(«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының «Поэзия жанры» бойынша...
Белгілі сөздердің беймәлім сырлары. Ферзь.
Шахмат ойынының басты фигурасы (тасы) «ферзьді» білмейтін адам жоқ шығар. Әсіресе, кәнігі ойыншылар оның жүрістік мүмкіндіктерін жақсы білсе керек. Ең мықты тас ретінде ол тақтада вертикаль, горизонталь немесе диагональ бойымен еркін қозғала алады және де ладья мен пілдің жүрістеріне бірдей ие. Материалдық құндылығы бойынша бір өзі шамамен тоғыз немесе он пешкіге тең. Орталық торшалардың бірінде тұрып бір мезгілде 27 торды, тақтаның шетінде тұрып 21 торға шабуыл жасауға қабілеттілігі ше?!
Енді осы тас атауының уәждемесі Ислам өркениетімен тікелей байланысты десек, не дер едіңіз?!
Иә, мұнда ешқандай жаңалық жоқ. Орта мектепті бітірген кез келген азамат жалпы шахмат ойынының шығыстан шыққанын біледі ғой. Демек, оның тастарының атауларының да шығыстық болуы заңды. Десе де, бәрі сырт қарағандағыдай оп-оңай емес.
ТІЛ ТАРАЗЫ
Жасыратыны жоқ, шахмат алғаш рет Үндістанда ойлап табылған. Сондықтан оның тастары да үнділік мемлекет құрылыс түрін білдіреді. Бірақ соған қарамастан ақыл-ой спортының түріне жататын бұл ойынның қазіргі қазақ тіліндегі терминологиясының негізінен орыс тілінен енген жүйеге негізделгені де шындық. Яғни, орыс стандарты басшылыққа алынған. Ал Ресей – батыстан, батыс елдері – арабтардан (ІХ ғасырда Испанияны арабтардың жаулауы дәуірінде), арабтар – парсыдан, парсылар – үнділерден алған (Үнді бекзадасы Иран шахына сыйға тартқан). Әрине, біз бұл тізбектен шахматтың шахмат аталу жолы, яғни қазіргі түсініктегі форматына дейінгі ұзақ даму эволюциясын ғана көреміз.
Бір қызығы, бұл фигураның ресейлік аталым үрдісі көптеген батыс еуропалық елдерге қарағанда шығыстық дәстүрге байланған. Сондықтан да, оны өз нұсқамызда да «ферзь» деп атаудың айыбы жоқ.
Көптеген спорт анықтамалықтарына қарағанда, «ферзь» сөзі парсының «ferzin», яғни «уәзір» немесе «кеңесші» дегенді білдіреді. Алайда ғылым тұрғысынан келсек, оны бір ғана парсыға апарып тіреу дұрыс емес екен. Бұл бергі жағы ғана көрінеді.
ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК:
Бұл ойынның әлемге кеңінен таралуына мұрындық болған арабтар онымен алғаш парсыны жаулап алғанда танысып, кейіннен бүтін ислам әлемінің мұндай кереметті игеруіне жол ашқан. Олар сонда оған «шатрандж» деп ат берген. Ал біздің айтып өткен «ферзь» парсылардан ауысқан осы арабтық ескі ойын түрінде әлсіз фигура болған. Оның мықты тасқа айналуы еуропалық шахматта жүзеге асқан. Оның заманауи мүсіндік түрі дәстүрлі «стаунтон» шахматында корольмен бейнелес. Алайда кішігірім шарикпен сәнделген және король фигурасынан аздап кішірек.
Орыстың В.И. Даль, Д.Н.Ушаков, Г. А. Крылов сынды тіл ғалымдарының жазуынша, оның бергі этимологиясында ферз / уэзир / вазир — «қолбасшы», «министр», «кеңесші», «жоғары лауазымды тұлға», «премьер-министр» деген мағыналар жатса, арғы этимологиясында араб тіліндегі В-З-Р – «ауыр заттарды тасушы», «жүк арқалаушы» деген мәндер жатыр. Сонда одан шығатын «вазара» етістігі «ауыр заттарды тасу» болса, ол етістіктен зат есімге айналған сөз қазақша аударғанда «жүкші» дегенді білдіретін болып шығады. Ал бұл сөздің бүкіл мұсылмандық шығыста хан-сұлтан, патшаның жанындағы лауазым иесінің титулы яки мансап атауын да білдіргенін ескерсек, жалпы түсінігі «өз әміршісінің жүгін бірге тасуға, алып жүруге көмектесуші» болып шығады.
БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛЫП ЖҮР?
Р.Нұрғалиеваның жетекшілігімен жарық көрген Ислам энциклопедиясының дерегінше, уәзір – мемлекеттік әкімшіліктің басшысы. Құранда бұл сөз «көмекші» деген алғашқы мағынасында қолданылған. Мұхаммедтің мұрагерлік сайлау барысында да осы мағынада қолданылыпты. Онда мұхаджирлер ансарларға «Бізден – әмір, ал сізден – уәзір» деген екен дейді.
Сондағы және бір дерекке қарағанда, Әбу Саламның тұсындағы Аббас әулетіне – уәзір «әулие көмекшісі» деген құрметті атақтың құрамдас бөлігі ретінде де қолданылған кезеңдер болыпты. Одан бертіндегі Әл-Мансұрдың тұсында ғана әкімшіліктің басшысы ретінде қолданыла бастаған көрінеді.
