Мейірхан Ақдәулетұлы. Қазақы Жанна Д-арк

СӨЗДІҢ АТАСЫ
10523

 немесе

кіші жүздің көктемірі 

...Қазақтың сол бір аруақ алқаған атақты қызының есімі ұлттық санаға баяғыда-ақ орнығуға, ұлттық өнегеге айналуы тиіс еді. 

Олай болмады. 

Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер атадан балаға жетіп, жұртшылықтың жадында қалды. Бірақ, көнере келе, әу баста ақиқат болған ертегі сияқты әдепкі әсерінен, тарихи, шынайы болмысынан ажырап, көмескіленіп кетті. 

Рас, біржола ұмыт болған жоқ. Қазақ поэзиясының классигі Ізтай Мәмбетов «Көктемір» атты поэма жазды, бірер қаламгердің мақалалары жарық көрді, музейлерге аз-мұз деректер қойылып, кезінде орыс суретшілері салыпты делінетін үлгімен жергілікті суретшілер оның әрқилы кескіндерін салып шықты. 

Сапура (Сапар) МәтенқызыСапура (Сапар) МәтенқызыБірақ, ол туралы жалпыұлттық пікір, елге ортақ сүйініш қалыптаса қойған жоқ.

Сол себепті, Сапура (Сапар) Мәтенқызының есімі қазіргі қазақы санаға мақтанш, өнеге, тұлға болып сіңісе алмай тұр. 

Сіңісуге тиіс еді. Француздарға ғана емес, күллі әлемге мәңгілік өнеге болып кеткен, тіпті, ұлы Абай есімін пайғамбарлармен қатар деңгейде атайтын Жанна д-Арк сияқты болып. Абай жазды: «Исаны ағашқа шегелеген, Мұхаммедті түйенің жемтігіне көмген, Жанна д-Аркты тірілей өртеген кім? Көп... Ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп. 

Сапура қазақтың Жанна сияқты киелісі еді. Ардақтысы еді. Ер етігімен сор кешіп, ат ауыздығымен су ішкен, ханнан қадір, қарашадан береке кеткен аласапыран заманда, сиырдың бауырындай болып бөлшектенген қазақ соның зарын аяусыз тартқан заманда адам санасына әзер сиятын өнеге көрсетіп, елді ерлерден бетер біріктіріп, қол бастаған, сөйтіп, жауын мойындатқан ғажайып тұлға еді. 

Және бір таңданарлығы — бүкіл әлем қадірлейтін әйгілі француз қызы, оның бүкіл бітім-болмысы, қылған ісі мен кешкен қасіреті де Сапураға қатты ұқсайтын. 

...Жанна д-Арк те француз халқы үшін соншалықты тосын, соншалықты аяулы қыз болған. Әлі де солай. 

Бұдан пәлен ғасыр бұрын, ағылшындардың қуатты әскері Францияның жартысына жуығын жаулап алған-ды. Үздіксіз жеңілістерден титықтаған француздар аяулы қаласы Орлеаннан да айрылып, үмітсіз күй кеше бастаған. Француз королінен бастап, айтулы әскербасыларға дейін құттары қашып тұрған кезі еді ол. Дәл сол үмітсіз кезеңде дүниені өзіне жалт қаратқан Жанна есімді қыз пайда болады да, француздардың рухы кенеттен асқақтай жөнеледі. Жасын біреулер 17-де, енді біреулер 20-да деп жазып жүрген Жанна д-Арк француз әскерін басқарып, Орлеанды жаудан азат етеді. Елдің аңызы бойынша, Жанна түсініксіздеу, томаға тұйық, әлдебір аруақтармен тілдесіп жүретін көріпкел қыз екен. Оның «Мен соғысқа баруым керек, әскерді өзім рухтандыруым керек» дейтініне біреулер таңданып, енді біреулер күліпті. Әлдебір сәтті күні жас қыз екі француз офицеріне жолығады да, «Әскердің басында мен тұратын болсам, біз ағылшындарды жеңеміз» дейді. Ақыры оның айтқаны орындалады — ақбоз ат мінген қыз әскерді шабуылға бастайды да, рухы жүдеп қалған әскер кенеттен күшейіп, бірден ондаған мекендер мен Орлеан қаласын азат етіп, ағылшындардың қалың қолын шегіндіріп тастайды. 

Кейін ағылшындар француздардың әскері мен әскербасыларының қолынан келмегенді істеп, даңққа бөленген қаршадай қызды қолға түсіріп, шіркеуге «кішкентай қыздың бұл істері ақылға сыймайды, бұл — жанын Шайтанға сатқан сиқыршы» дегізіп, инвизиция соты оны тірідей отқа өртеп жібереді.

Кейін, көп кейін француздар Жанна д-Аркты теңдесі жоқ қаһарман деп мойындап, оны француз шіркеуіндегі «әулиелер санатына» (лики святых) кіргізген...

