Өтен Ахмет. Сезім иірімдері (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3068

Кешқұрым. Ашық би алаңы. Жәй үздіге созылып баппен ырғалған «танго» сазы жүректі тербейді. Мен әдеміше келген бір аққұба қызбен билеп жүрмін. Кейде бұрын танымайтын бейтаныс кісіні алғаш көріп тұрсаң да, бойыңда соған деген бір жылы сезім оянып, сөйлескің, әзілдескің келіп кетеді емес пе.

- Қарындас, сіз өте жақсы билейді екенсіз.

- Солай ма? – Қыз басын шалқайта көтеріп, маған дөңгелек нұрлы қой көздерін төңкере қарап, ақырын жымиып қойды. – Рахмет.

- Не үшін?

- Қыздың не жақсы, не жаман билеуі жігітіне байланысты болады ғой.

Үнсіздік. Тек танго сазы ғана баяу созылып ыңырсиды.

- Қарындас, сізбен танысуға бола ма?

- Неге болмасын, болады. Танысың көп болса, өмір сүру жеңіл болады дейді білетіндер.

- Менің атым...

- Менің...


                                     ІІ

Бүгін мен оны осымен үшінші рет сырласуға шақырдым. Түн. Суық. Бірақ оны сезер біз емес. Қыдырамыз. Шалқып-тасып жүреміз. Әйтсе де әлі бір-бірімізге жөнді ашыла қойған жоқпыз. Мен өзімді байсалды ұстауға тырысамын. Кейде ол, кейде мен бір әңгіме бастап кетеміз. Қала, ауыл өмірі, қазіргі жастар жайында таласамыз. Мен көбіне идеялық тұрғыдан сөйлеймін. Ол маған таңырқай қарап қояды. Мен жайында жақсы пікірге келгенін бірде жасырмай айтып та салды.

- Мен басында, алғаш танысқанымда, сені мұндай деп ойлаған жоқ едім.

Әрі таңданып, әрі сүйсінгендей, сондай бір таза балғын көзбен менің бетіме тағы бір тесіле қарап қойды. Мен батылданып кеттім де, қолтығының астынан қапсыра құшақтап, ақырын ғана ернінен сүйіп алдым.

- Неге сүйесің? - деді ол.

- Білмеймін, - дедім мен.


                                     ІІІ

Қатал қыс, мейрімсіз суық күндер, сендер қанша жерден тымырайып қарлы боран, үскірік аяз әкелсеңдер де біздің кездесулерімізге, еркін, ұзақ жүріп қыдыруымызға кедергі бола алмайсыңдар. Одан да жадыраңдар, жайнаңдар. Ағаштар тезірек көктесін. Гүлдер шешек жарсын. Дүние кең тыныстап, адамзаттың арқа-басы жазылып, еркіндік пен шаттыққа бір кенелсін. Бұл менің ішкі ойым, қазіргі көңіл-күйім.

«28 панфиловшылар» атындағы қалалық демалыс бағы. Сырласымның айтуынша, біз екеуміздің меншік бағымыз. Мұндай суық күндері шынында мұнда екеумізден басқа жан болмайды. Отырамыз. Серуендеп жүреміз. Анда-санда жүгіріп-жүгіріп жарысып та аламыз.

Білдірмеймін деп қанша тырысса да, сырласымның тоңа бастағанын байқаймын. Жылытқым келіп, бауырыма тартып, кеудеме басамын.

- Тоңдың ба?

- Жоқ, сен ше?

- Мен бе? Тоңғанымды жасырғым келмейді. Күліп тұрып мойындаймын.

- Ептеп жаурап қалған сияқтымын.

- Жалпы еркектер сондай, әйелдерге қарағанда тоңғақтау келеді. Ол мені алдарқатқан болады.

- Мүмкін...


                                     ІҮ

Түн. Көкте жұлдыздар сөніп жанады. Көшеде біз екеумізден басқа кісі қарасы көрінбейді. Суық ауа аздап сынған.

- А...- деймін мен кенет.

- Не?

- Сен қалай ойлайсың, осы махаббат деген өзі жалпы бар нәрсе ме?

Ол қалт тұра қалды. Мен де кідірдім. Қараңғыда күңгірттеніп жүзі анық көрінбесе де, мен оның маған тесіле қарағанын аңғардым.

