Көкжал мінез Иманжүсіп

МУЗЫКА
12370

Елім деп өткен есіл ер

Иманжүсіп Құтпанұлы Кереку өңірінде дүниеге келіп, Ерейментау, Сыр, Жетісу аймақтарын мекен етіп, Әулиеатада дүние салған бірегей тұлға. Қазақ сөз және ән өнеріндегі ерен құ­былыс. Тұлғаны уақыт тудырып, дәуір қайшылықтары қалыптастырады десек, бұл ретте де Иманжүсіп ақынды айналып өтуге болмайды. Иманжүсіп өмір сүрген дәуірдің өзі де ұлт тари­хындағы кертолғау кезең еді.

Есіл аққан тау-таудың арасынан,

Тасқыны асып төгілген шарасынан.

Аюлы мен Ереймен қош, есен бол,

Бет жылыған барғанда панасынан, – дейді ғой Иманжүсіп ақынның өзі «Сары бел» өлеңінде. Сонымен қатар «Бұғылы-тағылы» өлеңінде ақын «Қысырақтың үйірі жирен ала, орыс, қазақ байлары жапты жала» деп өзінің әділетсіздіктің құрбаны болғанын жыр­лайды. Елім деп өткен есіл ердің тағ­дыры, тарихи сәттердегі өмір өр­нектері бүгінгі ұрпаққа аян. Дей тұр­ғанмен Иманжүсіп Құтпанұлының өмірінде әлі де зерттеуді қажет ететін сәттер көп. Жазықсыз жаланың құр­баны болып, асыл сүйегі Әулиеата топырағында қалған бекзаттың рухы еліміз тәуелсіздік алған дәуірден кейін қазақ аспанында қайта қалықтады.

Тағдыр тәлкегі

Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай дат­қаның Түркістан қаласы маңын­дағы Шілік өңірінің биі болғаны жайлы тарихи мәлімет бар. Ал әкесі Құтпанның Кенесары көтерілісіне қа­тысқаны да ақиқат. Атақты ақын­ның өмір жолында қуғыншылық сәттер көп кездеседі. Сондықтан Иманжүсіпті тағдырлы тұлға деуге негіз бар. Әрине тарихи тұлғаның өмір жолы, өнербаяны осы уақытқа дейін жазылған түрлі еңбектер арқы­лы халыққа танылды.

Жалпы, Иманжүсіптің Әулиеата жерінде дүние салғаны туралы жиі айтылмайды. Өмірінің соңғы екі жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында өткені белгілі. Тарихи тұлға өмірінің қилы кезеңдері әрине аса маңызды. Иманжүсіп Құт­панұлының немересі Раушан Иман­жүсіп ақын өміріне қатысты көптеген жайттарды әңгімелеп берді.

– Атамыз өмірінің соңында Мойын­құм ауданының Құмөзек ауылына келіп тоқтап, Мұқатай деген кісінің үйіне түсіп­ті. Иманжүсіптің Шу өңі­рінің Ақ­арал деген жерінде екі жүз сәй­гүлігі болған екен. Өзі де жігіттер ұстап, сол жылқыларды бір жылдай қарапты. Ол уақытта қызылдар Са­рысуға дейінгі жерді бекітіп, кім көрінсе де пулеметпен атады екен. Сөй­тіп алмағайып заманның ақырын атамыз бір жыл күткен. Ақыры бұл жерден шыға алмайтынына көзі жетіп, сол сәйгүліктерінің бәрін ауыл адамдарына таратып беріпті. Сол кезде тарихта көп айтыла бермейтін Мойынқұм көтерілісі болған. Халық Кеңес өкіметіне қарсылық танытқан. Бұл көтерілістің ішінде Иманжүсіп те болған. Алайда 1930 жылы 20 жел­тоқсан күні ұсталған, – дейді асылдың сынығы.

 Осы күнгі Тараз қаласындағы те­мір ­­жол вокзалы маңында желілік ішкі істер басқармасы орналасқан ғимарат бар. Бұл нысан кезінде НКВД кеңсесі болыпты. Иманжүсіп ұсталған соң оны осы жерге әкеліп, тергейді. Бұл уақытта ақынның үш ұлы мен жеті қызы болған екен. Алайда он баланың обалы кімді ойландырсын. Иманжүсіп ақын ұсталған күні өкімет қаһарынан қорыққан халық ақынның жылқыларын түгелдей сойып, көзін жояды. Ал ақынның жанында болған Мұқатайды да түрмеге алып кетіп, үш ай ұстайды.

