Дидар Амантайдың «Біздің ауыл» атты эсселері

ӘДЕБИЕТ
5596

Дидар АмантайДидар Амантай(Эсселер кітабы)

БІЗДІҢ АУЫЛ

Менің туып-өскен жерім – Тоқтар ауылы. Қарағанды қаласында тудым, алты айлығымда әжем бауырына салды, қалаға бір келгенінде, сендер бала асырау білмейсіңдер деп студент әкем үйде жоқта, жас анамнан мені тартып алып кетті. 

Еркін өстім. Мені бетімнен қақпай өсірді. Көп оқыдым – ол енді әкемнің ықпалы. Мектепте жүргенде жиырма-отыз бет шығарма жазатынмын.

Оқуда – озат, еңбекте – алда.

Елдегі жұрт ғарышкер перзентін қатты құрмет тұтады. Ішер асын жерге қояды. Қарқаралыдан пай-ғамбардан басқаның бәрі шықты, бірақ, Тоқтар – жалғыз.

Бұрын – Қаратал, Тегісшілдік, Восток тәрізді атаулары болды, қазір – Тоқтар. Тіпті, патша заманында, Абралыдан ауып келген қырық үйлі қамбар ауылы атанған да кезі бар. 

Үш анам – қамбар. Жас кезімізде мұқабасы қатты, көлемі үлкен, дәу кітаптан Қамбар батыр жырын оқитынбыз. 

Негізі – қараның жері. Қара – Қасым Аманжоловтың руы. Қара мен Жаманқара ағайынды. Жаманқарадан біз тараймыз. Аталарымыз қырқалы жота мен Бесоба аралығын мекендеген, Асылбек асуы маңында көшіп-қонып жүрген момын жұрт екен. Дүзен, Әлихан дерегінде – Санар (Жүзен), адам саны жүзге толмаған шағын ата болса керек, байлары қыста сауып ішсін деп малын кедей ағайындарына таратып береді екен.

Дүзен қыздан көбейген деген сөз бар. Сондықтан, қыз балаға деген ықылас ерекше.

Тоқтар ауылында қараның барлық атасы тұрады, керейлер, кіші жүздің рамаданы, тамасы бар, қожа-лар, бірді-екілі төрелер. Біздің ауылдың төрелері қыр мұрынды әдемі боп келеді, аққұба, бойлары ұзын, қыздары сұлу.

Сосын, қамбар көп.

Іздегенге Әсеттің ағайын жұрты майлықтар да табылады.

Қарқаралы батысында жатқан бұл шырайлы елді мекен – қаймағы бұзылмаған, дәстүрі тозбаған, ұйып отырған қазақ ауылы. Іргесінен Жарлы өзені ағып өтеді. Жағалай – қалың шілік.

Ауыл бір-бірінің ата тарихын, шежіресін, жақсы-жаманды уақиғасын түгел біледі. Е, баяғыда паналайтын жер, қосылатын ел таппай қаңғып келген... деген сөзді талай естідім. Жарымаған – әдепкі нәрсе. Кемсітуге келгенде, алдарына жан салмайды, ал мақтағанда – жаңа танысқаныңа өзің де қуанып отырасың.

Жұрттың осы мінезінде балалықтың бір еркелігі, еркіндігі, естілігі жатқандай көрінетін. Ойнап айтып отыр ма, әлде шыны ма, оны екінің бірі айыра бермейтін.

Өкпесі көп ауыл еді. Бір-біріне ренжіген халық, татуластырмаққа арада жүрген ағайын-туыс, төрден биік жерді сұрамайтын, босағада қалып қойса, қатты намыстанатын ел-тұғын.

Алексейден басқа орыс көрмеген ауыл еді. Көрші бөлімшеде украин, неміс, бірді-екілі орыстар тұратын. Олар да қазақша сөйлейді. Жас кезімде екі тісім құлап қалған деп жүретін жамағайындарымыз еді.

Бірақ, тату ауыл. Барға – қанағат, жоққа – сабыр.

Кеңес өкіметі, құзыры партжиналыстардан ғана көрінетін, пионерге, комсомолға бейтарап, тіпті, мағынасын түсінбей кеткен сияқты жұрт еді.

Көзқарастары дербес, көңілдері сергек, көкірек көзі ашық, қызық ауыл болатұғын. Он тоғызыншы ғасырда жүрген қазақтар сияқты. Мал дауы, жер дауы, жесір дауы.

Ашаршылықта, соғыс жылдарында әкесі басқарма болған анам ауылды өзі басқарып отырғандай өктем сөйлейтін. Әй, Тілеш, мен саған қол жұмсағанды көрсетемін деп, жағынан тартып-тартып жіберетін. Тілеш ағамыз қасиетті адам еді, Қазиза анамыздың қадіріне жеткен, бір қарсы сөз айтпайтын.

Өзінің қамбарларына, тіпті, қатал еді.

Ауылда үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, басына күн туған ағайын-туысқа қол ұшын беру – үлкен бір дәстүр.

Ары-бері шуласып жүгіріп жүрген кезде, бізді тоқтатып алып, так, сен ақсақ Төлейбайдың ба-ласысың, сен ұрт Сапардың ұрпағысың, мынау кірме... марқұмның көзі деп ата-тектерімізді таратып айта жөнелетін.

Кірме деген сөз – ауыр сөз еді, бірақ үлкендер бір-біріне айта беретін.

Жақсы оқып жүрген немере-шөбересіне үш қойған мұғалімнің басына қара бұлт қаптайтын, бір уақытта қолына таяғын ұстап әжелеріміз көшеге, мектепке шығады. Әй, сенің училищелік ғана білімің бар, жоғары кластарға қалай сабақ беріп жүрсің деп бастайтын. Біздің Дидар бәрін біледі, оған төмен баға қоюға еш правоң жоқ деп бір-ақ қайыратын. Шешеміздің өктем сөйлегеніне ыңғайсызданып біз үнсіз қипақтап тұрамыз.

Әжем дау-шарды шешкен, елге билік айтқан, екі адамның таласына төрелік, кесім шығарған адам еді. Қашанда әділ, тура, анық сөйлейтін. Жұрт әжемді қатты жақсы көретін. Қазиза атын атамай, Кәзен тәте дейтін.

Елдің жағдайы төмендеген тоқсаныншы жылдары біздің ауылға да жоқшылық келді. Жұмыс азайды, ел Қарағандыға көшті, тастап-тастап кеткен үйлері қирады, ішіне мал кірді.