Сапураның ерлігі мен таңғажайып істері де, тағдыры да сол Жанна д-Аркке өте ұқсас һәм табиғаттас.

Мұны нақты құжаттар мен тарихшы Нәйла Бекмаханованың бүгіндері ұмытыла бастаған тарихи еңбегі дәлелдеп бере алады. Бұл еңбек халық арасындағы сүйіспеншіліктен туған аңыз емес, нақты құжаттарға негізделген нәрсе. Біз сол еңбектің ізімен баяндап көрелік. 

Сонымен...

Сапура (Сапар) МәтенқызыСапура (Сапар) Мәтенқызы

***


...Қазекеңнің тарихы әзірге белгілі тұлғалар мен олардың өмір сүрген дәуірі, қылған ісі мен жеңіс-жеңілістерін баяндап беруден әрірекке бара алған жоқ. Қолда бар тарихи әдебиет пен тарихнамадан байқайсың: белгілі тұлғалар өмірін баяндайтын жазбалардан тұтас тарихты елестету, ең бастысы — үздіксіз өмір сүріп келе жатқан халықтың үздіксіз тарихын бояма-бұрмалаусыз түгел ұғу әзірге мүмкін болмай тұр. Білетінің — батырдың бәрі «қалмақпен соғысқан», ханның бәрі «елін билеген». Оның үстіне, әлгі белгілі тұлғалардың нақты ролі қандай болғанын да айқын ұғу қиын. Себебі, қазақ тарихы әлі бүтінделген де, түгенделген де жоқ. Өмір дегенің, қарапайым айтқанда, оқиғалар тізбегі, ол тізбек ешуақытта үзілмейді. Ал бізде мұны тарихшы қауым ескере бермейді: мәселен, Әбілқайыр хан дүниеден өткен соң Нұралы хан болды, сол кездегі заман, қоғам қайшылықтары нәтижесінде хандық билік жойылды. Содан соң ше? Сол аралықтарда не болды, халық қалай өмір сүрді, оның тұрмысы, билігі нендей күй кешті? Міне, осыны көзіңізге елестетерлік тұтас тарихнама жоққа тән. Бар, өте аз. Болмашы ғана. Үзік-үзік.

 Белгілісі: жүзге, тайпаға, руға бөлінгені өз алдына, Шыңғыс ұрпақтарының келе-келе бірер тайпаның ханы болып алып, бір-біріне бағынуды қойып, сөйтіп, қалың жоңғардан, Еділ қалмақтары мен башқұрттардан қайта-қайта жеңілгенін, қазақты бір орталыққа бағындырып, бір астанаға біріктірмейінше, қазақ халқының біржола жойылып кетерін ойлаған, жоңғар соғысында үш жүздің басын біріктіріп, тұңғыш рет ортақ жауды қирата жеңіп, қазақ жерінің басым бөлігін азат ете білген, Еділ қалмақтарын Жемнен бастап, Жайықтан асыра қуған, Қостанай мен Ақтөбе жерінің едәуір бөлігін башқұрттардан азат етіп, қазақ шекарасын патша жарлығымен заңдастырып берген Әбілқайырды — орысқа өзін де, қазағын да сыйлата білген нағыз қазақ ханын Орынбордағы орыс билігінің айтақтауына көніп алған, өзімшіл Барақ сұлтан қапияда өлтіргеннен кейін-ақ қазақтың берекесі қаша бастаған. 

«Егер оларды Әбілқайыр сияқты мықты басқармаса, қазақ хандығы деген түкке тұрмайтын нәрсе» деп, Петербургке қуана хабарлайды Орынбор губернаторы Иван Неплюев хан өлтірілген соң. Оның орнына келген баласы Нұралының тұсында қазақтардың берекесі біржола қашқаны, ақыры, сол тұстағы ханның қараулығы мен сұлтандардың алауыздығы, ашынған халықтың оларға қарсы ауық-ауық көтерілуі, орыс билігінің құйтырқы саясатының жүзеге асуы хан билігінің жойылуына әкеп соққаны белгілі. Содан соң... орыс билігі мызғымастай боп орнықты. 

Біз баяндағалы отырғалы отырған оқиғалар дәл сол, халық кімге ерерін, кімге сенерін білмей алақтап қалған тұста болған.

Хандық жойылғаннан соң орыс билігінің қысымы күшейе түсті. Әбілқайыр тұсында белгіленген заңдар мен келісімдер жайына қалды да, орыс билігі ондаған әскери форпосттар салып, казактар мен орыс шаруаларының қоныстарын есепсіз көбейтті. Қазақтарды жерінен, мал жайылымдарынан айырыла бастады...