Ақын туралы ақиқат

Иманжүсіптің атасы Тұрғанбайдың датқа болып, ел билегені тарихтан белгілі. Атақты Тұрғанбай датқа Қоқан хандығы кезінде көтеріліс жасап, сонда әйелі тоғыз айлық ұлы Баймырза мен қайнысы Басығараны өзімен алып кетеді. Бұл әйгілі Шілік оқиғасы болып тарихта қалды. Содан құмның ішімен келе жатып сәби Баймырзаны жолға тастап, Басығараны ғана алып шығыпты. Жапан далада жатқан нәрестені Ерейментауға кетіп бара жатқан көш тауып алады.

– Сол көштің ішінде Дайрабай батыр болады. Өкініштісі, заманында аты шыққан батырдың перзенті болмапты. Баласы болмаған батыр әлгі сәбиді асырап алуға ниеттенеді. Содан жанындағы кісілер батырға құтты болсын айтып, «Бұл бала сізге құт болсын!» дескен екен. Дайрабай батырдың еліне кеткен соң ол баланың бұрынғы Баймырза аты ұмытылып, Құтпан атанады. Яғни, Иманжүсіптің әкесі осы кісі.

1837 жылы Кенесары Қасымұлы көтерілісі басталғанда, Құтпан хан жаса­ғына кіреді. Сол кезде жасы он жетіде екен. Ал Дайрабай батыр шайқас кезінде шейіт болып кетеді. Ал Құтпан он жыл бойы Кенесары қолымен бірге шайқасқа қатысады. Кейіннен тығылып жүріп Ертістің бойына барады. Сол жерде бір байға жалданып жұмыс істейді, әйел алады. Иманжүсіптің екі жасында Ақмолаға келеді. Мұнда келіп Күйгенжардан Қарасуға дейінгі жерді жайлайды. Яғни, 1865 жылдан бастап осы жерде Құтпан әулетінің өмірі басталады. Атамыздың Ақшабай, Шоңай деген екі ағасы мен Бәдіш деген әпкесі болған. Ең кішісі Иманжүсіп екен, – дейді Раушан апай.

Жалпы, Иманжүсіптің ақындығы мен әншілігінен бөлек, оның сал-серілер дәстүрімен саятшылық құрып, атбе­гілік өнерді насихаттап, палуан атанғаны да тарихи шындық. Ақмолада да ол Сарымойын, Теңбілкөк сияқты тұлпарларды баптап, жаратып, бәйгеге қосып жүреді. Ал өз қолынан өрген қырық өрім қамшысы аттың белінен ұрғанда қақ айырылады екен. Адамға бармағын қатты басатын болса, ол адам өледі екен дейді. Иманжүсіптің бұл қасие­тін Әбділда Тәжібаев «Палуан аға» дейтін еңбегінде жазады. Бірде осы әдісті әйгілі палуан Қажымұқанға қолданған екен.

Иманжүсіптің тағдырындағы қилы кезеңдер ерте басталған. Жалпы, тектілік, қайсарлық деген қасиеттердің өзі жаратылыстан болғанымен, бұл жерде де ататектің сыйлайтын рухы алабөтен. Бұл ретте ақынның тағы бір ұрпағы Қалтай Қожамжаров Тұрғанбай датқа туралы әңгімелеп берді. Жалпы, Тұрғанбай датқа екі рет, яғни 1820 және 1854 жылдары көтеріліске қатысқан екен. Әуелгі кезеңде тұтқындалғанмен, кейіннен өлтіріледі. Соңғы, әйгілі Шілік оқи­ғасы кезінде қоқандықтар төрт жүз батырдың денесін Шыршық өзеніне лақтырып жібереді де, Тұрғанбайды Қо­қанға алып кетіп, тайқазанға су қайнатып, үстіне құяды. «Бабамыздың сүйегінің асылдығы сол, үстіне қайнап тұрған суды құйғанда еті сылынып түсіп, сүйегі құламай тұрып қалған екен» дейді Қалтай Қожамжаров. Ұрпақ­тарының айтуынша, кейіннен Шіліктен Иманжүсіптің мылтығы табылған.

