Сұраған Рахметұлы. Допамин деген...

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3517

(For you...)

Құлдыраудан өрлеуге көшкен елдің өркенін өлшейтін арнайы әдіс-тәсілдер бар екен. Қандай да бір мейіріммен немесе күйзелісті күйік-желікпен, тіпті қатты жеккөрумен өлшей салмаса керек. Қазақ елінің экономикасы не десек те өсу жолына икемделген елдердің қатарында. 

Әу бәрекелдісі де, әттеген-айы, болса да мейлі қазақтікі. Кеңестік соңғы күйреуден де есентүгел өтті. Дағдарыс тамырлана бастаған тоқсаныншы жылдың қаусанды жүйесін күшпен шешті де. Сын сағаттың авторлары да дұғасы да жадымызда.

Социализм – жұмағы, құраны – капитал, пайғамбары – Сталин Иосиф Виссарионовичтің ұлты гүржі еді. 

Ген сек. ЦК ВКП (б) – КПСС-ді басқарып, шойын пирамидасын тұрғызған қандышенгел генералиссумис. Осынау отарлық концлагерге тоқсан жылдық ғұмыры кесілгендер – тек қазақтар емес советтік ықтиярсыз сатылған тобырлары түгел. Сол тобырлар мойынындағы қамытты КСРО – мен бірге шешті. Құдай сүйемелдеді, әлде бір далдадан жұмбақ күш әсер етті білмейміз!? Мұнда шынында да – «шүкір» деген сөздің орыны бос тұр. 

Жасанды жүйені, бір кезде жөйіттердің төрт банкирі ақылдасып тұрғызған. Сол құрылымдық жүйені баяғы «авторларының» соңғы ұрпақтары өз қолымен құлатты. Қысқасы өзі құрған торын өзі бұзды. Тобырлар өзі қамалған ұйығында бөстек төсегінен – «қазақ» болып оянды. Дүниежүзілік картада көк байрағы бар бір жаңа ел белгіленді. Бұрынғы 1830 жылдан бергі мола қалаға айналған. Ғаламдық сарапшылар осы бір көшпелі елге отырықшы өркениеттің көзімен қарап, жаппай түртпектеп жаза бастады. «Жаза басса екен» деген мысықтілеулі тап тарапынан жала да жапқан. Алайда нөлден бастаған елдің эконмикалық жағдайы адам шошырлық жағдайда болса керек.

Советтік рубль 1923 жылы өмірге келген-ді. Марқұм рубль 1991 жылы 78 жасында дүние салды. Инфляция керексіз дереге түсті. Өндірістер онсызда жабылған еді. Бары қаусап бос қалған. Қазақ тарихына тиеселі 1991-1995 жылдары экономиканың осылайша төсек тартқан шағы, орыс Сергей Терещенконың тұсы.

Ресей 1992 жылы қазақ, өзбек, тәжік «әйелдерін» төркініне қайтарған, ажырасқан шақ. Осы өтпелі сәтте Қазақтың төл валютасы 1993 жылы қарашада өмірге келіп аты – «теңге» делініп азан шақырылған. Нарықтық орынтаққа енді теңге отырды. Инфляция деген ауыздығы жоқ асау жүйе онымен бірге келіп кірді. Оны көрші көшелердегі бұзақылар мен рэкеттер өзінше бажайлап, түшіркенген. Кенже туған қазақ теңге қаршылдаған азулардың арасында аяқтан қаз тұрды. Әйгілі Чикаго мафиясының басшысы гангстер Альфонсе Габриэль Капоне (1899-1947) жасақтап кеткен ішімдік пен есірткі саудасы немесе рэкеттік жолмен табылатын арам ақшаның лаңы, АҚШ-тың президенті Ричард Никсоннің басын шырмаған 1974 жылғы «Watergate» дауы секілділер жан-жақтан анталап, аңдып тұрған.

Банкіде істейтін, істемейтін дөрекі рекеттер соцесепшілердің мыйын жуып, үйіп-төгіп пайдаға кенелеміз десіп боз даладағы киіктерді қырғындайтын брокенерлерше жеңін сыбанған есалаңдық етек жайған сөлекеттік осылай басталған-ды...

