңіздер, мен сол күні бәлкім, артықтау ішіп қойған шығармын..." Мұндай жағдайларда ол қатты қынжылған кейіпте басын сабалайтын. Сондықтан oғaн ешкім де ашуланбайтын: қызып жүргенде берген уағдаңды ұмыту табиғи нәрсе ғой! Мүмкін ол кей жайттарды есінде жақсы сақтаған да шығар? 

Рас, бұл жолы да хатшы Люден шараптың иісі айқын ұрып тұрды. Мен күлімсіреген күйі аулақ кеттім де, асқабақ отырғызуға кірістім. 

Сонымен, асқабақтар отырғызылды, көп ұзамай жүйектерде жасыл гүлдер пайда бола бастады, шілдеде кішкентай асқабақшалар түйінделді. Бірде, қайнаған талтүсте коммунаның хабар тасушысы маған хабарлама жеткізді: онда кедейлерден шыққан Ли Дунпин коммуна парткомының шешіміне сәйкес теміржол институтына жіберіледі делінген; ар жағында провинция орталығына баратын уақыттың айы мен күні көрсетілген. Мен бұл хабарламаны оқыдым да, өз көзіме өзім сенбеймін, ал жүрек болса дүрс‐дүрс етеді; жақсылықты тезірек жеткізуге атама қарай ұша жөнелдім. Жаңалықтың желден де жылдам зулайтынын кім біліпті: келсем, көршілер үйде тосып отыр. Бәрі де қатты қуаныш құшағында еді. Паньгу аспаннан жерді айырғалы бері біздің ауылдан университеттің тек қана бір‐ақ студенті шыққан екен. Жұрттың бәрі хатшы Лю жақсы партия қызметкері, ол айтқан сөзін аяқасты етпейді десіп жатты. Олар аупартком хатшысы Лидің баласын құтқарғандық үшін университетке оқуға жіберу – бұл үлкен адамгершілік деп топшылады. Жастар жағы маған қызғанышпен қарады, бәрі де менің жолым болғыш дегенді айтты. Атамның қуанғаннан аузы жабылмады, көздері суланып, тісі жоқ аузын тамсанып: 

– Председатель Маоға рахмет, коммунистік партияғa рахмет! – деп қайталай беруге ғана шамасы келді. 

Кешке атам есіктерді жауып, тартатын таяқшасын жақты да, оны батыс қабырға алдында тұрған үстелшедегі күріш салған өлшемеге сұқты. Бұрындары онда Құдайлардың бейнелері тұратын, енді ол жер "қымбат бағалы" текшеге айналды: оған председатель Маоның суреті қойылды. Жалпы атам діндар емес‐ті, ол бұл хош иісті таяқшаны (хат танитындар цитат, үзінділерін оқыған сияқты) өз алғысын білдіру үшін жаққан‐ды. Атам өз ғұмырында көп қайғы тартса да, ол – председатель Маоны, коммунистік партияны сүйетін. Ол бар жақсылық пен қуаныш председатель Мао мен коммунистік партияның арқасында келіп, ал, жамандық пен қайғы атаулы – бақытсыз тағдырдың жемістері екендігіне нық сенетін. 

Осыдан жиырма жыл бұрын, жер реформасы кезінде атамның бір күлкілі жағдаятқа киліккені бар. Ол бірде қаладағы базарға председатель Маоның суретін сатып алуға барады. Сатып алғанымен кетпей, жан‐жағына қарағыштай берсе керек. Сатушы тағы не қажет екенін сұраса, атам енді коммунистік партияның суретін сатып алғысы келетінін айтыпты. Сатушы болса, оған ыждаһатпен түсіндіре бастайды: "Қадірмендім, коммунистік партия – адам емес, ұйым, ендеше оған сурет қайдан келмек?" Ал атам болса, ол да өз дегенінен қайтпайды: "Сен мені алдай алмайсың, егер ол адам болмаса, мен оған неге ұзақ ғұмыр тілеймін?" (Қытай тілінде "ұзақ ғұмыр тілеу" мен "жасасын" деген сөз бір ұғымды білдіреді. – Ауд.) Сатушы сонымен не дерін білмей дал болады, атам оған коммунистік партияның суретін сатуды талап етуін және қоймайды. Текшеге отырып алады дағы, ешқайда кетпей қояды, у‐шуға ел жиналады. Ақыры жергілікті бастықтардың бірі келіп, атама әрең түсіндіріп, ауылға қайтуға әзер көндірсе керек. Бұл оқиға өткелі қашан – тек сол кездегі уездік партком хатшысы өз баяндамасында оған тоқталып, жаңа Қытай шаруаларының коммунистік партияны қаншалықты сүйетіндігіне айшықты мысал ретінде келтіріпті, ал атамды ешкім келемеж етпеген, қайта оның ақпейілділігіне қайран қалысқан. 

Атам тартатын таяқшасын қыстырды дағы, мені ымдап шақырды. Мен, әрине, оның не қажет етіп отырғанын түсіндім – қабырғаға жақындап келдім де, председатель Маоның суретіне құрметпен басымды идім. 

– Сен провинция орталығына қашан жүресің? Ол турасында анау қағазыңда айтылған ба, әлде жоқ па? – деп сұрады атам. 

– Жұлдыздың жиырма бесінші күні жету керек депті, яғни ескі күнтізбемен алғанда тоғызы ғой. 

– Екісі, үші, төрті... – Атам саусақтарын бүгіп есептей бастады. – Иә, жеті‐ақ күн қалыпты. 

– Әуелі мәшинемен кетіп, сонсоң пойызға міну керек. 

– Оған қанша ақша керек? 

– Білмедім... 

– Коммунаға бар да, бәрін анықта... 

– Ертең барып шығамын. 

Ертесіне, азаннан мен баруға жиналып жатқанда, хатшы Людің өзі келді. Амандасты да, ізінше оның хатшының талабы мен қамқорлығы арқасында менің оқуға баруға мүмкіндік туып отырғандығын сездірді. Және былай деп қосты: "Әрине, Дунпин де өзін жақсы жағынан көрсете білді. Өзін аямай хатшы Лидің баласын құтқарды. Бұл оның коммунистік партияға деген терең сүйіспеншілігінің көрінісі. Біз осы Дунпин сияқтыларды өсіріп, тәрбиелемегенде қайтеміз?" 

Хатшы Лю осылай деді де, мені достық сезіммен иығымнан қағып‐қағып қойды. 

Атамның қуанғаннан жүзі жайнай түсті, тек хатшы Люді қалай құрметтерін білмей, алақандарын ұзақ шапалақтап тұрып алды да, соңынан былай деді: 

– Хатшы Лю, мен былай істейін деп едім... 

– Не нәрсе? 

– Құрметтім, мен сізді бізбен бірге дәм ішуге шақырайын деп едім, әттең бізде дәмді тағамның ыңғайы жоқтау... 

– Кадрлар мен бұқара халық – бір отбасы іспеттес, пәлендей дәмнің қажеті жоқ, шамалы тауық етін қажаласақ та жарап жатыр. 

– Жақсы, жақсы, мен қазір тауықты... – деп іліп әкетті атам. 

– Айтарлықтай асқа шығынданбай‐ақ қойыңыз, сәл сорпа мен тұз болса болғаны – мен бап таңдамайтын адаммын... 

Осылай келісті дағы, хатшы Лю жылдам шыға жөнелді. 

Атам маған суды тез қайната беруді тапсырды да, өзі бөтелке алып шарап іздеуге кетті. Кейбіреулер сұрап та қалды: 

– Сен немене, таң атпай шамалы тастап алғансың ба, қалай? 

– Қайдағы! Бүгін хатшы Лю біздікінде түстенбекші. 

Күндіз хатшы Лю келді: сол қолында бір бөтелке шарабы бар, оң қолына тамақ жейтін таяқшаларды қыстырған ол, барлық тауықты жеп қойды, тіпті сорпаны да ішіп бітірді. Атам тұзды көбірек салып қойдым ба деп қорқып еді, бәрі ойдағыдай болды – хатшы Лю тағамды жеп бітіргенше "лә" деген жоқ. Тойып алғаннан кейін ол еңкейіп, еденнен бір талшық тауып алды да, тістерін шұқылай бастады, сонсоң қызудан қызара бастаған көздерін бағжита ашып, қамқорлық сезіммен: 

– Дунпиннің қалаға баруына орай тағы да қандай қиындықтар бар? – деп сұрады. 

Атам мені бөлмеден шығарып жіберді де, содан кейін ғана сауал қойды: 

– Мәшине және пойызбен жету үшін қанша ақша керек? 

– Жиырма юаньдай, одан еш кем емес, – деп жауап қайырды хатшы Лю. 

– Осындай көп пе? – Атам тіпті абдырап қалды. 

Хатшы Лю "иә" дегендей екі рет басын изеді де және қосты: 

– Ал, университетте оқу үшін тағамға да ақша қажет. 

– Қанша? 

– Айына он юаньнан асып жығылады. 

– Неге сонша көп? Әр ай сайын солай ма? 

– Әрине, әр ай сайын тамақ ішу керек қой. 

– Ай сайын он юаньнен артық дейді... Ал, мен ондай ақшаны қайдан алмақпын? 

– Сонда университетте оқу жаман ба, немене? Бұл бұрынғы уақыттың цзюйжәнімен (баяғы заманғы Мин және Цин дәуірі кезіндегі ғылым кандидаты дәрежелес. – Ауд.) деңгейлес деген сөз. Міне, Дунпин – хатшы Лю атамды оқыта бастады – үш жылдан кейін университетті аяқтап кадрлық қызметкер болып шығады. Ай сайын қырық‐елу юаньнан алып отыратын болса, жыл бойына қанша жинақталатынын жобалай беріңіз! Сізге, қадірлім, ол кезде ешкімнен, ештеңеден де қорықпауыңызға болады! 

– Солайы енді солай ғой, – деді атам, – тек қазір ештеңе шықпай жатыр. Ақшаңыз ағашта ілулі тұр, тек оны сатыға шығып алайын десең саты жоқ. 

– Енді не істеу керек? 

– Қайтем, біздің бригадаға барып сұрап көремін де... 

– Мен не, өндірістік бригададағы жағдайды білмейді деп отырсыз ба? Кеше өгізге салатын әбзел‐сайманға да ақша табылмай әуре‐сарсаң болысты жұрт... Ал егер Дунпинге жол жүрудің сәті түспесе қиналмайық, оның орнына басқа біреуді жіберерміз. 

– Жоқ, жоқ! – деп атам асығыс айғайға басты. 

– Егер сізде құнды бірдеңе болатын болса, соны сатыңыз, – деді хатшы Лю шамалы үнсіздіктен кейін. 

– Сонда не сатамыз? Асқабақтар әлі піскен жоқ. 

Хатшы Лю сақылдап күліп жіберді; атам болса күрсінді. 

– Құрметтім, егер сіз ерік берсеңіз, бір кеңес берсем қайтеді? 

Сізде, немене, кипарис табыт жоқ па еді? 

– Бар ғой, бар, өзі үш қабат лакпен сырланған әрлі. 

– Соны маған сатыңыз, мен ол үшін үш жүз юань беремін. Ал бұл ақшамен сіз Дунпиннің шығындарына алаңдамайтын боласыз. Қалай? 

– Хатшы Лю... – Атамның дауысы кенет ызғарлы шықты. 

Мен болсам, осы кезде есіктің сыртынан тыңдап тұрған болатынмын. Мынаны естісімен шыдай алмай бөлмеге жүгіріп кірдім де: 

– Ата, табытты сатпаңыз. Мен қалаға жаяу‐ақ жетемін! – дедім. 

– Сонда сен сонша алысқа бара аласың ба? – Атам тағы да күрсінді. 

– Жақсы, сенің жігерің бар екен, мен сенің революциялық шешімділігіңді қолдаймын! 

Хатшы Лю, атам екеуімізге шұқшия бір қарады да, саңқылдаған дауыспен былай деді: "Қиыншылықтармен тапжылмай күресіңдер, Қызыл армия ұлы жорығының даңқты дәстүрлерін дамыта беріңдер!" 

Сөйтті де, ыржия күлген күйі кетіп отырды. 

Кеш бойына атам үн қатқан жоқ, ал оның мұңға батқан түрі бырысқан асқабақ іспеттес еді. Уақыт түнге жақындағанда атам Пань Лаоуге ақыл қосуға баратындығын айтты. Пань Jlaoy ағаш кесіп, сал ағызумен айналысатын, ол менің анамның бауыры болып келетін, мен оны ағатай дейтінмін. Анамның тірі кезінде ол біздің үйге жиі келетін. Әдемі қағазға оралғaн печенье ала келетін, менің де жақсы көретін тәтті дәмім сол болатын. Мен оның қараторы, арықша келген, жылдам қимылды, әрі жайдары адам екендігін есте сақтаппын. Пань Лаоу біздің ауылдан отыз шақырым жерде, өзеннің жағасындағы поселкеде тұратын. Мен де атама еріп ілесе барайын деп оқталып едім, ол ерік бермеді, аса таяғын алды да, өзі жөнеп кетті. Осынау кәрі адамның жұлдыздарды ғана бағдарлап жол жүріп бара жатқандығын ойлап едім, жанымды қоярға жер таппадым. Мен түн ортасына қарай таза кірпік ілмей, терезе сыртындағы цикадалардың шырылына құлақ түріп жаттым да қойдым. 

Атам таң ата оралды да, маған мына хабарды қуанышпен жеткізді: 

– Бәрі де бабында. Ақшаның керегі жоқ. Пань Лаоудың жігіттері жаңа сал құраған екен, соны өзенмен қалаға жеткізетін көрінеді. Сен салмен жүзіп барасың... 

Мен салмен провинция орталығына кемінде жиырма күнде жүзіп жетуге болатындығын білетінмін, сондықтан университетке уағдалы уақытта жете алар ма екенмін? Бірақ не дейін? Мен қайта қуандым: атам енді кипарис табытын сатпайтын болды. 

Атам мені екі күн бойы жолға жинақтап, оны‐мұны салатын үлкен қап, қырық үшінші размерлі тәпішке сатып әперді. 

– Ал, Дунпин, өлшеп көр. 

Мен тәпішкелерді киіп едім, аяғым сүңгіп кетті, артынан жұдырық қоса сиятын сыңайы бар. 

– Ата, мына тәпішкелер маған үлкен‐ақ – дедім мен. 

– Көріп тұрмын, – дейді атам. – Олар қырқыншы размерден қаншалықты ұзын десеңші, қаншама ақшаның босқа кеткенін қарашы! Бірақ ештеңе етпейді, аяғың әлі‐ақ өседі. 

Жүрерге бір күн қалғанда, кешқұрым атам менің заттарымды екі кәрзеңкеге бөліп салды. Біріне – киім, екіншісіне күріш салып, бетіне үш кішкентай асқабақ қойды да, былай деді: "Әрине, асқабақтарды мезгілінен бұрын жұлып алуға тура келгендігі өкінішті, бірақ есесіне кейін олармен ағатайыңды қонақ жасайтын боласың". Сонсоң ол он бес юаньды алып шықты да (бес юаньдық екі қағаздан өзгесі тиын ақшалар екен), шүберекке орап, қалтама салды, одан ине мен жіпті алып, қалтаны үстінен тігіп тастауға оқталды. 

– Ата, мен өзім тігемін ғой. 

– Сен қопалақсың, атүсті жасайсың. 

Атам қалтаның аузын жапты да, күрсінді. 

– Есіңде болсын: киіміңді тастама, ақшаңды анда‐санда сыртынан сипалап байқастап қой. Институтыңа келісімен әуелі тамақтың ақысын төле. Біз қаншалықты кедей болсақтағы, мемлекеттің жатып ішері емеспіз... Сонсоң атаң әр ай сайын шама‐шарқынша жіберіп тұратын болады... Тек жақсы оқы, ақылды бол... 

Ақырында атам қағаз қапшықшаны алып шықты да, менің қолыма тыққыштай бастады, сөйтіп толқыған күйде былай деді: 

– Сен, міне, үлкен болдың, ал, атаң әлі күнге тәтті‐дәмдіден ештеңе алып бермепті... Бүгін саған бір қапшықшасын сатып әперуге нық бел байладым, салға отырған соң асықпай жерсің. Жарайды, бар, ұйқта, таңертең атаң оятады... 

Қағазды жазып қарап едім, онда қант қосқан жидек емес, шіруге бет алған жиырма шақты түйіршік бар екен. Күлейін десем күле алмаймын, тек жаным ауырып кетті. 

Бірақ бәрі де өтпелі, оның үстіне мен жастық пен кешірімшілдікке бой ұрдым. Іле төсекке жатып, басқа жайтты ойладым: менің қалаға барып, теміржол институтына түсуге мүмкіндігім болғаны ғажап емес пе? Өзімнің ежелгі арманым жүзеге асты: мен енді пойызды көріп қана қоймаймын, оны қалай жүргізуді де, жолды қалай салуды да үйренемін. Иә, мен жақсы оқуым керек, мен теміржол салуым керек, оны туған тауларыма жеткізуім керек, сонда атам пойызда серуендеуге мүмкіндік алса, мен оның қамқорлығын ақтағандай болар едім... Осындай ой құшағында жатып, ұйқтап та кетіппін. 

Түн ортасында мен оянып кеттім. Айдың сәулесі терезеден бөлмеге төгіліп тұр. Мен атамның жалаңаяқ, үстіне көйлек ілген күйі ғана кереуетімнің қасына тұрып алып, жай ғана менің шашымды, иегімді, иығымды сипалап тұрғанын көрдім... Ол сонсоң арық қолдарын әлжуаз кеудесіне қабаттап ұзақ тұрды, еріндерін үнсіз жыбырлатқанда томардай жастары сақалына домалап жатты. 

Мен шыдай алмадым, тұрдым да, оның құшағына ұмтылдым. Менің атама талай нәрсе айтқым келіп еді, бірақ менің бір‐ақ ауыз сөзге шамам келді: 

– Ата, менің теміржол салғым келеді... 

Ертесіне таңертең атам менің кәрзеңкелерімді алып, Сяошуй өзенінің жағасына дейін шығарып салды. Көршілердің де кейбіреулері ауыл сыртына дейін шығарып салып: 

– Оқығанда атаңды ұмыта, бізді де ұмытпа! – деп жол тілектерін айтып жатты. 

Біз жағалауға келгенде күн едәуір көтерілген еді. Жасыл құрақ көмкерген жағада, су бетінде кәбеңкесі бар үлкен сал баяу шайқалып тұрды. Салдағы үш адамның ішіндегі жүдеу, балақтарын тізесіне дейін түріп тастаған шалдың Пань Лаоу ағатай екенін әрең таныдым. 

Пань Лаоу менің заттарымды салға апарды да, соңынан қолын ұсынып, мені де тартып алды, сөйтті де, желкемнен қағып‐қағып қойды. 

– Қалай, Дунгин, ағатайың әлі есіңде ме? – деп сұрады. 

– Есімде, – дедім мен. 

– Міне, жігіт, сен енді студентсің! 

Пань Лаоу атама қолын бұлғады: "Ал, қадірлес, үйіңе қайт, ал немерең үшін қам жеме!" 

Сонсоң үшеуі бірдей сырғауыл сырықтарына күш салды, сал еппен жылжи бастады. Атам кенет әлдене ойына түскен адамша бірнеше қадам жасады, тіпті суға да кіріп кетті. Маңайында жан жоқ жағалауда атам суға тізесінен енген күйі біраз тұрды да, мен жақтан жанарын алмай үзіле қарады. Кенет мен де қалай айғай салғанымды аңдамай қалдым: 

– Қош бол, туған жер! Қош бол, аташым! 


II


Сал сағатына алты‐жеті шақырым жерді ғана өткеріп, өзенмен баяу ғана жүзіп келе жатты... Салда отырып, өзеннің екі жағалауын да анық көруге болады екен. Сяошуйда қайық жүретін жолды көрсететін ешқандай нысана‐бағдар жоқ, сондықтан да өзен әлем‐жәлем әшекей тақпайтын тау қызындай өзінің бар табиғи да қарапайым әдемілігімен менің көз алдыма көлбеңдей берді. Өзенді жоғарғы ағысында екі жағынан күңгірт таулар қысып тұрғандықтан тап бір дәлізде жүзіп келе жатқандай әсер аласың. Егер сіз Сяошуй бойымен жүзе қалсаңыз, дем арасында ғаламат сезімге сөзсіз бөленесіз – қоршаған әлем жоқ тәрізді, құстар өзеннің түбімен ұшса, балықтар тау сілемдерін айналып жүрген сияқты. Ал адамдарға келсек, олардың не су кешіп жүргенін, не аспанда екенін түсіну мүмкін емес. Айнала түгел жап‐жасыл және осынау мәңгілік бояу басыңды айналдырып, мас қылады. Тек алыста, өзен үстінен көкшіл тұман көтеріледі, оның осы түсі әлдеқайда жетелеп, қалың ойға шомдырғандай. Ал сіздің оған жақындауыңыз мұң екен, әлгі көкшіл түс іле жасылға айналады. Тегі осынау құлпыра төгіліп жатқан әлемге әйтеуір бірде сүңгірмін‐ау деп қаперіңізге алмай‐ақ қойыңыз. 

Баз‐базда өзен кең алқапқа тау‐тастың тұтқынынан жұлқынып шыққан кездерде едәуір кеңейіп, саяздана түседі, әрі сондай қайраң тұстарында құлақка жағымды шуылы естіледі. Бірақ, міне тағы бұрылыс, таулар тағы да өзенге төніп келеді, енді ол және тыныштық табады. Өзенде қаншама бұрылыс болса, соншалықты су көтеретін доңғалақтар қойылған. Дәу‐дәу доңғалақтар күні‐түні еш тоқтамастан суды жоғары көтеріп жай ғана айналып жатады, ағаш шөміштер төңкеріліп науаларға дамылсыз құюда. Бұл доңғалақтар енді қанша жыл айналар екен? Қаншама айналған екен? Кім білсін. Олар мәңгі қызмет етуге қойылған тәрізді. Доңғалақтар шиқыл әніне басып жатыр, бірінің үні алыстаған кезде екіншісі баппен әндетіп алдыңыздан бой көрсетеді. Олар тура ескілікті бір аңызды алға тартқандай: император Шунь (есімі аңызға айналған қытай патшаларының бірі, мифологиялық кейіпкер. – Ауд.) оңтүстікке сапар шегіп Цанъу жазығында қайтыс болыпты. Оның әйелдері – Эхуан мен Нюйин өздерінің биік мәртебелі күйеулерінің бейітін іздеп келмей ме? Оған оңтүстіктің тағы да өткелексіз таулары өткізе қойса құба‐құп қой! Шуньнің әйелдері тауларға жіңішке ғана жол салады, сол жол қазіргі Сяошуй өзеніне айналады, ал қайғылы әйелдер жаңа жолмен жүріп жылап келе жатқандықтан көз жастары тыным таппай тамып мөп‐мөлдір өзен болған. Ал Сяошуй өзенінде бұрылыстар сонша неге көп? Өйткені Эхуан мен Нюйин солға да, оңға да, шығысқа да, батысқа да жалтақтай көп қарап, тауларда орағытып жүріп алғандықтан солай болған. Ал Сяошуй өзенінің бірде саяз, бірде терең болатыны несі? Өйткені Нюйин мен Эхуан бірде алға қарай тез жүгіріп, бірде аяқтарының астына мұқият қарап жай жүргендіктен солай болған... 

Осынау таңғаларлық аңыз Сяошуй өзенін одан сайын әсемдей түскен сияқты. Осындай ұлағатты да сабырлы, осындай қарапайым да тап‐таза өзен. Оның маңғаздығы мұңаюға жетелесе, оның кәусар тазалығы үйлесімділік орнықтырады. 

Мен салда отырған бойым жан‐жағыма, алыстағы келісті суреттерге ашкөздене қараумен болдым: тауларды, ағаштарды, су мен аспанды, тіпті жағадағы қилы‐қилы тастарды да "құтқарғаным" жоқ. Бірақ көп ұзамай жанарым талып қалды да, енді тірі мақұлықтарға – өгіздерге, қошқарларға, иттерге, әсіресе адамдарға көз тоқтатуға көштім. Сонсоң жағалаударда тіршілік иелері таза қалмай, көзге енді тап бір еңбекқор қарияларша өсімдіктерге тіршілік сыйлап, алқаптарта су беріп жатқан доңғалақтар ғана ұшырасып отырды. Кім біледі, бәлкім, доңғалақтар өздерінің адамдарға жасаған қолғабыстарын ұғынып, содан өздерін бақытты сезінетін шығар? Тек көктемгі нөсерде, жазғы аптапта, күзгі түнде, қысқы суық жаңбырда – желдің ұлығанынан басқа ештеңе естілмейтін сәттерде, олар жападан‐жалғыз қалған кездерінде... қандай бақытсыз еді десеңізші... Одан кейін мен басымды көтеріп бұйра бұлттар мен аспан аясында ұшып жүрген құстарға көз салдым. Құстар біздің салды әуеден қорғаштап жүргендей көрінді. Сонсоң мен алыстан тас кемежайы бар өткелді көрдім. Маңайында бірнеше әйел кір жуып жатты, тек оқтауларының дыбысы естілмей, жоғары‐төмен, жоғары‐төмен жылтаңдағаны ғана назарға ілікті. 

Қол бостықты көтеру қиын ғой, мен бірдеңемен айналысайын деп едім, салдағы үш сапарласымның да зеріккенін байқадым. Маған жақын жерде отырған Пань Лаоу сыммен өзінің мүштігін тазалаумен әуре. Тазалайды, тықылдатады, темекі салып тартады дағы, танауынан ауаға сіңіп жатқан екі‐үш түтін бұйдасын шығарады. Сонсоң қайта тазалайды, қайта тықылдатады, қайта тұтатады... Тап бір ойнап біте алмайтын сияқты. Ал ана Ши Гу есімді жас салшы мен салға мінгелі "лә" деп жағын ашқан жоқ. Ол өте ұзын бойлы, әрі арық. Ол да қысқа шалбар киген, жалаңаш келісті дене бітімі ескі мыстың түсіндей жарқырайды. Жас жігіттен әсемдік, жастық пен күш бар жағынан ұрып тұр. Ол қазір де қабағын түйген күйі кәбеңкенің жанына орналасқан, ашулы түрде көздерін қасқырша алақтатып отыр – орайы келсе біреуді тістеп алмай тыншымайтын сияқты. Тек адал еңбеккер Чжао Лянь ғана салдың тұмсығына тұрып алып бағыттауыш ескекпен тынымсыз қимылдауда. Ол – кішкентай бойлы, орта жастағы адам, бет‐бейнесінде жарқын мінез бен жуастық жазулы тұрғандай. Ол аяқтарын кең салып, бар күшімен ескекке еңкеюде, сөйтсе де оны біресе оңға, біресе солға лақтырады. Лянь байғұс ahлaп‐yhлeсе де, тер бұрқырап аққанына қарамастан ешкімді көмекке шақырғысы келмейді. 