«Болыстың поштабайын  сабап едім...»

Халықтың сол кездегі жуандардан көрген зәбірі, шеккен азабы аз емес. Сол кездерде Ақмоланы орыстар жайлап, қазақтарды өз жерінен ығыстыра бастағаны белгілі. 1895 жылы жергілікті халық Иманжүсіпті болыстыққа сайлайды. Алайда пат­ша өкіметі оның жасының 35-ке толмағанын сылтау­ратып, болыс­тықтан аулақтатады. Орнына Рахымжан Жайықбаев сайланады. Ақынның немересі Раушан болыс ертеңінде ат сұратып жібергенін, алайда Иманжүсіптің оған ат бермегенін айтады. Тіпті болыстың адамдарын ұрып-соғып қуып жіберген екен. Иман­жүсіптің атбегі болып, жақсы тұлпарларды баптайтынын, әрине, болыс біледі.

– Содан дау басталған. Ақыры болыс арыз түсіріп, Иманжүсіпті айдау­ға жібереді. Бұл 1900 жылы бол­ған оқиға. Төрт жыл бойы атамыз­бен бірге Шығыста әкесі Құтпан, ағалары Ақшабай мен Шоңай және әйелі Бәтима бірге болады. Алайда мерзімі біткенде өкімет оларға Ақмолаға емес, басқа өңірге қоныс аудару керек екенін жеткізеді. Содан Құтпан әулеті Ақсу өңіріне тұрақтап, сонда екі жыл өмір сүреді. Кейіннен Ақмоладағы 26 старшын жоғары жаққа Құтпан әулетінің Ақмолаға көшіп келгенін қалайтынын айтып, хат жазады. Сөйтіп 1906 жылы аталарымыз Ақмолаға қайта келеді. Кейіннен, 1913 жылы Ақмолаға Сыр өңірінен, яғни Шиеліден қазақтар келе бастайды, – дейді ол.

Иманжүсіп «Бұғылы-тағылы» өле­ңінде «Болыстың поштабайын сабап едім, төрт аяғы байлаулы қойдан оңай» дейді ғой. Осы екі жол өлеңнің өзі ақынның қилы тағдырын тура суреттеп тұрғандай. Сондай-ақ өміріндегі қуғынның негізі осы оқиғадан басталатыны да анық.

Атақты Нартай Бекежановтың ағасы Мансұр Бекежановтың Иманжү­сіпке арнаған өлеңі бар.

Тұрғанбай пансат екен сол уақтағы,

Осындай бекзатымның нәсілісің.

Шамшырақ гауһарымның ақылысың.

Сол шамның жарығынан пайда болып,

Көрінбей басың қалай жасырынсын,

– дейді Мансұр Бекежанов. Жоғарыда тоғыз айлық Баймырзаны далада жат­қан жерінен Дайрабай болыстың тауып алғаны, балаға Құтпан деп ат беріп, бауырына басқаны айтылған. Алайда Құтпан Дайрабайдың баласы емес, атақты Тұрғанбай датқаның ұрпағы еді. Міне, Мансұр Бекежанов осы оқиғаларды айтып, Иманжүсіпке хат жазады.

– Бұдан кейін атам Шиеліге кеткен екен. Бұл уақытта Иманжүсіптің ат баптайтын өнері қазақ даласына кең жайылған болса керек. Сөйтіп жүргенде 1928 жылы кәмпескелеу тізіміне Иманжүсіп ілінеді. Бұл жағдай­ды ағайын-туыстары атамызға ескерткен соң, ол Мойынқұмға қарай көшкен екен, – дейді Раушан Иманжүсіп.

Ақырғы дем

Отызыншы жылдардың ойраны қазақ даласының қай қиырын да айналып өтпеген. Мойынқұмның Құмөзек ауылына келіп, Мұқатай деген кісінің үйіне түскен Иманжүсіптің осындағы өмірі басталады. Өкінішке қарай, ашаршылық жылдары ақынның Гүлхадиша, Гүлзағипа және Ұлбибі деген үш қызы бірдей қайтыс болады. Енді көктеп келе жатқан жауқазын ғұмырдың ерте үзілуі әрине ақынға оңай тимейді. Ал үлкен екі ұлы Дәулетхан және Сейітхан, алпыс үш жасында көрген перзенті Нұрхан бәрі Иманжүсіппен бірге Құмөзекте болады. Ақынның екі үлкен ұлдары Қосқұдық деген жерде жұмыс істеп жүреді. Раушан Иманжүсіп әкесі Нұрханның айтқан естеліктерімен де бөлісті.

