Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» шағын романындағы сюрреализм сілемдері

ӘДЕБИЕТ
7306

ХХІ ғасыр қазақ әдеби үрдісінде белсенді көркемдік ізденістердің бір парасы Америка, Еуропа әдебиеттеріндегі белең алған постмодернизм әсерлерімен шығармашылық үдерістің көрініс беруі деп айтуға болады. Қазіргі қазақ әдебиетінде осындай санаттағы романдарды зерделегенде, жаңа заман әдебиеті, проза сериясымен шыққан Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» шағын романын да зерттеу нысанына айналдырған орынды болар еді. Роман атауының өзі де оқырманын қызықтырып, кітапты еріксіз қолға алуға итермелейді. Дәстүрлі баяндау стилінде және сюрреализм сілемдеріне құрылған роман жаңа заманауи үлгідегі туынды екендігін танытады. 

Роман «Қарқаралының ортасында қараша тамдардан салтанаты өзгеше қос қабатты, сыртын ағаш шарбақпен әсемдеп қоршаған үлкен үйдің қақпасы құпиялау дыбыспен қағылды...»[1,3], - деп басталатын сол үйдің ғасырдан астам өмірінен сыр шертіп, ай толып туғанда кезіп жүретін елестің құпиясын ашады. 

Бұл романның тақырыбына бару жолын автор Сәуле Досжан: «Осы «Үлкен үйдегі үрейдің» жазылуына кездейсоқ оқиға себеп болды. 2005 жылы жолдасым Дүкең (Дүкенбай Досжан) екеуміз балаларды алып, Қарағанды облысы Қарқаралы кентіндегі Құнанбай салдырған мешітте болып, есік алдына шыққанымызда, қарама-қарсы бетте тұрған үш қабатты ескі үй көзімізге түсті. Сол үйдің мән-жайын сұрап едім, оның өзіндік тарихы бар екенін білдім. Ол ХІХ ғасырда салынған дәулетті адамның үйі екен»[1], - дейді. 

Роман тақырыбына өзек болған авторлық идея бірнеше ғасырлық тарихы бар Қарқара өңіріндегі ескі үй төңірегінде өрбиді. Бұл үйдің иесі татар байы – Акметов. Ол сонау орыс отаршылдығы кезінде бастау алған қазақ даласына ағылған орыс, казак, олармен бірге сауда-саттықпен келген татар көпестерінің бірі. Үлкен үй ХІХ ғасырда салынып, үлкен Акметовтен кіші Акметов ұлы Арсланға ата-бабадан мұраға қалады. Туынды алмағайып замандарда байларды тәркілеу кезінде өз еліне амалсыздан қашуға мәжбүр болған Арсланның тағдыры, елден кетпей, ен байлық үш қабатты үй, жиһаз-мүлікке ие болып қалам деп дүниеқоңыздыққа салынып, қалып қойған тоқалы Хадишаның қызыл әскер Төрегелдінің етегінен ұстауы баяндалады. Роман ел тыныштығы орнаған кезде Арсланның әйелі мен баласын алып кетуге оралуымен басталады. Арсланды алтынға, ақшаға қызығып Төрегелді мен тоқалы Хадишаның опасыздық жасап, оны балтамен шауып өлтіріп, сол үйдің құпия жертөлесіне көміп тастайды. Шығармада Арсланның ақ жуып аруланып көмілмеген аруағы елес боп үйді кезіп жүретіні, сұлу әйел затына деген өшпенділігі суреттеледі. Бұл үйді қоныстанған бірнеше отбасымен бірге, сол үйдегі Акметов байдың ұлы Арсланның елесі бірге өмір сүреді. Көркем шығармада бірнеше өлім болған үйдің қарғысқа ұшыраған деген түсінікке саятын авторлық идеясы аруақтарды қорлау деген танымдарға, қазіргі имандылыққа бет бұрған заманға лайық жазылғаны анық. 

