Ермахан Шайхыұлы. Әйелімді сатамын

ӘДЕБИЕТ
24199


Мақал – сөздің майонезі

Байдың шарапаты тиер тар жерде,
МАИ-дың кесапаты тиер әр жерде.

***
Қазы да қазы жегісі келеді.
 
***
Батырын тарындырған жамағат жоқ,
Қатынын бағындырған азамат жоқ.

***
Мат болған кәрөлден,
Шах қойған пешкі артық.

***
Қатын түнде жаман емес,
Күндіз жаман.

***
Ашу – тапанша,
Ақыл – доллар.

***
Демеуші болмаған фирмадан,
Қаңырап тұрған ферма артық.

***
Ұл өсірме, қыз өсір,
Қалыңмалы оның көл-көсір.

***
Атасы бардың жорғасы бар,
Әжесі бардың дорбасы бар.
Ағасы бардың «Вольвасы» бар,
Тоқалы бардың сор басы бар.

***
Әйелімнің кеткеніне емес,
Құтылғаныма жылаймын

***
Біреудің байы біреуге,
Тауар артқан КамАЗ-дай көрінеді.
Біреудің әйелі біреуге,
Мерседестей сылаңдайды.

***
Аңдамай сөйлеген косякқа кіреді.

***
Бастық күлсе,
Орынбасары езу тартады.

***
Тоқал алсаң,
Бәйбішеңнің көзінен жас шығады.

***
Мастың «тіліне» полиция түсінеді.

***
Паханын көріп тиіп ал,
Маханын сразу тыйып ал.

***
Өз әйелің ұрыспаққа жақсы.

***
Бастық ашуланса,
Еден жуушының мұрны қанайды.

***
Екі бастықтың құйрығы,
Бір креслоға сыймайды

***
Қатын байыса,
Байын ұрады

***
Тіл – өсекші,
Көз – стукач.

***
Бастықтың «жаманы» жоқ,
Дегенмен, жел сөзден аманы жоқ.

***
Шенеунік атақ үшін туады,
Билік үшін «өледі».

***
Үкіметке халықтан
Cалық қымбат.

***
Депутат дауыс жинарда шынығады,
Мәжіліс отырысында тынығады.

***
Әкімнің иілгені – тынғаны.

***
Депутатты «сайрай бер» деп дауға қой,
Министрді «сата бер» деп малға қой,
Ал халықты қару беріп жауға қой!

***
Офисте оймен ою оймаса да,
Мәжілісте сөзбен сызу сызады.

***
Үш рет депутат болсаң да,
Халықтың қарызынан құтыла алмайсың.

Тұрмыстық пародия

Деймісің
(Ақтамберді жырауша)

Қай қоғамды алмаңыз,
Нарықсыз ғой деймісің.
Базар мен жер атаулы,
Салықсыз ғой деймісің.

Тауары үшін коммерсант,
Арын сатпас деймісің.
Күні үшін бұл қазақ,
Малын сатпас деймісің.

Доллар үшін қыз-қырқын,
Тәнін сатпас деймісің.
Өтірікші, залымдар,
Жанын сатпас деймісің.

Сауда жасап бұл халық,
Қарық болар деймісің.
Білім қумай – болашақ,
Жарық болар деймісің.

Ел басқарған басшылар,
Дана еді ғой деймісің.
Жетім-жесір, халыққа,
Пана еді ғой деймісің.

Билікті де әкімдер,
Сатып алмас деймісің.
Шығып кеткен шығынды,
Қайтып алмас деймісің.

Ұл-қызымыз оқуға,
Өзі түсер деймісің.
Талантты ұлға ұстаздың,
Көзі түсер деймісің.

Кәмелетке толмаған,
Қыз тумайды деймісің.
Үй едені қысты күн,
Сыз болмайды деймісің.

Адал жүріп, тік тұрсам,
Ат мінгізер деймісің.
Шындықты айтсам – кемшілік,
Сап түзелер деймісің.

Осы сыннан қадірім,
Аса қояр деймісің.
Газет-журнал таласып,
Баса қояр деймісің.                

***
Осыны ойлап қайтейін,
Суып кетед кейде ішім.

ҚАЙРАН ҚАЛАМ

 (Исраил Сапарбаевтың
  «Қазақ қызы» әнінің әуенімен)

Мен қазақ басшыларға қайран қалам,
Пара алар кездерінде жайраңдаған.
Мекеме есігіне құлып салып,
Шетелде лимузинмен сайрандаған.

Билігін бермеу үшін жатқа қолдан,
Таныспен әупірімдеп таққа қонған.
Халықта ыза-кек бар шетсіз-шексіз,
Басшы жоқ кіре-тұғын сапқа оңған.

