Лантин мырза орынбасар бөлім бастығының кешкі отырысында осы уылжыған бөйжеткенмен кезіккен сәттен б...
Өтен Ахмет. Мұңды ойлар
(Талдықорған дәптерінен)
30.04.2007. Қазақ атам көктем туралы «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі» дейді. Дөп айтылған. Өйткені бұл жақсы тұрмыстың өзі құтқармайтын адам еркінен тыс табиғи құбылыс. Ельцин кетті. Ульянов, Ростропович, Лавров кетті...
Бүгін «Қазақ әдебиетінен» қарағандылық Рымқұл Сүлейменвтің дүниеден озғанын біліп, көңілім қатты қобалжыды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдар басында біраз жас журналист Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында тоқайласқан едік. Рас, ол ортаға мен сәл кештеу келдім. Дегенмен, Амангелді Ахметәлімов, Рымқұл Сүлейменов, Қанат Жойқынбеков, мен, Ақселеу Сейдімбеков мен атайын, сен тұр дейтіндерден едік.
Амангелді, Рымқұл және мен бір-бірімізге өзгелерден гөрі жақындау болдық. Ру сұрасқан емеспіз. Сен ана жақтан, мен мына жақтан дескен жоқпыз. Шығармашылық тұрғыдан іштей жарыссақ жарысқан шығармыз, бірақ бақталас болмағанымыз анық. Рымқұл мақала жазуға баяулау еді, күшін есептеп, өлшеп пайдаланатын. Баяулығын ақжарқын, ашық мінезімен жуып-шайып білдірмей жіберетін. Оның жазушы болғаны да қызық. «Пошташы шал» деген бір әңгімесін өмір бойы жазғандай болып жүретін. Кейін кітап жазып жергілікті баспалардан бес мың данамен шығарғанда, біз оған күле қарап пәлендей мән бере қойған жоқ едік. Жазушылық шегірен былғарыдай бүрісіп жергілікті баспаханалар мен аудан, ру көлеміне тарыларын ол кезде біз білмеппіз.
Тәуелсіздік алғанда, кешегі 1986 жылы тұтастық көрсеткен қарапайым ер қазақ көзді ашып-жұмғандай аз уақыт ішінде ру-руға бөлініп, менің басқа облыста туғанымды, басқа руға жататынымды бетіме басып, шеттетіп, күпінің битіндей жабылғанда, обалы не керек, ол тобырдың ішінен Рымқұлды көргем жоқ.
Рымқұл да кетті келместің кемесіне мініп. Алдың жарық, иманың серік болғай, замандас, сырлас болған әзиз дос...
06.05.2007. Уақыт жылжып өтіп жатыр. Театрда қазір қозғалыс жоқ. Бұрынғылар қартайды, жастар келмейді. Педагогика, өнер саласына бұрын да жігерлі, қабілеті бар жастар онша бара қоймайтын. Нарықтың әсері ме, арқанға байлап тартсаң да келтіре алмайтындай күйге жеттік. Әрине, өнер қуып жүрген талапты жастар мүлде жоқ емес, бар. Бірақ бәрібір олар туралы таланты тіреп тұрғандар деп айта алмайсың. Көбі қолынан басқа келер түгі болмағасын, мектептен алған оқу-білімі кем болғасын, өнерді оңай көріп амалсыздан соны төңіректеп жүргендер. Қазақ өнері дегенде, поэзиясы тәуір еді, көшірмешілер мен жаттаушылары көбейіп, ол да қожырап барады. Әніміз тәуір еді, көшірме мен еліктеу көбейіп, ол да бетіне лағып кетті. Көршіміз Ресейді білуіміз үшін қаптаған Ресей телеарналарын бас алмай қараудың не қажеттілігі бар. Олардың орнына өз телеарналарымызды қосып қойсақ болмай ма. Ғажабы, сырт пормасы жағынан бәрі де қазаққа ұқсайды. Ал сөйлеген сөздері, іс-әрекеттері, насихаттары, әндері, билері, көрсететін салт-тұрмысы – бәрі де орысты, Ресейді көз алдыңа әкеледі. «Айтыстан» айтатын да, көрсететін де түк қалмағандай. Оның өзі де қазақ ұлттық өнері мен рухының өлер алдындағы соңғы тұяқ серпуі сияқты аянышты әсер қалдырады. Қуантпайды. Жылатады.