Алайда нарықтың заңы өзге екен! Шынында Ұлы дала қазақтары секілді ақбөкендей жосып жүретін елге оның келуі өте ыңғайлы еді. Бұл жүйе бұдан бұрын – Амстердамның Нидерландысын (Голландия), Токионың Жапониясын, Сеулдің Корейін, Тегеранның Иранын, Стамбұлдың Түркиясын, Нью-Делидің Үндістанын түгелдей жайпап аралаған, тыңнан түрен салған, пирамидалық жүйесін енгізіп, өз саясатын жүзеге асырған. Ақша нарқын қорғау, қорғану солай басталған.

Теңге – өз қағидасымен вексель, чек, банкнот болып ептеп орныға бастады. Онсызда социализмдік қонымсыз қондырғылардың бүткіл механизмі шіріп күйреген шаруашылықты қирандының астынан аршып алуға қазақтың өзінен басқасы мүлдемге ықтиярсыз болды.Үкілеген ерке баладай әлпештеліп өмір сүруші 130 ұлт өкілдерінің дені мысықтілеулі әрі түсініксіз-ді. Керісінше – Қазақ елінде азаматтық соғыс болса деп тіледі. Егер соғыс бола қалса – «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ...». Көк ит деген – көк бөрі текті қазақтар ғана. Оларға болысса, болысса аз санды немістер Гераталардың соңынан еріп шығар ма, еді, қайтер еді, кім білер!? Ендеше «иттің иесі болса да, бөрінің тәңірі бар». Маңдайшасында орақ пен балғаның табы қалған елге дәл осы жүйе сәйкесе ме, көмектесу керек пе, жоқ па дегенді біреулер түсінді, қолдады, біреулер әншейін дақпыртқа ілесті.

Қазақ Еліндегі өсу мен өшу циклдері қатар келген жылдар 1994-1998 жылдар деп осылай пайымдауға болатындай. Бұл енді әлгі Әкежан Қажыгелдіұлының реформасы басталған дүмпулі шақ. 

Әлемді жаппай ұрлық меңдеген 1996 жыл аса қатерлі болғаны елдің есінде. Әлем бойынша 1,5 триллион американ доллары лас айналымда еді. Трансұлттық корпорацияларының заңсыз әрекеттерінен... Енді қарап жатып өлетін емес әйтеуір одан сақтану үшін де бірсыпыра жұмыстар қарастырылғаны мәлім.

Өсу дағдарысы мен арпалыс кезеңінде ақшаны өлімнен құтқару, қарғыс жауған төлемдердің астында тістеніп мимыртап келе жатқан құмырысқа тінді өндіргіш күштер һәм қайманаларға ауыр тиген. Адамдар аш, жалаңаш болса да өлім азаттығын таңдамаған. Жаппай жайлаған жұмыссыздық, үйреніспеген өлмелі тірлік қиын болса да елдегі ЖІӨ-нің өсімі 0,5 пайыз ғана. Зорға дегенде кетеуінен қан кеткенше күшеніп толғатып жатып, үкіметтік секторларды жекешелендірудің нәтижесінде 1998 жылы аталмыш өлшемнің бірден 5,8 пайызға секіруі – әлемдік шоң ірі инвестрлердің назарын аздап тартқан. АҚШ-тың «ақшаның әкесі» Милтон Фридманнің «Капитализм және азаттық» (1962. 1976. 1982 жж.) кітабы «Экономика деген нөлден триллионға дейінгі сан цифр емес...» деген уағызы санаға ептеп енгізіле бастаған.

Осы 1995-1997 жылдар аралықта Қазақстан премьер-министрінің кім болғаны маңызды емес, алайда осы сәттегі – ту тіккен қазақ ошақтың отымен кіріп, суымен шыққан, әбден ысылған премьердің орынбасарының орыны бөлек секілді сезіледі. Бұл мақтау емес хаһ. Солардың жаппай тонаушылық төнген өтпелі сәтте түтінді түзу түтеткен иманилығына таңғаламыз. Олардың әйтеуір ұяты бар, ұры болмауы, қанағатынан арыла қоймаған, ұлт қағылез, тіпті оффшоршыл қарақшы, жалған популист болмауы қандай бағымызға! Экономикалық жендеттерге жем болдырмағаны үшін де алғыс айтқың келеді!

