Өтен Ахмет. СЫҚАҚ ӘҢГІМЕЛЕР

ӘДЕБИЕТ
4385

Менің тиыным, сенің тиының...

Уһ, шаршадым. Бұл  түріммен аяғымдағы жалғыз шәркейімнен де айрылатын шығармын. Ана жылы қытай базарында ұзақ саудаласып, ақыры бес теңгеге арзандатып, сәтімен алған ем. Өзі жеп-жеңіл-ау, жеп-жеңіл. Тіпті жалаңаяқ жүргендейсің. Қазір ғой, аяғына шойыннан етік киіп алған Ертөстік құсап тұрғаным. «Жаяу жүрсем аяғым ауырады, қайдан тауып мінемін атты-ау, Құдай-ай...» Таң атқалы маза жоқ, жүре-жүре әбден табанымнан таусылдым, темір ақшаның кесірінен...

Ә, түсінбей қалдыңыз ба? Онда аптықпай дұрыстап айтайыншы. Мен өзі өте ответственный адаммын. Өйткені кіші мемлекет - бір отбасын жалғыз өзім асырап жүрмін. Қос ұлым мен қос келінім және алты немерем... Жоқ, бәрінің де дені сау. Әпетиттері... Дастарқанға бір отырғанда бар ғой, Құдайталағаның әлгі бір-біріне лайықты қып жаратқан «Рама» майының біреуін, бөлке нанның екеуін көзді ашып - жұмғанша ап-ап деп қалай асап жеп қойғандарын байқамай да қаласың. Үш шәйнек шәй ішеді. Шәйді қойшы, шәмбесін кептіріп алып, қайта қайнатып бере саламын ғой. Тек әлгі бір-біріне лайықты жаратылған нан мен «Рама»... Нан мен «Рама»... Шыдатпайды-ау, шыдатпайды. Бетон жейтін атжалмандардан да жаман... Әй, деймін, ұлдарыма, ана еңбек биржаларыңа - Сейфуллин көшесіне бармайсыңдарма, бәлкім, жұмыс табылып қалар. Ең болмаса өздерің жерлік нан мен «Рамаға» деймін. Бұдан әріге аузымды аштырмайды ұлдарым. Мен ядерщикпін, дейді үлкенім. Мен ұшқышпын, дейді екіншім. Шетінен намысты боп туа қалыпты, шіркіндер...

Бірде ашудан қатты күйіп кетіп келіндеріме: «Әй, жұрттың келіндері мен қыздары құсап анау сай жаққа, то есть, Сайын көшесі жағына неге барып қайтпайсыңдар, деймін ғой қара басып. Айтуын айтсам да келіндерім қазір бетімді тырнайтын шығар деп, менде зәре-құт жоқ. Қайда... «Жейтініміз нан мен «Рама», өң жоқ. Киімдеріміз де жүдеу. Общым бізде тауарный вид жоқ, әйтпесе... деп, қарап тұр бәтшағарлар. Уһ, содан бері өзім де байқап сөйлейтін болдым.

Қойшы, сонымен, бүгін таңертеңгі шайға нан алайыншы деп шыққан ем. Қайда барсам да бір теңге, екі теңгелік бір уыс темір ақшамды өткізе алмай қор болдым.

-Ау, мен қайыр сұрап кеп тұрған жоқпын ғой. Мынау не өзі, теңге ме?
 -Теңге.
 -Біздікі ғой.
 -Мүмкін.
 -Ендеше неге алмайсың? Қайсыбіреулері үндемейді. Қайсыбіреуі

 күледі. Бір иманжүзді қыз бала: «Әже-ау, тек өзіңізді аяғандықтан ғана темір ақшаңызды алар ем, ал мені кім аяиды», деп сызылғандай боп еді, бәрібір ол да алмады.

Сүйтіп тұрғанда бір дорба сүйреткен шал маған қарап:
 -Әу, Перизат, - дегені. Тани кеттім.
 -Ой, пәлі, Пірімбет!
 -Ой, жалған-ай, сені де көретін күн бар екен-ау.
 -Жүрміз ғой. Өзің ше?
 -Біз де... Әу, иә, тіршілік қалай?
 -Шүкір... Қос ұл мен қос келінімді асыраймын. Жаман-жұман 

немерелер де баршылық.