Театрдың да шығармашылық мүмкіндігі шегірен былғары сияқты жылдан-жылға бүрісіп-тырысып, жиырыла тарылып барады. Мұндай жағдайда жақсы драматургия, талантты режиссердың өзі қауқарсыз, қалыптасқан жағдайды өзгерте алмайды.
Біздің шағын театрдың штат кестесі бойынша 30 актер болуы тиіс. Қазіргі құрамы жиырмадай адам. Егер еңбекқор, қабілетті отыз актер толық болса, соның өзімен-ақ небір жаңа шығармашылық жоспарды жүзеге асыруға болар еді. Бірақ айлығы өте аз, баспанасы жоқ қурап тұрған жерге нарық заманында кім келеді?
Биыл актерлық оқу бітіретін 12 жас маман келмек. Ал енді оларға ең құрмаса бас сұғатын жатақхана тауып беру керек қой. Облыс басшылығы басында уәде бергенмен, қазір үнсіз. Театрға жаңа көркемдік жетекші тағайындалғанына екі жыл болды. Осы мерзімде ол 2005 жылы Республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, ұжымды абыройлы етті. Оннан астам жаңа спектакль қойды. Бірақ осы мерзім ішінде облыс әкімі С.Үмбетов театрға бір рет те бас сұққан жоқ, не болмаса М.Ахмановты шақырып, жағдай сұрап сөйлеспеді. Ахманов өз тарапынан кездесуге неше сұранса да, қабылдамай қойды. Таңғаларлығы, осы әкімді ақын-жазушылардың, өнердің үлкен жанашыры деп бспасөзде жиі мақтайды. Сондағы дәсірейтіп жүргендері үш айда бір беретін 10 мың теңгесі. Ақын, жазушылар соған да мәз. Мақтауға сөз таппай Жамбыл аталарынан да бетер қиналады. Қазақ оқығандары рухани қайыршылыққа ұшырағалы қай заман! Содан кейін ақын, жазушы, әртіс, жалпы өнер адамдарын кім сыйлайды. Кімге керекпіз. Ұлт есебінде жойылып бара жатқандығымыздың ең басты көрсеткіші ғой бұл...
х х х
Үмітсіз –шайтан.
Орыстарша; «Үміт ең соңынан өледі»
Қазақтарша: Үміт –жанады, үміт – өшеді.
Қартайғанның белгісі шығар, әр нәрседен бір үміттене беретін болдым. Бұрын ондайым жоқ еді.
Жыл басында Мәдениет министрлігі грант жариялады. Екі пьеса жібердім.
Кітаптарымды шығаруға көмектес деп Мұрат арқылы министрге хат жаздым. Мұрат хатты министрдің өз қолына тапсырдым деді.
Екеуінен де үміттімін. Бірақ әзірге тым-тырыс, хабар жоқ.
Бірінші мамыр алдындағы түні жұбайым Райхан түс көрдім деді. Ол да мен сияқты түс көре бермейтін. Түсінде даладағы туалетке кірсе, аяқ басар жер жоқ, алтын сияқты жылтыратып тышып тастаған. Грантқа ілінетін шығармыз деп жорыдық. Беу, үміт, шіркін, қараңғыда жылтыраған шырақ сияқтысың ғой.
Кеше түнде жастар алдында, кереуеттің дәл үстінде, төбеде бір үлкен өрмекші тұр. Шам жарығында сирақтарынан түскен көлеңке арбиып, қорқынышты етіп көрсетеді. Райхан құрт-құмырсқадан жаны шыға қорқады.
