Қазақтың талантты романист жазушысы Асқар Алтай асқаралы алпыс жасқа толды.Асқар Алтай 19...
«Қорқынышты ақын»
Роберт Фрост – төрт дүркін Пулитцер сыйлыңының иегері, ХХ ғасырдағы АҚШ-тың ең үздік ақыны болып саналады. Бұл күмәнсіз пікір шетелдік оқырманның таңданысын тудыруы мүмкін, себебі, америка Э.Паунд, Т.Элиот, Х.Крейн, Э.Каммингс, У.Х.Оден, Э.Мастере секілді әлемдік әдебиетте ойып орын алған таланттарға бай. Соның өзінде де Фрост американың жалпыұлттық жалғыз ақыны болып қала бермек. Сонымен қатар Фростты – Нобель сыйлығының, Макартура степендиясының иегері Иосиф Бродский өзінің сүйікті ақыны санаған.
Сіздердің назарларыңызға Бродскидің осы Фросттың «Кіргін» өлеңін талдаған мақаласын аударып беріп отырмын. Поэзия деген өнердің адам жан-дүниесінің қатпар-қатпар сырларын суретке түсіргендей алдыңызға жайып салатынына таңданбау мүмкін емес. Олай болса сөзді Иосиф ақынның өзіне берейік.
«Қорқынышты ақын»
Роберт Фрост 1874-ші жылы дүние есігін ашып, 1963-ші жылы сексен сегіз жасында дүниеден озды. Алғаусыз махаббаттың куәсіндей болған жан-жары алты құрсақ көтерді. Жастайынан тұрмыс тауқыметін арқалады; фермерлікпен айналысты, кейіндеп әр түрлі мектептерде мұғалімдік қызмет атқарды. Қартайған шағына дейін көп саяхаттамады; Жаңа Англияның Шығыс жағалауында қарапайым ғұмыр кешті. Егер поэзия ақын өмірбаянының нәтижесі болса, оған еш қалам көтертпес еді. Алайда ол тоғыз кітап жыр жинағын шығарды; қырық жасында баспа бетін көрген «Бостонның солтүстігіне қарай» деген екінші жинағы оның атын айдай әлемге танытты. Бұл 1914 жыл болатын.Осыдан кейін оның асығы алшысынан түскендей еді. Дегенмен, әдебиеттегі атақ, абыройды танымалдылықпен шатастыруға болмас. Оның өзіне алқалы әлеумет түгелдей назар аударуы үшін екінші дүниежүзілік соғыстың әсері болмай қоймады. 1943 жылы жауынгерлердің рухын көтеру үшін соғыс уақытындағы кітап кеңесі Фросттың "Кіргін" деген өлеңін бес жүз мың данамен американың экспедициялық күштерінің арасына таратып жіберді. Оның "таңдамалы жырлары" 1955 жылы төртінші басылыммен жарыққа шықты, осыдан бастап оның поэзиясын ұлттық деңгейге көтеріліп кетті деп айтуға бола беретін еді. "Бостоннан солтүстікке қарай" жинағы шыққаннан бастап елу жыл бойы америкалық ақындарға берілетін түрлі әдеби сыйлықтар мен марапаттың бәрін алды. Өмірінің соңына таяған уақытта Джон Кенеди өзінің таққа отыру рәсімінде өлең оқу үшін Фростты арнайы шақыртқаны – оның ақындығын мойындауы болатын. Алайда, бұл құрмет әдебиетшілер ортасына қызғанышты да бірге ала келгені айқын еді. Осы уақытта оның есімі әдеби қауымның санасындағы түсінбеушілік пен таңданудың аспанында қалқып жүрген. Себебі, бәрі ұлттық рухтағы, өмірге құштар, турашыл, ескіліктің арнасындағы ауылдан шыққан, ауылдық ақын ретінде ғана танитын. Өмір бойғы ел алдына шаруа адамының бейнесімен шығуы, интервьюлары – қарапайым "американдық" деген образды қалыптастырып қойған болатын. Ол онсыз да болмысымен "американдық" еді, енді біз бұл терминнің қандай мағына беретініне ғана көз жүгіртіп шықсақ және оның поэзияға қаншалық қатысы бар екенін анықтасақ жеткілікті.