Кезінде көп қабатты тұрғылықты үйлер тұрғызыл-ған, ғимараттар салынған, тротуарлар жүргізілген, жол бойына қарағайлар егілген, көшелеріне гүл көшеттері отырғызылған дәулетті ауыл ту сыртынан тиген ауыр соққыдан ес жия алмай қалды. 

Басынан бағы тайды, шаңырағынан ырыс кетті, дастарқанынан молшылық жоғалды.

Қазір ауылға барсам, біртүрлі құлазып қайтамын. 

Әдемі сағынышымды күйініштің күйігі бұзады.

22.01.2019

ҮЙ

Біздің үй – бұрынғы совхоз директорының үйі еді. Жаңа көше бойына тұрғызылған, керегесі кең, шаңырағы биік, қарағайдан қиып жасаған сатылы, еңселі, жайлы қоныс болатын – екі қабатты. Өкіметтің ардагер ретінде атама берген сыйы. 

Әуелі, іргетасы алпысыншы жылдары қаланған қосмұрын үйде тұрдық. Менің балалық шағым сол жерде өтті. Сол жерде футбол тобын құрдық, қыста омбы қарда жабағы үйреттік, ала жаздай сол жерде асық тігіп, жасырынбақ ойнадық.

Көшенің аты жоқ еді, өзіміз Гагарин көшесі деп атап кеттік. Неге екені белгісіз, осы атау ұнады, тәрелкелерге мінген басқапланеталықтарды күтіп жүрген кез, қағаздан әріп қиып, бәріміз жазғы жейдешемізге Гагарин тобы деп сырлы бояумен жар-қыратып жазып алдық.

Бізге көрші ауданның балалары қонаққа келетін болды. Тәртіп бойынша әркім өз жерінде футбол алаңын жасауы тиіс еді. Қақпа тұрғызу қиынға соққан жоқ. Үйден керекті ағаш, түрлі бөрене, сырық тасыдық. Қарама-қарсы тараптарға қос-қостап жуан діңгек орнатып, үстінен екі жағын бір-біріне байлаған сырғауыл тастадық.

Үшкір күрекпен қазып алаң шекарасын айналдыра белгілеп қойдық. Келісілген күні, сірә, жексенбі болса керек, қарсы тарап келді. Тең жартысы – туыстарымыз. Бөле, нағашы, жиендер. Бірақ, көше мүддесі, топ мұраты әлдеқайда биік, жоғары. Бәріміз аса салмақтымыз. Көп сөйлемейміз, әңгімені қысқа қайырамыз, мәселе бойынша ғана тіл қатамыз. Төрешіні тағайындаған соң, ойын басталды. Қарсы жақ күштірек сияқты. Мен – бомбардирмін, жақсы жүгіремін, Сабыржан – қақпашы. Қарсыластарымыздың қақпашысы – Сабыржан екеуміздің нағашымыз Ерболат, лақап аты – Ләкө.

Ойынымыз – анекдот. Рухымыздың басымдылығын көрсету үшін түрлі қылжақ айтамыз. Ережепке қарсы тұрар кім бар деп көршіміз шығады. Допты бермей, елді шаршатып жүреді. Доп маған тигенде, мен қақпаны көздеймін. Бір тебемін – доп әуелеп ұшады. Түсінікті – доп қақпадан асып кетеді.

Соңында – пенальти. Ақыры – ұтылып қаламыз. Бірақ, келесі жолы ұтамыз.

Футбол төбелеске дейін апаратын еді. Сол кезде үшінші жақ кіріседі. Тыңдамасақ, жоғарғы лигадан шығарып тастайды.

Кейде сол кезде тұрған үйім түсіме кіреді. Бақыттың ордасы еді. Мен оқуда, еңбекте бейнетқор едім. Әлемді таң қалдыратын жаңалық ашқым келді. Ол жаңалықты іздедім. Сурет салдым, өлең жаздым, математика оқыдым, физикамен шұғылдандым, химия олимпиадаларына қатыстым. Орысша жақсы біледі деп мектеп мені ауданға, облысқа түрлі жарыстарға жібере беретін. Тіпті, агрономия саласы бойынша өлкелік конкурсқа барып-қайтқаным бар. Он алтыдан он жеті жасыма қараған шағымда Қуаныш Мақсұтовпен бірге (Қарағандыда) аудандық, облыстық ақындар айтысында бәйге шаптым. Бізді Жайық Бектұров дайындады. Жақсыкелді Кемаловтың сахнада ән салғаны есімде. Сосын, дүлдүл ақын Оңайгүл Тұржанованың сұқбат алғаны есімде. Жанымда тұрған әжем, өзіне бұрып ұлы нағашыларына тартқан деп айта бергені де есімде. Орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша, ауданда екі мәрте жеңімпаз атандым (бірінші орын, екінші орын), облыста – үшінші орынды да (1984), бірінші орынды да (1985) иелендім.

Ақындар айтысы өткен, Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың ескі ғимараты жанынан өтіп бара жатсам, әлі күнге шейін көңілімді белгісіз бір мұң қытықтайды, жүрегім елжірейді, жан дүнием төңкеріліп кетеді. 

Қысты күндері Арқада үй аса жылы, аса жайлы көрінеді. Қай үйге кірсеңіз де пеш үстінде буы бұрқырап шайнек қайнап жатады. Немесе, пеш шетінде ызылдап тұрады.

Малға жем бұқтырып беретінбіз. Үйдегі бірінші әңгіме, малға су бердің бе, жем бердің бе, қора таза-ладың ба...

Шөпті суырмамен тартамыз, сосын айырға іліп, оттыққа тастаймыз. Бас жібін тексереміз, босап кетсе бір-бірін мүйіздеп, сүзіп тастауы мүмкін.

Қаңтар-ақпанда туған бұзаудың күтімі ерекше. Мал төлдей бастағанда, далада – аласапыран, үйде, қорада – қарбалас.

Ауылдың қысқы суреті – ғажап. Күн суықта, шытымыр аязда түтін мұржалардан төтелеп тік шығады, ауа райы жыли бастағанда, көлбей ұшады. Қарға көмілген, терезелерін қырау басқан үйлер ертегі елінің ғимараттары сияқты көрінетін.

Қар омбылап күресетінбіз. Ауыл баласы – тапқыр, жомарт, көпшіл. Жоқ деген тоқтатпайтын, жоқ нәрсені қолдан жасап алатын. Уықтардан хоккей саптарын, машиналардың жуан балондарынан резеңке шайба қиямыз.

Әжем жеті сомға хоккей таяғын сатып алып бергенде, мен қатты толқып, толқыныс әсерінен, түні бойы ұйықтамай шыққанмын.

