Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев танымал қытайлық актер Джеки Чанмен кездесті. Бұл туралы Елбасы...
Әдебиеттің орнын кино алмастыруы мүмкін
Өнер де қарға тамырлы қазақ сияқты. Бастау бұлағы, құяр арнасы, ұлы жүлгесі бір-бірімен қабаттас, бір-бірімен тамырлас, түйіндес, өзектес келеді. Әр өнердің өз жолы, қайталанбас өз ерекшелігі бар әрине. Кейде, сол ерекшеліктері өнер атаулыны онан сайын жақындастырып, тұтастырып, тұлғаландырып жіберетін секілді. Әсіресе бұл әдебиет пен кино саласында анық байқалып қалады. Әдебиеттің киноға бергені қаншалықты мол болса, киноның әдебиетке жасаған қызыметі де көл-көсір. Бұл сөзімізді жазушы Әкім Таразидың «Әр оқырманның өзінің сана экраны бар. Прозаның да құпия сыры – экран» деген сөзі тіпті де қуаттандыра түсетін сыңайлы. Дегенмен, бір-бірімен егіз осы екі өнердің арасында еш қайшылық жоқ, барлық мәселесі шешім тапқан десек асылық айтқан болар едік. Әсіресе біздің әдебиет пен кинематография саласында ашық айтыла бермейтін түйткілдер жетерлік. Біз бүгін көңілде жүрген көп сауалдың ұшығын өздеріңізбен бірге талқылап көрсек деген ниетте, осы шағын дөңгелек үстелді ұйымдастырып отырмыз.
– Сізге кино өнері не берді? Сіздің ең жақсы көретін киноңыз қандай, ең сүйікті режиссеріңіз кім? Олардан не үйрендіңіз?
Бекзат СМАДИЯР, ақын:
Кинематография арқылы «адамзат» деген сөзді үйрендім. Кино тарихымен танысу арқылы әлем халықтарының бәрі бірдей екеніне көз жеткіздік. Біздің Дәрежан Өмірбай мен бельгиялық ағайынды Дарденндердің, жапондық Хирокадзу Корээда мен түрік режиссері Нури Бильге Джейланның фильмдерімен немесе африкалық яки латынамерикандық авторлық-интеллектуалдық киномен таныссаңыз да, өз халқыңыздың тағдырын көргендей боласыз. Неге? Себебі – әлем халықтарының бәрі ұқсас. Армандары, сезімдері, жылағаны бірдей. Ал, жаныңызға жақын режиссерлерден не үйрендіңіз деген сауалға келсек, бұл енді шығармашылығымызда көрініс табуы керек сияқты.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, журналист:
Кино өнері маған не берді? Кино саласының қазанында қайнап, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрмегеннен кейін маған бұл сұраққа жауап беру қиын. Жалпы, киноны өнер ретінде өте жоғары бағалаймын, бұл саланың жаңалығына елеңдеп, жаңа фильмдерді іздеп отырамын. Кино – өмірдің айнасы, ақиқаты. Режиссердың шеберлігі соны көрерменге көзбен, сөзбен, қайталанбайтын картинасымен жеткізуінде. Көрермен ретінде маған кинодағы шынайылыққа, тәуелсіздікке, тапқырлыққа, тереңірек үңілсек, режиссердің сол фильмдегі азаматтық позициясына үңілген, өзімше анализ жасаған ұнайды. Кино сізге не берді деген сұраққа кино менің рухани, адами, кәсіби (журналист ретіндегі) ізденісіме көп көмегін тигізіп жатыр деп жауап берер едім.
Маған әртүрлі жанрдағы, әр кезеңдегі, бағыты да бөлек фильмдер ұнайды. Мәселен, Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», «Атамекені», ол кісілерден бергі Сатыбалды Нарымбетовтың «Созақтан шыққан шыққан Гамлеті», «Қыз жылағаны», «Көзімнің қарасы» ұнайды, Данияр Саламат, Әділбек Ержанов, Кенжебек Шайқақовтың адамның ішкі күйін, мінезін, айналадағы әлеуметтік ахуалды жеткізудегі ізденістерін бағалаймын.