Пань Лаоу ара‐арасында қабағын да көтерместен жай ғана: 

– Солға, шамалы солға қарай алсаңшы... – деп нұсқау беріп қояды. Айтқандайын, салдағы жасы үлкен де сол ғой. 

Ши Гу Пань Лаоуға қасқырша бір қарады да, Чжао Ляньға көмектесуге барды. 

Пань Лаоу Ши Гуге қиыстап қараған күйі ырза сезіммен қарқылдап тұрып күлді. Мүштігін толтырып, тарттыдағы, маған жайымен ғана былай деді: 

– Ха‐ха‐ха, отбасында үйренгенің – салда заң деген. Жас адамдар негізі көбірек еңбек еткендері жөн, олардың күші қайнардан атқылаған судай дерсің, ендеше соларын жөндеп пайдалансын. 

– Ой, оңбаған! – Ши Гу боқтап жіберді. 

– Кім оңбаған? – Пань Лаоу орнынан тұрды. 

– Мына сен! – Ши Гу шешімді түрде айғай салды. – Сен өзің не бітіріп отырсың? Орманда ағаш құлатқанда, соны құрағанда, кәбеңке қойғаңда, сен, жалпақтанау шошқа, тек бұйрық бергеннен басқа не білесің? 

– Әй, жігітім, сен байқап сөйле! 

– Бар бол сен, жүзіп шыққалы саусағыңды қимылдаттың ба өзі? 

– Оңда шаруаң болмасын, несіне даңғырлайсың! 

– Жә, болды. Мына жұмысқа деген мың юаньнің төрт жүзі өзіңе тиесілі де, мені мен Чжао Ляньға тек үш жүзден қалдырдың... Сондағы бар білерің кеңірдек жырту ғана. 

Екеуінің тәжікесі тіпті күшейе түсті. 

– Қалай, төбелескің келе ме? – Пань Лаоу мүштігін беліне қыстырды да, алақандарына түкіріне бастады. – Кел, жігітім, кел. Кім су бетінен шығар екен, көрейік! 

Ши Гу мырс етті де, жанары жанған бойы Пань Лаоуға қарай беттеді. 

Чжао Лянь дереу ескегін тастай салды да, екеуінің ортасына тұра қалып, Ши Гудің жолын кесті. 

Мұндайды бұрындары көрмеген басым, мен сасып қалдым да, бүгжиіп отыра бердім. 

– Жібер мені, тап бүгін оның жанын шығармасам ба?! – Ши Гу Чжао Ляньнің қолдарын қаққыштап Пань Лаоуға өзеурей ұмтылды. 

Бірақ Пань Лаоу оларға қулана қарады да, бір‐ақ секіріп кәбеңкенің арт жағынан шыға келді, сөйтті де, қатты қарқылдап күлгені сонша, жағалаудағы бірнеше құс үрейленгендіктен көкке самғап кетті. 

– Ха‐ха‐ха... – Чжао Лянь Пань Лаоудың рас қорыққандай сыңай танытқанын түсінді де, өзі де күліп жіберді. Ақымақ болып қалған Ши Гу не істерін білмей абдыраған күйі аулақтау тұра берді. 

– Жарайды, «Жақсы әтеш төбетпен төбелеспейді» деген, сенімен айқаспай‐ақ қояйын. – Пань Лаоу басын сілікті де, Ши Гуді өткір жанарымен бір барлап өтті. – Мен сенімен шын төбелескім келмегеннен кейін сөйттім. Егер қажет етсе, Пань Лаоу сазайыңды тартқызар еді. Сен, бауырым, немене, ашу‐ызаңды менен алмақ па едің? Болмайды, менімен ондай нөмірің жүзеге аспайды... Мен өмірдің тәтті емес екендігін өзім де білемін, мен де сендеймін ғой... 

Ол кәбеңкеден бері шықты да, Ши Гуге жақындап келіп жолдастық ниетпен иығына қолын салды. 

– Мына мен, мәселе сендегі күштің буырқанғандығында емес, кімнің жұмысына қанша алатындығында емес екендігін білемін ғой. Тек біз қазір Цзиньшань тауының қасынан жүзіп өтіп барамыз, міне, сенің көңілсіз болуың содан. Бірақ сонша аяғыш болып керегі не? Қатын үшін азаптану – бос шаруа. Әйелдер – ағаштың гүлдері іспеттес: бүгін жапырағын жайса, ертесіне түседі де қалады. Олар өзеннің суы сияқты: қоршап алып, дем арасында шыр айналдырады, ал енді қарасаң – әлгілердің қарасы өшкен, ізі де қалмаған! 

– Бос сөз – көпірткенің! – Ши Гу қолын бір сермеді де, қасына отырды. 

– Мен ешқашан шатпақ сөз айтқан емеспін. Бұрынғы кәрі салшылардан да естіген‐білгенім көп, өзімді‐өзім ертерек алып жүруге жарадым. Солайша отбасын құрғаным жоқ, осы уақытқа дейін бойдақ жүрмін. Қалай ойлайсыңдар, неге олай? 

Ешкім, әрине, жауап қатқан жоқ. Пань Лаоу болса, тап бір өзі‐мен өзі әңгімелескендей жай да жұмсақ дауысымен жалғастыра берді: 

– Мен он бес жасымнан бастап сал ағыздым, мен үшін аспан – көрпе, ал су – төсек болды. Бір қария салшы маған қатты тапсырды: салшыларға қалай болғанда да отбасын құруға болмайды. Шығыны мен әлек‐шәлегін былай қойғанда әйеліңнің қайғы‐қасіреттен көзі ашылмайды. Tipi жүргеніңде ол үйде жалғыз отырса, өліп қалсаң сүйегің де табылмайды. Мен сонда осы ақылға зейін қоймай, қайтсем де жақсы қыз тауып алып, үй, шаруашылық салуға талпынып жүрдім. Сол жылғы көктемде мен Сияньдағы өткелге дейін сал айдадым, ал орман онда Уси иінінде болатын. Сол күні таңертең бір қыз жағалауға кір жууға келді, ал біздің салымыз да тап сол маңайға тоқтаған еді. Әлгі қыз маған: «Қадірменді салшы, кірімді сенің салыңда жууға рұқсат етші» демесі бар ма? Мен: «Келсең‐кел, бірақ тездет, әйтпесе сені өзімізбен бірге алып кетіп жүрерміз» деп жатырмын. Ал ол маған күлкімен жауап қайырды: «Әкете беріңдер, мен несіне қорқамын?» дейді де күледі, ал тістері қандай, маржандай әппақ десеңші! Мен оның қалай кір жуғанын байқастап тұрып қалдым, әңгімеге кірістім. 

Ол ұзақ жуды, мен де онымен ұзақ сөйлестім. Ақыры ол орнынан тұрды, бір қолымен кәрзеңкесін алды, екіншісімен жуан бұрымын иығына секіртті де, кете барды, маған жымия қарауды ұмытқан жоқ. Есесіне оқтауын салда қалдырып кетіпті, бірақ мен де оны қуалап шақырып жатпадым – оқтауын іздеп және бір келгенін қаладым. Ертеңіне таңертең ол шынында келді, менен сұрап жатыр: «Қадірменді салшы, сіз менің оқтауымды көрген жоқсыз ба?» Мен: «Оқтауың міне, сен қашан келер екен деп бір күн тостым» – дедім. – «Мына оқтаудың кесірінен бір күндік жолдарыңыздан қалдыңыздар‐ау». – "Оқтау тым тамаша екен. Егер сен оны жоғалтсаң, обал болар еді". – "Ту, не деген қайырымды салшы едің. Мына оқтау соншама не, алтыннан жасалып па?" Әне‐мінемен ақыры не керек, мен сол қызбен төрт күн ажыраса алмай қойдым. Ақыры бесінші күні жағалаудан салды әрең итердім‐ау. Әлгі қыз мені шығарып салуға келді, көздерін жас бүркемелеген, өзі ештеңе деуге шамасы жоқ. Мен оған салды қалаға қалай жеткіземін, солай оған қайтып ораламын, сычжоу жібегінен кеудеше, жүзік пен сырғалар әкеп беремін деп уәде бердім. Ол қызарып кетті де, қoлын созып, саусақтарының ұшымен менің күртемнің түймелерін сипалады. Сонда Цинмин мерекесінен Дуаньян мерекесіне дейінгі екі аралықта күн сайын сол өткелде тосамын, әрі менің оны алыстан байқауым үшін қызыл кеудешені ылғи киіп шығатын боламын деген еді ол... 

– Ха, бұл да қызыл кеудешені киемін депті ғой! – Чжао Лянь жаны кіріп Ши Гуді саусағымен бүйірінен бір түртіп қойды. 

Ши Гу басын көтерді, Пань Лаоуға қарағанда көздері жайнап кетті: 

– Ал, сонсоң? 

Бұл тарихты мен естіген жоқ едім, маған да қызық көрінді. 

Пань Лаоу мүштігін тартты да, түтінін бұрқ еткізді: 

– Е‐е, ат құйрығында атбас бұршақ ілулі тұр демей ме? Сол жылғы көктемде су аз болды, ал мен байғұс Гуаньинь айлағында пароходқа соқтығып – бұрылып кетуге мүмкіндік болмады – пароход салды соғып өткенде бөренелер аспанға бір‐ақ ұшты, адамдар суға құлап, тоғызы тіл тартпай кетті. Ал біз – үш жігіт өзендегі бөренелерді жинауға ұмтылып едік, жартысын да жинап ала алмадық. Егер бөренелер жоқ болса, ақша бермек түгілі жоғалған бөренелердің құнын өндіріп алады. Ал ақшаң жоқ болса, бар қарыздан құтылғанша тегін жұмыс істейсің. Тіпті үстіміздегі киім‐кешекке дейін сатуға тура келді, мәселен, менде бір шалбар мен дамбал ғана қалған еді. Өзім олай жүгірдім, былай жүгірдім, кез келген жұмыстан тартынған жоқпын, тек жазғы мейрам кезінде сол өткелге жетуге әрең үлгердім. Жағаға қараймын – сәмбі талдардың түбінде қызыл кеудеше киген қызды көріп тұрмын. Мен оны шақырайын дедім де, бата алмадым: уағда еткен жүзік қайда? Сырғалар қайда? Жібек кеудеше қайда? Мен үйіне құда түсуге неммен бармақпын? Жарайды, ол маған тұрмысқа шықты делік, сонда оны немен асырамақпын? Қарыз дегенің мені диірменнің тасындай езгілеп жатыр, өйте берсе өлтіріп жіберері де кәдік... Қой, мен оның жанына жара салмайын деп ойладым да, мен кейін бұрылып кете бардым, тіпті алысқа кеттім, ал жап‐жасыл әлемнің ортасынан бір қызыл нүкте қылаңдады да тұрды – ол сол қыз еді баяғы... 

Пань Лаоу әдетінше басын сілікті де, жалғастыра берді: 

– Әрине, не айтары бар, мен шамалы қайғырдым да, сонсоң жеңілдедім. Мен сонда кәрі салшыға иланып қалдым: салшы отбасын құрмауы керек – қосатын да су, айыратын да су... Әрине, бұл бағзы уақытта болған. Ал қазір не өзгерді? Өзенің де – сол, салдарың да – сол, ауа райы да бұрынғыдай: біресе жел, біресе жаңбыр, біресе қайнаған күн, масалар да шағуын тоқтатқан жоқ; бос отыру, күнделікті күйбең мен салдардағы адамдардың ажал табуы – бәрі де баяғыдай... Не айтары бар, салшылардың тағдыры ауыр ғой! 

Пань Лаоу үнсіз қалды да, мүштігін жеңіл ғана тықылдатып қойды. Ши Гу де сәл үндемеген қалыпта салдың шетіне қарай ойысты, оның түрі тағы жабырқаңқы тартты. 

Чжао Лянь толқыған күйде сәл жөтелді де, бәсең дауыспен: 

– Жөн, жол ортасында мен істен шықпауым керек қой, салды ағызу қажет, – деді. 

– Біз пәтуаластық қой, – деді оған Пань Лаоу. 

– Істep ic жоқ, үйде тоғыз ауыз жеуге тамақ сұрауда. 

Үш жүз юаньмен әрекет жасап шығарсың? 

– Е, мен үшін әйелім мен балаларым қаншалықты қобалжулы десеңізші, – Чжао Ляньнің жалпақ беті түнеріп кетті де, ол баспалап сұрады: – Ағатай, ал біз бірдеңеге ұшырап жүрмейміз бе? 

– Немене? Қызыл кеудешелі қызды кездестіргің келе ме? 

– Жоқ, мен сал жайында айтамын... 

– Тәйт, оттамай! – Пань Лаоу ызамен зекіп қалды. – Пань Лаоумен саспауыңа болады. Ал бірдеңе болып қалса, сен мені білесің ғой. Егер атқарған жұмысымызға ақы алсақ, мен саған өзімнің үш жүзімді беремін! 

– Ойдым‐ойдым бүріскен тері! – деді Ши Гу. – Бірдеңе бола қалса, сенің өзің де жұмыртқаның қабығындай жып‐жылмағай емессің бе? 

– Сен, не, жігітім, үлкенмен тәжікелесуге шыдамай барасың ба? 

Ши Гу Пань Лаоудың айтқанына көңіл бөлген жоқ, терең күрсінді де, кәбеңкеге ұйқтауға кетті. 

Өзенде жақын тұста бамбук сал шайқалақтап тұрды, онда балықшы қария түрегеп тұр екен: салдың шетінде төрт аққұтан қанаттарын суға малшылап отырды. 

Балықшыны көрген бетте‐ақ Пань Лаоу көңілденіп сала берді. 

– Оу, ақсақал, сен әлі тірімісің, балық бар ма? 

– Е, Лаоу, сенің жолың жеңіл. Балық бар, үш цзиньнен астамға тартатын шығар... 

– Қане, көрсет. 

Шал бамбук тордан қызыл құйрықты тұқы балықты алып шықты. Тұқы оның қолында бұраң‐бұраң етіп, күн көзінде жарқылдап тұрды. 

– Тамаша болған, менің де бүгін мейманым бар еді, – деді Пань Лаоу. 

– Ол кім? Мүмкін, жүздесу шығар? 

– Сен немене? Мұндағы – менің жиенім, ол менің салыммен провинция орталығына жүзіп бара жатыр! 

– Не шаруамен барады дейсің? 

– Не шаруамен? Оқуға барады! Университетке! 

– Жас қой әлі... 

– Жігер күші жасқа қарамайды... Қанша сұрайсың? 

– Сен не айтсаң, сол болады да! 

– Екі юаньға алайын. 

– Онда мен өзге сатып алушыны іздестірейін. 

– Ізде‐іздеме, барар жерің базар ғой; тауарыңды қайда тықпаласаң да, сені капиталист ретінде қағып түсіреді... 

– Апыр‐ай, бүгінде балық аулағанның өзі қылмысқа айналғаны ма? – Шал торды берді де, бамбук сал жүзе жөнелді. 

Пань Лаоу торды бізбен жүзіп отыруы үшін салға байлап қойды. 

– Ей, Дунпин, біз мұнда күнұзын шуылдасып жатырмыз, сөйтсем мен өзіңмен әлі сөйлеспеппін ғой. – Пань Лаоу әрекетсіз отырғаннан қорқатын, сондықтан өзі үшін тағы бір тың тақырып тауып алды. – Сен өзің қайда оқуға бара жатырсың? 

– Теміржол институтына, – дедім мен жайыммен. 

– Ал сонда неге үйретеді? 

– Теміржолдар салуды, паровоздар жасауды үйретеді. 

– Паһ, жақсы шаруа екен. Оқы, тезірек оқы – сонсоң Сяошуйдің жағасымен теміржол саласың. Паровоз дегенің жылдам жүреді! – Пань Лаоу қызына сөйледі. – Онда біз салдарды ағызамыз да, қайтарда пойызбен оралатын боламыз. Жаяу жүрмейміз енді! 

Біздің әңгімемізді естіп тұрған Чжао Лянь ойға батқан күйі: 

– Бірақ, егер теміржол болса, паровоз бөренелерді өзі әкетсе, онда өзенге сал түсіріп керегі қанша? 

– Расында солай екен‐ау. Онда біз, салшылар, не істемекпіз? Қалай күн көрмекпіз? Жоқ, бізге теміржолдың қажеті жоқ екен! – Пань Лаоу басын шайқады да, күліп жіберді. 

Бұл едеуір күрделі мәселе еді, оны ешкім шеше алатын сыңайы көрінбеді. 

Күн болса батуға оңтайланып бара жатты, су бетінде алтын жұлдызшалар ойнақ салып, көз талдырар ұшқындар ұйқы шақырғандай еді. Не айтарын білмеген Пань Лаоу кисетке қолын және созды. Сал жүзіп өтіп бара жатқан жерлер тап бұрынғыдай: шатқалдар, жартастар, ағаштар, өзеннің иіндері, доңғалақтар, алыста самғап жүрген құстар. Содан кейін сал шатқалдан өтті де, оң жақ төменшік жағалаудың бойымен жүзе бастады – оның ар жағында кең дала құлашын кеңге сермеп жатты. Жаға жиегіндегі күріштіктерде көптеген еркектер мен әйелдер бел жазбай еңбектенуде – олар жыл өнімін алуға бар күш‐жігерін төгуде – тек орақтардың жарқылы көрініп, кесілген сабақтардың сықыры ғана естіліп тұрды. Елді тұншықтырған аптапты салқындатардай үп еткен жел де жоқ еді: орақшылардың арқалары терге әбден малшынды, олар әредік сәл тыныстау үшін бойларын тік жазуға ғана мұршалары келіп отырды. Бастарын көтеріп, олар аспанға, жоғарыда жүзіп өтіп жатқан бұлттарға қараумен болды. Ыстық салдағылардың да діңкесін қатырды. Пань Лаоу көйлегін тастап еді, соңынан еш қысылмастан шалбарын да шешті, сөйтіп тыр жалаңаш күйі салдың шетіне тұрып алып жағалауға көзін сүзді. Ол аздай: 

– О‐го‐го! – деп бар әлі жеткенше айғай салды Пань Лаоу. Оның дауысы жағаға жетті: алдымен сол маңайда мал жайып жүрген екі бақташы бала үн қатты: 

– Әй, ананы қара... 

Күріш жинап жүргендер де белдерін жазып, не екенін ұқпаған күйде өзенге бажырайысты. Бірақ олар ізінше сал үстінде лыпасыз тұрған адамды көрді. Еркектер оған айғайлай бастады, әйелдер теріс айналды. Ал екі батылдау қатын беттерінен қайтпай, дүрсе қоя берді: 

– Сені ме, су ми өлімтік! 

– Иттің баласы! Таспен ұрып жалпитар ма еді өзіңді! – Малшы балалар үлкендерден демеу алып, өзенді жағалай салды қуалап, оған тас лақтыра бастады. 

– Ей, нашар немелер, жөндеп көздесеңдерші... – Пань Лаоу күлкісін ірікпей балақайларға айғай салды. Чжао Лянь да күлімдеумен болды. 

Әуелі мен Пань Лаоудың мына қылығына таңданып қалған едім. Бірақ шамалы уақыттан соң менің таңдануым сейілді де, мен тіпті салдың тым жылдам жүзіп, балалардың лақтырған тастары бізден алыс түсіп жатқанына өкіндім. Мен жағалаудан шыққан дауыстарды естімей, терге малшынған адамдардың жүздерін көре алмайтын халге келдім. 

Пань Лаоу екі алақанын бірлестіріп алып, өзенге секірді, қайта шығып, қатты пысқырып жіберді де, маған дауыстады: 

– Кел мұнда, тамаша, салқын. 

Мен оның шақыруынан бас тарта алмадым, су мені де қызықтырып тұр еді. Атамның кеңесін ұмытқан күйі мен киімдерімді шеше бастадым, бірақ, шалбарымды шешкенде ойыма түсіп, кібіртіктеп қалдым. 

– Несіне қаймығасың, бұл өз табиғатың емес пе?.. – деп Пань Лаоу да мені дауыстап көтермелеп жатыр. 

Мен шешімді түрде шалбарымды тастадым да, тыр жалаңаш салқын суға қойып кеттім. Неткен рахат еді десеңізші! Taп бір бүкіл денем әлдебір шырмаулардан босанғаңдай бoп‐бос, жеңіл ахуалға ендім! Көптен бері сырт дүниемен сүйкеспеген терім де кенет жазылып сала бергендей ләззат алдым. Мені балықтар мен бақа‐шаяндар түрткілеп жатты – мен еріксіз күліп жібердім. 

– Ғажап емес пе? Мен тек осы рахаты үшін ғана сал ағызамын! – Пань Лаоу қолымен салдан ұстап, судан басын шығарды да, өзінің тіршілік пәлсапасымен бөлісе бастады. Ол сөйлеуін тоқтатқан жоқ: – Міне, адамдар – олар ақылды ма? Жоқ, адам – ең ақылсыз тіршілік иесі. Мәселен, айталық, міне, күн жанып тұр, кімнің киімін лақтырып тастағысы келмейді дейсің? Жоқ, ешкім де шешінбейді, қайткенде үстінде екі‐үш лыпасын қалдырады да, соңынан қалың терге шомып жатқандары. Адам дегендерің сондай – өзін өбектеймін деп жүріп бір жағынан азапқа салатын және өзі... Немесе, міне тағы: сен – адамсың, мен де – адаммын, ендеше сен несіне митингілетесің? Сен ысқырып қалсаң болды, мен жүгіріп барамын, сен бұйрық берсең жүгініп қаламын, сен мені капиталист не қонтрреволюционер десең, мен басымды иемін, мойныма тақтайша ілу ғана қала ма? Неге адамдар бір‐бірлерін осылайша азаптап, бір‐бірлеріне иттік жасаулары керек? Иә, мына уақытта адамдардың өзгерулері сондай – оларды жек көрмеу мүмкін емес. Мен жылдың үш жүз алпыс бес күнінің бәрінде жағаға шықпай, салдың үстінде қалар едім деп жиі ойға қаламын. Мен мұнда өзіммен өзім: нені қажет етем, соны істеймін. Бірақ, және таң қаларлығы: бақыт та, көңіл толмаушылық та әлдеқайда ғайып болады да, мен тағы да адамдармен – әрқилы адамдармен бірге болуға ұмтыламын. Неге бұлай, айтыңдаршы, неге? 

Пань Лаоу осылайша сөйлеп жатқанда, менің қуанышты бостандығым жоқ болып кеткендей сезіндім. Ол осы қалыпта сөйлеу барысында көңіл‐күйі де төменшіктей берді, ақыры судан салға шығып, күнге кептірінді де, шалбарын киіп алды. 

Ұзақты кешке сонсоң Пань Лаоу тырс етіп тіс жарған жоқ. Ол кәбеңкенің қасына қатты күйзелген кейіпте малдасын құрып отыра кетті. Ши Гу тап бір адамдарды ұмытқандай кәбеңкеден шықпай қойды, өзгелер де өзін ұмытты деп үміттенсе керек. Тек Чжао Лянь ғана мағұрланған сыңайда түзетер ескектің жанында өзенге қалт етпей қараумен болды. 

Тылсым тыныштықта еш дыбыс білінбеді, тек бөренелер арасындағы судың шылпылы ғана естіліп тұрды. Қапырық ауада масалардың ызыңы іспеттес дыбыс та естілгендей еді, бірақ oл масалар емес‐тін. Ол біресе оң жағалаудан, біресе сол жағалаудан жетіп жатты, тек мен оның қайдан, кім шығарып жатқанын дөп баса алмай дал болдым. Маған екі беткейдегі, таулардың етектеріндегі жасыл бұталардың жанып тұрған күннің астында бастарын игені көрініп тұрды. Олар өздерін әбден титықтатқан ыстыққа шағынып, мұңлы әнге басып тұрғандай еді!.. Дыбыс адамдардың дегбірін алды, бір жағынан одан сайын ұйқы шақырды. 

...Мен оянғанда күн көкжиекке еңкейіп, сал ашық жағалаудағы не заманғы теректерге тұмсығын тіреп, тоқтауға оңтайланыпты. Теректердің қою жапырақтары салды көлегейлеп тұрды. Ағаштардың көлеңкесі салқын екен, оның үстіне өзендегі жұмсақ жел күндізгі аптапты қуалап тастапты. Мен тағамның исін сезіндім – бұл Пань Лаоудың алауда ас әзірлеп жатқаны еді: менің алдымда балық және бұқтырылған ет салынған шәшкелер тұрды. 

Пань Лаоу қолына үлкен бөтелкені ұстаған бойы маған: 

– Тамақ іш. Шырағым, бүгін сені менің мейманым деп есептейік. Сен шарап ішпейсің бе? – деді. 

Мен күліп жібердім де, өзіме күріш салып, жей бастадым. 

Пань Лаоу маған шарап құйды да, өзі бір ұрттап қойды. 

– Паһ, тамаша шарап, тамаша шарап! – Оның ырза екендігі анадайдан андағайлап тұрды. Ол және бірнеше рет ұрттады да, былай деді: 

– Жалғыз ішсең, дәмін айыра алмайсын. Чжао Лянь, мұнда келе қал! 

Чжао Лянь жақын жерде отырып, ол да қаужаңдап жатқан, тығындалған тамақтан аузын аша алмай күлімдеп басын шайқады. 

– Бұл қалай, сен Пань Лаоумен ішуге жиіркеніп отырсың ба? 

