ЭссеӨтежан Нұрғалиев туралы сырӨмірде қатты опынатын жәйттер әркімнің басында кездесуі мүмкін. Менің...
Гүлманат Әуелхан: Жапырақтар жанарына түнегем...
Көңілімнің ақ жауыны жаумаған
Түстік жаққа барады ұшып қаз жылап,
Кеңістікті қанатымен қазғылап.
Сағыныштың салмағын сап сары күз,
Құлазыған қуаң тартты жазғы бақ.
Сабыры жоқ мынау сойқан көңілге,
Сарсаңдықтың азабы да аз бірақ.
Мен аспанның тіке қарап көзінен,
Бір әлсіздік барлығынан безінгем.
Боз жусаны бұрқыраған боз далам,
Боз інгеннің боздауындай сезінген.
Аспан жердің арасында сан ғасыр,
Қаншама үміт қанат қақпай көз ілген.
Рухы өлгенбе?!
күрсінеді тау далам,
Бір марғаулық масылдық бар жаулаған.
Күннің ұзын кірпігіне оралып,
Ақша бұлттар көкжиекте аунаған.
Жел көтерген жеңіл бұлттай салмағын,
Көңілімнің ақ жауыны жаумаған...
Көктемгі көңіл
Адастырма о, ұлы асыл үміт,
Көкжал болып шақырды ғасыр ұлып.
Менің тәтті шақтарым жоғалмашы,
Жылғасына жылдардың жасырынып.
Сұлу еді сол шағым, мөлдір еді,
Көк көйлегі көктемнің көлбіреді.
Түрлі гүлдің тозаңы тұншықтырып,
Жапырақтың қойнына көмді мені.
Жасырды да жылдардың нала мұңын,
Дархан көңіл жазады дала жырын.
Бура бұлттар бусанып көшіп барат,
бұлдыр елес бұлаңдап балалығым.
Ақжауыны-ай, жанымның себелеген,
Қуат алам бойыма сенен ӨЛЕҢ.
Алыс қырда қол бұлғап қалған көктем,
Гүл шырынын ұрлаған көбелек ең.
Тырбынамда тірліктің әуресімен,
Емделемін ғарыштың сәулесімен.
Тәп-тәтті бір елестер қалып қойды,
Тамылжыған тамаша тау кешінен
Күзгі жаңбыр
Күзгі жаңбыр жауып тұрды, күзгі шақ,
Жүрегімді жылтсын қайдан мұз құшақ.
Дала жатты сағыныштан жүдеген,
Төркініне жете алмаған қызға ұқсап.
Дәрменім жоқ, енді менің күшім кем,
Бәріне де нәлет айттым ішімнен.
Сұрғылт аспан жанарынан мұң тамып,
Күзде сыңай танытқандай түсінген..
Сары жапырақ дірілдеді жүрегім,
Ауырлықты көтермейсің білемін.
Тәңірімнен үнсіз ғана тіледім,
Жан жарамның табар ма деп бір емін.
Тіл қатпады мылқау түн, үнсіз дала,
Түсінгендей табиғат тілсіз ғана.
Түнегінің түбіне батады да,
Тымырая қарады түн сыздана.
***
Баса алмай кеудемдегі жарылысты,
Көңілдің көгершіні тағы да ұшты.
Кірпігімді тіреу ғып көтеремін,
Кілкіген көзімдегі сағынышты.
Дархандық сыйлар маған дала мынау,
Өртеніп әлі талай жанамын - ау.
Байлаусыз ғұмырыңның жетегінде,
Тайлақтай бұйдалаған барамын- ау.
Жазсам деп көп құлшындым сетер өлең,
Тәңірге жүректегі төтелегем.
Бақыттың қайда екенін табам іздеп,
Бір сиқыр мені көкке жетелеген.
Шешен жыр елдің жағын аштырмаған,
Бажа өмір қалжыңы көп бас тырнаған.
Қой мінез қоңырлығым кетті қашып,
Азуын ақситқанда қасқыр ғалам.
Өң мен түс
Өң мен түс арасында аласұрып,
Тіледі жүрегімді қарасуық.
Көңілдің жер тарпиды арғымағы,
Шайнаған ауыздығын таңасырып.
Жанымда кілкіп тұрған сағынышым,
Қиялдың қырларынан ары асырып.
...Өткеннің жел мүжіген елестерін,
Өбеді маңдайымнан көмескі ерін.
Жапанда жалғыз қалған бәйтеректің,
Ең соңғы жапырағы емеспе едім...
Жүрегімді шомылдырып шуаққа
Ақ бұлттарға оранып ап түсімде,
Шексіздіктің әлемнің ішінде.
Жүрегімді шомылдырып шуаққа,
Ғұмыр кешем бұлдыр қиял пішінде.
Жұдырықтай жүрек деген түрменің,
Тұтқыны едім, ішке жұтқан түн демін.
Күрсінтеді желмаядай желісті,
Зулап өткен күндерім...
Жүріп өтті замананың көші мың,
Жаратқаннан сұрайтындай кешірім.
Ғасырлардың көмейінде тұншыққан,
Бір ғаріптің жазбақ па екен есімін.
Мәңгіліктің өшпес жырын жазамын,
Ең ғажайып, менің тәтті азабым.
Сәулелерін шашыратты Ай сұлу,
Сездірмекке ғажабын...
Жүрегіме ұя салды ымыртта
Сарғайғанда, сағыныштан гүл өрем,
Жапырақтар жанарына түнегем.