Өрмекші жақсылыққа, Алланың жіберген белгісі, өлтіруге болмайды дедім. Райхан келісті. Сыпыртқының басына суланған дәке байлап әкелді. Мен өрмекшіні дәкеге түсіріп алмақ болдым. Өрмекші кереутке құлады да, ол жерден зытып беріп, қабырғаның астыңғы жағына қарай өтіп кетті. Әуре болмайық, өзі бір қуыс тауып жайғасар дедім.
Ұйықтар кезде байқадық, кереуеттің аяқ жағына таман төбеде тұр екен. Тұра берсін, досымыз ғой дедім.
Таңертең тұрсақ, Райхан айтады, досың жоқ, көрінбейді ғой деп.
Иә, орнында жоқ, көрінбейді. Мүмкін өзіне лайықты мекенін жарық па, қуыс па, тапқан шығар.
Мен оған жақсылық ойладым. Ол да маған сүйткен шығар. Әсілі үміттену дегеніміз –талпынып –өмір сүру ғой...
09.05.2007. Бүгін Жеңіс күні. Менің әкем де, Райханның әкесі де, яғни әкелеріміз қан майдан шайқастарына қатысқан. Екеуі де бала-шаға бақытына елге аман-есен оралған. Таза отбасылық тұрғыдан да бұл соғысқа ерекше мән бере қарайтынымыз содан да болар.
Бірақ бір-бірімен көп қырқысқан Еуропа «Сен жеңдің, мен жеңдім» дегенді айтпайды. Соғыс салған сойқанды ұмытқандықтан емес, одан дұрыс сабақ алғандықтан.
Орыстар үшін, қарап отырсам, ұлттың патриоттық сезімдерін ояту үшін, осы соғыстағы жеңістерін дәріптеуден басқа түк қалмаған сияқты. Алтын Орда құлағаннан бері соғыстан көз ашпаған ел, айналасын мылтық, қылышпен қанжосағып империя құрған елдің санасында соғыс деген ұғым тек қана мақтаныш сезім туғызатын күшке айналған. СССР құлағанда ес жия алмай есеңгіреп, біраз уақыт сүмірейіп қалғандай еді. Кезінде қылыштың жүзімен жаулап алған Сібірдің, Оралдың, Кавказдың жер байлықтары арқасында тез ес жинап, қарындары тойып, беттеріне ептеп қан жүгіріп еді, қайтадан өркөкіректеніп шыға келді. Қайтадан жер бетінде біз мықтымыз деген ескі әуендерін ыңылдата бастады. Тарихта бұдан артық бетсіз билік орнатқыш елді білмеймін. Біреудің тамағын ішіп, көйлегін киіп, құралын пайдаланып отырып-ақ соның бәрін өзіміздікі деуге де ауыздары қисаймайды. Осындайдан кейін Еуропа орыстарға қалай қарауы керек?
Ұлы орыстық шовинистік, империялық саясаттан Ресейдің нешеме рет аузы күйді, сонда да дұрыс сабақ алмайды.
Осы саясатымен Ресей енді тағы күйресе, қайта тұрмастай болып біржола құлайды деседі білгіштер.
Қырғын соғыс жүріп жатқанда кімнің сүйегі қайда қалмады, қайда жерленбеді. Өлген адамның сүйегін әртүрлі себептермен басқа орынға қайта жерлеу ежелден бар дәстүр.
Ресей, басқасын айтпағанда, соңғы патшасы екінші Николайдың сүйегін (оныкі болмауы да мүмкін) әзер дегенде тауып алды ғой. Санкт-Петербургке әкеліп қайта жерледі. Өлі денені экспонатқа қойып, тордағы жыртқыш хайуандарды қызықтағандай қызықтау ешбір ақылға сыймайды-ақ. Демек, Лениннің мүрдесі де ерте ме, кеш пе, жер қойнына барады деген сөз.
Ислам діні шартына сүйенген қазақ салтында да тиісті рәсімін жасап, өлген кісінің сүйегін басқа жерге көшіріп жерлеуге болады.