Халықтың ыза-кегі шегіне жетіп отырған тұста Еділ-Жайық бойында, 1773 жылы Емельян Пугачев бастаған көтеріліс бұрқ ете түсті. Бұл ІІ Екатерина тұсындағы Ресейдің өмірінде әбден қордаланып қалған проблемалардың — шаруалардың басыбайлылығының күшеюі, орыс казактарының құқықтарын шектеу, қалмақ хандығының (Еділ бойы) жойылуы, т.т. кесірінен туған зобалаң болатын. Неміс королі ІІ Фридрихтің жоспары бойынша, 1745 жылы германдық София Августа Фредерика Ангальт-Цербтская, православие дінін қабылдаған соң — Екатерина, орыс тағының мұрагері Петр Федоровичпен некелеседі. Петр патша Петр үшінші деген атпен таққа отырады, ал 1762 жылы Екатерина ұйымдастырған төңкеріс болып, патша өлтіріледі де, неміс әйелі «Екінші Екатерина императрица» атанып, таққа отырады. Оның манифестімен үш жыл ішінде отыз мың шетелдік Ресейге көшіріледі. Олардың басым көпшілігі екі астана мен Саратов губерниясына орналасады. 1773 жылы 105 неміс колониялары құрылып, алым-салықтан босатылады. Ғылым Академиясы ашылып, оған Ломоносовтан өзге орыс қабылданбай, тек қана шетел ғалымдары алынады. Жергілікті халықтың және зиялылардың «миын, санасын қалаған қалыпқа түсіру үшін» Еуропадағы иезуиттердің штабы Питерге түгелімен келіп, барлық салада жұмысқа кіріседі, билік пен зиялы қауым балаларына шетелден келген гувернерлерді жалдап, солардың тәрбиесіне беріп, ақсүйек қауым өзара француз, неміс, ағылшын тілінде ғана сөйлесетін болады. Шаруалар күллі бала-шағасымен басыбайлыға айналып, патша оларды байлар мен ақсүйектерге үлестіреді. Қара халықтың да, орта дәулеттілердің де жағдайы өте қиындап кетеді...

Дәл осы кезде Жайық, Еділ бойы казактарының төңкерісшіл ахуалы күшейіп тұрғанынын, жалпы халықтың наразылығын пайдаланған Емельян Пугачевтің көтерілісі тез қанат жайып, ашынған казактар ғана емес, орыстың қара халқы соның соңына ерді. Пугачев «Петр үшінші — менмін. Мені өлтірдік дегендері өтірік. Сендер біріге қимылдасаңдар, Катяны жазалап, әділдік орнатамын» деп, халыққа өзінің «жарлықтарын» таратады. Оны башқұрттар, хандығы таратылған қалмақтар, мещеряктар түгелдей қолдайды. Пугачевтің көтерілісі Жайық казактарының жерлерін, Орынбор губерниясын, Орал мен Кама бойын, Башқұртстанды, Батыс Сібірдің бір бөлігін, Еділдің орта және төменгі жағалауын қамтиды. Оның өкілдері қазақ арасында үгіт жүргізіп, Досалы сұлтан сияқты бір топ қазақ ақсүйектеріне «Сарытау мен Хажы-Тарханды, қазақтың ежелгі жерлерін қайтарып берем, әділдік орнайды» деп уәде береді. 

Бұл қазақ арасында орыс езгісінің күшейіп тұрған кезі еді. Орынбор губернаторы И.Неплюев патшаға (1747 жылы) «Кіші жүздің бір-екі ұлысын жас балаларына дейін қырып тастап, қайсақтардың үрейін туғызуға» рұқсат сұрайтын заман осы.

1773 жылы басталған көтеріліске орыс шекарасына жақын аймақтағы қазақтардың едәуір бөлігі келіп қосылады. І.Мәмбетовтың бір поэмасында Кәрім деген батырдың Пугачевпен достасуы, қалың қолмен келіп көтеріліске қосылғаны айтылады. 1773 жылдың күзінде көтерілісшілер Орынборды қоршап, 1774 жылы Қазанды басып алады. Бүкілхалықтық сипат ала бастаған көтерілісті басуға 1774-жылдың күзінде патша әйел Пугачевке қарсы әйгілі қолбасшы А.В.Суворовтың кәсіби әскерін жұмсайды да, қыркүйектің 12-сінде Пугачев қолға түсіп, аяусыз жазаланады, оны қолдаушыларды түгелдей талқандау үшін барлық аймаққа, қазақтар арасына да жазалау отрядтары жіберіледі. 1975 жылдың көктеміне дейін қазақ арасына келген жазалау отрядтары қазақтардың қанын аяусыз төгеді. Қазақтың Нұралы хан бастаған билеушілері халықты жазалауға сыбана кіріседі — кезінде халық жағында болмағанмен, әліптің артын бағып отырған билеушілер енді орыс билігінен «өз отбасыларын бүлікшілерден қорғау үшін» жиі-жиі әскер алдырып отырады. 

