Ерте ме, кеш пе, жарияланбай қалмайтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі.Төменде алғаш рет б...
Айгүл Жұбаныш. Бөрте (әңгіме)
Түнде түсіме Бөрте лағым кірді. Үйдің алдына келіп тұр екен. Өзі біртүрлі көңілсіз. Бұрынғыдай еркелемейді. Мені көрді де, қораға қарай қаша жөнелді. Қанша шақырсам да, маңырап, алды-артына қарамай қаша берді, қаша берді... Мен де ізінен қалмай, «Бөрте, мені кешірші», – деп жылап келем... Лақ ұстатпады, мен жылап қала бердім. Және жылап ояндым...
Біздің үйде сегіз ешкі болды. Өздері сегіз-ақ түйір болғанымен, үнемі әкемнің ашуына тиіп, жүйкесін жұқартатын. Әкем байғұс күніне кешкілік сексен рет сегіз ешкілерге «ескерту» жасаудан шаршамайтын. Бәтшағарлардың тентектігі сондай, өздері санаулы болғанымен, өріске барар жолда біздің және көршілердің қойларын «басқаратын». Ешкі қайда көш бастаса, момын қойлар солардың іздерінен ереді.
...Көз аштырмайтын ақ түтек боран. Ызғырық жел үнін ұлыған аш қасқыр ма дерсің. «Ууууу». Долы жел ауық-ауық есік пен терезені соққылайды. Үйдегі үш бала бүрісіп, бір-бірімізге тығылып отырмыз. Кенеттен есік шылбыры үзіліп кетіп, аш қасқыр тарпа бас салатындай көрінеді.
– Тәте, қасқыл, біздің қай желімізді жейді, – дейді кіші інім. Мен үнсізбін.
– Тәте, қолымызға пышақ алып отырайықшы. Қасқыр тиіссе сойып тастаймыз ғой, – дейді үлкен інім. Мен үнсізбін.
Даладағы аш қасқырлар қораға шапса, біздің ата-анамызды кім құтқарады? Жылап жібердім.
– Тәте-тәте, көзіңді сүлтші. Қасқыл келсе, міне, былай теуіп құлатамын, – деп кіші інім төбелеске дайын екенін көрсетіп жатыр.
Сыртқы есік ашылды. Қасқырдан қорыққан үшеуміз селк еттік... Үйге үстін ақ қырау шалған анам кірді. Жалғыз емес. Жаңадан туылған ақ лақты құшағынан шығарып, пеш түбіне тастады. Үсті-басы әлі кеуіп үлгермеген аппақ лақ шала-жансар. Ауық-ауық аузын ашып, дір-дір етеді. Үшеуміз үрпиіп тұрмыз.
– Қырсық шалғырдың енесі алмай жатыр. Оның үстіне қора да салқын. Обал болар деп үйге әкелдім, – деді анам.
Лақты аяп кеттім. «Сүйкімді лақтың анасы неткен қатігез еді. Өз баласын бауырына баспағаны несі?! Мына күннің салқынында суық тисе қайтер еді?! Сірә, әкем көрмей қалған болар, әйтпесе, күннің суығына қарамай ол ешкіні далаға қуып шығатын еді», – деймін іштей ашуланып. Енді қайтсем екен?! Әлде қораға барып...
– Апа, енді мына лақ біздің үйде тұла ма? – деді кіші інім.
– Әзірге қора салқын әрі лақтың өзі тым әлжуаз. Қораға жібергенімізбен, үлкендері сүзіп тастайды. Сондықтан бір-екі күн бізбен бірге болады, жарығым.
– Апа, ол кімнің қасына жатады?
– Пештің түбіне жатып ұйықтайды.
– Сонда ол тамақты қайдан ішеді?
– Сиырдың сүтін беретін боламыз.
