Ернұр Дәуенов. «Онлайнға» ойысты

Жаңалықтар
1638

Пандемия және коронавирустық инфекцияға байланысты Павлодар облысының барлық мәдениет мекемелері қашықтықтан жұмыс істеуге көшкені белгілі. Сәйкесінше, барлық шаралар мүмкіндігінше танымал әлеуметтік желілер арқылы, негізінен инстаграм және фейсбук желілерінде онлайн режимінде өтуде. Әлеуметтік желілерде және медиа ресурстарда жергілікті өнерпаздардың концерттері, көрмелер, түрлі салалар бойынша мамандардың лекциялары, челлендждер, байқаулар, шеберлік сағаттары және басқа да форматтағы шаралар өтуде.

Ернұр ДәуеновШығармашылық ұжымдардың концерттері, спектакльдер сияқты бұқара көпшілік шараларды Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен облыстық театрлардың ютуб арналарынан көре аласыздар. Мысалы, тұрғындар Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрының ютуб арнасынан «Күтпеген кездесу» спектаклін тамашалай алады. Ал карантин аяқталған соң облыстық театрлар жұртшылық назарына Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған премьералық қойылымдарын ұсынады.

Біз карантин уақытында тұрғындардың уақытты пайдалы өткізуі үшін үй жағдайында мәдени сауық шараларын ұйымдастыруға тырысудамыз. Бұл шараларды, бірінші кезекте, мәдениет мекемелерінің инстаграмдағы ресми парақшаларында, Павлодар облысы мәдениет саласының @ertis_madenieti атты біріңғай инстарам парақшасында және аймақ бойынша мейлінше көп тұрғындарды қамтитын ақпараттық парақшаларда жариялаудамыз. 

 Мысалы, тұрғындар арасында келесідей шаралар ерекше қызығушылыққа ие болды:

1. Тарихи тұлғалар, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар, танымал фильмдердің, мультфильмдердің және кітаптардың кейіпкерлеріне байланысты COSPLAY байқауы да үлкен қызығушылыққа ие болды. Бұл шараны Бұхар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды. Байқау қорытындысы мамыр айында шығарылады. 

2. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған үздік үй кітапханасын анықтауға байланысты байқау да барлық дерлік танымал ірі ақпараттық парақшаларға жарияланды. 

3. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың оқырмандарының талғамы бойынша таңдалған әлемдік және қазақ әдебиетіне жататын 20 үздік кітаптың тізімі жасалды.

4. Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейімен өткізілген динозаврдың үздік суреті бойынша байқауға бар-жоғы 7 күннің ішінде 1300 қатысушыдан өтініш түсті. Байқау қорытындысы бойынша үш адам жеңімпаз деп табылды: Дуан Айлина, Оразбаева Наргиз және Хижняк Руслан.

5. Осыдан он жыл бұрын барлық танымал ақпараттық парақшаларға тарап үлгерген әскери киім киген үш жасар қыздың портреті жұртшылықтың ерекше қызығушылығына ие болған еді. Биыл портрет авторы Ольга Керимова аталған қызды тауып беру туралы облыстық көркемсурет музейіне өтініш білдірген. Оған портретін сыйға тартқысы келді. Музей қызметкерлері іздеу жүргізді. Нәтиже көп күттірген жоқ. Танымал портреттің кейіпкері Нұрхаят Балтабаева екен. Бүгінде ол 13 жаста. 

Сондай-ақ, тұрғындармен танымал тұлғалар және белгілі блогерлердің ұсыныстарымен де бөлісудеміз. Мысалы, блогер Әлішер Елікбаевтан 5 фильмнің тізімі ұсынылды. 

Күн сайын Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры өз инстаграм парақшасында актер Тұңғышбай Жаманқұлов, Ресейдің еңбек сіңірген әртістері, мәскеулік академиялық театрының өкілдері Андрей Чубенко және Юлия Зыкова, әнші Роза Мұқатаева сияқты өзге де танымал тұлғалармен онлайн сұхбаттар жүргізуде.