Дәл осы тұста халық арасына «Үшінші Петр тірі екен, қазір Қырым жақта жүр, Қазанды қайта алған соң Орынборға да қайтып келеді, соны қолдауға әзір болыңдар» деген хабар мен «Әділ патшаның жарлықтары» тез тарап кетеді. Мұны, сірә, толық талқандала қоймаған көтерілістің басшылары таратса керек. 

1775 жылдың күзінде Кіші жүздің Ресей жағындағы аймақта отырған Табын және Тама руларының арасында бір адам пайда болып, аты аңызға айнала бастайды. Дала қауесеті оны Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш, Жанкөрмес, көбіне Көктемір деп атайды. Өзін Пугачевтің қолдаушысы санаған Көктемір күресті жалғастыруға үгіттейді. Оның ұрандары Кіші жүзде орасан зор көлемде тарап, Көктемір көтерілісі тез арада халық қолдауына ие болады. 

Көктемірдің ұрандары халыққа адам айтқысыз әсер етті де, шынайы басшысыз, көсемсіз қалған қазақ «Үшінші Петрдің» келеріне, әділдік орнатарына, Сарытау (Саратов) мен Қажы Тарханның (Астрахань), арғы тарихтан бері қазақтың жері болған, бұрынғы Көшім ханның жұртының қазақ иелігіне айналарына, әсіресе, әйгілі Әбілқайырдан тарағанымен, өз халқын қорлыққа салып қойған Нұралы ханның өнегесімен, орыс көмегімен өз халқын қанап отырған бай-бағыландардың азары мен азабынан құтыларына қатты сенді. Әсіресе, өзі көрінбейтін, «қазақты үнемі қолдайтын», ұлы құдіретті аруақ — Адамға, оның «қазақты жауға алдырмайтын аруағына» деген халық сенімі ерекше еді. 

Халық тез арада қол жиды, аяусыз соғысқа әзірленді. Ал сол қалың қолды... Сапура Мәтенқызы дейтін 22 жасар қазақ әйелі бастады. Ол о бастан-ақ аруақты, арқалы қыз саналған, қазақша айтсақ, «аруақ қонған» ер болмысты, еркек мінезді адам болған. Ауық-ауық аруағы ұстап қалатын Сапураны жұрт бұрыннан білетін. Әдепкі күйеуі өлген соң әмеңгерлік жолымен қайнысына қосылған Сапура сол тұста халықтың аруақты көсеміне, ардақтысына айналды. Өзін көзге түспейтін, бірақ бар екендігін жұртқа жиі білдіріп тұратын құдіретті аруақ Көктемірдің нұсқауын мүлтіксіз орындайтын адаммын дейтін Сапура «Көктемір бізге бірің қалмай жиылыңдар, жаудан қорықпаңдар, сендерді мен барда еш дұшпан ала алмайды. Бәрің ұлы Қобданың жағасына жиылыңдар, ол жер сендерді барлық қиындықтан сақтайды» деп жатыр деп, халыққа үздіксіз хабар таратты. Тарихшылардың айтуынша, Көктемір қозғалысын Досалы, Сейдалы сұлтандар қолдап, бағыттап отырыпты. Олардың айтуынша, «Үшінші Петр» — Пугачев «біз жеңіске жеткен күні күллі қазақтың ханы Досалы болады» деп уәде берген көрінеді. 

Бұл рас сияқты — кезінде Пугачев көтерілісіне қазақ басшылары қолдау көрсетіп, оның нұсқауымен шекараны жағалай орналасқан, жыл санап көбейе түскен орыс бекіністері мен деревняларына жиі шабуылдар ұйымдастырған. Кезінде Пугачевті қолдаған Орта жүз сұлтандары мен басшыларының үлкен бір тобы тіпті, Абылай ханның өзі де тілектес болған. 

Көктемірдің өзіне келсек, оның бойындағы күш-қуаты мен құдіретін қазақтар ерекше дәріптеген. Көктемір деп аталатын төрт аяғы бар адам Ордада тұрады, адамша сөйлейді. Ордасынан шығып, екі-үш тәулік бойы жоғалып кетеді, адам көзіне түспейді, қайта оралғанда өгізше өкіріп, бураша азынайды. Ал Ордаға келгенде ауық-ауық күндей күркірейді. Оған тек Сапура ғана қызмет етіп, айтқанын жұртқа жеткізеді. Төрт аяғына етік киеді, басы адамдыкі, құлақшын киеді, өзін моншақты бұқамын дейді, мүйізі өгіздікіндей үлкен, ал бүкіл арқасы темір, сондықтан Көктемір атанған көрінеді. 

