Қажымұқан қажы ма? Поддубныйға жеңісті сыйлағаны рас па?

ТАНЫМ
20595

Қажымұқан – Қазақ спортының алып бәйтерегі. Екі ғасырдың куәгерінің кеудесінде әлемнің әйгілі атақ-даңқын әйгілейтін орден-медальдар жарқырады. "Қазақ даласының батыры" атанған балуанның басынан да бұлт арылмаған. КСРО дейтін әлемді тітіреткен империяның көсемі И. Сталиннің  алғысын алған балуанға кімдер не үшін тізесін батырды?  

Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарайтын Сарытерек болысының Жәдік деген елдімекенінде өмірге келген. Кей деректерде оның 1888 жылы туылғаны айтылады. Дегенмен көп деректерде алдыңғы цифр көп айтылып, жазылып жүр. Шаруаның отбасында өмірге келген ол буыны бекіп, бұғанасы қатайған шақтан бастап байларға жалданып өмір сүреді.

Қажымұқанның туған жеріне де қатысты екіұшты пікірлер жазылып жүр. Бір тарап Ақмола уезіне қарайтын елдімекенде туған десе, екінші жақ балуанның аталас туыстарының айтуымен ауыздан-ауызға тараған дерек бойынша қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шілік өзенінің маңындағы Қаратөбе дейтін жерде туған дейді.

Қажымұқан ұрпақтары: Бәтима бәйбіше және...

Тіршілігінде әйгілі балуан некесін неше мәрте жаңартқан? Тұрлаусыз тағдырында қанша әйел алу жазылған? Алғашқы некелі Надежда Николаевна Чепковскаямен 1909 жылы шаңырақ көтереді. 1925 жылы Тыныбайқызы Ырыстыны, 1938 жылы Мүнәйімді, 1946 жылы Айшагүлді алады.

Чепковская цирк актрисасы, 16 жастағы бойжеткен ол кезде. Омбыға концерт қоюға келгенде бір сахнада өнер көрсеткен Қажымұқанмен танысып, көңіл жарастырады. Хасен есімді молдаға некелерін қидырып, әйеліне бірден мұсылман дінін қабылдатып, Бәтима деп ат қояды. Балуан мен Бәтима балалар үйінен ұл бала асырап алады. Одан кейін  Бәтима 17 жасында, яғни 1910 жылы ұл тауып есімін Халиолла қояды. Осы Халиолла да анасының жасында 16-ға толғанда Шәлен есімді қызды жар етіп, өмірге жеті бала әкеледі. Қажымұқан мен Надежда – Бәтима ұлдары Халиолладан жеті немере сүйген. Үлкені Шабдан 1927 жылы туған. Фарида, Рәзия,  Жанайдар, Елтай, Құлымбет есімді балалары болған. Елтай мен Құлымбетті Қазақ КССР-інде басшылық қызмет атқарған Елтай Ерназаров пен Ұзақбай Құлымбетовтің есімімен байланыстыра, солардай ел басқарсын деп балуан өзі ырымдап қойған дейді.

Фотода: Қажымұқан Мұңайтпасұлы.


Балуанның осы Халиолладан өрбіген немерелерінің бірі жылқының жілігін қолымен ұрып, қақ бөліп те ел ішінде қара күшімен дараланған.