Роман тақырыбына арқау болған уақыт пен кеңістік әдебиетімізде, әсірсе, тәуелсіздік алған жылдардан кейін ерекше қозғалған тақырыптардың бірі - кеңес үкіметінің орнауы мен 1937 жылғы жаппай қуғын-сүргін уақыты мен тәуелсіздік жылдар аралығын қамтиды. Сол тарихи уақытқа куә – үлкен үй. Бірақ роман өткен тарихи кезеңдік тақырыптарды қозғаған романдардан мүлдем өзгеше болмыс-бітімімен ерекшеленеді. Шығарманың сонау өткен ғасырдағы 20 жылдардан бергі 37 жылдың ойранын жазған тақырыптағы романдарынан ерекшелігі, тақырып атауының өзі оқырманын қызықтырып өзіне тартады, әрі дәстүрлі баяндау стилін пайдалана отырып, сондай-ақ жаңа заманауи әдеби ағымдардың әдістерін игергені романның жанрлық құрылымында жоғарыда аталған елес-үреймен тығыз байланысты көрінетін психологизм, сюрреализмдік жаңашылдығынан байқалады. Бұл ағым ХХ ғасырдың басындағы әдебиетте ерекше көрініс тапқан болатын. Бірақ кеңестік үкіметтің саясаты тамыр жайған соң, әдебиеттігі жалғыз ағым-бағыт социалистік реализм көркем әдебиеттегі басқа ағым бағыттарды тұншықтырып отырды, алайда көркем әдебиет өзінің даму кезеңдерінде стихиялы түрде болса да, аталған ағымға қарсылық танытып отырды. Бұған қазақ әдебиетін тарихындағы ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдері Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет шығармашылықтары, жылымық кезең, 70-80 жылдардағы әдеби экспериметтік ізденістерді атауымызға болады. Бұл дәстүр тәуелсіздіктің келуімен ерекше қарқын алып, әлемдік әдеби үрдістің бір бөлшегі ретінде қазақ әдебиетінде де даму кеңістігін кеңейтті, жаңа эксперименттік ізденістерге жол ашты. 

Романның сюжеттік оқиға желісі өрбитін кеңістік орталық мекен Қарқара өңіріндегі ғасырдан астам тарихы бар көне үй. Автор осы үйдің тарихи негізіне халықтық таным-түсініктегі мифологияны пайдалана отырып, адами құндылықтардың аяқ асты болуына, жаман мен жақсы, өмір мен өлім сынды ұғымдардың мәніне терең үңіледі. Автор имандылықтан аттаған, арсыздардың ақша байлық үшін иманын сатып, қарғысқа ұшыраған отбасының тарихын баян етеді. Елес боп үйді кезген, ай толғанда сұлу әйел затына деген өшпенділіктің елес болып келіп тұншықтыруы адамдардың әрекетіне риза болмаған өлі аруақтарды еске түсіреді. С.Досжан шығармасындағы Арсланның елесі туралы ғалым Г.Орда: «Жазушы кез келген тірі жанды қорлауға болмайтынын, олардың әрқайсысының киесі болатынын Арслан бейнесі арқылы нанымды суреттеген. Жаназасы шығарылмаған Арсланның әруағы ай толған сайын елес болып үйін аралауы – соның көрінісі...