Чжао Ляньға өз шәшкесін алып, тақымдаса отырудан басқа амал қалмады. Пань Лаоу Чжао Ляньның шәшкесіне үңіле қарады да, сықылықтай күлді. 

– Тұзға малшыған көкеніс – сенің кемпіріңнің жолға бергені осы ғана ма? 

– Жоқ, бұдан өзге төрт жұмыртқа бар. 

– Солай ма? – Пань Лаоу қалжақтай даусын көтерді. – Е, бәсе, сен неге мұнша семіз десем? 

– Негізі мен өзімді‐өзім тамақтандырамын, – Чжао Лянь еш қысылмастан түсіндіре бастады. – Жылда науқан тұсында біздің, отбасында сояның көп тұздығы қалатын, мен соны аямай пайдаланатынмын... 

– Аямайсың, рас аямайсың! – Пань Лаоу саңқылдап тұрып күлді. 

Чжао Лянь оның неге күлгенін түсінбей, маған дал болған күйі бажырая қарады. Мен де мұнда күлетіндей не барын ұқпадым. 

– Же, же, мен балыққа көп асқатық салдым, – деді Пань Лаоу. 

– Хайыр, – деп міңгірледі де, Чжао Лянь аузына еттен бір кескенін салды. 

– Шараптан іш. 

Чжао Лянь Пань Лаоудың шәшкесінен шамалы ұрттады да, орнынан тұрды: 

– Су қайнатайық та, шай ішейік. Мен барып шөпшек әкелейін. 

Қайткенмен, Чжао Ляньнің Пань Лаоудан дәм ішкісі келмейтіні көрініп тұрды. Ол кірпияз болатын, өзі сұраншақтанбай, өзгелерге де ұмсына қоймайтын. 

Пань Лаоу шәшкесін үнсіз ішті де, шарапта дәм жоқтығын тағы байқады‐ау деймін, күркешеге бұрып, қатты дауыстады: 

– Ши Гу, шаруа бар, бері кел, бір‐екі шәшке бірге ішейік. 

Ши Гу әлден уақытта күркешеден бері шықты – беті ісініп, шаштары дудырап кетіпті. Ол Пань Лаоуге қарады да, ештеңе деместен бөтелкені алып, шәшкеге толтыра құйып, басын қайырды да, бір‐ақ тартты. Тағы құйып және тартты, өстіп іркес‐тіркес үш шәшке шарапты тап бір су ішкендей төңкерді де тастады. 

– Міне жігіт, мына қара! – Пань Лаоу бөтелкенің қалған жартысын бүлкілдетіп, аузына құя салды. 

– Э‐хе‐хе, бұлай ішу жөн емес қой... – Чжао Лянь күйзеле сөйледі. 

– Не аяйтыны бар, шарапты адамдар ішсін деп жасамай ма?.. Ши Гу, келе қал мұнда, тағы бір бөтелке бар... – Пань Лаоу орнынан оқыс тұрып, шайқалақтап барып Ши Гудың қолына жармасты. Ши Гу жай ғана иығымен қағып қалып еді, анау ұшты да кетті, осыдан кейін оған жақындаған жоқ. 

Кәрі салшы әбден мас болды, ұзақ күлді де, соңынан жылауға көшті. Ол жылап, ұрысумен басымызды қатырды, әсіресе аудандық хатшы Ли Дзячень мен коммуна хатшысы Людің сыбағасын беріп бақты: 

– Ал бұлардың, Ли мен Людің ұяты болуға керек қой! Мен, Пань Лаоу, боранда келемін, жаңбырда кетемін, бар тапқаным бірнеше бақыр тиын ғана, ал олар мені кап... кап-питалист деп шалды әбден қысты! Сонда мен қандай қылмыс жасаппын... мен коммунистерді көріп бақтым ғой... біз сол жылы бастық Сюймен арқа қағысқан дос та болыстық, шалбар айырбастастық... Олар өздерін коммунистерміз деп марапаттайды, өтірік айтады... өңкей сұқсыр үйректер... 

Пань Лаоу жылап қоя берді де, суға қарай бет алды. Чжао Лянь оны бас салды да, Ши Гуге ыза болған күйде: 

– Мынаны осы халге сен жеткіздің, енді не істейміз? – деді. 

– Қазір бабын табамыз. – Ши Гу кәбеңкеден арқан жіп тауып әкелді де, Пань Лаоуды салдағы бақаншаға байлады да тастады. 

Пань Лаоу айналасына қызарған көздерімен алақтай қарап, кенет аттан салды: 

– Лю Дасюнь адамды байлап тастады... Бір пенде қол ұшын берсеңдерші... 

Бұл кезде ымырт әбден үйіріліп, түн қоюлана түскен еді. 

Пань Лаоу жылады, жұлқынды, ең соңында барып тынышталды. Біз Чжао Лянь екеуіміз оны ағытып алдық та, кәбеңкеге ұйқтауға апардық. Ол ештеңені сезбесе де, бет‐ауызы бырысып, көз жасына әбден малшынып қалған еді. 

– Е, оның жаны күйзелісте ғой... – деді Чжао Лянь. 

– Оған не болған сонда? – деп сұрадым мен. 

– Е, е, не дейтіні бар! – Чжао Лянь жауаптың орнына ұйқыға жантайды. 

Мен оның жауабын тосумен болдым, бірақ ол тез ұйқтап кетті де, қорылға басты. Өзеннің масалары кәбеңкеге ұйлығып алып, әбден жанымды шығарды, инелермен сұққылағандай шақты‐ай дейсің келіп... 

Ай әлі шыға қойған жоқ еді, менің үстімде жұлдыздар бырдай болып шашырап жатты. Жағалаудан ағаштардың қара көлеңкелері ербеңдеп, зәремді және алды. Мен бір адамның сұлбасын байқап қалдым – бұл Ши Гу еді. Ол бұталардың арасында ұзақ қыдырыстап жүрді де, кенет төбеге ұрғандай сілейді де қалды. Ол өзімен‐өзі сөйлесіп жүргендей еді, сонсоң әуені таныс мұңды әнді созып қоя берді: 


Мен саған білезік әкеп ем, 

Қайда сенің білегің? 

Мен саған жібек әкеп ем, 

Бұйырды тәнің басқаға! 

Болса сенде махаббат, 

Шық та мені күтіп ал, 

Бір қарап сенің бейнеңе, 

Жан тынышта өлейін... 


III


Тұманның қашан көтеріле бастағаны есімде қалмапы. Таң рауанда ол бейне қалың жамылғы тәрізді айналаны түгелдей қымтап алды: жағалауға жайғасты, бұталар мен ағаштардан көтеріліп, жан‐жаққа тарады. Алдымен Чжао Лянь көзін ашты, іле мен де ояндым. Тұман кәбеңкеге толып, бет‐аузымызды сыйпалады. Біз тіпті бір‐бірімізді көре алмай қалдық. 

– Тұманды қара! – деді Чжао Лянь. 

– Жаңбыр себелеп тұрған тәрізді, – дедім мен. 

– Бұл сен бе едің? Мен Лаоу екен десем... 

– Ол әлі ұйқтап жатыр. 

– Ал Ши Гу ше? 

– Мен түн ортасында ұйқыға жатқанымда жағада болатын. 

– Сен оны шақырсаң етті… 

– Бата алмадым, ол ызалы... 

– Ол ызақор емес, жүрегі оның мейірімді: бәрі бапты болғанда, ол көңілді... Біз бір ауылданбыз, мен оны жақсы білемін... – Чжао Лянь кәбеңкеден шықты да, жалғастыра берді: – Иә‐ә, көрінбейді ғой өзі, іздеу керек болды. 

– Мен де барамын. 

– Кеттік. 

Біз өзен суына жуындық та, жағаға көтерілдік. Бұл өзі көлбегей жағалау еді, жоғарғы жағында алып ағаштар сыңсып тұр, ал төңіректе сұр, болат түстес тұман жайылып жатыр. Біз тікенекті шөптің үстімен түртінектеп ілгерілей бердік, таңертеңгі шыққа аяқтарымыз әбден малшынды. Жоғарылау тұста тұман селдірлеу, түсі де бозғылдау екен, сонда да бес қадам жерден арғы тұстан ештеңе көрінер емес. Біз жердің үстінде сыйпалақтап жүріп, қап‐қара әрі тайғақ нәрсеге киліктік – сірә, құлаған ағаштың діңі болуға керек. 

– Ши Гу, қайдасың сен? – деп дауыстады Чжао Лянь. Айналадан еш дыбыс жеткен жоқ, ал Чжао Ляньнің дауысы тұманға сіңіп жоғалды. Қайдан екені белгісіз, құстың шықылықтағаны естілді, тап бір: «Тіршілік ғаламат, тіршілік ғаламат...» – деп тұрғандай. 

– Оның жүрегіне тұнған не мұң? – деп сұрадым мен. 

– Кім? 

– Ши Гуды айтамын. 

– Қайдан білейін, биылғы жыл көп адамдарға бақытсыздық әкелді ғой, әркім өз бейнетін тартып жатыр... 

– Меніңше, ол үйлене алмай әуре‐сарсаңға түсіп жүр‐ау деймін. 

– Оның рас. – Чжао Лянь дауысын бесеңдетті. – Мен саған айтайын, бірақ сен ешкімге жеткізіп жүрме, ол өзгелердің білгенін қаламайды... 

– Неге? 

– Ол кісі өлтіруге оқталып жүр! 

Чжао Лянь мына әңгімені айтты: Ши Гу мен оның ауылындағы бір қыз бір‐бірін құлай сүйеді. Oл қыздың есімі Гайгай еді (Гайгай қытайшадан аударғанда "реформа" дегенді білдіреді. – Ауд.), өйткені ол жер реформасын жүргізген жылы туған болатын. Ол әдемілігімен қатар мінезі жұмсақ, жұмысқа алғыр еді, өндірістік бригадада әйелдерге жетекшілік етті. Ши Гу мен Гайгай бала кездерінен бірге өсіп, қатты дос болып кетті, олар үйлену жайын сөз етпесе де, ауылдағылар бұлар бір‐бірі үшін туған деп есептейтін. 

Бірақ осыдан екі жыл бұрын Ши Гудің әкесі қайтыс болды, одан зағип шешесі төсек тартып жатып қалды да, олар қалың қарыздың астында қалды. Амал жоқ, Ши Гуге коммунаның қосалқы бригадасына барып салшылықпен айналысуға тура келді. Ескілікті мәтел былай дейді: жақсы қыз шөпшек термейді, жақсы бозбала сал ағызбайды. Бірақ Гайгай өз өмірінде ештеңені өзгерткісі келмеді, ол Ши Гуді аяды, әрі оған сенді де. Ол: "Бауырым Ши Гу, қиналма! Сенің анаң – менің анам, таңертең шашын тарасам, кешкісін аяғын жуып беремін. Мен оған да, сенің шаруашылығыңа да қарайлаймын". Ши Гу тәртіп бойынша екі жыл еңбек етті де, біраз қаржы жинақтады, қарыздарынан құтылып, гүлмен өрнектелген жамылғы мен ақ жастық сатып алды. Биыл көктем мерекесінен кейін Ши Гу мен Гайгай өз некелерін коммунада қиғызуға оқталып жүрді, бірақ уезден Гайгай "Дачжай коммунасының тәжірибесін үйренетін топқа жіберіледі" деген хабарлама келді де, оған кетуге тура келді. Гайгай сонда: “Бауырым Ши Гу, мен он күн, әйтпесе жарты айдан кейін ораламын, міне, сонда үйленейік, жарай ма?" – деді. Ши Гу: "Жақсы, мен де сал ағызайын, саған білезік, жүзік, жібек кеудеше алайын", – деп жауап қайтарды. Гайгай: "Қазір дүние сатып aлy керек пе?" – деп сұрады. "Керек, керек, – деді Ши Гу. – Онсыз тіршілігіміз де қуанышты бола қоймас". "Онда жарайды, – дейді Гайгай. – Мен күн сайын бақайымның ұшына тұрып, сен келе жатқан жоқ па екенсің деп қарап тұратын боламын". "Сен қай жерде тұрмақсың?" – деп сұрады Ши Гу. "Жағалауда, талдардың аясында", – деді Гайгай. "Онда қызыл кеудеше ки", – деді Ши Гу. (Қытайда қызыл түс – қалыңдыққа тән түс. – Ауд.) "Неге?" деп сұрады Гайгай. Ши Гу оған: "Мен қайтып келе жатқанда сені алыстан көре алатын боламын" – деген уәж айтты".Мен бұдан кейін тек қана қызыл кеудеше киетін боламын", – деп Гайгай күле сөйлейді. 

– Өңкей қызыл кеудеше киіп жүру деген ғаламат ойлап табылған екен... – дедім мен. 

Біз үнсіз қалдық, ал Чжао Лянь болса әрі кетті: 

– Сен бәрін білмейсің ғой; арада екі ай өтті, Ши Гу салын ағызып келді, ауылға оралды, ал қызыл кеудешелі қыз көрінер емес. 

– Сонда Гайгай қайда кетті? – деп тағатсыздана сұрадым мен. 

– Гайгай онда таза кетіп қалған‐ды. 

– Қайда? 

– Тұрмысқа шығып кетті! 

– Қалайша? – Мен таң‐тамаша қалдым. 

– Eh, енді ол қайтсін, байғұс?.. – Чжао Лянь сәл үнсіз қалды да, одан әрі жалғастырды: – Гайгай өз оқуына кетті де, жиырма күннен кейін ауылға оралды. Ол расында ылғи қызыл кеудеше киіп, жағадағы талдардың қасынан Ши Гуді тосумен болды. Сол талдардың аясындағы топырақта тіпті оның аяқтарының ізі де қалды. Әттең таулар биік, өзен ұзын, Ши Гу межелі мерзімде орала алмады. Ал бұл кезде коммуна хатшысы Лю үйлеріне құда түсіп келмесі бар емес пе? 

– Хатшы Лю, әлгі Лю Дасюньнің өзі ме? 

– Дәл сол. Ол Гайгайды өзінің бағыныштысына атастыруға ұмтылып бақты, ал онысы коммуна бөлімшесінің хатшысы, әрі аудандық хатшы Ли Цзяченьнің туысқаны болып шықты. Лю Дасюнь оны олай да, былай мақтап, Гайгайды төңіректеп кетпей қойды: "Ол осы жолы өзіңмен бірге оқуда болды ғой, көзіне түсіп қалыпсың! Гайгай, бұл саған тамаша ілгек болмақ!" Гайгай күлді де, былай деді: "Солайы солай шығар, бірақ менің басым бос емес, күйеу жігітім бар". Апалақтап қалған Лю Дасюнь індетіп кім екенін сұрай бастайды, Гайгай оның Ши Гу екенін айтады. Лю Дасюнь басын шайқап: "Салшы дейсің бе, ал оның не жетіскені бар?" – дейді. Оған қоса бұл жайында аудандық хатшы естісе, жағдайсыздықтар болуы кәдік. Оның үстіне Гайгайдың өзі де комсомолдық саналылық көрсетіп, басшылардың нұсқауларына орай қимылдауы керек. 

Гайгай атүсті тыңдап, бұл әңгімеге пәлендей мән берген жоқ – бұрынғыша Ши Гуді тосумен болды, екеуіміз үйленетін шығармыз деп ойлады. Бірақ арада біраз күн өткеннен кейін ауылда Ши Гу бір жерде төбелес ашып, адам жарақаттапты деген сыбыс тарады. Одан ол мемлекеттік материалдарды сыртқа сатып жіберіпті, содан оны жауып тастапты десті. Ауылдағы қайсыбір қызметкерлер Ши Гу оралғанда, оны соттап, жазаласа, әйтпесе тіпті түзету жұмыстарына жіберсе жөн болар еді деген әңгіменің шетін көтере бастады. Гайгай ақыры шыдай алмай, жағдайдың анық‐қанығына жетуге Лю Дасюньге барды. Анау оған ештеңе дей қоймады, тек жағдаяттың бұлыңғыр екендігін, бірақ сенбегеннен сенген жөн болатынын айтты. Лю Дасюнь тісін шимен шұқылап қойып, тілін баяу бұраңдатып: "Қызығы, сен онымен байланысыңды үз, әйтпесе өзіңе де кесірі тиеді", – деді. Бірақ Гайгай келте қайырды: "Егер ол төбелессе, айыппұлын төлеймін, ал түрмеге отырса, мен оған дәм апарып тұратын боламын!". Гайгай Ши Гудің еш жамандық істемейтініне сенген еді. Бұрынғыша қызыл кеудешесін тастамай, күн сайын талдардын астында сүйіктісін тосумен жүрді. Бірақ енді біраз күн өткен соң ауылға Гайгайдың әкесі тас уатуға, ал шешесі коммунаның шошқа фермасына жұмысқа барсын деген бұйрық қағаз келерін кім білген? Ал бармаса – "Дачжайдан үйренейік" деген қозғалысқа қарсы шықты деген сөз. Гайгайдың әкесі жетпістің табалдырығында тұр, таза тартылған садақ іспеттес иіліп қалған. Гайгайдың анасы да сыркат, таяқсыз бір қадам баса алмайды. Оларға тас уатып, шошқа бағу қайда, үйден ұзап шығудың өзі уайым. Елдің бәрі мұның Гайгайдың жігерін жасыту үшін әдейі жасалған айла‐шарғы екенін айқын көріп тұр. Бұдан оңтайлы сылтау табу мүмкін де емес еді. Гайгай, әрине, әп‐сәтте бәрін түсінді. Содан ал жыласын кеп, жылағанда тіпті көздері әбден қызарып кетті, тек ол әбден торыққан күйде әке‐шешесіне былай деп тапсырды: "Ешқайда бармаңдар, көрейік, бұлар тағы не істер екен?". Одан соң не болушы еді, іле халық жасақшылары келді де, шал мен кемпірді байлап әкетуге оңтайлана бастады, осы тұста Гайгай шыдай алмады да, Лю Дасюньге ұша жөнелді. Лю Дасюнь табан астында қарияларды босатуға нұсқау берді де, оларды жұмысқа жөнелту жөніндегі бұйрықты өзгертті... Одан соң көп ұзамай, үшінші күні Гайгайға жаңа күйеу жігіт келіп, оған қызғылт кеудеше сыйлады. Бесінші күні Гайгай жүріп кетті. Өзімен бірге ештеңе алған жоқ, тек өзінің бұрынғы қызғылт кеудешесін тастап, ағын киді... (Қытайда ақ түс қайғы белгісі болып табылады. – Ауд.). 

– Гайгай үйлену тойынан кейін қайда қоныс аударды? 

– Алыс емес, мына жердегі балық өсіретін коммунаға, – деді Чжао Лянь. 

– Ал Ши Гу Гайгайға бара алмады ма? 

– Пәлі, ендігі қалғаны сол еді! Kiсі өлімі болуы мүмкін! 

– Ол шынында кісі өлтіруге оқталып жүр ме? 

– Иә, ол ана жігітті өлтіpгiсі келеді, әрдайым ұзын селебедей пышағын тастамайды... Міне, шаруаның түрі! Ши Гу! Ши Гу! – деп ышқына айғайлады Чжао Лянь. 

Тұман ептеп сейілгендей болып, айнала айқындала бастады. Оның ақшыл иірімдерінің арасынан алдымызда жатқан күріштің бауларын айыратын халге жеттік. Біз жағалаумен және шамалы жүріп едік, кенет ілгеріден адамдардың күңгірт бейнелері байқалды. Бізге орақтың суылы анық жетіп тұрды. Және жақындай түссек, бұлар бір топ әйел екен. Олар алқаптың едәуір бөлігін орып алғанға ұқсайды, шамасы осы жерде қона салған да тәрізді. Бұлардың тұрғаны осы еді, ұйқылары әлі ашыла қоймаған сыңайлы. Біреулері таранып, егінжайдың жиегінде жуынып жатты, екіншілері тізерлеген күйде кіші дәреттерімен әлектенуде, үшіншілері шала киініп, түймелерін салып бола алмай жатыр. Бұл әйелдердің барлығы да ауыр да азапты жұмыстан қажыған еді, олардың денелері жел мен аптаптан әбден cipeciп қалған, ақыл‐естері де кемшіндеу, дамымаған болатын. Біз оларға жақындап келсек те, көпке дейін пәтуалы бір ауыз сөз ала алмай қойдық. 

– Сендер кімсіңдер? – деді ақыры бір ірі тәтей қарлыққан дауыспен. 

– Біз сал айдаушылармыз, – деп жауап қайтарды Чжао Лянь. 

– Өз адамдарыңды іздеп жүрсіңдер ме? 

– Иә, бір жас жігітті, қайда ол? 

– Ол осында. Өзі түнімен әлдекімді шақырумен болды, ендігі ұйқтап жатқан шығар. Жас әлі, өзі жақсы адам! – Әйелдің дауысы сәл жұмсара түсті. Ол бізді бастап алып жүрді: жатаған ағаштардың түбінде, күріш сабанын қалың төсеп тастап, екі еркек ұйқтап жатыр екен. Мен зейін қойып қарадым: олардың біреуі Ши Гу еді. Оның тәтті ұйқының құшағында жатқанын көріп, ойға алған қара ісін істеуге түнде бармағанына көзім жетіп, жүрегімнен жүк түскендей болды. 

– Сендер оны оятпай қоя тұрыңдар, – деді әлгі аяғыш әйел. – Кеше кешқұрым кәрі Сюй қан құса бастағанда, біз қайтерге білмедік. Байғұс күйіп‐жанып, бар киімі терге малшынды. Бақытымызға қарай, тура аспан жібергендей мына балаң жігіт пайда болғаны... Өзінің есімі кім? 

– Ши Гу, – деді Чжао Лянь. 

– Жөн айтасың, Ши Гу. Ол оның үстіне қарындасы бар екенін айтты, осыдан бірнеше ай бұрын тұрмысқа шығып, біздің ауылға көшіп келіпті. 

Мен: 

– Оның есімі Гайгай ма? – деп дереу қойып қалдым. 

– Иә, Гайгай... сол... 

– Ол оның қарындасы емес, – мен тек тұрмай құпияның бетін аштым. 

– Ол оның балдызы, – деп Чжао Лянь жедел іліп әкетті. – Құрметтім, айтыңызшы, мына ақсақал Сюй дегеніміз кім? 

– Е, ол бұрынғы аудандық бастық Сюй ғой. 

– Сюй Минхун ба? – Чжао Лянь таң‐тамаша қалды. 

– Сен оны білесің бе? 

– Оны кім білмейді, жер реформасы мен кооперативтер құрғанда ол бәріне басшылық жасады емес пе? Сюй ақсақал жақсы адам! 

– Бұған кім дау айтып тұр? 

– Ал сонда ол мұнда қайдан келді? 

– Е, бұл ұзақ әңгіме, – деді әйел. – Елу сегізінші жылы "үлкен секіріс" болғанда жоғарыдағылар ол болат қорытуға, қоғамдық асханалар ашуға қарсы деген әңгіме шығарып, орнынан алынды да, үйге жай адам санатында қайтып оралды. Ал "мәдени революция" басталғанда, Ли Цзячэнь мен оның нөкерлері Сюй барлығына кесірін тигізуде деп жала жапты, оны бізге түзету жұмыстарына жіберді... Ол жұмыстан әбден қажыды, қан құса бастады, бірақ өзін мықты ұстады, жан баласына жалынған жоқ... Әрбір кеудесінде аяушылық сезімі бар адамның жүрегі әбден қысылды. Кеше біздің звеноны осында күріш жинауға жібергенде, еркексіз бастыру мүмкін еместігін айттық, сонда біздің хатшы былай деді: "Жақсы, біз сендерге еркек бөлеміз"... Сөйтіп әлгі соққан бізге Сюй ақсақалды берді емес пе? Біз қарияны аяп, күріш бастыртпайық десек, ол көнбей, күні бойы жанын салып бақты, ақыры тамағынан қан кетті! Ой, бейнет‐ай! 

– Қадірлі Сюй, қадірлі Сюй! – Чжао Лянь шамалы дегбірсізденіп кетті де, Ши Гудің қасында жатқан адамға тізерлей отырып үңіле қарады. Мен де еңкейіп едім, тұманнан оның бет‐бейнесін айыра алмадым. 

Осы кезде бізге бірнеше әйел тақап келді. 

– Әбден ауру болса да, дәрігерге баруға мұрсат бермейді... 

– Үйі бар, ағайын‐туғаны бар, көріп қайтуға жібермейді... 

– Енді қанша күн өмір сүрер екен?.. 

– Тамаша адамға осынша қорлық көрсеткендері несі? – Табиғатынан мейірімді шаруа әйелдер тілдеріне ерік беріп, күрсінумен болды. 

Айналадағылардың барлығы да қадірменді Сюйді жақсы білетін болып шықты, тек мен ғана оның кім екенін, нендей күнә жасағанын және оны елдің бәрі неге аяйтынын, сыйлайтынын әрі сүйетінін ұқпай қойдым. 

Ши Гу оянды, отырды, бізді көріп былай деді: 

– Чжао Лянь ағатай, келіңіз, кадірлі Сюйді салға апарайық. 

– Хм, – деді Чжао Лянь ойланған кейіпте, – Ал, сонсоң? 

– Әуелі апарайық, ар жағында көріне жатар, әйтпесе ол мына жерде тірі қалмайды. 

– Солай ғой, бірақ мұны Пань Лаоумен ақылдаспай болмайды. 

– Мұның не ақылдасатыны бар, адамды құтқару керек, менің бар айтарым осы! 

Мен Пань Лаоудың да келгенін аңғармай қалыппын, оның дауысы бәрінен қатты шықты – әрі ыза мен толқынысқа толы еді. Ол ашулы күйде әйелдерді қуып тастады да, қадірлі Сюйге жақындады. 

– Қадірменді Сюй, сен осында ма едің, қаперімде жоқ... Жоқ, біреулер сенің өлгеніңді тілесе, мен тірі болғаныңды қалаймын. – Ол командирлік екпінмен Ши Гуге бұйрық берді: – Дереу оны салға апар! 

Ши Гу Пань Лаоуға қарады, оның көзқарасында бағыныштылық қана емес, ризашылық сезім де астасып жатыр еді. Ол есінен танып, дем алуға шамасы келмей жатқан қадірлі Сюйді еппен көтеріп алды. 

