Толымбек ӘбдірайымБАҒЫҢ НҰРЛАНСЫН, БАЛАМ! Әбуталап кәр...
Қалиакбар Үсемханұлы. Сыр тұнған «Сандық»
Елордада өткен «Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрмесі мәресіне жетті. 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық деңгейдегі бұл көрме биыл алтыншы рет өткізіліп, оған 70-тен астам баспа қатысты. Олардың арасында Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Ресей елдерінен келген баспалар да бар.
Көрме аумағында Абай алаңы жасалып, Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан 188 кітаптың таныстырылымын өткізгені де бұл көрменің артықшылығы ретінде есімізде қалды. Көрмені ұйымдастырушылардың бірі «Фолиант» баспасының күн сайын ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесуін, қолтаңба сессияларын өткізгені де көрменің көкжиегін кеңейте түсті. Міне, осындай мәдени іс-шараның қатарында жазушы, журналист Жадыра Шамұратованың «Сандық» кітабының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді.
«Сандықтың» бетін ашып, жиналған жұртқа жинақтың жай-жапсарын жылы лебіз, ыстық ықыласпен түсіндірген шараны белгілі ақын, аудармашы, әріптесіміз Дүйсенәлі Әлімақын жүргізді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қуаныш Жиенбай, ақын Оңайгүл Тұржан сыйлы қонақ ретінде қатысып, «Сандықтың» байлауын шешті.
Еліміздегі ықпалды баспаның бірі – «Фолиант» баспасы биылдан бастап жас жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Бүгінгі проза» атты жаңа сериямен кітаптар шығаруды қолға алыпты. Іші әрлі де нәрлі әңгіме мен новеллаға толған «Сандық» та сол бүгінгі прозаның бір бұтағы.
– Бүгінгі көрмеде зал адамға лық толғанын көріп, мынаған көзім жетті: қазір киім сататын базардағы адамдардың саны азайып, кітап жәрмеңкесіне келетіндердің саны артып келеді екен. Бұл біздің көңілімізге қуат, жүрегімізге шуақ сыйлады, – деп сөз бастаған Қуаныш Жиенбай, – «Сандықты» ашқанда, Жадыраның шығармалары оқырманды бірден өзіне тартып, жетектеп алып кететінін байқадым. Баяндаудан қашып, өз кейіпкерінің жан дүниесі арқылы айтпақ ойын жеткізуі де Жадыраның жазушылықтағы ең жақсы қасиеті деп түсіндім. «Сандыққа» сыйған сағыныш пен тағдыр да біздің бүгінгі өмірімізбен ұштасып жатыр. Қазақы ұғым мен ауылдың қоңыр тірлігін шығармада шырайын келтіріп пайдалану Жадыраның шеберлігінің айғағы деп ойлаймын, – десе; Оңайгүл Тұржан Жадыраның тақырып қоюдағы тапқырлығына тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағы мүшелігінің куәлігін тапсырды.
Әдебиет пен журналистика саласына жосылта із қалдырған Жадыраны бүгінгі оқырман жүйрік журналист, танымал жазушы ретінде жақсы таниды. Себебі «Алтын ордадан» тартып, «Астана ақшамында» жұмыс істеген аралықта ізденгіштігімен, өз кәсібіне деген адалдығымен, не жазса да жіті бақылап, жіпселеп қуып, індете жазатын шөгелдігімен өз әріптестерінен оқ бойы оза шапқан-тұғын. Әрине, тілшіні қарапайым ақпараттан тартып, көлемді очеркке дейін құлаш ұрғызатын журналистика мамандығының арбасына жегіліп жүріп, әдебиет дейтін әлемге де ат шалдыру кез келген тілшінің қолынан келе беретін жұмыс емес. Қанжілік қарбаластықты былай қойғанда, ақпараттық жұмыстың ауқымына үйреніп қалған диірменнің аты секілді ой мен бойды шеңберден шығарып, шексіз көркемдік әлеміне ұмтылу да екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Жұрт көркем әдебиеттен гөрі әлеуметтік желідегі өсек-аяң мен басы бар, аяғы жоқ қысқа жазбаларға көбірек көз жүгіртетін бүгінгі таңда кітап кеміріп, қаламын таянып, көркем шығарма жазып жүргендер де күн санап азайып барады. Бәрі тиын қуған нарық заманында өз жанын өзі баға алмай қалған әдебиеттің жазушы дейтін қауымды жарытпай жатқаны да жасырын емес. Ендеше «ораза намаз тоқтықта» дегендей, әдебиет әлеміне еркін самғап, жазушы болу да жанкештілікті қажет ететін жауапкершілігі күшті жұмыс. Қарымың мен дарыныңнан сырт, әуестік дейтін «әуейілік» болмаса, әдебиет әлеміне аттап баса алмайтының да ақиқат. Жадыраның біз білетін бір ерекшелігі әдебиетті, дәлірек айтсақ, әдеби шығарма жазуды нан тауып жеп жүрген қызметінен әрқашан биік қояды. Жазғысы келген кезде қолына байлау болған жұмысын тастап кетіп, таза әдеби шығармамен айналысатын батылдығын да көзіміз көрді. Былайша айтқанда, Жадыра қызық үшін немесе әлдебіреуше жазушы атану үшін жол-жөнекей әдебиетке келе салған жоқ, үлкен дайындықпен, терең махаббатпен келді. Сосын да жаны қалап, жан-тәнімен берілген соң жақсы әңгімелер жаза алды. Оған республика көлемінде өткізілген байқауларда бәйге алған «Бейуақта ашылған құпия», «Сарымсақ қосылған ұлу еті», «Қара қазан» атты әңгімелері айғақ.