Есірткі саудасы, заңсыз қаржыға қарсы Вена конвенциясы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік түрлі әрекеттермен күресуді көзге шұқып көрсеткен Палермо конвенцияларын жасаушы БҰҰ-ның данышпандары мен құдайға мың қайта браво! Әйтпегенде ФАТФ-ты (Financial Action Task Force) құшақтап қалар ма еді Қазақ!? 

Қалайда, кім не десе де бір ақиқаты Нұрлан Өтепұлы Балғынбайдың табанының қышыры тұтқиылдан төнген қысымға сәл төтеп болған тәрізді.

Енді мінеки соңғы тоғыз жолдың торабында тоғыз жылдың ішінде яғни 2011-2020 жылдың арасында қазақтың 27 триллион теңгесі шет елге заңсыз аударылған!!!

Қазақстанда 2 млн. 200.0 мың зейнеткер бар. Олардың зейнетақысы 49000-71500 теңге. Егер 27 триллион теңгені осы зейнеткерлерге жұмсайтын болса неше жылға азық болатынын есептей беріңіз! Бір ғана зейнеткердің жылдық зейнеті 500 мың теңге болса 27 триллионды 50 мың жыл ішіп-жеуіне толық жетсе керек. Адамзат тауриһатында елу мың жасаған пенде бар ма, жоқ па сайтан білсін!

Өтпелі кезеңде өмір сүрген өнеркәсібі күйреген, шикі затының кілті басқаның қолында, тоналған, отандық тауары тіптен болымсыз болған... Түсімі жетімсіз астық, дені бидайдан ғана құралатын әр гектарға еккен егіні – бертіндегі қаржы министірі жүрген Болат Биахметұлы Жәмішевтің төбе шашынан да аз... Расында мұндай елдің индустриялы-инновациялық іс-әрекеті тым жүзеге аспайды-ау деген қисапсыз күмәнді сауалдар болатын. Сөйтсек те дүниежүзінде күзбен жаздың екі мезгілінде он сортты бидай, төрт сортты арпа, үш сортты тары, екі сортты сұлы, бір сортты құмық егіп түсімін өз аузынан жырып, Мәскеудегі социализмге жинап сыйлайтын ел көп емес екен!?

Мінеки сонда да ат боғын суытпай дүниежүзілік ірі-ірі атағы бар сарапшылар тек Қазақстанды cаралап тренинг жазатынды тапты. Жазар бірдеңе таппағаннан емес. Жалпы экономикалық талдауларды ғылыми түрде жариялылықпен әлемдік базаға паш ететін іргелі медиалогияның мойыны Сарыарқаға бұрылды. Ішкі есебі де белгілі... Теңдессіз байлықтан жырымдап қалу... Біреулер айтады: біздің бір дөкейдің ағылшын нәсілінен алған тоқалы «Heritage foundation» деген орында істейді-міс. Көкеміз ашуланғанда барып сол әйелді сабап-сабап елімізді мақтатып жаздырады екен!!!

Әлем елдерінің үкіметі аталатын АҚШ-тың Вашингтонда тәуелсіз сараптамалық Орталықтар жұмыс жасайды. Бұл жердегі болжам, талдау (анализ) жасаушылардың қазақтың үш жүзіне түк қатысы жоқ! Баяғы саяси-экономикалық теория ауанындағы материалистік диалектикамен де байланысы шамалы. Оң, терісін бүркемесіз, боямасыз, жүйелі әдістеме, таза көзқараспен тарс еткізіп бағалай береді. Қазақ үшін емес өзі үшін де!