1959 жылы Роберт Фросттың сексен жасқа толуына орай Нью-Йорк қаласында өткен мерейтойда сөз алған сол уақыттың білгір сыншысы Лайоннел Триллинг- Роберт Фрост "қорқынышты ақын" деген сөзді айтты. Бұл сөз сол уақытта шу туғызғаны рас, дегенмен эпитет дұрыс таңдалған еді. Бұл жерде қорқынышты деген сөз бен трагедиялық деген сөздің мағынасы екі бөлек екеніне назар салсаңыздар деймін. Трагедия, өздеріңіз білетіндей үнемі fait accompli; ал, қорқыныш таңқаларлықтай деген мағынада айтылса да, негізі қолынан не келетінін оңай көрсете алады дегенге сай еді. Фростың мықтылығы да осы соңғы айтылған ойға дәл келетін. Басқаша түсіндірсек оның поэзиядағы ұстанымы трагедиялық кейіпкерден мүлде алшақ жатыр. Осы қасиетінің өзі оны "американдық" деген теңеуді иемденуге толық құқық беретін.
Бір қарағанда оның айналасына деген көзқарасы қалыпты, оның ішінде табиғатқа. Тек бір ғана " Ауыл құлағы бәрінен хабардар" атты өлеңі сондай түсінік қалыптастырады. Алайда табиғатты еуропалық пен америкалықтың қабылдауы екі бөлек. У.Х.Оденнің Фрост туралы қысқаша очергінде былай дейді: егер еуропалық табиғатты сағынса, ол өзінің сарайынан, не қонақ үйінен шығып, достарымен, болмаса туыстарымен кешкілік серуендеп қайтуды ұйғарады. Егер жолай бір ағаш кездессе ол оған тарихтан таныс, бір жәйіттің куәгері ретінде қарайды. Яғни оның көлеңкесінде әлдебір заңдарды ақыл таразысына салып- әлдебір король отырған,- яғни осы тақлеттес. Серуен аяқталғада- жапырақтары сыбдырлап, әлденені ымдап, әлденеден сыр айтып ағаш қалады. Еуропалық кейіпкер өзін сергек сезініп, әр нәрсеге ой жүгіртіп кері қайтып, достарымен немесе отбасымен қуанышын әрі қарай жалғастыра береді.
Егер үйден американдық шығып, жолынан ағаш кездессе бұл екі тең дәрежедегі болмыстардың кездесуі болмақ. Екеуінің де өткен шағы жоқ, болашақта не боларын тек құдай біледі. Танымдық тұрғыда тамырлардың байланысы іспетті. Біздің кейіпкеріміз көңілі құлазыған, аздап шошыған күйінде үйіне қайтады. Әңгімелеп отырғанымыз романтикалық карикатурадай көрінеді, шындығында біздің астын сызып айтқымыз келгенінің өзі осы еді. Мысалымыздың екінші жартысында келтірілген көңіл күй Фрост поэзиясының табиғат туралы тұжырымының басты көрінісі. Фрост үшін табиғат оның досы да, қасы да емес, адамзат қайғысының жасанды көшірмесі де емес, ол өзінің қорқынышты автопортреті.
Енді мен оның 1942 жылы жарық көрген "Куәгер ағаш" жинағындағы бір өлеңін талқылап көрмекпін. Академиялық түсініктен алыстап, оның әрбір жолына қатысты өз ойымды ашық айтсам, сіздерді шошытып алуымда мүмкін. Дегенмен, өзімді ақтау үшін тек бұл ақынды өте жақсы көретінімді ғана айтпақпын. Сіздерді шошытуы мүмкін бұл қараңғылық оның жырларының санама түсірген салмағынан болар. Бір сөзбен айтқанда бұл қорқынышты мен оның жырларынан жұқтырдым.
2
Енді "Кіргін" өлеңіне келейік. Өзі қысқаша ғана өлең, үш бунақты, кейде екі бунақты, ямба мен анапесталы (мен бұл өлеңді қазақтың қара өлеңіне түсіруге тырыстым.ауд). Өлеңнің қысқалығы неге ымдайды? Не туралы айтылады? Табиғаттағы серуен бе? Түсініксіз, қолы боста ақындар немен айналысады? (Солай-ақ болсын делік, бірақ, не үшін?) "Кіргін" Фросттың табиғаттағы серуенге құрылған көп өлеңдерінің бірі. Ағылшын ақыны Томас Хардидің де осыған ұқсас "Бейуақтағы торғай" деген өлеңі бар. Хардиде серуенге жалғыз шыққанды жақсы көрген. Тек қана бір айырмашылық оның серуені үнемі қабір басына барумен аяқталатын, мен мұны Ұлыбритания халқының тығыз орналасуынан деп жорамалдадым.