Бірақ, ауылдың ең беделді баласы – белсебет мінген бала.

Ауыл үйден басталады, қорамен аяқталады. Ескі үйлерді бұзып, кірпішінен жаңа үйлер қалайтын. Сондықтан, ауыл үйінің жасынан кірпішінің жасы әлдеқайда көп, үлкен болады.

Біз жаңа үйге көшкенде, мен бір жерге белгі қалдырып кетпеді ме екен деп, Жанардың қолы тиген ізін, өшпеген қолтаңбасын іздедім. Жанар – совхоз директорының қызы. Бір есіктің жақтауынан шағын жазу таптым. Соның қолы. Көмескі түскен, анық ажыратып, айырып білмейсің. Біздің жолымыз қосылмады.

Маңдайыма ауылдың қызы бұйырған жоқ. Қала ауылға айналды, ауыл – қыстаққа.

Кейін Сабыржан қолқалауымен ауылды тастап, Теміртау қаласына көшкен әжем жарықтық бір сөзінде, ауылға барғым келеді де тұрады, деп айтып еді. Сол – рас. Өскен үйім түсіме кіреді, өзім елді сағынамын. Адамның үйі жүрегінде екен... Біз паналайтын мекен.

24.01.2019

МЕНІҢ АТАМ

Кең өрісті, қау отты – жарықтық Қарқаралы өлкесін – жайлаған қалың қаракесектің жаманқара руынан шыққан дүзен ұрпағы Төлеубай дүниежүзілік қырғында, апат кешті. 

Бала шерік қан майданда дүние ақырын көрді, деседі, жаудың бетін тойтарып, отанға төнген қауіп-қатер сейілгенде, соғыстан шаршаған солдаттар ақырындап ұрыс далаларынан елге орала бастайды, жас бозбала ауыр жараланса да, қаншама уақыт қазылған ұраларда жатып аңсаған Қарқаралысына тірі қайтқанына қуанады, ұжым басқармасы, қырық үйлі абыралы қамбарларының белсендісі, атқамінері Құдайбергеннің қызы Қазиза анамызбен сөз байласып, қар сөгіле, жазға салым бас құрап, шаңырақ көтереді, қырда, Арқада, ертедегідей, ертегідегідей, ала қанат жон тазарып, топырақ дегдіп, жер құрғайды, алашапқын, аласапыран басылып, мамыражай шақ орнап, бейбіт өмір қалпына келеді. 

Бұл біртіндеп елдің әл-ауқаты жақсарып, жағдайы түзеле бастаған жайма-шуақ кез еді. Қарқаралы қаласындағы мұғалімдер даярлайтын училищені отыз сегізінші жылы, соғыс алдында тәмамдап үлгерген біздің ақсақал төрт жылдан астам уақытқа созылған ұзақ сапардан қайтқанда, жұртымен қауышқан жылы, тау етегіндегі қазақ ауылында, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргінге ұшыраған, халық жауы атанған – орыс, украин, неміс отбасы балаларын бір топта оқытып, қара танытады, ұстаздық етеді.

Нағашы жұртынан жұққан өнер, аңшылық, саятшылық құрған атамыз бос уақытында аң қағады, ит жүгіртіп, құс салады. Қысы-жазы жылқы баптайды, мал ұстайды. Әдепкі күндері тазылары қарашы үйдің босағасында, тіпті, кейде төрінде қозғалмай тыныстап жатады екен, тегі, дастарқанға бір жоламайтын қасиетті жануарлар болса керек. 

Төлеубай ақсақал өнердің қадіріне жеткен, домбыра тартып, күй шерткен, жиын-қонақта ән салған өнерпаз адам-тұғын.

Үйде Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Мәди, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Қаныш, Қасым, батыр Нүркен есімдері жиі айтылатын. Қайда отырса да, аузынан Ақбайдың Жақыбы түспейтін. 

Төлеубай атамыз жасында серілік құрыпты, ағаштан, темірден түйін түйе білген шебер ұста болған деседі. Қара мылтығын қабырға іргесіне сүйеп қойса, атылып кетеді деп үнемі кілем тұсталған төрдің биік тұсына, бала қолы жетпейтін жеріне шеге қағып, аңнан қайтқанда, оқ қалмады ма деп, мұқият бір тексеріп алып, ғадетінен жаңылмай, өз орнына іліп отырады екен. Қосауыз мылтық бертінге дейін үйдің көркі, керегелі әулеттің сесі, айбыны сияқты болды. 

Тау-тасты аралап, сай-саланы кезіп, бетпақ даланы шолып, қансонарда атпен де жүріпті, қар тобықтан асқанда, сыртқа шаңғымен де шыққан деседі. Іздің жұмбағын шешсе, жол қысқа болса, жаяулап та аттанып кете береді екен.

Әдетте, із – оқи білген аңшыға сөйлеп тұрған кітап. Көлденең жолыға қалған, жерде сайрап жатқан аяқ іздерінде түз тағысы сау ма, ауырып жүр ме, әлде жем аулап қайтып келе ме, тегіс жазылып тұрады, тіпті, іздің ескі-жаңасын айыруға болады. Тегінде, кәнігі, тіс қаққан аңшы әуелі ауа райына көңіл бөледі, әрине, әуелі жауын-шашынды, қалың түскен шықты ескереді.

Атам із кескенде, өкшесі, табаны қатты хром етігімен – үстінен басып кетпеуге тырысып – ізді жанамалап, абайлап жүреді екен. Бәрінен, әрине, сүрлеу-соқпақта із кесу қиын. 

Задында, іздің ұзақ сақталатыны да, тез өшетіні де бар. Дымқыл топырақ, су жағасы, демек, шөл қысып барғанда түскен, қайраңда жатқан көлденең іздер ұзақ сақталады, деуші еді атам жастық шағын кейде, кенет есіне алып. 

Рас, құмдағы із белгі емес, әдетте, қозғалғанша жатады. Жел соқса, оңай бұзылады. Қара жер, қатты топырақ жақсы – өлшеуге де, байқауға да ыңғайлы. 

Жарықтық, тас түйіршіктері аралас майда құм жан-жануар таңбасын ұзақ сақтамайды, әсілі, сусыма, қиыршық қардағы жаңа ізді ескі ізден ажырату тәжірибелі аңшыға да оңайға соқпайды, қар құм сияқты сусып, тез ойылады да, бедерін жойып, ойық-ойық жері қайта көміліп қалады, деп сыр шертіп оты-рады.