-Мен де... Байдан шыққан екі қызым... Қатыны тастап кеткен ұлым...

Менің де жаман-жәутік немерелерім бар... Не сатасың?

-Темекі, сағыз, шемішке... Кейде самопал.

-Бизнесің рискованный екен. Ұсталып қалсаң...

-Ұсталмай кетейін... Полицияға натуроплата жасаймын.

-Қойшы-ей, мына түріңмен...

-Өй, не ойладың, тәйір алғыр. Енді самопал беремін ғой. Темекі беремін. Шемішке мен сағыз берсем де ала береді. Ал өзің ше?

-Менікі... таза бизнес.

-Сонда ше?

-Ім... Ескі шеге, құлып, есік-терезе топсасы, тұтқалар, қысқасы осы тәріздес қазіргі қат бұйымдар.

-Ондайларды алушылар бар ма?

-Бәлі дегенің, күнкөріс таппай қырдан қашқан қазақтар қала іргесінен одан-бұдан құрастырып, баспана қалқайтып алып жатқан жоқ па...

-Иии, әріден ойлайсың-ау, әріден. Баяғыда, студент кезімізде, «Қайрат» командасы ұтылып қалғанда, бір айтқаның есімде. «Егер алаңдағы он бір футболшы қақпа алдына қатар тізіліп тұра қалса, қарсы жақ соққан добын өткізе алмас еді», дегенің. Содан бастап философ болып кеттің ғой.

-Е, болуын болдық. Бірақ мені тыңдайтын кім бар... Өй, мына қалбырыңдағы немене? Сылдыр-сылдыр. Жасырып алтын сатып жүргеннен саумысың... Кезінде совет саудасын біраз дөңгелеткен едің.

-Қатардағы сатушыдан әрі аспадым ғой. Әйтпесе, кім біледі... Жә, темір ақша ғой. Нан алуға шыққам. Өтпей қойды. Сатып жүргенің темір-терсек екен, өңештен өтер бірдеңең болғанда...

-Өй, атама, темір ақшаны қайтем, сау басыма сақина тілеп... Перизат?

-Ау, не?

-Мен білсем бар ғой, осы темір ақшаның бір құпиясы бар.

-Апырай, ә...

-Есіңде ме, Кеңес одағы құлағанда бір сомдық темір сөлкебайдың соңына қытайлар қолдарына шам алып түскені.

-Иә, иә.

-Екінші жержаһандық соғыста ағылшын қатындары алюмин ыдыс-аяқтарын жинап беріп, Ұлы Британияның әуе флотын күшейткені ше?

-Иә, сүйткен. 

-Күні кеше ғана Оңтүстік Корея қаржы дағдарысына ұшырағанда халқы қолдарындағы алтын-күмістерін жинап беріп, елді құрдымға кетуден сақтап қалды ғой.

-Иә, сүйтті. Бірақ темір ақша...
 -Темір деме. Сен анау Алтын Адамды білесің ғой?

-Алтын адам...

-Өй, анау ше... Алаң үстінен... Төбемізден қарап тұрған?

-Ә, анау ма, анау...

-Вот сол.. Күндердің күнінде, бәлкім 30 жылдан кейін, мүмкін 50 жылдан кейін, дәл соның қасынан қазақтың қолын бақытқа жеткізген ұлы адамға ескерткіш орнатылатын болса ше? Оны темір ақшадан құямыз десе ше?.. Халық махаббатын білдірудің бұдан артық үлгісі бола ма, айтшы өзің?!. Менің тиыным, сенің тиының, оның тиыны, бәріміздің тиынымыз... Тегіс жинап ап қорытып жіберсе, бір дәу ескерткіш шықпай ма?! Шығады ғой... Ә, жарайды, мен кетейін. Базар тарқамай тұрғанда жетіп алайын... 

-Жә, жә, жолыңнан қалма, жөнел. 

Шал кетеді. Аяғындағы шәркейінің жыртығығына көзі түсіп кетіп:

-Ойбай-ай, мына түріммен көшеде қалай жүрмін... Нансыз үйдегілерге қалай көрінем... Менің тиыным, сенің тиының, оның тиыны, бәріміздің тиынымыз... Дәу ескерткіш...

Ақпан, 1999 ж.