Енді қайта торғай туралы әңгімемізге оралайық. Екі ақынның өлеңінде де торғай басты кейіпкер ретінде көрінеді. Бірақ, Хардиге өз торғайын өлеңге кіргізуіне он алты жол жазуға тура келсе, Фрост оны екінші жолында сайратып қояды. Бұл ағылшын поэзиясы мен американдық поэзияның айырмашылығы деп қарастырсақ шатаспаймыз. Ағылшын мәдениетінің дәстүрлі ағымына қарай ақынға негізгі жұмысқа кірісу үшін оқырманды ұзақ дайындауға тура келеді. Бұл бір палуанның күреске түспес бұрын өз бұлшық еттерін ойнатып, ел назарын аударғысы келген көрініске ұқсайды. Шындығында, бұл ұзақ сонар сипаттау оқырманды шаршатып қана қоймай кез-келген ақынның шеберлігінің кемшіндігі екені анық.
Енді өлеңді бірінші жолдан бастап талдай берейік. « Жеттім орман шетіне тағы жүріп» - былай қарағанда қарапайым, қай жерге келгенінен мағұлымат беріп қана тұр. Тек «орман» және «шетіне» деген сөздер сәл көңілге үрей ұялататын сияқты. Поэзия – үлкен құрылыс, ондағы әрбір сөз мағына мен мәнге шегеленуі керек. Яғни бос жол тұрмақ, бос қолданылған сөз болмауы тиіс. Он төртінші ғасырдан бері орман қорқыныштың ошағындай елес беріп келді. Ал, жиырмасыншы ғасырдың ақыны өз өлеңін орман шетіне іліккен сәтінен бастауы, бұл жерде бір қауып-қатердің барын аңғартқандай болады. «Шет» ашық айтқанда өткір мәселе болуы мүмкін. Әлде, біз бұл жолға сонша мән беріп, бас ауыртып отырмыз. Жарайды, келесі жолға көшейік.
«Тыныш жүрек, тек назар сал(тыңда орманды, құсты) ұғынып» екінші жолда біз ешқандай үрейдің, уайымның белгісін таппаймыз. Өлең бірден жайбарақат жүріске салып, әуенді көңіл-күйге сүйрей жөнеледі. Осы жолдағы «hark» (назар сал, тыңда) деген сөзді естіген соң, құстың үні тербеткен ғажайып мекенге еніп бара жатырмын деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, бұл тек бетперде ғана. Фрост әдейі оқырманын жайландырып отырып бәрін жайып салмақшы. Осыдан бастап ақын дауыс ырғағын бірден өзгертеді.
Now if it was dusk outside,
Inside it was dark.
Енді қара, сырт жарық, іште жатыр,
Жер-әлемнің түнегі жасырынып.
Бұл жердегі «now» (енді) сөзі бүкіл қиялыңды тұсаулап тастайды. Сонымен қатар, «hark» (тыңда, назар сал) сөзі «dark» (қараңғы, түнек) сөзімен байланысқа түседі. Осы «қараңғы» сөзі «inside» (іште) деген сөзге көңіліңізді аударып қана қоймай, «outside» (сыртта) сөзі арқылы саналы түрде қарсылық көрсетіп тұрғанын байқаймыз. Іште қандай дүние жасырынып жатса да, ешбір кілт аша алмайтын құлып салғандай түсінікке жетелейді. Мен сіздердің әрбір сөзге, тіпті үтірге дейін назар аударғандарыңызды қалаймын, себебі, бұл құс туралы өлең. Торғайдай шырылдаған адам жаны туралы жыр. Ары қарай кеттік:
Too dark in the woods for a bird,
By sleight of wing,
To better its perch for the night,
Though it still could sing.
Тым қараңғы орманға бәрі ентелеп,
Құстарға онда ұшуға әлі ертерек.
Қонақтауға асықпай қоңыр кеште,
Сайрауына болады тағы еркелеп.
Сіздің ойыңызша бұл жерде не болып жатыр?