Көктемірдің нұсқауымен атқа мінген Сапура Мәтенқызының әскері аз ғана уақыт ішінде екі мың адамға жетті. Таңғаларлығы сол — қазақ даласындағы айтулы батырлар да дәл Сапура (Сапар) Мәтенқызы сияқты қолды тез жиып, орыс бекіністеріне шабуылды тез арада бастамаған-ды. Аз ғана уақыт ішінде Көктемірдің Қобда мен Елек аралағына орналасқан әскері Красногорск, Чернореченский, Елек қамалдарына шабуыл жасап, көптеген орыс деревняларын талқандады. Олардың жеңістері қалың қазақ жұртына рух беріп, Көктемір-Сапураның әскері көп ұзамай он мыңға жетті де, Верхноуральск, Қызыл, Таналық, Орск, Ильин, Гурьев бекіністеріне шабуыл жасай бастады. Күшейе түскен Көктемір қозғалысы Сарытауды (Саратов) шабуға бет алды. 

Бұл кезде Сапура-Көктемірдің әскерінің саны 10 мыңнан асқан болатын. Көтеріліске Табын, Тама руларынан басқа Шөмекей, Шекті, Төртқара, Кердері Жағалбайлы, т.б. Кіші жүз руларының жауынгерлерінің қатысуымен Көктемір идеясының халыққа кең жайыла бастауы орыс билігіне арқа сүйеген Нұралы, Айшуақ хандар ғана емес, ресми орыс билігін де қатты қорқытты. Мұндай тосын, рухы ерекше биік, бүкілхалықтық, ұйымдастырылуы күшті қозғалыстың күллі қазақ халқын біріктіріп жіберуі әбден мүмкін еді, себебі, ру-ру, тайпа-тайпа болып әр сұлтанның, әр ханның соңына ергендіктен, тоз-тозы шыға бастаған ел дәл осы жолы адал мақсат-мұрат үшін, өз арасынан — қара халықтан шыққан Сапура мен оның адал достарының соңынан ерген-ді. Мұнда әр сұлтан мен әр рубасының өз пиғылы мен есебіне орай әрқилы мінез шығаруы, әр саққа тартуы мүлде жоқ болатын. Пугачев көтерілісі тұсында Кіші жүз ғана емес, Орта жүздің Ертіс, Тобыл, Есіл мен Үй бойында көшіп-қонып жүрген қалың қазағы жерін кеңейтіп, жағалай орнап қалған орыс бекіністеріне қарасты жерлерді иемденуге талпынғанымен, өз жерлерінен айрылып, орыс ауылдарын шауып жүргені белгілі. Абылай ханның орыс билігіне қайта-қайта өтініш айтып, жайлым сұрағанынан да, беріде тым болмаса, өз жерін жайлап отырған қазақты ығыстырмауын өтінгені де аяқсыз қалғаны белгілі. Сол себепті, Орта жүздегі наразылық Пугачев тұсында да, одан соң да күшейіп кеткен-ді. 1773-75 жылдары Кенжегали, Қыпшақ, Қаракөл, Керей, Тартоғай, Егінбайлы, Атығай, Арғын, Найман, Тортуыл, Шақшақ, Уақ-Керей болыстары Пугачев көтерілісін түгелдей қолдады. Тобыл бойын жайлаған Кіші жүздің Тілеу, Тама, Рамадан, Жағалбайлы, Жаппас рулары да сол ұлы топқа қосылды. 

Дәл осындай қобалжулы жағдайда отырған қазақ даласына Көктемір көтерілісінің кең тарап кету мүмкіндігін ойлаған патша үкіметі 1776 жылы қазақтардың қобалжуын басу үшін бірнеше амал жасады. Біріншіден, Екінші Екатерина қазақ халқымен есептеспеуге болмайтынын ескеріп, халықтың жер, жайылым мәселелерін шешу, оларды бейбіт жолмен орыс империясына жақындату ыңғайын табуға кірісті. Екіншіден, қазақ билеушілерінің тілін тауып, орыс билігіне біржола, бейбіт жолмен бағындыру амалдарын жасады. Патша әйел Сыртқы істер Коллегиясына «губернаторларға оларды (қазақтарды. – Ред.) еркелетіп ұстап, өз шекарамызға жақындата түсуге ерекше назар аудару... олардың хандары мен билерінің көңілдерін тауып отырып, бұратана халықты бұрын қалыптасқан тату жағдайға түсіру, сауданы күшейтіп, біздің империямыздың мүдделері мен ұтымдылық пайдаларын реттеуді мықтап ескерту керек» деп жазды.