Аққұмай тазысы ескі із бен жаңа ізді шатастырмай, жортқан тағы не ілгері басқаның, не кейін жүргенін нақ, бірден айырады екен. Ол жаңа ізді байқаса, жөпелдемеде басын көтермей, аласұра жүгіре жөнелуші еді, деп ара-арасында күрсініп те қоятын. 

Төлеубай ақсақал Қарқаралы өңірін, қаралар ірге бекіткен, сонау Абылай, Қазыбек, Бұқар заманында жер үлескенде, еншіге тиген аймақтың тау-тасын, орман-тоғайын, сай-саласын түгел дерлік жақсы білетін. Түнге қалғанда, елді мекенсіз, бетпақ түз, айдаладан қараңғыда қымтанып жатқан ауылға жұлдыздарға қарап отырып жол тауып келетін. Шалғысы қашанда қайраулы, балтасының жүзі үнемі лыпып тұрушы еді. Шөп шапқаны қызық, бір ырғақпен жүре отырып қырқа асып кететін, бір кезде төбе басынан қарайып, бері құлап келе жататын. Біз, Бауыржан екеуміз кепкен шөпті шашау шығармай жинап, бір жерге шөмелеп үйіп тастайтынбыз. 

Бірде, егер, келешекте ғарыш ғаламында жаңадан ашылған, әлдебір жоталы жұлдыздар шоғыры киіз туырлықты көшпелі қазақтың құрметіне аталатын болса, онда алаш баласы бастаған сол топтың тозаңмен көмкерілген күңгірт жолында, сан ғасырлар, шексіз аспан сырын, дала құпиясын, уақыт жұмбағын ойында, бойында адал сақтаған адамзаттың маңғаз да айбатты сақшысы, асыл текті төбет қатар келе жатары сөзсіз, деп еді.

Бәрімізге белгілі, сақара жұрты ит біткенді екі топқа бөледі, бірі – будан ит, үйді қорып, қора-қопсы, шошала-сенекті төңіректеп, ауылды шолып, қарап жүреді, екіншісі – таза қанды, асыл тұқымды, ақ сирақ құмай тазылар не алып денелі, жалпақ төс, қысқа тұмсық, арлан төбеттер, аңға қосылады.

Атам екеуін де ұстады. Қарқаралы етегінде, Тегісшілдіктен ары, тау шатқалына жапсарлас Төңкеріс ауылында тұрған жылдары жиі саят құрған екен. Бір жылдары Алыпсоқ деген төбетім, Аққұмай деген тазым болды, деп ескіден әңгіме қозғайтын. Рас, Алыпсоқ сырт келбетіне қарағанда қасқырға ұқсас сырттан ит еді, бойы он үш қарыс, қалың құйрық жүндері көтеріліп, қысқа құлақтары ұшынан сынып тұратын. Кеудесі зор, аяқтары жуан, өзі – ала түсті.

Жауына қатал еді. Тұлғалы. Айқаса кеткенде, алапаты асып, қарсыласын жаншып тастайды.

Кезінде атам өтіп бара жатқан жолаушыдан қолқалап қоймай, бір жүйрік атына айырбастап алыпты, сөйтіп, күшігінен асыраса керек.

Жоны күдірейгенде, сұсты еді – дөңесті қабақ, жазық маңдайлы, жалпақ тұмсықты. Бірде, тамақ құйып жатқан әжеңнің, басын төменге салып, қабақ астынан қараған Алыпсоқтың қаһарлы көзқарасынан қатты қорыққаны бар-ды деп қүлдіріп қоятын. Сосын, шоқтығы биік жануар еді, мен қартайған шағында көрдім, бір орында жата алмай, бір тұрып, бір жатып мазасызданып жүретін еді. Жасында, жоны қат-парланып, серпінді денесі шиырылып атылғанда, айқасқан қасқырды қирата жығып үстіне құлайды екен. 

Алыпсоқ өлгенде, мен баламын, есімде, бәріміз жыладық. Жақсы, қасиетті, иесіне қалтқысыз адал қызмет еткен жануар еді. 

Аққұмайды аңға ертіп шыққанда, атам қолына аңды ұрып алатын, сабы ұзын дойыр қамшы, қайың сойыл, сосын, басы қатты, бұжыр-бұжыр шоқпар іле кетеді екен. Серілігіне куә көрші-қолаң, түлкіге ұзын құрық, тазыны байлап жетектеуге шылбыр ұстайтын-ды десетін. 

Атам ұзақ жүріске төзімді атты таңдаушы еді. Кейін, бойынан қайрат кеміп, жүріс-тұрысы қиындағанда, кейде, түсінде, көңілін мазалаған естеліктердің әсерінен бе, әлде, сағынышын баса алмай қала ма, үйдегі байлаулы аттың біріне ер-тоқымды салып жіберіп, айылын төстей тартып, Төңкеріс жаққа шаба жөнеледі екен. 

Тауға жеткенде, астындағы атын ойқастатып, бір өрлеп, бір құлдилап, қара мылтығынан дүркін-дүркін оқ атады-мыс, қиялданған жылқы жануар да иесінің қайғысын түсініп, адамның сай-сүйегін сырқыратып кісінейді екен. 

Көрген түстей өте шығар өмір шіркінде опа бар ма... Біріміз басы сайран жалғандығына, біріміз түбі ойран баянсыздығына опынамыз, бірақ, пенденің маңдайына жазған қуанышы осы, бақыты да, қайғысы да шолақ, жадысы – қысқа, ештеңе ұмытпағанда, салмағынан бел қайысар екен... 

16.01.2019 

МОСЫ

Үйіліп жатқан темір-терсек арасынан осы бір қара сирақ ұзын мосы көзіме таныс көрінді. 

Қасынан немқұрайды өтіп, ұзап бара жатып, қалт тоқтадым, бұрылып, қайта айналып келдім, кім біледі, мүмкін, атамдыкі шығар, тоқырау жылдары ауылдан қала базарына талай айыр-күрек, ескі шалғы, тістері қырқылған тырнауыш, сабы сынған кетпен, жарық балта, қалақ-көсеу жөнелтілді, апақ-сапақ кеште түнгі көліктерге асығыс тиелген көп жүктің арасында кетіп қалмағанына кім кепіл, бұл, әсілі, ұры-қары биік бағаналар басына байланған шақырым-шақырым тоқ желілерін үзіп, байланыс сымдарын қазып үлгермеген бастапқы жылдар еді. 