Әлемдік кинода соңғы кездері Сюзанна Бирдің фильмдері қызықтырып жүр. Акира Курасованың «Расемоннан» бастап, «Жеті самурай», «Ран» сияқты шедеврлері әлі тәнті етеді. Ондағы сұлу картиналар, шиеленісті оқиғалар қанша уақыт өтсе де ойыңда жүреді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Андрей Звягинцев, Юрий Быковтың барлық фильмдерін көріп шықтым, қолтаңбалары ерекше. Фильмдерін кей көрермен «қасіретті» дейді, ол қасірет ойдан құралған қасірет емес қой, қоғамдағы бүгінгі ақиқат. Маған олардың сол тақырыптарды алып шыққан тәуелкелдері, жеткізу шеберліктері ұнады.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
Болмыстың ақиқатын тану жолында киноның қабілеті шектеулі екендігін оның тек тіл мен поэзияда ғана көрініс табатынын алға тартқан Мартин Хайдеггер өнердің бұл түрін өз еңбектерінде қатаң сынға алады. Себебі, экран тек камера алдындағы көрініс қана болғандықтан жоғарыдағы адамға қарата айтқан Әкім ағамыздың экран мәселесіне қатысты пайымын терістейді. Деррида да сол тақылеттес пікірде. Дегенмен, киноның өз тілі бар, ол менің поэзиям, мен одан өзім қалағанның бәрін алдым. Ал режисерлерге келер болсақ жақсы көретінім аз емес. Мысалға, ерекше атап өтері Одзу мен Антониони, Куросава мен Тарковский, Брессон мен Бергман және т.б. Ең жақсы киномен қауыштырғаны үшін Одзу-санға жұмысқа бара жатып мың мәрте алғыс айтқанмын. Шын оқиға.
Тұрсынбек БАШАР, ақын, журналист:
«Фотография – шындық. Фильм – бұл секундына 24 кадрлы шындық» дейтіні бар Жан Люк Годардың. Кино өнері маған шындықты берді, күмәндануды берді. Кино саласының тағы бір данышпаны Брессон «дыбысты фильм тыныштықты ашты» дейді. Сол айтпақшы, кино өнері жаныма тыныштық сыйлайды.
Нақты мына режиссерді менің ең сүйікті режиссерім, нақты фильмді менің сүйікті туындым деп айту қиын. Оның бәрі көңіл-күйге байланысты. Дегенмен, Феллини, Годар, Бергмандардан басталып, бүгінгі Джузеппе Торнаторе, Тарантино, Асгар Фархади, Нури Билге Джейлан, Кар Вай, Жан Имоу, Звягинцев, Ағайынды Дарденн, Ағайынды Коэн сынды режиссерлерді сүйіп көремін. Ағайынды Дарденндердің әлеуметтік психологияны ашып көрсететін «Екі күн, бір түн» (Deux jours, une nuit) фильмін, өзгенің пікірімен санасып күн кешетін адамдарды, өз хақын талап ететін кейіпкерді бейнелеген Томас Винтербергтің «Аң аулау» (Jagten) фильмін жоғары бағалаймын.
Әр фильмнен әр нәрсені үйренесің. Бірі өткен шақты есіңе түсірсе, бірі кірлеп бара жатқан жаныңды тазартады. Мысалы, Торнаторенің «Жаңа кинотеатр Парадизосынан» (Nuovo Cinema Paradiso) мейірімділікті, Звягинцев фильмдерінен көркемділікті үйрендім.
Әсел КӘРІБАЙ, ақын:
Кино көру маған жаңаша ізденістер жасауға, өмірде байқала бермейтін кейбір нюанстарға мән беруге көп көмектеседі. Менде «ең жақсы» деп бәрінің ішінен таңдап алып айтатын фильм, режиссер жоқ. Бірі есіме түссе, екіншісін ұмытып кетуім мүмкін. Өйткені, хоррорды айтпағанда, басқа жанрдың барлығында кино қарай беремін. Голливудтық блокбастерлер, экшн-фильмдерді де ұнатып қалуым мүмкін, соған қарамастан, «Человек, который спит» (Бернар Кейзанн), «Небо над Берлином» (Вим Вендерс) секілді «экзистенциальное киноны» да жақсы көрем. Бір кезде Куросаваның картиналарына есім кетіп отырса, келесіде Уильям Уайлердің «Смешная девчонка» мюзиклін бірнеше қайтара қоятын шығармын. Кино – мен үшін көңіл күй. Қазір көңіліме не жақса сол сүйікті боп көрінеді.