Төрт әйел алған Қажымұқан екінші рет төсек жаңғыртып, отауын жаңалап Ырыстыны әйелдікке алғанда бәйбішесі Бәтима құптамаса керек. Қажекеңнің қилы-қилы тағдырын, шым шытырық шаңырағының тарихын зерттеген Қалиәкпар Әміржановтың айтуынша, балуан екінші әйел алғанда Бәтима ашуланып, балалар үйінен асырап алған Ғабдолланың қолына барады. Жалғыз бармай Халиолладан туған немересі Рәзиясын ерте кетеді. Ғабдолланың қолында Бәтима ұзақ уақыт тұрып, немересі Рәзиясын оқытып,  бойжеткен соң аяқтандырып, ұзатады. Солардан кейін немере күйеу баласының қолында 1966 жылға дейін тұрып, сол үйде дүние салады. Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқан туралы естелігінде балуанның Ырыстыдан үш қыз, үш ұл сүйгенін жазады. Бірақ бұл пікірді Қалиәкпар Әміржанов толықтай қуаттамайды. Республикалық «Жалын» журналының 2007 жылғы №6 санында жарияланған «Қажымұқан» атты еңбегінде Ырыстыдан үш қыз: София, Әзия, Рашида туғанын жазады. София деп қоюының себебі, Ырысты әйелінен туған тұңғышы өмірге келгенде балуан өзі Болгарияның  бас қаласы Софияда жүрсе керек. Сол себепті осы қаланың атауын берген көрінеді. Азия құрлығында іссапарда жүргенде өмірге келген екінші қызын Әзия деп азан шақырып, құрлықтың атауымен үндестіріп тағы өзі қойған екен. София деген қызы ауруханада ота үстелінде 24 жасында қайтыс болған, ал екінші қызы Әзиясы әкесіне тартқан қарулы, білекті болса керек. Ел арасында осы Әзияның 7 жасқа толғанда 32 келілік гір тасын қозғап, көтерген деген де аңыз айтылады.

Қажымұқан мен Бәтиманың асырап алған ұлы Ғабдолла заң саласында тергеуші болып қызмет істеген. Ғабдолла Омбыда прокурор болып жүріп, 1944 жылы Украинаға жіберіледі де, бендершілдер қолынан қаза табады. Тегінде Ғабдолланың ұлты басқа болғанымен, Қажымұқанның бойына сіңірген тәрбиесінің арқасында қазақылықты молынан игеріп өседі. Бауыры Халиолла соғысқа кеткенде балаларына қарайласу үшін ауданға көшіп келуі оның асқан мейірімділігін көрсетсе керек.

Мүнәйім деген әйелінен Айдархан есімді ұл сүйеді. Ал соңғы, қайтыс боларында алған Айшагүлден Жанәбіл өмірге келеді.

Балаларының ішінде осы Ғабдолланың ғана фамилиясы Мұңайтпасов. Халиолла мен Айдархан, Жанәбілдің тегі  Мұқанов болып жазылған.

Қажымұқан 1910 жылдан бастап 1937 жылға дейін Омбыда өмір сүрді. КСРО дәуірінде Петербург, Қазан, Орынбор, Нижний-Новгород, Минск, Рига, Харбин секілді қалаларда күреске түсіп, шеберлігін көрсетті.

Қажымұқан ХХ ғасырдың басында ел зиялыларымен тығыз байланыста болған. Содан да 1929 жылдың алты айын Новосібір абақтысында өткізеді.

Поддубныймен неше рет күрескен?

Қажымұқан Иван Поддубныймен дос, жолдас болғаны, Поддубныйдың көп шарапатын көргені жайлы аз жазылған жоқ. Екі алып неше мәрте күресті? Деректерді сөйлетсек, Иван Поддубный мен Қажымұқан алғаш рет Санкт-Петербургтегі Форс паркінде 1907 жылы күреседі. Екінші рет те осы қалада 1913 жылы белдеседі. Үшінші  рет кілем үстіндегі кездесулері осы жылы Орелде өтеді. Соңғы рет Тбилисиде күреседі.  Осы төрт белдесудің біреуі тең аяқталып, қалған үшеуінде Поддубныйдың жеңгені жазылады.  Бірақ қалай жеңді, айқын ұтты ма, жоқ төрешілердің тақымдап, жетекке алуымен жеңді ме, ол жағы айтылмайды.

Қажымұқан күреске түсіп жүргенде бойы 186 сантиметр, салмағы 130 келі болса, Поддубный 184 см, салмағы 118 келінің айналасында болған. Әйгілі Поддубный Қажымұқаннан салмағы да жеңіл тартқан. Тағы бір деректерде Иван Поддубныйға Парижде өткен әлем чемпионатында Қажымұқан жеңісті сыйлап жібергені айтылады.   

