Шәкірті Жәнібек Кәрменовпен1. Ән- бұлақтың бастауыЕрлан Төлеутаймен бетпе-бет жүздескен емеспін...
Клара Төленбаева: «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды
– Клара Төленбаева дегенде, есімізге «Жібек сезім» әні түседі. Халыққа кең тараған әнді жолдасыңыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, белгілі сазгер Медет Салықов жазғанын білеміз. Барған жерде халық әлі күнге дейін осы әнді тыңдамай сізді жібермейді дейді...
– Ол рас, ел-жұрт «Жібек сезім» әнін орындамасаң, міндетті түрде қолқалап сұрап айтқызады. Әйтпесе, бұл ән сонау 2003-2004 жылдан бері қарай орындалып келеді. Әуел баста әннің ел көңілінен шығып, танымал болатынын ешкім білмеді. «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды.
Бұл әнді орындағанға дейін сырнаймен дәстүрлі және халық әндерін орындап жүрдім. Эстрадаға алғаш қадам басқанымда Е.Хасанғалиевтің әні мен Т.Оразбаеваның сөзіне жазылған «Гүлсезім» әнін орындадым. Одан кейін айтқан әнім осы – «Жібек сезім». Бұл ән бір күнде туған жоқ. Толғағы жетіп, әбден пісіп, іштен жетіліп барып өмірге келген ән. Медет біраз уақыт өлеңін ыңылдап айтып жүрді, ал сөзін жазуды досымыз Қалқаман Саринге тапсырды. Қалқаман бір жылдай әнге сөз жазбай жүрді. Бір күні аяқ астынан Қалқаман Медетке хабарласып «әннің сөзі дайын болды» деді. Барсақ, шынымен алып-қосары жоқ, бас-аяғы бүтін, жұп-жұмыр өлең туыпты. Әні мен сөзі бір кісінің қолынан шыққандай қабысып, үйлесіп тұр. Бір жерін өзгерту туралы тіпті сөз де болған жоқ. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, мөлдіреген әдемі өлең жазылыпты. Мен сахнаға орындап шыққан кезде халық бірден жылы қабылдап, ұнатты. Әнге бейнебаянды 2-3 жылдан кейін барып түсірдік. Тіпті, басында ел әнді танығанымен, орындаушысын танымай жатты. Кейіннен осы ән арқылы мен танылдым. «Жібек сезім» композитор ретінде Медеттің бағын жандырған, атын шығарып, абыройын көтерген ән болды. Қалқаманның да ең тұңғыш өлеңдер жинағы «Жібек сезім – жүрек сөзім» деп аталды. Құдайдың қалауымен бір сәтте ақынның да, орындаушының да, сазгердің де атағын шығарған, елге танытқан ән болды.
– Осы «Жібек сезім» әнін отбасыңызбен үйде, көлікте орындаған видеоларыңызды интернетте мыңдаған адам көріп, алғыс білдіріп, жылы пікірлерін де жазып жатқандар баршылық. Біреулер әуезді әннің құдіретіне тамсанса, енді біреулер отбасының татулығына, жарасымдылығына қызығады. Жұбайыңыз Медет Салықовпен арадағы жібек сезім қай кезде басталып еді?
– Медет екеуміз өнердің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында таныстық. Ол менен 1 курс жоғары оқыды, екеуіміз де белгілі әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның класында білім алдық. Бес жылдық студенттік шағымыздың алғашқы жылдарында дос болып араласып, кейін достығымыз үлкен сезімге ұласты. Консерваторияны бітіріп, еңбекке араласа бастағанда Медет «менің болашақ жарым сендей болу керек» деп, бел байлап ұсыныс жасады. Медеттің болашақ азаматым ретінде өнерімді қадірлейтініне, жеке басымды сыйлайтынына, мені алақанына салып аялап өтетініне сендім. Біз бір-бірімізге деген осындай сеніммен отбасын құрдық. Сол сенім мен сезім бізді алдаған жоқ. Елордада еңбек ете жүріп, ел қатарлы үй болдық. Бір-біріміздің қыр-сырымызды өте жақсы білгендіктен болар, біздің қандай отбасы болатынымыз, сыйластығымыздың қандай дәрежеде болатыны қыз бен жігіт болып жүре бастаған кезден-ақ белгілі бола бастады. Біз консерваторияда қалай араласып жүрсек, күні бүгінге дейін сол сыйластығымыздан ажырамадық. Бет жыртысып қатты ренжіскен, жүз шайысқан, жүрегімізді ауыртатындай сөздер айтқан кезіміз жоқ. Ал бала-шағаның ортасында қатты дауыс көтеріп сөйлеу, сөзге келіспеу, жанжал, ұрыс-керіс деген болған емес. Бір отбасы болғанымызға 18 жылдың шамасы болды, Медеттей азаматтың кездескеніне Аллаға шүкір айтамын, тәуба деймін. Тұрсынбек Қабатов Медетке «Клара үнемі жаныңда жүреді, жалықпайсың ба?» деп әзілдеп жатады. Жұмысымыз, араласатын ортамыз, өмірлік мақсатымыз бір болғандықтан жалығу деген нәрсе тіпті ойымызға да келмейді. Қыз баланың бақыты – отбасындағы анадан көрген тәрбиесіне және болашақ азаматының дұрыс адам болып жолығуына байланысты. Қыз баланың барған жерінде жыламағаны, қиналмағаны, еңсесінің түспей жүргені ата-анаға да үлкен мәртебе. Бұл орайда мен өзімді өмірде де, өнерде де жолы болған жанмын деп ойлаймын.
