Мәселе желтоқсан айында шешілуі мүмкін. Егер Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мыңнан астам...
Мейрамханалар ашылды, той жасауға бола ма: Бас санитар жауап берді
Қазақстанда блок-бекеттер алынып, дәмхана мен мейрамханалар ашылғанмен, әзірге той-томалақ өткізуге рұқсат берілмейді. Бұл туралы елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
"Өкінішке қарай, қазіргі таңда отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынған", - деді Есмағамбетова тікелей эфирде. Ол дәмхана-мейрамханаларға тіпті 20-30 адам да шақыруға рұқсат болмайтынын атап өтті. "Біз дәмханалар мен мейрамханаларды ашқан кезде, алдымен, бір мезетте 30 адамға дейін қабылдауға рұқсат еттік. Карантинді жеңілдетудің екінші кезеңінде 50 адамға дейін рұқсат берілді. Бірақ ұжымдық шараларға тыйым салдық. Қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай бізге той-томалақ, діни және отбасылық шараларды өткізуге мүмкіндік бермейді", - деп түсіндірді бас санитар дәрігер.
Есмағамбетова тыйымның алынуы елдегі және әр өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты екенін айтты. Айта кетсек, Қазақстанда төтенше жағдай 11 мамырда аяқталды. Бірінші маусымнан бастап өңірлер арасындағы блок-бекеттер алынып, пойыздар жолға шықты. 5 маусымнан бастап қалааралық автобустар қатынай бастайды.