АБАЙ ӨЛЕҢІНДЕГІ ҚАТЕ?..

ӘДЕБИЕТ
4922

Иә, Абай өлеңіндегі бір сөзге қатысты көкейімде түйткіл бар. Бала кезімнен. Мектепте, Университетте оқығанымда, шәкірттерге әдебиеттен дәріс бергенімде, осы сөзге келгенде санамда ылғи да бір бұлқыныс сезілетін. Балалығым темір жол бойында, қазақ музыкасының атасы, атақты ғұлама Қорқыт баба сүйегі жатқан жерде өтті. Бұқара, Самарқан, Үргеніш, Хиуа (Қиуа) деген сөздерді үлкендер аузынан жиі еститінмін. «Самарқанның көк тасы ерімей көктем шықпайды». «Әкең Бұқарадан келгендей сонша неге ыржаңдайсың». Алғашқысы жыл мезгілдерінің ауысуына байланысты айтылса, кейінгісі бала әкесінің Бұқараға барып сауда жасап, тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, кепкен жеміс-жидек, алуан тәттілер алып келгенін білдіретін. Мұндайда енді сол үйдің баласы қуанбағанда, басқа кім қуанушы еді. Үргеніш, Хиуа да солай. Қазақтар кіре тартып, сол жаққа барып сауда-саттық жасайды. Оларда қазақта жоқтың бәрі бар. Осындай білігіме көкейімдегі әлгі сөз көлденеңдеп киліккенде, жылт еткен шолақ ой атқан оқтай санамды тіліп зу ете түсетін: «Соншама жердің түбі ғой бұл Хиуа, қалайша?»

Осы күндері Қарағандыда үлкен қуаныш. Менің қырық жылдан астам әрлі-берлі жаяу жүріп табанымның ізі қалған көше «күн» көсемнің атында сіресіп тұрушы еді. Уақыты келгесін көлеңкедей жылыстап, орнын жыр көсемі Абай хакімге босатыпты. Елордада отырып барша қазақпен бірге бұл жаңалыққа қуаныштан менің де буыным босады. Бұл басы ғой. Жалғасы Октябрь ауданының Әлихан Бөкейхан атына берілуімен тыянақталар деп ойлаймын. Өйткені облысты қазір байсалды да байыпты, бәрін көптің қолдауымен, ақылмен шешетін мықты әкім басқарады. Жасыратыны жоқ, отарлықтың символ-белгілерін жоюға келгенде, Қарағанды ең қиын жер болатын. Сол қиын түйіндер осылайша оңынан шешіліп кетсе, бұл істің бүкіл солтүстікке үлгі болып, біртіндеп қарқын алып өрістеп кетері сөзсіз. Алла соған жеткізсін дейік.

Осындай қуаныш үстінде әлгі сөз тағы да бүйрегімде бүлк етті. «Атамұра» баспасынан 2002 жылы шыққан Абайдың өлеңдер жинағын қолыма алып, атақты «Сегіз аяқ» толғауына үңілдім. Міне, кішкентайдан таныс асыл сөздер:

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған...

Сыр бойындағы Қорқыт стансасының өзінен Хиуа тым алыс көрінетін. Өскен соң Абай туып-өскен Шыңғыстау – Семейді білдік. Абай болса, өмірінде Семей төңірегінен онша алыс ұзай қоймаған. Ал Семей қайда, Хиуа қайда? «Тағы» жабайы жануарлардың жалпы атауы, жабайы сөзінің синонимі. «Тағыны» құлан тектес жабайы ат деп те түсіндіреді. Шөлге шығып кетіп, қарау көрмей жабайыланып кеткен түйені де аталарымыз Тағы деп атаған болса керек. Олай болса, Абай мәтініндегі «Қиуа» сөзіне қатысты бір жаңсақтық бар сияқты. Абайдың өлеңдері де, «Қара сөздері» де қолдан қолға көшірілгені белгілі. Тіпті Абай өлеңдерінің әр басылымын салыстырсаң да, кейбір сөздердің синонимдік баламасы өзгергенін, сөздердің орындары ауысқанын табасың.
Абай не туралы жазса да біліп жазған. Мысалы, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» - тұнып тұрған сурет, астарлы философия. «Бүркітші тау басында, қағушы ойда...». Бәлі, аңшылықпен айналысқандар мұны жақсы біледі ғой. Өзім де аң атуға талай шыққанмын. Қарсақ пен түлкі де, қасқыр да, арқар да тау мен қыраттың жықпылы көп биігіне қарай қашады; жабайы түйсігімен топшылап, жеткізбей кетемін, тығылып қаламын деп есеп құрады. Адамнан айла асқан ба. Адамдар аңның, яғни тағының жүретін, қашатын жолын біледі. Қыр жақтан жолын кеседі, тағы байғұс жалт беріп ойға қарай зытады. Ал ойда қаруын кезеп қағушы тұр. Сонда... бүркітті аңшы, әрине, бүркіті төңіреген жақсы шолуы үшін, маңайдағы ең биік жерге көтеріледі. Бүркітсіз, қарулары садақ яки мылтық болса, аңның қашқан бағытын дәл байқап, жолын кесу үшін, әрине, қырдың қиясын таңдайды. Қашқан тағының бағытын байқаған бойда қырқаны қиялай шауып жолын кесуге ұмтылады. Тағы болса, аңшы қарсы алдынан шыға келгенде ғана жаны ышқынып, еріксіз кері бұрылады. Ал ойпаңда садағын яки мылтығын кезеп аңдушы тұр ғой. Қазақтың «Қуған алмайды, қаққан алады», дейтінінің бастапқы ұғымы осындай аңшылық төркінінен туған болар. Сонымен, байқасақ, «Сегіз аяқтағы» «Қиуа» сөзінің жұмбағы «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңде шешіліп тұр. Яғни, дұрысы «Қиуа» емес, «Қия» болу керек. «Қиядан шауып, қисынын тауып...». «Қисын» қашқан аң мен оның жолын кесетін аңшының түйісетін жері. Аңшының қашқан аңмен қиылысатын жерді – қисынды дәл есептей білуі. 

Енді өлеңдегі «Қиуаданның» орнына «Қиядан» сөзін қойып оқып көрейік:

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиядан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған...

«Қиуадан», «қиядан» буын сандары бірдей. Ұйқаста кібіртік жоқ. Көкейімдегі түйткіл тарқағандай. Бірақ менің бұл пікір-пайымыма кім көңіл бөлер дейсің. Кешегі Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов секілді ғұламалар айтпағанды айтатындай бұл өзі кім деп мән бере қоймас. Ақан серінің «Балқадишасындағы» түзу сөзді, тіпті Димаш Құдайбергенге де «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп ұятты етіп, қисайтып айтқызғандай, қалыптасып кеткен таптаурын жолдан шыға қоятын қазақ бар ма. Түзелу дегенді жек көретін, шежіреге жүйрік туа талант халықпыз ғой...

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...