Осы кезде әйелдер дүрлігісіп, шуылдап қоя берді: 

– Олар апарсын... 

– Тексеріс болғанда, адам табылмаса, біз не демекпіз?.. 

Пань Лаоу оларға бұрылды да: 

– Не айтары бар, ештеңе көргеміз жоқ деңдер, бітті! Бұл істе сендердің шаруаларың болмасын, біз бәрін өзімізге тастадым деп айта саламын! 

Әйелдер үнсіз қалды да, тұра берді. 

– Кеттік! – деді Пань Лаоу қолын сілтеп. 

Ши Гу қадірлі Сюйді иығына орнықтырып алды да, адымдай жөнелді, біз Чжао Лянь екеуіміз екі жағынан демеп қоса жүре бастадық. 

– Байқап жүріңдер! – деп Пань Лаоу арттан айғайлап келеді. 

Ши Гу адымын бәсеңдетіп, тыныстап алды да, қалың тұманға кірді. Әйелдер болса соңымыздан үнсіз шамалы ерді, сонсоң әлгі ірі әйел дауысын көтерді: 

– Қайтыңдар кейін, бізге жұмыс істеу керек! 

Міне, маған бейтаныс құс тағы да әнге басты: "Тамаша өмір, тамаша..." 

Біз қадірлі Сюйді салдағы кәбеңкеге барынша жайғастырып жатқыздық, жамылғы жауып, басының астына жастық қойдық. Чжао Лянь тез арада су қайнатты, Ши Гу қадірлі Сюйдің қасына отырды. 

Өзенде бұрынғыша қою тұман жатты, су көрінетін емес, бірақ Пань Лаоу еш кідіріссіз салды жағалаудан арнаға салды. Ол енді өзі басқарды, оның жүдеубас дене бітімі салдың басында менмұндалап тұрды. Пань Лаоудың өткір жанары тұманды тесіп өтіп, өзендегі әр иірім, әр жартас, әр қайраңды тінткілеп, түгендеп тұрғандай еді. Енді ол тіпті өзге адам болып көрінді – шешімді, бел буған, қадала көңіл бөлген күйде өз өмірімен шайқасқа түскендей күйде болатын. 

Біз бес‐алты шақырым жүзгеннен кейін күннің көзі көрінді. Тұман ішінде ол алып жұмыртқаның сары уызындай әсер қалдырған‐ды, оның сәулелері сұрғылт бұлт тақылеттес айналаға сіңіріп, оны алтынға ұқсас түске бояды, ұп‐ұсақ тамшыларға бөлшектеп, айнала қуалады. Одан алапес аспан, жасыл жағалаулар алдан шықты, сөйтіп мен тағы да таңғаларлық қою көкшіл алысқа үңілдім. Алда кең де тыныш өзен жатты. Пань Лаоу жан‐жaғына қарады да, ескек бақанын тастап, асықпай кәбеңкеге кірді. 

Мен Сюй Минхуннің түрін енді ғана байыптап көруге мүмкіндік алдым. Оның сиқы адам аярлық еді: шекесі, жақтары, иегі таза бырысып, сарғыш тартқан. Ұзын мұрнын бейне пышақтың жүзі дерсің. Еріндері таза көрінбейді, тек ақ тістердің қатары ауыздан хабар бергендей. Шамалы ғана тынысы болмаса, мұны өліктің өзі деп ойларлық. Осынау "өлік" кеше ғана шақырайған күннің астында күріш бастырды дегенге қалайша сенерсің?! 

Ши Гу оған қасықпен қайнаған су ішкізбек болып әлектенді, бірақ судың титтей ғана бөлігі ауызға жол тауып жатты. 

Шамамен ширек сағаттан кейін өліп бара жатқан пенденің бетінде тіршілік белгілері сезіле бастады, сонсоң оның көмейінен көмескі ыңырсу естілді, сөйтіп ол баяу ғана көздерін ашты. Бір ғажабы, оның көздері екі таза інжу моншақ іспеттес еді – әрі дымқыл, әрі жарқыраған, әрі ақылды көзқарас. Сәл шамалыдан кейін осы көздер айналадағыларды танып шықты. 

– Пань Лаоу, мынау сенбісің? – деді қадірменді Сюй әлсіз ғана, бірақ өте таза және жұмсақ дауыспен. 

– Бұл мен, қадірменді Сюй, бұл – менмін, сен әлі ұмытпағансың ба?.. – Пань Лаоу қатты толкып кетті де, көздері қызарып сала берді. 

– Ескі досым‐ау, мен сенен сал ағызуды қаншама рет үйрендім десеңші. Соңғы рет қашан болып еді? 

– Мың тoғыз жүз елу жетінші жылы, көктемгі мейрамда. 

– Е, есіме түсті, жазғы мейрам күні біз Ченьцзяцяның қасында тұрдық та, тәтті бәліш жедік. Оның біреуінен кішкентай тас шығып, сен сатушыны сабай жаздап едің ғой... 

– Рас, сен мені сынап та тастадың... Мен онда ызалы едім, бірақ сен, қадірлі Сюй сабыр ет, мен қазір өзгешемін... 

Сюй Минхун кірпіктерін айқастырды да, жымиды. 

– Құрметті Сюй, ал сен мені есіңде сақтадың ба? – деп сұрады Чжао Лянь шыдай алмай. 

– Е, бұл кәнігі еңбекқор Чжао Лянь, сен ғой. Елу сегізінші жылы біз бәріміз Хуасиде су қоймасын салғанда екі күн тас қопарғанымызды есіңе түсірші. 

– Иә, иә. – Чжао Лянь қуана басын изеңдетті. 

– Сенің сонда кемпірім төрт қыз тапты, маған ұл керек еді дегенің зердемде қалыпты; ал, қазір қалай? 

– Қазірде жеті балам бар, бәрі де қыз... 

– Бәлкім, енді оған тумай‐ақ қойған жөн шығар, тәрбие беру – маңызды мемлекеттік іс, бірақ партияның шақыруына үн қосқан жөн... Нағып, тағы да туайын деп жатыр ма? 

– Туғысы келеді... – Чжао Лянь ұялғаннан қызарып кетті де, былай деді: – Мен бұл сапар үйге оралғанда әйеліме енді бала тауып керегі жоқ, бұл қадірменді Сюйдің тапсырмасы деп айтамын... 

– Ал, сен кімсің? – Қадірменді Сюй Ши Гуге үңілді. – Жоқ, жоқ, айтпа, мен қазір есіме түсіремін... Айтшы ал, сен қай ауылдансың? 

– Мэйхэкоуданмын мен... – деді Ши Гу жеделдете. 

– Сен Ши Маньнің ұлы екенің көрініп тұр, өскеннен кейін аумаған әкең болыпсың да қойыпсың... 

– Менің әкем ұлы мәдени революцияға бір жыл қалғанда қайтыс болды... 

– Е, ол жағын біліңкіремеймін. Есімдегісі – елу жетінші жылы күз орталығының мерекесінде сендердікінде болдым, тіпті мен үйлеріңе қондым да – екеуіміз бір кереуетте ұйқтадық; сонда сен нешеде едің? 

– Ондамын. Сіз сонда маған таяқтан мылтық жонып бердіңіз, оныңыз әлі сақтаулы менде. 

– Тура айтасың, ал мен ұмытыппын! Айтпақшы, анаң қалай, көздері нашар еді ғой... 

– Баяғыда су қараңғы соқыр болып қалды. 

– Әттең таудағы әйелдер алауды көп жағады дағы, содан барып жанардан айырылады. Мен баяғыдан ошақтарға түтіндік орнату керек деп ойлайтынмын, тек соны жүзеге асыруға қолым тимей қойды... Мен сенің анаңның алдында кінәлімін, шырағым. 

– Қадірлі Сюй, сізден өте сұрарым, олай дей көрмеңізші, – деді Ши Гу екпіндей сөйлеп. 

Сюй Минхун маған да назар аударды, бірақ мен өте жас болғандықтан қайдан білсін. 

– Ал сен бозбала, қаладан келген жас интеллигент емеспісің? 

– Жоқ, – дедім, – мен Цзиньчжугоуданмын, менің атам – Ли Шоугань, ал әкемді Ли Юаньчан деп атайтын. 

– Ли Юаньчан. – Қадірменді Сюй кенет серпіліп сала берді, оның көздерінде ұшқын пайда болып, дауысы қатайды, қолдарын таянып, тізерлеп отырды. – Сенің әкең аштықтан өлді, шешең де, әжең де... бір отбасынан үш адам өліп, үлкен қайғыға душар болғансыңдар! Мен сонда уездік хатшыға жағдайды айтып хат жолдаған болатынмын, ал маған кейіннен «үш қызыл ту саясатына» жала жапты деген айып тағылды... бірақ бұл ақиқат қой... ақиқат! 

Қадірменді Сюй одан әрі жалғастыра алмады, денесі болбырап кетті де, төсекке құлап түсті, ал кеудесінен өткір де ауыр жөтел шықты. 

– Қадірменді Сюй! – деп бәріміз бірдей айғай салдық. 

Қадірменді Сюй көздерін ашты, оған сабырлылық қайта оралды. 

– Мен салдамын ба? – деп сұрады ол. 

– Иә, біз сені үйіңe aпapaмыз, дәрігерден сені емдеуді өтінеміз. 

– Бұл қалай болар екен өзі, мен бақылаудағы адаммын ғой... – Сәл үндемей қалды да, кадірлі Сюй тағы былай деді: 

– Хайыр, өздерің біліңдер, бәрібір, бәрібір... Мені сыртқа шығарыңдаршы, мына жер тым қапырық екен... 

– Сыртта – жел, – деді Чжао Лянь. 

– Бірақ онда күн, жарқыраған күн бар ғой! 

Біз қадірлі Сюйді тысқа шығарып, тақтайларға жатқыздық. Таза ауа мен жарқын күн оны едәуір сергітті, күш қосты. Ол басын бұраңдатып біресе аспанға, біpece суға, біресе жасыл жағалауларға жанарын сүзді. 

Сонсоң: 

– Жолдастар, өмір сүру ауыр екені рас қой? – деді. 

– Қаншама қайғыға душар болғанымызды айтып жеткізіп болмас, – деп жауап қайтарды Пань Лаоу. – Ең ауыры – жүректегі жара, оны түкіріп тастай алмайсың. 

– Бірақ қалай болғанда да коммунистік партия мен социализмді жазғыруға болмайды... Революцияның жолы күрделі, бұл сапарда қилы жағдайлар болуы мүмкін. Ал біздің ұлы партия жолда кездескен кедергілердің бәрін де күйретеді, халықты қайтсе социализмге жеткізеді... көпшілік халықты алдауға болмайтынын түсінді... бұлттар ешқашан күннің көзін жаппақ емес... Солай емес пе, айтыңдаршы? 

Қадірменді Сюй қалың ойға батты. Жағалаудағы көзден таса құс "Тіршілік тамаша, тіршілік тамаша..." деген үйреншікті әніне басты. 

– Иә, қалай болғанда да мазмұнды өмір сүру керек! – деді кенет қадірменді Сюй құстың әніне құлақ салып. – Сендер мынаның қандай құс екенін білесіңдер ме? Білмейсіңдер ме? Жарайды, онда мен сендерге бір хикая айтып берейін... 

– Қадірменді Сюй, қайтесіз, сіз шаршап қалдыңыз ғой, – деді Ши Гу. 

– Мен шаршаған жоқпын. 

Қадірменді Сюй Ши Гудің қолын кері сырды да, әлдеқайда алысқа көз тігердей жанарын көтерді. 

Сюй Минхун мынадай хикаяны жайып салды: 

"Ондай құстарды "апалы‐сіңілілер" деп атайды... Олар қашанда бірге ұшып жүреді де, бір‐бірлерінен ешқашан ажыраспайды. Жұрттың айтуынша, әр пар, әр қосақта қашан бір әпке, бір сіңлі болады екен. Бұларды қалай айырады дейсіз ғой? Әпкесінің арқасында қызыл қауырсын болады да, сіңлсінде ондай қауырсын кеудесіне орналасқан. 

Бұрын Сяошуй өзенінде мұндай құстар болмаған, олар Ұлы жорық кезінде ғана пайда болыпты. Оған отыз жылдан астам уақыт өтті. Бірде осы маңайға қызыл отряд келеді, жолдан шалдыққан жауынгерлер тауда тыныстауға бет алады. Бірақ олар демалысқа жайғасқандары сол екен, төменнен атылған оқтың гүрсілі тік көтереді – бұл қарсыластардың соңдарынан қуалағаны еді. Отряд әрі кетуге межбүр болады. Бір мазалайтыны – сегіз жауынгердің аяқтары күп болып ісіп кеткендігі сондай, командир де оларды елеусіз жерге жасырып, кейін отрядты қуып жетуге жағдай жасаудан басқа амал қалмайды. Отрядтан екі қыз оларды бағып‐күтуге және қалады. 

Бұл қыздар он тоғызда ғана еді, әрі егіз болатын, екеуі бір ағаштың жапырағындай бір‐бірінен аумайтын. Олар жауынгерлерді тау беткейіндегі үңгірге жасырады, ал жаулар болса тауды тіміскілеп үш күн бойына кетпей қояды. 

Қыздар абыржып, жауынгерлердің ұйқтағанын тосады да, одан әрі не істеу керектігін ақылға салады. Үлкені айтады: "Біз мұнда тышқандар құсап тығылып жата алмаймыз". Кішісі айтады: "Оның жөн, біз жолдастарымызды емдеу үшін сыртқа шығып, емдік шипалы шөптер жинап әкелуіміз керек". Үлкені айтады: “Сыртта жаулар бар ғой". Ал кішісі айтады: "Мен қорықпаймын!" 

Ертеңіне таң ата қалың тұман түседі де, қыздар үңгірден шығады, кетіп бара жатып жауынгерлерге қайткенде де жатқан жерлерінен еш қозғалмауды қатты тапсырады. Біресе еңбектеп, біресе бой тасалап, олар ақыры бір бұлаққа жетеді. Күн де шығады, бірақ емдік шөптер кездеспей қояды. Кішісі айтады: "Әпке, мен су ішейінші!" Үлкені орамалды дымқылдап, кішісіне ұсынады. Олар тағы еңбектейді, үш бамбук, үш қарағай орманшасынан өтеді, күн болса шақырая түседі, шипалы шөптер әлі жоқ. Кішісі айтады: "Әпке, менің қарным ашты!" Үлкені бір жапырақ жұлып алып, кішкентайына береді. Олар және еңбектейді – қолдарын қанатып, тізелерін тасқа жарақаттайды, күн болса батуға еңкейеді, ал емдік шөптер сол жоқтан жоқ. Кішісі айтады: "Тәте, мен өлердей шаршадым". Үлкені оны тізесіне жантайтып, біраз тыныстайды. 

Кішісі лезде ұйқтап кетеді. Үлкені жан‐жағына бағдарлай қарап отырғанда кенет өте құнды емдік қасиеті бар шөпті байқап қалады: ол – жеті жасыл жапырақтың аясындағы титтей ғана сары гүл еді. Қыз ізінше дауыстайды: "Оян тез, сіңлім, оян тез!" Ол оянып, гүлді көреді де, қатты қуанады: "Жеті жапырақты гүл ғой мынау!" Екеуі ашыққанды да, қауіп‐қатер мен жауларды табан астында ұмытады да, әлгі шөппен дорбаларын нығыздай бастайды. Ай да шықты, самал жел де соқты, таудағы цикадалар шырылға басты. Олар кейін қайтты, үңгірге де тақап келді, сөйтсе жан‐жақтың бәрі от. Бұлар осы маңайды түгелдей тіміскілеп жүрген жаулар еді. Кішісі айтады: "Біз олардың назарын аударуымыз керек!'' Үлкені гранатын алып жауларға қарай лақтырады да, сонсоң екеуі қол ұстасып маңайдағы төбеге шығады. Жаулар оларды қоршап алып, айғайлап, атқылай бастайды. Осы кезде кішісінің кеудесіне оқ тиіп, құлап түседі. Үлкені оны арқалап алып, әрі қарай жүгіре береді. Кішісі болса, тастап кет деп жік‐жаппар болады, үлкені: "Сіңлім, өлетін болсақ, бірге өлейік!" деп жауап қайырады. 

Әпкесі биікке көтеріледі, күш жоқ. Жаулар болса, қоршап алып оған: "Қане, беріл!" деп айғайлап жатыр. 

Олар – қыздар – таудағы шөпке от қояды. Жалын мен түтін аспанды көлегейлеп кетеді. 

– Қызыл армия жасасын! 

– Компартия жасасын! 

Бұл апалы‐сіңлілердің сыңғырлаған дауыстары еді. Ал сәлден соң от құшағынан аспанға екі кішкентай құс шарқ ұрып шыға келеді..." 

Біз Сюй Минхуннің әңгімесін демімізді ішімізге тартқан күйде тыңдаумен болдық. Сал суда баппен ғана теңселіп тұрды, жағалаулар күн сәулесіне малынғанда қандай, жасыл бұтақтардың арасынан гүлдердің қызыл дақтары тағы ойнақтады. Сол құстардың әні шырқалып, олар адамдарға: "Күйзелмеңдер, жабықпаңдар, қайғы мен қиындықтардан сенімді жоғалтуға болмайды. Тіршілік тамаша, тіршілік тамаша..." деп тұрған іспетті... 


ІV


Онсыз да сілікпесі шыққан Сюй Минхун мынадай ұзақ сөйлеймін деп, тағы да есінен айырылып қалды. Біз оны кәбеңкеге алып бардық та, жайғастырып жатқыздық. Содан үнсіз қалдық, тіпті бір‐бірімізге көз де тастаған жоқпыз. Біз бір‐бірімізді жүрекпен сезгендей болдық, ал үнсіздігіміз болса, баршамызды біріктіргендей еді. Шамалы уақыт өткеннен кейін біз қадірменді Сюйді қайда жіберу жайын талқылай бастадық. Оны үйіне апарудан бірден бас тарттық. Әрине, оған үйінде жайлы болар еді ғой, бірақ оны тап ертең тағы бір жаққа жібереді, ал мұны өлгенмен тең дей беріңіз. Әлдебір қалтарыс жерде, ештеңеден қорықпайтын жаужүрек адамды іздеп табу керек, міне, сонда ғана сыйлы да сияпатты Сюйді құтқарып қалуға болады. Бірақ ондай жер мен адамдар бар ма өзі? Біз тіпті қадірменді Сюйді салда қалдырып, оны қалаға жеткізуді де ойластырдық. Әттең салға мінген қол‐аяғы балғадай адамның өзі де жүдеу тартады, ал мына қадірменді Сюй сияқты сырқат пенде күн-түні желдің өтінде, салдың үстінде жатып өз өліміне килігуі де кәдік. Біз олай дестік, былай дестік, ақыры бір пәтуаға келмей қойдық. Әлеміңіз, міне, далиып жатыр, ал содан қадірменді Сюйге сай шамалы қуыс та табылар емес. 

Сал шаңқай түсте биік ағаштар өскен жағалаудың бойымен жүзіп отырды. Өзен осы тұста құламалы тіке бұрылыс жасайды да, батысқа қарай ойысатын. Кенет Пань Лаоу іркілді де, сал осынау елсіз жерде тоқтады. 

– Мынадай жерге неге тоқтадыңыз? – деп сұрады Ши Гу аң‐таң болған күйде. 

– Біз мұнда қадірменді Сюйді орналастырамыз, – деді Пань Лаоу сенімді түрде. 

– Ал бұл жер қалай аталады? – деп сауал қойды Чжао Лян. 

– Асқабақты тіке бұрылыс деп аталады, – деп жауап қайырды Пань Лаоу. – Осы маңайда балықшы Лао Вэйтоу тұрады. 

– Ол біз кеше көрген Лао Вэйтоу ма? – деп сұрадым мен. 

– Дәл сол, – Пань Лаоу басын изеді. – Мен біздің Сюйді тек соған ғана жасыра тұруға болады деп бағамдадым. Лао Вэйтоу адал да қайырымды адам, әрі ол да қадірменді Сюйді жақсы біледі. Ең бастысы – ол мүлде жалғыз тұрады, айналасында тірі жан жоқ, сондықтан ешбір ит те иіскеп таба алмайды. 

Мұны естігендердің бәрі де келісе кетті. Ши Гу: 

– Ал жақсы, сонда әлгінің үйі қаншалық жерде? – деді. 

– Онша алыс емес, үш‐төрт шақырымдай ғана болар, осы орманның бойымен кішкентай жылға ағады, ал одан Лао Вэйтоудың жаппасы қолжетім жерде тұр. 

– Жақсы, бұталарды шауып, зембіл жасап алайық, – деді Чжао Лян. 

– Өйтпей‐ақ қояйық, қызығы арқалап алған жөн болады, – Пань Лаоу маған қарады: – Дунпин, сен салда бол, ал біз үшеуміз жылжиық. 

Менің мұнда қалғым келмесе де, басымды изедім. Ши Гу қадірменді Сюйді арқалап алды. Пань Лаоу мен Чжао Лян олардың соңынан жан‐жақтарына қарағыштай отырып, көлденең дыбыс шығармауға тырысып, жағалауға шықты да, ну қопаға сіңіп кетті. Сюй Минхуннің бамбуктың діңіне ұқсас ұзын да тырбиған аяқтары олай да былай бұлғақтап, көз алдымда ұзақ уақыт бойы қалып қойды: апыр-ай, көпке шыдар ма екен, байғұс? 

Жағалау жадағай еді, ал екі үлкен ағаштың астында буйволдың сүйектері шашылып жатты, сөйтіп олардың ағараңдаған кейпінен мен қатты абыржып қалдым. Мына буйвол ұзақты тірлігі бойына осы маңайда ауыр еңбектен әбден қажыды ғой. Ол қай жылы, қай айда суға малтығып, жүзіп шығуға тырбанып жатып, ақыры суға батып кетті ме екен? Сонда адамдар оны іздеп шақырды ма екен? Оның азапты тағдырына маңайдағы пенделер мұңайды ма екен?.. Жағалаудан Пань Лаоу мен оның серіктестерінен әлгінде ғана қалған іздерінен басқа ештеңе де байқалмайды. Мен осы сәтте Сюй Минхун жайлы тағы да ойға баттым, өзеннің ана жағалауында шашылып жатқан сүйектер сонікі сияқты болып елестеп кетті… Кенет мені қорқыныш билеп алды. Мен дабыстай жөтелдім, ал маған жауап ретінде әлдебір бейтаныс адам салған жаңғырық естілді. Енді ән салайын деп едім, дыбысым таза шықпай қалды. Содан мен кәбеңкеге кіріп, тамақтың қалғанын жеуге кірістім, бірақ өзімді аш сезінсем де, күріш дәмі жоқ, татуы жоқ құм тәрізді көрінді. Мен шәшкені аулақ қойдым да, кәбеңкеден шығып, салдың бойымен ерсең‐қарсаң жүргіштедім, жүрегім қысыла берді… 

Кенет жағалаудың ішінен әлдебір қозғалысты аңғарып қалдым, көз тіге қарасам, қоян екен. Ол қызғылт еріндерін қозғалақтатып, шөптің жапырақтарын жеп бітуге айналды. Шөпті мүжгілеп болып,тап бір ештеңе болмағандай маған қарады. Өзі әдемі‐ақ, оның күл түстес жүні күн көзінде жарқылдап тұрды. Ұзын құлақтары таудағы қыздардың байлауыштарындай басының бүйір жақтарынан мен мұндалайды. Ұсақ хрустальға ұқсас қызғылт көздері еш қорқынышсыз маған тура қарап тұрды – сен кімсің деп сұрап тұрғандай. Сен мұнда неге келдің? Жаның жай таппай тұрған сияқты ма? Кел мұнда, ойнайық… Мен баяу да көңілді күй кештім – одан тура сондай сөздерді естігендей болдым. Мен жағалауға түстім де, оған жақындадым. Ол қиыстай секіріп түсті де, оншақты қадамдай жерге жүгіріп барып, тағы шоқиып отырды, әрі маған және көз тастады. Ол сөйте‐сөйте мені орманның ну жеріне қарай жетеледі. Ал орманыңыз мұнша қою болар ма? Ағаштардың қошқыл‐қызыл жылтыр діңдері бір‐бірлеріне жабысып тұрды да, ал олардың бұтақтары мен жапырақтары төбемнен төніп, тура жасыл шатырдай аспанды таза жауып тастады. Ағаштардың арасында толып жатқан көбелектер пыр‐пыр етіп ұшып жүрді. Қадам басқан сайын менің айналамда масалар мен шыбын‐шіркейлер үйір‐үйір болып дүрілдей көтеріліп жатты. Мен тіпті өлім патшалығына кіремін ғой деп ойлап едім, ал мұндағы тіршілік бұлақтай бұлқынып тұрды! Жерде шіріген жемістердің қалың қабаты жатты, ал ауада тым тәтті иіс қыдырыстап жүрді. Мына ауа мені масаң етті, ал қоян көз алдымда жоқ болып кетсе де, мен ілгері жүре бердім. Әлгілер ұшқан жерден титтей ғана сұрғылт жұмыртқа тауып алдым да, оны еппен қалтама салып алдым. Енді белмді жазсам, алдымнан кенет саңылау пайда болды, одан шамалы жүріп едім, жұпыны жаппа тұрған ауқымы азғантай ғана алаңқайға шықтым. Ойда жоқтағы мына «табысым» өзімді өте аң‐таң етті: мынадай жабайы да ну орманда кім тұрады екен, ә? Мен жан‐жағыма қарағыштап, шетекері тұрып қалдым – ешкім де көрінбейді; сонсоң тартыншақтап жаппаға қарай қозғалдым да, кенет мосқал еркектің жылағанын айқын аңғардым. 

Жылағаны үздіксіз де өте шерлі еді. Бұлай тек қайғының азабы мен қасіретін молынан тартқан адам ғана жылайтын шығар, сірә. Мен жаппаны айналып өттім де, маған арқасын беріп, жүрелеп отырған күйінде, басын қолдарымен сығымдап алып еңіреген қарияны көрдім, оның үшкір шынтақтары дірілдеп тұрды. Ол жылағанын тоқтатты – менің қадамдарымның дыбысын естіді ме, әлде көлеңкемді байқап қалды ма? Сонсоң орнынан жіті атып тұрды да, жас буған жанарымен маған тесіле қарады. 

