Ақын Санжар Келекенің 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
4124

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын ақыны - Санжар Келекенің 7 өлеңін ұсынамыз! Қазір Санжар Келеке түсініксіз жағдаймен темір тордың арғы жағында отыр. Бұған дейін порталда белгілі жазушы Қанат Әбілқайырдың араша түсіп, қолдау сұрап жазған "Жас ақын неге түрмеде отыр?" мақала жарияланған болатын.


Ақын Санжар Келеке
Сіз оны биік дедіңіз,
Асқақтатқаның соншалық Алатаудың да,
Аспан тіреген əз басын иіп бердіңіз.
Ару қалам, аяулы Алматымды да,
Аяғының астына қиып бердіңіз.
Аспанды да сыйлауға арланбайтындай,
Айтыңызшы, расымен сүйіп пе едіңіз?

Сіз оны ақын дедіңіз,
Басқаның бəрі жəй ғана өлеңші сынды,
Жұмбақтау жанның жырына жақын да едіңіз.
Елді əншейін сылтауғып қоса салдыңыз.
Егіліп оқып жүргесін хатын өзіңіз.
Сырыңды біліп қойдымда түңіліп кеттім ,
Табылмайтындай тосыннан ақырғы еміңіз...

Сіз оны жалғыз дедіңіз,
Жолын тосыпсың қарайлап, жарқыным енді,
Жалғызға сыңар болыңыз жалғыз өзіңіз.
Əйтпесе мынау жалғанда жалғыздар көп қой,
Құдай болмайды алайда арғы-бергіміз!

***
Өмірді Алла жазады, өлеңді ақын,
Кім бар дейсің қазағым сенен жақын?
Еленетін жерлер де еленбей қап,
Еленбейтін жерде де еленді атым.

Бірі даттап айтса да күпіршілік,
Бірі жақтап жүр мені шүкіршілік.
Мына менің жан дүнием ойрандалған,
Сырт кейпімді демес ең бүтін жігіт.

Мида соғыс, ойымда өрт астаң-кестең,
Көз алдымда жер аунап, аспан көшкен.
Өмірімді өлеңге өңгергелі,
Жазымышым бұл менің бастан кешкен.

Біреу мені бықсыққа теңеп қояр,
Құзғын емен жемтікке бөлек тояр.
Жақсы-жаман пенделер ойын айтып,
Өздігінше əйтеуір елеп қояр.

Бас қатырып оған да əлек де емен,
Тура жолдан кес-кестеп ала өтпеп ем.
Бір қазақ көңіл берсе жетер маған,
Мен ешкімнен сый-құрмет дəме етпегем.

Алаулаған отым да өшпес əлі,
Шырқамаймын жүрекке жетпес əнді.
Мына өмірде əлі де бар екем ғой,
Талайлары дәл соны еске салды.

Адамдарға рақымет сол үшін де,
Жеңілісім көп еді, жеңісім де.
Кім не десе, о, десін əй бәрібір,
Жалғандықпен келмеймін келісімге.

***
Суыл дәмін арқалап маған деген,
Сонау бір күн түрмеге,анам келген,
Мынау сенің, Сүмбеңнің иісі-ғой деп,
Үш тал жусан өзімен ала келген.

Амандықты, саулықты, айтып көпті,
Бастап еді, көзден жас тайқып кетті.
"Босама"-деп жұбатқан ару анам,
Боздап алып, ауылға қайтып кетті.

Әй, ардақты, аяулы анам менің,
Қайтсін енді, боздамай жалалы едім.
Ақталатын заң да жоқ, шындық та жоқ,
Жусанымды құшақтап қала бердім.

Жаныма жат болғасын жалған ұғым,
Ерте ұғынғам намыс пен ар қадірін.
Жусанды алғаш мұрыныма әкелгенде,
Иісі келген атамның қалпағының.

Сонда болған Сүмбе сай,таулы қырат,
Иә,сосын, момақан малды қырда.
Сонда болған әкемнің жейдесімен,
Ақ самайлы, әжемнің жаулығы да.

Жұпар иістің қадірін бұрындары,
Қалай ғана, бұл балаң ұғынбады.
Сонда, екен-ғой, апыр-ай, әтір тектес,
Арулардың білектей бұрымдары.

Мынау басқа сыйып тұр қанша мың ой,
Ми қайнатар ойлардан шаршадым-ғой.
Түтінінің өзі де жұпар шашқан,
Жусан иісті жұртымды аңсадым-ғой.

Ақ жаулығын анамның орамалын,
Аңсағасын, мұңдылау болар әнім.
Иісі қазақ ұлдарын сағынғанда,
Жусан иісін аңқытып, ораламын!

КӨЛЕҢКЕНІҢ ӨЛЕҢІ...