Қолыма ұстап көрдім, иә, сол, бір аяқтың желке тұсына Т деген таңба қашалған, белгі айқыш-ұйқыш түскен, атам қара төске көлденең қойып, елдікімен араласып кетпесін деп, елең-алаң мезгіл, пішенге барар алдында, балғасын тақылдата отырып қашаумен шапқан.

Белгі мені толғандырып жіберді. Балалық шақтың бақытты белгісін көргендей болдым. Кезінде, арбаға өзім көтеріп салған, кейін, үйге қайтқанда, әр кеш сайын қызыл кірпіш қораның шатыры астына тығып кетіп жүрген мосы алдымнан шығып отыр.

Япырай, а... дағдарыс жылдарын ұмытқан Қарағанды базарынан кездестіремін деп кім ойлаған. Төбе құйқам шымырлап кетті. Кенет көз жасым бұрқ етті. Жанарыма жас толды. Атам жарықтықтың көзі ғой мынау. Япырай, а... қайдан келді екен, неше-неше қолдан өтті, қандай-қандай қилы тағдыр кешті, кімнің қорасында, дәлізінде, сенегінде жатты.

Біреуге – көз, біреуге – шежіре, біреуге – мылқау темір.

Қолымды создым. Сатушы, сірә, аң-таң шығар, темірді көріп жылағаны несі деп ойлады ма екен, қапыда көзім түсіп кетіп еді, о, тоба, ол да көңілі босап, жылап отыр.

– Басы бүтін сіздікі, тегін бердім, ағай.

– Тәңірі жарылқасын.

– Сіз көзіңізге жас алған соң... 

– Рақмет, бауырым.

– Былтырдан жатыр. Ешкім алмайды, маған қайдан келгенін білмеймін, бір жыл болды, сатуға шығарамын, осы көз тоқтатқан адамды көрген емеспін.

– Кімге керек, қазір жаңаның мәнісін, ескінің қадірін білмейтін заман ғой. 

– Ай, осы естелік деген қиын нәрсе, кісі өлтіреді.

Пішенге бір ай бұрын дайындалатынбыз. Құрал-сайманды есік алдына шығарамыз, қорада жатып жыл бойы сіңген ылғалдың табы қайтсын деп, дымқыл иісі кетсін деп күн көзіне жаямыз. Алда күтіп тұрған сапар атам екеуміздің делебемізді қоздырып, қиял-армандарға жетелейтін. Атам шалғы жанады, айыр-күректің сабын ауыстырады, керекті заттарын түгендейді, мен қасында әңгімесін тыңдап отырамын, кейде маған қайыстың бір шетін немесе тырманың сабын ұстатып қояды, өзі тістерін түзейді. 

Атам құрал-сайманына ұқыпты адам еді. Әжем кейде балтасымен сүйек шаптыртатын, арасымен тоқпан жілік кестіртетін, ертеңіне атам жүзін сипап отырып соны біліп қоятын, содан кейін бір апта бойы жүзін қайырғанымызды айтып, ренжіп сөйлеп отыратын. Бір күні реніші басылғанда ара-балтасын қайта жөндеуге кірісетін, тісін түзеп, жүзін өңдеп, қалпына келтіріп қоюшы еді.

Үлкен арасын тістерін екі жаққа қарсы айырып ыждаһатпен мұқият егейтін, лыпып тұрған жүзі ағашқа түскенде жеңіл сырғып әрі-бері кедергі көрмей жүгіре беруші еді, жуан бөренелерді жылдам кесіп тастайтын, әдетте, жүзі кетеді деп бұтаққа салдырмайтын, жұмыс істеп біткен соң, өзі бас болып қолданған бүкіл құрал-сайманды орын-орнына қойғызатын.

Шөп шабуды, шалғы ұстауды үйреткен атам. Жүзі көтеріңкі болсын, сүйрете шабыңдар дейтін. Сол кезде тасқа тимейді. 

Біз сүйрете шауып келе жатамыз. Әлі күнге шейін шалғы ұстасам сол бір атам көрсеткен құлаш, атам межелеген екпін, атам бойымызға сіңірген дағды, бірден есіме түседі.

Шалғышының адымына дейін үйрететін еді.

Байып, сабыр, байсалдылық...

Қазір өмір тез. Өмірің өткенше ойланып үлгер-мейсің. 

Ойлансаң, өмір өтіп кеткен екен.

Бірақ, кешегі адамдар ажал туралы әңгіме қозғамайтын еді, айтқан күннің өзінде бүкіл қайғы-қасіреті бір күрсініспен шығып кететін.

Қуанышы – ұзақ. 

Той-жиынның тәрбиелік маңызы бар еді. Ойдағы-қырдағы балалар бір-бірімен танысады, сағынысқан үлкендер қауышады, араз ағайындар табысады. Өкпесін ұмытады, ақылға тоқтайды, мәмілеге келеді. Қазақ жүрген жерде, өнер жүреді. Әжем қазақ өнері ішінен бүгінгі айтысты ғана жақтыртпайтын. Беталды сөйлейді, кешегі айтыс қайда...

Бұрын ел жеңетін, елдік мәселелер көтерілетін. Тезге елдің абыройы түсетін. Айтыс кеңестерді тұжырымдайтын, кесімдерді түсіндіретін, кемшіліктерді түзететін.

Қазір – мақтаншақтардың айтысы. Әлеуметтік сипаты жоқ. Кеш бойы екі көздің аңдығаны – көлік. Кісілікті жырлаған суырып салма ақындар айтысқа тігілген автомобильдерді балалар үйіне, жетімдер мекемелеріне, мүгедек жандарға табыстағаны жөн. Сонда, айтыс халықтық сипат алады, ұлтына оралады...

Ақсақал – домбыра шерткен адам. Біздің үйде бәрі күйші болды. Алайда, маған жұқпады. Мен жақсы тыңдарман есебінде қалдым. Біржан салды жақсы көрді. “Жамбас сипар”, “Жонып алды”, “Сырғақты”, “Жалғыз арша”, “Жанбота”, “Теміртас”...

Бір қайғы – жүз қайғы. 

Ойды ой қуалайды, қапа мұңға жалғасады.

Мосы кезінде қат еді. Атам, жалпы, дүние таратпайтын, берген затына ие, алған нәрсесін айтқан күнінен қалдырмайтын.

– Басы бүтін сіздікі, тегін бердім, ағай.

Ол тізеден жоқ екен. Шолақ шалбары қапылыста, жұрт сапырылысқан нөпір ішінде бүтін көрінеді.

