«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түркі елдеріне ортақ «Қорқыт ата» телехика...
Көрермен назарында: «Жаңа толқын» режиссерлері
Алматы қаласында 12-21 қараша күндері аралығында «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп «Қазақ жаңа толқыны» кинофестивалін өткізеді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Қазақтың жаңа толқыны – 90-шы жылдары пайда болған Тәуелсіз Қазақстан кинематографиясындағы бағыт. «Қазақтың жаңа толқынының» басты ерекшелігі – авторлық кино ретінде экранда жаңа кино тілі арқылы жаңа кейіпкер мен қоғам көрінісінің пайда болуы.
– Қазақтың жаңа толқын режиссерлары бүгінде фильмдер түсіруді жалғастыруда. Ұзақ уақыт ішінде алғаш рет олардың басын қосып, күрделі шығармашылық жолдарын еске ала отырып, жас киногерлерге шабыт бере отырып, өзіндік әлеуеттерін арттыруға демеу бергіміз келеді, – дейді «Целинный» орталығының директоры Джама Нұрқалиева.
«Арман» кинотеатрында қазақ киносы тарихында орын алған фильмдерді үлкен экранда көру мүмкіндігі алғаш рет пайда болды. Фестиваль бағдарламасында танымал қазақстандық режиссерлердің үздік картиналары, сондай-ақ кең прокатқа шықпаған сирек жұмыстары ұсынылған. Олар: Рашид Нұғмановтың «Ине» драмасы, Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» ауқымды тарихи фильмі, Абай Қарпықовтың 90-шы жылдардың атмосферасындағы ностальгиялық «Фара» драмасы, Дарежан Өмірбаевтың «Қайрат» фильмі, Серік Апрымовтың «Соңғы аялдама» толықметражды дебюті, сондай-ақ қазақтың жаңа толқынының маңызды бөлігіне айналған, бірақ бұқаралық көрерменнің назарынан тыс қалған көптеген фильмдер бар.
Фестивальдің әр күні фильм көрсетілімдерінен тыс отандық режиссерлердің қатысуымен түрлі тақырыптық кездесулер, мастер-класстар ұйымдасытырылады.
Сондай-ақ, Tselinny Publishing бағдарламасы аясында кинотанушы Гүлнар Әбікееваның «Қазақтың жаңа толқыны» еңбегінің тұсаукесері өтеді. Кітап «жаңа толқын» туралы барлық халықаралық рецензиялардың ең үлкен жиынтығы болмақ. Оның ішінде дөңгелек үстелге қатысушылардың сөйлеген сөздерінен үзінділер, фильм авторларымен жеке сұхбаттар, режиссерлер мен фильмдер туралы жарияланған үзінділер, сондай-ақ толыққанда аннотациялары бар фильмографиядан тұрады.