- Қай кітаптан екені және дәл кімнің жазғаны есімде жоқ,- деді ол әлден соң. – Сонда былай дейді: Махаббат жоқ деушілер жалған айтады, сүймек бұрын толық мағнасында Адам бола білу керек.

Ол жақын келіп ұмтылып мойнымнан құшақтады. Басын кеудеме басып ақырын ғана:

- Есіңде ме, алғаш мені қалай сүйгенің? Сондай сақтықпен, аса бір нәзіктікпен...


                                     Ү

Өткен түн мен үшін көп ойлардың; адалдық пен арамдықтың, тағы-тағы сондайлардың өзара тоғысқан, соғысқан түні болды.

Күні бойы түнеріп тұрып алған аспан кешке қарай сөгіліп берді. Сіркірей бастаған жаңбырға қарамастан сырласыма бардым. Үйінде мені күтіп отыр екен. Әдеттегідей қыдыруға шықтық. Қалтамда ақшам таусылып жүр еді, театрға, не киноға баруға еш мүмкіндік жоқ. Баяғы ешкімнен сұрамай өзімізше еншілеп алған «28 панфиловшылар» атындаға атақты баққа келдік. Үстімізден жаңбыр өтіп барады.

Әлден уақытта жаңбыр аяғы қарға ұласайын деді. Жағдайымыз мүлде қиындауға айналды. Қыдырып рахат таппайтынымыз белгілі болды.

- А.., - дедім ақырын жасқана тіл қатып, - бізге, жатақханаға барсақ қайтеді?

- Ыңғайсыз болмаса... Жігіттерің бар ғой?

- Ешкім жоқ.

- Онда баруға болады.

Екеуміз бір кісілік төсекте құшақтасып қатар жатырмыз. Бөлме іші қараңғы. Ол мені әлсін-әлі аймалап сүйеді. Мен оны. Ойланамын. Біздің арамызда қандай жақындық бар? Махаббат па? Жоқ әлде, жәй ғана достық па? Біле алмаймын. Мен оны тек қана ұнататын сияқтымын. Несін ұнатам? Менің түсінігімде, пәлендей алып бара жатқан көркі жоқ. Дене бітімі де соншалықты тартымды деп айта алмаймын. Бірақ басы жұмыс істейді. Байқауымда, бұзылмаған таза жандай. Мүмкін мен оның тап осы қасиеттерін ұнататын шығармын. Бірақ бұл бәрібір махаббат емес қой.

Ал ол маған барынша сенеді. Аузымнан шыққан сөздің бәрін шындық деп қабылдайды.

Мен оны алдауға қимадым. Ар-ұятым жібермеді. Әйтсе де біздің арамыздағы достық осы қалпында жалғаса бермек пе? Соңыра оған да, маған да қиын тиіп жүрмесе неғылсын...


                                     ҮІ

Асыға күткен көктем де келді. Ағаштар бүрлеп, бәйшешек гүл жарды. Жан біткеннің арқа-басы кеңіп, жас көңілдерді жұмбақ сезім иірімдері кернеді. Қыздар шықты қолдарына гүл ұстап, өздері де гүлдей жайнап. Жігіттер жүр оларды көбелекше шыр айналып, бәйек болып. Қағытпа әзіл сөздер... Сыңғыр-сыңғыр мөлдіреген күлкілер... Жарастықты бал дәурен.

Осы ортада біз де бармыз. Біз де күлеміз, шаттанамыз. Бірақ осы мұңсыз күлкі, осы кербез шаттық екеуміздің бір екенімізді, бір болатынымызды сезінуден туып жүр ме? Әлде, алаулаған асау жастықтың әуеніне көзсіз ергендіктің әсері ме? Бірінші жағдайда мен оны шын сүйуім керек. Ең жақын, ең қымбат адамым деп қабылдауым керек. Ал шын мәнінде солай ма? Жоқ, мен оны сүймеймін. Ал екінші жағдайда мен оны да, өзімді де алдап, осылай түк болмаған сияқтанып жүре беруім керек. Өзі де солай-ау. Жоқ, бұл менің жолым емес. Байланысты үзейін. Жазықсыз жанды босқа жаралап алмайын. Әрине, кешірім сұраймын...

                                                                  Қаңтар-сәуір 1961 жыл.

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...