Жазушы Арслан әруағының ай толған кезде үйді кезіп жүруін ол үйде бірнеше рет мезгілсіз қазалардың болғанымен дәлелдеген. Ұйықтап жатып, оянбай қалатындардың барлығы дерлік – жап-жас қыз-келіншектер. Оның бір жағын Арсланның Хадишаға деген ренішіне баласақ, екінші жағы қыршын кеткен жанның жас сұлуға деген құмарлығының басылмауы деп түсіндіруге болатын тәрізді»[2],- дейді. Үй иесі Арсланды өлтіріп, жерлемей, жертөлеге тастаған қанішер Төрегелдінің өзі де алланың қарғысына ұшырап, мезгілсіз аттан құлап мерт болса, Хадиша да дүниеқоңыздығы мен бәйбіше Нұрияға істеген жамандығынының зауалын тартып, түсіне кіріп ұйықтатпаған Асрланның аруғынан психологиялық күйзеліске түсіп, ақылынан алжасып, «соншама ен дәулетке жеткенше армандап, айттырған жерінен айнып келген үлкен үйінің қақпасынан асыға шыққан Хадиша аяқ-аяғына жұқпай жүгіріп, елеске еріп, Сарыарқаға сіңіп жоғалады...»[1,72]. Түнгі елеске еріп Сарыарқаның даласына сіңіп, қанғып өледі. Ал Төрегелді мен Хадишаның ұрпағының із-түзсіз жоғалуы, автор тарапынан олар туралы ешбір мәліметтің роман желісінде айтылмауы, авторлық өзіндік шешімі болса керек. Яғни жазықсыз адамды өлтіріп, мойынына қан жүктеген, алтын үшін, дүние-мүлік үшін, қу құлқын үшін ар-иманын сатқан қоғамдағы азғындарға жаратқанның жіберген зауалы, жазасы деп түсінсек болады. Имандылық, адамгершілік сынды адамдық құндылықтардан аттап, ар-иманын сатқандарды елес арқылы үрей туғызып, есінен алжастыру, аруақ атқан ескі үйдің құпиясына үңілу арқылы автор біршама ойды аңғартса керек. Жазушы бір шаңырақтың ішінде болған сол бір қарғыс атқыр оқиғаның бірнеше ұрпақтың алдынан шығып, олардың берекесін алуы арқылы – «Әруақ аттағанның оңбайтынына» сендіреді. Жалпы, тәуелсіздіктің келуімен әдебиетімізде бұрын бүркемеленіп, тіпті жабық күйінде болған имандылық, дін мәселесіне тікелей қатысты шығарма десе де болады. Бұл тақырып төңірегінде ғалым Г.С. Балтабаева: «...бүгінгі қаламгерлер тарапынан тың тұрғыда түлеген мұсылмандық ұғымдардың көркемдік сипаты басым болып табылады. Ой-сана еркіндігі, тәуелсіз қаламгерлердің тың тынысын ашты. Бұл исламдық тақырыпқа қалам тербеген туындылардан анық байқалады және бұл көкейкесті мәселені көркем бейнелеудегі қаламгерлердің түрлі шеберлік қырлары ашылады»[3,4], - деп түйіндейді. 

Авторлық идеяның түп негізінде адамдардың бір-біріне опасыздығы, пейілдің бұзылуы, қара ниеттіліктің бір айналып өз басына, немесе айналасына жаза, зауал ретінде оралатынын ескертсе керек. Құдайын ұмытқан құдайсыз қоғамдағы адамдардың аюандық әрекеттері үлкен үйдегі үрей елес арқылы символикалық мәнде жеткізіледі. Авторлық идеяның ортақ негізі романның мына бір үзіндісінен анық байқалады: 

«Қожа-молда, емші-тәуіп дегенді қудалап, мешіттерді бұздырып жүрген «кәмөнес» алдына келгенін көріп Ақберен ақсақал көтеріліп кетті. Төрегелдіні алдына отырғызып қойып біраз өсиет айтты. Соңында: 

 – Көп қан төгілген өміріңде. Соның-дағы әйеліңнің жүрегіне түскен. Үйіңде аруақ бар, сол сендерді мазалайды. Арғы-бергідегі әруақтарға өмірі бір құран оқытпапсың... Мына атқарып жүрген қызметіңнің өзі қарғысты көп алғызып, жүрегіңді суытып жіберген. Бір құдайы таратып, әруақтарға құран шығарт. Дінмен, мешітпен көп алыспа. Ақырыңды ойла. Есті азамат бүгінгісін ақырына азық етер, - деп шығарып салды»[1,63]. 

Романдағы тоқал мен бәйбішенің арасындағы күндестік, дүниеқоңыз, тексіздік, пейіліне сай тап болған Хадишаның қарғысқа ұшыраған тағдыры, елес боп үйді кезген Арсланның аруағының сұлу біткенді тұншықтыруы мистикалық прозаның, фольклорлық ой-сананың жаңаша формадағы жаңаша көрінісі. Бұлардың бәрі авторлық идеяға қызмет етіп, әйел мен ердің арасындағы сезім, қиямет-қайым күндегі сатқындық, опасыздықтың кешірілмейтін күнә екенін еске салғандай. 

