Марат Тоқашбаев: ЖАДЫМЫЗДАСЫҢ, РАХЫМЖАН!

ӘДЕБИЕТ
2448


Өткен ғасырдың 70-90 жылдарында қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырған, Жетісудың талантты ақындарының бірі Рахымжан Өтегенов болатын. Марқұм тірі болса 70 жасқа толар еді. Оның жырларындағы мөлдір сезім, тұнып тұрған табиғат суреттері, адамдық пен адалдық, махаббат сырлары оқырманын баурап алатын. Екеуміз Шелек кентіндегі Абай атындағы орта мектепте бір класта бірге оқыдық. Шығармашылық жолымызды қатар бастадық.
Рахымжан көз жұмғанша ширек ғасырдай қазақ баспасөзінде жемісті еңбек етті. Әріптестері оны ақын ғана емес, тамаша ақ мылтық журналист ретінде де білетін. «Жетісу», «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Қазақ радиосында Рахымжанның журналистік іздері сайрап жатыр. Бірақ оның өз қатарында дара орны бар ақын болғанын баса айту керек. Рахымжанның «Жас керуен» (1969). «Көктем тынысы» сияқты ұжымдық жинақтарда, одан кейін «Ақ шуақ», «Көңіл көктемі», «Арманымның ақ құсы» сияқты жеке жыр жинақтары жарық көрді. 60 жылдығы тұсында таңдаулы өлеңдерінен құрастырып «Сыбаға» атты кітабын шығардық.
Асыл досым 1993 жылы небары 44 жасында дүние салды. Одан бері де міне, 26 жыл өтіпті.
Рахаңның ауылда өз қолымен еккен шыбықтары бүгінде дараққа айналды. Артында қалған ұл-қызы азамат болды. Тірі болса дәл бүгін 70-ке толғанын тойлап жатар еді. Марқұм ауыл тіршілігін ғажап жақсы көруші еді. Әрі оны сүйсіне жырлайтын. Рахаңның төменде ұсынылып отырған жырларынан сол ауыл суреттерін танисыз. (Ал мына сурет Жазушылар одағындағы Рахымжанның 60 жылдығына арналған салтанаттан түсірілген).

БАСТАҢҒЫ
Ауылдың кеші еді майда лепті,
Жиылып үлкен-кіші тойға кетті.
Он жеті, он сегіздер қалып қойып,
Бастаңғы жасау біздің ойға кепті.

Қысыла шашымызды тарап қойып, 
Біз жүрдік қыз алдына шарап қойып. 
Құрбылар бойжеткенін сездіреді, 
Астымен көздерінің қарап қойып.

Отырып көрші қызға тамсанып біз, 
Сол күні тастық екен қаншалық біз. 
Жастықтың алғаш тартқан буы ма екен, 
Қосыла түн ауғанша ән салыппыз.

Бас қосып, дабырласып тасқан күні, 
Жастықтың қалықтайды аспанда үні. 
Неге екен, жиын-тойға барған сайын, 
Еске алам сол алғашқы бастаңғыны.

ЖЕҢЕШЕ

0, жеңеше,
Бүкіл ауыл мақтаған
Жүзің сенің аппақ шығар мақтадан.
Қаймақ қатқан шайыңды әкел, сағындым,
Сүрің бар ма қайыныңа сақтаған?

Нең бар тағы, қайда сары қымызың? 
Ішсем-дағы қанбаспын-ау күн ұзын.
Жер түбінен жетелеген осында
Дәм шығар-ау, нан шығар-ау бір үзім.

Кім болады, құдаша ма мына қыз, 
Құлағымнан бұрынғыша бұраңыз. 
Менің жайым бірқалыпты бұл күні, 
Алматының бір шетінде тұрамыз.

Келемін деп ойлағам жоқ бұл күнде, 
Жетелеген бұлай қарай күлкің бе?
Неткен өзі дәмді-ақ еді, шіркін-ай, 
Өз қолыңмен сақтап қойған құртым де.

Бойжеткеннің қалаушы едің қандайын, 
Алматыға бара сала тандайын. 
Сені көріп қуанғаным шығар-ау, 
Тершіп бара жатыр мына маңдайым.

Болыпсың-ау бұл күндері жан-жақты, 
Әрбір сөзің жан сүйсінер салмақты. 
Мейіріңе де, шайыңа да қанықтым, 
Айналайын ақ жеңешем ардақты.

author

Марат Тоқашбаев

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...