– Осы күнде қазақ әдебиеті мен кинематографиясының баяғыша қызу араласып жатпауының себебі не де болуы мүмкін? Қазіргі әдебиетшілер қаншалықты киноман, киногерлер әдебиетке қаншалықты жақын?
Бекзат СМАДИЯР, ақын:
Әдебиеттің орнын кино алмастыруы мүмкін деген пікір өткен ғасырдың өзінде кеңінен талқыға түсті. Кім білген, әйтсе де, әлем елдерінің біразында поэзия мәдени құбылыс ретінде өмір сүруін тоқтатқаны жасырын емес. Біз бұған қатысты қандай да бір болжам айтудан аулақпыз.
Әдебиет пен киноның мұраты мен ұстындары бір болғанымен, жасалу тетіктері бөлек, өз алдына жеке салалар. Сондықтан, өзара бәсекелестік болуы заңды да шығар.
Қазақ әдебиеті мен кинематографиясының бір-бірімен байланыссыз, өз қазанында қайнап жатуы авторлардың жеке ізденістеріне байланысты болса керек. Мейнстрим немесе идеологиялық кинолардың жөні бөлек. Ал, авторлық-интеллектуалдық киноға келсек, бұл бағыттағы режиссерлердің біразы орыстілді. Қала берді, режиссерлердің көбі сценарийлерін өздері жазады. Шындығында, қазақ әдебиетін жетік білетін режиссерлер бізде баршылық. Олар әрине, әдеби шығармаларды негізге алып кино түсіруге міндетті де емес.
Әдебиетшілерге келсек, қырық жасқа дейінгі ақын-жазушылардың ішінде кинематографияға қызығушылық танытып, осы бағытта ізденіп жатқан авторлардың бар екені байқалады. Олардың саны да аз емес. Қаламгерлеріміз қай режиссерден сценарий жазуға ұсыныс болады екен деп күткенді қойып, ең дұрысы, өзім кино түсіремін деп ұмтылуы керек, біздіңше.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, журналист:
Кітап оқитындар қатарының азаюуынан шығар. Әдебиетті қазір баяғыдай жаппай оқу, оны өз ортасында қызу талқылау үрдісі жойылған. Уақыттың аздығы, жұмысбастылық қарапайым көрерменді, оқырманды ғана емес, шығармашылық адамының өзін кітаптан алыстатты. Сосын әдебиетшілерге киноман, киногерлерге әдебиетші болу шарт емес. Режиссер да жазушы, суреткер. Тек оның шығармасы камерада сөйлейді, айырмашылығы сол ғана. Қазіргі авторлық фильм режиссерларының дерлігі сценарийді өздері жазады.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
Әдебиетшілердің дені киноға зероу. Ал, киногерлердің әдебиетке қатысы хандырад. Куросава мен Тарковский, Шәкен көкем оған анық мысал емес пе? Ал араласу-араласпауға қатысты жө нө се па (фр. "Білмеймін" - Ұ.З.).
Әсел КӘРІБАЙ, ақын:
Жалпы қазіргі қазақ киноиндустриясы бірнеше бағытта дамып жатыр ғой. Мысалы кассалық фильмдерден әдебиетті іздеудің өзі әбестік көрінетін секілді күйге түстік. Ал идеологиялық я авторлық фильм түсіріп жүрген киногерлер белгілі бір деңгейде әдебиетке жүгінеді деп ойлаймын. Ілияс Есенберлиннің әйгілі шығармасын айтпағанда, «Шыңырау» (Жаңабек Жетіруов), «Өліара» (Елзат Ескендір) секілді т.б. қазақ авторларының повестерінің экрандалған нұсқаларын көрдік. Көңіл көтеретін арзан фильмдер қаптап жатқан соң, бәлкім, осындай бір кемшіліктер көзге бірінші түсетін шығар. Әдебиетші замандастарымның арасында киноман жастар бар. Болашақта қазақ әдебиеті мен кинематографиясының байланысынан туған сәтті туындыларды көреміз деп ойлаймын.