Жоғарыдағы айтылған мәселеге қатысты ғалым Г. Орда былай дейді: «Қазақ әдебиетінде бәйбіше мен тоқалдарар асындағы қақтығыстан адам өлімі болып, оның бір отбасы деңгейінен шығып, үлкен әлеуметтік деңгейге көтерілгенін кезінде М.Әуезов «Бәйбіше – тоқал», Қ.Кемеңгерұлы «Алтын сақина» тәрізді шығармаларында жеріне жеткізе бейнелеген болатын. Бұл шығарма – бәйбіше мен тоқалдың арасындағы күндестіктен адам аузы бармайтын дүниелердің жасалатынын, күндестіктің жақсылыққа жеткізбейтінін тағы бір қырынан дәлелдеген туынды. Автор Нұрия бәйбіше образы арқылы біздің ұғымымызға сіңіп қалған адуын бәйбішелердің бейнесін жоққа шығарады. Керісінше, жазушы «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деген халық даналығына жан бітірген. 

Нұрия мен Хадиша бейнесі арқылы қазақ халқы айта беретін көргенді жерден шыққан, көргенсіз, текті, тексіз, көпті көрген, түк көрмеген деген тәрізді терең мәнді ұғымдарға қаныға түсеміз»[2]. 

Романда кейіпкерлердің сандырақтап түрлі түстер мен елесті көруі арқылы оқырмандардың санасына үрей мен қорқыныш енгізугет ырысады. Бұл сюрреалистік шығармаларға тән стильдік бояу. Мысалы, Үлкен үйдегі елес ай толған мезгілде шығып, әрбір жас сұлудың өліміне себепкер болуы романда үнемі бір мәтінде қайталанып отырады. 

«Қала таң алдындағы мүлгіген тыныштықта. Күллі дүние көктен түскен ай сәулесіне шомылып тұр. Үлкен үйдің Ырысты жатқан терезесінің жібек пердесі сәл дірілдегендей болды да баяғы елес бөлмеге енді. Арылы-берілі бөлмені шарлады. Содан төсекте балбырап ұйықтап жатқан жас сұлудың жанына барды. Үстіндегі ақ жамылғысын алып тастап, аппақ денеге ұзақ қарап тұрды. Бір кезде барып аяғын сипады. Содан қолы жоғарылай кеудесіне жеткенде қыз қозғалып кетті. Елес шегініп барып аяқ жағына тұра қалды. Қыз аунап барып қырынан жатты. Елес қайта жақындап қыздың жастыққа шашылып жатқан шашын ұстап көрді де иіскеді, маңдайына қолын қойды. Еңкейіп бетіне бетін тигізді. Жас арудың тәтті лебімен оны қалай құшақтай алғанын өзі де білмегендей, ып-ыстық, жұп-жұмсақ денені қысып-қысып, кеудесінебасып жата кетті...»[1,119].

C.Досжанның бұл шағын романының көтерер жүгі салмақты. Шығарма өзегінде жатқан мәселе қоғам трагедиясына, адам қолымен жасалған қараниеттілігіне деген жаратқанның жіберген зауалы, қазақ халқының ежелден бергі ұғым түсініктері «Әруақ аттағанның оңбайды», «өлі аруақ риза болмай, тірі баймайды» деген қағидаттардың аяққа тапталып, имансыздықтың орын алуын меңзеп отыр. Сондай-ақ халықтық ұғым түсініктердің, мифологияның түпнегізін жаңаша сөйлете отырып, бүгінгі заман мәселесін көтерудің көркемдік амалына айналдыра білген. 

Роман сюжетіндегі адамның ұйқы кезіндегі жағдайында елесті өңіндегідей көруі арқылы берілуі, шығарманың өзекті оқиғалары жас сұлулардың құпия өлімдері өң мен түс арасында елестің қатысымен өтуі шығарманың көркемдік ерекшелігін танытар көркемдік тәсіл, авторлық ізденісі деп тануымыз қажет. Дәстүрлі баяндау стиліндегі прозамен бірге, көркем шарттылық мистикалық, фантастикалық элементтердің қазіргі қазақ прозасында ерекше көркемдік тәсіл ретіндегі қызметін көрсететін туынды деп атауға болады. 

