Ақын Нұрбәтима Байтұрсынның 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
8181

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін ақын Нұрбәтима Байтұрсынның 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Нұрбәтима БайтұрсынАқын Нұрбәтима Байтұрсын***

Аид патша араның ашылып кетті ғой,
Көз жасы көлдей болып, көгіме жетті ғой,
Жердің үстін жер астына шақырып,
Шаршамай қызмет еттің ғой.
Сенің әлемің қанатын жайды ма?
Геяның бағы тайды ма?
Таулар қақпақ болсаңшы,
Ажалдың қарсы тұр алдына. 
Ер Төстік емеспіз қайтып оралар,
Ажалсыз демеспіз,
Титан да емеспіз,
Қара түнектен тәні топырақ болып,
Жаны ұшып жоғалар. 
Келмейді олар, келмейді олар. 
Ей Данте, айтшы, бізді көрмейді олар.
Аидтың елі адамдар өлмейді бұлай.
Өшірме оттарды, бұйырма асығыс жоқтауды.
Баласы жолына қарап отыр, 
Анам келеді деп,
Маған май-қаймақ береді деп.
Аспан жақ үнсіз,
Уран ол ешкімді көрмеген,
Өйткені: ол ешкімді көмбеген.
Көзі жоқ көкіректер анасын ембеген.
Егілген тек жер ғана,
Томпайып жатқан топырақ,
Белгісі сол ғана.
Ей Аид сенің есебің түгел ме?
Енді үнемде,
Үніміз өшпесін,
Жер үсті жер астына көшпесін,
Дәрменсіз пенделер көгеріп көктесін,
Жанарлар жасын төкпесін. 
Жалпақ әлемде жоқ сенің ниеттесің.
Сенің құрығың адамға жетпесін.
Ей Аид, тоқта! Тоқта! 
Көзімді ашамын мен сен кеткесін.

***

Мен ұйқыда жатқан кезде жапырақтар ән салған, 
Байлап қойып жанарымды жарым менің тамсанған. 
Табиғаттың тартуы деп ол да бірге ән салған. 
Сарматтардың сазы ма деп, сиқыршының назы ма деп, 
Сайқал күлкі әрбілеп, 
Сол әуенге елітіпті сан жүрек.
Одиссейдің ерлігіндей ешкім де жоқ бүл күнде 
Ей Афрадита сен сақ-сақ күлдің бе?
Арфа емес жай елеске алданған, 
Адамдардың ақылына таңданған 
Қара жерге теңіз жайып шаштарын, 
Бұл ғаламның күңірентіп аспанын. 
Долданғанмен Пасейдонның кәрі жоқ, 
Құдайлардың бәрі өтірік ақ сағым. 
Жалғыз құдай жанымда жүр жебеушім, 
Он сегіз мың ғалам әнге кенелсін. 
Құлағыма әнің келді мен ояндым, ояндым, 
Періштелер шомылатын нұрға мен де боялдым. 
Жүрегіңнің гүлзарына жол алдым, 
Сүйдім сені, сен сыйлаған жүрекпен, 
Сүйдім сені бүкіл әлем аппақ адал тілекпен.

***

Биік көкке ұмтылған менің тауым айбынды, 
Тереземнен көз салып ұмытамын қайғымды.
Эверес те емес бұл, Олимп та емес әйгілі,
Қарашаның суығын жазда еске алдырды.

Иір-иір жоталар ыңырсиды түндерде, 
Жұлдыз біткен мүлгиді, жауабы жоқ бір демге,
Күн шыққанда шағылып көз тартады алыстан,
Ай туғанда биіктен нарау қарар мұңды елге.

Бұйраланған қарлы тау,
Ақ жамылған зарлы тау.
Түнде алып мазамды,
Күндіз ұйықтап қалғы тау.
Қарағайсыз, қайыңсыз,
Бұта, бүрген ,талды тау.
Баурайыңнан өрт алып,
Қызыл от боп жанды тау.
Биігімсің сонда да еһ қарлы тау, қарлы тау.

