Талғат Бигелдинов екі мәрте КСРО батыры атағын алған 65 ұшқыштың бірегейі. Соғыс жылдары 300-ден аст...
Абайдың келіні Кәмәлиянің естелігінен (1)
Абай жайлы ұлдарының, ақындық мектебі шәкірттерінің айтқаны оқырман назарына ұсынылып жүрді. Хәкім жайында 1992 жылы «Абай» журналының 4-санында жарияланған келіні Кәмәлиянің естелігін назарларыңызға ұсынамыз.
Мен Абайдың кенже інісі Оспанның үйіне, Еркежан бәйбішенің қолына келін болып түстім. Ол кезде 17 жаста едім. Еркежан бәйбішені Абай әйелдікке алып, інісінің үйіне кірген екен. Мен Абай отырған үйге келін болып түскенім үшін өзімді бақытты санадым. Мен қазақтың басқа келіндеріндей қайнағадан қайырыла қашатын, енеден еңкейе қашатын, жасы үлкеннің бәрінен жасқанатын, ертеден кешке дейін келіп жатқан қариялардың барлығына тізе бүгіп, сәлем ететін келін болғам жоқ.
Мен түскеннен кейін әкем шақырып алып: «Қарағым, Қамаш, ата-енеңді сыйлау, үлкенді қадірлеу бетіңді жауып ұялып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды. Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеуімізге ата-ене деп қарамай, әке-апа деп қара, менің тілегім осы», - деп өз алдында менің басымдағы желегімді алғызды. Сол күннен бастап мен оң жағымдағыдай еркін жүретін болдым. Біздің ауылдың үлкен-кішісі Абайды әке деп санайды екен, сондықтан мен де әке деп атайтын болдым.
Тойшыбек, Бейсембі дейтін ақсақалдар «Абай келіндерін бетімен жіберіпті, сәлем етпейді екен» деп сөз қылды. Бір күні сол Тойшыбек пен Бейсембі келіп еді, кәне менің келіндерім туралы не деп жүрсіңдер деп әкем дүрсе қоя берді. Тойшыбек те, Бейсембі де үндей алмай қалды. «Өздерің менің үйіме келін болып түссеңдер ми қайнаған ыстықта кимешек шаршының сыртынан қалын жібек шалы жауып, беттеріңді ашпай ертеден қара кешке дейін келіп жатқан елге сәлем істетіп қойсам қайтер едіңдер? Келін өзіңнің балаңның жан жолдасы емес пе?! Оның балаңнан қанша өзгешелігі бар», - деп ұялтты.
Әкемнің киімдерін мен тігетін едім. Жаңа киім тігіп жатқанымызда қасымызға келіп, тігіліп жатқан киімді көріп, тігісі жатық, жақсы екен, үлгісі сұлу, ұнамды екен деп мақтайтын, сол киімді киген соң балаша мәз-мейрам болып қуанатын. Әкем кербез емес еді, бірақ киімді өте таза ұстап киетін, киімің ескі болса да, таза болсын, сыны кетпесін, күтіп ки деп ақыл айтып отыратын.
Жаңа үлгімен істелген, сұлу киімнің үлгісін Тобықтыға біздің ауыл таратты. Әкемнің балалары киімдерін орысша-татарша киетін. Шолақ бешпент, сым шалбар, әмерекан етікті ең алдымен біздің ауылдың жастары киіп еді. Ал әкем жаңа киімдердің үлгісіне қарап, өздеріңе де осындай киім тігіңдер деп бізге ақыл айтатын. Басында орысша киімдердің елдің кәрілері жек көретін еді, бешпенттің кеудесін қысып, шалбары бұтын қысып тыртиып, аяғын қарашы қаздиып, мынау Абай өзі шоқынғанымен қоймай, балаларды да шоқындырды-ау, мына киімдерді кигенде балалар таз тырнаға ұқсап тұрады деп күледі екен. Кейіннен орысша-татарша киімдердің жеңіл екенін, жүріп-тұруға ыңғайлы екенін көрген соң, жастардың көбі орысша бешпент, шалбар тіктіріп, сықырлауық етіп киіп алған соң қарттардың көзі үйренді. Жаңа үлгімен істелген киім көңілдеріне қонды. Бірер жылдардан кейін жаңа үлгідегі киім қазақ халқының төл киіміндей болып кетті.
Әкеме сәлем берем, амандасам, ақыл сұраймын деп те, не болмаса ел арасының басқа бір жұмысымен де келушілер өте көп болатын. Басқа ел адамдарымен қабат, өз еліміздің де адамдары көп келетін. Әкемнің бір әдеті қандай жұмыс істеп отырса да, үйге кіріп келген адамға жалт бұрылып, шаруасын сұраушы еді. Жұмысы асығыс болса қолма-қол бітіріп жіберуші еді де, жұмысы асығыс болмаса тамаққа қарататын, және әкем біреуден әңгіме сұраса егжей-тегжейіне жетіп, қазбалап сұрайтын. Сөйлегенде анық-анық сөйлеп, сөздері сақ-сақ етіп отыратын. Артық сөз сөйлемеуші еді. Сөзі қысқа, ұғымды болушы еді. Үлкен болсын, кіші болсын біреудің сөзінде, отырыс-тұрысында, киімінде бір мін болса сол жерде бетіне айтушы еді. Сынап отырушы еді. Әкемнің отырған үйіне келіп, жантая кеткен жастарға – «немене, шаршап жүрсің бе, барып төсегіңе жата ғой» дейтін. Сондықтан да келушілер отырғанда, сөйлегенде, тұрғанда аңдып, өзін-өзі байқап отыратын.
Бір күні үйге Бұланбай деген бір ақсақал келді. Әкеммен сәлемдесіп болып, төр алдына отырып еді. Әкем, Бұланбай түрегелші деді. Бұланбай сасқалақтап қалып, ұшып түрегелді. Әкем қасына шақырып алды да, Еркежен мына Бұланбайға екі қойдың терісін әкеліп берші, байқұстың қойы аз еді, тонының етегі қысқарып кетіпті, үйіне апарып, жалғатып алсын деді. Біз түсіне алмай қалдық. Бұланбайдың мың жарым қойы бар еді. Байқасақ ол ішінен ұзын қара шапан киіпті де, сыртынан сары тон киіпті. Тонның етегі шапанынан бір қарыс қысқа екен. Бұланбайды қайтадан шешіндірді де, тонын ішінен, шапанын сыртынан кидірді. «Міне өзіңе-өзің қарашы, әрі сыртың бүтін, әрі ішің жылы, көлденеңнен қараған адам да сенің киіміңе күле қарамайды. Қыстың күні шапан аязды да жібермейді. Ал тоныңды аяз қысып, қатырып, бойыңды суық алып, тез тоңасың. Ең болмаса қолыңдағыны ұқсатсаңшы, енді шешеніп отыр да, келген жұмысыңды айта бер», - деді.
Әкем біздің ауыл арқылы күллі Тобықты елінің тұрмысына көптеген жаңалық енгізді. Соның бірі үй ішінің мүлкі, ыдыс-аяқтары еді. Мысалы: асадал (шкаф), матадан жасалған үлкен дастархан, кенеп орамал, құлақты шынаяқ, самауыр, сағат, тағы басқа көптеген заттарды ел әуелі біздің ауылдан көріп, кейін қаладан алғызатын.