Қолды болып, қор болған идеям

КИНО
20891

Жақында "Қазақстан" телеарнасынан "Жаңғырық" атты телехикаяны көріп, бір үлкен  пәледен аман қалғанымды білдім. Неге дейсіздер ғой, себебі, сол арнаға дәл осындай идеямен мен де барған едім. Ол кезде идеямды ұрлатып аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Кірген күннің өзін де не істей алар едім, жарияланған байқаудың талабы бойынша дүниеңді жасап апарып көрсетуің керек. Көрсеттім. Есесіне, жобамнан көз жазып қалдым. Жобамның қолды болып кеткеніне және соған жол берген арна басшыларына (арна басшыларының маған қорғауға мүмкіншілік бермегендеріне), бәрінен бұрын  жобамды қорғай алмаған өзіме-өзім қатты назаланып, қорланғаным рас. Қолындағы тәттісін әлімжеттілік қып, әлдекім тартып алған баланың сорлы күйін кештім. Көңілім шайлығып, меселім қайтты...

Өнер жолы қиын жол дегенді жиі естісем де, жүрек қалауым болған өнер ордасына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтадым. Дипломымды қолыма алған соң, қарап отырмай алған білімімді қолдан келгенше жүзеге асырайын деп бір жобаның жоспарын құра бастадым. Қаңқасы құрылған жобамның пилоткасын жасап алып, арнаға бара жатқанымда, бір жанашыр танысым: «Әй қызым, сол адамнан сақтаншы, одан аузы күйгендер жетіп артылады» деген сөзге сенбеп едім. Ол адамның жақсы, адамгершілігі мол, парасатты жан екеніне сенгім келді. Ескерту жасаса да, көзімдегі «қызғылт көзілдірікті» шешпеппін-ау!

Сонымен тапсырған жобамды біреудің қанжығасына әлгі кісі оп-оңай байлап жібергенде - әрине менің тарапымнан наразылық туды. Орынды сұрақтарыма дұрыс жауап бергісі келмеген ол өзімді сотқа беремін деп қорқытқанын қайтерсің! Бірақ бермеді, берсе деп тілеп едім. Өйткені, өз көкейімнен  шыққан идеямды, қолыммен жасалған жобамды тым болмаса сол сот үстінде қызғыштай қорғап қалуға мүмкіндік болар ма еді деген ой жетелеп еді. 

Ашу -  әу баста бәрін жеңіп шығатын жойқын қару іспетті көрінер. Негізінде, дәрменсіздік қана ашуға бой алдырады екен. Сол сәтінде ашу-ызаға булықсам да, өзімді сабырға шақырып, әліптің артын бағайын деп шештім. Міне, нәтижесі енді көз алдымда. «Таспа фильм» театр туралы телехикаяны 2018 жылдың жаз мезгілінен бастап түсіруді қолға алыпты. Әсте, жазда түсірілген дүниені күзде немесе қыс мезгілінде экраннан көрсететін-ді. Өзгелерді қайдам, өз басым осы телехикаяны қатты күттім. Арнада әлі күнге бермегендеріне қарап, керемет бір дүние жасап жатқан шығар, мүмкін компьютерлік графика қосып, мюзикл жанрына дейін жеткізіп, Қазақстанда жоқ телехикая өмірге келетін шығар деген үмітте жүрдім. Әйтеуір, 2020 жылдың маусым айында экранға жол тартты. Асыға күткен сол телехикаяны үлкен қызығушылықпен қарай бастадым. Көріп отырып, қатты таңқалдым. Ары қарай көруге шыдамым таусылса да соңына дейін қарап шығуға бел будым. Хикаядан ләззат алғанның орнына, көрген сайын қатты жабырқадым. Бұрқ еткен ашуымды кімнен аларымды білмей, еріксіз көз жасыма ерік бердім... 

Өзімнің жобамды керемет демеймін, ол жерде де кемшіліктер жетіп артылады. Өйткені, қаражатымның жеткен жеріне дейін жасадым. Менің сол 20 минут пилоткамда (хикаямда) өнерге шын берілген жандармен жұмыс жасаппын. Себебі, біреуіне бір тиын ақша бермедім. Беретін ақшам болмады. Бар ақшамды техникаға, арендаға, транспортқа жұмсадым. Түсірілім топқа ақша төлемегендіктен артық талап қоюға дәтім бармады. Қаржы тапшылығынан: режиссердің, оператордың, қоюшы суретшінің қисынды ойларын жүзеге де асыра алмадым. Соған қарамастан қолымыздан келгенінін жасап бақтық. Аянып қалмадық. Ал, бұл 16 бөлімнен тұратын телехикаяға ұлттың қазынасынан «Ұлттық арна» қаржы бөлді ғой. Неге тәп-тәуір дүние жасамады екен? Халықтың ақшасын бір алды, қиып көрген көрерменнің бақандай  алтын уақытын тағы алды.