Қарапайым ағылшын оқырман болсын, басқа құрлықтағы басқа дүниетанымдық оқырман болсын, американдық болсын – бұл, кешке қарай әлемді әнмен тербеткен даусы сондай әдемі құс туралы, -деген бір ғана жауап айтар еді. Әлбетте ол шындық болуы да мүмкін, Фростың абыройы да осындай шындыққа негізделген. Дегенмен, бұл шумақтан уілдеген үрейдің желі есіп тұрғанын да аңғаруға болатындай. Нақтылап айтсақ, өз-өзіне қол салуға жақындаған үмітсіздік немесе өлім туралы баяндалуда. Егер, дәп өлім туралы емес десек, онда, қабір туралы немесе барзақ әлемі туралы деп топшыласақ болады. «Тым қараңғы орман... құстарға онда ұшуға әлі ертерек» құс –орманды зерттеп, «тым» қараңғы деген ұйғарымға келеді. Осы жолдар Дантенің Құдіретті комедиясындағы ойларымен үйлесім тапқандай көрінеді, дегенмен, айырмашылық бар. Дантеге қарағанда Фрост барзақ әлеміне «тым» үрейлене қарайды. Мүмкін ол өзін ауыр күнәларды арқалаған пенде сезінетін шығар. Осы жердегі «ұшуға» деген сөз жанның кеудеден шығып, о дүниеге кетуін меңзеп тұр ма дерсің. Бұл өмір туралы өлең, ойлануды қажет етеді. Ең терең сезімдерді оятады. Әшейін баяндама емес, сұлу сөздерден құралған сипаттама да емес, бір сөзін алып тастасаң ақсап қалатын тірі болмыс.
«Қонақтауға асықпай қоңыр кеште» түбінде барып қонақтайтын бір мекеннің барынанан хабар беріп тұрғандай. Әйтеуір тірінің көзі көрмеген бір мәңгіліктің барын ескертеді. Тек, осы қараңғылыққа үміт сәулесін түсіретін жалғыз жай оның әлі уақыты бар «сайрауына болады тағы еркелеп».
Құс үшін орман «тым қараңғы», себебі ол мына жарық дұниеге әбден үйреніп қалған. Қоңыр кештегі кез келген әрекеті, қанат қағысы оны қараңғылық құшағынан құтқара алмайды. Орманның кімдікі екенін бәріміз білеміз: құс - бәрібір оның бір бұтағына қонақтап, ұзақ сапарын аяқтайтайды. «Қонақтау» сөзі орманның сол үшін арнайы дайындалғанын, керемет жабдықталғанын ұғындырады. Мүмкін, әншіміз мұндай тұзақтан сытылып шығып кету үшін қартайып қалған шығар. Қартайса да, оның әлі ән айтатын шамасы бар. Үшінші шумағында әнші құс туралы әңгіме болмақ. Ең соңғы ән туралы баяндалмақ. Сай-сүйегіңді сырқыратар мұңлықтың зарына араласқан, үміттің көмейінен ән төгілмек. Мұндағы әрбір сөздің қалай үйлесім тапқанына назар салыңызшы.
Күн көзінен сары алтын жас тамады,
Ән-әлемнің толтырса тостағанын.
Бір шырқауға жетеді күннің нұры,
Тереңірек жұтынып кешкі ауаны.
Біздің әншіміз күннің соңғы тамшылаған нұрын жіті бақылап тұр. Өмірдің тостағанын әнмен толтырған, үміт сәулесіне шомылған болмыс көз алдымызға келеді. Бәрі біткен жоқ, «бір шырқауға жетеді күннің нұры». Тереңірек үңілсек, ол өз кеудесіндегі сәулені жырлап отыр. Әлемге құйылған күннің нұры оның ғана кеудесіне түсіп тұрғандай. Кішкентай құстың кеудесінде бүкіл әлем орналасқандай әсер қалдырады. Енді қараңыз, біз келесі шумақтан әнші мен әннің екіге айырылғанын байқаймыз.
Ән айтылды. Кіргізді кештің өңін,
Түнгі орманның қоңыржәй есті лебі.
Тыныштыққа шақырған әнұрандай,
Тым алыстан құс үні естіледі.