Пеш түбіне жатқан соң, бойы жылыды ма, әлде қарны ашты ма, лақ маңырай бастады. Апам лаққа сүт беру үшін емізік іздеп көршілерге кетті. Мен осы ұрымтал сәтті пайдалануды ойладым. Қолыма әкемнің мал сойған кезде пайдаланатын пышағын алып, қораға бет алдым. Бар ойым ̶ баласын бауырына баспаған ешкіні «тәртіпке салу». Қора есігі ашылу бойына төлдер жан-жақтан жамырады. Тыныштық орнауын күттім. Екі көзім қара ешкіде. Алаңсыз жайылып жатыр. «Көрсетемін, бәлем, саған қазір», ̶ деймін кіжініп. Ол да сезсе керек, маған сүзіле қарады. Орнымнан баяу тұрдым да, ешкіні қуа жөнелдім. Алдымен өзім, содан соң ешкі құлады. Жалма-жан ешкі мойнына әкемнің пышағын қададым.
– Қолыма түстің бе, бәлем?
– Мәәәәә...
– Үйде ақ лақ «жылап» жатыр. Сен болсаң, емін-еркін тамағыңды ішіп...
– Мәәәә...
– Енді жылағанмен кеш! Егер мұнан кейін ақ лақты жылатпауға уәде берсең, босатамын.
– Мәәәәәә (Ешкінің даусы бұл жолы басқашалау шыққандай сезілді).
– Уәдеңде тұр. Мені алдаймын деп ойлама! Енді қайталасаң...
Қора есігі ашылды. Ешкі де, мен де тым-тырыс қалдық. О, тоба, анам кіріп келе жатыр. «Мәәәә». Қара ешкі «құтқарыңдар» дегендей бақылдай бастады. Өзге қой-ешкілер де үрпиіп бізге қарап қалған. Анам сиырлар тұрған жаққа беталды. Ешкі тыпырлап жатыр. Мен орнымнан тұра алар емеспін. Анам естімесін деп, ешкінің үнін шығармау үшін алақаныммен аузын бастым. Қырсық шалғыр, алақанымды тістеп тастады. Тісі мұнша қатты болар ма еді?! Ешкімен бірге өзім де жыладым. Сиырлардың шөбін салып жатқан анам даусымды естіген соң, қой қамалған жерге жүгіріп келді. Аң-таң. Ешкі маңырап, мен еңіреп жерде жатырмыз. Қолымдағы пышақты көрген апам орнында тұрып қалды. «Сөгіс еститін болармын, мұнан соң шана тебуге жібермейтін болды ғой», – деп қиналдым іштей. Абдырап қалған анам сәлден соң тіл қатты:
– Неғып жүрсің, құлыным?
– Ммм-ына ешкіні ұруға келдім.
– Не үшін?
– Үйде лақ «жылап» жатыр. Бұл болса «тамағын ішіп, достарымен ойнап» жүр. Сосын келіп түсіндіргім келді. Бұлай болмайды ғой, апа...
Апам күліп жіберді. Мені тұрғызып, үстіме жабысқан шөп-шаламды тазалады.
– Баламысың деген. Өмірде сен түсіне бермейтін жайлар көп, қызым. Мал тұрмақ, туған баласын тастап кететін адамдар да болады.
– Сонда кейбір адамдар балаларын жақсы көрмей ме?
– Баласын жақсы көрмейтін адам болмайды, қарғам. Өмірдің қиындығын көтере алмайтын аналар мен әкелер болады.
– Сонда мына ешкі қандай қиындық көріп жүр?
– (Апам тағы күлді). Ақ лақ – мұның алғашқы төлі. Уақыт өте келе бұл да баласын бауырына алады.
Қара ешкі маған тағы сүзіле қарады. Оның көзқарасы мені одан бетер ызаландыра түсті. «Қолыңнан түк келмейді», – деп мазақтап тұрғандай. Апама сездірмей, жұдырығымды түйдім. «Әлі де қолыма түсерсің, бәлем!»