– Сен қай жақтан келіп қалдың? 

Мен қарияны ағарған шаштарынан және ақсиған тістерінен бірден таныдым. Ол бізге кеше кездескен Лао Вэйтоу дейтін балықшы еді. 

– Қадірменді Вэйда! – деп айғай салдым мен. 

Қария мені көздерімен шолып өтті. 

– Сен… 

– Мен… Сіз кеше салдағы Пань Лаоуға балық саттыңыз ғой… 

– А‐а… Студент. – Қария да мені таныды, жеңілденгендей боп бір күрсінді де, толқып кетіп және қосты: Иә, балық, балық… енді ілгеріде балық болмайды. – Осылай деді де, ол тағы көңілі босап, пәс болып қалды. 

– Қадірменді Вэйда, сізге не болған?

– Жанымның түкпірінде мазам болмай тұр. Мына қара. – Ол жерде жатқан төрт көкқұтанды көрсетті: мойындары кесілген, қауырсындары қанға малынған. 

– Мұны істеген кім? – дедім мен зәрем ұшып кетіп. 

– Кім істеген… құтырған төбеттердің шаруасы… Оу, заңғардағы Құдайлар‐ау, мен айдаладағы жалғыз шалмын, бар жазығым – балық аулаймын, сонда мен қай заңды бұзыппын? Балықты елдің бәрі жақсы көреді, анау аудандық хатшы Ли Цзячэнь де бар іштерінде… Бірақ мына кейінгі екі жыл ішінде таза тіршілік бермей қойды, балық аулағанды тура қарақшылыққа теңейді, елдің бәрінен бой тасалап осы жерді тауып едім – бұдан жылан да жылжып кете алмайды. Балық бар, бірақ оны сатуға болмайды, тек қолдан келері – кептіру ғана… Бригададағы қызметкерлер маған жөн емес шаруамен айналысып жүрсің дегенді айтады, бәрін қойып, жер қазғаның дұрыс деседі. Мен өйтуге халім келмейді деймін, ал олар болса, жиналыс атаулыда мені төпейді де жатады. Сонда мен не істеуім керек? Балық ауламасам, қалай күн көрмекпін? Кеше Ли Цзячэнь үлкен митинг ашты: бүкіл аудан бойынша капиталистік құйыршықтарды езгілеп тастау керек: тауық көрсе – басын шауып тастау керек, үйрек көрсе де, басын шауып тастау керек, түбірімен құрту қажет деп ұран тастады. Менің тоспа бауымды сындырып тастады, көкқұтандар мынау!.. Оу, заңғардағы Құдайлар‐ау, мен енді қайтіп күн көрмекпін?.. 

Лао Вэйтоуды тыңдап тұрып, мен еріксіз әкемді ойыма алдым. Мұндай науқан бір кезде біздің Цзиньчжугоуда да өткен, біздің ауладағы бірер тауықты отап тастады да, әкем өзінің «тауық банкісінен» табан астында айырылып қалды. Енді міне, менің көз алдымда өз әкем еңіреп отырғандай көрінді… 

Лао Вэйтоу көзінің жасын бұлап жүріп, кішкене шұңқыр қазды да, оған көкқұтандарды көмді, шамалы төбешік жасап, тастармен қоршап қойды. Бұл шаруасын тындырды да, ол маған сауал қоюға шамасы енді келді: 

– Ал, сен мұнда қайдан келдің? 

– Біз осы маңайға, жағалауға тоқтағанбыз. 

– Ал Пань Лаоу мен өзгелері қайда? 

– Ай! – деп айғайлап қалдым мен, Пань Лаоу мен оның серіктестерінің қадірменді Сюйді Лао Вэйтоуға алып кеткенін есіме түсіре қойдым да, жылдамдатып қосып жібердім: – Олар жағалауға түскен, сізді іздеп кеткен! 

– Мені? Неге? 

– Олардың ішінде қатты науқас адам бар, сізге оған көз қырыңызды сала тұрсаңыз деп сұрағылары келген. 

– Ол қатты науқас адам кім? 

– Қадірменді Сюй ғой, оны тағы «аудандық председатель Сюй» деп те атайтын. 

– Сюй Минхун бе? 

– Иә, оны осылай атайды. 

– Оған не болған? 

– Ол өлім халінде жатыр, Пань Лаоу оны ажалдан құтқарғысы келеді… 

– Сен мұны маған бұған дейін неге айтпадың?.. Оны құтқару керек! 

Лао Вэйтоу сергіп кетті, бір сәтте оның кейпіндегі қасірет әлдеқайда ұшып кеткендей болды. Оның орнына батылдық пен шешімділік орнықты. Ол жылдам киінді де, маған бір ауыз сөз айтпастан жаппадағы ошақта су құйған кәтөлекті қалдырды, өзі асығыс кетіп қалды, ондағы қайнаған судан әлгінің қақпағы тарсылдап тұрды. 

…Мен өз жолдастарымды әрең дегенде тосып алдым. Пань Лаоу мен оның серіктестері салға оралды. Олардың бәрі де терлеп‐тепшіп, берекелері әбден кетіп еді. Чжао Лян байлауды ағытты да, жағалаудан сырғауылдың көмегімен бері итерілді, сөйтіп сал ағынның бойымен баяу шайқалып жүзе бастады. Елдің бәрі тым‐тырыс отырды. Енді, қадірменді Сюй арамызда жоқ болған соң, әркім өз ойына берілді, біздің бірлігіміз бен тығыз топтасқандығымыз әлдеқайда жоғалып кетті. Салда тура қорасан сырқаты бөліп тастағандай зілмауыр да қорқынышты үнсіздік иығымыздан тұқыртты. Біздің көз алдымызда бұрынғыша зыр айналған дөңгелектер ойнап тұрды. Мен жиналғандарға орманда Лао Вэйтоуды қалай жолықтырғанымды айттым, оның көкқұтандарды жерлегендегі жылағанын да жасырған жоқпын, сөйтсем, мұндай әңгімелеріммен иықтан басқан тыныштықты бұзармын деп жүрсем, әркімнің жанының одан сайын ауырсынатынын топшыламаппын. Чжао Лян үздіксіз күрсіне берді, Ши Гу иегін уқалаумен болды, Пань Лаоу болса, трубкасын салдың жиегіне тарсылдата қаққылады. 

– Тарсылдатпа! – деді дегбірі кеткен Ши Гу. 

Пань Лаоу әдейі істегендей, одан сайын қаттырақ тоқылдатты. 

Ши Гу оған адырая қарады. 

– Дунпин, – деді маған Чжао Лян, – жүр, тамақ ішейік. 

Мен оның нені қажетсініп тұрғанын сезе қалдым да, ыңғайына жығылып, сұрай қойдым: 

– Ағатай, онда асқабақ жейік, жарай ма? 

Чжао Лян кәбеңкеге шамалыға кіріп кетті, сонсоң қайыра шықты да: 

– Ши Гу, ал менің сіріңкем қайда? – деп сұрады. 

Ши Гу алақанымен қалтасын қағып қалды: 

– Қап, шайтан алғыр, Лао Вэйтоуға беремін деп ұмытып кетіппін. 

– Ал бұл күнде сіріңкеңіз алтынмен пара‐пар, оны еш жерден сатып та ала алмайсың. 

– Кінәлімін, Чжао ағатай. – Ши Гу жағдайдың қиындай бастағанын аңғарды да, барынша жұмсақ сөйлеуге тырысты. 

– Ернінің үстінде қылтанақ жоқ – үлкен шаруаға бойлай қоймайды, – дегенді соза тартып, Пань Лаоу сіріңкенің қорапшасын суырып алды да, Чжао Лянге берді. – Енді сіріңке жоғалтқан адамды тамақты шикі жеуге көндіретін боламыз. 

Ол айтарын айтып үлгерген жоқ, Ши Гу атып тұрды да, Чжао Ляндегі қорапшаны жұлып алып, қолын сермеп кеп қалды: 

– Сен қазір менен ыстық тамақ іше қоясың, атаңның басы! 

Сөйтті де, сіріңке ауқымды доға жасап барып, өзенге бүлк ете қалды. 

Пань Лаоу лап ете қалды да, Ши Гуді кеудесінен қатты періп кеп жіберді. Анау шайқақтап кетті, бірақ құлаған жоқ, тек ыза буған кейіппен жұдырықтарын тас түйін жұмып алып, Пань Лаоуға ежірейе қарады. Оның Пань Лаоудың тас‐талқанын шығаруға деген сенімін ешқандай көлденең күштің жоя алмайтындығы айқын көрінді. 

Менің зәрем ұшып кетіп, Чжао Ляннің қолына жармастым, ал ол Ши Гуді сабырға шақырып: 

– Ши Гу, Ши Гу… – деумен болды, бірақ бұл да оған жақындай алған жоқ. 

Ши Гу қос қолын ілгері тастап, мұны тосып тұрған Пань Лаоуға жақындап келді. Бітті, шаруа төбелессіз тоқтамайтын болды. Бірақ осы сәтте Ши Гу денесін нажағай осып өткендей босаңсып қалды да, жанарын Пань Лаоудан жоғары, әлдеқайда жағаға қарай қадады. 

– Гайгай! – деп жан түршіктірер айғайға басты. 

Пань Лаоу да қарсыласы жайлы ұмытып кетті де, оның жанарына ілесіп, жағалауға қарағыштай берді. Біп‐биік жасыл жағалауда қызыл кеудеше киген қыз тұрды, ал оның соңынан еш жиексіз аспан жайылып жатқандай әсер берді. Әлгі қыз мүлдем жалғыз әлдебір әдемі гүлге ұқсап кетті. 

Сол ащы айғайымен Ши Гу суға қойып кетті де, жағалауға қарай жүзе жөнелді. 

– Ши Гу! – қызыл кеудеше киген қыз да төмен қарай жүгірді, – қап‐қара шашы қаратағанның қанатындай желбіреп келеді. 

– Бұл кім? – деп сұрады Пань Лаоу. 

– Ол Гайгай ғой, Ши Гудің сүйіктісі ғой, әттең тірлік оларды айырып жіберген. 

Сөйткен ғашықтар жалаңаш жағалауда қайтадан кездесті. Қыз Ши Гудің кеудесіне басын қойып, жылап жіберді, тіпті жігітінің малмандай болған киімін елең етер емес. 

– Қане, жағаға қарай икемдел, оларды салға алайық! – деп Пань Лаоу дауыстап қалды. 

– Бұл… онша жақсы дүние болмады… – Чжао Лян жанарын төмен салды. – Ана қыздың күйеуі бар ғой. 

– Ол тұрмысқа өз еркімен шықпаған, ендеше бұл жағдай есепке жатпайды! – Пань Лаоу қатты қайырып тастады. – Ол – таза келіншек, Ши Гу оны сүйеді, ал біз олардың бас қосуына көмектесуге міндеттіміз. 

– Кейін күйеуі біздің сыбағамызды беріп жүрмесе… 

– Неменеге бұлтақтап тұрсың? – Пань Лаоу Чжао Ляннің қолындағы жүргізгішті жұлып алды да, оған күшін сала, бар денесімен жауып еңкейді, сал тұрған жерінде, орнында шыр айналды, тіпті бөренелер сықырлап кетті. 

Салшылар жағалауға тым жақындап дерліктей тақап келді де, Ши Гу сүйген қызын салға мінгізді. Ғашықтар салға орныққан кезде, жағалауда бірнеше кісі пайда болды, екеуінің арқасында винтовкалары делбеңдейді. 

– Біреулер келе жатыр, тезірек жасырыныңдар. – Чжао Лян Гайгайды асығыс кәбеңкеге алып кетті. 

Осы сәтте Пань Лаоу басқарған сал ағынға ілікті де, жағалаудың бойымен баяу жылжи берді. 

– Әй, салдағылар, сендер бұл маңайдан кісі көрген жоқсыңдар ма? 

– Қандай кісіні? 

– Қызды. 

– Қызыл кеудеше киген бе? 

– Иә. 

Пань Лаоу рөлге күш салды да, салды өзеннің ортасына ыңғайлап, сонсоң қолымен арт жақты нұсқап, қатты дауыстады: 

– Ол жоғарыға қарай әрі кетті. 

Сал жағалаудан тезірек алыстай берді, көп ұзамай қуғыншылардың сүлбелері төніп келе жатқан ымырт қоюлығына сіңді. 

– Бәрі бабында, – Пань Лаоу ырзашылықпен жымиып, сөйтті де: – қызым, бері шық, шамалы ауа жұт, – деп шақырды. 

Гайгай кәбеңкеден шықты да, Чжао Лянге сәлемдесті, сонсоң әдемі жанарын бейтаныс Пань Лаоуге көтерді. 

– Бұл Пань ағатай, – деп таныстырды оны Ши Гу. 

– Пань ағатай, сізге рахмет, – деді Гайгай нәзік дауыспен. 

– Рахмет дерлік ештеңесі де жоқ… Сөйту қажет болды, қажет! – 

Пань Лаоу әлдебір қулықпен Ши Гуге көз тастап еді, анау сақылдап күліп жіберді. 

Олардың әлгіндегі ғана жанжалы сейілген тұман құсап сала берді… 

Пань Лаоу Гайгайдан оның жағалауға қалай келгенін, оған біздің келгенімізді кімнің хабарлағанын сұрағыштай бастады, сонсоң әзіл де тастады: 

– Шамасы саған телефон шалған шығар? 

– Қайдан өйтсін, – деп күліп жіберді Гайгай, сөйтті де, шаштарын кейін сілкіп тастап, әңгімесін асықпай ағыта бастады. 

Оның айтуынша, Гайгай бұл маңайға келгелі бері жағалауда күн сайын қызыл кеудеше киіп тұратын болған. Мұнысы екі айға созылыпты. Оның қасынан қаншама салдар ағып өткен, бірақ іздеген адамы кездеспей қойған… Деревняластары оны есінен ауысқан деп шешіпті. Иә, оның жүрегі ойран‐асыр болған, ондайда ақылыңнан адаспағанда қайтесің… Ал оны апарып берген еркек Гайгайды үйге қамап қойған, тамағын терезеден беріп отырған. Қыз өлімді тілеген, бірақ алдымен Ши Гуді бір көрмей, өйтуге де қаймыққан. Бүгін таңертең әпкесі Ван Гуйчжи терезеден сыбырлап қана таң алдында Асқабақ тіке бұрылысында сал ағызушыларды кездестіргенін, олардың ішінен өзін Гайгайдың ағасы едім деген Ши Гу атты жас жігітті көргенін айтады… 

– Мен лә дегенім жоқ, әпкем Ванның кетуін тостым да, тездетіп терезеден шықтым… – Осы тұста Гайгай Ши Гудің қолдарын бас салды, оның көздерінен жастары бұлаулап қоя берді. 

Оның бетінде тыртығы қарайып тұрды, жалаң аяқтарындағы қаны ағып тұрған, терісі сыдырылған жерлері өз алдына. 

– Гайгай, сен азапты тартып бақтың, шаршадың, – деді Пань Лаоу жаны ашыған сезіммен – демал. Бүгін біздің салымыз – сенің үйің іспеттес. Жүрегіңдегінің бәрін де жайып сал, Ши Гумен әбден сырлас. Чжао Лян олардың соңынан ерді де, кіреберіске кездеменің бір бөлігін – ойдан жасалған пердені қыстырды. 

Күн біздің арқа жағымыздан ұясына батып кетті. Сол жақ жағалауда әлдебір жасырын жағдаятты бойына бүккен әрқилы биіктіктегі қараңғы төбешіктер созылып жатты. Оң жақтағы жағалаудың үстіндегі аспан қызғылт бояумен жарқырап, бүкіл жазық жер отқа оранғандай әсер береді, ал айдың жарығы – сол оттың ұшқындары іспеттес. Әлі өзеннің ұзына бойын аңғаруға болатын сияқты, ал өзіне шақырып тұрған көкшіл бояу ендігі өз орнын айналаны жарып өткен алтын түстес жарыққа ұсынғандай. Осынау жарықтан әлдебір күмбез тігіліп шығып, оның астындағы өзеннің пейзажы жұмсара түскендей. 

Сал кешкі іңірдің қойнында баяу жүзіп келе жатты, су сәл ғана бүлкілдейді, кешкі мейірімді жел өбектей соғып тұрды. Пань Лаоу салды үнсіз бағыттап басқарып тұрды, оның дидарынан мейірімділік пен махаббат нұры төгіліп тұрды. Чжао Лян кең қарағай тақтайға бүктетіліп жатты да, дем арасында ұйқтап кетті. Ал, мен болсам, тіземді құшақтаған күйі жан‐жағыма қарағыштаумен болдым, басымдағы сан ой төңкеріліп жатты, бірақ мен нақты ештеңені пайымдай алмадым. 

Кәбеңкеден Ши Гу мен Гайгайдың дауыстары жетіп тұрды, олар сірә, шамалы естілердей ғана сөйлесіп отырмыз деп ойласа керек, бірақ олардың әрбір сөзі тыныш түнде мүлде айқын естіліп жатты. 

Шілденің мынадай жып‐жылы түнінде өзен қос ғашықты өзінің қамқоршыл бауырына басқандығы сондай, оларды тебіренте тербеткені соншалықты, күллі қиыншылықтар мен алаңдаушылықтар таза ұмыт болғандай еді. Өзен қалғып бара жатып үнсіз қалып еді, бірақ жағалаудағы ағаштар мен бұталар өз тірлігімен ғұмыр кешіп жатты – әлдебір тобырдың ебіл‐дебіл сөйлегенін еске түсірерліктей: онда бәрі де күмілжіген гуілге құйылады ғой, ел әбігерсізденіп жеке‐жеке дыбыс шығарады. Ойда жоқта тыныштықты нәрестенің жылағаны жарып өтті, одан әлдебір нақұрыстың сақ‐сақ күлгені естілді – содан мен түнгі мысықтардың айғайлап жатқанын түсіндім. 

Ши Гу мен Гайгай сыбыр‐күбірге көшті: 

– Мен сені ақырына дейін тосып бақтым, не істерімді білмей дағдардым, бірақ ата‐анамның менің кесірімнен запа шегуіне жол бере алмаймын ғой. 

– Мен түсінемін, әрі саған ренжімеймін де, бірақ мені ана оңбағандарға деген ыза буып тастағандай… Гайгай, соған барып айтайықшы бәрін де! 

– Кімге нені айтасың? Олардың ешқайсысы да қылмыс жасаған жоқ. Тек түсініксізі – маған хабарландыру хат жазғаны қайсысы екен, ә? 

– Онда мен оны өлтіремін! 

– Кімді? 

– Сенің… күйеуіңді! 

– Жоқ, ешқашанда өйтуге болмайды… Оның тіпті мың өмірі сенің жалғыз болмысыңа татымайды. 

Ай мен жұлдыздар әлі туа қоймаған кез еді, бірақ түнде жағалаулар айқын көрініп тұрды. Тек бояулары мен пішіндерін айырып тану қиындыққа соққандай. Қызыл түс – қараға, жасыл түс сұрғылтқа айналғандай, өзендегі суды тура шылқыған майдың өзі дерсің. Сал өте баяу жылжып келеді. Ал жолай әлдебір қызықты бітімдер ұшырасып отырды: сегіз қырлы үйшік, екі басы бар буйвол, қолына шатыр ұстаған әйел дейсің бе… Ал мынауысы не пәле? – дәп‐дәу, өзі қап‐қара, сабалақ жүнді, қолына найза ұстаған. Міне, саған қарай атылайын деп тұр! Әрине, зәрең кетеді, бірақ мінген салың әлгі «пәлеге» жақындап келгенде, оның жеке тұрған жартас екенін аңдайсың, тек төсінде сымға тартқандай кеуіп қалған ағаштың тұрғанын көресің. Иә, түннің ауқымында сұлба‐нобайлар дәйім өзгеріп сала береді, заттар болса, тұрқын танымастай өзгертеді. Бар ғалам төңкеріліп түскендей, ал егер оның шынайылығына сенетіндей болсаң – өзіңе бір пәлені шақырып тұрғандай боласың. Кәбеңкеден дауыстар жетіп тұрды: 

– Мен мұндайды көтере алмаймын, бұдан соң маған өмірдің керегі не? 

– Жоқ, жоқ! Егер алдыңда тау тұрса, оған міндетті түрде ағаштар өседі, ал ағын әлдеқайда жұлқынып бара жатса, оның айдынында даусыз қайық жүзетін болады! Ал егер екеуміз тірі жүрсек, бір тамаша күні міндетті түрде дегенімізге қайтсек те жетеміз… Бауырым Ши Гу, біздің бала кезімізде тауға қой бүлдірген іздеп барғанымыз есіңде ме? 

– Есімде ғой. 

– Біз сонда қайсымыз ең үлкен әрі тәтті жидекті тауып аламыз деп бәс тігісіп қалдық, содан біріміз – оң жаққа, екіншіміз сол жаққа – бөлек‐бөлек кеттік. 

– Ой, менің сондағы шаршағаным‐ай, тіпті жидек іздеуге де шамам келмей қалды. Бірақ сен ойыма түстің – мен саған ең үлкен әрі өте дәмді жеміс әкеп беремін деп уәде бердім ғой – сонда да ілгері жүре бердім. 

– Мен де сөйткем. 

– Сонсоң біз әбден піскен қойбүлдірген тұнып тұрған алаңқайға шықтық… 

– Мен – сенің, сен – менің жидектерімізді жей бастадық… 

– Иә, мен сен жайлы ойға батсам болды, ал сен мен жайлы ойласаң, біздің ең қиын жолмен жүруге күш табатынымызға, сирек жидектердің де қолға түсетініне тәнті болатынмын… 

Жарты ай туды, төбешіктер, ағаштар, жағалаудағы жапырақ атаулы күміске малынып жүре берді. Айдың жарығынан бар тіршілік сиқырлы ғажайыпқа айналды, дыбыс атаулының баршасы кілт тұна қалысты. Табиғатыңыз бірер сәтке жұлдыздары шашыраған аспан шатырының астында қозғалмай қалды. 

– Ал, саған берем деген жүзікті, білезікті және кеудешені мен әлі күнге өзіммен бірге ұстап жүрмін… 

– Солай ма? Қане, көрейінші… Туһ, қандай әсем! 

– Мә, киіп ал! 

– Жоқ, өзіңде бола берсін. 

– Гайгай… 

… 

Көзге көрінбейтін шиландар ай сәулесінің оларға кесірі тимейтінін түсіне қойды да, көп ұзамай бұрынғыдан әрман шырылға басты. Ұшы‐қиыры жоқ аспан тап‐таза, әп‐әдемі еді, ара‐арасында одан бір жұлдыз үнсіз ағып түсіп, соңынан айқын із қалдырып жатты. Жалғыз, дегбірі кеткен бір ірі құс өзен бойын шарлап жүрді. Еркіңнен тыс аспан айдынының алып күшін өзіңе жиып, ай сәулесінің астында, шиландардың шырылы мен құстың түнгі ұшысының жетегінде жүре бергің келеді… Қол жетпестей болашаққа қарай… 

Мен ендігі сонда көргенім, естігенім мен сезінгенімнің баршасын өңімде көрдім бе, армандап тұрмын ба, тіпті аңғармай да қалып едім. Мен көздерімді бақырайта аштым да, көкжиектен жарықтың бозамық қана сәулесін аңғардым. Жағалаулар бұрынғыша қараңғылық қойнауына батқан, бірақ өзендегі ағын су алыстағы таң шапағының әппақ дақтарын әкеле жатқандай көрінді. Менің шаштарым шықтан дымқылданып кетті, салқындық жетті, мен амалсыз қолдарымды төсіме қойып, бүрістім де қалдым. 

Пань Лаоу жағын жырта есінеді, еңкейді, жылан тәрізді жиырылды. 

Чжао Лян оянып, көздерін сүртті де, ренішпен: 

– Лаоу, сен түн бойына кірпік қаққан жоқсың, мені неге оятпадың? – деді. 

– Дабдырлама, дабдырлама. – Пань Лаоу саусағын еріндеріне жапсырды да, кәбеңке жаққа көз тастады. – Олар мейлінше бірге болсын. 

Бірақ осы сәтте Ши Гу мен Гайгай кәбеңкеден шықты да, үнсіз ғана қатар тұра қалды. 

– Пань ағатай, мен жағалауға түсейін, – деді Гайгай шамалыдан кейін. 

– Жақсы, мен салды іркейін. 

– Рахмет сізге… – Гайгай бізге қарап баппен басын иді. Ол тағы да бірдеңе айтқысы келіп еді, бірақ өйте алмады. 

– Кінәлі – бізбіз, – деп жауап қайырды Пань Лаоу жүні жығылып, – сіріңке жоқ, шам да жоқ, сендерге шай да ұсына алмадық. 

– Біз сіздің… ешқашан ұмытпаймыз… 

Сал жағалауға тоқтады. Гайгай секіріп түсті де, бері қарады, баршамызға ұзақ қарады, сонсоң Ши Гумен көз қарасы арқылы қоштасты. Ол сабырлы қалыпта тұра берді, оған салқынқандылық қайта оралды. Қыз өзінің жанарымен қоштасқанда оның бар махаббаты, сенімі және кезі келсе қатаңдығы менмұндалап тұрды. 

Сонсоң ол нық күйде жалт бұрылды да, адымдап кете барды. Артына айналып қараған жоқ, тек оның қызыл кеудешесі биіктен жалт еткені байқалып қалды. Гайгай жотада сәл тұрды да, сонсоң төменге түсіп, көзден таса болды. 

– Гайгай! – деп шақырды Ши Гу, ұйқыдан тура енді оянып кеткендей күйде… 


V


Біз ұзақты таңға сіріңкеміз жоқтықтан тамақ пісіре алмай қойдық, бәріміз де ашқұрсақ отырдық. Пань Лаоу өзінің трубкасын тарта алмады, содан дегбірі әбден кетті, таң атқалы бері салдың шетіне отырып алды да, суға түкірумен болды. Ол ақыры өзін‐өзі ұстай алмай, Ши Гуге оның кесірінен екі қорап сіріңкеден айырылып қалғанымызды ескертті. Жай уақытта Ши Гу бірден едірең ете қалар еді, бірақ ол қазір әлденені бүлдіріп қойған сәбидей тып‐тыныш қана отырды. Ши Гудің келбетінде тек қана қысылған, болғанға мойын ұсынған жымиыс пайда болды. Мен енді ғана аңғардым: сүйіктілер кездескенде, олардың өзара махаббатының жылуы бір түннің ішінде әлгілерді мүлде басқа адам етіп жібереді екен. Ши Гуде бұрынғы зілдің ізі де қалған жоқ. Шынымды айтсам, мен одан ә дегенде қорқып та қалған едім, бірақ оның негізі жұмсақ та, мейірімді екенін енді байқадым. 