Жасырмай айтар болсам жан сырымды,
Басшылар қаламыма қанша ілінді.
«Халыктың қамы ғой» деп шапқылайды,
Жарылқап қойды сонда айтшы кімді?!

Белгілі, жан емессің кен қазатын,
Байлықтың татып жүрсің ең ләззатын.
Бәрін айт, бірін айт та, лайықсың,
Тұрмыстық пародияға мен жазатын.

 1998 жыл.

ШОЙЫН ҚАРА
КЕМПІРДІҢ ЗАРЫ

(Жақсылық Сәтібеков ізімен,
«Қара кемпірдің зары» әнімен)

О-о-о-о, Дүние-ай!
Қос ессіз Виноқұлым, Тостығұлым,
Бас жарып, көз шығарған қос шыбыным.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Қырық жыл тасып жүрмін шарабыңды,
Бірің де демедіңдер анам мұңды.
Спирт ап дүңгіршектен сақтап жүрмін,
Самапал улатар деп қарағымды.

Түрменің сендер жатқан бекеті көп,
Мың тәуба, бірақ оның рэкеті жоқ.
Қылмысты өз қолыңмен жасап алған,
Мойныңмен көтерудің сөкеті жоқ.

О-о-о-о, жалған-ай!
Виноқұл, Тостығұлым, қарақтарым,
Басжазар табыла ма арақтарың?
«Қос ұлым ішіп кеткен атау» ед деп,
Жүремін шөлмектердің санап бәрін.

Сендерсіз мына қу үй қыстай екен,
Арақты жұрт ішкенмен құспайды екен.
Зәһарды ел секілді іше алмаса,
Түрмеге жатпас бұрын қыспай ма екен?!

Қара шаш аппақ бүгін қырау болды,
Теңге жоқ, елден қайыр сұрау болды.
Әр күнім зона есігін көзбен «бағып»,
Әр түнім сендерді ойлап жылау болды.
О-о-о-о, жалған-ай!
Көңілім мұнша неге қоңырлайды,
Сен түгіл малды да олай қорымайды.
Виноны қайнататын қазандарға,
Қос қозым неге тегін шомылмайды?

Мен қайда, сендер жатқан қиыр қайда,
Беретін пара орнына сиыр қайда?
Рахымы түсіп кетіп Тәңірімнің,
Ертерек амнистия бұйырмай ма?

Қамауда қос шыбыным бүрге жоқ па,
Шығар-ау, жегендерің күнде ботқа?
Виноқұл, Тостығұлым шығып қалар,
Бір барып қайтайыншы түрме жаққа.

1997 жыл

КІМ АЙТТЫ?
(Табылды Досымовтың ізімен)

Атам айтты: «Егемен ел болдық» деп,
Әкем айтты: «Үй күшік ер болдық» деп.
Мен айттым: «Қатындардан кем болдық» деп,
Ұлым айтты: «Шетелге жем болдық» деп.
Бастық айтты: «Ауа да меншігім» деп,
Әулие айтты: «Рак жазар емшімін» деп.
Мен айттым: «Жаңа қоғам орнатам» деп,
Заңгер айтты: «Сорыңды қайнатам» деп.
Атам айтты: «Дініміз тірілді» деп,
Әкем айтты: «Тіліміз іріді» деп.
Мен айттым: «Өзім көрем күнімді» деп,
Ұлым айтты: «Өшірер үніңді» деп.
Атам айтты: «Аруақтар жебесін» деп,
Әкем айтты: «Жер алсаң емерсің» деп.
Мен айттым: «Салықтарды төлерсің» деп,
Ұлым айтты: «Қарыз боп өлерсің» деп.
Ойым айтты: «Басқа салса көнесің» деп.

1998 жыл

Эпиграмма

Мұхтар Шахановқа

Өз пырағын баптап алған Шаханов,
Өз жыр-әнін жаттап алған Шаханов.
Желтоқсанның ызғарынан қаймықпай,
Қазақ жұртын ақтап алған Шаханов.

Өзге елді елсінбеген Шаханов,
Өзге жерді жерсінбеген Шаханов.
Ел тағдыры шешілгелі тұрғанда,
Бас хатшыны менсінбеген Шаханов.

Тіл дауында атып тұрған Шаханов,
Діл жауын да атып ұрған Шаханов.
Қасиетті қара өлеңін қазақтың,
Біле білсек, жақұт қылған – Шаханов.

Бақташымен танысқан да Шаханов,
Жақтасымен табысқан да Шаханов.
Шыңғысханды ар сотына берем деп,
Аттасымен алысқан да Шаханов.

Көрген емес ешбір жерде мат алып,
Сөзінде оның болған емес қаталық.
Ақырзаман қалса-дағы тақалып,
Алған беттен қайтпайды ғой Шаханов.