Кімнің көңілі бүтін, қазір бірін тоқтатсаң, бәрі де қиын ғұмырын бір сағат жыр қылады. Бала жігіт менің мұңыма ортақтасып отыр, қанша нәубет орнаса да, қандай қырғын жүрсе де, адамның кісілігі қалмайды, ізгілік көргенде, жақсылық жасағанда ұйықтап жатқан көңілмен бірге оянады.

Басы бүтін бергеннің – көңілі бүтін.

Алғанның да.

23.01.2019

КӨРПЕБАЙ

Сабыржанға, Айдынға, Төлегенге!

Қызық, Көрпебайды алғаш қашан көргенім есімде жоқ, бірақ, бір топ бала терең иірімге суға түсіп жүргеніміз жадымда. 

Ауылдан Көрпебайға жеткенше, сан алысатынбыз, атамандыққа таласып, күресе жөнелеміз, әдетте, мектеп мұғалімі үйреткен іштен шалу, тобықтан қағу, жамбасқа салу тәрізді әдістер қолданамыз – еркін күрес, қазақша күрес, самбо – бәрі тегіс араласып кетеді. 

Мен жықпасам да, алдырмай қоятынмын, қимылым тез, оң қанаттан солға, төбеден төменге, ұстатпай, асыра лақтыруға ыңғайына келтірмей, теріс сүріндіріп, жармаса кетуге үлгертпей, әккі палуанның өзін есебінен адастырып, жаңылыстырып, ақыры аңысына көнбей, аңдығанына түспей, мезі қылатынмын. 

Күн ысып, арқан бойы, тас төбеге көтерілгенде, біз де аңсап-сусап келе жатқан жарықтық Көрпебайға ілігеміз.

Көрпебай – Жарлы өзені иірілген тұс. Арнасы шұғыл, күрт бұрылғанда, жарып шыққан тұйық саласы, көлшік, атырау.

Арқада жаз қысқа, қоңыр салқын күндері көп, ұдайы жел, сосын, жауын-шашынды.

Өзенге көп түскіміз келеді. Судан шыққанда қалшылдап, дірілдеп беті әлсіз қызған құм үстінде ұзақ жатамыз. Бойымыз жылынбаған соң, қу отын іздеп шілік аралаймыз. Аз уақыт ішінде, бәріміз жабылып, шашылған, сынған, қураған ағаш бұтақтарын, түбір-томарларын жинап әкелеміз.

Отын құшақтап келе жатып жерден әнтек шығып жатқан ағаш түбірлеріне шалынып, бәріміз сүрініп-сүрініп барып құлайтынбыз. Тіземізді жыртамыз, қолымызды ауыртамыз, бірақ, оған қарап жатқан біз бар ма, у да шу, науқан үстіндеміз, от үйге қайтқанша сөнбеуі керек.

Қарқаралы таулары сол жағымыздан төніп тұрады. Қолмен қалап қойғандай жақпар-жақпар тастары шілде айында сағымданып, буалдыр тартып, алыстан мұнартып көрінеді.

Біздің ауыл – таулардың ең анық әрі тұтас көрінетін тұсы. Көш іркес-тіркес көшіп бара жатып бір уақ қатып қалғандай әсер береді. Керуенбасы – Шаңкөз. Басқа шыңдар – Жеті қарақшы, Жиренсақал, Бұғылы, Тағылы – орта деңгейде тұр.

Көрпебай – бір жылдық аңсайтын арманымыз еді. Жазда түскенімізді қыс бойы айтып шығамыз. Кімнің терең сүңгігені – ерліктің, күштіліктің белгісі. Яғни, үздік, озық адам. 

Жұрт, әдетте, бір-бірін алдайтын. Ақыр соңында кім тереңге сүңгігені түсініксіз болып қалатын. Сөзіне қарасаң, бәрі – герой. Бірақ, бәрінің де куәгері жоқ. Қай кезде, қай уақытта сүңги қойды белгісіз. Куәгерді талап еткен жұрт өздеріне келгенде, сөздерінен айнып шыға келетін.

Ауылда суға түсу – балалық шақтың ең бір бақытты кезеңі еді.

Суға тек қыздар ғана бармайтын. Бір жерден су табыла қалса, бүкіл ауыл баласы бірі қалмай жаз бойы жағасында жүретін. Күнге тотығып, жүзін жел қағып, көздері сығырайып...

Қыста Жарлы өзені қатқанда, бетінде хоккей ойнайтынбыз. Бірақ, мезгілдің патшасы жазға жететін қуаныш, жалпы, тіршілікте маусым, судың иіріміне, айналайын Көрпебайға жететін төңіректе, тіпті, өзен жоқ еді. Әлде, іздей қоймадық па, мүмкін, шынымен, таппадық па, Көрпебайдан асқан су бар деп ойламаппыз.

Қайран, Көрпебай. Ғабеңнің қос Шалқарындай, әлемнің мұхитындай көрген Көрпебай жарықтық.

Қазір Көрпебай жоқ, қалың шілік тусырылып, қуылған жаудай алыста жатыр, таяу жылдары құрып-шіріп бітетін шығар.

Қазір Көрпебай жоқ, бірақ, ол – менің жадымда.

13.01.2019

ӨМІРТАЙ ҚАПАНҰЛЫ 

Әр ұрпақтың өз өмірі бар. Бұл өмір әрбір жеке ғұмырдан біріге, құрала отырып, жас ұрпақтың Жер бетіндегі, бауыры бүтін жаңа тіршілік кеңістігін қалыптастырады, замандар өткенде, ұрпақ ауысады, кезегінше, ескі дүние жойылады, басқа кеңістік пайда болады.

Тіршілік – өмір кеңістігі. Өмір – түсінгенге өмір, мақұлықта, жәндікте өмір жоқ, адам ғана өмір сү-реді.

Түсінік – сана-сезімде, түйсік – санада жоқ, ол санадан тыс, үстінде не астында, адам да түйсік күшіне бағынады, бірақ, оны түсіне алады, тіпті, сырт көз тұрғысынан, басқа ақыл-ой тұғыры, тегінде, объективтік зерде биігінен, бөтен, бөгде тәрізді көз тастап, уақиға, құбылысқа қатысты дербес дүниетаным қалыптастыруға шамасы бар.

Өмір – өз жұмбағы, жеке құпиясымен өмір. Әркім өз ажалына сенбейді, бірақ, біреудің қазасын тез ұмытады. Пенде өлімді өзіне қатысы жоқ нәрседей көреді, тақап қалғанда, дайынсыздығын аңғарады, алайда, адам қашанда дайын емес, кісі баласы өмір сүре беруге ғана даяр.

