Халқымызда «қырық күн шілде» деген ұғым бар. Оны қазақ «жазғы шілде» және &l...
Клайд Клакхон: Таңданарлық әдет-ғұрып
АДАМ ҮШІН АЙНА
Неге қытайлық сүтті және сүттен жасалған тағамдарды ұнатпайды? Неге жапон камикадзелері жанын құрбан етуден тайсалмайды? Ал америкалықтар мұны мағынасыздық деп біледі ғой. Неге бір халықтар ру шежіресін әке жағынан, екіншілері — шеше жағынан, біреулері екі жақтан да тарататыны несі? Мұның өзі әр халықта әр алуан инстинкт болатынын емес, әйтпесе Құдай тағала немесе Тағдыр оларға әр алуан әдет-ғұрып жазғанынан да емес. Бұл Қытайда, Жапонияда және Құрама Штаттарда ауа райы әр алуан болуымен де байланысты емес. Мұны антропологиялық тұрғыдан ой көзімен зерделеген адам: "Өйткені олар солай тәрбиеленген" деп жауап берген болар еді. Антропология "мәдениет" ұғымын адамдар өмірінің біртүтас бейнесі, жеке адамның өз ортасынан алған әлеуметтік мұрасы деп түсінеді. Екінші жағынан, мәдениет адам қолымен жасалған қоршаған ортаның бір бөлігі ретінде қаралады.
Клакхон Клайд Кей Мейбен (1905-1960) - американдық антрополог. Принстон университетінде оқыған; 1922 жылы денсаулығына байланысты Рамаға (Нью-Мексико штаты) қоныс аударды, онда навахо үндістерінің мәдениетін зерттеді. Бұл зерттеулер оның ғылыми жұмысының негізгі бағыттарын анықтады. 1928 жылы бакалавр дәрежесін алды. 1931- 33 жылдары Нью-Мексикодағы университетте, ал 1935 жылдан бастап Гарвардқа антропологиядан дәріс берді, 1936 жылы докторлық диссертация қорғады және өмірінің соңына дейін жұмыс істеді. Гарвардта әлеуметтік қатынастар факультетін ашады, оның жұмысы "Табиғаттағы, қоғамдағы және мәдениеттегі тұлға" (1949) деп аталатын ұжымдық еңбегінде көрінеді. Гарвардтық орыс зерттеулер орталығының директоры, антропология факультетінің деканы, антропологтардың американдық ұйымының президенті қызметтерін атқарды. Клакхон — Ф. Боас пен А. Кребердің дәстүрін жалғастырушы антрополог, олармен ол мәдениет ұғымын талдады ("Мәдениет: ұғымдар мен анықтамаларға сыни шолу" 1952 ж.). Мәдениетке өзінің анықтамасын бере отырып, Кребер мен Клакхон мәдениет "мінез-құлықтың өзі емес, нақты адам құлқының абстракциясы" деп жазды. Бұл оларда адам мінез-құлқының мәдени универсалийларын іздеу болып табылады. Антропологияны Клакхон адам туралы ғылымда маңызды роль атқаратын пәнаралық ғылым ретінде түсінді. Клакхонның жұмыстарының маңызды теориялық тақырыбы мәдениет пен тұлға арасындағы қарым-қатынас, мәдени құндылықтар мен адам мінез-құлқының мәдени стандартизациясы проблемасы болды. Мәдениеттегі тұлғаның қалыптасуының негізгі механизмі — оқыту процесі, ол оны екі түрге бөлді: техникалық және реттеуші. Техникалық оқыту — бұл жеке адамның қалыптасуының және оның әлеуметтенуінің техникалық әдеттерді жеткізу, ал реттеуші — бүл, техникалыққа қарсы, топтық үндестік пен келісімдік үшін жеке адамды топта ролін төмендетеді. Тұлғаның қалыптасу механизмдері мен мінез-құлықтың мәдени стандартизациясы