Анаң сені өлген екен деп түс көрді(Бұл недеген бұлдыр сағым іс болды)Осы жасқа келгенімше көрм...
Ақын Жандос Аманжолұлының 7 өлеңі
4326
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін ақын Жандос Аманжолұлының 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
Аңсау
Сахарада сағым қуып санамыз.
Өткеннің күндер... болып қалды бәрі аңыз.
Қолын бұлғап қараша ауыл түтіні,
Қимастықпен жасын төкті қара қыз.
Өрт санама өрнек салып сарсаң мұң.
Елес болды өр тұлғасы әр таудың.
Шуағы нұр дала күнін батырып,
Алтынарай қала таңын қарсы алдым.
Көкжал кеудем тұрған сәтте айда ұлып.
Қиял-қыран қалықтаумен жанды үміт.
Мен түземмен дәл осылай қоштасқам,
Балалықты тым алысқа қалдырып.
Тас қалада жүрмін жадау, жаным мұң.
Тағы нені сыйлайды екен жауыр күн.
Жөргегінен жусан исі аңқыған,
Балғын күнді сағыныш қып жамылдым.
***
Самал есіп еркелік маңдайымнан.
Қарт шопанның ұлы едім мал қайырған.
Дархан дала ананың сүтін емген,
Уыз дәмі кетпеген таңдайымнан.
Сәби қиял қыдырып сай саланы.
Сезімге пәк сазды әуен ой тамады.
Арман қуып алысқа кететінбіз,
Ерттеп мініп сәйгүлік ай тағалы.
Сары далада сайран сап сауық құрған.
Биіктіктің өлшемін тау ұқтырған.
Таңдайымды жібіткен тас бұлағың,
Балалықтың бал екен тамып тұрған.
Бүгінгі күн қу тірлік қарда дауыл.
Тағдыр жүгі мойында салмағы ауыр.
Жел өмірмен алыстап кетіппін-ау,
Кіндігімнің жас қаны тамған ауыл.
Боямасыз тірліктің беу ошағы.
Балғын күннің бүр жарған қауашағы.
Бошалаған көңілім Ертіске еріп,
Боз жусанды бөктермен бел асады.
***
Тауды аңсаған жүректен төгіліп ән.
Жалды аңсаған сезімге салып ұран.
Топан судай толқыған дария- өмір,
Келмей қалар ұлы арман тобығынан.
Тірлік кешіп қара тау қойнауында.
Кіндік кескен ұл едік қойлы ауылда.
Түз тағысын түсімде жиі көрем,
Түнек түннің ұлитын қойнауында.
Алтай жаққа әуелеп құс келгенде.
Жүректі алып таситын күш кеудемде.
Боз жусандар нұрына боялатын,
Бозамық таң нұры кеп түстенгенде.
Көңіл толқып қойлардың күйісінен.
Төл түземнің төсінен сый ішіп ем.
Боз даланың байырғы сазы ойнайды,
Мұрын жарған ерменнің иісінен.
***
Бойтұмарым етпегелі құс әнін.
Көңілімді торлап алды құса мұң.
Тағдырымның қарсы соққан дауылы,
Қарғыс атқыр қалаға әкеп тұсадың.
Керуен ғұмыр – дейтін ұлы ағыста.
Армандармен шырқайтынбыз ғарышқа.
Бұйра бұлттың кезіп жүрген арасын,
Балалықты жел айдады алысқа.
Қилы тағдыр аяқ басып өріне.
Түйіліппіз тірлік – атты келіде.
Балауса пәк балғын күнді кешегі,
Қалдырыппын қараша үйдің төріне.
Оралыпсың тәтті ұйқымның түсі боп.
Балғын күндер балтырының күсі көп.
Мені өсірген Бестәңірдің белінен,
Құлын күнім тұрады ылғи кісінеп.
***
Көктем биыл кешікті...
Біз сарыла күткенменен асығып.
Айтшы досым мұнымыздан не шықты,
Сезімдерді жүгендеуден жасырып.
Аспан асты көк көрпесін жамылып,
Дархан дала жайқалтпай тұр желегін.
Көп күндерден күтіп солай тағы үміт,
Ит тірлікте итіңдеумен келемін.
Жабырқаудың күйін кешсем көктемде.
Маған тақпа түкке мін.
Ағыл- тегіл аспан жасын төккенде,
Оралады күткенім.
***
Қайран Алтай бауыры алтын басы құт.
Мүлгіп жатыр қаншама сыр жасырып.
Қойнауында менің асқақ бабамның,
Көші кетіп бара жатыр жосылып.
Жосыған көш жұлма, жұлма тағдырым.
Жортуылмен өтіп жатыр әр күнім.
Қарт Алтайдың қарлы боран төсінде,
Ескі жұрттың елесімен қалғыдым.
Сахарада рухы көшіп бабамның.
Сал күндерім саясанда нәр алдым.
Бостандығым құндағынан тұншығып,
Күллі әлемге ауа көшіп таралдым.
Ауа көштім айқындалмай құбылам.
Аласұрып сонда әр түн ұлығам.
Қайран өмір өрт ішінде күн кештім,
Жарық күннен жетпегенсоң шұғыла.
Медет сұрап жаратқаннан көктегі.
Өзге жұртқа кетпесін деп көп кегі.
Қара түннің қасіретін жамылып,
Арда Алтайда әлі ұлып тұр көкбөрі.
***
Жөргегімнен сағынышқа оранып.
Сахараға кеттім солай жол алып.
Алтай жақтан құлын даусым естілсе,
Жүрегімнің үні деп біл ол анық.
Жүрегімнің жалындатып жалқы үнін.
Саған жетсем сөге көрме жарқыным.
Бабам қонған көне жұртта бүтінмін,
Балаң жүрген анаааууу жұртта жартымын.
Пәк жаныңнан бөлінген бір бөлшекпін.
Арманымды Арқа жақпен өлшеппін.
Пешенеме жазған тағдыр жолымен,
Арғы бетте күн кешуді енші еттім.
Талай жылдар үмітімді үзді өкпек.
Тағдырымнан жүз солыппын, жүз көктеп.
Ерке есілдің жағасында ес жидым,
Ескі жұрттан елесімді іздеп кеп.
***
Самайына қырау тұңған Алатау,
Сайын далам есіл дүр.
Сарыарқаның даласында сағым боп,
Сағынышым есіп жүр.
Сарғаюмен түн түнегін жамылам,
Cахараның салтымен.
Сал күндерім ұласады ақ таңға,
Сақ-сақ күлген қалпымен.
Саумал леп маңдайыма төгілсе,
Сая бақта түс көрем.
Сусап жүрген көңілімді қайтейін,
Cұм кұндерім тістеген.
Сары шайыр менің мұңым көшеді,
Сүрлеуінде тағдырдың.
Cүреңсіз күн дүрмегіне ілесіп,
Сан мың мәрте қаңғырдым.