Грузин және кеңес әртісі, киноактер, кинорежиссер, эстрада әншісі және бірнеше әннің авторы Вахтанг...
Қазақ киносының қоржыны жаңа туындымен толығады
Үстіміздегі жылдың күзінде шынайы оқиғаға негізделген кең ауқымды жобада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқынға түскен Жапонияның әскери училищесінің курсанты Ахико Тэцуроның өмір жолы мен тағдыры баяндалған «Ақтастағы Ахико» фильмінің түсірілімі аяқталды.
Туындының түсірілімі 2019 жылы басталған. Алайда 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген еді. «Қазақфильм» киностудиясы мен шығармашылық топ түсірілімді биыл қайтадан қолға алды.⠀
Фильм режиссері Елдар Қапаров соғыс кезіндегі ауыр сәттерді көрсету қиынға соққанын жасырмады. Бірақ түсірілім тобының жұмысы көрерменге бұл оқиғаны шынайы көрсетуге толықтай бағытталған.
Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының маңында түсірілген тарихи кинотуындыда басты рөлдерді Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады.
Ал продюсері – «Сталинге сыйлық» (реж.: Рүстем Әбдірашов) және «Жаужүрек мың бала» (реж.: Ақан Сатаев) фильмдері арқылы танылған Әлия Уәлжанова.
«Ахико Тэцуро туралы фильм түсіру идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Оның қилы тағдырын естіп білген соң, онымен танысып, кейінгі өмірі туралы білгім келді. Сол мақсатпен 2007 жылы Ақтас ауылына барып, Ахико Тэцуромен таныстым. Ол туралы деректі фильм де түсірдік. Ол өз тағдыры туралы баяндап, осылайша көркем фильмнің сценариі дүниеге келді», – деді Әлия Уәлжанова.