Бауыржан Омарұлы. Бөгеннен бүгінге дейін...

ӘДЕБИЕТ
2604

Сұлу сырдың айдынды Аралға құяр тұсына жақын Бөген деген берекелі ауыл бар. Сол Бөген дарияның арғы бетіндегі біздің Қаратереңге қарағанда қай жағынан да ілгерілеу тұрады. Осыдан бір ғасыр бұрын «Волга бойында аштықтан бұралып жатқан қарттар мен балаларға азық керек» деп Ленин көкем арнайы хат жазғанда, бар шаруасын жинап қойып, бір кісідей жұмылып, бір күнде он төрт вагон балық жөнелткен бөгендіктер тарихтың жылнамасына жазылған. Бұл оқиға анау-мынауға елеңдей бермейтін сырбаз да кербез классигіміз Ғабит Мүсіреповтің «Жиырма төрт сағатта» деген әңгімесіне арқау болған.
Елу төрт жыл ғұмырында елу бес том кітап жазған Лекең мен сыршыл суреткер Ғабеңнің назары түскендікі шығар, бұл ауылдан танымал қаламгерлер көптеп шықты...

(Мына суретті сонау «Жас алаштағы» кезеңнен бері сақтап жүрген едік).


Бөген – сегіз жасында түйеден құлап мертігіп, өмір бойы төсекке таңылып жатса да, өз бетінше білім алып, тынбай еңбектенген қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің кіндік қаны тамған жер. Талайды таң қалдырған ерлігі үшін ел-жұрты ауылдағы екі қабатты зәулім мектепті бастауыш класты да бітірмеген Зейнолланың атымен атаған. Өрімдей жас кезінде «Алыстағы аралдарымен» елді дүр еткізіп, тып-тыныш жүрген талай баланы теңізге қарай өргізген Сайлаубай Жұбатыров та осы елді мекеннің тумасы.Ол аз десеңіз, тереңнен терген маржаны дәптеріне өлең болып төгілген арқалы ақын Толыбай Абылаев, айдын көлдің иірімінен атып шығып, имандылық иіріміне баспен қойып кеткен жүйрік журналист Болатбек Қожан, айтыстың ақтаңгері, ерекше есептің егесі Ержеңіс Әбдиевтер – бір кезде Бөгеннің ақ шаңдағын аспанға көтеріп ойнаған беймаза балалар. Ленин түгілі аупарткомның хатшысынан да хатты көп ала бермейтін теңіз қолтығындағы Қаратереңнің тілі мен жағына сүйенген біз секілді ұландары алты ақыны, жеті жазушысы бар көрші ауылға қызыға да қызғана да қарайтын едік.
Бүгінгі баршаға танымал қаламгер, сыршыл суреткерҚуаныш Жиенбайда – осы Бөген ауылының перзенті. Оның бүкіл шығармашылық болмыс-бітімі теңіз тақырыбын айшықтап көрсетуге негізделген. Жазған дүниелері де, қоғамдық істері де теңіз төңірегінен алыстамайды. Қайда жүрсе де, ми жүйесінің бір мүйісінде Арал тұрады.

