Ана мен бала қадірлі болмаса (Кәрі бастағы қасаң ой)

ТАНЫМ
2898

Алпамысты да, Қобыландыны да әке-шешесі бір балаға зарығып жүріп көрген.

Қарабай малына ие болар мұрагері болмағандықтан байлығын кімге қалдырарын білмей аласұрып шерменде күй кешкен.

Бұрынғы қазақтың ең басты арманы да, қуанышы да перзент сүю болатын.

Бұрынғы қазақта баласы көп отбасы ең бай үй болып саналған.

Жерге де, елге де тек адам ғана иелік ете алады.

Алайда байлық пен билікті меншіктеп алғандар өз халқынсыз да рахат өмірлерін жалғастыра берулері мүмкін. Олар сырттан жалшы әкеліп жердің асты мен үстіндегі бар жұмысты соларға істете алады. Бірақ мәңгі емес. Күндердің бір күнінде не оларға өздері жұтылады, не қашып құтылады. Бұл екі жағдайда да ұлт құрыды деген сөз. Шыңғысханның өзі, балалары Қытайды жаулады. Биледі. Ақырында не болды, қытайланып өздері жұтылып кетті. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы.

Ресейде өз билігінен айрылған халықтар көп болды, әлі де көп. Оларды бұратана деп менсінбесе де, сол бұратаналардың майдандарда судай аққан қанымен Ресей талай үлкен жеңістерге жетті. 

Ресей халқы жылдан жылға азайып келеді. Әсіресе, орыстар, маскүнемдіктің, бала тууды азайтудың салдарынан.

Ресейде Үкімет ауысты. Оның алдағы басты міндетінің бірі деп халықтың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту, бала тууды күрт көбейту белгіленді. Егер бұған экономикалық әлеуеті жетсе, Ресейде бұрын-соңды болмаған қарапайым адамға деген ерекше қамқорлық жасалмақ. Бала туған әйелге, балалы отбасыларының шаңырағына аспаннан құймақ жаудыратындай шешімдер қабылданды.

Қару-жарағы жойқын, армиясы қанша күшті болса да, адам тапшылығы ұлғая берсе, ертең сол армияны ұстау да, жарты әлемді алып жатқан жерге ие болу да мүмкін болмай қалатынын Ресей түсінді.

ЖаҺандану идеясы көмескіленіп, қуатты державалар «есің барда елің тапқа» көшіп жатыр. Осыған байланысты неше түрлі саяси-экономикалық айла-тәсілдермен державалардың ықпалындағы елдерге әлімжеттігі күшейе түсуде. Ресей бизнесі Қазақстанда емін-еркін әрекет қылып, еңбек және материалдық ресурстарымыздың рахат пайдасын көргені аз болғандай, қазақстандық жастарды жоғарғы оқу орындарына тартып, ертеңгі күні елге тірек болар интеллектуалды капиталымызға да ауыз салды. Күні-түні сайрайтын қаптаған БАҚ арқылы Ресей-Қазақстан ортақ бір тілде сөйлейтін бір ел дегендей иллюзия туғызып отыр. Егер рас болса, Қазақстаннан Беларуське мұнай тасуға Ресей рұқсат бермеген. Бұған біз одақтас емеспіз бе, бұл қалай деп Лукашенко ғана шырылдап жүр. Біз үнсізбіз.

Менің өз түсінігімде, Ресейдің бұл саясаты қазақтың ертеңіне үлкен қауіп төндіретіндей. Біздің де жеріміз үлкен, бірақ халық тым аз. Табиғи өсімі мардымсыз. Азды-көпті өсім, негізінен оралмандар есебінен. Ресеймен сауда-саттығымыздың жай-күйі, халық санының өсу динамикасы ресми статистикада хатталған, тауып оқу қиын емес.