келесі еңбектерде зерттелді және бейнеленді: "Адамдардың баласы: навах индивиді және оның дамуы (1947), "Навах мәдениетінің үлгісінде мінез-құлықтың стандартизациясы" (1941), "Жабық мәдениет және әкімшілік проблемалары" (1943), "Мәдениет ұғымы" (1945). Клакхонның кейінгі еңбектері — "Адам үшін айна", "Әмбебап құндылықтар және антропологиялық релятивизм" (1952), "Мәдениеттің әмбебап категориялары" (1953), "Этикалық салыстырмалық: sic et поп (1955) құндылықтар жүйесі мен әмбебап мәдени құндылықтар проблемасына арналған. Негізгі еңбектері: Culture and Behavior: Collected Essays, N. Y., 1962; Patterning as Exemplified in Navaho Culture Language, Culture and Personality: Essays in Memory of Edward Sapir. Menasha, 1941; Navaho Witchcraft. Camb, 1944; Children of the People: The Navaho Individual and His Development (with D. Leighron). Camb. (Mass.), 1947; Mirror for Man. N.Y., 1949; Universal Values and Anthropological Relativism, Modern Education and Human Values. Pittsbuig, 1952, V. 4; Culture: A Critical Review of Concepts and Definitions (with A.L. Kroeber). N. Y., 1963.
Бұл арнайы термин тарихи немесе әдебиет мағынадағы "мәдениеттен" анағұрлым кең мәнге ие. Бетховеннің сонатасы қандай болса, ас үйдегі қарапайым қыш құмыра да сол сияқты мәдениет туындысы. Ауызекі тілмен айтар болсақ, "мәдениет адам" дегеніміз — шет тілдерін білетін, тарих, әдебиет, философия, өнерден хабары мол адам. Мәдениет пен адам Джойс, Скарлетти, Пикассо туралы сөйлей алуы тиіс. Мәдениет адам Джойс, Скарлетти, Пикассо туралы сөйлей алуы тиіс. Мәдениетті адам ұғымына кейбіреулер осы тұрғыда қарайды. Ал антрополог үшін адам болу және мәдениетті болу — екеуі бір нәрсе. Жалпы мәдениет бар және жекелеген мәдениеттер бар — орыс, американ, ағылшын, инктердің мәдениеті деген сияқты. Мұндай абстракция бізді адамдардың іс-әрекетін тек биологиялық ерекшеліктеріне байланысты ғана түсіндіруге болмайтынын, жеке тәжірибе жөне сол уақытта туындаған жағдайға да көп тарих байланысты екенін назарға алуға үндейді. Өзге адамдардың тәжірибесі мәдениет түрі ретінде кез-келген жағдайда дерлік көрініс береді. Кез-келген дербес мәдениет — адамның бүкіл өмірлік қызметінің жоспары сынды бағыт-бағдарды қалыптастырады.
Адамзат баласының қызық ерекшелігінің бірі сол — олар өздерін-өздері түсінуге және өздерінің жеке мінез-құлқын ұғынуға тырысады. Бүл, әсіресе, қазіргі еуропа мәдениетіне төн сипат, әйтсе де адам іс-әрекетін түсіндіру үшін сорап салмаған бірде-бір топ жоқ. Мәдениет тұжырымдамасы — антропологияның "Неге?" дейтін мәңгілік сұрағын қанағаттандыру үшін алға тартар ең қызықты жауаптарының бірі.
Өзінің түсінік беру мәні жағынан бұл тұжырымдаманы биологиядағы — эволюция, физикадағы — гравитация, медицинадағы ауыру теорияларымен салыстыруға болар еді. Егер біз адамдардың "өмір сүру жоспарын" білсек, онда айналамыздағы кісілердің мінез -құлқының негізгі сипаттарын түсіне де, болжай да аламыз.