Сценарийдің өзінде де біраз олқылықтар бар. Хикаяны көріп отырып, бұлар осы дыбысты өшіріп алып, студияға барып қайтадан жазғаннан сау ма дерсің? Тіпті, кейбір видео материалдарды да өшіріп алып, монтажбен алып шығуға тырысқандай. "Монтаж-второе рождение фильма" дегендей, әйтеуір 16 бөлімнің басын құрап бергендей. Ұзақ уақыт экранға шықпағандарына қарағанда олар дыбыс студиясы мен монтаждың ортасында сандалғандай... Мүмкін, дайындықтары аз болып, осындай қателіктерге жол беріп алды ма екен? Кім білсін!? Олардың да, менің де илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Десек те өте өкінішті!

Жолы болмаған өз жобама оралсақ, бүгін болмаса да күндердің бір күні оны жүзеге асырамын. Ал, әзірше, кинорежиссер Д.Саламат ағам айтпақшы: менде проектімді құшақтап, уақытша бүк түсіп жата тұрмақшымын.

Айтпақшы, ұсынған жобамды басында олардың ұнатып, жақсы пікір айтқаны әлі есімде. Сосын әлгі адамның ойы бір күнде өзгеріп кетіп, былай дегені көңіліме қонбады: - Сендер кімсіңдер? Атақ-даңқтарың жоқ, жұрт сендерді танымайды. Ал, бізде мықты продакшндар бар!

Иә, мен танымал емеспін, мені ешкім танымайды. Сол мықтылар да аяғы салбырап аспаннан түсе салмаған болар? Олар да бір нәрседен бастаған шығар? Мәселе, жұрттың мені танымайтындығында емес, мәселе менің танысымның жоқтығында. Жоғары жақтан бір ғана қоңыраумен шеше салатын көкемнің болмауында. Бар гәп осы ғана. Мақұл, ол айтқан мықты продакшнын да көрдік қой. Жобаның тағдырын біз шешпейміз, «көркемдік кеңес» шешеді деген сөзі де жай желеу сыңайлы. Себебі, осы "Жаңғырық" хикаясының сценарийін оқыған «көркемдік кеңес» мүшелері кино тілін түсінбейтін сауатсыздар болғаны ма? Әлде, «көркемдік кеңесті» сылтау етіп, бәрін өзара шешіп, реттеп қойды ма? Неде болса, ақиқаты бір Аллаға ғана аян...   

Имандай шынымды айтсам: мәселе идеямның қолды болып кеткенінде емес, мына заманда кімнің идеясы ұрланбай жатыр дейсіз, тәйірі. Керек десеңіздер, мен үшін бір тиыны алтындай қымбат, «пилоткаға» салынған қаржым да емес; ұйқысыз уайыммен өткізген түндерім де емес; әр есікті бір қағып табанымнан түгесілген түңілісім де емес; "идеяң тамаша екен" деген оларға алданып қалған қауқарсыз күйім де емес; бәрінен қиын болғаны, жаныма тым қатты батқаны: маған сенім артқан актерлер мен түсірілім топтың алдында өзімді кінәлі сезінген мүшкіл халім еді. Әсіресе, үлкен бастарын кішірейтіп, "алғашқы тырнақ алды туындың екен" деп сөзге келмей қолдау көрсеткен М.Әуезов атындағы драма театрының талантты актерлері Төлеубек аға Аралбай мен Ғазиза апа Әбдінабиеваның және Ержан Түсіпов, Ерболат Әлқожа, Асель Акбарова, Рүстем Жаныамановтардың алдында айыпты адамдай сезінемін...

Жарайды, "Біткен іске сыншы көп" дегендей бұл «Таспа фильмнің» түсірген "Жаңғырық" телехикаясы жөнінде айта берсек жырлайтын да, жазатын нәрселері өте көп. Жалпы, "Жаңғырық" хикаясы мен үшін үлкен сабақ болды. 20 минуттық жобамыздың пилоткасынан емес, олардың түсірген 16 бөлімін көріп отырып, кәсібилік жағынан біраз нәрселерді аңғардым. Мен және түсірілім топ - өз бағытымызды білсек те, стилистикамызды түсінсекте, біз үшін сол "Жаңғырық" телехикаясы нағыз «пилотка» болды. Мен үшін қайырлысы осы екен. Бір пәледен құтылыппын. Жалпы айтқанда Құдайы бар қыз екенмін! Дегенмен, баршаға ортақ бір қағиданы ұмытпағанымыз жөн-ау. «Ақиқаттан өзге - ешкім де, ешнәрсе де мәңгілік емес!» 

(Әлгі кісі деп отырған адамның атын-жөнін келесі жазбамнан білетін боласыздар)

Дамира ОҢҒАРАЛЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...