Шекпендегі  шендері

Әлемнің 54 мемлекетінде күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқан бойындағы бұла күшінің арқасында 1909 жылы «Алтын Арыстан», «Күн орденін», 1912 жылы Парсы, Манчжур елінің ризашылық ордені мен ескерткіш медалін алған. Варшавада Еуропа чемпионы атағын алған. Поляк елінің сол кездегі королі алтын пластинка қадалған белбеуін сыйға тартқан. Қазақ автономиялық Республикасының басшылығы арнайы бұйрықпен «Қазақ даласының батыры» атағын береді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иван Поддубный Ейск қаласында тұрған. Бұл қаланы немістер басып алып, өздері билік жүргізгені белгілі.  Неге екені белгісіз немістер Поддубныйды Германияға айдамай, керісінше, балуанның кәсібін дөңгелетіп, табыс табуына мүмкіндік жасаған.        

Иван Поддубныйдан өзге әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, өзінен алты жас кіші Иван Шемякин, француз күресінен екі дүркін әлем чемпионы Иван Зайкин, 39 жыл өсмір сүріп, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған   эстон  Алекс Аберг пен  Георг Лурих, француз Поль Понс, латыш Вейланд Шульц сынды алыптармен замандас болып, бірге күрескен. 1910 жылы Оңтүстік Америка құрылығындағы Аргентина елінде күресіп, Буэнос-Айрес қаласындағы кілемде қарсыластарын  жүгерідей жапырып, құрлық чемпионы атанады. 1911 жылы Түркияда тартысқа түседі.

Қажымұқан 35 жасында Германия елінде өткен әлем чемпионатына қатысып, әлем чемпионы атанады. Бұратана халықтан шығып, әлемге әйгілі болғанын қаламаған  шенділер «қара  Иван» деген лақап атпен қатыстырады. 1909 жылы өткен жарысқа Мұқан «қара Мұстафа» деген атпен күреседі. Сол кезеңде Қажымұқанға өз есімі мен ұлтын атауға қатаң тиым салынған дейді-міс.        

Қажымұқан қажы ма?

Қажымұқанның қажылық парызын өтегені жайлы да сан-саққа бұратын пікірлер бар. Түркияда күреске түскенде қарсыластарының бәрін жеңіп, қажы атағы беріледі дейді. Қажымұқанның Түркия топырағында күрескені, қарсыластарының барлығын жеңгені, құрметке бөленгені рас, ол жайында тарихи дәлел, факт те бар. Қажылық – мұсылманның бес парызы. Парызды орындамай қажы атану әсте мүмкін емес.

Бірақ Қажымұқанның Түркияның сол кездегі бас қаласы Стамбұлда түріктің алыбын жеңіп, Шәкір генералдың құттықтауын алғаны шындық. Шәкір паша (генерал) Араб елінде құрбан айт мейрамы кезінде күрестен үлкен дода болатынын айтып,  жол шығын, жатын орынды өздері көтеріп, бірге ертіп барады. Тигр өзенін кешіп, Ирак елі арқылы Үлкен Нефуз шөлімен де жүріп Меккеге барады. Қажылықтың парыздарын өтеп,  Стамбұлға қажы атанып қайтады. Балуан қажы статусын сыйға емес, осылай арнайы барып, тәуәп етіп, қажылықтың барлық шарттарын орындап алған. 

Балуан атындағы  музей

Қажымұқанның мұражайы 1974 жылы Темірлан ауылында ашылса, 2001 жылы Отырар ауданының орталығы – Шәуілдірде мұражайы ашылды.  Бұл мұражайда Қажымұқанның екі иығына іліп, жауырынына жанай ұзын темір салып, оған адамдарды отырғызып көтерген темірі, беліне ораған шойын сынды тарихи оқиғаның жәдігерлері де қойылған.

Темірлан ауылындағы ашылған Қажымұқан музейінде үш мыңнан астам заттар бар. Көненің көзіндей, өткен ғасырдағы спорттық сайыстардың куәгері іспетті жәдігерлердің әрқайсында ерекше сырлар бар. Музей қызметкерлері жыл сайын келетін тамашалаушылардың саны 10 мыңнан асатынын айтады.  Балуанның қартайған шағында аудан орталығы мен облыстың бас қаласына қатынаған ат арбасының төрт дөңгелегі, бас киімдері, ұзын етек көйлегі мен шалбары бар. Сондай-ақ музейде балуанның 1946 жылы 75 жасында салмағы 350 келі тартатын тасты көтергенін айғақтайтын жәдігер бар.