Осындағы – «Экономикалық бостан индексі» (Heritage foundation) бойынша 180 елдің 12 түрлі көрсеткіштерімен Қазақтың ІЖӨ 429 млрд долларға, жан басына шаққандағы мөлшер салмағы 24,268 доллар һәм 42-ші орынға шығып тұрғаны жарияланды. Әлем банкісінің мәліметінде Бизнес кәсіпкерлік деңгейі 28-ші орында, бәсекелестікке қуатты индексі 57-ші орында. Қосымша құн салығы 1,2 пайыз Қытайдан да төмен. Экономикалық жылдық өсім 8 пайызға дейін көтерілді. Қазақ Елі нақ жасына қарасаң Қытайдан 41 жас кіші, КСРО деген өгей әкелі жас Қазақ – солай да солай «...лақ маңырап су ішті...» дегені болмаса... Өкінішке орай бүгін агроөнеркәсіптік кешенді бағдарлама 4,5 триллион теңгеге төмендеп, бағы мазамай қызыл шырақ жанып тұр. ЖІӨ 5 пайыздан кетсе қазіргі мәжіліс, қадірменді ұйқышыл парламент тарқап кетуі керек шығар!?

Уақыт өтіп жатты зымырап. Қазақстанның қайда келе жатқанын болжайтын өз «көзі» болмады. Көзі болса да жартылай шел басқан бұлдыр. Әйтеуір құдайдың көзі түзу болды дейік! Солай тағы бір заман өткен. Ұлттың руһ жүйесі көтерем бола бастады десек пе!? Жоқ, олай деп жүз бірдеңе пайызбен артық айтуға келмейді. Әуеліден қисық жүйені тезге салу оңай болмаған. Баяғыда біреудің белі бүкірейіп басы жерге жетуге тақайды. Емшіге келеді. Емші оны екі тақтайдың арасына салып күшпен белін жазады. Мүгедектің белі де түзеледі. Бірақ, ол сол жерде қайтыс болып кеткен!

Әлеуметтік желіде өзін өзі боқтаған тобырлық, қорлаған даттаулар ерепайсыз көбейді. Дүниеде қазақтан асқан сұмырай жоқ секілді. Нұрдың артына к... жалғап сыбағасын береді. Әрине ашу, ыза наразылықсыз нан қайда? Мылқау үкіметті шықпырту жөн. Отырыстарда үнемі ұйықтап отыратын алжыған депутаттарды жұлқылап оятуға әбден болады. Бірақ, басқаны орынсыз мақтап, өзіңді өлердей масқаралап, зарланудан бірдеңе шығатын болса жарайды... Өз аяғын шуаш деп кесіп тастайтын хайуан қайда!? Кейде осы әрекетті қолынан ештеңе келмейтін трольдер алыстан ұйымдастырады-ау!? Әйтпегенде Пиночеттің Хунтасына қарап ынтамызды қайрайтын неміз бар?! Егер қазақ зиялылары басын біріктірмесе елдің руқаниятына қара тобырдың бір шоғыры қонжияры сөзсіз. Тобырдың өзі тең емес сөзі тең келетін күн туды. Ешкімге керексіз милау ақпараттардың соңы азаматтық соғысқа әкеледі. Өкіметте оған қарсы тұрар қауқар жоқ.

Дәл осы жерден біз де кілт доғарылып: «осы біз неге қасымыздағы орысқа жетпейміз?!» дейікші. Расында мынаны қарайық!? Ресейдің жан саны 146,8 млн. Медведовтың тұсында ЖІӨ бағамы 68 трлн 164 млрд-тан қарғып өтіп, 104 трлн 335 млрд рубльге өскен. Жан басына 27000 америка доллары тиеселі. Жоғарыдағы көрсеткіш бойынша 55-ші орында. Айлық, жалақы орта есеппен 45726 рубль, зейнетақы 15500 рубль... Жұмақ қой!!! Мақтауға сөз жетеді. Арғы түп тереңіне көз жетер болса... Демек ақпанның 27-сі күні күллі Ресей жұрты «РПР-ПАРНАС» құрбаны Борис Немцовті жоқтап, – «Путинсіз Ресей қажет» деп айқайлай жөнелді! Неге!?

Мұнайың бар ма, бар! Қару-жарағың да жетеді. Басқа не керек демеді. Дұрыс. Хош! 