Осыған дейін «Секундтар арасындағы шексіздік», «Айтылмаған сыр» деген екі әңгімелер жинағын шығарып үлгерген Жадыраның қай шығармасын оқысаңыз да, қазақтың қарапайым өмірі мен күрделі дәуірлік бетбұрыстар кезіндегі жан дүниесінің жан айқайы жатады. Ең кішкентай детальдардың өзін оқиға желісімен шебер жымдастырып, оны кейіпкер образын ашудағы керемет тәсіл ретінде пайдаланатын Жадыра шығармаларында қисынсыз баяндау, орынсыз суреттеуге ден қойып, оқиға желісінен алыстап кету атымен жоқ. Сосын да оның шығармаларын бастап оқыған адам ортасынан тастап кетпейді.
Жадыраның «мені әңгімеші дегеннен көрі новеллашы деген дұрыс шығар» деген бір сөзі құлағымда қалыпты. Жадыраның адамның көңіл күйімен қатар, қиялына қанат бітіріп, оқиғасы тез басталып, ойламаған жерден аяқтап кететін осы бір әдеби жанрға жаны жақын екені шығармаларынан да аңғарылып тұрады. Адамның жаны мұңға бейім десек, аңсау мен сағыныш, бабалардың бекзат болмысы мен бүгінгі ұрпақтың рухани жақтағы ұсақтығы сол новеллаларының дәмін келтіріп, оқырманын тұшынтатын тұздығы сияқты.
Бүгінгі қаламгердің арасында «Журналистер ақпаратын жазып жүре бермей, әдебиетке араласып, журналистиканың қасаң тілмен әдебиетті құртты. Жазғандарынан публицистикалық шығармалардың сарыны есіп тұрады» деп қыжыртып жатады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ журналистика мен әдебиетке қатар қалам тербеген Жадыраның журналистік зерттеулерін де қоғамдық мәселе ретінде әдеби шығармаларына арқау етіп, оқырман ойында жүрген мәселені, іште жатқан сәбидің анасының бүйірін бүлк еткізгені сияқты, тулатып әкеліп ортаға салып, оқырманын еріксіз бас изетіп, ойлантып тастайтыны өзін «таза әдебиетпен айналысып жүрмін» дейтіндерде жоқ қасиет деп санаймыз. Жазушының бұл қасиеті «Сандықтағы» «Құрылысшы», «Парапсихолог» Пәтіркүл», «Үйінді астында», «Мен кінәлі емеспін»; «Әдебиет» порталындағы «Картон қабырғалы үйлер» сынды шығармаларында менмұндалап тұр. Мәселен, құрылысшылардың еңбекақысын уақытында ала алмай қиналатынын, өтірік балшылардың көбейіп кеткенін, сапасыз үйлерде тұрып жатқанымызды біздің әріптестеріміз аз жазған жоқ. Бірақ ол – бір-ақ рет оқылатын ақпараттық шығарма. Ал Жадыра дәл сол мәселені кейіпкердің жан дүниесімен байланыстыра отырып, өмірдің шындығы ретінде көркем образ, әдеби тілмен айшықтап көрсеткенде, мүлдем басқа шығармаға айналып, құлпырып шыға келеді. Мезеттік мәселеден өлмейтін образ жасау дегеніміз – осы. «Сандықтың» кереметі де осында деп ойлаймыз.