Жағалаудан күлдің үлкен үйіндісі көрініп тұрды, үстінде желсіз ауада ақшыл түтін қозғалмайтын баған сияқты қақиып қалыпты. Ши Гу қуанып кетті: 

– Пань ағатай, міне, сізге темекі тұтататын алау! – Ол жылдам шешінді де, суға қойып кетті. 

– Ей, сен қайда кеттің? – деп айғайлап қалды Чжао Лян. 

– Алау әкелемін! – Ши Гу түтіндеп жатқан үйіндіні нұсқады. 

– Ха, мынаны мен де ойламаппын! – Пань Лаоу күліп жіберді де, мүштігін темекімен нығыздап тосып отырды. 

Ши Гу жағалаудан бір шоғыр сабанды тұтатып алды да, су бетінен жоғары ұстап, жүзіп келді, сөйтті де, тырбанып салға шықты. Пань Лаоу одан отты қабыл алып, алдымен дереу ошақты тұтатты. Ол ырза болған кейіпте кеңк етті де, татулық сезіммен Ши Гуді арқасынан қағып‐қағып қойды. 

– Сен бар ғой, мені тап өлімнен құтқарғандай болдың. 

Чжао Лян алауды күшейтті де, бірден тамақ істеуге кірісті. Пань Лаоу көмекке барды да, қолда барды шығаруға шақырды. Ши Гу бұл идеяға бірден қосылды, әрине, мен де сөйттім, Чжао Лян ғана сәл бүгежектеп, содан жалпы көңілді күйдің шырқын бұзбайын деп, ортақ дастарханға үйректің екі жұмыртқасын ұсынды. 

Ас дайын болып, барша жұрт жағдайласып отырған соң, Пань Лаоу әрқайсымызға шарап құйды да, шәшкесін көтеріп, былай деді: 

– Ал, келіңіздер, қадірменді Сюйдің аман қалуы үшін, Гайгай мен Ши Гудің жолығысқандары үшін алайық, ғашықтардың желкенін әманда жел кернесін, ағын су да дәйім ілгері алып жүрсін деп тілейік… кеттік, қане! 

Бұл жолы бәріміз де көңілді күйде тағам жедік. Тек отырыстың аяғына қарай іліп‐шалғанды жақсы көретін Пань Лаоу сарымсақ салмаған асқабақтың дәмі онша болмайтынын тілге тиек етсе, Чжао Лян Ши Гуді шәшкеңе сояның тұздығын көп құясың, қымбат дәмді рәсуә етесің деп кінәлады. 

Дәмнен кейін шай қайнаттық. Әңгіме үстінде бәріміз Шуанхэцзеге жүзіп жеткен соң, жағаға шығамыз да, әркім өзіне керегін сатып аламыз, егер сол күні кино көрсетіп жатса, бәріміз де сонда барамыз деп шештік. Әсіресе Чжао Лян қатты толқып кетті, өйткені Шуанхэцзеде оның туысқан әйелі тұратын, ол тігін артелінде істейтін. Ол әйелдің қолында мұның төртке енді толған ең кішкентай қызы бар‐тын. Ши Гудің де Шуанхэцзеде туысқаны тұратын, ол да қонып шығуға соған бармақ болған. 

– Сен жағалауға жата саласың ба? – деп сұрады Чжао Лян Пань Лаоудан. 

– Менің мұнда ешкімім жоқ, – деп жауап қайырды Пань Лаоу. 

– Ашына қыз‐келіншектерің болушы еді ғой! – деп лекіте күліп жіберді Ши Гу. – У Айхуа, мәселен. 

– Өй, есек! Өткенді несіне қотарасың… – Пань Лаоу басын шайқады да, жеңіл ғана күрсінді. 

Күн шаңқай түске ауғанда өзеннің оң жақ қабағында төбе пайда болды, ал оның биігінде еңселі пагода тұрды. Чжао Лян енді Шуанхэцзе көрінеді деп түсіндіріп жатты. Мен кішкентай кезімнен Шуанхэцзенің бұрындары уездік қала болғанын, бұл күнде аудан орталығына айналғанын естігем. Бұл – әжептәуір үлкен қала. Ондағы үйлер онша көп емес‐тін, бір‐бірімен айқыш‐ұйқыш айқасқан екі ұзын көшесі бар болатын; көшелері өте кең, олармен қатар‐қатар он адам немесе екі мәшине жүре алатын. Сол көшелердің бірінде үш қабатты әмбебап магазин тұр, онда жаныңа не керектің бәрі, тіпті теңіздің арғы жағындық жылқылар да тұр (бізде велосипедтерді осылай атайды). Мен бала шағымнан Шуанхэцзеде болуды армандаушы едім, бірақ ол арманым орындалмай қойған – өйткені тым алас еді: даланың жолымен – жүз сегіз, ал өзеннің ирелеңімен тура екі жүз шақырым жерде жататын. Енді міне, бүгін сол қалаға ат басын тіреп тұрмын. Жүрегім қуаныштан дүрсілдеп қоя берді. 

Көп ұзамай өзен бұрылыс жасады да, біз пагоданы айналып өттік, сөйтіп менің алдымнан жабынқыш шатырлардың қалың орманы шыға келді. Салды жағалауға байладық та, бар жақсымызды киініп, біз жерге түстік. Шамасы, бүгін базар күні емес сияқты, қалада тыныштық тұнып тұрды, ал көшелерде көп адам көрінген жоқ. Қай жерде болмасын қоқыс пен дацзыбаолардың (дәйексөздер плакаты. – Ауд.) жұлықтары шашылып жатты. Саудакештердің дүңгіршектерінің үстінен көшенің аяқталған тұсында дәп‐дәу қызыл плакат керулі тұрды. Дүңгіршектердің бірнешеуінің ғана есіктері ашық. Біз сіріңке алмаққа бірер дүңгіршекке кіріп едік, таба алмадық. Сонсоң кішкентай ғана ләпкедегі бір шал қалада сіріңкенің жоғалғанына жарты жыл болғанын айтты. Уездік қалада орын алған қарулы қақтығыстардың кесірінен сіріңке фабрикасының күл‐талқаны шыққан. Шал оған қоса темір‐терсек бұйымдарын шығаратын артельдердің әрқайсысы бес цзяо тұратын, от шекитін орақтар сатуға кіріскенін айтты. 

– Біреуін сатып алайын, – деді Пань Лаоу. 

Мен мұндай орақтарды сонау бала кезімде көрген едім. Атам сіріңкеге ақшасын қимай, от шығаратын орақтар ұстайтын. Бірақ кейін әлгі орақтар пайдалануға ыңғайсыз деп шешті. Мен сонда оларды ойнауға қолыма жиі алатынмын, бірақ қаншама тырыссам да, бір ұшқын да шығара алмай қойғам. 

Ал Пань Лаоудың икемділігі ғажап екен. Сол қолына қағаз білтешік пен шақпақ тасты ұстап тұрып, оң қолына орақты алды да, тасқа ұрып қалып еді, ұшып шыққан ұшқын білтеге тигені, ал анау барды да, бықсып жана бастады. Сонсоң Пань Лаоу білтені төмен қаратты да, от шамалы күш алсын деп ұстап тұрды, одан жай ғана үрлеп еді, қағаздың үстінен жалынның тілі пайда болды. 

– Сен, бауырым, мәпетсің ғой өзің, – деді қария ырза болып. 

– Мен жапондықтар келгенде отты осылай шығаратынмын. Енді бүгінде онсыз болмайтындайға көзім жеткендей. Шамасы, уақыт дегенің кежегесінен кейін кеткен сыңайлы, – деді Пань Лаоу күрсініп. 

– Аға, бауыр, сен бар ғой, енді ойыңа не келсе, соны бөстірте берме, – деп сатушы он жедел тоқтатты. 

– Мен шындығын айтып тұрмын, – деді Пань Лаоу ашуланып. 

– Сол шындықты да айтуға болмайды, – деді қария. – Мұнда, Шуанхэцзеде, айналаның бәрі саясат, күллі жерде тап күресі жүріп жатыр! 

Пань Лаоу танауын тартқылады да, ештеңе жауап қатпады. Чжао Лян – кішкене құмыра, Ши Гу – қол орамал сатып алды. Магазиннен шықты да, олар өз туыстарына кетті. 

Менің қалада ешкімім жоқ еді, содан маған Пань Лаоудың соңынан ергеннен басқа ештеңе қалмады. Мен театрландырылған көріністі тамшалағым келіп еді, бірақ Пань Лаоу мені тамақ ішуге алып барды. Біз көшемен баяу ғана келе жаттық, Пань Лаоу болса, жан‐жағына ойлана көз тастап келеді. Бір дәріхананың қасынан өте беріп едік, Пань Лаоу оған кірді де, дәрі‐дәрмек қойылған затәйнектерді ұзақ қарастырып тұрды, сонсоң қайыра көшеге шықты. 

– Шамалы женьшень сатып алайын деп едім, – деді ол жай ғана. 

– Женьшень? – мен таңғалдым. 

– Қадірменді Сюй бабына келуі үшін оны женьшеньмен емдеу керек. Өзіне күші оралған соң, ол кез келген сырқатты жеңе алатын болады. 

– Ал ендеше оны неге сатып алмадыңыз? 

– Сонда мен ол женьшеньді кімнен беріп жібермекпін? – Пань Лаоу күрсінді. 

Осы кезде кенет айнала қараңғылана бастады, аспанды қуатты жел қуған қара бұлттар басып кетті. Аспанның барлық оң жағы қарайып, алыстан күннің күркірегені келіп жетті. 

– Қазір найжағай ойнайды, салға оралуымыз қажет. – Мен сенің ойын‐сауықты көре алмағаныңа өкініштімін. 

Бірақ бұлттар қиыстай өтті де, біз қалада қалдық. 

Біз дәмханаға кірдік, ол жерде Пань Лаоу екі шәшке кеспе алды. 

Кенет қайдан шыға келгені белгісіз, бір қайыршы әйел жетіп келді де, сынған шәшкесін Пань Лаоуға ұсынды: 

– Аяңыздаршы,маған да шамалы салыңыздаршы… 

Пань Лаоу дір ете қалды, қайыршы әйелге үңіле қарап, сөнген дауыспен: 

– Сен Айхуасың ба?.. – деді. 

Қайыршы әйел де тесіле қарады. 

– Лаоу… – деп жай ғана дауыстауға шамасы келді, қос тарам жас кір‐кір жағының бойымен сорғалап ағып түсті. 

– Сен мынадай күйге қалай жеткенсің? 

Пань Лаоу оны асығыс отырғызды да, алдына өз шәшкесін қойды. 

– Мә, же, же, сонсоң әңгімелесерміз… 

Кемпір басын изеді де, әп сәтте алдындағының бәрін жеп қойды. Тамақтан оның бет‐жүзі қызараң тартты. Егер пайымдап қарасаң, оның соншалықты кәрі емес екенін аңғаруға болар еді. Бар болса, қырықтан асқан шығар, дөңгелек жүзді, әлі қап‐қара қастары, ұзын да қиыс көздері анау… Жас шағында аса бәденді болғанын бағамдау қиын емес. 

– Күйеуім өлді, балам қайтыс болды, жалғыз торайым, ол да арам қатты. Елдің бәрі сенің тағдырың тым ауыр деседі. Тауға жатсам – ол опырылады. Суға жатсам – ол да ағып кетеді, ағашқа қисайсам – ол да құлайды. Бар жан‐тәніммен социализмге берілемін, ал өндірістік бригадада маған сен берешексің дегенді айтады… Мен аурумын, тамақты қайдан табайын?.. – Оны көз жасы булықтырып, одан әрі ештеңе де айта алмады. 

– Сен маған халіңді айтып, бір жапырақ қағаз жібермедің бе?.. – деді Пань Лаоу. 

– Бұл күнде елдің бәріне қиын, мен бата алмадым… 

Пань Лаоу басын шайқады да, қалтасынан бес юань, бидайдың дәніне деген бірер талонды алып шығып, әйелдің қолына салды. 

– Лаоу, сен сондай мейірбандысың… Мен ендігі кәрімін, баяғы сен білетін Айхуа емеспін… Мынауыңа алғысым еш жетер ме менің… – Оның бет‐ауызын көз жастары айғыздап жатты. Ол үнсіз бұрылды да кете барды. 

Кенет Пань Лаоу: 

– Айхуа! – деп айғайлап қалды. 

– О не? – деп келіншек бері бұрылды. 

– Сен менің бір шаруамды тындырып бересің бе? 

– Айт, қолымнан келсе, көрейін… 

Пань Лаоу орнынан тұрды да, оған еңкейіп, енді сыбырға көшті: 

– Сен біздің бұрынғы аудандық басшымыз Сюйді білесің бе? 

– Сюй Минхунді ме? Білмегенде ше… Жер реформасы кезінде ол бізге Жаңа жылдың қарсаңында келіп кеткен. Оған не болған? 

 – Ол өлім аузында жатыр… Мен саған он бес юань берейін, сен женьшень сатып ал да, соған апарып берші… 

– Қай жерге? 

– Асқабақ тіке бұрылысына, балықшы Лао Вэйтоуға жеткізесің, өзін танушы ма едің? 

– Сен де айтасың‐ау… 

– Сақ бол, бұл жайында ешкім ештеңе білмеуі керек… 

– Түсіндім… 

– Жақсы, олай болса, тап қазір тарт та кет! 

– Ол жағына қам жеме… 

Айхуа ақшаны алды да, дәмханадан жіті басып, шыға жөнелді. Ол әлдебір керемет әсер ететін дәрі ішкендей және өзіне табандылық пен күш‐жігер қайта оралғандай болды. 

Біз көшеге шыққанда, мен шыдай алмай Пань Лаоудан әлгі әйелдің жөнін сұрадым. 

– Ол мен бұрын ұнатқан У Айхуа ғой, ол жайында Ши Гу салдың үстінде айтқан. Мен оған жүзік пен білезік сатып әперіп едім. 

– Ендеше сен оған неге үйленбедің? 

– Неге үйленбедің дейсің бе?.. Онда ол әлдебір байдың қолында қызмет еткен‐ді, әлгі бай мұны қарамағандағы бір қызметшіге атастырды. Айхуа мұнысына көнбей қойды, маған үйлен деп жалынды. Мен әлгі қызметшіні танитынмын, өзі мықты жігіт еді, табысы да тәуір болатын… Мен қызға сол жігітке күйеуге шыққаның жөн болады деп едім, ол жылап жіберді, мені өзіне ыза болғандықтан солай ақыл беріп тұрсың деп кінәлады да. Ал мен оған былай дедім: «Ыза болғаннан емес, саған жағдайлы болсын дегендіктен айтып тұрмын» – сонсоң және қостым: «Ол адал адам, маған қарағанда екі аяғында нық тұр, сен онымен бірге болсаң, жаман болмайсың дегенім ғой…» Олай дестік, былай дестік, ақыры Айхуа менің айтқаныма көнді… Мен шындығында да оған жақсы болсын деп едім, ал былай болады деп ойлаған жоқпын. 

– Ал егер, сіз ендігі сол кезде оған үйленген болсаңыз, оған бұл күнде мынадай жағдай болмас еді ғой. 

– Бәлкім, солай да шығар, кім білсін… – Пань Лаоу ойға шомып кетті: – Ол қыз кезінде тамаша гүл іспеттес болатын… Жер реформасы жүріп жатқан кезде мен оны көріп қалдым: ол күндіз помещиктерге қарсы митингілер ұйымдастырып жүрсе, ал кешке қарай көркемөнерпаздардың ойын‐сауығына араласып кететін, тура көбелектің өзі дерсің. Тіпті «үлкен секіріс» тұсында да көрдім: ол домна пешінің алдында тұрды, бет‐келбеті қызыл жарықпен нұрланған, шашы қысқа ғана қырқылған – деген социализм құрылысшысы!.. Оның осындай көңілді де, жарқын ғұмыр кешкенін көрген мен, қатты қуанып жүрдім… Ал мынадай халге душар болады деп, үш ұйқтасам, ойыма да келмепті… 

Пань Лаоу тоқтай қалды, басын шайқады, қабағы түсіп кетті – тура бұлт жапқан аспан сияқты. 

– Бар, ана ойын‐сауықты көр. 

– Ал сіз ше? 

– Мен бармаймын. 

– Ендеше мен де бармаймын. 

– Сен маған қарама, қыдыр, ойна, жастар көңіл көтеруі керек қой. Бар! – деп қуғаштады. Өзі тізерлеп отыра кетті де, темекісін будақтата тартып, маған енді еш назар аударғанды қойды. 

Мен ойға батқан күйі аяғымды біраз топылдаттым да, көшенің бойымен жүре бердім, қиылысқа жеттім де, бұрылып едім, барабанның жиі соғылған дауысын естідім, сонсоң әлдекім ащы дауыспен айкай салды: 

– Ең басты жөн сілтеушіміз – ұлы көсеміміз председатель Мао былай деп үйретеді: мәдениетсіз армия – надан армия! Революцияшыл жолдастар, революцияшыл көпшілік! Уездік театр труппасы біздің қаламызда ойын‐сауық көрсетеді, бұл – жетекшілеріміздің біз жайындағы ең жоғарғы қамқорлығы! Ойын‐сауық, міне қазір басталады! Жете алмай жатқандар болса, дереу Революция алаңына жиналсын! Бұл – революция жауларымен күрес жайлы пьеса; бұл пьесаны көру керек пе, жоқ әлде көрмеу керек пе – жай ғана сауал емес, бұл революционерлер мен революция жаулары арасындағы су айырығы! 

Айқай мен шудан менің басым таза айналып кетті. Әлдебір адамдар қасымнан жедел басып, өтіп кетіп жатыр, біз ләпкесіне бас сұққан сатушы да жеңімен саулаған терін сыпырып, мені басып озды. Тура бір жерде өрт бұрқ ете қалған сияқты, көп ұзамай көшені ел кернеп кетті. 

Қарсы алдымызда винтовка асынған, жеңдеріне қызыл байлауыш байлаған бірнеше жасақ жауынгерлері кездесті. Алдында келе жатқан, барабан ұстаған қараторы жігіт қолындағысын маған безеді де, қатаң дауыспен: 

 – Сен мұнда неғып жүрсің? – деп сұрады. 

Мен адымымды іріктім: 

– Мен… мен… ана жиналғандарға барайын деп едім… 

– Жүгір ендеше! Әрең сүйретіліп келесің, мұныңның өзі революция жауларына деген оң қарым‐қатынасыңды айғақтап тұр ғой! 

Маған безектеп тұра жүгіргеннен басқа ештеңе де қалмады, бүкіл алаңды халықтың кернеп кеткенін көрдім. Қай жерден жетіп келгені белгісіз жасақшылар алаңды домалата қоршап алды да, тәртіпті байқастап тұрды. Ойын‐сауықты көремін деушілерге мүмкіндік берді де, енді кейін қарай ешкімді шығармай қойды. Менің алға қарай сыналап өтуге батылым жетпеді де, бір бүйірден тұра салдым. Шындығымды айтсам, мен бұрындары театрландырылған көрініс дегенді көрмеп едім, бұл не нәрсе деп байқастағым келген. Бірақ алаңдағы жағдаяттың өзгешелеу екендігін аңғардым да, шамалы абыржып қалдым. Мен мұнда Пань Лаоудың, Чжао Ляннің, Ши Гудің келген‐келмегенін білмеп едім. Мен оларды тауып алғым келді, бірақ орнымнан тұрып жан‐жағыма жалтақтап қарай бастағаным сол еді, жасақтардың бірі маған зекіп қалды: 

– Қане, отыр, мұнда жүруге де, мылжыңдауға да болмайды! 

Музыка тоқтады, биік тұғырға бірі ұзын бойлы, екіншісі – тәштек екі адам шықты. Ұзын бойлысы белін белбеумен буып алыпты, бүйірінде тапаншасы бұлғақтайды. Тәштегі жоғары көтерген қолында дәйексөз жазған кітапшаны биік ұстап тұр. 

Менімен қатар ұзын шашты, ақ көйлек пен көзілдірік киген жігіт отырды, ол Чаншадан келгенін айтты, шамасы ауылға жіберілген интеллигент болуға керек. Ол маған ана ұзын бойлының жергілікті әскери басшы екенін айтты, аты Ли екен, ал тәштегі аудандық хатшы, аты Чэнь көрінеді. Аудандық комитеттегі бар шаруаны тындыратындар – осы екеуі. Ана Ли деп атайтыны жобалылау адам, ал хатшы – деген нағыз қаскөйдің өзі… 

Ли жиналғандарды тыныштыққа шақырып, қолын көтерді. 

– Жолдастар, шулап қажеті жоқ, біз қазір жиналыс өткіземіз, ал жиналыстан соң ойын‐сауық көрсетіледі… Хатшы Чэнь, қане баста… 

Ханшы Чэнь алға шықты да, кітапшаны басынан жоғары көтеріп, бар күшімен шайқақтатты, сонсоң ернімен микрофонға жабысты да, айкай салды: 

– Ең басты жөн сілтеу: ешқашанда таптық күрес жайлы бір сәтке ұмытпаңыздар! Революцияшыл жолдастар! Ойын‐сауық көрерден бұрын былапыт боқтықтардың баршасын сыпырып тастау үшін біз алдымен сынақ жүргіземіз! Біз қазір солардың біреуін еңбекші халыққа көрсетеміз! 

Сонсоң хатшы Чэнь бұйрық берді, екі жасақшы тұғырға бір жас қызды шығарды, өзінің түрі жап‐жақсы, тіпті мұны қалай жасады деп ойларыңды білмейсің. Ол тұғырда пайда болысымен жиналған жұрт гуілдеп кетті, ысқырық та шықты. 

– Шуламаңыздар, шуламаңыздар! – Әскери бастық елді тыныштандырып екі қолын жайды. 

– Мына қыз мүлде ұяттан айырылған, ол кішкентай ғана сайқал түлкінің өзі… – деді хатшы Чэнь. – Бар болғаны он тоғызға енді ғана толған, ал ол қайтпастан реакциялық көзқарастарға барады, партия жасап отырған некеге кеш отыру саясатын ұстанбай қарсы шығып отыр; ал қалай, біз оны сынаймыз ба? 

Айналаны ысқырық көміп кетті, ештеңе де естілер емес. 

– Мойнына тақтайша іліп қою керек! 

Әлдекім қыздың кеудесіне күнібұрын дайындалып қойған қара тақтайшаны іле салды. Онда ақ иероглифтермен: «Некеге кеш отыру жайлы жарлықты бұзушы – Ли Цзуйин» деп жазып қойыпты. 

– Еңкейт басыңды, мойында кінәңді! – Хатшы Чэнь қыздың басын өзі тұқыртып жіберді. 

Сорлы қыз онсыз да үш бүктетіліп қалды, шаштары төмен түсті де, бет‐ауызын жауып кетті. 

– Мыналары не масқара! Жарайды, ертерек үйленуді қылмыс 

дейік, ал мынау не заң бұзғандық? – құлағымның түбінен көзілдірік киген балаң жігіт ашу шақыра сөйледі. – Шамасы ана қортық шайтан алдымен қызға өзі көз тастаған болуы керек, сонсоң онысынан мән шықпаған соң, өш алып жатқан сиқы ғой… Өй, анаңның сирағын ұрайын, әділдік деген бар ма, жоқ па әлде өзі? 

Әлгі қызды сүйрелеп алып кеткен соң, әткеншектегідей жеті‐сегіз адам – еркегі мен әйелі, жасы мен кәрісі бар – сахнаға өтті. Әскери басшы әлі де болса тыныштық сақтауды сұрағанмен, жиналған жұрт оған назар аударғанды доғарды. Шал‐шақпыт темекілерін сорғыштап тұрды, қыз‐келіншектер сатып алған көйлектерін өлшеумен әлек, омырауларымен қоректендіретін әйелдер сәбилеріне төстерін емізе бастады, әлдебір жас жігіттер сигарет сұрап, саусақтарын үнсіз алға ұсынумен болды. Аспанда тілдей де бұлт жоқ, күн онша қыздыра қоймағанмен ауа тарылып, тыныстау қиынға түсті. Сахнадағы көріністен береке кетті, сынау науқаны бітер емес, ойын‐сауықтың ауылы алыс қалған сыңайлы, бірақ ел қапырықтан қатты шаршап қалды. Кенет мен топтың ішінен, алғы жақтан Ши Гуді көріп қалдым, ол да мені байқап, маған қарай өтті. 

– Сен де осындасың ба? – деп сұрадым мен. 

– Е, келуге мәжбүр етті, бір жағына қарай қашып кете алмадым, – деп жауап қатты ол. 

– Ал Пань Лаоу мен Чжао Лянді көрген жоқсың ба? 

– Жоқ, бірақ олар да осында болуы мүмкін. 

Ши Гу қасымнан орын тепті де, қалтасынан бір уыс шемішке алып, алақаныма төкті, жанымызда отырған көзілдірік киген жігітке де берді. Ол шемішкені шағуға кірісті де, ашуға басты: 

– Ана қортық хатшыға қандай тақтайша іліп қою керек екендігін білесіңдер ме? 

– Соны бірден жобалай алмай тұрмын, – деп жауап қайырды Ши Гу. 

– «Бұзақы» деу керек! Ана қараңдар елдің алдына шыққан түрін, шалбарының бір түймесі салынбаған, ұяты қайда?  

Біз Ши Гу екеуміз амалсыздан күліп жібердік. 

Осы сәтте сахнаға әлдебір кемпірді шығарды, ал мен, таңданғаннан Ши Гуді бүйірден түртіп қалдым: 

– Мынау У Айхуа емес пе? 

– Кім дейсің? 