Сонымен, қазір қуатты елдер тарапынан әлсіз елдерге қарсы дөрекі де, сыпайы түрде де мәдени-идеологиялық, экономикалық экспансия күшейе түсіп тұр. Дөрекі түрі Беларусьқа мұнай сатуға жасалған кедергіден көрінсе, сыпайы түрі қазақ театрларын орыс драматургтерінің шығармалары жаулап алғанынан айқын байқалады.

Мықтының мұндай жұмсақ күшінен қалай қорғануға болады. Зерттеушілердің айтуынша, ондайдан қорғану үшін ең әуелі мына екі шаруаны тыянақтап алу керек екен. Біріншісі, мемлекеттік тіл деп жарияланған қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналдыру, ол үшін оған кедергі келтіріп отырған Конституциядағы орыс тіліне қатысты бапты алып тастау. Екіншісі, халық санын арттырудың қамын жасау, ол үшін шет елдердегі тарихи Отанына қайтқысы келетіндерге шектеу қоймау, олардың келуіне, орналасуына барынша қолайлы жағдай туғызу; жас отбасыларының көбірек балалы болуына ең кемі Ресейдегідей қолдау мен жеңілдіктер белгілеу, ана капиталын бекіту. Міне, осы екі шаруа тыянақталса, санасы оянған, еңсесі көтеріліп ширыққан ұлт, осынау ең басты екі тіректің негізінде, қалғанын өркениетті елдерге тән ұстаныммен орайына қарай жүзеге асыра беретін болады... «Оу, миллиондар үшін күнкөріс айлық 42 мың теңге болса, көп балалы аналарға төленетін 21 мың теңге бітпейтін даулы мәселеге айналып жатса, ауылдан безгендер қалаға келіп басына пана, қолына жұмыс таппай жүрсе, кешегі өткен Үкімет отырысы да барды қайталағаннан басқа ештеңе демеген болса, бұл утопия ғой», деп қарсы уәж айтатындар аз болмасы белгілі. Дұрыс. Алайда, біз өте бай елміз, қаншама миллиардтар сауатсыздықтан желге ұшты, қаншама миллиардтар ашкөздікпен талан-таражға түсті, сонда да дамыған отыз елдің қатарына жақындап қалғандаймыз. Шынында Қазақстанның байлығына тең келетін ел дүниеде жоқ. Бір ғана мұнайымен немесе газымен халқына жұмақ орнатып қойған кейбір араб мемлекеттерінің байлығы Қазақстанның ширегіне де келмейді. Сондықтан мемлекеттік тілді өзінің заңды тұғырына қондырмасақ, халық санын арттырмасақ, бір балаға зар болған Алпамыс, Қобыланды батырлардың әке-шешесі сияқты кәрілердің өзі де біртіндеп құрып бітер. Жиған-терген байлығын қалдыратын мұрагер таппай қиналатын Қарабай да көзден бұлбұл ұшар. Ана қадірлі болмаса, кесірге айналады. Кесір әйел затынан бәрі шығады. Не шығып жатқанын күнде естіп, көріп отырмыз. Күтімсіз, тәрбиесіз бала безерге айналады. Безер баладан бәрі шығады. Не шығып жатқанын күнде естіп, көріп отырмыз. Мұндай пәлекеттердің өршіп кетуінен Алла сақтасын. Әрекетсіз емеспіз ғой. Үкімет отырысында Президент Қ-Ж.Тоқаев экономикада түбегейлі реформа, жаңа бағыт керек деді, тыйылар, жөнге келер. Алайда, қалып өзгермесе, ана мен бала қадірлі болмаса, басты байлық адам екені ескерілмесе, бұқара халық адам екенін сезініп еңсесі көтерілмесе, уақыт асықпайды, ақырындап өз дегенін істейді. Босада әлсіз тұсыңды аңдитындар ешқашан қалғымайды ғой... 

                                                                                     Өтен Ахмет,

                                                                           Мәдениет саласының үздігі.

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...