Мұқағалидың туған күніне орай "Қазағым-ай" атты поэтикалық концерт өтеді

ӘДЕБИЕТ
2563

2020 жылдың 5 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qazaqstan» ОКЗ камералық залында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай "Қазағым-ай" атты поэтикалық концерт өтеді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы", белгілі күйші Жанғали Жүзбайдың facebook парақшасына сілтеме жасап. 

Концертте «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисттері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Жанғали Жүзбай, Ардак Балажанова, Клара Төленбаева, ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, халықаралық және республикалық конкурс лауреаттары - Дінисламбек Жайлаубай, Ақерке Тәжібаева, Асқар Мұқият, Нұрлытаң Ермек және "Мен Қазақпын!" телевизиялық мега жоба жеңімпаздары - Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан өнер көрсетеді.
Кеш қонақтары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Айтбек Нығызбаев, Телман Құжиманов, Толғанбай Сембаев, халықаралық және республикалық конкурс жүлдегерлері - Перизат Тұрарова, Рүстем Нүркенов, Нұрқанат Тапиев. Бағдарламада Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен толғаулар орындалады.

***
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.


Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау - шапан,
Мынау - атың, мін»,- демей.


Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!


Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.


...Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...


***


Жақсы аттанды демессің сүйем десем,
Табынатын тәңірім, ием де - сен.
Адам болып күн кешу қиын маған.
Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем.

Сен менің сүйегім мен қанымдасың,
Жанымдасың, ұятым, арымдасың.
Саған деген махаббат дамылдасын,
Тек сенің топырағыңды жамылғасын.

Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек,
(Сырым бар саған айтар ішімде көп.)
Қомағай көзімді бір тойдыра алмай,
Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.

Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай,
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!...


madeniportal.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...