Әлемді аралаған Қажымұқан Ципс, Грат, Джек Каршин, Дернец, Герсимонс, түріктің әйгілі Шәкір балуандармен күресті.

Қажымұқан мен жапон Джиндофу Саракаки екеуі джиу-джитсу ережесі бойынша 1916 жылы Қытайдың Харбин қаласында күреседі. Саракаки кеудесіне май жағып шыққанымен қоймай, Қолымен Қажымұқанның ернін жыртып, құлағынан тістеп шайнап, қан-жоса етеді. Қажымұқан өмір үшін айқаста Саракакидің жағын сындырып, бет терісін сыпырып, есінен тандыра жеңеді.    

Музейде тек екі орден, екі медалі ғана тұр. Осы орден, медальдің ішіндегі ерекшесі жапонның жойдасыз алыбы Саракакидің бас терісін сыпырып, ие болған медалі. Саракаки осы белдесуден кейін-ақ оңалмай өмірден өтеді. Бұл күрес 1912 жылы болған.

Қажымұқан сыртта жүргенде әкесі Мұңайтпас өмірден өтіп, елге оралуы үшін қаражат жетпей қолындағы медальдарын эстон Шульцке қалдырған дейді. Кейін ол медальдарды қазақ кәсіпкерлері Ресейде өткен жәрмеңкеде көріп, қомақты қаражат төлеп сатып алып, осы музейге тапсырыпты.       

Мәшһүр Жүсіп жырлаған

Қажымұқан ел зиялыларымен де тығыз қарым-қатынаста болып, күрестен тапқан қаражатын олардың жиындарына беріп, қолдау көрсеткен. Ұлт көсемдерімен айнымас жолдас,  рухтас дос ретінде араласқан.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Қажымұқан» деген толғауында Қажымұқан 45 жасында Баянтауда Құтан ақынмен кездескенін, балуанның арғы атасы Ақкөбік алып болғанын айтады. Үш пұт тартатын алып тасты қойып, оны Ақбота, Субек ұсталардың салмағы бір жарым пұт тартатын балғамен алма кезек ұрғылағанын жырлайды. Осы трюктен кейін жуандығы еліден асатын темірді білегіне білезіктеп орағанын, екі атан парлағанда орнынан қозғалмаған шананы Қажымұқан сүйрегенін,  білектей жуан, қырлы темірді мойнына салып, екі жағына он-оннан жиырма жігітті мінгізіп көтергенін, содан соң сол сом темірді игенін, тек иіп қана қоймай беліне орағанын, қалыңдығы еліден асатын тақтаймен кеудесін бастырып, үстінен он бес атты кісі шауып өткенін, арба жегіп те үстінен өткізгенін, тағы да қайыра он атты  адамның үстінен бастыра шауып өткенін жырлайды. Тіпті шеберлігін көрсеткен соң ішермін деп қойып қойған қымызын біреулердің сіміріп алғанына күйінген аңғалдығын да баяндайды.

1923 жылдың 15 маусымы, жұма күні Қажымұқанның шеберлігін көрсеткенін, ол өнерін көрсетпес бұрын «Айқап» журналында Жаһанша Сейдалиннің жазғандарын оқып, таныс болғанын айтады.

1913 жылы Троицкіде қараша айының он бесінде балуандар күресі болғанын, Қажымұқан немістің әйгілі балуаны Шмидпен, француздың Пьер де Колус, Тигене де Колосс, сібірлік Петров сынды он сегіз балуанмен бірге белдесуге шығады да, барлығын жеңгенін Көпейдің ұлы жыраулық дәстүрмен дәріптейді.

1918 жылы Омбыда цирк өнері өтеді. Осы ойында орыстың «черная маска» деген лақап атымен танымал балуаны күреске шығады. Кімде-кім мені жықса, бетпердемді сол ғана шешеді деп серт берген алыппен Қажымұқан да күресіп, жеңіп қана қоймай, бетіндегі шүберегін де сыпырып алады. 

