Қазақ мифологиясынан балалардың әдеби кейіпкері қалай жасалды?

ӘДЕБИЕТ
3380

Қазақстанда жаңа заман балаларының таным-түсінігіне лайық әдебиетті дамытуға талпыныс жасалып жатыр. Мифолог, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева мен филолог, жазушы, баспа редакторы Лиля Калаустың ізденімпаз саяхатшы Бату мен оның достары туралы көркем шығармалар сериясы - кішкентай оқырманның жаңа әдеби қаһарманын қалыптастыру қадамы. Қазақ мифологиясынан балаларға арналған әдебиет қалай туды? Авторлардың бірі Зира Наурызбаева Baribar.kz редакциясына берген сұхбатында осы туралы толығырақ айтты.

Лиля Калаус пен Зира Наурызбаева. Фото: Андрей Халин

– Зира ханым, өткен күзде балаларға арналған “Бату мен оның достары Барсакелмес елінде бастан кешкен оқиғалар” атты кітабыңыз басылып шықты. Құтты болсын. Бұл кітапта балалар не нәрсемен танысады?

– “Бату мен оның достары Барсакелмес елінде бастан кешкен оқиғалар” кітабы – 2014 жылы жарыққа шыққан “Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достары бастан кешкен оқиғалар” атты кітаптың жалғасы. Бұл бөлімде де балалар қазақ халқының тарихымен, салт-дәстүрімен, қазақ мифологиясымен жақын танысады. Бірінші кітапта оқырман кейіпкерлермен Семей полигоны болған Дегелеңге саяхаттаса, екінші кітапта Қызылордаға жол тартады. Онда олар жерасты патшалығына тап болады, оны біз “Барсакелмес” деп атадық. Біздің негізгі мақсатымыз – шытырман оқиға арқылы балаларға қазақ мәдениетін, географиясын таныту. Кітапты шығару барысында баланың жан-жақты жетілуіне көмектесетін әдіс-тәсілді қарастырдық. Мен ғалым болғандықтан тарихи деректі пайдаланып, қызық сюжет шығарумен айналыстым, ал жазушы Лиля Калаус кітаптың мәтініне жауап берді. Иллюстрацияларын Нұрлан Әбішев жасады.

Кітап мұқабасы

– Балалар әдебиетіне ден қоюыңызға не себеп болды?

– Декрет демалысында болғанымда 9 жасар қызымның Хәрри Поттердің әлеміне ерекше қызығатынын байқадым. Ол Хәрри туралы барлық кітапты оқып, барлық фильмді көріп шыққан. Содан мен “Қызым сиқыршы баланың әлеміне қызықса, онда біздің құпия мен тылсымға толы аңыз бен тарихымызға да қызығады” деп ойладым. Мифология маманы ретінде оған қазақ мәдениетін, тарихын, ондағы мифтерді айтып бердім. Өкініштісі – қызым “қызық емес” деп тыңдамады. Бір күні кішкентайыммен аулада қыдырып жүріп, басқа балалардың “Гарри Поттер – это наше все” деп айтқанын естіп қалдым. Сол кезде қазақ-түрік мифологиясы маманы ретінде қатты ұялдым, қынжылдым. “Неге балаларымызға өз тарихымызды оқыта алмаймыз? Неге олар батыстың қиялдан туған кейіпкерінің жанкүйері болады да, біздің аңызға қызықпайды?” деген сұрақ мазалай бастады. Сол күннен бастап балалар әдебиетін қолға аламын деп шештім, себебі балалар әдебиеті – жас оқырманға кітап оқуды үйретіп қана қоймай, өз тарихымызды да үйретудің таптырмас жолы.

– “Қазіргі балалар кітап оқымайды” деген сөзді жиі естимін. Сіздіңше, бүгінде балалар әдебиетінің оқырманы бар ма?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Меніңше, сапалы әрі қызықты кітап болса, кез келген бала оқиды. Мысалы, біздің оқырманымыздың ішінде кітабымызды бірнеше рет оқығандары болды. Олар бізді көшеде көріп қалса, “Мен Батуды оқып шықтым, жалғасы қашан шығады?” деп жармаса кетеді. Әрине, бұл – біз үшін қуанышты жағдай. Айтқым келгені – бұл көріністің өзі “қазіргі балалар кітап оқымайды” деген пікірді жоққа шығарады. Меніңше, балалар әдебиетіне қызығатын бала емес, балаларды қызықтыра алатын әдебиет аз десем, дұрыс болар.

Фото: Андрей Халин

– Неге қызықтыра алмай отырмыз? Қаламгерлер қандай қате жіберіп отыр?