Мұхтар Мағауинге

Атым менің «Мен» дейді,
Затым менің «Мен» дейді.
«Соңғы жазған шығармам,
Құй сен, сенбе «Мен» дейді.

Шақырсаңыз келмейді,
Жел сөзіңе ермейді.
Газет пенен журналға,
Сыр-сұхбатын бермейді.

Өсек-аяң термейді,
Дерек іздеп терлейді.
«Қытығына» тисеңіз,
Ханға сәлем бермейді.

«Айтысқандар» жеңбейді,
Жөн сөзіңе көнбейді.
Өзі жазып шықпаса,
Тарихыңа сенбейді.

«Бес ғасырды» толғады
Тіл мен ділді қорғады.
Білейікші қадірін,
Алтынның бар қолдағы.

НҰРЛАН ӨНЕРБАЕВҚА

Шырақ десең, шырақ бұл,
Бұлақ десең, бұлақ бұл.
Нұрекеңе ғашық боп,
Талай қыздар «құлап» жүр.

Тұлға десең, тұлға бар,
Сұлба десең, сұлба бар.
Мұндай дарын, серілік,
Айтшы қандай ұлда бар?

Мінді өнердің пырағын,
Жақты өнердің шырағын.
Ұстап отыр бұл күнде,
Мәдениеттің «құлағын».

Бәрі де бар, бәрі бар,
«Ай да, Күн де» табылар.
Қыздар ғашық болмаңдар,
Нұрекеңнің жары бар.

ҚАЙНАР ОЛЖАЙҒА

Шықты-дағы «Президенттің пырағы»,
Жанды Олжайдың бағы менен шырағы.
Басылымда жазып-сызып жүрді де,
Өз талантын телеарнада сынады.

Кенде емес құрметтен де қадірден,
Ада емес жұрт көрсеткен жәбірден.
Шарайнаның ұстаса да құлағын,
Бірақ өзі көрінбейді кадрден.

Кенде емес иманнан да шырайдан,
Хабарлары жанған бейне шырағдан.
Бойында бар қасиеті жапонның,
Түр-әлпеті аумаса да қытайдан.

Жақынына берер бәрін сұратпай,
Ал жауына жауабы жоқ сұрақтай.
Басылымның майын ішкен бұл Қайнар,
Арнаның да туын келед құлатпай.

Әйелімді сатамын

Бұзылып (әйелім естімесін), яғни ауырып жатқан әйелімді запчасть ретінде сатамын. Мінезіне капремонт қажет. Артық доңғалақтары, ой-б-у-у-у қара домалақтары жоқ. Ұрыс кезінде моторы тез оталады. Сөндіру қиын. Короткий за­­мы­каниесі ұстаса, талып қалады да радиатор-аузынан көбік шашады. Қатын – 1972 жылғы. Қыз кезінде в масле алғам. Корпусы кең. Базарға жүк тасуға жарайды. Түр-түсі – шоколадный. Ба­­га­жы – дутый. Облицовкасы не толау демесеңіз, жал­­пы моторы жақсы. Ұзындығы – бір де жетпіс. Ені – бір де қырық. Салмағы – таза таразбен тартқан­­да 150 кг.
Спирт, коньяк, вино, сыра және сүт қосылған шаймен, кей-кейде қара сумен де жү­ре береді. Бағасы – қалыңмалдан көп төмен. Бас­қа вариант­тарға да көнуім мүмкін. (Құтылсам бол­ды).

ЕСКЕРТУ: Бір сатылған соң, қайтып алмаймын. Айт­пақшы, ұмытып барады екенмін. Алатын адам­ның запасной жүрегі болғаны абзал.

Коммерсанттың үш жұрты

Коммерсантың үш жұрты болады.
Бірінші жұрты – конкуренттері. 
Екінші жұрты – оптовиктері.
Үшінші жұрты – клиенттері.
Базар тілінде мұны: конкуренттерің – күншіл, оптовиктерің – міншіл, клиенттерің – сыншыл деп те мақал-мәтелдетеді. Яғни, конкурентің зор бол­саң, көре алмайды, қор болсаң, бере алмайды. Дұ­ры­сы – бермейді де. Тауарыңды сатсаң күн­­дей­­­ді, сатпасаң жүндейді. Общым, Сізге жақ­сы­­лық ат­­ау­­лыны тілей білмейді. Мысық тілеулес бо­лады.
Оптовиктерің – тауарыңның сапасына қа­­рай­­ды, бағасына қарайды. Арзан берсең жағасың, бер­месең дауға қаласың.
Клиенттерің – жолыңа, қолыңа қарайды. Баға­сын түсіріп берсең, саудаңды тілейді, тілеуқор бо­ла­­ды.

