Қолым жұмыстан қалт еткенде, әкемнің жазған дүниелерін компьютерге теріп жатқан жағдайым бар. Кеше ә...
Ақын Алтынғадыс Күнтуғанұлының 7 өлеңі
4945
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін қазақ поэзиясының жас буын өкілі, жаңашыл ақыны - Алтынғадыс Күнтуғанұлының 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
КҮЗГІ ЦИКЛ I Жол бойына мұң жаудырып сап-сары, Жапырақтар, ауыртпаңдар жанымды. Қалай қорғап қалам күзден бақшаны, Жан дүниесі қурап кеткен кәдімгі. Қою сары оймен бояп әр өңін, Ес ішінде ессіз елес желген-ді... Еш керексіз жапырақтай әлемім, Жел сыпырып жатыр әне кеудемді. Түсін бұзған уақыттай өзгеріп, Қыргүйек те ренжулі, ұқты ішім?! Біз өмірден қандай көктем көздедік, Жүрек жатыр жапырақтай бүк түсіп... Осы жолда сан мың мезгіл адасқан, Аңдаусызда күз келерін сезінбей... Уақ-уақ мөлт етеді көк аспан, Ғашық жанның көзіндей! II Шаңырақтың ернеуіндей жиектен, Ай жылжиды құс жолына сүт жағып. Шөптің демін жел өткізіп сүйектен, Күздің дерті жапыраққа жұқты анық... Еңсені езген ойлы аспанды көтеріп, Қою бұлттар төбемізде зорға тұр. Кәрі дала ауық-ауық жөтеліп, Табанымда сан тапталған жол жатыр. Қурап түсіп ағаштағы бар арман, Көше бойы жапырақтар төгілген. Етегіме жалынышпен оралған, Күзді қайтем, Күзді қайтем, Егілген?! *** Ой ішінде от тұтатып сыз демі, Көше кезіп кетті жанның ізгі өңі... Жосып барады қара жолдың бойымен, Құшаққа алып Күз мені. Күз. Ол - менің жалғыздығым жабыққан, Ұмтылатын түн қойнынан жарыққа əм. Қала ішінде адам төзбес суреттер, Көз тайдырып, жанарым да қарыққан. Қою бұлтқа шөгіп алып зілдей Күн, Күздің ащы дауысынан гүлейді үн... Жапырақты таптап келем кінəсіз, Күнə ма екен бұл қылығым, білмеймін?! Білмеймін! *** Шығарып сап алысқа қара қызды, Бір қимастық билеген сананы ізгі... Жапырағын жел жұлып еңіреген, Жұбата алмай қойғанмын бала күзді. Ертең мен де кетемін Өскеменге, Ұзақ қарап ұлы жер, өскен елге. Алыста қап, қара қыз, қараша үйім, Сағынышқа тұншыққан ес дегенде... Үйіріліп бүгінгі кешке де сыз, (Уақыт аға, керуен көшке ересіз.) Қалдырып осы жаққа жүрегімді, Кетемін, тас қалаға ештеңесіз. Ымырт қонып бұтаға андыз бұрым, Төгіп отыр жапырақ сансыз мұңын. Мені алдымнан күтеді қолын соғып, Езуі жыйырылған Жалғыздығым. *** Боз торғайдың тәтті үні шырылдап, Кеңістікке шашылады тарап үн. Үнсіз бүрлеп келер ұрпақ – құлын бақ, Өзен ұрттап айдың әлсіз арайын. Қара бұлттар көктен құлап шірік іш, Жұлдыз ақты төбе құйқам тілініп. Әлеміме жаңбыр жауды. Құбылыс... Ақ аспанның сәби иісін сіңіріп. Түнді біреу күзетеді тасадан, Қаңғып кеткен ғаламда... Мен ғарыштық бақытымды жасағам, Жұпар көңге аунап алып әманда. Мамықтай түн құшағына қарсы алып, Батыс шеттен нұр тамады шырынды, Жүрегіме жасырамын арпалып... Жер мен Көкке сыймайтұғын мұңымды. Жалғыздық пəлсапасы Жолға қарап жанарың талыққанда, Сүйрелейсің өзіңді жарық таңға. Жалғыздықты құшақтап алғың келер, Жақыныңнан көңіл қап жабыққанда. Түсінетін жаныңды өлең ізгі, Сия толы мұңымнан кеме жүзді. Жалғыздықты жек көрем деген сайын, Жақсы көре береді неге бізді?! Көңіл салқын, сенім де шытынаған, Өзі тілеп қашырар құтын адам... Қандай күйде жүрсеңде бір қалмайтын, Жалғыздық бар өмірде, шүкір оған. Ішіңдегі нала-лай, құса-құла, Суық сөздер тағдырдың пышағы ма? Жалғыздық та шаршаған күні, сірə, Өлім бізді алады құшағына. СУЫҚ Алақанға Айдың мұңын жұқтырып, Жұлдыз ағар өмір мəнін ұқтырып. Түн келгенде қаламымды қинаймын, Ой көшіріп өзегінен сұп-суық... Түн де суық, Гүл де суық бақтағы, Суып біткен жаратылыс оттары. Жылуыңды берген сайын суытар, Қандай ғажап дүниенің қатпары?! Əлем салқын, ішім тоңып жүдеген, Күндерімде салқындыр бар үдеген. Айнадағы өз бейнемді танымай, "Неткен суық"- деп айғайлап жіберем. Ғасыр дерті тоңазыған ауыр мұң, Көкжиектен сырғанайды дауыл-күн. Жан қарыған суық сөздер демінен, Жүрегіме салқын тиіп ауырдым. Сызға оранып атар тағы жуық таң, Қалай-қалай төгіледі уытты əн... Мен о, баста ыстық едім негізі, Сөздерменен көздер шығар суытқан.