***

Адасқан дәуірде, адасқан адамдар,
Бұл көше кетпейді санамнан.
Сан қиял жетелеп,
Жемір күн етегін ашқанда,
Жанары түннің қадалған.
Қап-қара ойлардың,
Қасықтап қаймағын,
Ұрттадың от деп,
Мен тас шайнадым.
Адасқан көшеде, адасқан саналар,
Сенің артыңнан кім бара алар?
Бағзының бейбағы,
Пенделер жолын қайдан таба алар?
Қарт қобыз жылайды,
Жырына әуен жоқ.
Шатасқан күн, айды,
Жорытарсәуем жоқ.
Біреудің құдайы
Құдай ма, басқа ма?
Шатасып өзі де тұр әні.
Жол қайда?
Жойдақсыз көшелер,
Өмірдің парызы қалай өтелер?
Сәждеден бас алмай, 
Ақырын іздейді,
Маңдайын жерден қашан көтерер?
Шатасқан көшелер,
Шимай суретпен.
Іздейді біреуді біреулер,
Түннің түндігін түрем мен,
Суретте тіл жоқ,
Аспанға қарай жүрем мен.

***

Суреттегі ғұмырымдай сыбырлап, 
Уақытымды күн ауысып, түн ұрлап. 
Көлеңкелер көрінеді тым ұзақ, 
Сұлбаларға қонақтайды тірі бақ. 

Жүрегімді іліп алып қармаққа, 
Іздеп кетем із түспеген аулаққа, 
Қара мысық жүріп өткен секілді, 
Жолдар мені жетелейді жан-жаққа. 

Еркім кеткен ессіз түнім ескірген, 
Шын бейнені таба алмай ешкімнен, 
Тағы келіп қарай берем суретке, 
Елес қуып, елес ғұмыр кештім мен. 

Сәби жүрек, ақын жүрек, жас жүрек, 
Жанарыма жүгінеді жас тілеп. 
Кең әлемді сыйғызатын кеудеме, 
Кермек татып, соға берді ащы леп. 

Өмірімде өкінетін жоқ белгі, 
Балапандай ұшырамын өткенді. 
Сені сүю бақытына жеткендей, 
Қолыма алып аялаймын көктемді.

***

Сарғайтты деп сары даланы сөкпеймін, 
Ешкімге де көз жасымды төкпеймін. 
Тегі бөлек текті аспаннан сұраймын, 
Мен не үшін мұңайдым?

Жер де жыртық, көк те жыртық көлеңке, 
Аспан жақтан бір ән салып кел ерке. 
Темір етік теңгедей боп қалмаса, 
Ала кетші мені ерте. 

Ертегідей ғұмыр кешіп шаршайын, 
Қаңбақ шал ау қонатұғын бар сайың. 
Мұратына жетер еді қаһарман. 
Туа салып өсіп кеткен ай сайын. 

Шаһар салған, қамал алған батырлар, 
Сұлу көрсе адасады ақылдан, 
Ахилестіңөкшесіндей өлшемі, 
Тесік ғұмыр тартып кетер ол сені.
Сол тинамдай пенделіктің болса емі, 
Сыйғызбайды ау жер сені.

***

Тұманды даланың күні не, түні не,
Қолымнан ұстадың сенбедім біріне,
жапырақ қалтырап құлады,
Көлеңке түсірді күніме.
Күбірлеп күңгірттеу сезімді,
Ұмытып ұлғайған кезімді.
Әйнекке жармасқан тамшыдай,
Жүрегім үзілді, езілді.
Емдетіп қайтемін жазылар,
Өмірдің аз ғана жазы бар.
Жұлдыздың арасын мекендеп,
Аспаннан көк көрпе жамылар.

author

Нұрбәтима Байтұрсын

АҚЫН

Жаңалықтар

Мамандар 23-25 қараша аралығындағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлай...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқушылар онлайн оқып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.  Облыс аумағында...