Мұңдастар

Көктемнің мамыражай ашық күні еді, ауылдың шолақ көшесінің бірі ана басынан бірі мына басынан шығып, сәмсіреген қос кемпір жолығысуға асықты. Екеуі де шалбар киіпті. Екеуі де шаштарын боятқан. Қара және саржалақ. Олар бір-біріне анадайдан қол бұлғасып:

         -Привет! – деді «қара» шаштысы.

         -Салют! – деді «саржалқақ» түстісі.

         Олар қол алысып, дереу өзара шүйіркелесе қалды.

         -Ну ты, милая, жасарып кетіпсің, - деді «қара шаштысы», - саған сондай жарасады коричневый цвет. Кімге бояттың, өзің бе?

         -Нет, қалаға барып.

         - А я өзім-ақ. 

-Мұндай сейчас магазинде толып тұр. Однако, шашыңды қараға 

боятқаның өзіңе сондай идет. Қара шалбармен очень гармонирует.

         -Рахмет. Спасибо... Как дети?

         -Ой, устала я от них. Анара, внучкам, опять жетім қалды. И это сноха ушла баламнан.

         -Ол, немене, все еще ішеді?

         -Да, к сожалению...

         -Біздікі де не лучше... Даже героин қабылдайды. Қазір өзі жоқ. Пропал. Қаңғып кетті.

         -Бедняжка Айнара круглая жетім десейші.

         -Получается. Қазақтар қалай айтушы еді... Живая сирота... Ах, да, тірі жетім.

Қастарынан бірін-бірі қуалап Анара, Айнура, Батырхан, Бейісхан, Күләйхан жүгіріп өткен. Қазақ тілінде әлденеге таласа шуылдасып ұзап кетті.

         -Ты замечаешь, милая, - кемпірдің «қара шаштысы», - біздің Анарочка только қазақша сөйлейді. И это меня настораживает.

         -О-о, мен даже ұрыстым Айнурга, почему только қазақша сөйлейсің деп. Ол айтады, Батырхан, Бейісхан, Күләйхан Қытайдан келген. Олар орысша бум-бум түк білмес.

         -Ох, эти китайозалар.

         -М-да... Говорят, что тағы екі монгол семья келеді.

         -Как бы баяғы қазақбайский заман не вернулся...

         Буыны кеткен аяқтарын сыртылдата басып, жауырындары бүкшиіп, «сары шаштысы» кәрі тауық сияқтанып, «қара шаштысы» мың жылдық кәрі қарға сияқтанып, «современный» қос кемпір ақыры бірі дүкеніне, бірі үйіне қарай жылжыған еді.

                                               х х х 

Жапырақтар сарғайған. Күн көзі бұлыңғыр. Шегіртке үні өшкен. Баяғы нүктеде баяғы қос кемпір тағы кездесіп қалды. Бойлары шөге түскендері болмаса, бұттарында бізге таныс сол шалбарлары, шаштарында сол бояу.

         -Милая,- деді «қара шаштысы», - слышала, балаң табылыпты. На русской женился дейді ме?

         -Ой, всеровно жақсы болмады. Отцовский машинасын мініп кеткен. Орыс қатынын тастап, өзі еле живой вернулся.

         -А почему? Гражданстводан...

         -Жоқ, ә. У нас тут своих алкашей хватает деп орыс қатыны қуып жіберіпті.

         -Ой-ей, машину жалко.

         -Ладно. Құрысыншы. Жасы қырықтан асып кетті. А все еще на нашем шее сидит... А ваш... әлі сол наркологияда жатыр ма?

         -Шыққан. Тағы жоғалды. Папасына иди ищи десем, скоро алпысқа келеді, қашанғы қолынан жетектеймін. Бұндайын көргенше өзім баяғыда өлуім керек еді. Пусть лучше сгинет деп, төсек тартып жатып қалды.

         -А как мы их воспитывали. Ни в чем ведь не нуждались.

         -Соны айтам-ау. В лучший садик отдавали. В русской школе учились. По два института оканчивали. В аспирантуру определяли... Бәрі зря.

         -Біздің ұлдармен қатар оқыған чабанның, техничканың балалары... Некоторые даже большой бизнес держит.

         -Ой, айтпашы, так обидно... что даже плакать хочеться.

         -Почему мы такие несчастные. Так несправедливо все это.