Тұрсынбек БАШАР, ақын, журналист:
Осы күнгі кино баяғыдай мемлекеттік тапсырыспен арнайы түсірілсе, әдебиетпен қызу араласып жататын еді. Бірақ, Қазақ әдебиеті мен қазақ киносы бір-бірінен алшақ жатыр деп те айта алмайсың. Мысалы, «Көшпенділер», «Балуан шолақ», «Шыңырау» фильмдері, Хабар арнасынан көрсетілген «Қаламгер» сериясы әдебиетпен тығыз байланысты. Одан бөлек Мұқағали жайлы түсіріліп жатқан фильмнің сценаристерінің бірі – жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Пусанның бас жүлдесін жеңіп алған Елзат Ескендірдің «Өліарасы» Оралхан Бөкей шығармасы негізінде жазылған. Оның сценаристерінің бірі де – жазушы Өміржан Әбдіхалық. «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің сценариін жазған белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов. Сондықтан қазіргі әдебиетшілер тәп-тәуір кино көріп режиссерлермен әжептеуір байланыста дегім келеді.
– Қазақ жазушысы мен кинорежиссері тандемі қазір өте сирек кездеседі. Тиісінше бұлардың әрқайсысының өз қазанында қайнауы өнер үшін аса пайдалы да, аса зиянды да емес дейтін пікірге қалай қарайсыз?
Бекзат СМАДИЯР, ақын:
Әдебиет пен кино бір-бірімен шығармашылық байланыста болса, кино өнері ерекше қарқын алып дамиды деген көзқарас посткеңестік елдерде көбірек кездесетін сияқты. Әдебиет те, кино да өз алдына дамуға қабілетті. Кинорежиссерлер кинематографияны әдебиеттен, театрдан, өзге де өнер салаларынан бөліп алу жолында түрлі ізденістерге барды. Әлі де бұл бағытта қаншама ізденістер жасала бермек. Қазақ жазушысының киноға таласы болса, кинематографияны жан-жақты зерттеп, өзі кино түсіруге ұмтылуы керек сияқты. Әдебиеттен киноға келген режиссерлер кино тарихында жетерлік. Олардың ішінде әйгілі мэрлер де бар. Кинорежиссерлердің әдебиетті білмеуі өздерінің шығармашылығына зиян. Бұл енді әркімнің өз шеберханасы.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, журналист:
Режиссер мен жазушы тандемі барлық кино өндірісте бұрыннан бар тәжірибе. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым–Қожасын» Абдолла Қарсақбаев, Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебілін» Аяған Шәжімбай, Роза Мұқанованың «Қыз жылағанын» Сатыбалды Нарымбетов тб көптеген әдеби шығармаларды өзіміздің режиссерлар өте шебер экранизациялап шықты. Әлемдік әдебиеттен бір ғана француз классигі Виктор Гюгоның «Отверженные» шығармасын алайық. Осы әдеби шығарма желісімен көптеген елде қаншама классикалық фильмдер түсірілді. Тіпті мюзиклда шықты. Қазір осы одақтың сиреуі әдебиеттен алыстау мен уақыттың жетіспеуінен шығар. Ортақ тандемнің пайдалы жағы – кино тақырыбының әдеби тереңдеп, көкжиегін кеңейтуі, әдебиеттен алыстаған оқырманды кино арқылы ояту, ойландыруы.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
Жө нө се па!
Әсел КӘРІБАЙ, ақын:
Қазір ойлап отырсам, бала кезімізде сүйіп көрген фильмдердің басым бөлігі таспаланған әдебиетіміз екен. «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Батыр Баян», «Гауһартас», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Бандыны қуған Хамит», т.б. бұлардың бәрі не себепті классикаға айналғаны түсінікті шығар. Сондықтан, ұзақ өмір сүретін картина жасағысы келетін режиссер не өзі әдебиетті терең түсіну керек, не мықты кинодраматургтің көмегіне жүгіну керек. Бұл жерде әңгіме тек экранизация жайында емес.