Аңғалдығы жанымды осатындай,
Апырым - ай,
ақ көңіл осы ақынды - ай.
Ұялының бетіне қарап отыр,
Əлде кімнен қоңырау тосатындай...

Айналасын елемес жаны қайғы ə,
Көлеңкесі мен ем ғой,
танымай ма?
Тұнжырайды апыр - ай,
несін сонша?
Несін сонша, батты екен қалың ойға?!

Тесірейіп төменге төне көзі,
О, неліктен қашты екен берекесі?
Жазымышын жазғырып іштей ғана,
Жақсылыққа əйтеуір сенеді өзі.

Ала ғой деп ұғатын ақ - қараны,
Осы бір жан өзімдей боп барады.
Ұялыға тесілген ұяң ұлға,
Ұяң қыздың жетпес-ау хат-хабары!.

Əлде біреу смс жазатындай,
Əлде біреу телефон шалатындай.
Əрі қарай білмедім не болғанын,
Батып кетті көгімде жана тұрмай!..

БІЗ ҒАНА...

Күн батырып о, несін түн бағамыз,
Таңды атырып о, несін күн бағамыз?
Аспандағы мұңлық пен зарлық сынды,
Азап кешіп о, несін мұңданамыз ?

Жауап іздеп көңілді уатқанша,
Сансыратар сананы сұрақ қанша?
Сүйіп қалғам,
Мен сені,
Сүйіп қалғам,
Сұсты мерген жұлдызын құлатқанша.

Кештен, түннен о, несін сыр бағамыз,
Таңнан, күннен о, несін жыр бағамыз?
Махаббатқа жерік боп біздерді осы,
Мұңнан туған шығар-ау мұңлы анамыз!..

Көктем көңіл əнекей көптер ізгі,
Жазғыруда көрдің бе текке күзді?
Құшақтасып боздасақ жоғалатын,
Біз ешкімге артпайық өкпемізді.

Сенімсіз деп қарамай сенген ару,
Сен деген де - езілер менде бауыр.
Пендеуилік тірлікте білесің ғой,
Періште боп күн кешу пендеге ауыр.

Мұңнан туған болсада ізгі анамыз,
Өтінемін,
Сіз енді мұңданбаңыз!
...Күнəсі көп ғаламда ғұмыр кешкен,
Сүйктісі Тəңірдің біз ғанамыз...

ҮЙ ҚАМАҚ

Т.Әбдікәкімұлына

Сезімдіге керегі жоқ ақылдың,
Солай бастау алатын-ды ақын мұң.
Бұл оқшаулау шын туайтқа келгенде,
Зынданынан қиын емес батырдың.

Құлагерге жүгін артса есектің,
Кеудеңе кеп түйілмей ме кесек мұң?
Көкеміз деп көлгірситін көк жәшік,
Зорын айтып жатыр әне өсектің.

Бір нәубеттен бір нәлетке жолығып,
Басымыз да тұрып алды сор ұлып.
Сен жатырсың үй қамаққа жабылып,
Мен жатырмын темір торға тоғылып.

У-дай ашып өртенгенде ішіміз,
Оңға ойыспай кері кетер ісіміз.
Карантин мен қара қапас сөз емес,
Біздер аға, бостандықтың құсымыз.

Мұздақ ойлар мұздатқанда ми ішін,
Тозағыңмен бірдей болар пейішің.
Қаралы дерт келген ізбен кетеді,
Қалары тек өлең дейтін вирусың.

Қазір бәрі құлаққа ұрған тым-тырыс,
Күн-ақ ертең күлері анық күн шығыс.
Туған елдің тыныштығын ойласаң,
Туған үйде жата алмассың тып-тыныш.

P.S Тыныш аға !..

28.04.20 ж

*****

Көмейімде көптен бері көмескі үн,
Белгісізбін, білмейді мені әлі ешкім.
Қанат қағып қиырға ұшқан қыранда,
Мұзбалақта,ақиықта емеспін.

Қанатым жоқ!
Қанаттылар не теңім?!
Көргем бірақ қырандардың мекенін.
Қауырсыны болар ма едім солардың?!
Жетер жерге желмен ұшып жететін.

Армандайсың батасың да әр ойға,
Арман керек,әр пендеге,адамға.
Арман менің-асқақтаған шабытым,
Армансыздар қанаттана алған ба?

Қарадалам-қасиетті қазығым,
Қайтпек керек?
Қажыдым ғой, қажыдым.
Қыран болып құзыңда ұша алмасам.
Қарғам деші, мен соғанда разымын!...

Жаңалықтар

Бәйдібек ауылында ер адам бірге тұратын әйелімен ішімдік ішіп, кейін екеуі жанжалдасып қалған. Желід...

Жаңалықтар

Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін, деп хабарлайды madeniportal.kz. ҚР СІМ...