Қазақстан Тәжікстанның шекара қызметі үшін мамандар даярлап, шәкіртақы төлейді, деп хабарлайды maden...
Алматыда «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының премьерасы өтті
Кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында М.Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясының премьерасы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнер және мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері, және Алматы қаласының өнерсүйер қауымы қатысты.
Лық толы зал, аншлаг, риза болған көрермен қол шапалақтап, ұзақ уақыт артистерді сахнадан жібермеді. Бұл дегеніміз қойылымның өнер сүйер қауымның көңілінен шыққандығының айғағы. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында қойылған алғашқы комедиясы өте тартымды да қызықты сахналанды.
Қойылым режиссеры Жұлдызбек Жұманбай. М. Әуезовтің 1956 жылы жазылған «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясының екінші нұсқасына негізделген қойылымда ұлттық ойындар мен хореография спектакльдің көркемдік тұтастығын сақтайды.
Сонымен қатар қойылымда көпшілік сахналары мен халық әндері дәстүрлі өнеріміздің айқын көріністерінен сыр шертеді. Бүгінгі ұлттық рухымыздың қайта жаңғыруы тұсында көркемдік сипаты халықтың салт-дәстүр бояуымен әрленген қойылым жанр талабына сай жеңіл әзіл, махаббат шиелінісін, кейіпкерлер мінездерін, жеңіл музыкалық әуенмен оқиғалар байланысын көрсетеді.
Режиссер ұлттық салт-дәстүріміздегі халық әндері, айтыс, ұлттық ойындар, би қимылдарын қолдану арқылы спектакльге өң берген.
Басты рөлдерді сомдаған Дуйсембиева Жанерке,Утепова Құралай, Бекбауов Рауан, ИльясовЕсенай, Арипов Дәулет, Мырзахметова Лаура, Егінбаев Ерасыл, Есжан Әсет, Құдайбергенов Айбек, Пиязов Тимур, Исаев Нурболат, Агайдаров Ерғали сынды актерлар мен жыршылар Садықов Аманқос,Әлиев Ерсейіт,Ақбаева Нұршат және өзге де актерлар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Разида Тоқтарбекқызы «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Ақпарат және маркетинг қызметін дамыту бөлімінің редакторы