«Ортағасырлардағы арабтардың тарихи және әдеби шығармаларында уәзір Сасани әулетінің вузург фрамандары деп аталды. Мұндай үйлестіруге бәлкім Аббас әулетінің уәзір қызметі мен вузург фрамандарының атқаратын міндетінің толық сәйкес келуі негіз болған шығар. Уәзірдің мемлекеттік әкімшіліктің басшысы ретінде тарихтан орын алуы сөз жоқ Аббас әулеті тұсындағы Иран мәдени дәстүрінің қайта өрлеуімен байланысты» делінген аталған кітапта.
«Бақсам, бақа екен» демекші, «ферзь» сөзін басым көпшілік қайнарлардың парсыға телуінің себебі, міне, қайда жатыр!
ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК:
Осман империясында бірнеше уәзір болған. Соның ішінде ұлы уәзір ғана сұлтан алдына кіру құқығын иеленіпті. Стамбулда нағыз уәзірлік қызметті тек осы – ұлы уәзір ғана атқарған десе болғандай. Үшінші Ахмедтің (1703-1730) тұсында уәзір лауазымын бір ғана адам иеленген дейді зерттеушілер.
ТҰЖЫРА АЙТҚАНДА...
Сонымен, рухани мәнді «хәкім» сөзінің жүре келе жалаң мансаптық атау – әкімге өтіп кеткені тәрізді, бұл сөз де бастапқы этапында діни реңкі бар сөз болып басталып, кейіннен әкімшіліктік мағына алып кеткен болып отыр. Ал оның шахмат тақтасында король тасын сүйемелдеуші болып, қарсыластарды алыстан алуы саяси мағынасынан туындаған уәждеме деуге болады. Бұған қоса, шахмат фигураларының экзотериялық мәнінде сословиелік мағынаға да ие екендігін ескерсек, бәрі өз орнында. Король нөкерлерімен күшті. Ал «ферзь» яки «уәзір» өмірдегідей-ақ, нөкерлердің ең басты және зор қуаттысы һәм король ықпалын арттырушы фигура. Сондай бір қызық параллель!
АЙТПАҚШЫ!
Еуропалықтар «ферзьді» бірауыздан «патшайым» деп атап, әрқайсысы өз тіл ыңғайына қарай әспеттейді, сондай-ақ мұның бәріне Испания арабтарымен бұл жағынан мәдени алмасқан француздар үлгісі негіз болған-дүр. Алайда француз ғалымдарының дәйегінше, оның өзі де сол «ferz» ұғымының мағыналық өрбуінен туындаған вариациялар. Былайша айтқанда, әуеліде «ферсиа», сосын «фиерс», одан біртіндеп дыбысталуы қатты ұқсас болғандықтан француздың «vierge», яғни «виерж» – ару, қыз мағынасы туындаған десек артық айтқандық емес. Ол ұғымдардан келіп «шах жанындағы патшайым» деген ұғым шығыпты. Өз кезегінде, ортағасырлық Францияның әлем елдеріне экономикалық, мәдени-әлеуметтік ықпалының зор болғаны себепті аталмыш сөз батыстың басқа тілдеріне аударылып, көшіп, мән алып кеткен (немісше – dame, ағылшынша – queen).
Тағы бір айта кетерлік жайт, орыс тарихшыларында ферзьдің еуропадағыдай «патшайым», яғни «королева» (ауызша айтылады) деп аталмауы – жалпы ережесінде еуропалық стандартты ұстанса да онымен алғаш Орта Азия арқылы танысқанымен байланысты деген болжам бар. Яғни оларға ойын түркілер арқылы өткен. Осы ретте 1977 жылы Ю.Буряков бастаған экспедицияның Афрасиаб қалашығының орнынан (қазіргі Самарқанд) VII-VIII ғасырларға тән 7 шахмат тасын тауып алғанының ең сәтті археологиялық жаңалық болғанын атап өткен абзал. Сондықтан да кімнен кімге өтті, ол әлі талқылауға жататын басы ашық мәселе.
Егер қазіргі заманауи форматындағы шахмат десек, «орыс қақпасы» версиясы дұрыс (олардан бізге), ал егер жалпы шахмат ойыны десек, онда керісінше «Орта Азия қақпасы» деген жөн (бізден оларға) болмақшы.
Қалай десе де, шахмат – бұл тұтас әлем мұсылмандар арқылы танысқан ойын. Бұл факт! Дәл мұны ешкім де жоққа шығара алмайды.
P.S. Соңғы шыққан әдебиеттерде «ферьзді» қазақша рәуіште «уәзір» деп алып жүр. Мысалы, Ш. Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының жалпы білім беретін мектептердің 2-4 сыныптарына арналған шахматты оқыту құралдарында жиі кездесетін шахмат терминдерінің глоссарийінде де солай деп тұр. Бұл да қисынды! Қатесі жоқ-ақ. Бұл орайда «Көреген Әмірдің өзі ойлап тапты» деп саналатын «Әмір Темірдің шахматы» атты ежелгі ойын түрінде де «ферзь» тасының атауы «уәзір» түрінде қолданылатынын айта кеткен жөн.
Сонан соң, шахматпен қазақ баласы ежелгі тарих бойында мүлде ойнамаған деуге болмайды. Жаңа оған қатысты да өз дерегімізді бердік. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына дейін оны қазақ тілінде дәстүрлі түрде «шатыраш» деп атап келгені белгілі. Яғни қазақ жазуының соңғы орыстандыру емле реформасына дейін араб нұсқасына жақын формасында қолданылып келген.