– Байқауымызша, көбіне әншінің баласы әнші болады. Көзін ашып көргені сахна, өнер адамдары болған соң ба екен әлде ата-ананың ықпалы бола ма? Сіздерде қалай?
– Балаларымыздың бойында ананың сүті, әкенің қанымен келген өнер бар. Тұңғышымыз Ақкербез Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 10-сыныбында оқиды, аспапта ойнау қабілеті өте жақсы. Кез келген аспапты өзі шұқылап отырып, тез меңгеріп алады. Гитараны интернеттен қарап жүріп меңгеріп кетті. Басында білмейтін жерін әкесі үйрететін, қазір әкесі Ақкербезден сұрап жатады.
Жете ден қойса сырнай аспабын да меңгеріп кететін жағдайы бар. Кәсіби деңгейдегі сырнайшы, баянистер сияқты меңгермесе де, әннің әуенін салып, өзі қосылып айтып кететіндей қабілеті бар. Бүгінде жетіген аспабында еркін ойнап, ән сала береді. Екінші қызымыз Айкерім нағыз орындаушы, әншілік қабілеті басым. Ал ұлымыз Нұрсамат «Дарын» мамандандырылған лицейінде оқиды, әнмен бірге биге деген қабілетін карантин уақытында байқап жатқан жайымыз бар. Әкесі мен анасының биге деген қабілеттері керемет болмаса да ұлымыздың бойынан бишілік қырын байқағанымызға қуаныштымыз. Ата-ананың балаға ықпалы міндетті түрде болады, бірақ таңу, міндеттеу тұрғысынан емес. Балаларымыз неге қызығып, немен айналысқысы келеді, оған шектеу қоймаймыз.
– Карантин режимі шығармашылықтарыңызға қалай әсер етті?
– Карантиннің алғашқы аптасында аздап қиналдық. Күнде таңертең тұрып, боянып, жасанып, киініп жұмысқа барып жүрген адамға аяқ астынан ешқандай мақсатсыз, жоспарсыз таңертең үй тірлігіне кірісу өзгеше әсер етті. Алғашында бұл қалай болады екен деп елестете алмадық, бірақ үйдің тірлігі, бала-шаға, отағасының күтімін жасаудың өзі бір бақыт екенін сезіндік. Карантин кезінде де шығармашылығымыз тоқтаған жоқ. Осы уақытта отбасынан жырақ, өз жанын шүберекке түйіп, халыққа көмек қолын созып жүрген ақ халатты абзал жандарға арнап Д.Кәпұлының сөзіне жазылған «Жаны ізгілерім» өлеңіне Медет ән жазды. Әлеуметтік желі арқылы таралған әнге халық өзінің жақсы бағасын беріп жатыр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Мемлекеттік академиялық филармониясының қолдауымен онлайн концерт өткіздік. Содан соң Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Карантиндегі жұлдыз» атты жобаға қатысып, концерт бердік. Үй жағдайында отырған халықты бір сәтке сергітіп, көңілін аулап, ойын жақсы бағытқа бұрып, әнімізді салып, көңілінен шығып жатсақ, өнер адамы үшін одан асқан мәртебе жоқ. Сонымен қатар репертуарымыздағы әндерді отбасымызбен бірге орындап, әлеуметтік желілерде тараттық. Жалпы, карантин жағдайы репертуарымызды толықтыруға, жаңартуға мүмкіндік берді. Бұрынғы орындап кеткен әндерімді үнтаспадан қайта тыңдап, басқаша айтуға болатынын байқап жатырмын. Кезінде орындалған әндерге бүгінгі көзқарас басқаша болып тұр. Онлайн концерт берудің де өзіндік қиындығы бар екен. Ешбір көрерменсіз, халықтың ықыласын сезінбей, бірақ сахнада халықтың қошеметі мен махаббатын сезіп тұрғандай әсермен ән салу басқа дүние екен. Оған да үйрендік. Осы ретте жас орындаушылардың әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп, өзін жан-жақты танытып, жарнамасын жасап, өзінің танымалдығына жұмыс істегені дұрыс екенін байқадым. Әсіресе, дәстүрлі әншілеріміз осы жағына көңіл бөлсе деген ойға келдім.
– Сырнаймен ән айту мектебін ашсам деген арманыңызды жүзеге асыру жағы қалай болып жатыр?
– Қазақ ұлттық Өнер университетінде сырнаймен ән айту дәстүрі бойынша дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп жатқаныма да 15 жылдан аса уақыт болыпты. Болашақта сырнаймен ән айту мектебін ашу жоспарымда бар. Ойымды жетілдіріп, ішімде пісіріп, жоспарымды жан-жақты ойластырудамын. Сырнай мектебін ашқаннан кейін балаларды бастауыш сыныптан бастап қабылдау керек. Осы ретте бастауыш сынып оқушыларының дене бітімі, күші сырнай аспабын ойнауға қалай келеді, қиналып қалмай ма деген мәселелерді ойластырып жатқан жайым бар.