Мұның бәрі аруақты әйел, атағы тез шыққан халық қолбасшысы Сапура Мәтенқызының — «ол айтқанын істейтін» мифтік Көктемірдің халықты тұтас, бір мақсат үшін жұмылдыра білгенінінің, оның саны күн санап өскен әскерінің Ресейдің өзіне қауіп төндіре бастағанының нәтижесі еді. Қазақтар өте батыл, ақылды, тапқыр, қалың елдің әскери қимылдарын ұйымдастыруға шебер, аруақты қызды қатты қадірледі, оның бұйрықтарын айнытпай орындады. «Мен — Көктемірдің бұйрығын жеткізушімін. Оны сендерге көрсететін құзыр менде жоқ және ол мүмкін де емес. Оның қылышының жарқылының өзі көздеріңді басыр етіп тастайды. Оның бұйрығын орындасақ, жеңістерге жете береміз» дейтін Сапураның өзі де ерекше, сұсты жауынгер болатын. Оның соңына ерген табын Қалыбай, тама Қыдыр, Садыр, Жанболат пен Тауболат, жағалбайлы батырларының қолдары Кирсан, Ертіс, Гавенвардск бекіністерін қоршап, көптеген казак хуторларын талқандағаны, Краснояр, Чернояр елді мекендерін басып алып, Сарытауды (Саратов) шауып алуға беттегені туралы құжаттарда айтылады. Сапураның жұмбақ Көктемір айтты деген болжамдарының бәрі айнымай келіп отырды. 

Көктемірдің кім екенін, қазақ арасындағы шынайы жағдайды анықтау үшін Орынбор губернаторы Рейнсдорп татарлар Ғубайдулла Адғамов пен Рақымқұл Ибраевті саудагер ретінде қазақ арасына барлаушы етіп аттандырады. Олардың қайтып оралған соң жазған баяндаулары орыс билігін одан әрі үрейлендіре түседі. Қобда мен Елек арасында орналасқан ауылдардың бәрі Досалы сұлтанға қарасты ел болатын. Көктемір көтерілісін 1776 жылдың көктеміне дейін қолдап келген Досалы орыс әкімшілігіне байланысқысы келмегендіктен (оның арманы баяғы Пугачев берген уәденің орындалуы болса керек), көпестерді Көктемірдің аулынан екі верст жерде тоқтатып, старшындары мен ұлдарын ертіп, сөйлесуге өзі келеді. Көпестерді кідіртуге тәуекелі жетпеген сұлтан өзіне бағынышты рулардың Көктемірді қолдап кеткенін, өзіне бағынбайтынын, бұзылған халықтың бұларды өлтіріп тастауы мүмкін екенін, «көшбасшы етіп қосуға сенімді адамның болмай тұрғанын» айтады. Сұлтанның айтқаны рас еді, «...қырғыз-қайсақтар бұл саудагерлердің орданың жерімен жүруге жол бергені үшін сұлтанға ызаланып отырған». 

Көрінбес Көктемірдің елі екі мың үйлі жұрт болып Қобданың сағасына жақын жерде отыр екен, ауылға жақындағанда татарлар «түсініксіз, адам дауысынан гөрі, кернейдің бе, өзге нәрсенің бе дауысына ұқсайтын» қорқынышты дауысты естіп, зәрелері ұшады. 

Ауылдағы Көзкөрместің киіз үйі — Ордасы оқшаулау жерге орналасқан, төбесінде жарты айлы, мешіттегі сияқты белгісі бар тұрақ екен. Татарларды діни ғұрып бойынша, аттан түсіріп, босағаны және Әулиенің қазынасы сақтаулы сандықты сүйдіреді. Көпестер Көзкөрместің көңілін аулау үшін, оған арнап сандық үстіне інжу-маржандар қояды. 

Үй ішінде татарларды ет пісіріп жатқан қазақ әйелі қарсы алады. Көзкөрмес Көктемірдің көріпкелдік қасиетін тағы бір дәлелдегісі келгендей, әйел кеше ғана оның: «қара, қаба сақалды, бір көзінің ағы бар елші келеді, Ибраев деген сол» дегенін айтады. Ал түнде әйелдің арқасы ұстаған, «ол біреу қорлап, ұрып-соғып жатқандай түн ішінде үш рет шыңғырды, ертеңгілік көзі көгеріп кетіпті». Әйел түнде «Көзкөрместің келгенін, ауылға көпестерді кіргізгенімізге ренжігенін, олардың қауіпті кісілер екенін ескерткенін» айтқан. 

Ал келесі күні әйел шаңыраққа қарап отырып екі-үш минуттай есінен адасып барып, «әулие келе жатыр» деп, қонақтарды сыртқа шығарып жібереді. Киіз үйдің жанында тізерлеп отырған көпестер тағы да «үш рет қорқынышты, мағынасыз дыбыс есітеді де, киіз үйдің қабырғасынан сыртқа шығып тұрған (тесіп өткен!) қырғыздар айтып жүрген қанжардың жүзін көреді, оның кірш еткен дауысы темірдікі сияқты» дейді. Көзкөрмес олардың губернатордың айтуымен «қазақтарды барлау үшін келгенін, ол жақта (Ресейде — Ред.) бүліндіріп болып,осы жерді де бүлдіргелі келгенін» айтып, көпестерді кінәлайды. Үйден естілген әйел дауысы үкім шығарады: «Қылышты алып, сонымен Адгамов пен Ибраевты турап тастаңдар, әйтпесе, олар зияндарын тигізеді, олар орданың құпияларын білуге келгендер». Алайда, көпестер киіз үйден ұзаған соң жендеттеріне пара беріп, аман қалады.