Қора есігі ашылды. Әкем малға жем беруге келген екен. Анамның қолындағы мал бауыздар пышақты көріп, мәнісін сұрады. Ешкі екеуміздің арамыздағы оқиғаны анам айтқанда, әкем ұзақ күлді. Әншейінде қабағына қар жауып жүретін әкемнің мына күлкісі қайран қалдырды. Бұл кісі де күледі екен ғой... Әкем басымдағы малақайымды жөндеп жатып: «Әттең, ер бала болып тумадың. Қайсарлығың мен намысшылдығың жігітке тән қасиет қой», – деді.
... Сол түні ақ лақ ұзақ «жылады». Апам да, әкем де әлекке түсті. Көрпе астында жатқан мен: «Енді ешқашан ақ лақты жылатпаймын», – деп өз-өзіме серт бердім.
***
Ақ лақ біздің досымызға айналды. Інілеріммен ақылдаса келе оған «Бөрте» деп ат қойдық. Бөртеміз кейде қысқартылып «Бөти» боп кетеді. Өзге төлдер бір төбе, ал Бөрте біз үшін өз алдына бір төбе болды. Жемнің жақсысы, шөптің құнарлысы, бәрі-бәрі Бөртеге беріледі. Апам қара ешкіні де «тәубесіне» келтірді. Лағын емізбеген соң, ешкіні сауып, сүтін лаққа емізікпен береміз. Бөтелкеге құйылған сүтті көргенде, Бөрте алыстан ойнақтап келеді. Біз Бөртеге оң қолын беріп амандасуды, алдыңғы екі аяғын көтеріп билеуді үйреттік. Бөртенің қылығы сондай тәтті еді...
Бөрте мені таңертең мектепке шығарып салады, түсте күтіп алады. Үйге келе жатқанымды көрсе, маңырап, алдымнан жүгіре шығады. Бізбен бірге ойнайды, тіпті, сенсеңіз көлге де еріп баратын. Бөртенің қылығына, сүйкімділігіне көршілеріміз де қызыға қараушы еді. Бұрын көршінің балалары қаладан аға-әпкелері әкеліп берген қымбат-қымбат ойыншықтарын бізге көрсетіп мақтанатұғын. Енді олар біздің Бөртеге қызығады.
– Бөртеңді бір рет құшақтайыншы, – дейді іргелес үйдің баласы.
– Жоқ, сен алдында-а-а-а маған машинаңды белген жоқсың ғо. Енді мен де Бөлтені саған құшақтатпаймын.
– Мен саған алдында балмұздақ бердім ғой, енді мен бір рет иіскейінші Бөртені, – дейді қарсы үйдің баласы.
– Иә, тек біл-ақ лет иіске.
Көршінің баласы лақты қанша рет иіскегенін санап, інілерім әлекке түседі. Содан соң «көп иіскеп қойдың», – деп өзара төбелеседі. Бөрте жүрген жер осындай той-думан еді. Бірақ бұл ұзаққа бармады...
Біз бірде Бөртені таба алмай қалдық. Іздемеген жеріміз жоқ. Жүрегім бірнәрсені сезгендей... Өзіме берген сертті бұзғаныма налыдым. «Жо-о-ооқ, Бөти аман-сау келеді. Оның жоғалуы мүмкін емес», – деймін өз-өзіммен күбірлеп. Жаманатқа қимаймын... Үйдегілердің бәрі үнсіз. Екі інім жылап отыр. Анам көңілсіз. Әкемнің қабағы қатулы.
– Біздің Бөлтені ұллап кеткен шығар, – деді кіші інім.
̶ Кім ұрлап кетеді? (жан даусым шықты)
– Бөрте күн сайын өсіп келеді ғой. Бәлкім, енесімен өріске қосылған болар, – деді анам.
– Онда неге өріске кеткен малды қарамаймыз?
– Мына күннің ыстығында өле алмай жүрсің ба? Әкем айқайға салды.
– Тышқақ лақ үшін енді өріс жағалар шама жоқ. Бұйырса сендердікі, бұйырмаса барсын! ̶ деді.
Бөрте сол күні үйге келмеді. Бір апта, бір ай өтті. Ұшты-күйлі жоқ. Үшеуміз сай-саланы, тау-төңіректі аралап шықтық. Лағымыз табылмады. Анам ауыл-үйді аралады, лақ көзіне түспепті. Біз Бөртені өлдіге санадық...