Қайта мұнай саласындағы игілікті қалайда дұрыс жолға қоя алғандығы Қазақ экономиканың еңсесін көтеруге ықпалды болды. Мұнай жағынан әлемде 12-орындағы орыны да, әлемдегі ең мұнайлы 15 елдің қатарындағы деңгейі де инвестрлердің назарын қатты тартуда. Бұл жасыл жарық еді! 

Өткен тарихи жылдардағы, яғни 2001-2004 жылдардан «өте дұрыс жолға қойылған» десе артық мақтау болуы мүмкін. Бірақ, осы жылдары қарқын алған өңделген мұнайдың мөлшері тура бүгінгі 2020 жылға жеткенде 88 млн.тонна мұнай өнімдерін өндіргенін жасыру керек пе?! Жоқ, ағайын тыныш жатып, өздеріне құдай берген мұнайды игерген арабтар шалқып жүр ғой! Аузынан ақ май ағып, ақ жібекке оранып, мекиен құмға жұмақ қала соғып, жасанды қар жауғызып, тасқа бидай өсіріп!? Қазақ өз байлығын игеруден бұрын аздап қан төгіп, соғысып алсын деген ниеттен не шықпақ!? 

ХҮШ ғ. соңынан ХХ ғасырға жалғасқан Қарашүңгілден Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ «Қазмұнайгаз»-ға дейінгі 121 жыл өтіпті, кетіпті. Доссордың жер бетіне шылқып шығып жатқан мұнайы айналымға түскен. Әйгілі Нобельдің бұрғысының ізі 1911 жылы осы Доссордан басталса ше!? Дүние тарихында аты қалған Нобельдің өзі Қазақ даласына бұрғысын қадаған!!! Нобель сыйлығының түп ризығы Қазақтың мұнайынан құралған...

Соңғы 21 жыл бойы Қазақты көкке көтеріп жүрген болашақтағы стратегиялық расталған мұнай қорының 4.8 млрд. тоннасы немесе 32 млрд. баррельден көсіп алған бүгінгілер игілікке жаратып жатуы жаман ба!? Бұл да мақтау емес тарихи хаһилық. 

Егер кешкен ізі өшпесе һәм бұрмаланбаса – біз жоғарыда белгілеген жылдарда Үкіметбасшысы болған қазақы Иманғали Нұрғалиұлының азапты жолдары, үлесті жылдарын сезінер едік. Сол жолмен экономикалық бастаушы серке салалар: мәшине жасау, электр бұйымдары, ауыл шаруашылығына қатты қажет мәшине-механизм, теміржол, құрылыс салалары т с с. ілбіп келеді. Көзіңді ашып көргенің, жұмып жүргеннен әлдеқайда артық деген шығыстық нақыл бар. Тоқтап қалмады. Құм сағат сияқты... Қозғалыстың кемшілігі болса да кеңістігі жойылмады. 

Жезқазғанның жезі әлем бойынша 13-ші орында... Бірақ, бұл жерден қазақтың өз астанасына қатынайтын қарқынды темір жолы жоқ! Білмей отырған жоқ дөкейлер. Салғызуға құлықсыз бір ірі дөкейдің пендешіл әлегі араласудан мүмкін!? Қазақстан тетеқұрылым құзырлылары мыйындағы «социалистік ілгек, трайбализмшіл құлыпты» алып тастай салса қазіргі 15400 шақырымға жуыз шойын жолды бір есе қосуға, ұзартуға мүмкіндігі бар. Ақтөбенің хромы әлемде бірінші орында: – бірақ бұл төбеде дүркін-дүркін ереуілдер болғанымен сол жердегі бүткіл өркені жартымсыз!?