Сонда «романдағы қылмыскер кім?» деген сұраққа жауап іздесек, жай ғана көркем шығармадағы автор бейнелеген елес сияқты көрінгенімен, оның мәні тереңде тәрізді. Себебі,ештеңеден қорықпайтын имандылықтың етегі түрілген заманда адамзат баласынан тыс тылсым күш, жаратушының бар екенін, қарғыс деген ұлттық таным түсініктің киесінен қорқу, ата-бабалардың түсінігін қайта жаңғыртқандай әсерде қалдырады. Романның идеясы – әлі құпиясы ашылып бітпеген тылсым өмірдің құпия жұмбағы. Жазушы романдағы әрбір сұлу бой жеткендердің жұмбақ өліміне ой салдыра отырып, үлкен үйдің қатпарлы тарихындағы қарғысқа кейінгі сол үйдің тұрғындарын ортақтастыра отырып, өмірдегі әрбір жасаған ізгілік пен зұлымдық, қиянат, жамандық пен жақсылықтың сұрауы болатынын әйгілейді. 

Қаламгер Сәуле Досжан романының жаңашылдығы, өзіндік стильдік даралығы неде деген сауал төңірегінде талдай түссек, ең алдымен қаламгердің өткен ғасырдың зобалаңын, кеңестік империяның отызыншы жылдарында болған тарихи оқиғаларды тек артқы көрініс ете отырып, яғни екінші пландағы көркемдік жамылғы ретінде ала отырып, өз қиялынан оқиғалы бір әлем жасағандығы байқалады. Ең маңыздысы, роман оқиға құрау, көзқарас айту, адамның жандүниесін ашу т.б. жақтарында жаттандылықтан аулақ. Заманауи романның жазылу стилінде дәстүрлі баяндау мен жаңа ағымдардың әсерінде жазылған жаңалығы бар. Ол біріншіден, үйді кезіп жүрген Елес кейіпкерге қатысты көркемдік ізденістерінен байқалса, екіншіден жаңалығы тарихи өткен оқиғаны көркем әдеби фон ретінде ғана қолданып, адами құндылықтар төңірегінде философиялық ой түюі дер едік. 

Қаламгер романының ерекшеленетін тұсы, көркем әдеби шарттылық заңдарын еркін меңгергені анық көрінеді. Ол көркем шығарманың тартымды құрылымдық композициясынан, философиялық сипатымен, эмоциональды-экспрессивті бейнелілігімен, парадигматикалық, мифо поэтикалық ойлау жүйесінің белсенділігімен танылатын жаңашылдығынан, көркем образдардың ішкі және сыртқы тұлғалық әлемін жеткізудегі жазушылық шеберлігінен анық көрінеді. Роман экспериментальды шығарма ретінде жазушылардың қазіргі қазақ әдебиетіндегі эстетикалық, рухани-философиялық ізденістердің жаңа мүмкіндіктерін айғақтай түседі. 

Қорыта айтсақ, Сәуле Досжанның сюрреалистік сипаты басым романын (роман-триллер деп атауға толық негіз бар) оқи отырып, қорқыныш пен үрей арқылы шындық пен өтірік, ізгілік пен қиянат, тәуелсіздік пен бодандық сынды қоғамдағы орын алатын жайлардан хабар беріп, небір қиямет қайым күн туса да, адам баласын сабыр мен имани дүниеден аттамауға шақырады. Жазушының дәстүрлі және жаңа заманауи үлгідегі романынан әр оқырман психологиялық әсер алып, әрі философиялық тұрғыдан ой түйеді. Өмірдегі адам баласының басында болатын әрбір жамандық адамның пейіліне орай беріледі деген түсінікке саяды. Автордың ХХІ ғасырдағы өркениетті қоғамда адам баласының ашылмаған тылсым құпиясын ашуға ұмтылған көркем әдебиеттегі гуманистік ізденіс қадамы дер едік. 

Айдарбек Ақболатов, философия докторы PhD, М.Өтемісов атындағы БҚМУ аға оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Досжан С. Үлкен үйдегі үрей. – Алматы: Жазушы, 2013. – 304 бет. – «Жаңа заман әдебиеті. Проза» сериясы.63. 
  2. Гүлжаһан Орда. Үлкен Үйдегі Үрей. Руханият ақпараттық порталы. 14.11.2015. 
  3. Балтабаева Г.С. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасы: Алматы. ҚазМемҚызПУ, 2012. – 273 бет.

Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астандағы АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға келіп...

Шоу-бизнес

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды madeniporta...