Ақын Шалқар Дәулеткелдінің 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
4695

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, жаңашыл ақыны - Шалқар Дәулеткелдінің 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Шалқар ДәулеткелдіАқын Шалқар ДәулеткелдіЖерлеу

Демеп пе едің тасбауыр уақыт қояды жұтып,
Кім тірліктен безбекке, 
уақыттан безбекке,
Тыншымақ табытқа түсіп.

Жерледім саусақтарымды тәнім орнына,
Жерледім тәнімді жаным орнына.
Тастың тасқа жауап айтатыны секілді,
Жапырақтың жапыраққа сыбдырлағаны.
Қайтатыны секілді топырақтың топыраққа.

Үшбу хатымды жазғанда, 
Бар мен жоқтың сызығында тұрып.
Бір ауыр сөзді құмға жазармын 
Бір ауыр естелікті...
Жомарт, кешірімшіл бір самалдың 
Шайып кететінін біліп...

Жерледім тәнімді жаным орнына,
Жерледім ауыр сөзді бір арым орнына.

ЖЕЛ

Кел,
 Сүйікті жел!
 Терең қайғы да,
 Шексіз шаттық та…
 Сыйлайды ортақ бір дүние,
 Жүректі тұтқындаған белгісіз мағына,
 Мағынасыздықты ән етті тағы да.


Кел,
 Сүйікті жел!
 Сүйіктім, сен ренжіме бұл күнде,
 Емдеді жел, өшірді жел…
 Мен аттап өтуге болмайтын,
 Сен сызған сызықты.


Тасқа таңсық емес қауырсынның құлағаны,
 Тастың құшағы тасқа жұмсақ.
 Сенде жоқ, бұнда жоқ алақанды,
 Мейірімді екі көзді –
 Сыйлады жел.


Сүйіктім, сен ренжіме!
 Еске түсірмейді сенің бір жұп қолыңды
 Бір-біріне шырмалған –
 Саусақ іздері де,
 Терезе алдында сен ұмыт қалдырған.
 Кел,
 Сүйікті жел!

(Өлім жапырақтары)

 Жүдеу жол бетін жапқан сары жапырақ,
 Табан астында үгітіліп жатыр –
 Өткен күздерді еске сап...
 Мен кетіп барамын,
 жан дүниемді табан астында жаныштап,
 Қақпа ішінде қалған айғайды еске сап...

 Сәлден кейін жел тұрмақ,
 Біздің үгітілген бөлшектерімізді,
 Жел ұшырып әкетпек.
 Бұнда еш мән қалмағандай,
 Ешкім жүріп өтпегендей...
 Ешкім айғай салмағандай...
 Өмір бізден жасырынбақ солғындап.
 Қақпа ішінде жасырынған ол кімге...
 Сыбдырлайсың өңменіңнен жел зулап.

 Тән емес бізге мінсіз жасампаздық,
 Қайта жалғай алмадым...
 Сары жапырақты үгітіп алып.

 Өтпелі бір кезең

 Мең-зеңдіктің немқұрайлыққа ұласатынына мән бермей,
 Толықтанбаған бір бостықтың кіріптар етуінен.
 Иен далада үдей түсетін құлазу сезімінің де,
 Рахатқа бөлей алатындығын...
 Мағынасыз шаттықтар кеңістігінің ұлғаюынан,
 Жылдардан бұрынғы –
 Аялдамада қалған жалғыздық сезімінің де,
 Рахатқа бөлей алатындығын...
 Қарлы әлемнен жеткен елестен
 Қурап қалған Гүлқайыр сабағында ілінген
 Мұз ішіндегі көбелектің өлі денесі
 Толықтанбаған бостықтың кіріптар етуінен...
 Жылдар өткеннен кейін есіне оралғанда –

 Саябақ ішінде жартылай күлімсіреген тас мүсіннің,
 Жарты күлкісін жасырған таныс жүзінен,
 Мүлде бейтаныс құстар ұшып жатты.
 Көше шырақтар жарығы мен таңғы сәуле арасындағы,
 Өтпелі бір кезең сынды.