Жалпы, Қуаныш ағам тек журналистік дүниелеріне ғана емес, көркем шығармадағы кейіпкерлеріне де ат таңдаудың да шебері. Көбіне-көп шығармасындағы тұлғалардың аты мен заты үйлесімді болғанына мән береді. Бірде талантты жазушы Жаңабек Шағатев екеуміз біздің «Жас алаштағы» жұмыс бөлмемізде бір-бірімізді қалжыңмен қажап отырғанбыз. Жаңабек бір әңгіменің ретінде «Біз адамдардың бойынан шуақ іздейміз ғой» деп қалды. Сол-ақ екен бөлім бастығы Қуаныш ағам елең етті. Жүзі жайнап, қайта-қағазына шұқшиып, өзімен-өзі болып кетті. Алдында тұнжырап, салы суға кетіп отырған. Кейін білдік, Қуаныш ағам бір кейіпкер қызының мінез-құлқына сай ат таба алмай отыр екен. Сөйтіп, ойда-жақта бөлмемізге бас сұққан Жаңабек сол кейіпкерге Шуақ деп ат қойып кетті. Оны оншақты күн өткен соң осы әңгіме «Қазақ әдебиетінде» жарық көргенде бір-ақ білдік.
Ол Аралдың адамдарының боямасыз бейнесін әдебиетке әкелді. Жазушының әңгімелерін оқып отырғанда, теңіздің ақжал толқындарының жағалауды ұрғаны құлаққа келеді, шуда-шуда шалаңның иісі шығады, қораның сыртында дөңгеленіп жатқан қабадан көз алдыңа елестейді. Әрі қарай тереңдей түссең, «Еламан сүйек кетті деп, еліңе сәлем айта бар» деп кәсіби мақал айтып, қауқылдасып отырған балықшылардың ортасынан бір-ақ шығасың.

Аралдың атпал балықшыларының өмірі өзгеше бір әлем. Теңіз жағасында өскендер шетінен ірі келеді. Жылымнан олжалы оралғандардың күрек тісі сойдиып, қос бүйірін сабалап, теңізден тапқанын ортаға салып, «бір маған, бір саған» деп балық бөлісіп жатқандары қандай керемет! «Бұл ненің таласы?» деген сұраулы сөйлем Аралдың кәсіби лексиконында «Балық бөлісе алмай жатсыңдар ма?» деп айтылады.
Балықшылар балық жеп отырғанда кәсіби шеберліктің көкесін көрсетеді. Бір езуінен балықтың етін сүңгітіп жіберіп, екінші езуінен лездің арасында жылан жалағандай етіп сүйегін шығарып жатқанда анау-мынау станогыңның өзі жолда қалады. Қуаныш Жиенбайдың ерекшелігі де Арал адамдарының осындай табиғи тұрпатын шынайы бере білетіндігінде.
Оның әңгімелері мен повестерінің кейіпкерлері – Арал аймағында адал еңбегімен күн көріп жүрген қарапайым адамдар. Шетінен жаны сірі. Шаруаны қолға алса, үлектей жапырады. Қыршаңқы әңгімеге келгенде қамшы салдырмайды. Әзіл айтсаң, көтерудей-ақ көтереді. Бір қарағанда, мінездері теңіздің тыншыған сәтіндей момын. Бірақ намысына тисең, Аралдың кәріне мінгеніндей дүлей. Ашуға басса, ат үстінде тұрған жеріңнен жұлып алады. Кейіптеудің шебері Қуаныш, міне, осы адамдардың типтендірілген мінездемесін жасады. Табанынан су кеткен Аралдың жүйкесі жұқарған жұртының шынайы бейнесін шығармаларына мөр қып басты. Танымал журналист, белгілі жазушы атанды. Талай басылымда жемісті қызмет істеді.
Енді бүгін аралдықтар «Бір кезде бір балықшының қайығы бос қалып еді...» деп өкінбейтін шығар...
Бүгін – сол Қуаныш ағамның туған күні! Көнебөгенде өмірге келген қаламгердің елу жасқа толған тойында теңдессіз талант, жампоз жыршы, жалпақ жырау Берік Жүсіп інім былай деп жырлап еді:


Сүлейі Сырдың мен едім,
Серкесі сөздің сен едің.
Сөз маржанын сен теріп,
Соңыңнан жырлап келемін.
Жарты ғасыр жол жүрдің,
Бөгеннен бүгінге дейін.
Аралдың ақжал толқынын,
Ағажан, саған теңейін...

Бөгеннен бүгінге дейінгі жемісті жол жалғаса берсін! Қарымды қаламгер Қуаныш ағамыздың өмірдегі сапары ұзақ болсын!