– Мен сізге өз тәжірибем бойынша айтып берейін. “Батудың” алғашқы тарауын жазып болған соң қызыма оқыттым, бірақ оған ұнамады. Себебін сұрағанымда кітап қызық емес екенін айтты. Сол кезде мен шетелдік Хәрри Поттер мен өзіміздің кітапты салыстырып көрдім. Біз балаға әлденені үйреткіміз келеді, бірақ оны балаға жеткізу тәсілін дұрыс қолданбайды екенбіз, соны байқадым. Кітаптың екі-үш беті бойы ақыл айтып, оқырманымыздан айырылып жатамыз. Біз “Бату мен оның достары Барсакелмес елінде бастан кешкен оқиғалар” атты кітаптың екі бөлімін жазу барысында осы қатеге жол бермеуге тырыстық. Мысалы, кітапта “табалдырыққа тұруға болмайды” деген ырым жайлы айтылады. Кейіпкер сабақтан екі алып, мұңайып, табалдырыққа отырады. Оқиға желісі бойынша оған әжесі “табалдырыққа отырма” деп қана айтса, оқырман ол сөзге тіпті мән бермеуі мүмкін. Біз осы ырымды түсіндіру тәсілін ерекшелеуге тырыстық. Мәселен, бала күнделігінің мұқабасындағы Алтын адамға “сенің де әжең осылай ұрса ма” дегенде Алтын адам тұлғаланып шығады. Ол әлгі кейіпкермен достасып, табалдырыққа не үшін тұруға болмайтынын қазіргі заманның тілімен түсіндіріп береді. Мифология бойынша табалдырық – екі әлемнің шекарасы, сол себепті ол жер қауіпті. Алтын адам мұны балаға бұл құдды бір портал сияқты деп түсіндіреді. Екінші мысал – кітапта жазушы Таласбек Әсемқұловтың “Әрбір перне – ол бір дүние” деген сөзін кітаптың өзегіне айналдырдық. Кітаптағы балалар әр пернені басқан сайын әртүрлі жерге саяхаттай алады. Ал ұмытылған, қолданыстан шыққан пернелерді басқанда параллель дүниеге түседі, яғни қазіргі заманның балалары қызығатын нәрселерді ескеріп, олардың тілінде сөйлеп, мақсатымызға жетеміз. Осының арқасында олар пернелердің атын, неге табалдырықта тұруға болмайтынын және тағы да басқа мәдениетімізді біледі.

– Кітабыңыз орыс тілінде жарыққа шықты. Қазақшаға аудару жоспарда бар ма?

– Бізге қазақша аудару тұрмақ, жалпы кітапты басып шығару қиын болды. Мен 2006 жылы кітапты басып шығарғым келген, бірақ еліміздегі ешқандай баспадан, Мәдениет және спорт министрлігінен қолдау таппаған соң шығара алмадым. 2013 жылы жолымыз болып, Гүлнәр Досаева есімді кәсіпкер әйел қаржылай көмектесіп, 2014 жылы кітап басылып шықты. Ал ол шығарманы қазақ тіліне аударуға өз қалтамнан қомақты ақша кетті. Енді екінші кітапты қазақ тіліне аудару көп қаржыны талап етеді, бірақ айта кетерлік жайт бар, кітап орыс тілінде болса да, ондағы қазақтың көне сөзі түпнұсқасында берілді. Мысалы, екінші бөлімде балалар сиқыр әлеміне түсіп қалады. Ол әлемге түскен балалар аңға айналады. Ол жердегі хайуан аттарын “қозы”, “тастүлек”, “түймебас”, “тегеурін” деп қазақ тілінде пайдаландық, себебі балаларымыз ол сөздердің мағынасын білсе екен дедік.

– Қазақстанда балалар әдебиетін қалай дамыту керек?

– Біріншіден, балалар әдебиетін дамытатын адамдар көбейсе екен деймін, себебі кітап болса ғана, оны бала оқиды. Жақында Раиса Сайранқызы әлемдік бестселлер Хәрри Потер туралы шығармалар жиынтығын қазақшалады. Раисаның бұл ісі үлкен құрметке ие, себебі өз қаражатыңа кітап басып шығару оңай шаруа емес. Раиса сияқты азаматтар көбейсе екен. Екіншіден, балаларға арналған шығармашылықпен айналысатын адамдарға жағдай жасалса және құжат жағынан жұмысы жеңілдесе екен. Мысалы, Meloman кітап дүкенінің сөресіне қою үшін өнімнің Кеден одағы талаптарына сәйкестігін растайтын сертификат қажет екен. Оны алудың өзі – азаптың азабы. Бір алсаң, 1-3 жылға ғана жарайды. Оған әрең қол жеткізсең, кітабыңды алып, дүкеннің көрінбейтін бір бұрышына апарып қояды. Осы жағынан балалар әдебиетін жасаушылардың жағдайы реттелсе екен деймін. Үшіншіден, бала сұранысын ұмытпау қажет. Балаға не қызық, ол кітаптан не оқығысы немесе көргісі келеді – осының бәрін ойластыру керек.

Наргиза Аршидин

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...