Қосқұдықта жүрген балаларына Иманжүсіп тамақ алып бара жатады. Қолында қос қоржыны бар екен. «Мен қазір келемін» деп кетеді. Бірақ қайран әке содан оралмайды. Бала Нұрханның көз алдында осы бір көрініс сақталып қалады. Сол кезде он жаста болған баланың зердесінде қымбатты әке бейнесі солай сақталып қалыпты. Ал Иманжүсіптің әйелі Күлжәмилә балаларды тастап кетіп қалады. Енді әкеден айырылған соң қараша үйде қалған балалар үшін қасіретті кезең басталады. Таңертең екі милиционер келіп, үйді тінтіп, үйдегі киіз үйді және кітаптарды алып кетеді. Кейіннен ұлдары Дәулетхан мен Сейітхан әкелері отырған Жамбыл қаласындағы түрмеге барады. Сонда Иманжүсіп «Менен күдер үзіңдер. Нұрханға қа­раң­дар» депті дейді...

Ақынның «Тоғыз жасар Дәулетім жылап қалды, тірі жүрген қасқырдың баласындай» деген қасіретті шумақ­тары бар. Осы бір жолдар тұлға тағды­рындағы көлеңкелі кезеңнен хабар береді. Кейіннен қызыл әскерлер Дәу­летханды Алматыға алып кетеді. Бірақ ол жолшыбай қашып шығып, қайтадан Мойынқұмға келеді. Бұл кездерде Иманжүсіп балаларымен Құмөзектің Бөріқазған деген қыстауында тұрған. Сол Бөріқазғанда Сейітханмен кез­деседі.

– Сөйтіп ауылдық атқару кеңесіне келсе, мұнда бұлардың біраз ақшалары бар екен. Тағы 7 қап арпа береді бұларға. Екеуі арпаны сатып, әлгі ақ­шаның үстіне қосып Ташкентке келеді. Мұнда келіп Наманган балалар үйіне әкем Нұрханды тегін Юсупов деп жаздырып орналастырады. Әкемнің балалық шағы сол Наманган жерінде өткен екен, – дейді Раушан Иманжүсіп.

Мойынқұм ауданының Құмөзек ауы­лы жақта құмның ішінде Бөріқазған қыстауы бар. Сол жерде Иманжүсіп тұрғанда құдық пен диірмен болған екен. Бүгінде ауыл ақсақалдарының бастамасымен сол құдық пен диір­меннің орны табылып отыр. Ал жанында жүрген Мұқатай деген кісіге Иманжүсіп атының жабуы мен жүгенін қалдырып кетеді. Талай жыл бойы жақсыдан қалған жәдігерді қастерлеп ұстаған Мұқатай ақсақал 1990 жылы өмірден өтерінде өзінің ұлы Аманбайға аманаттайды. Аманбай Мұқатайұлы Иманжүсіптің атының жабуы мен жүгенін Раушан апайға беріпті.

Аманбай Мұқатайұлы талай жыл мал дәрігері болып жұмыс істеген, бұл күнде сол Құмөзек ауылын­да тұрады. Жетпістің үшеуіне келіп отыр­ған Аманбай қариямен сұхбат­тасқанымызда, ол кісі әкесінен естіген әңгімелерін айтып берді. Ашаршылық жылдары орыстар ауылға келіп, қа­зақтарды сексеуіл томарын тасуға стансаға жұмысқа шақырады екен. Бірақ халық бұған барғысы келмейді. Осы кезде Иманжүсіп барлық адамдарды жұмыс істеуге тіркетеді. Істеген жұмысының есесіне халық асханадан тамақ ішетін болады.

– Әкем Иманжүсіп атамыз туралы жиі айтып отыратын. Тіпті ол кісінің атын атауға болмайтын кезеңнің өзін­де бізге қазақта сондай бір ғажап адам­ның өмірде болғанын әңгімелеуші еді. Біздің өңірде Бұралқы деген халық қамын ойлаған болыс өткен екен. Иманжүсіп атамыз сол кісімен де байланысып, халықтың мұң-мұқтажын бірге бөлісіпті. Ал Иманжүсіптің Мойын­құмға келгендегі мақсаты – әрі қарай Ауғанстан жеріне кетпекші бол­ған екен. Мұны маған әкем айтты. Алайда үлгере алмаған, – дейді Аманбай Мұқатайұлы.

