Поэзия – адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі. Поэзия - жан емі. ...
Ақын Нұркен Нұрғазының 7 өлеңі
2882
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, жаңашыл ақыны - Нұркен Нұрғазының 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
◇ шам біздің шағын ғана қалашықтың көше бағаналарының əрқайсысына Исаның денесін іліп қойғандай шам жарығы əлсін-əлсін дем алады, болар-болмас сəуле шашып. құдайдан бейхабар көшедегі балалардың күлкісінің нұры шам жарығынан қуаттырақ. ◇ түрме өмірінің мағынасыздығын өрмекші де білетін еді. бірақ біраз бұрын ол өрмекші асылып өлді. сағат тіліне. уақытты тоқтатам деп ойласа керек. ◇ аманат жарығым, менің күртешемнің сол жақ жанқалтасында өткен түннен қалып қойған қараңғылық бар. қазір ол бұлқынып, тырбанып жұлқынып жатыр басына орамал салынған қыздай еріксіз... сол қараңғылықты келер түнге жеткізуім керек, күннің сəулесіне талатып алмай оттың ыстығына құлатып алмай. тек қараңғылық жүрегіме сіңіп үлгермесе болғаны, жарығым... ◇ мейрамхана даяшы қыз мəзір ұсынғанда неліктен қобалжимын осы тағамдар тізімінде менің есімім жазылып тұрғандай? мəзірді дереу шолып шығам сосын. есімім жазылмаған. иə, менің жанымды қомағайлар əлдеқашан жеп тынған. ◇ айна сіз күн сайын айнаңыздың шөлін қандырасыз сұлулығыңыздан аямай құйып. айна опа мен далап дейтін дəмдеуіштерге де үйреніп қалған. сұлулығыңызға көз жасыңызды қосып беретін кештерде мас болып қалады ол. күлкіңіздің де дəмін татқан бірақ айна əжіміңізді көргісі келмейді, сіздің де оған көрсеткіңіз келмейді. қам жемеңіз, сіз қартайғанда айнаны қызыңыз суаратын болады. ◇ ◇ ◇ далаға қолшатыр ап шықсаңшы, бүгін ауа райы мен болып тұр. ◇ түнгі көбелектер Түн батты. Шам жақтым. Əлден уақтан соң Шамның айналасына көбелектер жинала бастады (кейбірін жазбай таныдым). Бірінен соң бірі ұшып кеп, Шам сыртындағы əйнекке соғыла бастады, тоқтаусыз. Қанаттарын сындырып алмасын деп, Шам жарығын сөндіріп қойдым. Енді түнгі көбелектер қайтпек? Айға ұшып барақ па? Өйтсе, айды да сөндіріп қоям... Бұдан былай, жарық əркімнің өз жүрегінде болсын.