Әкем ауылдағы үш шақырым жердегі зауытта жұмыс жасайды. Ерте кетеді, кеш келеді. Кейде әкемізді апталап көрмейтін кезіміз болады. Бірде әкем сол ауылдағы үйдің бірінен су ішпек болып, ауласына кіреді. Сөйтсе, қалың көгалда жайылып жүрген ақ лақ әкемді көре сала маңырай жөнеледі. Жанына келіп, қолын беріп, билей бастайды. «Бөрте». Өз малын таныған әкем лақты әкеп, қораға қамайды. Іле әкемнің ізінен «қуғыншы» жетеді. Түстері суық ағай мен апай үйге кіре сала, әкем мен апамның жаналқымынан алды. Әкем де қалысар емес... Апамның даусы арагідік шығады. Әңгімелеріне құлақ түрсем: «Лақты қайтарыңдар», – дейді. Анам ол лақты сүтпен асырағанын, әкем құлағына ен салғанын айтып, ақталып жатыр. Бірақ бәрібір қонақтар райынан қайтар емес. «Япыр-ай, Бөртенің табылғаны ма?» деп ойлауым мұң екен, үлкендер дауының ортасынан шыққан кіші інім:
– Мммм, ана кісілел бандиттел екен. Біздің Бөлтені ұллап кетіпті. Содан Бөлте үйге келген, – деді жаныма келіп.
Бөрте қайтып келген! Алақай! Бар даусыммен айқайлап, «Бөртеге» салып, қораға қарай жүгірдім. Үйдегілер де лақты көруге шықты. Қора есігін ашқанда, маңырай шыққан Бөрте бәрімізге бір қарап алды да, ойнақтай жөнелді. Үшеумізге кезек-кезек келіп, әдеттегіше оң қолын беріп амандасты. Ата-анам да, келген аға-апа да бір күліп алысты. Жаңа ғана дау тудырған қонақтар енді ата-анамнан кешірім сұрасты. Сөйтсек, Бөртені көрші үйге қыдырып келген жиені қызығып ұрлап кетіпті. Баласының көңілін қимаған қонақтар лақты алып кету үшін байбаламға салған екен. Сол күні біздің үйде той болды...
Біршама уақыт көрмегеннен кейін бе Бөрте бұрынғыдай емес. Емізікпен сүт ішпейді. Қара ешкіні іздеп маңырамайды да. Тіпті, бізге де көп еркелемейді. Және үлкен өріске қара ешкімен қатар баратын болды. Бөртенің өскені әкемнің көзіне түсті...
***
Оқу жылы аяқталды. Менің бірінші сыныпты үздік бітіргеніме қуанған ата-анам ауылдағы туыстарды, көрші-көлемдерді шақырып шағын той жасауды ұйғарды. Менің қуанышымда шек жоқ. Келген қонақтар кө-ө-өөөп ақша беретін болды.
– Малды қашан соясың? – деді анам әкеме.
– Қазір күннің қызуы басылсын, соямыз.
– Әкесі, тойға лақ сойғанымыз ұят болар. Оның үстіне балалардың лағы...
– Ой, әкеңді, қорадағы малдың бәрі балалардың несібесі. Ешкі өсімі жақсы мал. Қойды ірі қонақ келгенде соямыз. Ауылға ешкі жарайды, – деп әкем күңк етті.
Анамның қолында не билік бар, әкем айтқан сөз оған закөнмен тең. Апам терең күрсінді. Теледидардың қызығына кіріп отырып, мен бұл сөзге мән бермедім. Сәлден соң, Бөртенің «жан даусы» шықты. Далаға жүгіріп шықсам, әкем лақтың аяғын байлап, ортаға тастапты. Өзі мал соятын пышағын қайрап отыр. Жүрегім аузыма тығылды. Көз алдым тұманданып, басым айналып кетті. Бөрте маған қарап, бар даусымен «Құтқар мені!» дегендей бақырды. Жанына қалай жеткенімді білмеймін, дереу Бөртені босатуға тырыстым. Лақтың аяғын байлаған жіп мұнша қатты болар ма? Әкем жаныма жетіп келіп:
– Ә-әй, бұл қай қылығың? – деп айқай салды.