Жібі үзілген батпырауық

Ілуде бір кездесетін мыңнан бір мезеттерден кейін де,
Үнсіз терезеден сыртқа қарап отырдық.
Өткен қыс күндеріндегідей қар жауған көшелерге,
Қағаз батпырауықтарға ұқсап жібі үзілген,
Қарап отырдық, одан әрі де автобус аялдамаларына –
«Мені тастама»* атты картина ілінген.

Өткен қыс күндеріндегідей
Көше сыпырушылар да,
Жол жөндеушілер де*,
Жылу жеткізушілер де
Дағдарыссыз...

Дағдарып қалдық біз ғана келесі қадамды жасауға,
Бағыт жоқ бізде...
Жүрегіміз жұмсақ сағаттардай балқыған,
Уақыт та жоғалған, майысқан тіл де...
Тыныс жоқ бізде...
Шексіз бөгеттерге де,
Мінсіз жоқтаушыға да жол ашық...

Келесі қадамды жасауға;
Сен орныңнан сыбдырсыз тұрдың тағы,
Алдыңғы қадамды қайталап,
Күнтізбенің және бір парағын жырттың...
Кейін, «Мені тастама» атты картиналар ілінген,
Аптобус аяалдамаларында тұрып,
Бір-бірімізді мүлде ұмыттық.

Өткен қыс күндеріндегідей
Қар жауған көшлерге...

*Алматыда кейбір автобус аялдамаларында «Мені тастама...!» атты картина ілініп тұратын.
**Гомердің айтуынша бір аңызда Сизифке жол жөндеу жұмысы бұйырылған дейді. (Альбер Камю «Сизиф туралы миф»)

Қалқымалы өткел

Есте қалмайтын әңгімелерді айта отырып,
Сөздердің мәңгілік кептелісінде.
Есте қалмайтын жаңалықтармен бөлісе отырып,
Сөздердің мәңгілік кептелісінде.
Жұлдыз жорамалы мен ескі күнтізбедегі болжамдар жайлы да айтамыз,
Екі ұшты күйде, баяғыда көрген түсімізді де баяндаймыз.

Кезіп өткендей болады ежелгі рух, 
желсіз ағаш басы сыбдырлағанда.
Тепе-теңдікті сақтап тұра алмаған болмыста мінсіз,

Көрші бөлмелер туралы да үзік-үзік ойға батуға болады,
Жаздың жылы түніндерінде ашық есіктері сондай ызғарлы.
Ылғи да
Екінші біреудің жанарындағы күңгірт сырға сүңгігенде,
Әлемнің кез келген бір қиырында алаңсыз өмір сүріп жатқан,
Үшінші біреудің сұлбасы көлденеңдейді.

Таңғы шық пен мезеттік қалықтаған әуен ұқсас сұлу,
Өткеннің бір үзік картинасын алдыңғы жолғыдай еске алу.
Немесе өлі тыныштыққа батқан бөлмелердің ашық есіктерінде кідіріп,
Егер сол ашық есіктердің арғы жағынан,
Бір дауыс сұраққа алса, не айта алмақпын...
Сыбдырсыз келген әлде ненің, сыбдырсыз қайтып кеткенін кеш сезінгеннен басқа.

Өлімнен де ауыр ұмыт болған бір мезгіл

Бара бара асқақтап кеттің сіңіп, сөз ішіндегі өлі елеске,
Үш жүз жыл су сорған жалбызды жағаға шығарғандай.
Суырып алғаннан кейін де жанды тәннен бөлектеп...
Өлімнен де ауыр ұмыт болған бір мезгіл.

Үміттене бастаймын тықырыңды естіп, сенер-сенбесімді білмей,
Таяп келесің...
Қыркүйек айының соңғы күндері сарғайған жапырақтар үзілген сайын
күдер үзе бастадым өлгеніңнен ұмыт болғаның ауыр тиіп,
Қайта-қайта естен танып, қайталанған сөздер үстінде.

Дақтары өшпейтін сол жылдарға қайырылу,
Осы мезеттенде ауыр тыныштыққа батырады.
Биіктен түскенде және көтерілгенде,
Алма кезек ашылған амал дәптеріне үңіліп,
Оңға бір, солға бір сенделектеп
Өліміңнен де ауыр тиер, ұмыт болған бір мезгіл...

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...