Жолтай Әлмашұлы. Екі жаққа да ортақпын, ойласпын

ӘДЕБИЕТ
3308

(Зейнет жасының табалдырығындағы ой)

Адалына көшейін! Қос қолымды кеудеме қойып тұрып сөйлейін! Мені өмір бойы қатты қинап, жаныма маза бермей келе жатқан екі нәрсе бар: бірі – мемлекеттік қызметке бас сұғып алып, сол «алаңнан» шығып кете алмай, талай жылдарымды сарп еткенімді бетіме басып, тіпті аяусыз тіл безеп, «сен қасиетті көркем әдебиетке сатқындық жасадың» деген етімді тілгілегендей жосық пікір; екіншісі – әрдайым ұйықтап жатып, түсімде аяулы әдебиетіммен құшақтасып мәре-сәре болам да, ояна келе қоңыр сөмкемді қолтықтап, алқын-жұлқын асыға, аяғы мен шеті көрінбес кеңсе жұмысына жүгіріп бара жатқандағы өз-өзімді аяғандай, кейбір кермек ойларым...

Е-е, достар, қайсыбірін айтайын: менің қырық жылдан астам еңбек жолымның жартысынан көбі ресми қызметке байланған; біреу түсінер, енді біреу үшін жұрынды жұмбақ мемлекеттік қызмет! Ақталу үшін емес, ақиқат үшін айтайын. Қызметті мен таңдаған жоқпын, қызмет мені тапты, өйткені егемендіктің елең-алаңында басқасын былай қойып, әуелі қазақ тілін білетін, сосын сол тілде сауатты жаза білетін жастар көбірек керек болды ресми орындарға! Көп таңдаудың бірі біздей пақырыңызға да бұйырды – төрт аяқтап қашайын ба? Жоқ, өкінішім көп емес! Мен ресми қызмет баспалдақтарынан да өте жүріп, талай-талай елшіл, ұлтшыл кісілермен таныстым, табақтас болдым, сыр бөлістім, жақсысын үйреніп, бойға сіңірдім. Келе-келе өзім де сондай таза, қара қылды қақ жарған әділ болсам деп талпындым – жете алдым ба? Білмедім, бірақ аянып қалған кезім жоқ! 

Мемлекеттік қызмет, достар, көрінгеннің қолына оп-оңай мә деп ұстата салар ойыншық жер емес, ол өз ұлтыңның иек артар жері - мемлекетке ие болуға, тірек болуға, тілектес болуға бастайтын төте де сара жол! Сондай сара соқпаққа жүрексінбестен, білек сыбана тәуекел кемесін салғаныма өзімді кей сәттерде бақытты санаймын – бұл имандай шыным! Олай дейтінім - мен ресми қызметте бола жүріп, құшақ-құшақ қағаз таси жүріп, ел мен жерді осылай да шексіз сүюге болатынын сезіндім – ол ақиқат! Мен мемқызмет аясында көп уақытымды жіберсем де, бұл «ауылдан» да тамаша, жаны жайдары, өрісі кең дос-жарандар таптым – оларды тап қазір санап тауыса алмаспын... 

Сөйте тұрса да, ағымнан жарылайыншы, мен әр жыл, әр ай және әр күн сайын қаламын еркін сермеп, ойын тежеп қалмай, тасқындата төгіле- көсіле алатын қаламдастарымды сағынумен болдым – әрбіреуімен мауқым басылғанша сырласып, әдебиет деген киелі әлем айдынында бірге жүзсек дедім. Қолым жұмыстан қалт еткенде қасиетті қаламға жүгініп отырдым, солайша мауқымды бастым, жақсы жазсам дедім, жаңаша жазсам дедім, қатарласа әдебиет есігін ашқан барша достарымның көңілін әлсіздеу, түкке тұрмас, бос мылжың дүниеммен қалдырып алмасам дедім – қалай шықты, тағы да мырза уақытқа жүгіну ғана қалып отыр! Қанша қиын әрі ауыр болса да, санама шектен тыс салмақ түсірсем де, өзімді-өзім аямадым, ойлы дүниенің тууына аса ықтиярлы болдым – жасадым ба, оны да төреші уақыт айтар! 

Енді, міне, зейнет жасына да жетіп қалыппыз – бірер күннен соң қаласам да, қаламасам да зейнеткер деген торытөбелге жүген салмақшы екенбіз! Еңбекке араласқалы бергі уақытымның басым бөлігін арнаған ресми қызмет саласында сырластарым көп пе, жоқ руханият саласындағы ұлт ақыл-ойын сүйреушілер ішінде сырластарым көп пе – санамаппын! 

Бір білерім мынау: мен осы кезде екі жаққа да ортақпын, ойласпын; адамның жақсысы мен асылы қай салада да бар; керісінше, кержалқау, пасық, қызғаншақ, екіжүзді секілді кеселді мінезді жандар тағы да барлық жерден табыла кетеді; оны көре білер көңіл көзі керек; сосын да зейнетке шығайын-шықпайын, қоғамға керекті болайын-болмайын, бәрібір кәдуілгі әдетіммен араларыңнан адам іздеймін...Зейнет деген зәулім сарайдың кең қақпасына жақындаған сайын маған телефон соғушы көңілжақындар көбейіп барады: енді не істейсің, ресми жұмысыңды доғарып, бірегей шығармашылыққа бет бұрасың ба дейді; сен өз бойыңдағы буырқанған шабытты осы күйі «өлтіріп» тынар болсаң, бізді қойшы, келер ұрпақ еш кешпейді дейді; сен ең болмағанда өзің жазған көркем дүниелерге қайта оралып, тағы бір көңіл сүзгісінен өткізсең, асыл әдебиеттің сауабына қалар едің дейді; жоқ, жаңа тынысың енді ғана ашылып келеді, саған мүлде жаңаша дүние туғызу керек деседі тағы біразы...

О, болмысы бөлек асыл Әдебиет! Мен сенен ешқашан алыстаған жоқ едім ғой, бар болғаны – сенің аз-кем уақтыңды ұрлап-жеген шығармын! Егер сол әрекетім қылмысқа баланса, алдыңда басым жерге жеткенше иіліп тұрып, кешірім сұрауға бейілмін! Жалғыз ғана көңілге медеу санарым бар емес пе! Маған әңгіме-повесть жаз дедің – жаздым! Маған роман жазуға тиіссің деп қияладың – көңіліңді қалдырдым ба? Тарихи болсын, заманауи болсын , әртүрлі әдеби, тіпті ғылыми эссе-толғамдар толғауға да шаршылап қосып жібердің – жығылып қалыппын ба? Ең соңында ұлт драмасына үлес қосуға тиіссің деп кеңірдектедің - оныңа да қиғаш қабақтанып, қарсы келгем жоқ! Жақсы-жаманын тағы да таразылар уақыт деген әділ төреші бар! Бәріміз де түптің түбінде сол Абыз төреші алдында тізе бүгеміз! 

Ендеше, қош келдің Зейнет жасы! Мен сені күткем жоқ, өзің маған жақындадың! Десе де, Зейнетеке, біз енді мәңгі дос болмақпыз! Қашан қара жер деген көрпеге оранғанша...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...