Дәстүрлі ақпарат құралдарымен де жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Мысалы, күн сайын облыстық «Ertis» телеарнасының эфирінде сағат 20.10-да Павлодардың Ертіс өңірінің 75 танымал тұлғасына қатысты фильмдер сериясы көрсетілуде. Халық радиосының эфирінде Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетуде. 

Бұдан бөлек, ғаламтор пайдаланушылары С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың онлайн ресурстарын пайдаланып, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде виртуалды көрмені тамашалай алады. 

Жеңіс күнін де Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұсыныстарын неізге ала отырып атап өтеміз. Жалпы, мәдениет мекемелерімен Жеңіс күніне орай бірқатар онлайн шаралар жоспарланған. 

Баянауыл ауылында Ұлы Отан соғысына қатысушы, ІІІ дәрежелі Жеңіс орденінің кавалерлері Бақыт Қайдаровқа, Василий Христенкоға және Бірлік ауылында Жылбек ағаділовке бюст орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Ақтоғай ауылында Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновке бюст орнатылады. Салтанатты ашылуы 2020 жылдың шілде айына жоспарланған.  

6 мамыр күні сағат 11.00-де «Жеңімпаздар» кітабының тұсауы кесіледі. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен павлодарлықтардың ерлігі, Ұлы Жеңіске қосқан үлестері жайында айтылады. 2015 жылы анықталған алғашқы кітапта 4200 адам қамтылған болатын. Ал екінші кітапта 4000-ға жуық адам жайында жазылған. Тұрғындар бұл кітапты облыстың барлық кітапханаларынан оқи алады. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары «Жеңімпаздар» кітабын Павлодар қаласындағы «ЭКО» типорафиясынан 2020 жылдың шілде айынан бастап сатып ала алады. 

8 мамыр күні 11.00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Майданнан хат» атты жобасының онлайн тұсаукесері өтеді. Жоба аясында майданда қағаз қиқымдарында, газеттерде, папирос қағазында жазылған 1000-ға жуық хат цифрландырылды. Оның аясында Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Серікбай Мүткеновтың де өлеңмен өрілген хаттары бар. 

22 маусым күні Шафердің музей-үйімен «Жеңіс әуені», «Музыка Победы» атты дискінің онлайн тұсаукесері өтеді. 

2 - 8 мамыр аралығында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның камералық хорымен моно-концерттер ұйымдастырылады.

4 мамыр күні сағат 11.00-де облыстық «Шаңырақ» орталығының ұжымы моно-концерт өткізеді. Бұдан бөлек, «Шаңырақ» орталығымен онлайн форматында «Жеңістің жалынды жырлары» атты әскери әндер байқауы мен мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылады.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейімен мамыр айында «ҰОС жылдарындағы отбасымның тарихы» атты онлайн байқау ұйымдастырылады. 

Бұдан бөлек, музей өзінің @pavl_muzei инстаграм парақшасында «Елімнің батырлары» атты 75 батырлық, ерлік сабағын өткізеді. 

23 сәуірде П.Васильев атындағы музей үйі зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған облыстық мамандандырылған кітапханасымен бірлесіп, «Живое слово о войне» атты аудиокітабының онлайн тұсаукесерін өткізді. 

Павлодар тұрғындары жыл сайын жазда облыс орталығындағы «Ertis Promenade» басты сахнасында өтетін конценрттерді асыға күтетіні белгілі. Бұл ретте, алғашқы концерт COVID-19 індетімен күресіп жүрген жандарға арналатынын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, жазғы маусымда «Ertis Promenade» сахнасында түрлі бұқаралық-мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр Атап айтсақ, рұқсат етілген жағдайда 8 тамызда Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы шеңберінде «Абайдың өшпес әндері» атты ауқымды мәдени концерт өткізу жоспарланып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.


Ернұр ДӘУЕНОВ,
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту 
және архив ісі басқармасының басшысы.

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...