БІР АДАМНЫҢ БАСТЫҒЫ

Журфакқа оқуға түскен соң бірер айдан соң Қуаныш Жиенбаевты іздеп, «Лениншіл жасқа» келдім. Құр бармай, бір мақала жазып әкелгем. Ақсары, ашаң жігіт екен. Күлімсіреп қарсы алды. Ілби басып, именіп кіргем. Жүзінің жылы екенін көрген соң ептеп тілім шыға бастады.

– Аға, мен сіздің жолыңызды қуып... Көрші ауылдан.. Қаратереңнің баласы едім. Журфакқа биыл түстім. Жазғандарыңыздың бәрін де оқып жүрмін... Біздің ауылдағы Ерсейіт... сізді таниды екен. Жалпы, сізді біздің Қаратереңнің бәрі біледі...

Қажет нәрсені де, қажет емес нәрсені де сеңдей сапырылыстырып, соғып отырмын. Ол күлді.
– Жарайды, дұрыс... Мына мақалаңды... жарамаса да шығарам, – деді содан соң. Әншейін айта салған шығар деп ойладым. Бірақ, ертеңінде газеті қарасам, бірінші бетінде тұр! Бұл «Іске сәт, ихтиологтар!» деген репортаж еді. Сірә, «Нөмірге репортаж» деген күнделікті айдарға орайласа кетсе керек. Бірінші курстың баласына бұдан артық бақыт бар ма? Осыдан кейін мен редакцияға жиі келетін болдым. «Лениншіл жастағы» басқа да ағаларыммен жақынырақ араластым. Сөйтіп, бесінші курста оқып жүргенімде осы басылымға қызметке шақырылдым. Тура Қуаныш ағам басқаратын бөлімге келдім. Сөйтіп, дарияның екі жағына қоңсы қонған балықшылар ауылының екі баласы бір бөлмеде отырып қызмет істедік. Ол кісі бөлім меңгерушісі, мен болсам тілшімін. Басқа бөлімдерде де солай. «Өтемістен туған он едік» дегендей, он бөлім меңгерушісі, он тілші...
Ауылдан келген біздің әкей газет редакциясының осы бір қызық құрылымына түк түсінбей, басын шайқаумен болды.

– Мен ғой, оқымаған адам болсам да ауылда бригадирмін. Қарамағымда он-он бес адам бар. Әлгілерді қалағанымша жусатып, өргіземін. Айналайын, Қуаныш-ау, мектепте он жыл, университетте бес оқығанда жеткен жерің біздің баланың бастығы ма?!

Қуаныш ағам ішек-сілесі қатып күледі. Кейін сол бөлімге мен басшы болғанда әкейдің «Зав. отделом» дегенің әлгі бір адамның бастығы ма?» деп қомсынғаны бар.
Бірақ сол бір адамның бастығы маған көп нәрсе үйретті. Мені жеделдікке баулыды. Біздің студент кезімізде жазған ағайынды сегіз механизатор жігіт туралы «Сегіз тұлпар ерттеген сегіз сұңқар» атты очеркін оқып, мұндай соқталы дүниені бір ай бойы әзірлейтін шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Қуаныш ағам кез-келген очеркін бір отырғанда жазып тастайды екен. Ол газетке ұсынатын дүниелерін үнемі жұмыс үстінде жазады. Бастаған дүниесін тез бітіреді. «Арлының алақаны ыстық», «Теңіздей тербелген тағдыр» деген сүбелі дүниелерін менің көз алдымда отырып бастап, екі-үш сағатта аяқтап шықты.