Көптеген іс-әрекеттерді кездейсоқ деп те, дара тұлғаның жеке ерекшеліктеріне қатысы жоқ деп те, әйтпесе жаратылыстан тыс күштердің, бір жұмбақ құдіреттің әсерінен болады деп те айта алмаймыз. Тіпті өзінің дара ерекшелігін мақтан тұтатын жандардың өзі де өмірде көп жағдайларда сыртқы орта әсерінен туған үлгілерді ұстанады. Біз ертеңгісін тісімізді тазалаймыз. Белімізге белдемше немесе ағаш жапырақтарын байламаймыз ғой, шалбар киеміз. Біз күніге үш рет тамақ ішеміз — екі рет емес, төрт рет немесе бес рет емес. Біз кереуетте ұйықтаймыз — аспалы тордың не қой терісінің үстінде емес. Түрмеде немесе жүйке дертіне шалдыққандарды емдейтін жерде жатудан аман барша америкалықтар ішінен осы және сансыз коп басқа да ережелерді (бұған ойлау процесін реттейтін ережелерді де қосыңыз) жеңген адам шықты деп мен еш уақытта естіген емеспін.
Мәдениет біздің өмірімізді тұрақты түрде реттеп отырады. Мойындайық мейлі, мойындамайық — біз дүниеге келгеннен бастап қашан көз жұмғанға шейін өзгелер жасаған мінез-құлық, әрекет нормаларының белгілі бір түрін қабылдауға мәжбүрлейтін қысым көрсетіледі. Бір жолдарды біз өз еркімізбен таңдаймыз, ал екіншілеріне — одан өзге жолдарды білмегендіктен түсеміз; ал үшіншілерінен тайқып шығатынымыз немесе отан еріксіз қайта оралатынымыз да бар. Кішкентай балалардың шешелері жақсы білетін жай: қашан "мәдениеттенгенше" олар "тиісті" орын мен уақыт және тамақ ішу, табиғи қажеттіліктерді өтеу, ұйықтау, былғану, қатты дыбыс шығару сияқты іс-әрекеттерді қолапайсыздау түрде өткереді және оларды орындау амалдары жөнінде де бас қатырып жатпайды. Бірақ аз болсын, коп болсын, тіршілік әрекеті үлгісінің байланыс жүйесі жолын ұстанғаны арқасында ерлер мен әйелдер тобы өздерін қарым-қатынастың берік тізбегімен байланысқандай сезеді. Бұл ұғымның толықтай дерлік анықтамасын Рут Бенедикт берді. Ол былай дейді: "Адамдарды ажырамастай етіп байланыстыратын нәрсе болса, Мәдениет дегеніміз — сол".
Шындығында да, кез келген мәдениет, бұл — әрі қоршаған ортаға, әрі басқа адамдарға бейімделуге арналған техникалар жинағы. Әйтсе де мәдениеттер мәселені шешіп қана қоймайды, сонымен бірге оны тудырады да. Егер халықтық таным — білім құрбақаларды қауіпті жәндік деп, немесе жезтырнақтар мен елестер кезіп жүрген жерде түнде қыдырудың ешқандай қаупі жоқ деп сендірер болса, онда сыртқы әлемнің айқын фактілеріне негізделмеген қауіп — қатер туады. Мәдениеттер тек қажеттілікті қанағаттандыру үшін керек құралдарды ұсынып қана қоймайды, сонымен бірге қажеттіліктің өзін де тудыра алады. Кез келген топта мәдениет арқылы қалыптасқан адал ниетті сезім өмір сүреді және олар күнделікті өмірде биологиялық стимулдарға қарағанда әлдеқайда құдіретті келеді. Осылайша, көптеген американдықтар жыныстық қанағаттануға қарағанда, "табысқа" жетуге анағұрлым көп күш жұмсайды.