Эстондар елінің дәл кеудесінде тұрған сондай ескерткішті өзінің лайықты орнына ауыстырамыз, жауынгер сүйектерін басқа жерге жерлейміз дегеніне шовинистік, империялық пиғылмен өрекпіп тұрған Ресей билігі бұтына тышсын дейік, мына жақтағы біздің қазақтарға не жорық, көттақыланып, жантықтанып...
Иә, Эстониядағы орыстар дүрлікті. Олар эстон халқы үшін сырттан келген кірмелер, әрі кетсе қонақтар. Жаман үйді ғана қонағы билейді. Есі дұрыс үй қонағына билетпейді. Біздегі депутат қазақтарды түсінуге болады. Олар өз үйлерін қонақтарына билетіп қойып отыр. Өздерінің жасық бишара көңілімен барлық жерде де біздегідегідей шығар деп ойлайды.
Шынында қызық, біздің парламентте біреудің үйіндеі шаруаға араласып, сырттан көсемсіп төрелік айтқандар тек қазақтар ғана. Ал орыстар сондайларды үргізіп қойып, жымиып қана қарап отырды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қазақтар Ресей құрамында болды. Бірақ олар кім үшін, не үшін соғысамыз деген сұрақ қойды. Мұнда қазақтың ешқандай мүддесі жоғын жақсы білді. Тәуелсіздік деп бас көтерді. Айдалада босқа қырылғанша, құл жұмысын істеп аяққа тапталғанша өз елі, жері үшін, бостандық үшін күресіп өлгенді артық көрді.
Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақтың ешкімде, сыртта өші жоқ еді. Қосақ арасында кетті. Жиырмасыншы жылдардағы қырғын мен аштықтан, отызыншы жылдардағы зұлмат аштықтан, 37 жылғы қуғын-сүргіннен аман қалған ел тәуір деген соңғы азаматтарынан айрылды. Рух солқылдай бастағанда тың игеру дегенді шығарып, қазақ жеріне миллиондарды әкеп төгіп, елдің сағын біржола сындырды. Дербес ұлтпыз, оның өзіндік болмысы болады деген ұғымдар біртіндеп әлсірей берді. Содан бастап еңсе тіктеп, бас көтерер түріміз жоқ. Бұлай бола берсе, қазақтың сырт пошымы қалса қалар, ал ішінің осы кеткені кеткен шығар. Беталысымыз жаман.
ТВ айнасынан бүгін бір шал сөйлеп отыр. Басында тақия, жасы кемінде сексен асып жығылған адам, пішімі мығым.
Сөзінің түрі: Атып қалдым, түтін шықты, сгорел. Фашистердің логовосына дейін бардық. Парад победа да Жуков на белом коне...
Өзін өзі сыйламаған халықты, өзін сыйлата алмаған халықты, сырттан кім сыйлайды? Ешкім де.
Қазақ және Қазақстан деген ұғымдар бірдей емес.
Қазақстанды керек етсе, оны қазақтарды сыйлағандық деп түсінуге болмайды.
Сөйлеген шалдарды жазғырмаймын. Кешегі совет кезінде қалай сөйлесе, бүгін де тап солай сөйлегеніне қынжыламын. Ол соғыс туралы бүгінгі сөз басқаша болса керек-ті. Бірақ оған шалдар кінәлі емес. Кінәлі қоғамдық сананың дүмбілез шикілігі. Қоғамдық сананы өркениеттік жолға салу үшін күреспейтініміз.
Біз 70-80-90 жылдардағы мәңгүртизмнің зардабын әлі күнге дейін тартып жүрміз. Ал 90 жылдардан басталған жалған оқумен білімсіз өскендер билікке келгенде, зардаптың нағыз көкесін сонда көретін шығармыз...
х х х
Ресей өркениеттік даму жағынан Америкадан, Еуропадан ешқашан күшті бола алмайды. Қытайды былай қойғанда, Жапонияға да шендесе алмайды.
Мұнай мен газдың түбі шексіз емес, бір күні таусылады. Мүмкін отыз, мүмкын елу жылдан кейін. Содан соң ше?
Біздің сыртқы істер министріміз АҚШ-қа кетіп еді. Путин жетіп келді де, қазақ мұнайы мен газын өз жерінен тасымалдауға көндірді.