         Қастарынан жарыса шуласып жүгіріп балалар өтті. Топтың ең алдында ұзын сирақ, үрпек бас, көккөз бала кетіп барады. Соңындағылар «Ваня», «Ваня» деп бірінен бірі асыра айқайлап, оған әлдебір өтініштерін өткізгісі келетіндей. Сөздері орысша.

         -Байқадың ба? – деді қос кемпірдің «қара шаштысы» елеңдеп. – Дети стали разговаривать на нужном языке.

         -Да, ауылға орыс семьясы келіпті. Ұлдарының тілі шықпай қойған екен. Сосын решили на свежом воздухе жить.

         -Ол баламен біздің Айнура достасып, орысша сөйлескен екен, ананың тілі тез шығып кетіпті. Бұл екеуі орысша сөйлескен соң, қалғандары да еліктеп...

         -Надо же, китайозы тоже?

         -Конечно. Они в первую очередь. Тіпті ата-аналарына әрі тілмаш, әрі тіл үйретуші болып жатқан көрінеді.

         -Интересно, неужели родители не против?

         -Ты что, милая? Наоборот, қуанып жүр дейді, керек тілді тез үйренетін болдық деп.

         -Однако, мен жаңа балалардың ішінен сенің Анараңды көрмедім бе?- деді кемпірдің «саршаштысы» кенет елегізіп.

         -Потеряли. Шешесі, білесің ғой, менің бывшая снохамды, чабанның жаман қызы еді ғой, алып кетті. Қазақша тәрбиелеймін дейді. Дура!

         -Наверное Құдай жоқ, - деді «қара шашты» кемпір күрсініп. -Мы же хорошо жили. У нас все было. Сенің күйеуің профессор, мой органда шишка болды. Детей ни в чем не отказывали... В результате имеем одни только страдания.

         -Ой, подруга, ты что стареешь что ли? Не вешай нос.

Жақсы күндер» естеріне түсті ме, «современный» қос кемпір кеңкілдесе біраз күліп алды. Сосын белдері бұрынғыдан да бүгіліңкіреп, ақсақтықтыры асқыныңқырап, екеуі екі жаққа қарай бүкшеңдей жөнелісті...

Мамыр, 2002.


Жапоков Картой

         -Жәпеков, неге үндемейсің? Кәртай...

         -Мен бе?

         -Иә, саған айтып тұрмын ғой, атыңды атап қақсап.

         -Ағай-ау, мен Жапоков Картоймын ғой.

         -Жапоков болсаң да, Картой болсаң да тұр орныңнан... Қазақ тілінде неше әріп бар?

         -Ой, ағай, соны тіпті санамаппын.

         -Ә, бәсе, «н» мен «ң»-ды неге айыра алмайды десем. «Ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о» жазасың. Бір сөзден бес қате жіберіпсің.

         -Асықпай біртіндеп үйренемін ғой.

         -Енді қашан? Он бірінші сыныпты бітіргелі жатсың.

         -Адам баласы өмір бойы оқитын көрінеді ғой. Несіне асығамын.

         -Егіншінің баласы он бесімде баспын дейді, сиыршының баласы жиырма бесінде жаспын дейді.

         -Менің әкем егін салмайды, сиыр да бақпайды. Жұмыссыз.

         -Жә, саған дауа жоқ екен. Осы тоқсанда "екісің». Жөнделмесең, орныңда қалдырамын.

         -Қоя беріңіз «екіні». Орнымда қалмаймын.

         -Оқымасаң, неге қалмайсың, қаласың.

         -Сізден басқа мұғалімдер де мені орнымда жылда қалдырамыз дейді. Егер шын солай болса, мен қазір бірінші сыныпта отырар едім...

                                               х х х

         -Әу, Жапоков Картой, басқа балалар екі-үштен тест нұсқасын орындады. Сен әлі отырсың мәңгіріп.

         -Қазір, ағай, мінеки...

         -Бәлі, отыз сұраққа жауаптың екеуі ғана дұрыс.

         -Сол жетеді, ағай.

         -Жетпейді. Қырық балдан кем алғандарға аттестат берілмейді. Он бір жыл құйрығын орындыққа үйкелеп босқа отырыпты деген анықтама қағазбен қалдырады деп жатыр жоғарыдан. Немене, естімедің бе?

         -Ой, ағай, осы күні жоғарыдағылар сөздерін күнде өзгертеді ғой. Кеше олай десе, бүгін бұлай дейді. Ертең, қарап тұрсаң, мүлде басқаша сайрайды.

