Бейсен Құранбекке арналған жоқтау өлеңдер

ӘДЕБИЕТ
20051
ҚАЗАНАМА

Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!
Аруанадай аңырап анаң қалар,
Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!

Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.

Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.

Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талураған!

Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зүлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Міңгілікке санағанмын.

ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..

Ұларбек Дәлейұлы
Бейсен бауырға...

Білдің бе екен, қысқа өмір сүреріңді,
Жұртқа берген жан едің жүрегіңді.
Алты алаштың баласын аңыратқан,
«Айтуға оңай» болмай тұр бұл өлімді.

Жақсы адамды тірлікте елепті кім?
Жел соққанда басады теректі мұң.
Ажалыңмен ұқтырдың ақырғы рет,
Өлімге де «Қарекет» керектігін!

Әлібек Шегебай
***
Қасқа тұлпарға мінгізген, ағам-ай,
Қасты ордаға кіргізген, ағам-ай,
Хан ұлындай жүргізген, ағам-ай,
Қай ісіме де мақұл болғаным-ай,

Адасқан жерде ақыл болғаным-ай,
Бауырыңда жүріп батыр болғаным-ай,
Қас жауырыныма қалқан болғаным-ай,
Алатаудай арқам болғаным-ай,

Бір өзі бүкіл ортам болғаным-ай,
Қараңғы кірсе, жарық болғаным-ай,
Қара да басы халық болғаным-ай,
Қайыра көруге зарық болғаным-ай!
Ерлан Жүніс
ЖАҚСЫ АДАМ

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның неге осылай тынбақ соңы?
Бәріне жанашыр боп жүрмекші еді,
Әлі де Алашым! - деп тұрмақшы еді.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жанымның басылар ма құрғақ шөлі?
Бұйыртып ғазиз-ғұмыр, ғашық-тағдыр
Бұл өмір тұр ма тағы бұлдап соны?..

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
"Бармысың, батырым" деп, тіл қатса, өңі
жып-жылы шуақ шашқан күндей болып,
тұратын жан нұрымен жырғап сені.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Тірліктің тағы алмасып тұр бақ-соры.
Көңілдің қайғысына дауа болып,
Көзімнің жасын біреу құрғатса еді.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның шешілмеді-ау жұмбақ-шері.
Жақсы адам! - деген жалғыз сөзде оның,
Бар атақ, абыройы, құрмет, шені!
Қалқаман Сарин
Бейсеннің қазасына!

Жетім ойды,
Жесір күйді жетектеп,
Жетісуды, Алатауды етектеп.
Шаршап, шарлап сағым қуып санамен,
Түсіп қалды тым ертерек бекеттен.

Кеш пе, бәлкім, түс пе, түн бе, беймәлім,
Алып қашты асау самал айға әнін.
"Айтуға оңай", "айтуға оңай", қайтейін,
Пәстеніп тұр жанған жасыл байрағым.

Жапырақтай жазда семген жас кетті,
Тамшы құлап,
Тарғыл тағдыр тасты өпті.
Пәни, бақи арасында аз жүріп,
Жанды, сөнді – жас ғұмыры шоқ текті.

Қадіріне жете алдық па, жеттік пе,
Қабырғасын сүйеп, демеп өттік пе...?
Аққан жұлдыз –
Жолақ-жолақ ізін сап,
Аспан жаққа қойып кетті көп нүкте.    

Жәди Шәкенұлы

***

Шыр бітсе тірлігіңе,
Сəт туар көңілденер.
Адамдар бір-біріне
Болса ғой өмір берер.

Жүректі мұң тырналап,
Көбейтті күмəн құртын.
Өмірдің сыртында қап,
Сығалап тұрам бір күн.

Əр күнге сəлем етіп,
Қашпайтын қадір ізде.
Ажалмен уəделесіп
Қойғанбыз бəріміз де...  

Бекжан Әшірбаев

***

Қарыс айрылса қара жер
Қайғың толар ма, қазақ?
Жыласаң көзіңнің жасы айдын болар ма, қазақ?!

Күн мен түн күңіренсе жеңілдесемші,
Басу айтса ғой өмір бәсеңсіп...

Шақырды ма екен жасыл мекенің,
Баянсыз бақтың басымда екенін.

Ұқтырып; кеттің аһ ұрды көктем,
Аһ ұрды көктем -- ақырғы көктем...

Лап етіп сөнді шырпы күн бүгін,
Суарылды уға кірпігім бүгін...

Қош, жүрек!
Қош, сөз!
Қош, аға!
Қозыбай Құрман


***

"Арыс" деп сені білемін аға,
"Батыр" деп сені жүремін.
Қиналды неден жүрегің аға,
Жүздесермін деп жүр едім?..

Жұртының есіл тілегін өрген,
Жанының іздеп кіл емін.
Туған еліне жүрегін берген,
Жүректілердің бірі едің.

Құдайдың асыл шапағаты ма,
Көркем мінез һәм бай мәнер?
Халқына деген махаббатына,
Өртеніп кеткен қайран Ер!
Жәлел Қуандықұлы
Ағам-ай

(Бейсен Құранбек ағаның рухына)

Жыласын жүрек жыласын,
Жұбатар оны дәрмен жоқ.
Ауаны қармап құлашым,
Өртейді жалын кеудемді от.

"Батыр" деп басып бауырға,
Тасыта білген мерейді.
Ағам-ай сынып қабырға,
Меңдеді өксік көмейді.

Малынып мұңға кіршігі,
Жай тапсын қалай бұл көңіл?
Иіріп өмір ұршығы,
Даланы кезді үн қоңыр.

Ерте ме, кеш пе жағалай,
Барамыз түбі бәріміз.
Жүрегі нұрлы Ағам-ай,
Жәннатта болсын жаныңыз!
Азамат Нұрмұхан
***
Бейсен ағам-ай,
жақсының ішіндегі жайсаң ағам-ай!
Болмысыңменен бөлек едің ғой,
талай жандарды демеп едің ғой,
қуанышқа бөлеп едің ғой.
Болмай тұр оңай айтуға да,
Неге ғана асықтың екен қайтуға аға,
халқыңа әлі керек едің ғой...
Жангелді Немеребаев
***

Қайтыс болды дейсің бе?
Жоқ! Өтірік!
Жыламайсың ендеше неге өкіріп?!
Қалай қидың өлімге,
Аппақ адал,
Жүрегі мен пейілін көре тұрып?!

Жалған айтып қайғыртпа халқыңды олай!
Құрметтейтін жасың мен қартың қалай?!
Ғаламшарды сыйдырған кең жүректі,
«Тоқтап қалды» дей салу айтуға оңай!
Мықтыбек Оразтайұлы

Оқи отырыңыздар: Бейсен Құранбек: «Жұмыста менің 7 атам бар. Ол кімдер дейсіздер ғой?»



Қоғам

Джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 мәрте әлем чемпионы Жібек Құлымбетоваға сүйіктісі үйленуге ұсыныс жа...

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...