Жүрегіме ұя салды ымыртта,
Ғарыш жақтан ұшып келіп бір өлең.
Аспан жақтан келді тылсым бір хабар,
Бұтақтарда қатқан сүңгі сырғалар.
Менсіз дағы мынау ғажап дүние,
Мың ақынның жүрегі боп жырланар.
Қысқы бақтың ішін тінтіп кеземін,
Өртеймінде өмір қыздың өзегін.
Қоңыр күзде қош айтысқан арманнның,
Көктем болып ораларын сеземін.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Бойдағы бар сабырымнан тоналып.
Жүрегімді теліп арман ,үмітке,
Бір бағытқа бара жатам жол алып.
Ұшырдым көңіл құсын
Ұшырдым көңіл құсын саған қарай,
Қалауын бұл жүректің табам қалай.
Үміт қуып үздігіп өмір бойы,
Арман қуып аһ ұрған адамдар-ай.
Шынымен тұрады өмір сағынудан,
Шаршадым сағым оймен сабылудан.
Сарғайған ғұмырымның күзгі бағы,
Жалынсыз жан жүдейді жабығудан.
Шертілер шерменделер күйі бөлек,
Бір әуен бебеулеген жиі келет.
Тұншыққан жөргегінде қайран арман,
Өтер ау сені жаным сүйіп ерек.
Иеді басын жерге налалы емен,
Жөңкілет сағым кілкіп даламенен.
Қош айтып қоңыр күздің аспанна,
Қаздардың қанатында барады өлең...
...Ұшырам көңіл құсын саған қарай,
Қалауын бұл жүректің табам қалай.
Үміт қуып үздігіп өмір бойы,
Арман қуып аһ ұрған адамдар-ай...
Терезе алдындағы раушан гүлі
Терезе алдында тұрды гүл,
Сарғайып еріні кезерген.
Жүректен төгілер мұңлы жыр,
Менімен жаның бір сезем мен.
Көзімде көктемнің елесі,
Жанымды неліктен өртедің.
Жылжиды өмірдің кемесі,
Батқанда келте күн.
Раушан гүлі еді тым сұлу,
Інкәрлік бойына сіңірген.
Жүректен жойылған құлшыну,
Бір хабар күтетін іңірден.
Раушан қиялым елтеді,
Бір сезім сыбырлап шақырып.
Көңілдің мұң күйін шертеді.
Жүрегім аһ ұрып.
Ығыр боп тірліктен мазасыз,
Жек көргем бір кезде қаланы.
Кім қалар тәңірден жазамыз.
Ғасырда ...налалы...
Көк пен жер
Қасқайып тұрды көк аспан,
Шуағын төгіп тым асқақ.
Жер ару мыңдап бұлақтан,
Бұрымын жайды құлаштап.
Осылай ғана көк пен жер,
Сезімін үнсіз жасырып.
Ғарышқа кетті бір сәуле,
Арманын айдан асырып.
Ақ жауын жауса сіркіреп,
Көк пенен жердің сүйісі.
Жауқазын жүрек бүр жарар,
Бұрқырап жердің иісі.
Кеудемнен ұшты мың кептер,
Қош айтып маған сан арман.
Көк пенен жердің тіршілік,
Махаббатынан жаралған.
Бозамық айды куә ғып,
Бердім дейді аспан сертімді.
Көңілге бүгіп бар мұңын,
Көзіне жердің көл тұнды.
Мұнартты аспан күзгі шақ,
Ұзатып көшті қаралы.
Күрсініп сонда жер мұңлық,
Көз алмай ұзақ қарады...
ЛӘЙЛІ ЖҮРЕК
Құлазыды көңілдің гүлді бағы,
Шымырап қарашығыма түн құлады.
Көңілімнің көмескі терезесін,
Сағыныштың елесі ұрғылады.
Ләйлі жүрек сарғайды сағынудан,
Саналарда кілкіген сабылуда ән.
Мына өмір шынымен тұратындай,
Ұмыту мен жоғалту, таблудан.
Қызықтырмай тірліктің байлығы мың,
Жүрегімнің жасырам қайғы мұңын.
Мәжүн жүрек жырлаудан жалыққан ау,
Мәңгі бітпес ғашықтық ләйлі жырын.
Құлазыды көңілдің мұңлы бағы,
Шымырап қарашығыма түн құлады.
Көңілімнің көмескі терезесін,
Есерліктің елесі ұрғылады.
Қиялдағы қымббаттым
Маған мұңын шағатұғын түн сырлы,
Көк аспанда құлазыды күрсінді.
Сен алыстап кеттің неге арманым,
Уысымнан сусып түскен құм сынды.
Ойларыңды орағытып ең үздік,
Толқыттың ба сезіміңді теңіз ғып.
Маған ылғи тіл қатасың бір тілсім,
Жүрегіме жүрегімді егіз ғып.
Жан сырыңды боласыңда жайып боп,
Жоғаласың ал сонан соң ғайып боп.
Ақталасың қайта бірде көрініп,
Дейсің мына жүрегімде айып көп.
Адастырмас қайда апарар бұл ағын,
Бебеулесе бір сиқыр күш бұла мұң.
Менің селдей сезіміме есеп бер,
Уақыттың кері бұрап құлағын.
Таңдар атты тағдырыма табыстап,
Арманымды кетті қиял ғарышқа ап.
Шаттық іздеп кеттіңбе сен қымбаттым,
Менің мұңлы әлемімнен алыстап.
Қиялдағы қымбаттым...