Қазақтың алтын қоры әлемде 10-шы орында, оған қоса темір, қорғасын, мырыш! Қазақтың Ұлттық банкі жылына орта есеппен 30 тонна сомдалған алтын сатып алады. Сол тұрғыда Ұлттық банктің функциясы АҚШ, Жапония қатарлы елдердің сыналтылған жүйесімен һәм үлгісімен келе жатқан секілді. Мұндайда «Тау-Кен алтын» АҚ кәсіпорны шайқаған жыл сайынғы 25 тонна сом алтыны бу болып кетті ме деген сауал туындауы сөзсіз. Қазақтүстіметалдар айналымдағы нәтижелерін үнемі шетелдік сарапшылар ғана жария етуі, оны сақау үкіметтің жасырын ұстауы, дұрыс ұқтыра алмауы – бүгінгі халықтық наразылыққа себеп болып отыруы да мүмкін!?

Бұрынғы – «Қазына» орнықты даму қоры орынын босатып, бүгінгі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры (ҰӘҚ) жеке акционерлік қоғам (АҚ) болып құрылды. Оның да жақсы, жаман жақтары ашылар бір есебі болады болашақта. Экономикалық қанды қол жендеттерге жем болмаса жарар. Әйтеуір қордың активтері 26,5 триллион теңге дейді ғой!? Несі бар, бәрекелді? Дүниеде қор көп. Мұнайдан тапқан пайдасын жарату үшін 1953 жылы «Кувейт қоры» құрылғанын білеміз. Бүгіндері әлемнің он үлкен елдері біріккен осы қордың қалтасында 7,6 триллион доллары бар. Құрамындағы Норвегияның қорына тиеселі үлесі 1,1 триллион доллар. Норвегия осыған жету үшін 1969 жылдан елу жыл бойы тентіреп жүріп, әйтуір түзік менежмент, төте жол тапқан. Әділ, әрі зор пайда тапқан – «Стат Ойл» әрбір норвегиялықтарға 73000 доллар жоралғы жасайды. 

Табиғат игілігін қаржыға айналдырған Қазаққа ұқсас ел осы. Әлемге әйгілі өте қабылетті «Norgec Bank»-ісі тек сырттай қарағанда Қазақтың «Nur Bank»-сіне ұқсастығы бар. Ал, «Нұр банк» туралы ешкім, тіпті мұндағы қызметкер қауымның өңгесі де Милтон Фридманның «...азаттық аса қымбат, әрі нәзік өсімдік...» деген сөзінен ештеңе түсінбейтіні – аксиома еді!

Үстемші державалардың тайталасқан озбырлығы, кейбір әріптес елдердің бақталастығы т с с. түрлі сауалдар арасында арпалысқан сәттердің бәрі өз тарихи ауанымен өтіп жатыр. Сонау ХҮІІІ ғасырда Мысырды алуға аттанған Бонапарт Наполеон сайлауыттарына – «...Сайыпқырандарым менің! Қарсы алдарыңда қырық ғасырдың өткір көзі өңмендеріңе қадалып тұр...» деген.

Өз дәуіріне егелік етуді армандаған жорықшының осы ұлағаты хат бетіне мәңгі бекіленген. Былайша аршындап өтер уақыт аянын көрсетіп тұрған секілді. Алайда өзін өмірдің үштаған кеңістігінде бар екенін көрсету – Ұлықолбасшының әккілін көрсетеді. Мұнда бір ұқсастық бар. Қазақ елі – тарихи сахнаға таңбаланған 1465 жылдан бері талайды басынан кешкен. Сол дәуірлердің басынан жарып шыққан талай мәрте жанайқайлар болған шығар!? Басқаның азаттығын ешқашан кешіре алмайтын шамшыл қауымдастықтың қаумалаған бел ортасынан жарып шығып айқай салу, түрен көтеру үшін де шамалы уақыт керек секілді.

Қандай бір жұрттың ұлы мұраты – дүнияға танылу, жариялану, ширақ ашықтығын паш ету болмақ.

Сұсты Батыс пен алаулы Шығыстың тең түбіндегі ұланғайыр Ұлы даласын ұлықтап Еуразия белдеуіне керегесін жайған ғаламшар бетіндегі шеңбер мең секілді Тәуелсіз Қазақтың іргесі 2 млн. 725 мың шаршы шақырымда бекітілген... Бұл деңгейге де жете алмай жүрген этникалық топтар қаншама?! Допамин деген...

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...