Көптеген топтар өз мәдениетінің белгілі бір қырларын пайда табу қажеттігі немесе күнкөріс мақсатынан тыс аяда дамытады. Басқаша айтқанда, мәдениетте барлығы бірдей күнкөріс қамын күйттеуге бағытталмайды. Іс жүзінде бәрі басқаша болуы мүмкін. Бір кездері тіршілікке қажет міндеттерді атқарған мәдениет аспектілері онан кейін де, сол іске жарамсыз, пайдасыз болып қалған кезде де, ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Кез келген мәдениетті талдау кезінде, бұл — сол мәдениеттің өзі өмір кешкен ортаға бейімделуінен туған қасиеті еді деп айтуға келмейтін біраз қырларын табамыз. Әйтсе де пайдасы жоғы айқын ерекшеліктер сол кездердегі немесе оның алдындағы уақыттарда болған жағдайларға бейімделуден пайда болған мәдениет түрлерінің біршама өзгерістерге ұшыраған қалдықтары болуы да әбден мүмкін.
Әрбір мәдениетті тарихтың тұнбасы десе де болады. Көп ретте тарих елеуіш іспетті. Әрбір мәдениет өткеннің түр мен мағына жағынан өзгерген аспектілерін ғана қабылдап, бүгінгі күнге сіңісіп кетеді. Ашылған жаңалықтар мен өнертапқыштар еңбектері, мейлі, ол — заттық тұрғыдағы болсын, мейлі, идеологиялық тұрғыны болсын, басқа халықтармен арадағы тарихи байланыстың арқасында немесе сол халықтың өз өкілінің қолынан шыққандықтан да елге ортақ игілікке айналады. Әйтсе де топтың тірлік ету қажеттілігін тікелей қанағаттандыруға немесе оның мүшелерінің психологиялық тұрғыдан бейімделуін қамтамасыз етуге сәйкес келетіндері ғана мәдениеттің бір бөлігі бола алады. Мәдениет құру процесі адамды нығайтатын, ол кейде биологиялық функцияларды ауыстыратын және биологиялық тұрғыдағы олқылықтардың орнын толтыратын құрал — жабдықтармен қамтамасыз етуші түрінде, яки адамның туа бітті биологиялық қабілетіне қосымша ретінде қаралуы мүмкін, сондай - ақ ол — адам білімінің өзі өмірден өткеннен кейін де адамзат игілігіне жаратылуын жүзеге асыратын жағдайды қамтамасыз етеді.
Қандай да бір мәдениетті ілгері апаратын адамдардың бірде-бірі "мәдениет картасының" барлық жықпыл - жықпылдарын біле бермейді. Әулие Фома Аквинский өз қоғамындағы барша білімді меңгерген бірегей тұлға болды дейтін жиі қайталанып айтылатын пайымдау — шын мәнінде қисынға келмейтін нәрсе. Қанша жерден білікті болса да, әулие Фоманың соборды әшекейлейтін әйнек жасап шығара қоюы немесе акушерлер атқаратын шаруаларда ыждағат таныта қоюы неғайбыл. Әрбір мәдениетте Ральф Линтон айтқандай, "әмбебаптар, баламалар және мамандар" болады. Он үшінші жүзжылдықта өмір кешкен христиан дінін ұстанушы әрбір адам құлшылық ету, тәубаға келу, Құдай Анадан өзі жаратқан ұлы қолдап - қорғап, желеп - жебеп жүруін сұрау керектігін білді. Батыс Европаның христиандық мәдениетінде басқа да көптеген "әмбебаптықтар" болды. Сонымен бірге баламалы мәдени үлгілер, тіпті христиандық ортаның өзінде де орын алды. Әрбір адамның өзінің жеке қолдаушысы болды және әр түрлі қалаларда әр түрлі әулиелердің діні дамыды. Он үшінші ғасырдың антропологта Германия, Франция, Италия немесе Англияның кез келген тұрғынына сұрау салып және сырттай бақылай отырып, олардан христиандық тәжірибенің элементтерін тапқан болар еді. Бірақ әулие Хьюбертгің немесе әулие Бригаданың құрметіне жасалған рәсім жоралғылардың детальдарын табу үшін оған осы әулиелерді пір тұтатын белгілі бір адамдарды немесе жерлерді іздеп табуға тура келер еді. Дәл осы сияқты ол — киім тоқудың қыр-сыры туралы кәсіпқой сарбаздар, немесе конондық құқық туралы фермерден сұрап, ештеңе біліп мандытпас еді. Бұл тәрізді мәдени білім жүрек қалауымен таңдап алынған немесе атадан балаға мұра боп қалған мамандық салаларына қатысты. Осылайша, мәдениеттің бір бөлігін елдің барлығы меңгеруі керек болса, енді бір бөлігі - баламалы үлгілерді таңдауға мүмкіндік береді, ал келесі бір бөлігі тек нақты әлеуметтік рольдерге ғана қатысты және мұндай рольдер үшін сәйкес үлгілер де жасалынып қойылған.