Бүтін әлем түннің құшағына еніп бара жатыр, әлем –ол өзі. Бұл жерде әншіміз өзі таңдауға болатын жолдың бірі туралы айтылуда, бірақ ол таңдау жасамады, тағдырға мойынсынды. Қанатын қақты да, қалың орманнан қонақтайтын жер іздеп кетті. Осы шумақта Фрост діни дүниетанымының нәзік иірімдеріне сүңгіп кетесің, ол өзі протестант болған. Дегенмен, о дүние сенім иелері мен агностиктердің де түптің-түбі ашатын есігі.
«But no, I was out for stars»
Жұлдыздарды көре алмай қалардаймын.
Әдеткі Фросттың оқырманды әлекке салатын тәсілі. Оның беделін қалыптастырған осындай жолдар. Егер ол шынымен жұлдыздарды іздесе неге ол оны басында айтпады? Неге ол басқа бір нәрселер туралы түгел бір өлең жазып отыр? Себебі, бұл жолдың осы арада тұруы тек, бізді алдау үшін ғана емес, өзін алдау үшін, өзін сабырға шақыру үшін де жазылып отыр. Алайда, біз осы жолдарды ақынның дүниеде көздеген соңғы мақсаты деп емес, қараңғылықтан іздеген шуағын бір түннің болымсыз уайымы бүлдіре алмайды деген сенімін –өмірлік шешім деп қабылдаймыз.
I would not come in.
I meant not even if asked,
And I hadn't been.
Жоқ, ол жаққа бармауға амалдаймын.
Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ,
Шақырса да бармаймын, бара алмаймын!
Бұл сөздер кекесінді әзілге тұнып тұр. Ақын өзінің көз жеткізген шындығынан өзі жалтарғысы келеді. Тіпті, онысын нақты айтады. Қара түнектің ауласына кіруден бас тартқан әлсіздіктің соңғы қайратын көрсеткені деп қарамауымыз керек, керісінше, өмірге деген үлкен құлшыныс деп бағаласақ артық кетпейміз. Осы соңғы екі жолымен Фрост өзінің шеберлігін айқын аңғартады. «Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ» бұл шынында шеберлік.
Немесе сіз осы өлеңді аяғы «жұлдыздармен» бітетін Дантенің «Құдіретті комедиясына» кіріспе ретінде талдасаңыз болады. Данте мен Фросттың арғы тамырының бірге екенін түнге қатысты «Түнмен таныс» деген өлеңінен де байқалады. Әлемге аты мәшһүр замандастарынан қарағанда Фрост өзінің білімін ашық көрсетпейді, бастысы ол – оның қанында ойнап тұр. Сондықтан, «Шақырса да бармаймын» дегенін күдіктің күресінінен шығып кеткісі келген кейіпкердің обрызынан ғана емес, стилдік таңдауда да үлкен формадан бас тартуы екені даусыз. Бәрін айтта бірін айт, Дантенің «Құдіретті комедиясынсыз» бұл өлең жазылмайтын еді.
Егер «Кіргін» өлеңін табиғат туралы өлең деп оқысаңыз ол өз қалауыңыз. Дегенмен, мен өлеңді оқымас бұрын тақырыбына аз-кем ой жүгіртулеріңізді сұраймын. Жиырма жол өлең осы тақырыбының талдауы ғана екенін түсінесіздер. Мен тек «кіргін» деген сөз «өлгін» деген мағына бере ме деп қорқам!
Кіргін
Жеттім орман шетіне тағы жүріп,
Тыныш, жүрек, тек назар сал ұғынып.
Енді қара, сырт жарық, іште жатыр,
Жер – әлемнің түнегі жасырынып.
Тым қараңғы орманға бәрі ентелеп,
Құстарға онда ұшуға әлі ертерек.
Қонақтауға асықпай қоңыр кеште,
Сайрауына болады тағы еркелеп.
Күн көзінен сары алтын жас тамады,
Ән –әлемнің толтырса тостағанын.
Бір шырқауға жетеді күннің нұры,
Тереңірек жұтынып кешкі ауаны.
Ән айтылды. Кіргізді кештің өңін,
Түнгі орманнан қоңыржәй есті лебі.
Тыныштыққа шақырған әнұрандай,
Тым алыстан құс үні естіледі.
Жоқ, мен онда кірмеуге амалдаймын,
Жұлдыздарды көре алмай қалардаймын.
Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ,
Шақырса да бармаймын, бара алмаймын!