Ақыры қазақ руханиятындағы айрықша құбылыс болған Иманжүсіп Құтпанұлы 1931 жылы 2 наурыз күні ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен Жамбыл қаласында атылады. Кезінде атасы Тұрғанбай датқаның сүйегін қоқандықтар Шыршық өзеніне тастап жіберген болса, енді Иманжүсіптің өзінің сүйегі Әулиеата топырағында қалады. Алайда талай жыл бойы арда азаматтың сүйегінің нақты қай маңда жатқаны белгісіз болып келген еді...

P.S. Бүгінгі Тараз қаласының жоғарғы жағында, әл-Фараби және Төле би көшесінің бойында үлкен қабірстан бар. Аталған қабірстанға кіреберістегі жерде Иманжүсіптің атылғаны бүгінде архив деректері негізінде белгілі болып отыр. Раушан апайдың айтуынша, әкесі Нұрханның өмір бойғы арманы Иманжүсіптің жатқан жерін табу болған екен. Енді бұл күнде Иманжүсіп Құт­панұлының атылған жері мен жерленген жерінің бір екені белгілі болды. Ақынмен бірге әулиеаталық Орынбай Әуесбеков, Құрманәлі Аққозиев деген азаматтар да атылыпты. «Тол­ғатып тоқсан қатын ұл тапса да, бәрібір Иманжүсіп бола алмайды» деп жырлаған азаматтың басына ескерткіш тақта орнатылды. Қабір­станның кіреберіс алаңшасында «Бұл жерде 1931 жылдың 2 нау­рызында «халық жауы» деп жарияланып атылған халық батыры, Тәуелсіздік жолындағы күрескен ұрпақтың өкілі, атақты ақын, композитор, әнші Иманжүсіп Құтпанұлы атылған» деген жазу бар.

Иманжүсіп ақынды 1927 жы­лы Сәкен Сейфуллин Октябрь рево­люциясының он жылдығына Шиеліден шақыртады. Сол кезде Сәкеннің жанында шәкірті болып жүрген белгілі қаламгер Жұмабай Орманбаев Иманжүсіппен кездесіп, ол туралы «Аяулы аға шылауында» деген мақала жазыпты. Ол дүние 1987 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби журналына жарияланыпты. Сондай-ақ Жұмабай Орманбаевтың Иманжүсіп туралы романы кітап болып басы­луын күтіп тұр. Ал Зейтін Ақышевтің «Шынардың шыбығы» романы, Мұзафар Әлімбаевтың «Қайсар» поэмалары Иманжүсіп иірімін тереңдете, рухын асқақтата түскен дүниелер. Ал атақты әнші Әмина Нұғманова Алматыда Иманжүсіптің «Сарыарқа» әнін орындаған кезде Сәбит Мұқанов пен Әлкей Мар­ғұланның оған құрмет көрсеткені, сөйтіп әнді қазақ радиосының алтын қорына жаздырғаны да ақиқат нәрсе. Қай кезде де, қай уақытта да алыптың аты өрнекті өнерімен, салиқалы сөзімен жасай бермек.

Хамит Есаман

Жамбыл облысы

Мақаланың түпнұсқадағы тақырыбы "Иманжүсіп иірімі"


Иманжүсіп Құтпанұлының рухына

Жаратқанның Қаламынан құйылған,
Сөз маңызы маңдайыңа бұйырған,
Ән самалы таңдайыңа бұйырған!
Мейірім нұры тарағанда миыңнан,
Әр деміңе мың періште жиылған!
Әр Өлеңің қиысқанда қиыннан,
Мынау Елің нәпсісінен тиылған!
Әлемдерді хикметіне құмартқан,
Әл-Илаһқа жүрегімен сыйынған –
Иманжүсіп,
Иманжүсіп – Қайран Қазақ Рухы,
Мен сендей дүние-мүлік, бұйымнан,
Қашып шығып сыңғырлаған тиыннан,
Жан мен тәнді тастап шығып жалғаннан,
Кәпірлерге Рухымды арланған,
Нұрмен жуып арманымды қорланған,
Алып шығып шайтан жетпес зау көкке,
Саған айтсам мұнарланған мұңымды,
Саған айтсам шідерленген шерімді,
Уаһ, арман-ай,
мұнарланған мұңым күндей ашылып,
шідерленген шерім менің шешілер ме,
жалған-ай?!