Олар ауылдан құтылған соң бірер күн Қобда мен Елек аралығында жүріп, жұртпен тілдескеннен кейін мынадай тұжырым жасаған: «Көзкерместің атымен соның барлық іс-қимылын істеп жүрген, елден қолдау тапқан, бала кезінен өзіне жабысқан сатани рухтың көмегіне сүйенген әлгі әйелдің өзі... қазір оның өзге күйеуі бар, жиырма екі жаста, аты Сапара (Сапура — ред.), табын руының адамы Мәтеннің қызы, күйеуінің айтуынша, түн сайын оған әруақ келеді, ол сонымен сөйлеседі де, арқасы ұстап қалады. Бұрынғы күйеуін қазіргі үкіметтен қашып жүрген қалмақ өлтіріп кеткен соң өлген күйеуінің інісі Жанбалтаға тиген, сол кезден күні бүгінге дейін Сапура өзінің әлгі ісін жасап жүр, оған күйеуі де өз мүддесі үшін көмектестеді, ал Досалы сұлтан балаларымен бірге осы әйелге тілеулес». 

Феодалдық ортаға әйел заты билік жүргізе алмайтындықтан, Сапура көтерілісті жалғастыруды халыққа құдіретті Көктемірдің — киелі әулиенің атынан айтады. Ол өте ақылды, тапқыр адам болатын. Өз қиялынан туған Көктемірді ол өте шеберлікпен жасырып, «мен сендерге қалай көрінем, қылышыма көздерің қарығып өлесіңдер ғой» дегізеді. 

Қазақтардың «Үшінші Петрдің» келеріне деген сенімін Сапура мүлде күшейтіп жібереді. Қазақ қана емес, патшаның қатал саясатына шектен тыс наразы, әбден ашынған орыс халқы да, Пугачевті қолдаған башқұрттар, татарлар, мешерлер мен казактардың басым бөлігі де Пугачевтің тірі екеніне де, қайтып ораларына да риясыз сенген еді — халыққа әділ патша керек болатын. Оның тірі екендігі туралы хабарды, көпшілігі жазаланғанымен, тағы соншасы тірі қалған, Пугачев идеясына сенген оның қаруластары мен тілеулестері таратқан-ды. Ал әділ патша, әсіресе, қазақтар үшін керек-ті. Бұрын да талай рет талқандалған Пугачевтің өз күресін қайта жалғастырғанын білетін халық оны шынымен күтті. «Емелька тірі, оның орнына өзге біреуді жазалаған, нағыз Емелька қырғыздардан жаңа әскер жасақтап алып, қайта келе жатыр, оны күтіңдер» деген, «Бели-бей селосынан 200 верст жерде әртүрлі халықтан құралған ұлы армия жасақталып жатыр, башқұрттың отыз мың қолы, қазақтардың санында есеп жоқ, Жайық казактарының жиырма мың, басқа халықтар да көп... Пугачев енді Қазанды қайта алады да, әрі қарай барады...» деген хабарлар халыққа кеңінен тараған... 

Осындай қауесеттің Көзкөрмес Көктемірдің айтқандарынан айырмашылығы жоқ болғанымен, қазақтардың өз мүддесі бөлек еді — олар орыс патшасынан еркіндік алуды, тоналып жатқан елін, жерін қалпына келтіріп, дербес, азат өмір сүруді көздеген. «Сендерге Орынбор мен Оралды, өз жерлеріңді қайтарып беремін» делінеді Пугачев атынан таратылған жарлықтарда. 

Сапура үгітті де, орасан зор әскери қимылдарды да 1775 жылдың күзінде бастаса, 1776 жылы оның серіктерінің арасында күмән мен күдік көбейе бастады — Пугачев келмей қойды. Досалы сұлтанның отбасының әсері арқылы Көктемір қозғалысының қимылы үкіметке қарсылық идеясынан алшақтап, шекарадағы барымта-сырымтаға айнала бастады. Досалы мен оның ұлы Сейдалы патша чиновниктерінің ықпалымен қазақтарды башқұрттарға айдап салды, ал бұл патша үкіметінің көтерілісшілер арасына іріткі салу арқылы, оны түбегейлі басып тастауының көрінісі еді. Ақыры сол жоспар орындалды да. 

