Таласбек Әсемқұлов. Оразбек Сарсеновтың күйшілік өнері туралы

МУЗЫКА
4405

Таласбек ӘсемқұловҚазақ күй өнерінде зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген бір үлкен құбылыс бар. Ол - шертпе күй деп аталатын Арқаның нақысты күйі мен төкпе күй деп аталатын батыстың болат күйінің қақтығысқан жерінде пайда болған, ұлы мектептің де ерекшеліктерін бойына сіңірген Сыр бойының дәстүрі. Әлбетте, бұл дәстүр, бұл мектеп - шертпе күй мен төкпе күйдің механикалық қосындысы емес, көне замандардан тамыр тартқан аралық дәстүр. Таза, қоспасыз күй үлгілерімен жұмыс істейтін зерттеушілердің бұл күй мектебі туралы пікір айта алмауы осыдан болса керек.

Аталмыш мектептің өз шежіресі, өз классикасы бар. Әрине, бұл тараптағы ең үлкен тұлғалар - Әлшекей мен Сүгір. Біздің заманымызда бұл дәстүрді өрістеткендер – Әйкен күйші, ағайынды Қабыл мен Дабыл Ажақаевтар, Құтбай Дүрбаев, Шағдар Ақылбеков сияқты дәулескер домбырашылар.

Біз бүгін өнерін сөз етіп отырған күйші Оразбек Сәрсенов осы топтан, аталмыш күй тарландарының заңды мұрагері.

Оразбек СарсеновОразбек Сарсенов

«Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» деген. Осы таспадағы жеті-ақ күйден оның қандай дәрежедегі домбырашы болғанын шамалау қиын емес. Оразбектің күйшілік шеберлігі өз алдына, сондай-ақ ол күй шежіресінен мол мағлұматты эрудит домбырашы. 

Мысалыға,  «Қуаныш» күйінен Динаның «Әсем қоңыры» мен Шал Мырза Тоқтаболатұлының  «Тарауыз» күйлерінің сорабы аңғарылып отырады. Шал Мырза енді ғана зерттеуге ілініп жатқан күйші. Яғни, Оразбек күйші оны бұрыннан жақсы біледі, күйіне қанық.

«Жүсіп» күйі. Қарақалпақтың ескі мақамдарына, естіртуге ұқсас.

 «Күлтір Мамай» күйінің атауы жұмбақ. Күйдің қысқаша тарихында оның «Ақтабан шұбырындыға» арналғаны айтылады. Ал қазақтың байырғы тілінде «Күлдір мамай» деп атып зеңбіректі айтады. Бұл күйді тыңдап отырғанда автордың тіпті Соқыр Есжан күйлерімен жақсы таныс екенін көресіз. Еміс-еміс «Айнам қалды» күйін елестетін шығарманы мұңлы жыр, қасіретті ән деп айтуға болады.

«Қызыл құм» - сөз жоқ осы күйлердің қатарындағы ең сүбелі шығарма. Әлдебір қамрықты әуен біресе шалқып төгіліп, біресе толғанып тұрып қалып, күмілжіген сөзді елестетеді.

«Сырласу» күйінде кульминация үлкен сағаға дейін барады. «Серпер» мен «Сәнауды» елестететін жігерлі, қажырлы күй. Ерекше, адамды елең еткізгенде паузалар мен терциялар бар.

«Мамайдың жорғасы» атты күй өте жүрдек, шынында да жорғаның жүрісіне ұқсайтын тамаша күй. 

Енді бр ерекше атайтын шығарма - «Жетіру» күйі. Күй, Сүгірдің «Ыңғайтөкпесіне» ұқсас, тіпті соның көне нұсқасы десе де болғандай. Күйдің «Жетіру» атауы туралы төмендегідей жорамалымыз бар: бүгінде Жамбыл облысының Сарысу,  Мойынқұм аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Орталық (Қарағанды) Қазақстан облысының Жаңаарқа ауданында қоныстанып отырған Жағалбайлы, Тама рулары Кіші жүздің Жетіруына кіреді. 18 ғасырда келіп аталған жерлерге қоныстанған аталмыш рулар өздерінің ата-тегін, шежіресін ұмытпаған. Күйдің «Ыңғайтөкпе» емес «Жетіру» атануы осыған меңзейді. Бұл күйді басқа емес, Оразбек күйшінің сақтап жеткізуі жоғарыда айтқанымыздай, оның күй шежіресіне жетік эрудит домбырашы екенін тағы бір рет дәлелдейді. Аталған шығармалар қазақтың күй қазынасына тыңнан келіп қосылған жаухар күйлер. Енді ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен насихаттау қажет.

Таласбек Әсемқұлов

2004 жылдың 26 шілдесі 

Оразбек Сарсеновтың 7 күйін тыңдаңыз

author

Таласбек Әсемқұлов

КҮЙШІ

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...