Әрбір мәдениет өзіне тән түр мен мазмұнға ие, қандай да бір салт-дәстүрге ешкім тыйым сала алмайтынын және өзгерте алмайтынын шенеуніктер мен заң шығарушылар білуі тиіс. Осы принципті елемеуден, менсінбеуден туған сәтсіздіктің көзге ұрып тұрған мысалы ретінде АҚШ Конституциясына жасалған он сегізінші түзетуді айтуға болады. Спирттік ішімдіктерді сатуға заң арқылы тыйым салынды, осы заң күшіне енген кезде оның отбасы тірлігіне, саясатқа, экономикаға тигізген зардабы естен тандырарлықтай болды.
Мәдениет тұжырымдамасы ғылыми білімнің кез келген бөлігі сияқты дұрыс қолданылмауы және дұрыс түсіндірілмеуі мүмкін. Кей адамдар мәдени салыстырмалық қағидасына адамгершілікті әлсірететін нәрсе деп үрке қарайды. "Егер бұға - бұға осыны істесе, мұны біз неге істемейміз? Ақыр аяғында бәрі де салыстырмалы нәрсе". Бірақ мәдениеттегі салыстырмалылық дәл осы арада мұны білдірмейді.
Қайдағы бір алғашқы қауымдық қоғамдағы тайпалардың біріне рұқсат етілген қайсыбір іс-әрекеттің болуы дәл осы әрекетті бүкіл топтағы адамдардың жасауына болады деген соз емес. Мәдени салыстырмалылық принципі мұндай әрекетті ақтамайды. Керісінше, мәдени салыстырмалылық кез-келген жатымды немесе жағымсыз әдет-ғұрыптардың сабақтастығы. Моральдік абсолют дегеніміз адамгершіліктің мәңгі өзгермейтін қағидалары. Салыстыру әдісін қолдану бәрінен бұрын осындай абсолюттерді табу үшін қажет ғылыми құралдарды қамтамасыз етеді. Егер өмір көшін жалғастырып, ілгері апара жатқан барлық қоғам өз мүшелерінің мінез-құлық тәртібіне белгілі бір дәрежеде шектеу қоюды қажет деп табатын болса, мұның өзі моральдік кодекстің осы аспектілері шындығында да өте міндетті түрде керек деушілер үшін мықты аргумент болар еді.