– Ей, сен онымен салдың үстінде сөйлесіп едің ғой – Пань Лаоудың бір кездегі ғашығы; мен оны әлгінде ғана дәмханадан көргенмін. 

– Мен ол жайында Пань Лаоудан естігенмін, ал өзін бірде‐бір рет көрген емеспін. 

– Ол бұл күнде қайыр сұрап кеткен, елдің бергенін талғажау етеді. Бұл сонша не істей қойды екен? 

– Мына кәрі қақбасты У Айхуа деп атайды, жас кезінен аз еңбек етіп, көбірек пайда көргісі келген, партияның саясатына қарсы шығып, қасақана қайыр сұрауға кіріскен. Ал айт қане, сен социализмді әдейі қаралауға неге бардың? 

У Айхуа жауап бермекке талпынып, бірдеңе деді. 

Хатшы Чэнь шоқ басқандай секіріп түсті. 

– Өй, анаңды сенің… өзіңнің тіпті қарсыласқың келеді, ә? Біздің дәлеліміз жетіп артылады! – Осыны айтты да қалтасынан әлдебір түйіншекті алып шығып, ауада шайқақтатты. – Жолдастар, сіздер ол расында қайыршы деп ойлайсыздар ма? Жоқ, оның қолында сынық шәшке, ал қалтасында женьшень жүр! Қалтасында женьшені бар адамның қайыр сұрағанын көрдіңіздер ме?.. 

– Әйелге женьшень қайдан келген? 

– Анау өтірік соғып тұр… 

– Шамасы жөндеп қарамаған ғой. 

Ақыры жиналған жұрт женьшеньге сене қоймады. 

Мен оның шындығында женьшень екенін білетінмін, жүрегім дүрсілдеп кетті, Ши Гуді қолынан ұстай алдым. 

– Бауырым Ши Гу, шаруа шатақ, шаруа шатақ… 

Ши Гу: 

– Не болды? – деп сұрады. 

Мен оған Пань Лаоу екеуміздің Айхуаны дәмханада кездестіргенімізді айттым, Ши Гу таңғалғаннан орнынан тұруға ұмтылыс жасады. 

– Жүр, сахнаға шығып, жағдайдың шындығын түсіндірейік. 

– Ойбай, өйтуге болмайды! Егер біз бәрін жайып салсақ, қадірменді Сюйге не болмақ? 

Ши Гу амалы таусылып, тағы да жүресінен отыра кетті. 

– Айт қане, женьшень ұстап жүріп, қайыр сұрамағың не? 

У Айхуа бойын түзетті, басын көтеріп, айғай салды: 

– Женьшень менікі емес, менен оны бір ауру адамға апарып бер деп сұраған! 

– Кім сұраған, кімге апарып беруің керек? 

У Айхуа басын төмен тұқыртты да, үндемей қалды. 

– Айт қане! – Хатшы Чэнь әйелдің арқасынан оңдырмай салып жіберді. 

– Жоқ, айтпаймын! 

– Егер түзелгің келмесе, женьшеньді алмайсың, бар, кет! 

Бірақ, У Айхуа хатшы Чэньге кенедей жабысып алып, қатты да қалды, есі ауысқан адамша аттандады: 

– Женьшеньді қайтар, женьшеньді қайтар! 

Хатшы Чэнь оны бар күшімен итеріп жіберді де, шымылдықтың ар жағына тез сіңіп кетті. У Айхуа құлап түсті, енді әскери бастықтың аяғына орағытылды да, айғайлай берді: 

– Мені өлтірсеңдер де, женьшеньді алмаңдаршы, мен оны бір адамның өмірін құтқару үшін апармақшымын! 

Әскери бастық абдырап қалды да, бір айтқанын қайталай берді: 

– Тұрсаңшы, несіне айғайлай бересің, тұрсаңшы… 

Мен жан‐жағыма алақтадым, көзіммен Пань Лаоуды іздеп едім, таба алмадым. Жүрегім қатты ауырып кетті, тіпті жылағым келді, мен Ши Гуге: 

– Жүр, бұл жерден кетейік! – дедім. 

– Жүр! 

Бірақ біздің тұра бергеніміз сол еді, қасымызда тұрған жасақшы: 

– Қане, қозғалмаңдар! – деп табан астында тоқтатып тастады. 

– Бұл жерден ешқайда кете алмайсың, – деді көзілдірік киген жігіт сұсты пішінмен. – Мұнда, Шуанхэцзеде ескі ережелер үстемдік етеді, мұндай иықтан басқан тәртіпке Ли Цзячэнь жапонның шайтандары жайлы фильмдерінен үйренген – мынасы «темір қабырғамен қоршау» деп аталады. Өй, анасын оның… Винтовканың дүмінің астында ойын‐сауық көру деген – бұл немене? 

Ақырында дабылдар қағылды да, музыка ойнады, сөйтіп пьеса да басталды‐ау. «Аждаһа тауында гимн ойнау» деп аталады екен. Шамасы, уақыттың тапшылығынан әртістер пьесаны толық көрсете алмай, тек жекелеген үзіктерін ұсынып тынғылары келген сияқты. Бір кезде әртіс әйел сахнаға фонарь алып шыққанда, көзілдірік киген жігіт: 

– Мына жемпазың таза қозғала алмай қалыпты ғой, – деп кекетті. 

– Ал сен оны қайдан біліп тұрсың? 

– Қарашы өзің, қарнының дәулігін. 

Әртістер бейжай ойнады, тіпті декорацияның бірдеңесі сахнадан құлап түскенде, енді бір әртіс оны көтерем деп ұмтылғанда, көрермендер ыза болды. 

Ақыры пьеса аяқталғанда, күн көкжиекке жылжып барып батты, оңтүстік жақтағы бұлттар таралып, аспанды түгелдей дерлік жауып тастады. Ауаның төменгі жағында торғайлар бей‐берекет ұшып жүрді, найзағайдың жарқылы әлсін‐әлсін көрініп тұрды. Шамасы жаңбыр жақындап қалған болуы керек, алаңдағы адамдар болса, түтін салған аралар сияқты қозғалақтап, үйді үйлеріне асыға бастады. Бірақ толып жатқан жасақшылар тура жауларының жолын кескестегендей, көптің алдына ойқастап шыға келді. – «Отырған жерлеріңнен қозғалмаңдар!» деп бұйрықта беріп жатыр. 

Тіпті мылтық та тарс етіп атылды. Ел басылды, әлдебір уақытқа тыныштық орнады. 

Содан шымылдық тағы ашылды да, сахнаға төбесіне кітапшасын көтеріп аласа бойлы хатшы Чэнь шыға келді. 

– Жайласып отырыңыздар, құлақтарыңызды түріңіздер, округтық хатшы Ли Цзячэньнен бізге нұсқау беруін өтінейік! – деді де, ол алақанын шапалақтады, ананы сахнаға шақырды. 

Сеп‐семіз бәкене ғана адам пайда болды. Басы дәп‐дәу екен, фуражкасы төбесінде ойнап тұрды, қол‐аяғының қысқалығы сондай, ол алыстан даланың майға бөккен тышқанына ұқсап кетті. Менің ойымда округтық хатшы ерекше болып елестейтін, Ли Цзячэньнің есімі партиялық билікті айғақтауы керек қой, ол дегеніңіз құрмет пен биліктің шынайы белгісі емес пе? Бірақ мен, мына адамсымаққа қарап, қарадай қарным ашып қалды: ауданның төрт коммунасын басқарып, бірнеше он мыңдаған жұрттың тағдырын шешіп беретін жетекші кадрдың сиқы мынау ма? Мен өз басым осынау дәубастың құзырымен қалаға оқуға келе жатырмын ба? 

– Ал керек болса, бас анау – қолағаштай, кеудемсоқтығы және керемет, өзі әбден зілденіп алған, ентігіп өлгелі тұр ма, қалай… – деді көзілдірік киген жігіт, сонсоң айтарын қорытындылады: – Е, қазірде елдің бәріне едіреңдеп, билігін жүргізіп жатқандар осылар емес пе? Ли Цзячэнь екі‐үш минөттей маңқиып үнсіз қалды. Ол мұндай маңызсынған, көп мәнді үнсіздік бәрінен бұрын жай адамдарды жасытып тастайтынын білген еді, ақыры алаңда тыныштық орнады. Ол қатты жөткірініп алды да, банкіге басын сұғып тұрған кейіпте мыңқылдап сөйлей бастады: 

– Жолдастар, ең алдымен маған Шуанхэцзе аудандық комитетінің, аудандық ревкомның және жеке өз атымнан бізге келген революциялық әртіс жолдастарға олардың қиындықтармен санаспай, үлкен жолдан өткендері үшін үлкен жүрекжарды рахметімізді айтуға рұқсат етіңіздер! Олар өте нәзік, әрі табысты да әдемі ойнады! Аудандық комитет өз тарапынан шошқа сойып, банкетке шақыруға бел шешті… Сонымен бізге ең бастысы не істеу керек? Біз әрқайсымыз да революция батырларына көз тастап, осындай батырлар болуға үйренгеніміз, ерлікті күнделікті болмыспен байланыстыра білгеніміз жөн… Сіздер әлгінде ғана пьесаның басты кейіпкерін көрдіңіздер – одан бәрін бір сәтте үйреніп алу мүмкін емес, сондықтан одан аз‐аздап, тамшы‐тамшылап үйренгеніміз абзал болмақ. Алдымен екі нәрсені игеріп алғанымыз дұрыс. Біріншісі: біз кейіпкерден шешімділікке үйреніп, күйеуге ерте шықпауға үйренгеніміз жөн… 

Ли Цзячэнь жаңа да өзгеше жайдан сөйлеп тұрды, тағы да шамалы дабыр‐дүбір көбейіңкірегенмен, адамдар оның айтқанына құлақ қоя бастады. 

– Әлгі әртіс әйел нағыз әскери қызметші екен, мен табан астында оның әріптестерінен сұрап білсем – отыз екі жаста екен. Бірақ оның балалары жоқ. Олай болса, ол да тұлдаудан өтті деген сөз. 

Жұрт гуілдеп кетті. 

– Тамаша ғылыми жаңалық екен! – деп көзілдірік киген жігіт күліп жіберді. 

Ли Цзячэнь мәселенің қойнына қазбалай кіре білгендігіне жымиыс білдірді, бірақ кенет ол сұп‐сұр болып кетті де, елге қолын созып, айғайлап жіберді: 

 – Міне, сендердің әйелдеріңде болса, түк те түсінік жоқ. Бір бала тапсаңдар, оны есепке де алмайсыңдар, екеуін тапсаңдар, аз деп ойлайсыңдар, ал кейбіреулеріңнің бала табуларың – тура шошқаның торайлағанынан еш айырғысыз! Сендердің партияның үндеуіне үн қосқандарың осы ма? Ал жарайды, енді басқа жағдаятқа көшейік. Біздің сондай‐ақ әлгі әйел кейіпкердің революциялық шешімгерлігінен үйренуіміз қажет: біріншіден, қиындықтарға қарсы тұра білуге, ал екіншіден өлімнен қорықпауымыз керек! Бұған қалай үйренеміз? Жай сөзбен жеткізе алмайсың. Партия комитеті былай деп шешті: бүгін алаңға жиналғандардың бәрі түнгі ұрысқа шығады, канал қазатын болады. Мен сендерді өзім бастап жүремін… Бармаймын деген болмайды! Шуламаңдар, айғайшыларды тікелей өзіме алып келуге бұйырамын… Мен осымен аяқтадым. Бастық Ли, бастық Ли! Сахнаға ұзын бойлы әскери бастық жүгіріп шықты. 

– Елді ұйымдастырыңыз да, дереу аттаныңыз, – деді Ли Цзячэнь. 

– Құп болады, – деп жауап қайырды бастық Ли. 

Осы кезде алаңнан аттан‐айғай шықты, халық қиқулап жатыр: 

– Тамақсыз қайдағы жұмыс? 

– Балаларымыз қоса жүр, оларды қайтпекпіз? 

Әскери бастық айғайлап, қолдарын ербеңдетіп еді, онысынан ештеңе шықпады, жұрт тынышталмай қойды. Бұған Ли Цзячэньге жаңа нұсқаулар алу үшін жүгіріп кетуге тура келді. 

Әлгі микрофонға жақындап келді де, дауысын қатайтты: 

– Сабыр, сабыр! Біз әлгінде былай деп шештік: балалы әйелдер бармайды, ал тамаққа келетін болсақ, барар жерге жеткен соң, кісі басы екі шелпектен алатын боласыңдар… 

Ел енді шамалы басылғандай болды. 

Ендігі қараңғы да түсіп кетті, жел шаңның көрінбейтін бұлттарын адамдардың бетіне ұрғылап жатты. Әскери бастық басқарған жасақтар халықты көшенің бойымен қаланың сыртына қарай қуалай бастады, көшедегі дауыскүшейткіштен пьесаның кейіпкер әйелінің өлеңі төгіліп жатты: 

Қолымдағы қымбат кітабыммен 

және махаббат толы жүрегіммен… 

Қызыл күн болса, алдымдағы 

жолымды жарықтандырады… 


Көшенің қиылысынан өте бергеніміз сол еді, жаңбыр құйып кеп берсін. Төбемізде найзағай ойнап кетті, оның жарығынан жолдың аузындағы дөңнің үстінде жаңбыр өткізбейтін шекпенін киіп алып, мардымсып тұрған Ли Цзячэньді көрдім. Мен оның мыңқылдаған дауысын естідім: 

– Аспанмен де күресіңдер, жермен де соғысыңдар, революционерлер өлімнен қаймықпайды… Бастық Ли, адамдардың кеудесіне от жағыңыз, олардың энтузиазмы бүкіл түнгі шайқасқа жетерлік болсын… Бұйрық беріп жатқан жасақшылардан басқа ешкім де жағын ашқан жоқ, тек танау тартқандардың ашулы дыбысы естіледі. 

Тығыз колонна ілгері жылжып келеді. 

– Ой! – Алдыңғы жақта әлдекім құлап түсті де, біз амалсыз адымымызды іріктік. 

– Дунпин, жүр, зытайық! – деді Ши Гу жай ғана білегімнен ұстай алып. 

– Жарайды, – дедім мен жауап қатып. 

– Ал, жүгірейік… – Ши Гу бұрылысқа қарай секіріп түсті де, келер сәтте көзден ғайып болды. 

Мен де алға қарай ондаған қадам жүгіріп бардым да, жол жиегіндегі жыраға құлап түстім, одан әлдебір бұталарға еңбектеп жетіп паналадым. Суық жаңбыр арқамды оңдырмай соққылап жатты, ал кеудем ыстық терден бырысып қалды. Арықтағы су аяқтарымды малшылады, шыбын‐шіркей мойынымды шақты, мен қатты ауырсынып, өзімді жаман сезіндім, бірақ селт етуге қорықтым. Тек кетіп бара жатқан колоннаның дыбысы алысқа барып бәсеңдегенде ғана, мен есімді жиғандай болдым. Бірақ енді кейін кетпек болып орнымнан тұра бергенімде, мені қалта шамның шапағы шарпып өтті. 

– Мына жердегі кім? – деп әлдебіреу дауыстады да, маған жақындады. Енді бұдан әрі тығылуға амал қалмады. 

Мен жақындап келген адамды танып қалдым – бұл әскери бастық Ли еді. Мен зәрем ұшқаннан қалшылдап кеттім. 

– Сен мұнда не істеп жүрсің?.. – деді бастық Ли, бірақ оның дауысы жұмсақтау шықты. 

– Мен сал ағызып жүргем, осы тұстан өте беріп едім… 

– Ішің қалай, ауыра ма? 

– Жоқ… иә, ептеп ауырады… 

– Ішің ауырса, өлдім дей бер, несіне тұрсың, жүре бер ілгері! – деді де, ол жолмен ілгері кетті. 

Шамасы ол маған қашып кетуге мүмкіндік берген болуы керек. Неге өйтті екен, ә? Мен алақ‐жұлақ етіп шамалы тұрдым да, кейін қарай жүгіре жөнелдім. Біз әлгінде ғана өткен қиылысқа бара бергенім сол еді, кенет дауыстар естілді. Көшеде алаудың оты қозғалып бара жатты да, менен бірер қадам жерде тоқтай қалды. Оттың ойнақтаған жерінде тағы да әскери нәшәндікті көрдім, ал оның қасында үсті‐басы малмандай болған әйел тұрды. Үіліңкіреп қарасам, оның У Айхуа екенін түсіндім. 

– Бастық Ли, сен білесің ғой, мен бұзылған адам емеспін, мен… 

Иә, бұл У Айхуа еді, оны дауысынан таныдым. 

– Сонда женьшеньді не істейсің? – деп сұрады бастық Ли. 

– Маған оны апарып бер деп тапсырды, шындығын айтсам… 

– Кімге апарып бер деді? 

– Жоқ, мен оны саған айта алмаймын. 

– Сен маған да сенбейсің бе? 

– Жақсы, саған айтайын: мен бұл женьшеньді аудандық бастық Сюй Минхуньге апарып беруге тиісті болғам! 

– Қадірменді Сюйге ме? Ал оған не болған? 

– Мен оны өлім аузында жатыр деп естідім… 

– Ендеше қазір ол қайда? 

– Жоқ, мен мұны айта алмаймын. 

– Жарайды, жақсы… Тек женьшень бөгде қолға түсіп кетті, енді оны қайтара алмайсың… 

– Ал енді не істейміз? 

– Менде жиырма юань бар, бар да соған тағы женьшень сатып ал! 

– Сен жақсы адам екенсің… 

– Мә, ақша… Қадірменді Сюйді көрсең, менің басымды иген сәлемімді жеткіз, үлкен Ли оны ұмытқан жоқ дегенімді жеткіз…Ал, тезірек жөнел!.. 

Ол екеуі асығыс екі жаққа ажырасты. Көшені найзағайдың жарқылы жап‐жарық етті. 

Мен өзенге көше бойлап жүгіріп баруға бата алмадым, үйлердің сыртына шықтым да, жол‐молға қарамай жүгіре бердім. Көп ұзамай қалың орманға да іліктім. Айналам қап‐қараңғы еді, тек жаңбыр тырсылдарының жапырақтарды ұрып тұрғанын ғана аңғардым. Бұталардың арасынан қалай шығарымды білмей әлектендім. Кенет қос аяғым көктен келе терең ұраға құлап түстім. 

Әлгі жерден тырбаңдап әрең шығып едім, менен он қадамдай жерден әлдекім: 

– Бұл кім? – деп сұрады. 

Менің тұра қашқым келіп еді, бірақ найзағайдың жарқылынан жөн сұраған адамның кейпін байқап қалдым. Ол Чаншадан келген, тілін жан‐жаққа безеген манағы интеллигент жігіт еді. 

– Қашып кеттің бе? – деп сұрады ол көңілді күйде. 

Мен басымды изедім. 

– Ал сен өзің мұнда не істеп жүрсің? 

Ол қысқа ғана бамбук ебелегін көрсетті. 

– Е, міне, шегірткелерді аулап жүрмін. Таңертеңгі тамаққа керек емес пе? 

Мен одан өзенге қалай өтудің жөнін сұрадым. 

Ол мені ойпаңнан алып шығып, барар жолымды көрсетті. Мен оған рахмет айтқым келіп еді, бірақ ол халық арасындағы шалдар айтатын сөзді әндете созғыштады: 

– Қаша‐а‐ан да а‐а‐ман болғайсың… 

Мен шамалы жүгірдім де, қараңғыда алдымнан ағараңдаған өзенді көрдім. Есімді жинадым да, терімді басып, неге екені белгісіз, өзімді жапондықтарға қарсы соғыс ашқандардың арасынан шыққан ержүрек батырдайын сезіндім. Ал ана әскери бастық Ли маған сол фильмдердегі «сырттан қарағанда – ақ, ішінен – қызыл» боп көрінетін командирлерді есіме түсірді. Артта қалған түн бойында мен ұзақ та мазмұнды тіршілік кешкендей күйге түсті. Жаным тербеліп кетті, ал сол мазасыздыққа созылмалы түсінбеушілік те келіп араласты… 



Пань Лаоу, Чжао Лян және Ши Гу салға баяғыда оралып, мені тосып отырыпты. Олар кәбеңкеге бой тасаламай, жаңбырдан малмандай болыпты. 

– Әй, жүгірмек‐ай! Құдай атқан сол бір ойын‐сауыққа бармай‐ақ қойғанда қайтетін еді… Егер қашып кетпесең, әлі сонда тыртыңдап жүрер едің! – деп ұрысты Пань Лаоу, мені салға сүйретіп шығарып жатып. 

– Қашып кеткім келді ғой, бірақ ә дегенде қолымнан келмей қалды, – деп міңгірледім мен танауымның астынан. 

– Салдың енді талқаны шықса да, мына жерден кетейікші өзі! – Пань Лаоу дауыс көтерді. 

– Қорқамын, жел қатты, күн құйып тұр, түн мынау қап‐қараңғы… – деді Чжао Лян күдіктене сөйлеп. 

– Оу, бізбен бірге Пань Лаоу бар емес пе! 

Ши Гу арқанды ағытты да, сал қайқаңдап, жағалаудан алыстай берді. 

Ақыры Шуанхэцзе артымызда қалды, тек көкжиекте біразға дейін жалт‐жұлт еткен жарықтар көрініп тұрды. Жел мен нөсерге, қараңғы түнге және салдың бөренелері астынан аққан қуатты ағынның толқындарына қарамастан, біздің бәріміз де жеңілденіп қалдық. Осы сәтте маған әлемдегі ең жалғыз тыныш та қауіпсіз орын – біз мінген сал болып көрінді. 

Бірақ тыныштық пен қауіпсіздік сезімі мені бірер ғана минөт биледі де, енді менің жүрегімді қорқыныш жайлап алды. Қап‐қара аспан, қара жағалаулар, қара өзен, әлемді тып‐тығыз шымылдықша жауып тастаған мына нөсер… Жаңбыр менің бет‐ауызымды қатты сабалағаны сондай, таза ес жиғызбай қойды. Сал болса, арқанынан босап кеткен тағы жылқыдай, алға қарай безіп келеді. Ол судың бетімен жүзгендей емес, судың қойнына қойып кетіп, қойып кетіп отырғандай көрінді. Салдың бөренелері өздерін тарс байлап тастаған арқандарды лақтырып тастап, жан‐жаққа шашылып кеткісі келгендей сес көрсетеді. 

– Мұнда неғып тұрсың, бар, кәбеңкеге бар! – деп дауыстады маған Пань Лаоу. 

Мен қозғалмай қатып қалдым. Кенет алыстан әппақ жарық сәуле жарқ етті де, құлағыма нажағайдың қаһарлы гүрілі келіп жетті, оған маңайдағы таулар созалаң жаңғырықпен жауап қайырды, тура көптеген бос бөшкелер сол жағалаудан оң жаққа, одан, кейін даңғырлап құлап кеткендей болды. Гүрілдің беті қайтып, тыншыған кезде, нажағай тағы да жарқ ете қалды, ол әлдебір фантастикалық ағашқа ұқсап кетті, әлгінің бұтақтары жан‐жаққа шашырап, аспанды әлденеше бөлекке бөліп жібергендей әсер етті. Сол сәтте арнасы кең өзенді және жағасындағы ағаштарды, Пань Лаоу мен Ши Гудің иық тіресе тұрып салды қалай бағыттап тұрғанын аңғардым. Мен тіпті Ши Гудің кеудесіндегі қалын да көріп қалдым. 

– Ой, шатақ болды, жағалауға қарай ес, жағаға қарай… – мен Чжао Ляннің қайдан шыққаны белгісіз булыққан дауысын естідім. 

– Болмай жатыр, – соза тартып жауап қайырды Ши Гу. 

– Енді қайттік… бітті бәрі де! – Чжао Лян амалы таусылған күйде безектеді де қалды. 

– Несіне қорқасың, тарта бер ілгері! – деді Пань Лаоу зекіп. 

Осы сәтте мен салдың қандай қауіпті жағдайға тап болғанын түсіндім. Мына алып ұшып келе жатқан сал жағаға тұрақтамайынша, тура жолбарысқа мінгендей боламыз; одан әріде өлеміз бе, жоқ, тірі қаламыз ба, оны бір Құдай ғана шешеді. Ойда жоқта төбемізден зәре кетірерлік күн күркіреу ойнақтап кетті, нажағай қараңғылықты қылыш іспеттес кейіппен сойып өтті. Мен қорыққаннан жүремнен отыра кеттім. Алақандарыммен құлақтарымды басып, демімді ішіме тарттым – енді найзағайдан жарылған аспан басым мен иығыма құлайды деп тосқандай халге ендім. 

Сал ілгері жұлқынып кетті. Содан қараңғы жағалау бізге қарай лезде жақындап қалды – міне, енді бір сәтте гүрс етіп соғыламыз! 

– Мына иірменің сұмдығын‐ай, ә! – Қараңғыдан Пань Лаоудың айғайы естілді. 

Мен Чжао Ляннің салмақты денесі ілгері қозғалып барып, ескекке күш сала жатып алғанын көріп қалдым. Мен де жүгіріп бардым, бірақ қай жағынан ыңғайласарымды білмей абдырадым. 

– Әрі тұр! – Пань Лаоу мені дөрекі түрде итеріп жіберді. 

Кенет желдің екпіні және ұрып өтті де, кәбеңкедегі тоқыма төсеніштер желдің өтінде жанға батар жарақат алған құстай елбек қақты. 

– Кәбеңке! – Пань Лаоу айғай салды. 

Мен қаусап қалған баспанамызға тұра жүгірдім, соққан жел ұйпа‐тұйпасын шығарған төсеніштерді реттемекші болдым. Енді бір сәтте желдің қаһарлы қуаты кәбеңкені тоңқалаң асырды да, өзенге жеп‐жеңіл кәрзеңке тәрізді тастай салды. Бір бөрене келіп, белімнен оңдырмай ұрды, мен құлап түстім. Қасымнан зыңғырмен әлдебір заттың зу ете қалғанын аңғардым. «Бұл – қазан!» деп ойладым да, соңғы күшімді жинап тұрмаққа әрекеттендім, кенет арқамды оңдырмай ауыртқан зілден қиқаң ете қалдым… 

– Дунпин, Дунпин! – Пань Лаоудың қорқып кеткен дауысы әлдеқайдан, алыстан естілді. 