Жапондар келіп Қазақстаннан уран брикетін сатып алып тұру жөнінде шартқа отырды. Путин жетіп келді де, қазақстандық уранның брикетін Ресейде жасауға көндірді.
Қызық-ай, мұнай Қазақстан халқынікі, уран Ресейдікі. Бірақ мұнай мен уранды қолына ұстап, әлемдік саясатты Ресей жүргізеді. Пайданың көбі де солардың қалтасына құйылатын шығар.
Ресей бұрынғы империялық саясатының жолымен Америка мен Еуропаға ерегесін қайта бастағаны анық көріне бастады.
Бірінші үлкен ерегісі – бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілумен аяқталып, большевиктердің қара түнегіне тап болды.
Екінші үлкен ерегісі – большевиктердің (орыстың) соғыс құмарлығымен екінші дүниежүзілік соғысқа алып келіп, ол соғыста жеңген сияқты болғанман, шынтуайтында жеңіліп қалған еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін империясы біршама ықшамдалды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін СССР ыдырады. Бірақ бұл арада көп ұлттарды жойып, жойылмағанын мәңгүрттендіріп үлгерді. Соңғысына біздер, қазақтар да жатамыз.
Үшінші ерегіс, егер шын басталып өршісе, тағы да Ресейдің жеңілуімен аяқталары сөзсіз. Ол кезде біз ұлт болып тұра аламыз ба, тұра алсақ шалажансар «капут» күйде болмасақ жарадық. Дүниеде біз де бармыз деп айта алсақ қой, шіркін. Әлде, екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің кебін киеміз бе?.. Ондайдың бетін Алла бізден аулақ етсін.
Неге екенін білмеймін, біздің тәуелсіз елімізде қазақтарды орыстандыру саясаты жүріп жатқандай көріне береді маған.
Қазақтың ұлттық намысы өлгендей. Қазаққа қандай эксперимент жүргіземін десе де, қорықпауларына болады. «Аса байлық не керек, денсау болса болады-ай» деп жүргенде, денсаулықтан да айрылып, міскінденіп барамыз. Денсаулық анада болмаса, денсаулық балада болмаса, ондай халықтан қайрат, жігер, рухани қайсарлық қайдан шыға қойсын...
20.05.2007. Телеайнадан бір көріністер жылтылдай қалды. Ескерткіш, көктөбе деген сөздер естілді. Мен «Дос-Мұқасан» ансамбліне орнатылған ба деп ойлап қалдым. Кезінде олар барша қазақты тамсандырған музыка әлеміндегі жаңа бір бетбұрыс еді. Өрлеудің жаңа бір биік сатысы болған еді. Қателесіппін. Ескерткіш британдық атақты «Битлз» тобына арналған болып шықты. Қазақтың беттері табақтай бір қатындары естен тана сөйлеп жатты қуаныштарын жариялап.
Ұлттық тарих – ұлттық рухтың қайнар көзі. Сондықтан жаулап алушылар әлсіз халықтың тарихын айтуға тыйым салса да, сол жаулап алушылардың арқасында ел болып сақталып қалдыңдар дегенді көрсетуге тырысады. Мұндайды біз басымыздан әбден-ақ кештік. СССР құлағанға дейін тарихымыз 1917 жылғы қазан төңкерісінен басталды деп келдік. Бүкіл сөздің бісмілләсі «октябрь таңы атып», «октябрь шұғыласының арқасында» деп басталатын. Бірақ мен бала кезімде, алғаш хат тани бастағанымда, менің әкемнің әкесі, яғни жеті атам өмір сүрген кезде, қазақ қалай күн көрген деп ойланатынмын. Сондықтан маған, менің замандастарыма ауыз әдебиеті қатты әсер етті деп есептеймін. Негізінен ұлтымызға қатысты тарих сабағын мектеп оқулықтарынан емес, батырлық жырлардан, ауызекі жеткен аңыз-әңгімелерден үйрендік қой. Алғашқы түйсік-түсінігімізді айтамын.
Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді.
Ұра берсе, Құдай да өледі.
Қазақ осының екеуінен де өтіп, бүгінгідей біртүрлі түсініксіз келбетке ие болды.
Біріншісі туралы айтарым: қазақтың жан дүниесіне орыстық психология, талғам-түйсік, жалпы ойлау жүйесі әбден дендеп еніп кетті. Бір ғана мысал. «Ана», «шеше», «әке», «көке» ұғымдарын біржола ұмытуға айналдық. Тіпті қолданыстан шығып қалды десек те болғандай. Қарасам, өзім жақсы көретін Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының өзінде кейіпкерлер «ана», «шеше», «апа» деудің орнына «мамалап» жүр. Ол қай заман еді?
Екіншісі туралы айтарым: ұлттық намыстың өлгенін мүлде сезінуден қалғанымыз.
АҚШ-тың ғылыми фантастикалық кейбір қорқынышты фильмдерінде адам бойындағы қанын суытатын небір жиіркенішті құбылыстар көрсетіледі. Кілең бір отқа да, оққа да жойылмайтын пәлелер. Вирусы адам ішіне түсіп кетсе болды, лезде жетілген құбыжыққа айналып не ауыздан, не қарныңды жарып шыға келеді.
Атам қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді. Бөл өте кең мағынада айтылған нақыл сөз.
Екі жақ жауласқанда жеңгені жеңілгеннің құлақ пен мұрнын кесіп алатын болған. Жеңгенінің дәлеліне.
Бас терісін сыпырып алатын болған. Жеңгендігінің дәлелі үшін.
Басын кесіп алып, қауашағынан тостаған жасап, салтанатты отырыстарда онымен шарап ішкен мақтанып.
Мұражайлар көрмесіне қойған. Кенесары, Кейкі... Біз білмейтіндер қаншама...
Абылай ханды нөкерлерімен күткен болып, солардың көз алдында башқұрттың, қазақтың қаншама игі жақсыларын салбыратып дарға асты, бастарын шауып, қылыштап турап-турап тастады. Соның бәрін көзі бақырайып Абылай ханымыз да үнсіз көріп отырды.
Басқа елдің қақ төріне жауынгер солдатының мүсінін асқақтатып орнатып қою осы қатарға жататын өкемдік әрекет.
Бұлай тұрғаны дұрыс емес, орны басқа жер, деді эстондар. Бұл- ұлттық намысты қорғау мен сақтаудың жәй ғана қарапайым инстинкті түсінігі. Егер қазіргі ұрпақ бұлай істемесе, кейінгі ұрпақ басына тышып жатса да мыңқ етпейтін болады.
Біз қазір тап сондай күйге ұшырағандаймыз. Әсіресе тәуелсіздік кезіндегі ұлт мәселесіндегі жасық саясат қазақ, қазақпын, ұлт мүддесі, ұлттық рух т. с .с ұғымдарды санадан шығарып тастағандаймыз. Санадан қуылған соң, жүректен де безері хақ.
Эстондар орыс солдатының мүсініне төрін қимаса, оған төрімізді біз берейік.
Ленинді бұрынғы тұғырына қайта әкеліп орнатайық.
Енді Көктөбенің басынан аяулы Алматыға «Битлз» әншілерінің қарап тұрғаны лайықты болыпты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ма екен, Қарағандыда Құрманғазыға ескерткіш орнатамыз деп тас белгі қойды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ол руы басқа себепті, дұрыс қазақ болмай қалды. Тас белгіні лақтырып тастады.
Кеншілердің Мәдениет сарайын толайымен «Валют-Транзитке» су тегінге беріп қойғанда (кім біледі, аржағында қандай ым-жым болғанын) намыстанбаған биліктегі су милар Құрманғазыға келгенде, жершіл-жікшіл бола қалғанын қайтерсің.
Ұлттың рухани әлеміне төнген қауіпті сезбеу, сақтық қорғаныш реакциясының жоғалуы – құл болғандық емес пе екен...
Өтен Ахмет