...Уа, жатырында жатқан кезден анамның,
шүкір, тәубе, Қазақ болып жаралдым!
Қазақ болып жаралдым да мен бүгін,
Мен де сендей Рух болып оралдым!
Тәңір құты – түн жауғанда төбемнен,
Әр бір сөзім ақиқатқа бөленген.
Қайран Қазақ қасіретіңді көрем мен,
Қасіретіңді ұшықтаймын Өлеңмен!
Ұшық,
ұшық,
ұшық...

Отар-отар қойдай саған ен салып,
Отар қылып үйірген,
Отарынан шығармай,
Мұрнын көкке шүйірген –
Қорс-қорс еткен қорс еткен,
Доңыздардың ұшындың ба демінен?!
Бақыт көрген мына бір боқ дүниені,
Қоңыздардың жиіркендің бе көңінен?!

Уа, тұншықтырған үніңді,
Сөйлетпеген Тіліңді,
Көк көздерді көкірегіңе сарытқан,
Ей, бақырайған түріңді...
Үрейің,
үрейің де ұлттық емес қайтейін!
Жас өскенше жанарымды жасытпан!
Мынау бір кезеңнен
ұшық,
ұшық,
ұшық...

Бүлініп жатқан Тегіңді,
Таланып жатқан Жеріңді,
Қан сесімен шешейін,
Ар жасымен жуайын..!
Жараланған Діліңді,
Иманыммен жуайын,
Қараланған күніңді,
Ожданыммен жуайын..!

Қайсар жанды Қазағым-ай – киелім,
Сені ойласам сырқырайды сүйегім.
Қара жүрегім қақ айырылып мен сені,
Жанарымнан жасын ағып сүйемін!

Алқымына алқа тағып арманның,
Көкшіл түнде көк тұйғындай толғандым.
Тағдырыңа тамырыммен жалғандым,
Көкжал мінез Иманжүсіп секілді,
Азуымды Ай жалаған Мен бармын!

Уа, Иманжүсіп батырым,
Орыстарға жағынған болыстарды еңіретіп,
Болыстардың сасық сесін өлтірген!
Ай, Алланың асқақ ақыны,
Көкірегінен кернеп ұшқан жасын – сөз,
Тексіздердің тентіретіп тағдырын,
Тәубесіне келтірген!

Мен де сендей шерлімін,
Мен де сендей шерлімін!
Өресіне екі дүние деміккен,
Рухында Раббымның әділеті бар өрелім!

Ата салтын сүрмеген,
Ана тілін білмеген,
Мына бір бүгінгі атшабарын әкімнің,
Мен де сойсам деп едім!
Ұлт қадірін білмеген,
Ұлдан нені көремін?!
Жат қойнында түнеген,
Қыздан нені көремін?!
Осыларды дәл сендей бауыздасам деп едім!

Уау, жүрегі – Сарыарқадай кең Ерім,
Тілегі – Көкшетаудай көрікті,
Кемеңгерім не дейін?!
Қарлығады-ай құсаланып көмейім!
Иманжүсіп, жараланған жан бүгін,
Бұлдыр-бұлдыр сол қалпында тағдырым.
Рухыңа Рухыммен күңіреніп,
Мұңым шақтым, саған айттым барлығын.

Мына жақта құлақ өлген, сөз өлген,
Ұлттық Рух шөлдеп, семіп, кезерген.
Үмітімнің қос көзінен май ағып,
Болашақтан бір бақытты сезем мен!

Қадіріңе жетпедік қой барыңда.
Қазақ үшін шаһит кешкен жолыңда,
Өлең қалды, Рух қалды...
Ал қазір...
Үндемейсің, дұрыс шығар оның да...
Жан жұбатып жасыл шөптің үнімен,
Оңашада ойға айналып түнімен,
Жылатарсың, уатарсың далаңды,
Жаңбыр жуған боз жусанның тілімен!

Өлеңді жазған Бауыржан Қарағызұлы

author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...