         -Жапоков?!

         -Картой.

         -Жапоков Картой, бәтуасыз қыршаңқы сөзге жүйріксің. Ол жағынан саған қояр кінәм жоқ. Дегенмен білімнің жөні бір бөлек. Тест жұмыстарының үш нұсқасын беремін. Жауабың әр тестке оннан кем болса, өкпелеме, жіберткізбеймін.

         -Жарайды, бере салыңыз, көрейік байқап.

                                               х х х

         -Қалай, дайындықтарың жақсы ма?

         -Өй, тестке қарап тесіліп-ақ өлер болдық.

         -Тест деген жарықтықтың тоқсан пайыз жауабы өзінде тұрады ғой. Сендер қалған он пайызын тапсаңдар да жетер еді.

         -Жұрт сол он пайыздан омақаса құлап жүр ғой.

-Жапоков, тест тапсырманы қалай орындағаныңды көрсет. Үйде асықпай ізденіп, отыз сұрақтан кемінде жиырмасына жауап тапқан шығарсың.

         -Өй, ағай, менің өз деңгейім бар. Деңгейімнен ауытқымаймын.

         -Солай де... Мынауыңнан үш жауап дұрыс. Мынауыңнан екеуі. Ал мынадан біреуі ғана... Әй, Жапоков?!

         -Картой.

         -Жапоков Картой, кітап бетін ашпағансың ба?

         -Оқылып кеткен кітапты қайтем бетін ашып...

         -Болды! Жетті! БҰТ-қа жіберткізбеймін. Орныңда қалдыртқызам.

         -Ой, ағай, тым қатты кеттіңіз ғой...

                                               х х х

         -Балалар бір айдан кейін БҰТ. Ұмытып кеткен жоқсыңдар ма?

         -Күтіп жүрміз, асығып...

         -Жапоков қайда?

         -БҰТ-қа жіберткізбеймін дегенсіз. Мүмкін өкіріп-бақырып жылап үйінде жатқан шығар.

         Жапоков Картой кіріп келеді.

         Балалар жарыса ду күледі.

         -Иә, Жапоков, сені мұнда кым шақырды?

         -Сізге газет әкелдім. Бір аптадай кешігіпті. Бәрібір біздің ауыл үшін свежий ғой.

         -Қамқорлығың үшін рахмет. Жүре бер. Біз жұмыс істеп жатырмыз.

         -Мұнда бір мақала... Тікелей сізге қатысты сияқты.

         -Ә, мынау ма? Тест тапсырудың не екенін түсінген болсаңдар, Жапоков Картойдың көңілін қалдырмайын, оқы деген жерін оқып жіберейін... «11 сынып бітірген талапкер бірыңғай тестілеуде емтихандық сынаққа ұсынылған төрт пәннің әрқайсысынан ең кемі бір балдан жинаса, оған аттестат беріледі. «Егемен Қазақстан»,№139, 2004 жыл».

         -Айттым ғой, ағай, мені орнымда қалдыра алмайсыз деп. Ал сіз ерегістіңіз.

         -Әй, қоя тұршы. Менің түсінбей отырғаным «ең кемі бір балдан жинаса» деген сөз. Бір балдан кем ол не нәрсе? Абай айтатын өңкей «нөл» емес пе?

         -Ағай, әрі қарай оқымадыңыз ғой. Әрі қарай былай дейді: «Екінші жағынан талапкер неше балл алса да оған сертификат беріледі».

         -Әй, Жапоков...

         -Картой.

         -Жапоков Картой, сен генисің. Оқусыз-ақ өзі келетін аттестат – білім үшін жазу үйреніп, кітап оқып босқа арамтер болудың, шынында қажеті жоқ екен.

         Сынып демін ішке алып жым-жырт.

         -Жапоков?

         -Картой.

         -Жапоков Картой, сен ұзамай үлкен бастық боласың.

         -Білемін. Ел басқарамын.

         -Күмәнім жоқ. Сауатсыздар ел басқарады. Сауаттылар мықшиып қағаз кеміріп отырады. Үрдіс үлгіміз сондай.

         -Ағай, рахмет. Он бір жылда ақыры бір түзу шын сөз айттыңыз...

          Мамыр, 2004.

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...