Қажымұқан өзінің досы Субек ұстаның үйінің іргесіне таудан алып қара тасты көтеріп әкеліп қояды. Бертінде тасты өлшегендер салмағы 480 келі тартты дейді. Баянауылға танымал болған ұста Қажымұқанның ел аралап көрсеткен өнерінің бірінде қолқа салып,  достықтың кәусі болысн деп өтініш айтып көтерткен екн. Кейін бұл тасты да Темірландағы музейге тапсырған.

Бәсіреге  берілген ұшақ

1937 жылы Қажымұқан отбасын алып Өзбекстанға бас сауғалап, ел асады. Оған себеп – соңына түскен жала. «Ақ патшаның адамы, қолына сый-сияпат алған, сыбайласы болған» деген секілді күйе жаққан коммунистер ақыры алыпты елден аластап тынады. 

Өзбекстаннан елге оралған Қажымұқан екінші дүниежұзілік соғыста жамбастап жатқанын ар көріп, қолына қару алуға сұранады. Әскери комиссариаттағылар оның жасы асып кеткенін, соғысқа жіберілмейтінін айтады. Пайғамбар жасындағы балуан тым болмаса бойындағы күшін көрсетіп, елден қаражат жинап, майданға көмек жібергісі келетінін айтады. Ел аралап өнерін көрсетуге де рұқсатты оңайлықпен бермейді. Басын тауға да, тасқа да ұрып, емен есіктердің алдын тоздырып жүріп рұқсат қағазын алған балуан ел ішін аралайды. Қартайғандағы қара күшінің арқасында неше түрлі трюктер жасап, көрерменнен түскен табысты жинайды.   

Жинаған қаражатына сатып алынған ұшақты майдан даласында тәжірибелі ұшқыш Қажытай Шалабаев қабылдап алады. 1944 жылдың желтоқсан айында Ленинград маңайында майданда жүрген аға лейтенант Қажытай Шалабаевқа Қажымұқан ақшасын төлеп (100 мың сом) жасатқан ұшақ салтанатты рәсіммен тапсырылады. Даңқты балуан КСРО-ның бас қолбасшысы И. Сталиннің атына хат жазғанда өзінің сатып алған ұшағын майданда ұлты қазақ ұшқыш басқаруын өтінеді. Осы өтінішті құп алған басшылардың таңдауы Қажытай ұшқышқа түседі. Соғыста Қажытай Шалабаев қажекеңнің қаражатына Қазан қаласынан сатып алынған  ұшақпен әуеде 70-тен астам әскери тапсырма мен операцияларды орындаған. Соғыс аяқталған соң 1945 жылдың тамызында ұшқыш ұшақты Мәскеудің іргесіндегі Керпач аэродромына қондырып, аэродром басшылығына өткізіп береді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда еліміздің тылдағы еңбекшілері  киім-кешек, азық-түліктен сырт 1 миллиард сомдай қаражат аударған. Бұл қаржыға сол кезде 5 мыңға жуық танк, болмаса 10 мыңдай ұшақ жасатуға болады екен.

Соғысқа ұшақ жіберген Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарын жоқшылықта, қиындықпен өткізген. Мұрағатта даңқты балуанның 1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президумының төрағасы Ә. Қазақбаевқа  жазған хаты сақтаулы. 1947 жылы Қазақбаев пен өкіметтің төрағасы Н.Оңдасыновтың атына да көмек сұрап, хат жолдап ішерге ас, киерге киім ғана емес, басында жеке үйінің жоқтығын да айтып көмек сұраған.

Даңқты балуан 1948 жылдың 12 тамызында 77 жастан асқан шағында  Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болады.  

2017 жылы Астана қаласында өткен халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесіне балуанның мұражайынан да заттар қойылды.

Қажымұқан атындағы турнир бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында 1964 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұшқын Сәйдірахман

author

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

ҚАЙРАТКЕР

Қоғам

Әлеуметтік желіде Тайландқа демалысқа барған қазақстандық жұп қонақүйде тосын жағдайға тап болған бе...

Жаңалықтар

Астанадағы «Жайлы мектептің» дәретханасында жасөспірім құрдасын аяусыз ұрған, деп хабарл...