– Әке, өтінем, Бөртеге тимеңізші. Қорада басқа мал бар ғой.
Сөз тыңдар әке бар ма? Мені итеріп тастап, екі жеңін түріп лақ жанына келді.
̶ Бөртені сойсаңыз, мен де өлем, ̶ дедім. Ашулы әкем бұл жолы қатты кетті. Тұңғышы болсам да, мектептен мақтау қағазын алсам да, аямады. Қанша таяқ жесем де, етегім жасқа толып Бөртенің аяғы оралған жіпке жармаса бердім, жармаса бердім... Оң қолым Бөртенің аузына тиді. Байғұс лақ соңғы рет менің алақанымды жалап үлгерді. Көзі жәудіреп, араша сұрағандай... Осы кезде жүгіріп інілерім келді.
– Әке, үйге қонақтар келмей-ақ қойсыншы?! – деді үлкен інім жылап.
– Әке, Бөлте білдеңе бүлділді ме? Аяғын неге байлап қойдыңыз? – деді кіші інім.
Әкем оларға ұрсып еді, екеуі де жым болды. Апам бауырларымды алдап, үйге алып кетті. Ал мені көндіре алмады. Бөртеге берген сертте тұруым керек. Ауық-ауық лаққа қарап, «Қорықпа, Бөрте, саған көмектесемін!» – деймін күбірлеп...
Әкем маған айқайлай-айқайлай шаршады білем, көмекке көрші аға келіп, мені көтеріп алып кетті. Әкеме айтқанымды тыңдата алмайтынымды білген соң, көрші ағаға жалындым. Араша болмады. Ол кісінің де мұнша мейірімсіз екенін бұрын білмеппін. Қора жақтан Бөртенің енесі қара ешкі маңырады. Қанша дегенмен баласы ғой, ол да ұзақ «жылады». «Сен де жазық жоқ, мен де азық жоқ», ̶ деген әкемнің даусы құлағыма шалынды. Бәлкім аяр... Жо-жоқ, Бөрте соңғы рет бақырды. Даусы тым аянышты. Шыдай алмадым, көрші ағаның қолын тістеп алдым. Ол мені жерге тастай салды. Тұра сала лаққа жүгіріп ем, кеш қалыппын... Қос қолын қан қылған әкем көйлегінің жеңіне терін сүртті. Бөрте қимылсыз қалды. Қара ешкі қора алдында әлі маңырап тұр. Баласына араша бола алмағаны үшін ол да өкінетін тәрізді. Мен тұңғыш рет әкеме қатты ренжідім...
...Үйге келген қонақтар мәз-мәйрам. Үшеуміз жылап отырмыз. Анам бізді жұбата алмай әлек. Қазан бүлкілдеп қайнап жатыр. Шай ішілді, тілектер айтылды. «Бүйтіп алған дипломы бар болсын!» – деймін іштей. Ет пісті. Ортаға Бөртенің басы салынған үлкен табақ келді. Байғұс лақ тілін тістеп, көзін тарс жұмып алыпты.
– Бөлте бізге ленжіп қалды е? – деді кіші інім. Басын изеді үлкені. Мен үнсізбін. Көрші аға табақтағы басты бөлшектеуге кірісті. Етсіз қалған бас бізбен соңғы рет қоштасқандай көрінді. Мен іштей Бөртеден кешірім сұрадым.
...Мұнан соң ешкі етін жегім келмейді. Бөрте есіме түседі.
***
...Ақпанның ақ түтек бораны. Анам үйге тағы да лақ әкелді. Енесі алмай тастапты. Анам емізік іздеуге көршілерге кетті. Біз лаққа бұрылып қарамадық.
Кешір бізді, Бөрте!..
Айгүл Жұбаныш