Қазақ билеушілері орыс патшасының асырандысына айналып болғандықтан, Көктемір көтерілісіне үзілді-кесілді қарсы еді. Сол тұстағы Нұралы хан үгіт үшін сыйлы кісілерді, тіпті ол кезде араздаса қоймаған Сырым Датұлын да (кейін өзінің түбіне сол Сырым жеткен-ді) көктеміршілер арасына жіберіп отырды. Өзіне Досалы сұлтанның бәсекелес екенін білген соң Нұралы хан қара халықты өшпенділікпен жек көрді. Оның үстіне Пугачев кезінде «Нұралы ханды қабырғасына шынжыр өткізіп, асып қоямын» деген-ді. 

1776 жылдың наурызында қазақтардың башқұрттарға қарсы соғысы саябырсып қалған еді. Көктемірдің ауылдарында 1500 адамы бар әскер қайта жиналып, «башқұрттарды талқандап, тонау үшін Уфаға дейін баруға» аттанғалы тұрғанда елді Көктемірдің өзі тоқтатыпты. «Мен сендерді бұрын да башқұрттарды шабуға бастап барғанмын, бірақ қазір қоя тұрыңдар. Жер кепкен соң шабасыңдар» деген бұйрық айтылды. 

Қысқасы, Көктемір көтерілісінің тоқтауына қазақ биліктілерінің арамза ниеті себеп болды. Көтеріліске о бастан қарсы Нұралы хан губернатор Рейнсдорпқа: «Егер Қобда мен Елек бойында отырған қарақшыларды өз қылмыстары үшін лайықты түрде сіз қатал жазаламасаңыз, жаз келген соң мына жолынан адасқандарға өзгелер де көптеп қосылады. Сізге жап-жақын жерде, Елек пен Қобда бойында өз басшысы Досалымен бірге отырған қарақшылар тобын, Табындар мен Тамаларды сіздің неліктен аяп отырғаныңызды көріп, мен қайран қалып, таңданып отырмын» деп жазады көтеріліс қанат жая бастағанда. «Мен оларды түгелдей қырып, үйлерін өртеп жібермек болып барып едім, әлгі қатын бүкіл ұлысымен Қиыл бойына көшіп кетіпті» деп жазады хан кейінірек. Ол «қыстан жүдеп-жадап шыққан қазақтарға башқұрттарды жіберіп, шауып тастау керек» деген ұсыныс та айтады. 

Сапураның әскерін башқұрттарды шауып, тонауға пайдаланып, едәуір олжа түсірген Досалы сұлтан мен оның баласы Сейдалы енді көтерілісшілерге қарсы қимылды бастайды. Сірә, патша үкіметінің мықтылығын, жағдайдың күрт өзгергенін аңғарса керек. 1776 жылдың ақпанында Досалы Рейнсдропқа жазған хатында «Біздің ордаға одан (Көктемір — Сапурадан. — Ред.) еш пайда жоқ деп ойлаймын» дейді. 

Көтерілістің басылуына Екінші Екатеринаның нұсқауын орындаған орыс билігінің өте қу саясаты да себеп болды. Орыс үкіметі қазақтардың көптеген өтініштерін орындап, халықты «еркелете» бастады: даулы жайылымдар мен жерлер қайтарылып берілді, сауда-саттық пен еркін бару-келу қалыпқа түсті, қазақ жуандарының үкіметтен алар ақшасы мен марапаты күшейтілді. 

Сөйтіп, әйгілі Көктемір көтерілісі бықси сөніп барып, басылып тынды. 

Ал әйгілі Сапураның айқын тағдыры беймәлім. Біреулер оны ұрыста қаза болды десе, тағы біреулер «Көктемірдің айтуымен» жан танымас, көз көрмес шалғайға кетіп, қартайып өлді дегенді айтады... 


*** 


Біз беллгілі тарихшы Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» деп аталатын тамаша, бірақ қазақ жадында жоқ тарихи еңбегіне сүйене отырып, қазақтың киелі қызы туралы аз ғана баяндап бердік. 

Бүкіл қазақты қамти жаздаған Көктемір көтерілісі мен оның бас сардары, идеясын көтерушісі, елді тұтас біріктіре білген ардақты қыз туралы әзірге шамамыздың жеткені осы. 

Оны елестетуге тырыссаң, бойыңды қос сезім қатар билейді: Мақтаныш пен Өкініш. 

Сондай ауыр кезеңде күллі елді біріктіріп, орыс империясының зәресін алған асыл қызды француздың Жанна д-Аркі сияқты қастерлеп, кие тұтып, соған мақтанғандай боласың. 

Сондай ұлы қыздың бүгінгі ұрпақтарының, бүгінгі соның елінің сол Сапураны Жанна д-Арк дәрежесіне көтеру қаперінде де жоғына өкінесің. 

Өмірі өкінумен өтіп келе жатқан халық емеспіз бе Біз?.. 


author

Мейірхан Ақдәулетұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...