Бұдан соң мен есімнен танып қалдым. 

Содан көзімді ашсам, жаңбыр толастаған, тек толқындардың бүлкілдегені ғана естіледі. Бүйірім ауырғанын сездім де, шалқамнан түсіп жаттым. Алапат нөсерден кейінгі аспанды көрдім, онда бұлттардың таусылмас тізбектері өтіп жатты – көз алдымдағылары тығыз да, алыстағылары сирек те жарық екен. Аспанда ай туыпты, әр жерден жұлдыздар да көрінеді. Жағалаудағы заттар көзден бұл‐бұл ұшып жатты. 

– Дунпин, қалайсың, сүйектерің сынғаннан аман ба өзі? – деді жоғары жағымда тұрған Пань Лаоу. 

– Аман… – дедім мен тұруға оңтайлана беріп. Тура өліп қала жаздаппын! Салдың шетінен бір‐ақ қадам жерде қалыппын. Жан‐жағыма қарадым: кәбеңкенің із‐тұзы да жоқ, салдың бетінде қолға тұтар ештеңе де қалмапты, содан барып әдеттегіден үлкен боп көрінеді. Салдың бетінде қойған жерінде менің асқабақтарым салынған кәрзеңкелер мен жаңбырға малшынған көрпе ғана қалыпты. 

Тәжірибемнің жоқтығы ғой, мен енді қиындықтың бәрі артта қалды деп ойлаппын. Бірақ салдың тұмсығына қарай жақындап келгенде Пань Лаоудың секем алып серт тұрған кейпінен қауіптің көкесі әлі алда екенін сезіндім. Бірер сәт өтісімен айналадағы су көпіріп, ыстық қанды аттардың табынындай құтыра бастады. Маңайымыздан әлдеқандай бөренелер, кескек ағаштар жүзіп өтіп жатты, олардың кейбіреуі салдың үстіне шығып кете жаздайды. Ара‐арасында суға жағадан жердің дәу‐дәу кесектері құлап, соңдарынан шөп‐саламды сүйрелеумен болды. Бүкіл әлем дүр сілкінгендей тас‐талқаны шығып, бөлек‐бөлек боп кеткен сияқты көрінді. Тек қана тұрқы өте зор ағаштардың діңдері судың бетімен ағып келеді. Жартылай су астына батқан олар баяғы батпаққа батқан дөңгелектерді ойыңа түсіргендей болады. 

Жағалаудан түнгі мысықтардың дауысы құлаққа ұдайы жетіп жатты. 

Ағын бұрынғыдан да арындай бастады, жағалаулар салды енді өздеріне тартқандай көрінді. Пань Лаоу салдың тұмсығында аяқтарын алшақ қойып, алға қарай бекем еңкиіп тұрды. Будыраған дымқыл ақ шаштары шәпке тәрізді маңдайына қарай түсіп кетіпті. Осындай сәтте оның ширыққан денесі қоладан құйылған мүсінге ұқсап кетті. Егер өзен бұрылыс жасаса, Пань Лаоу күллі денесімен ескекке жата қалады да, екінші жағына қарай қисаяды. Чжао Лян мен Ши Гу салдың екі шетіне тұрып алып, найзағайдың жарығында жарқ‐жұрқ еткен сырғауылдармен қайрат көрсетуде. Мен олардың бет‐жүзін көре алмадым, бірақ олардың созылған мойындарынан, сығымдалған арқаларынан оларға да оңай емес екендігін аңдауға болар еді. Олар салды жағалауға алып кететінінен дәйім сақтанып, сырғауылдарын бәс ұстап тұрды. Бірақ олар мынадай үрдіс жылдамдықта екі сырғауылмен салды кілт тоқтатуға болмайтынын ескермеп еді. 

Елдің бәрі ендігі мынаны түсінді: мынадай жойқын дауылда Шуанхэцзені тастап шығу жөн емес еді. Бірақ адам табиғатпен бетпе‐бет келгенде жеңіле қойғысы келмейді. Ешкім де өз сезімдеріне ерік беріп, ренішке батқан жоқ. «Шындығында, – деп ойладым мен, – Шуанхэцзеде өктемдікпен күшке салғанды мойындап, алапат қауіпті көтергенше ауыр болмыспен бетпе‐бет келіп күрескенің көп артық. Бәлкім өзгелер де дәл солай ойлайтын шығар!» Бала кезімде атам маған сал ағызушылардың жазылмаған қағидаты бар: оған сәйкес салдың тас‐талқаны шыққанша адамдар сонда қалуы керек дейтін. Әрине, қорқақ кісілер де кездеседі, олар қит етсе, салдан қашып жатады, ондайларды «суға құлаған төбеттер» деп атайтын, оларды көзге шұқып көрсететін, ал әлгілер болса, кісі көзіне тура қарауға ұялатын. «Мынадай масқара лақаппен жағалауда тірі жүргенше, суға кетіп өлген жақсы» десетін. Адамның өзіндік ар‐намыс сезімі оны күшті, жүрек жұтқан және әдемі етеді! 

Алда қауіпті бұрылыс кездесті, Пань Лаоу бар күшімен ескекке жата қалып еді, кенет аяғы тайғанақтап кетіп, қолындағы ескегі ұшты да кетті. 

– Ойбай! – деп айғайлап қалдым мен. 

Егер осы сәтте Пань Лаоу ескекті қолынан мүлде босатып алса, ол салдың маңындағы суға құлап түсер еді де, сал жағалауға бір‐ақ ұрылар еді. Бірақ Пань мыңқ еткен де жоқ. Сал қиын өткелектен өтіп алды да, өзеннің ортасына түсті. 

– Пань ағатай, сіз қалайсыз? 

– Бәрі бабында, бірақ мен өз аяғымды пісіп алдым‐ау деймін. 

Пань Лаоу сол аяғын көтерді де, мен оны қарағыштай бастадым, бірақ жарасы көрінбеді, тек табанының шетінен қанның қара тамшысы білінді. Мен сол жерді сыйпаладым: ол ісіп кетіпті, әрі ыстық еді. 

Чжао Лян өзінің сырғауылын былай қойды да, бізге жақындап келді, өз көйлегінің жеңін дар еткізіп жыртып алды да, Пань Лаоудың аяғын таңып тастады. 

– Бауырым Лаоу, маған беріңіз, салды мен жүргізейін! – деді Чжао Лян. 

– Жоқ, – деп басын шайқады Пань Лаоу көзін өзенге қадаған күйі. 

– Сен шаршадың ғой. 

– Мына тұс – қауіпті жер! 

– Мен түсінемін… 

– Мен саған бере алмаймын… 

– Мен байқастаймын ғой, сен ол жағына алаңдамай‐ақ қой. 

– Жоқ, сені үйіңде шиеттей жеті балаң тосып отыр… 

– Қазір ол еш маңызды емес! 

– Саған маңызды болмаса да, мен үшін маңызды! 

Пань Лаоу ашуланып, Чжао Лянді итеріп қалды, анау еш үн шығарған жоқ. 

– Пань ағатай, мен жас та, мықтымын ғой, маған беріңіз! 

Пань Лаоу Ши Гуге көз тастады да, басын шайқады. 

– Пань ағатай… – Ши Гу жалынған дауыспен қолын ескекке соза берді. 

Пань Лаоу Ши Гудің қолын шешімді түрде кері итеріп жіберді, сонсоң кенет жұмсақ қана: 

– Жоқ, сені Гайгай тосып отыр, саған да тәуекел етуге болмайды… 

– Ал, сен, өзің ше, өзің ше?! 

– Мен мүлде жалғызбын, менен не сұрау бар... 

Пань Лаоу жымиды, ай оның су‐су болған бетін жарықтандырды. Мен сондай‐ақ Чжао Лян мен Ши Гудің көздеріндегі жарқылды байқап қалдым да, толқып кетіп, әлдебір ыстық тебіреністің көмекейіме жетіп келгенін аңғардым. 

– Ойда жоқта темекі тартқым келіп кеткені… – Пань Лаоу теріс айналды да, енді ешкімге де көңіл бөлген жоқ. 

Біз жүзіп келеміз, жүзіп келеміз, сал ақыры өзеннің орта арнасын тапқан; жағалаудағы төбешіктер сәл төмендеп, әрі көлбеп кеткендей көрініс берді, өзен кеңейіп, ондағы ағын тынышталғандай болды. Ай енді біздің арқа жағымыздан сәулеленіп тұрды, оның жарығы қою бұлттардан әрең өткендей елестейді көзге. Алыста, жылуы мен бапты жағдайын ұсынып отырған шырақ көрінді. Алай‐дүлей болмыспен аяусыз күрестен кейін, біз жеңістің ауылы тақау қалғанын сезіне бастадық. 

– Анау – Чэньцзяцяо, – деді Пань Лаоу қуанышпен. 

– Ал ол жерде жағалауға тоқтауға бола ма? – деп сұрады Ши Гу. 

– Қазір ойланайын… Өй, мынасы не тағы да? – деп айғайлап жіберді қорқып кеткен Лаоу. 

Алдан өзенді тура қабырға құсап бөгеп тастаған әлдебір қараңғы тосқауыл көрінді. 

– Өй, мынау қопарылып түскен ағаш қой! – Ши Гу айғай салды. 

– Қорықпаңдар, қане, оңға қарай, оңға қарай… тез! – Пань Лаоу қолын сермеп қалды. 

Біз төртеуіміз де ескекке жығылып, сол жаққа қарай демдей бердік. Бірақ, кеш болды: ағаш тым үлкен еді, содан сал оның қасынан өтіп кете алмай қалды. Әлгі ағаш қабырғадай қақиып орнынан тұра бастағандай, бірте‐бірте жақындап келе жатты, елбектеген бұталары мен тарамдары әзәзілдің табанындай адамдарға төніп келіп, оларды иірімге иіріп алып кететіндей көрінді. Пань Лаоу мені итеріп жіберді де: 

– Алдымен сендер қарғыңдар! – деп аттандады. 

Осы сәтте Чжао Лян мен Ши Гу есекті тастады да, салдың оң жақ шетіне жүгіріп келіп, секіруге әзірленді. Ши Гу артына қарады да, айқай салды: 

– Пань ағатай! 

– Мен жайлы ойламай‐ақ қой, ана Дунпинді қарақта… 

Пань Лаоу кедергіні айналып өтемін бе деп дәмеленіп, ескекті сол жаққа итермелеумен болды. 

– Секір! – деп Ши Гу мені суық суға ала кетті. 

Біздің соңымыздан Чжао Лян да секірді. 

Біз судың бетіне қайта қалқып шыққанда, сал барды да, салдыр‐гүлдір етіп, көлденең ағашқа соғылды. Суға батқан ағаштың жапырақтары шамалы шайқақтады да, тыныс тапты. 

– Пань ағатай! 

– Лаоу бауырым! 

Ағын бізді ағашқа қарай алып шықты, бәріміз де судан селтиіп шығып тұрған бұтақтарға жанталаса жармастық. Сал қираған жоқ, оның тұмсығы ағаштың діңіне тіреліп қалды, ал ортаңғы жері бұтақтардың арасына кептелді. Біз бір‐бірімізді демеп салға шығып, жан‐жағымызға алақтай қарадық: Пань Лаоу еш жерден көрінбейді. 

– Енді қадірменді Пань бұл дүниеде жоқ… – деді Чжао Лян азалы дауыспен. 

– Мүмкін емес, ол ғаламат жүзгіш еді ғой!.. – деді Ши Гу. 

– Бірақ оның аяғында ауыр жарақаты болды! 

– Міне, сонсоң секіре алмай қалған ба? 

Чжао Лян мен Ши Гудің әңгімесін естіп тұрған мен, шыдай алмай, боздап жібердім. 

Ай батысқа қарай еңкейді, үстімізден жұлдыздар шашылды. Таң атар кездегі түнекте адамды судың бетінен іздестірдік. Таң бозарғанда, Ши Гу енді бөлінейік те, жағалаудың екі қабағын тінткілейік деп ұсыныс айтты. 

 – Пань ағатай тірі болсын‐болмасын, біз оны қайткенде табуымыз керек, – деді ол. 

Чжао Лян және мен оң қабаққа, Ши Гу – сол жаққа кеттік. Бұл тұста өзеннің кең арналы болмағаны да жақсы болды. Біз Чжао Лян екеуміз ағынға қарай қиыстай жүзіп, көп ұзамай жол жиегіндегі шөпке киліктік. Айнала бозара бастады, біз Ши Гудің де қарсы жағаға шыққанын көрдік. Біз оған қол бұлғадық та, ағынның бойымен кеттік. 

Дауылдан кейін ауа керемет тап‐таза болып тұрды. Айнала – тып‐тыныш, тек жеке жүзген аққұтан ғана жүрді: алшақта егіндіктерді, суару арықтарын тексеріп, дауыл егісті құлатып кеткен жоқ па екен деп жүрген адам сияқты боп көрінді. Сол құтаннан басқа маңайда бірде‐бір тірлік иесі байқалмады. 

Кенет Чжао Лян: 

– Қарашы, әне біреу не? – деді. 

Жағаға жақын жерде әлдебір дөңгелек зат жатты, біз оны ә дегенде адамның басы екен деп қалдық, жақындап келсек, менің атамның жолға берген асқабақтарының бірі екен. Атамның сондағы сөзі әлі құлағымда тұр: «Салға деп асқабақтар дайындап ал, көресің, сенің ағатайыңа ұнайтын болады олар…» Міне, сөйткен Пань Лаоу енді жоқ! 

Шамасы, біз Чэньцзяцяоға жақындап қалдық қой деймін. Біз тоқтадық та, арғы жағалауға көз тіктік. Ол жақтан Ши Гу қолын бұлғады – яғни, Пань Лаоу шынымен қаза тапқан болды; орны толмас өлімнің шерлі дәмі біздің жүректерімізді кернеп кетті. 

Біз Чжао Лян екеуміз өзенді пароммен жүзіп өттік, Ши Гу бізді кемежайда тосып тұрды. Үшеуміз үн‐түнсіз Чэньцзяцяоның көшесіне кірдік. Таң атар‐атпастан жұмысқа шыққан жұрт біздің азалы, әбден шаршап, сілікпеміз шыққан сиқымыздан зәрелері кетті. Кейбіреулері адымдарын азайтып, бізді тінткілей қарады. Ши Гу Чжао Лян екеумізді жолаушыларға арналған кішкентай үйге қарай алып жүрді. Кіре бергеніміз сол еді, алдымыздан әлдебір қария жүгіріп шықты да, қуанышын жасыра алмай, айғай салды: 

– Ха, Ши Гу, сендер де келдіңдер ме? Ал Пань Лаоу болса, есен‐аман… 

Біз сілейдік те қалдық. 

– Ол өзі қайда? – деді ақыры Ши Гу кекештеніп. 

– Анда, артқы аула жақтағы бөлмеде. Сендер шамасы оны шығысқа шығып кетті деп ойлаған шығарсыңдар! – Әлгі шал күле сөйледі: – Ол біздің «суға батпасымыз» ғой! Ол мұнда қараңғыда келіп жығылды, бірақ өзін өзен бірталай уқалап та тастапты. 

Біз әрі таң қалдық, әрі қуанып кеттік, содан бір‐бірімізді итермелеп, ол жатыр деген бөлмеге сау етіп кіріп бардық. Онда әлі шам жанып тұрды, Пань Лаоу басына екі жастық қойып, кереуетте шала қисайып жатты, оның кеудесі, қол‐аяқтары, тіпті бет‐аузы да бинтпен орағышталып тасталыпты, тек екі көзі жылтырап, танауы ғана пысылдайды. Бізді көре салып, ол қуанғаннан дауыстап жіберді: 

– Уа, достар‐ау, бұларың не, мұнша кешігіп? Мен бәрінен бұрын сені уайымдап едім! – Ол мені қолымнан бас салды да, екі қатар сарғыш тістерін ыржитты. 

Чжао Лян біресе жылап, біресе күліп: 

– Бауырым‐ай, мен ендігі сені… – деп жүрегі елжіреп сөйлеп жатты. 

– Чжао Лян, сенің жыламағың не, сал айдаушылардың басына не келіп, не кетпейді? Мұндай көрешекті көре берсең, таңғалғанды да қоясың! Ал салдың халі қандай? 

– Ағашқа соғылып еді, сонда да шыдас берді ғой! 

– Мынадай халден аман шыққан біз, уағдалы мыңымызды қайтсек те алатын болдық қой! 

Чжао Лян көзі жасаурап тұрып: 

– Сен өзің өліп қала жаздап жатсаң да, бір нәрсені айта беретінің не? – деді. 

– Мен саған секір деп айғайлап едім ғой, сонымды естімедің бе? – деді Ши Гу. 

– Естідім. 

– Ендеше неге секірмедің? 

– Мен салдың ағашқа бүйірімен соғылғанын тілеп едім, сонда ол шашырамас деп ойладым… ал сонсоң мен ескекті тастай салдым да, секірдім, ағашқа жабысқым келді, бірақ өйте алмай қалдым, мені ағынмен Чэньцзяцяодан бір‐ақ шығарды ғой! Өзім бір қадам да жаяу жүргенім жоқ. 

Пань Лаоу жеңіл де, көңілді сайрап жатты, ал Чжао Лян болса, аһылап‐уһілеумен болды: 

– Эх, маған бәрінен де трубкам қымбат еді, бір мүштігінің өзі қандай! 

Сонсоң Пань Лаоу сауал қойды: 

– Ши Гу, ал сенің Гайгайға дайындаған жүзігің мен білезігің де құрдымға кетті ме? 

Ши Гу басын изеді. 

– И‐иә, ештеңе де қалмапты. Жарайды, өзіміз аманбыз ғой, сол да көңілге демеу… – Ол кенет дауысын бәсеңдетті де, ойлана сөйледі: – Бәрі де бабында. Ең бастысы, тірі болсақ болды, бір мәнісін табармыз… 

– Пань ағатай! – деп былдырлай сөйледі толқып кеткен Ши Гу. – Сен дәйім қасыңдағылар жайлы, өзгелер туралы ойлайсың да жүресің… 

– Енді бұл жерде ештеңе істей алмайсың, – деп баяу жауап қайтарды Пань Лаоу, – Егер басқалар жайлы алаңдамасаң, жүрегің бос қалады. Егер адамдар бір‐бірі жайлы ойламаса, мына тірлікте не мән қалмақ? Иә, өмірде еш мән қалмайды! 

Біз Чэньцзяцяода екі күн тыныстадық. Осы уақыт ішінде біз тек Чжао Ляннің ақшасын ғана жұмсадық. Өйткені Пань Лаоу мен Ши Гудің жиған‐тергендері киімдерімен қоса өзенге ағып кеткен‐ді. Мен, атамның айтқан кеңесін берік сақтап, киімімді шешкем жоқ, сөйтіп, он бес юанім қалтамда аман‐сау жатты. Мен де шыдай алмай, ақшамды алып шығып едім, елдің бәрі бірден бас тартты. Чжао Ляннің ақшалары – небәрі елу юань – белінде сақталғанды. Оны әйелі қаладағы жасауыңа жарат деп қызына күйеуінен беріп жіберген екен. Әдетте ақша жұмсауға тартыншақтап, сараңсып жүретін Чжао Лян мына екі күннің ішінде мүлде өзгеріп кетті. Ол бізді жаңа көкөніс пен сояға тойғызды, тіпті екі рет ет те сатып әперді, арасында Пань Лаоуға әдемі трубка сыйлауды да ұмытқан жоқ. 

Үшінші күні жағалауды кернеп кеткен өзен тыныш тапқандай болды да, Пань Лаоу былай деді: 

– Ал бізге жұмысқа кірісу керек! 

– Құлаған ағаштың бұтақтарын кесеміз де, салды босатып аламыз, – деді Ши Гу. 

– Егер бәріміз жабылсақ, тез бітіреміз ғой. 

– Лаоу, сен қатты жарақат алдың, ең дұрысы – бізге бұйрық беріп тұрсаң да жарар. 

– Оу, мені үш жүз цзинь (0,5 келіге тең салмақтың өлшемі. – Ауд.) тартатын азбан шошқадай етіп, арнайы семірткен жоқ па? 

Ши Гу Пань Лаоуды ұрсып тастауға ұмтылып еді, енді мына жерде өзі де күліп жіберді. Елдің бәрі көңілді еді, тек менің ғана жанымды мысықтар тырналағандай болып тұрды. Пань Лаоу менің көңілсіз екенімді аңғарып қалды да, маған былай деді: 

– Дунпин, біз мына жерде салмен әлек болмақпыз, біраз уақытымызды ала ма деп қорқамын. Сен оқуға кешігіп қаласың ғой, не істейміз? 

– Пойызбен барсын, – деді Ши Гу. 

– Дунпинге ақша керек, – деді Пань Лаоу. – Оның атасы оқуына деген ақшаны әрең жинаған‐ды. 

– Ал пойызбен барғанға қанша ақша керек? – деп ақырын ғана сұрады Чжао Лян. 

– Он бес юань жетеді, – деді Пань Лаоу. 

Чжао Лян сәл ойланды да, қалтасынан он бес юань алып шығып, менің қолыма сұқты. 

– Мә, ал, пойызбен бар. 

– Чжао ағатай, маған керегі не! – Мен ақшасын қайтып беруге ұмтылдым. 

– Мен саған қарызға бердім деп есептейік. 

– Мен мұны қашан қайтара алмақпын? 

– Қартың бір келгенде қайтарарсың. 

– Егер Чжао ағатай беріп тұрса, ал! – деп Пань Лаоу менің арқамнан қақты. – Жалпы ақша деген пәлендей маңызды дүние емес, бұл есіңде болсын. 

Біз сол күні жолаушыларға арналған үйден шығып, жол айырығында жан‐жаққа тарастық. 

– Осы үлкен көшемен жүре бер, жоғары қарай таудың жартысына ілігесің, онда шоссе жол бар, автобус аялдамасын көресің, содан автобусқа отырасың… – деп, Пань Лаоу нығарлап түсіндіре бастады маған. – Автобуспен Лэншуйтаньға барасың да, пойызға ауысып мінесің; билетті қалай және қай пойызға алу керектігін өзің сұрап алғайсың. Ал жақсы, мен сені шығарып сала алмаймын, бар, әрі сақтанып жүр. 

– Ағатай, бәрін есімде сақтадым. Мен Чжао Лян мен Ши Гуге бұрылып қарадым. – Чжао ағатай, бауырым Ши Гу, мен кеттім. 

– Бара ғой, бізді ұмытпа… сонсоң теміржол сал! – деді Чжао Лян. 

– Иә, Сяошуй – мінезі қияңқы өзен, сал ағызатындардың тірлігі оңай емес…– деді Ши Гу. 

Мен таудағы шоссеге жеттім. Сяошуй өзені таудың бауырында ирелеңдеп ағып жатты, ал мен өзіммен қатар өзен жағалауы бойымен кетіп бара жатқан үш адамның сұлбасын аңғардым. Сонсоң мен ұзын құмдақ мүйісті көрдім, онда үлкен ағаш тұр, қасында өзгеріп кеткен, бірақ таныс салды байқадым. Көп ұзамай ол жерде Пань Лаоу мен оның серіктестері пайда болды. Мына жерден олар маған титтей қуыршақтар боп көрінді. Олар дереу іске кірісіп, ағашты бұтақтарынан босата бастады. Осы сәтте ол маған өте ыстық боп көрінді, мен кенет оларға жүгіріп барып, сонсоң еш айырылмастай болғым кеп кетті. 

Мен ұзаққа ағып бітпей қойған Сяошуй өзеніне қарадым; оның үстінде жеп‐жеңіл көгілдір тұман көлбеңдеп тұрды. Сяошуй сенде не бакендер жоқ, не семафорлар жоқ, не шамы бар қайықтар да жоқ. Сен таза бағыт‐бағдары жоқ өзенсің. Сен әрі әдемісің, әрі жадағайсың, бірақ сенде қаншама қауіп жасырулы, адамдарға соншалықты сор «сыйлауың» кәдік! Яо мен Шуньнің заманынан бері қарай сенің ирелеңдеген жағалауларың жайлы аңыздар туындағалы қашан, сен сол қалпыңнан әлі тайған жоқсың. Сен қашан жүзуге ыңғайлы өзенге айналасың, қайық пен сал бейқам сырғитын баяу өзенге қашан айналасың? 

Мен атамды және оның маған қатып қалған кәмпиттер салған дорбашықты қалай сыйлағанын есіме түсірдім. Қадірменді Сюйді де ойыма алдым – оны тезірек құтқару керек. Мен қолға үйретілген құстарынсыз қалған Лао Вэйтоуды да ойға салдым – енді оның жалғыз өзі не болмақ? Мен әдемі де ержүрек Гайгай қызды көз алдыма әкелдім – ол қызды оп‐оңай бағындыра алмайсың. У Айхуаны да ойладым: ол мұндай тірлікке тап болғанына торығуға тиісті емес, мен әлгі көзілдірік киген интеллигентті де есіме алдым – сөз жоқ, ақылды‐ақ жігіт, тек ақымақ болып ойнайтыны несі? Бұған қоса тағы шыбын‐шіркейдің біркелкі ызыңын, түнгі мысықтардың зәреңді алып жылағанын және ана ескі дөңгелектерді де еске түсірдім – мына тарих солар құсап бір орында неге тұрып қалмақ? Иә, біздің халық пен табиғаттың тірлігі қоса құйылып тасталғандай! Қарапайым адамдар қыстыгүні қардың бетімен жалаңаяқ жүреді, әрі тоңады, жаздыгүні оларды қайнаған күн пешке салғандай етеді, күздігүні өз аяқтарымен батпақ кешеді, ал көктемде ғаламат ашаршылықты бүлк етпей көтереді. Ал, мұндай сынақтан өтпегендер – олар тірліктің ұлылығы мен байлығын түсінбейді, оның қуаныштары мен қайғыларын саралай алмайды. 

…Міне, қызыл автобус та келіп жетті, мен сәл бүгежектедім де, ілгері шығып қолымды көтердім. 



Аударған Марал ХАСЕН,

Қарағанды шаһары, 2002, 16.03.16.






author

Хасен Марал

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...