Тұрсынбек БАШАР, ақын, журналист:
Жазушылықтан режиссерлікке ауысқан режиссерлер қазақта да бар ғой. Сатыбалды Нарымбетовтың прозасы қандай мысалы. Әлем киносында да ақын не жазушы боп, кейіннен қаламын камераға ауыстырған жазушылар жетерлік. Соның бірі – Такэси Китано. Туындыңды қаламмен жазасың ба, камерамен таспалайсың ба маңызды емес. Маңыздысы оны жарыққа шығару. Тек, жазушылық қалам мен парақты ғана қажет етсе, кино жасауға команда, бастысы қомақты қаржы керек. Ал біз сияқты дамушы, кинопродюсерлер аса көп емес елде бұл оңай шаруа деп айтпас едім.
– Қазіргі қазақ жазушысының қай шығармасы киноға сұранып тұр деп ойлайсыз? Оны қай режиссерге ұсынар едіңіз?
Бекзат СМАДИЯР, ақын:
Әдеби шедеврлерді киноға айналдырғанда сәтсіз шығатыны жасырын емес. Өзіңіз айтыңызшы, әдебиет тарихында өшпес із қалдырған шығармаға түсіріліп, кинематографияға бетбұрыс әкелген қандай фильмді білесіз?
Бұлай болатын себебі, әдеби шығарманың өз заңдылықтары бар. Әдеби жауһарлардың көркемдік ерекшеліктері кино тіліне сәйкес келе бермейді. Мәселе осында.
Қазақ қаламгерлерінің ішінде Бейімбет Майлиннің әңгімелері кино тіліне жақын. Қазіргі прозаға келсек, Жүсіпбек Қорғасбектің шығармаларын атар едік. Замандастарымыздан Досхан Жылқыбай мен Есбол Нұрахметтің шығармаларынан кино тарихымен таныс екені байқалады. Бұл пікір кәсіби пікір емес, оқырман ретінде байқағанымыз екенін ескерткіміз келеді.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, журналист:
Қазіргі қазақ жазушыларының шығармаларын жібермей оқып, қадағалап жүрмін деп айта алмаймын. Маған оқиғалы, қым-қуыт сюжетті шығармалар ұнайды. Жадыра Шамұраттың «Бейуақта ашылған құпиясынан», «Батпырауығынан», Ырысбек Дәбейдің «Қоңызынан» жақсы фильм шыға ма деп ойлаймын. Жас жазушылардың әдебиеттегі жаңа шығармалары туралы көп естіп жүрмін, қадамдары, ізденістерін мақтап жатады.
Экранға сұранып тұрған бұрынғы классиктердің шығармалары тіпті көп. Мағауиннің бір ғана «Шақан шерінің» салмағы қандай, одан қандай ғажап фильм шығар еді?! Әр режиссердің өз қызығатын тақырыбы болады, сондықтан бұл жерде «бұл тақырыпты ана режиссерға ұсыну керек!»-деп айту қиын.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
Менің «Нұрсұлтан» поэмам Рүстем Әбдірәштің ғасыр мен дәуірдің біртуар ғұламасы елбасымыз туралы кезекті киносына сұранып тұр деп ойлаймын.
Әсел КӘРІБАЙ, ақын:
Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіктердің адамзаттық тақырыптағы шығармалары өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Оларды Рүстем Әбдіраш, Ермек Тұрсынов секілді белгілі режиссерлерге ұсынар едім. Ал қазіргі орта, жас буын жазушылардан тың тақырып, тың жанрдағы шығармалар күтем.
Тұрсынбек БАШАР, ақын, журналист:
Қазақта киноға сұранып тұрған шығарма көп. Әуезовтің «Қаралы сұлуы», Бейімбет әңгімелері, Мағауиннің «Қуыршақ» әңгімесі, «Көкбалақ» романы, немесе Төлен Әбдік шығармалары, Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы киноға сұранып тұр. Егер менің қолымда «закон» болса, Асқар Алтайдың «Киллер сауысқанын» Эмир Байғазинге, Елзат Ескендірге Жүсіпбек Қорғасбектің «Көкжал» романын, Әуезовтің «Қаралы сұлуын», Әділхан Ержановқа Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Ауғандық құстарынан» фильм түсірткізер едім.