"Мүмкін, жуықтағы жылдарда адамның шығу тегінің анықталуы және мәдениеттің дамуы ең ұлы жаңалықтардың бірі ретінде мойындалатын шығар; бұрын адамдар, талай ұрпақтар өмірі кезеңінде адами құндылықтар мен арман - тілектердің, алты күндерге деген құлшыныстардың тас - талқаны шығып күйрегенін тарихта таңбалаған мәдени және әлеуметтік формулалар алдында қорғансыз болып қалды. Ол мұның бәрі өте қажет және болмай қоймайтын жайлар, енді тек. бәріне мойынсынуың, өзіне тиесілі жеребені ғана қалды деп сенген еді. Енді адам да оның мәдениетінің және әлеуметтік ұйымның өзгермейтін ғарыштық процестер еместігін, әйтсе де өзгеріп туратын адам табиғаты бар екенін түсіне бастады. Демократиялық сенімдерді жүрегіне жақын тұтатындар үшін бұл жаңалық мынаны білдіреді: олар біздің мәдениетімізге және қоғамымызға жасалған жүйелі талдауды қабылдауы, сонымен бірге олардың адамзат өміріндегі және адамзат құндылықтары тұрғысынан қарағандығы маңызын сараптап, салмақтауы тиіс. Адамзат мәдениетінің тарихи қайнар көзі және мақсаты өмірдің адамдық бейнесін жасаудан туындайды. Біздің өмір сүріп отырған уақытымыздың иығында үлкен жауапкершілік салмағы жатыр: ол - ғылымның керемет жаңа ресурстарын пайдалану, осы мәдени міндеттерді орындау, адамзаттың улы дәстүрін, өз тағдырына қамқорлық дәстүрін жалғастыру жауапкершілігі".
Осылай болсын, әйтпесе басқаша түрде болсын, мәдени үрдістер табиғатын адамдар қаншалықты аша алады, олар соншалықты дәрежеде алдын ала болжай біледі, болуы мүмкін жайларға алдын ала дайындала біледі, ең болмағанда, шектеулі деңгейде болса да, жағдайға бақылау жасай біледі. Қазір америкалықтар өз тарихының қиын кезеңін бастан өткеріп отыр; қиындық мынада: мәдениеттегі айырмашылықтар фактісімен қақтығысуды соншалықты оңтайлы жағдайда өткізу мүмкін болмай отыр. Қытайлардың, орыстардың, ағылшындардың терең мәдени түсініктерін танып білу және осыған қатысты мәселелерде өзара түсіністік, төзімділік таныту үлкен парасатты, білімділікті талап етеді. Әйтсе де мәдениеттің ұлы сабағы сонда, адамның ғұмыр бойы ұмтылатын, іздейтін, сол үшін бел шеше күресетін түпкі мақсат-мұратының түп-тамырына зер салсақ, оның биология арқылы, әйтпесе тек қалыптасқан жағдай арқылы "берілмегенін" көреміз. Егер біз өзіміздің де, өзгенің де мәдениетін түсінсек, адамдардың жеткілікті дәрежеде ойшыл, жеткілікті дәрежеде саналы, жеткілікті дәрежеде қуатты болуына мүмкіндік беретін соншалықты қысылтаяң әлемде саясат ауа райы таңданарлықтай - ақ жылдам өзгеріске ұшыраған болар еді. Мәдениетті түсіну қайғы-мұң шеккен адамдардың көңілінде үміт отын жатады. Егер немістер мен жапондар өздерінің биологиялық тұқым қуалайтын қасиеттері солай болғандықтан, адам баласына тон емес аяусыздыққа барды десек, олардың бейбіт және ынтымақтастыққа бейім ұлт ретінде қайта туу перспективасынан ешқандай үміт күтуге болмас еді. Бірақ олардың қаталдыққа және өздерін - өздері дәріптеп, көкке көтеруге бейімділігі сол кезеңде қалыптасқан жағдайлардың әсерінен болды, әрине, бұған олардың мәдениеті де әсер етті, соған қарамастан, мәдениетті жоспарлы түрде тез арада өзгертуді көксейтін іс - әрекеттерге сенім артатын жалған үмітке иек артудың қажеті жоқ екенін де білеміз, бәрібір соның өзінде осы бағытта игі істер жасауға болар еді.
Автордың "ӘЛЕМ АНТРОПОЛОГ КӨЗҚАРАСЫМЕН" мақаласынан алынды