Бірақ, өмірдің қызығына да шек бар. Шексіз – аспан ғана, сосын, Жасаған Ие. Тірліктің баянсыздығы – пенде бұ дүние қызығына тоймайды. Дүниені тұрлаусыз атап, біз тағы өмір дәметеміз. 

Бұйрықтан асқан меже жоқ. Бұйырды – кеттің. Құдайдың сөзі – өктем, әділ істің жүзі суық, нәтижесі – оң.

Оның атында да өмір бар еді, алды пейіш, арты кеніш болсын, иманды болғыр, жарық дүниені құлай сүйген құл еді, Алла тағала қасына алды, бауырына басты, екі жастың бірінен кейін – бізге бұйырмапты. Білген жоқпыз, жоспар құрдық, жобаладық, Өміртайға ертеңгі күнді, күн сәулесін көрмеуді жазғанын қайсымыз аңғардық.

Өмір қанша құпия болса, өлім де сонша жұмбақ. Ұлы діндер, құдыреті күшті Алла Тағала, пенде біткенді о дүниеге Жаратқан Құдай ғана көшіре алатын қабілетке ие екендігін алға тартады. 

Онда, не қылған қайғы, қуаныш қайда, шың-дауылдан күркіреп шыққан дабыл үні қайда, сауын айтып шақырғандай астың сауап дастарқаны басында жақсы сөздер, жарқын тілектер айтылуы тиіс емес пе, қайран Өміртай қалқа, мектеп жарыстарында алдымда қалқайып бірінші жүгіріп бара жататын едің. Біріншіге, біріншіліктерге неге асықтың, бірінші кеттің де қалдың, дөңгелек жүзің, қой көздерін, бітпейтін, таусылмайтын әзіл-қалжыңдарын мүдіргеніне, жоғал-ғанына басқа сенсе де, менің сенетін түрім жоқ.

Қазақтың жақсысы едің, алаштың ардақтысы едің. Жолбарыс та, арыстан да бойыңда, қайтіп тығырыққа тірелген қасқырдай шауып, арпалыс үстінде, ажал-ға қарсы тұра алмадың, құлағанша қасқайып, жығылғанда, сұладың, пышақ жүзіндегі қай жаққа ауып түсері белгісіз үш күндік күрес – өмірге деген махаббатың, жарық дүниеге деген сағынышың еді.

Сағыныштың үзілмейтін әдеті бар, ән боп шыр-қалады, жыр боп айтылады, ертегі боп шертіледі, әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, шөбереден неменеге, неменеден туажатқа... сөйтіп, ақыры бір тайпа ел болады, сол кезде шаншар Өміртай дегенде, ұрпақ айбынды, айбарлы ұран тастағанда, соңында қалған жұрт, задында, әлде бір ауыл, әлде бір болыс, әлде бір дуан, әйтеуір қара орман халық болып атқа қонары сөзсіз...

Сол – рас!

Қош, Өміртай дос.

Алматы, 18.02.2019

ҚҰСНИ-ҚОРЛАН


Анарға! 

Жаны пейіште шалқысын...

Қайран, Құсни.

Шіркін, Құсни-жамал, Құсни-Жамал-Бегім. 

Құсни-Ғайып-Жамал-Бегім, санасы көрген жоқ – көзі көрді, күндердің күнінде, апа, мен бұл қызға үйленемін, деді, қайдағы, біз оның жаназасына бара жатырмыз, қарт ана қапалы тіл қатты, ол қыз жоқ, түн қатып ұзақ сапарға шықты, кім біледі, о дүниеде бақытты шығар, айықпайтын дертпен арпалысып кетті, қалқатай.

Ол түсінбейді. Туған адамның өлетінін білмейтін кезі. Тіпті, апасына ілесіп келе жатып, өрімдей жастың қазасы өмір сүретінін бір сәт ұға алар емес. Ғұмырда – ажал, өлімде тіршілік бар екендігі ой-санасына кіріп-шықпайды. 

Күн – суық. Қара желі өңмендеп өңірі ашық тұстан өте шығады. Теректер тегіс жалаңаш, топ қайыңдар шоғырланып бір-біріне тығылып тұрған тәрізді. Жылқы тау асқан, мал қораға кірген қараша мезгілі. 

Қара күз.

Есінде, Құсниды жеті жасында көрді. Әлде, бес жасында ма еді, көктем уағы, жазғытұрым тұс болатын, барған үйінде Құсни ыдыс-аяқ сүртіп тұрды. Қолындағы тәрелекелері өзінен үлкен, көздері – қарашықтай, жүзінде қамырық мұң бар, кенет күліп жіберді. Күлкісі қандай әдемі, келбеті күлкіге шомылды. Күлкіден ауызүй, кіреберіс жарық бөлме одан сайын қатты жарқырап кеткендей көрінді.

Содан бері ол Құсниды ұмытқан жоқ. Түнде түсіне кірді, күндіз есінен шықпады. Мал іздегенде, үлкендердей таяқ ұстап, үйінің қасынан өтіп бара жатқанда, тосын сағынышы оянып, қимастықпен қайыра кері бұрылатын. Құсни кейде күлімсіреп көк шарбақтан үнсіз қарап тұратын. Үстінде ала көйлек, шаштары қосбұрымдап қазақша өрілген.

Екеуі сөйлескен емес. Ол үй шаруасына ерте араласты, апасы өрістен мал келмегенде, қызыл іңір жоқ іздеуге жиі жұмсайтын. Адасқан қой, күйіс қайырып жатқан сиыр ақшам жамырап, ымырт жабылғанша тапқызбайтын. Әдетте, бөтен қой жоқ па деп ауыл аралаған жоқшылар шағын елді мекенді қараңғы түскенше әрі-бері талмай кезіп жүретін. 

Оның есілі-дерті – Құсни. Зәулім үйін, кең ауласын көргенше асығатын, қауырт жеткенше көңілі елегізіп, елеңдеп, кішкене жүрегі алып-ұшып, дүрсілдеп қоя беретін. Кеудесін жарып, қасқалдақ құстай сымпылдап, ұшып шығатындай көрінетін. Құснидың шарбақтары арасынан қай жерде өзі тұрғанын басында таппай, тік қарай алмаған қалпы, көз қиығымен қайта-қайта үй жағын жіті шолушы еді. 

Бір күні ол Құсниға үйленемін деп шешті. Тіпті, ертең емес, қазір. Құснидың Қарқаралыға көшіп кету қаупі бар.

Ол жас өмірге қатер төнгенін білмеген еді. Құсни төсек тартып жатып қалғанын да естіген жоқ.

