Қуандық ШамахайұлыЖан-жағымыз көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз кең дала. Алдыда көзге ілінер жота-төбешік...
Ақын Әділет Шопеннің 7 өлеңі
5596
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін қазақ поэзиясының жас буын өкілі, жаңашыл ақыны - Әділет Шопеннің 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
***
Бояуын мұңның ұрттап ап кештен
Уақытқа сәлем жолдаймын
Жанымыз біздің - бұлттар ақ көшкен,
Бүгінгі Әділет болмаймын,
ертең...
Кешегі Өзім емеспін бүгін.
Жанарым қатқан жолменен өстім
Естелік қалайды елестің түрін,
Елестің түрін. Ол мен емеспін
Соңында, бірақ сөздер қала ма,
Сөнген ошақтай сөнеді даусың
Өзім отырам...
өзге қалада,
Жаңбырын бәлкім төгеді Маусым.
Жауады жауын... Балаша күлдім,
Астында қалып, аздан сұрадым-
Осы жолдарды, Болашағымның,
Өткен шағында жазған шығармын!
Рауан-сәуленің жарығын басып,
Бұл жырды түнде, түсімде оқыдым.
О, бәлкім менің қарыным ашып,
Асқазанымның ішінде отырмын!?.
***
Суып қалған кофедей мына жүрек,
Жүрегімді өртеші бір ақ рет
Күдігіме оранған тілек бір- ақ,
Тереземнен ай емес, түнек құлап
Кірпігіңе жас тоқып мына қайғы,
Бірақ одан ештеңе құламайды
Менің жазған бар күнәм сол ақ болды
Қолын сермеп тіршілік - шолаққолды...
Суық түнге өлеңмен түртем өмір,
Сенің күрсінісіңмен бүркенемін
Немесе мұң түбінде жатыр жүрек
Бір ақ рет сүйдірші - ақырғы рет
Келгенің - бәрін тастап мен дегенің,
Ең дұрысы ешқашан келмегенің!
***Санаң - өткен өмірді жоқтаған жақ
Жап-жарық боп жанатын тұсы - өлеңдей.
Ой ұшады төбеңнен төрттағандап
Сүйектері сөзбенен мүшеленбей.
Ауыр мұңдай бір соқпай кете алмайтын,
Жарық шамның көзінен көрінбей түн.
Өзендердей мұхитқа жете алмайтын,
Ұзын сөздей буынға бөлінбейтін.
Ауа қалды шымырлап қуысында,
Көшелердің көзінде батыпты күн?
Ал, бөлмемнің бесінші бұрышында
Өрмекшілер тоқиды уақыт жібін.
Іңір дағы келуін жыр ғып төксе,
Жалғыздығын жаныңның шертсе қыры.
Болашақтың аузынан сырғып кетсе
Сұраулы есімдіктің көпше түрі.
***
Сені сүйдім. Сүйдім де жанды ұмыттым,
Өлді бір күн..сездіріп мəңгілікті.
Мен түн үшін күрсіндім, жылағам жоқ,
Ал сен кешкі елесі жаңғырықтың.
Ұшар болсаң сөздермен неге ұшпадың,
Мен сезімнің тізгінін кері ұстадым?
Дөңгеленген төбемде жарық Айым,
Менің жаным сол Айдың теріс жағы,-
Кірпігіңде дірілдеп, бөлек тоңса,
Бəрін қайта бастауға себеп қанша?
...Өлім менің ойымнан суық емес,
Таң қалдырып көрсінші керек болса!
Көңіл қайтып барады терістіктен,
Өмірде өлең үшін деп іштік пе?
Кетер кезде жалғыздық кідіреді,
Көзіңдегі əлдебір кеңістікте...
Алды екені белгісіз арты екені,
Көп ішінде өмірім - жалқы өтеді,
...Аспанымыздың қарңғыланғаны сонша, жаным,
Артынша жұлдыздар да жарқ етеді...
2016 жыл
Ештеңе
Бесін-ді. Әлдебір көшелердің қиылысындағы арзан кафеде отырсыз.
Бағдаршам салтанатты түрде «қызылды-жасылды» көздерін жағады.
Сіз ештеңені көрмейсіз. Соқырсыз
Даяшының сізге әкелген тамағы-
Сіздің Францияда отырмағаныңызды білдіреді.
Болашаққа деген сағынышты көп сақтайды жады..
Есепшот еріксіз күлдіреді,
Бұл жердің Лондон емес екенін мәлімдейді тағы.
Сол жағыңызда минстрліктер үйі, оң жағыңызда ұлттық музей.
Немесе керісінше.
Бәрібір түкте өзгертпейтін бақыт -
Қиялыңызбен ойыңыздың өрісінше,
Төңкеріс жасауға ең қолайлы уақыт.
Шексіздікке жұтылған көшелер, адамдар өзінен безінген.
Болашақты ойлауға да миыңыз бата алады.
Сіздің бойыңыздан бұрыннан геометрияға деген әлсіздік сезілген,
Ол «Жалғыздық» деп аталады
Оқу да жоқ, жұмыста жоқ біз бе дейсіз,
Енді қайтіп өмір сүрдік ботам-ай?..
Жоқ, сіз осы жолы ешкімді іздемейсіз,
Өйткені тірі жандардан гөрі, елестер мен арxитектураны шақыру оп-оңай
Миыңызда.
****
Күлгінтүсті күнбатыс мұңға алмасқан
Көңілден көкжиекке жындар қашқан
Мен де көрер күнімді күлгін іштім,
Күдік - неке секілді біржынысты
Сосын ардың сотына шақырылдым,
Артқы есігі ашық қап ақылымның
Сайтан шашын екіге аспан өріп,
Жалғыздығым жиырма бес жасқа келіп -
Мұңаямын.
Қырсығып күлмей құрбым...
Бүгін үйге қонам ба?
Білмей тұрмын...
***
...Бұл немене өмірдің соңы ма еді?!.
Тұла бойымнан тылсым - нұр төгіледі..
Қарсы келген қайғының бет - әлпеті,
Сондай әсем көрінеді!..
Неге ендеше жанымыз налымақшы?!
Өкінумен не ұтып,жарымақсың?!
Көрген қайғың, шеккен мұң, сатқындықта,--
Бәрі де бәрі жақсы!..
Керек емес сондықтан дандайсуың?!
Жалындамай, жете алмай, жанбай, суу...
"Өмір-ғажап" деп айтшы осы бастан,--
Өлімді де қарашы, қандай сұлу!