Енелерге қарсы күрес курсына шақырамыз

Ұрыс-керіске икемі бар, дау-жанжалға жаны құмар, төбелес кезінде екі білегін сыбанып, өсек айтатын ернін шүйіріп, тікен тілін безеп, екі көзі шатынап шыға келетін «дарынды» да шалымды, болашағынан мол үміт күттіретін келіндерді «Енелерге қарсы күрес» курсына оқуға шақырамыз. Келіндердің дініне, тіліне, отау құрған жылына, жолына, жасына шек қойылмайды.
Курсқа талапкерлер тегін қабылданады. Олар стипендиямен, жатақханамен және енелерді ұрып-соғу, сабау, сондай-ақ қарсыластармен қақтығыста бронежелет секілді қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар  енемен бірге тұрған жылдарына «за вредность» төленеді.
Сабақ кезінде Олар «Шымшу», «Бет жұлу», «Тырнау», «Қайын жұрт тарихы», «Ене тебу», «Таэквон-до», «Қайныата-до», «Өсек айту негіздері», «Күйеумен еркін күрес» тақылеттес дәрістер мен спорт түрлерін меңгереді.
Қызығы мен қиындығы қатар тұратын бұл мамандықты ойдағыдай меңгеріп, өзінің түгілі, өзгенің де енесін жұлып-жеуге қабілетті болған соң, олар шетелге, яғни Америкаға, Батыс Еуропаға, Ресейге тәжірибе алмасуға жіберіледі.
Курсты Шатақ ғылымдарының докторы, профессор, «Енелерді қан кақсату» ғылым академиясының Құрметті академигі, Жезтырнақ сыйлығының лауреаты Долыкүл Бетпақова жүргізеді.
Біздің заманымызға сай құрылған оқу ордамыздың демеушілері «Абысындар алқасы», «Жас келіндер» АҚ, «Ене кене» фирмасы, «Мыстан» ЖШС, «Бізбике бикештер» кеңесі.
Отбасына егемен алып, дербес өмір сүргіңіз келсе, бізге келіңіз. Біз сіздерге қашан да қол ұшын, білек күшін бере аламыз. 

«Жалмауыз кемпір» атындағы Мазақ академиясы.

АЛҚАШТЫҢ АҚЫЛЫ

Қу құлқынды құрғатпайтын – өзіміз. Сондықтан: Таңертең ірің басқан көзіңді тырналап ашпастан бұрын, ішінде есектің миындай миы жоқ зілбатпан басыңды құсықтың исі сіңген жастықтан көтермей тұрып, пахмельді қайдан табатыныңды жоспарлап ал.
Өлген қойдыкіндей алайған көзіңді сексеуілдей тарбиған саусақтарыңмен уқалап, тілім-тілімі шығып, кезерген ерніңді тіліңмен жібіткен соң, «жүргенге жүз грамм ілігеді» деген қағиданы қауашағыңда ұстап, базар-вокзалды адақта.
Рәпет-келбеті, бет-жүзі, морда-облицовкалары таныс адамдардың барлығынан амандықтан бұрын, жүз теңге болмаса да, жүз грамға жететіндей қайыр (налог десең де болады) сұра.
Арақ-шарап ішіп отырған кез келген топқа барып: «бауырым, қазақпыз ғой» деп ұлтжандылығыңды білдіріп, көкірегіңді ұр.
Маскүнемнің – ұлы, арақтың – құлы, спирттің – үмбеті екеніңді, әсте ұмытпа.
Шақырған жерден де, шақырмаған жерден де (соңғысы сенімділеу) қалма. Сонан соң, таяу арада той-томалақ жасайтын отбасылардың тізімін түзіп, тауықтың миындай (егер ол болса) миыңа кодтап, дер кезінде рейд жасап, сүзіп шық.
Арақ жоқ жерден алты қадам ары жүр.
Айың оңынан туып, жарып қалған күндері бөтел­келес бауырларыңды есіркеп, мүсіркеп қой. Түбі қайта­ры­мы болады.
Қызыл шәпкіліні көргенде он жерден мас болсаң да қашпа. Алқаштық абыройың түседі. Олар қалтасында көк тиыны жоқ сені керек те етпейді. Қайта олар сенен қашсын!
 Араққа «тойып» алған күндері өшіп қалмай тұрып, қоғамды түлету, реформаларды жүргізу, Үкіметті басқару жайлы «тың идея», «құнды пікір», «лекцияларыңды» көлденең өткен көк аттының бәріне айтып, жарнама жаса. Олар сенің «данышпан» екеніңді мойындасын.
Жалғасын басың жазылған күні тауып алып оқыр­сың.

Ермахан Шайхыұлы,
«Алтын қалам» 
сыйлығының лауреаты.

author

Ермахан Шайхыұлы

САТИРИК

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...