«Лениншіл жастың» бөлім меңгерушілерінің бәрі де терезе жақта, ал тілшілері есікке тақау отырады. Мұндағы қалыптасқан дәстүр бойынша, бөлім меңгерушісінің бос тұрған орындығына тілші ешқашан отырмайды. Бұл дағдыны кім орнатқаны, қашан орнатқаны белгісіз. Өзің өсіп-жетіліп, сол орынға жайғасқанша жоламауға тиіссің. Бір жағынан бұл бөлім меңгерушісі қызметінің қадір-қасиетін арттыратын үрдіс секілді еді. Шынында да бөлім меңгерушілікке, яғни, әлгі біздің әкей айтқандай, бір адамның бастықтығына журналист көп еңбек сіңіріп барып қол жеткізеді. Қаншама очерк жазады, қаншама жерді шарлайды. Елге әбден танымал болған кезде бөлімнің тізгінін қолға алады. Оны айтасың, бұл қызметке тағайындалар алдында арнайы барып, кіші ЦеКаның батасын алып келеді. Ал сол тұстағы «бір адамның бастықтарының» кімдер екенін қараңыз. Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Несіп Жүнісбаев, Өтеген Оралбаев, Саттар Сапарбеков, Жұмагүл Солтиева... Ал сол бастықтардың қарамағындағы «бір адамдар» да осал болған жоқ. Қонысбек Ботбай, Әділғазы Қайырбеков, Дүрәлі Дүйсебай, Баян Болатханова, Сапарбай Парманқұл және басқаларды «бір адамның бастықтары» жеке-жеке баптап жатты.

Қуаныш ағам да сол төрдегі орнында отырып, терезеден көкбазар жаққа көз тастап, сәл ойланып алады да бұрқыратып, жаза жөнеледі. Қатты қызығам. Мен де сөйтіп өндіре сілтегім келеді. Жазуына қарасам, түк түсінбеймін. Жыбырлаған бірдеңе... Содан Қуаныш ағама еліктеп, мен де бір жыбырлатып жазып көрейін. Жыбырлауын жыбырлайды, бірақ өнбейді. Сөйтіп, өгізаяңмен жүріп-ақ ол кісінің тәжірибесін үйрене бастадық.
Бұрын секретариатта қызмет істегендіктен кейде арнаулы беттердің макетін өзі сызады. Ұсынылған мақалалардың басылым бетіндегі келбетін әп-сәтте ажарландырып жібереді.
Тақырыпты тартымды етіп қоюға бейімдеді. Жалпы, оқырманды шақырып тұратын тақырып табу – «Лениншіл жастың» қашаннан қалыптасқан үрдістерінің бірі. Бердіқұлов енгізген дәстүр. Қуаныш аға да осы қағиданы қатаң ұстанады. Ұсынған тақырыбың ұнамаса, ортан белінен бір сызады. Қуаныш Жиенбайдың тақырып қоюға шеберлігін көркем шығармаларының атауынан да аңғаруға болар еді. «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Паромшының портреті», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Бір машина ақ кірпіш», «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын», «Ән салуға әлі ерте»... Осылай жалғасып кете береді. Тақырыптары оқырманды елең еткізеді. Бірден оқуға жетелейді. Бұл да оның талай жыл қорғасын әріптің уын жұтып, газетте қызмет істегенінің жемісі.
Біз осының бәрінен тәлім алдық. «Бір адамның бастығы» мені ғана емес, басқаларды да баулыды. Қуаныш Жиенбайдың әр жылдарда басқарған «бір адамдары» Қайнар Олжай, Серік Рәсілов, Гүлзия Пірәлиева, Мұхтар Наушабаевтар елге белгілі қаламгерлерге айналды. Бүгінде қазақ журналистикасы мен әдебиетінің алтын діңгегін бір кездегі «бір адамның бастықтары» мығым ұстап тұр... Олар тәрбиелеген бір адамдар да ешкімнен кем емес.

Бүгін сол «бір адамның бастығы», менің бір кездегі бөлім меңгерушім, ардақты ағам, шығармаларын үзбей оқитын жазушым Қуаныш Жиенбаевтың туған күні!

Жасыңыз жүзге, ғибратыңыз бізге жетсін, АҒА!

author

Бауыржан Омарұлы

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...