Аяулы Құсни ұзақ науқастан қайтқанда ғана оны көрсетуге апарды. Ол өлімін түсінген жоқ, көпке дейін Құсни Қарқаралыдан қайта оралады деп күтіп жүрді.

Қазір де, Қарқаралы жаққа, елге жолы түскенде, туған аулына соқса, ала көйлегін киген Құсни сол бір ескі үйдің көк шарбақтары арасынан ұрланып тығылып қарап тұрғандай көрінеді.

12.01.2019

ШОҚПАРТАС

Шоқылар таусылып, қара жол ашылғанда, Шоқпартасты көріп, бәріміз тегіс үнсіз қалдық. Жа-рықтық, қырқаны айналып, өкпе тұсынан шыға келгенімізде, қарсы алдымыздан асқақтап көрінді. Үстімізден қиял-ғажайып ертегілер қаһарманы Таусоғар төніп тұрғандай болды. Басы қазандай – ала-бөтен, бет-жүзі айқын, қол-аяғы балғадай, денесі біртұтас – алапат, анық, бөлек-бөлек. Қалқиып тұрған қалпы, сақарада, Жетіқарақшы етегінде шалғын кешіп, орман жағалап, омыраулатып келе жатқандай. 

Бір-біріне тақталап қаланған жақпар-жақпар тастары әлі есімде. Қолмен қойылғандай, тиянақты, мұқият, шақ. Шоқпартас фэнтези жанрында түсірілген бүгінгі трансформерлер тәрізді. Расында, көрген адамға бір сәт, тосын жан бітіп, қозғалып, жүріп кетердей әсер қалдырады. 

Тоқтар Оңғарбайұлы атындағы бұрынғы Тегісшілдік ауылында, ескі заман, көне дәуірден, Арқадағы Қарқаралы таулары Төңкерістің ту сыртында тұрған атақты Шоқпартастан басталады. Төңкеріс – сонау, ертеде, соғыс жылдары, майдан даласынан ауыр жараланып қайтқан атам Төлеубай Қосылбекұлы мен әжем Қазиза Құдайбергенқызы екеуі отау тігіп, шаңырақ көтерген құтты жер. Бұрын жуан ата, әлді ру атанған Қаракесектің бір тармағы, қалың қара елінің кең жайлап, ірге бекіткен, жаз жайлауы, қыс қыстауы алаңсыз отырған, қырық үйлі Қамбар ауылына қатар жатқан – құнарлы от, жайлы қоныс мекені.

Еңселі, биік болса да, Шоқпартас Қаратал жақтан көзге түспейді, қойнау ішінде, тақағанда, жер жарылып, астынан шыға келгендей, ғайыптан, бұрыла бере, көз алдыңызда көлденеңдеп тұра қалады, етегі толған – жеміс-жидек, құлпынай, таңқурай, жабайы бүлдірген, сауыры – әр жылдары қаптап түскен белгі, таңба, жазулар. 

Бірі қашап, бірі бояу жағып, ретсіз, тәртіпсіз жазған. Күлкен (1947) соңынан Гүлсім (Аңқаш, 1948), Гүлбарам (Күбәш, 1952), Майраға (1954) тіркес Зайра (Жәйкен, 1957), Зәурештің (Ілдік, 1958) есіміне Бақыт (1960), Бибігүл (Битән, 1962) жалғасады. Қабырғасында әр отбасының өз шежіресі тұр. Ауыл балалары, әдетте, тұстастарымен бір топта жүреді. Жазу жыл сайын жаңарады, ескісі өшпейді, қасынан жаңасы жазылады.

Шоқпартасқа саяхат жасаған мектеп түлектері, ауыл жастары, әр ұрпақ жақпар тастардан қаланған, сандықтас шоқылардай асқақтаған жартас іргесіне аты-жөнін жазып қалдыруды өзіне міндет санаған сияқты. 

Соңғы рет Шоқпартасты мен – сол бір жас аруды іздеп барғанда, көрдім. Арада, жеті жарым шақырымдай жол жүрдік. Күн жылы, жайма-шуақ жаз мезгілі болатын. Шоқпартасты көргенде, бәріміз тегіс үнсіз қалдық. Күркіреп сөйлеп, даурығып келе жатып, сап тиылдық. Жаяу-жалпылаған шағын топ, қауырт жүргіншілер шоғыры қалт тоқтады. Енді, көп жылдар өтті, біраз нәрселер ұмытылды, бірақ, содан кейін Шоқпартасқа жолым түскен жоқ.

Қазір ауылдарда кісі азайды, туған жерден ес кетті, ел арасында қарым-қатынас, байланыс, туыстық үзілді, жақын-жуық қалаға көшіп алды, грейдерлер тозды, сүрлеулер сілемі жоғала бастады, кеше жұрт жиі баратын жерлердің жолдарын шөп басты, тұйықталды, бітелді, үйір-үйір тағы жан-жануардың тұяғы тиіп, үнемі жаңарып жататын жалғызаяқ соқпақтар бетін қаптай, қаулай өскен бұталы өсімдіктер, жабайы ағаштар жапты, тұрмысының қиюы қашқан, тең жартысы басқа жақтарға босқан, ауған, қоныс аударған жұрт атақты киелі орындарын ұмытты. 

Мен Шоқпартасты ұмытқаным жоқ. Әрқашан, ауылды есіме алған күндері, таң ата түсіме енеді, содан ерте оянып кетемін, көзім ілінбей, қайта ұйықтай алмай, жастық шағымды аңсап, бала кезімді армандап, қиялға беріліп, ұзақ жатамын. Кейде көзіме жас келеді. Неге екенін өзім де түсінбеймін... мүмкін, сағыныштан шығар, кім біледі, қол жетпеген мұрат көп, әлде жалған дүние баянсыздығы, опасыздығы, пәтуасыздығы мұңға байлап, жанымды жабырқата ма, үйге соққан сайын елден келген әр қонақ, кешегі қайғыны қозғап, көңілімді бұзып, ауыл жайлы әңгімелер айтады, сосын, екі-үш күн толқып, толғанып, естеліктер әсерінен айыға алмай жүремін, бірақ, сол әңгімені, негізінен, өзім бастаймын, шын мәнісінде, мен қалаға сіңген жоқпын, махаббатым – балалық шағым өткен аяулы қырқа жондар, қыр етегі, күрең тобылғылы сардала, қыс ақ түтіні мұржасынан созылған, жаз сағымданып мұнартып жатқан қайран елді мекендер. 

Сол жақта мені, бала Дидарды жас ару әлі күтіп жүргендей көрінеді.

Шешенқара,  25.05.2019

Cоңы

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...