– Бұрын таңдаулы жазушылардан кинодраматург баулып шығару үрдісі болатын. Қазір бұған қажеттілік бар ма?
Бекзат СМАДИЯР, ақын:
Жас қаламгерлерді кинорежиссерлыққа, кинодраматургияға оқыту үшін мемлекет тарапынан грант бөлінуі өте маңызды. Бұл арқылы қазақша ойлайтын, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың алмасуын интерпретациялай алатын режиссерлердің жаңа буынын қалыптастырған болар едік.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, журналист:
Кинодраматург баулу қажеттілігі де бұрыннан бар проблема. Қай салада болсын, оқымағаннан кейін, ізденбегеннен кейін адам дилетантизмге ұрынады. Әркім режиссер, әркім әдебиетші-сценарист боп кетеді.
Қазір жастар шын киноның не екенін ажырата алмай қалды. Жастар ғана емес, кез келген адам бүгін сериалды кино дейді. Сериал – елдің уақытын ұрлайтын телевизиялық шоу ғана, одан терең өнер күтудің қажеті жоқ. Ал, кино әу бастан бағытын айқындаған мәртебелі өнер. Сатыбалды Нарымбетов журналист Назира Байырбекке берген бір сұхбатында: «Мен үшін әр фильмім оттың ортасына кіріп шыққанмен бірдей»-депті. Біз бүгінгі жұрт шатасып кино деп жүрген «Бизнес по-казахский в Корее», «Келинка Сабина» немесе «Жетімдердің» авторларынан шын режиссердің осындай мінезін, ішкі жауапкершілігін көреміз бе?! Өкінішке қарай қазіргі аудиторияның киноны осындай өтіріктермен, ырду-дырдумен шатастыруы – бүгінгі қазақ киносының бағытын өзгертіп бара жатыр.
Меніңше, Никита Михалков пен Андрей Кончаловскийді, Акира Курасова мен Ким Ки Дукты ажырата алатын адамдар ғана фильммен айталысуы керек, ол үшін әрине, бірінші кезекте академиялық білім қажет.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
Әрине, қажет! Мен елбасымыздың Сovıd-19 вирусын қалай жеңіп шыққаны туралы мемлекеттік сыйлықты иемденген айтулы жазушы аталарымның сценарийіндегі жаңа фильмдерді көргім келеді.
Әсел КӘРІБАЙ, ақын:
Қазақ киносы енді қалыптасып келе жатқанда Мұхтар Әуезовтің жазушыларға кино өнерімен тығыз байланыста болып, өсіп, дамуына үлес қосу керек деп міндет жүктегенін, арнайы мақала да жазғанын білеміз. Бұл дүние әлі актуалды сияқты. Отандық фильмдердің саны сапасына жауап бере алмайды. Экрандағы көркемдік, мазмұндық драматургиясы өте жұтаң, терең психологизмнің өзін айтпағанда, эстетикалық талаптан шықпайтын киномен нағыз кинодраматургтер жұмыс жасаса және жас жазармандарды да осыған баулитын мектептер болса қазақ киносы біраз жетістікке жетер еді.
Тұрсынбек БАШАР, ақын, журналист:
Ол киноның бағытына байланысты. Егер идологиялық, попкорндық фильмдер болса иә, оған кинодраматург қажет. Өйткені оның бірі ағартушылық құрал болса, екіншісі көптің ойын-сауығына қызмет етеді. Ал авторлық фильмдерге кинодраматург аса қажет деп ойламаймын. Себебі, әрбір режиссер сценарийді өзі жазады. Сондықтан кинодраматург өзі режиссер болмаса, оның жазған сценарийін басқа режиссердің түсіруі аса қиын (авторлық киноға байланысты). Әрине баяғы жаңа толқындағы біраз режиссердің бағын ашқан Тонино Гуэррадай сценарист болса, оның жөні бір бөлек.