Заманауи өнер залы

МУЗЕЙ
4603

Заманауи өнер залы

Қазіргі заманғы өнер залы қоғамдық сананың жаңа бағыттарына бет алған суретшілер мен түрлі буын өкілдерінің шығармаларын қамтуды көздейді.

1990-шы жылдары бейнелеу өнерінде 1980-шы жылдардың соңындағы әлеуметтік наразылық пафосына қарама-қарсы бағыттағы жаңа ұлттық идея қалыптасты. Қол жеткізген тәуелсіздік сақ және түркі халықтарының рухани және материалдық бастауларының сабақтастығы мен үндестігін және өзара ықпалдастығын пайымдайтын түсініктерге бет бұрғызды. Нәтижесінде 90-шы жылдары бейнелеу өнеріне кедергі келтірген жағдайлар шешімін таба бастады. XXI ғасырдың басында әлемдік өнердегідей Қазақстан өнерінде де ортақ үдерістер байқала бастады. Бұл құбылыс біртұтас стандарттардың болмауы және суретшілердің сапа мен стильге қатысты жеке-дара өлшем қалыптастыруы түрінде көрініс тапты.

Жаңа кезеңде бейнелеу өнері өзінің таза концептуалды формаларымен және үйлесімділігімен біршама қоғамдық оң көзқарастар тудырып, үлгілі көрсеткіштерге қол жеткізді. Плюралистік қоғамда көптеген стилдер бірлік пен әріптестікте қатар өмір сүруі керек болды.

Рухани құндылықтардан бағыт-бағдар алған суретшілер символдар тілін қалыптастырады, шынайы әлемді метафора-белгілер, үйлестіру, теңдестіру әлеміне айналдырады. Дегенмен әр бағыт, әр стиль тақырыптың түрлі аспектілеріне баса назар аудара отырып, бейнелеудің мазмұнын шартты белгілермен бейнелейді. Соның нәтижесінде бейнелеу өнерінің реализм, символизм, постимпрессионизм, экспрессионизм, дадаизм, абстракционизм сияқты дәстүрлі бағыттары өздерінің барлық модификацияларында жаңа сапаға ие болып, бейнелеу өнерінің «өзекті өнер» деген жаңа бір түрі қалыптастырды.

Дәстүрлі реализм шеберлері тарихи маңызы бар оқиғалар мен тұрмыстық көріністерді, не болмаса тарихи тұлғаларды өзінше жаңарта отырып, тарихи тақырыптарға жиі қалам тербейді. Осы орайда олар тарихи құбылыстың немесе тұлғаның өздері ерекше маңызды деп санайтын қырларына жіті назар аударады. Өткенді осылайша жеке эмоциялық тұрғыдан «тану» көрерменге шығарманың мазмұнына терең бойлауға мүмкіндік береді.

Метафоралық және символдық реализм мифологиялық және фольклорлық материалды қазіргі заманғы адамгершілік мінез-құлқы мәселелерін бейнелеуде пайдаланады. Неореализм бағытындағы суретшілер бізді қоршаған заттық ортаны тіршілік көзі санатында қарастырады және адамның сол арқылы өзін таныта алатынын, алайда ол да  адамды қалыптастыра отырып, белсенді түрде әсер ететіндігін бейнелейді.

Әсіресе осы күні кең сұранысқа ие болып отырған символизм бағытының өкілдері кодификацияны жиі қолданады. Осы бағыттағы авторлардың шығармаларында қандай да бір зат, табиғи нысан, адам, немесе әдеттегі бір тұрмыстық эпизод мәнді бір құбылысты немесе ұғымды білдіреді: Отанға деген сүйіспеншілік, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы наразылық, адамгершілік мінез-құлық құндылықтары барынша насихатталады.

Пейзаждық кескіндемеде постимпрессионизм ерекше сұранысқа ие. Осы бағыттағы туындылар дүниені қуанышты сезіммен қабылдайды. Бұл туындыларда суретшінің табиғаттың сұлулығына, қуаты мен құдіретіне тәнті болуы көрініс табады. Авторлар үшін жайқалып өскен ағаштарды, жайнаған гүлдерді, жарқыраған күн нұрын, айналадағы заттарды аймалай ескен ауаны барынша нақты бейнелеу өте маңызды.

Экспрессионизм  эмоцияға бай жұмыстармен көрсетіледі, онда суретші сезімінің күш-қуаты: масаттанып таңырқау, шаттық, үміт, наразылық – қарқынды түспен және жылдам, жиі «дірілдеген» бояу жағындыларымен бейнеленеді және соның әсерінен заттың табиғи пішіні бұзылады.

«Дадаизм» стилінде жазылған символдық композицияларда әлем көбінесе лирикалық нұсқадағы көрінісімен беріледі, оларда тазалық пен бүкпесіз ашықтық, әлемді пайымдаудағы «балаға тән» қасиеттер басым болып келеді. Бұл «ересектер» құндылықтары мен түсініктерінің қатал әлеміне қарсы өзіндік бір наразылық болып табылады.

Абстракционизм шығармалары көбінесе қабылдауда күрделілік танытады, оларда суретшінің дүниеге көзқарасы автордың түсініктері мен сезімдерінің әлемін кейіптейтін геометриялық фигуралар арқылы танылады. Олардың конфигурациялары, бір-біріне қатысты орналасуы, түстері көрерменнің қабылдауы мен ассоциацияларына барынша еркіндік береді.

Өзекті өнер – заманауи мәдениеттің ең жаңа жетістіктерінің бірі. Оның сан алуан түрлері: перфоманс, хеппенинг, инсталляция, ассамбляж және т.б. түрлері бар. Осы эстетикалық түсініктер аясына о бастан бұл салаға жатпайтын заттар мен құбылыстарды енгізе отырып, бейнелеу өнері туралы қалыпты түсініктерге қарама-қайшылық тудырады. Бұл жерде осы заттардан мәдениеттің қандай да бір феноменін көре білген және көрерменге өзінің түсініктерін эмоциямен жеке тұлғалық тұрғыдан жеткізе білген суретшінің ұстанымы өте маңызды. Бұл – бейнелеу өнерінің ең бір әлеуметтік бағыттағы түрі.

Графика осы кезеңнің ең танымал өкілдерінің туындылары арқылы берілген. Олардың жанрлық қалаулары тарихи  жанрдан тұрмыстық жанрға дейін, пейзаж, портрет және т.б. болып келеді. Сондай-ақ экспозицияда осы өнердің барлық түрлерінің: акварель, сурет, офорт, литография, линогравюраның орын алуы маңызды болып табылады.

 

Жаңалықтар

Талдықорғанда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам бір күннен кейін өртенген көліктің ішінен өлі табылға...

Жаңалықтар

Қазақстандық 18 жастағы азамат “Қырымға соғысқа барамын” деген хабарламаның салдарынан ш...