*** жүрегім жүрегіңмен үндеседі, үнсіз ғана сүйеді, тілдеседі... сөздерің – сағым тұнған са...
Стивен Хокинг & Серікбол Қондыбай: уақыттың бастауын іздеу
«Разум, однажды расширивший свои границы,
никогда не вернется в прежние».
Альберт Эйнштейн
«Человек - самая слабая в природе тростинка,
но это тростинка мыслящая».
Блез Паскаль
Блез Паскаль – адамзат ғылыми ойына үлес қосқан, өзінің экзистенциалдық-философиялық тосын ойларымен аты шыққан ойшыл. Жасынан аурушаң болған Паскаль математикаға (Паскаль теоремасы) үлкен үлес қосты, есептеу машинасын ойлап тапты. Соған қарамастан өзінің ғаламның шексіздігінен үрейін жасырмады: «это вечное молчание безграничных пространств ужасает меня». Адамның құдіреті оның ақыл ойында деген тұжырымға келіп, өмірінің ақырында құдайға құлшылық етіп 1662 жылдың 19 тамызында дүниеден озды, ол бар болғаны 39 жаста еді.
Стивен Уильям Хокинг 1942 жылы 8 қаңтарда дүниеге келіп, 2018 жылы 14 наурызда дүниеден өткен ағылшын физик-теоретигі, астрофизик. Оксфордты бітірген. 1960 жылдан мотор нейроны ауруы деген диагноз қойылып, 1963 жылы бір-екі жыл өмірі қалды деген қатал диагнозға қарамастан ұзақ өмір сүрді. Денесінің бәрі жансызданған оның ең соңында оң қолының сұқ саусағы ғана қимылдайтын болған, соның өзі мүгедек креслосы мен дауысынан айырылған оның орнына сөйлейтін компьютерді басқаруға жараған. Соған қарамастан ол әлемдік ғылымға тың ойлар әкеліп, бірнеше, соның ішінде «Уақыттың қысқаша тарихы» аталатын атақты кітабын жазып және үш балаға әке болып, екі рет үйленіп үлгерді. Әлемнің меңіреу тыныштығы Паскальда үрей шақырса, Хокингті керісінше ғаламның негізгі сыры, тылсымы- оның пайда болуы, басталуы қызықтырды.
Оның бүкіл өмірі кез-келген сәтте тап келетін өлімді күтумен өтті. Бұл Ясперсше шекаралық жағдайдағы қыл үстіндегі өмір еді, бірақ өлімнің өзі ақыры оны бір сәтте емес, тәнін біртіндеп алып қана жеңді, дегенмен оның алапат миы көп жылғы жау шабуылына төтеп беріп, ең соңынан құлаған қорғанға ұқсайтын еді. Сондықтан оның өзі: «Мен өмірімнің көп бөлігін ерте келер өлімді күтіп өткіздім, сондықтан уақыт мен үшін қымбат еді» - деген екен. Осыдан болар «уақыт» ол үшін тек физикалық немесе астрофизикалық қана емес, экзистенциалдық мәні бар ұғым еді. Дегенмен ол осы мерзімді ғаламның уақытын бағамдауға жұмсады. Осындай күйге түскен жай пенде тек экзистенциалдық дәрменсіздік пен үмітсіз өлімді күтумен өтер ме еді, кім білсін. Ал Хокинг шипасыз аурумен алысқан өмірін ондай ұсақ-түйекке емес, шексіз ғаламның сырын, уақыттың бастауын табуға жұмсады.
Серікбол Қондыбай
«Қолымның қозғалысын, ептілігін жоғалтқандықтан мен оның (әлемнің) қалай тіршілік етуін көруге тырысып, әлемді өз ақылыммен шарлауға мәжбүр болдым». Тағы бір жерде ол былай дейді: «Менің теориялық физиканы таңдауымнан да жолым болды, себебі ол түгелімен басыма сиятын еді. Сондықтан менің дене дәрменсіздігім ондай маңызды минус болмады». Осыдан келіп ол өзінің мақсатын да анық қояды: «Менің мақсатым Ғаламды толықтай түсінуге жету, неге ол осындай, қазіргі күйіндегідей және неге ол жалпы өмір сүруде». Ең қызығы, нағыз ғалым ретінде ол барлық нәрсеге әлдебір ғаламдық өлшемдерді қолданды. Өзінің мүгедектігіне де осы тұрғыдан қарады: «Адам нәсілінің Ғаламмен салыстырғанда түкке тұрмайтыны сондай, мүгедектік үлкен космостық мәнге ие емес».
Оның тұжырымдауынша, бүкіл ғаламның бастауы-сингулярлық нүкте. Сингулярлық-тығыз, шексіз масса мен гравитациядан құралған, әлемді сыйғызған құйттай нүкте. Қазіргі физикадағы үлкен жарылыс теориясына сүйенсек осы бір бөлшектің жарылысынан осынау ғалам пайда құралған. Демек ғалам әуелгі осы бөлшектен пайда болған. Сондықтан Үлкен Жарылысты уақыттың бастауы деуге болады. Ал одан бұрынғы уақытты айқындау мүмкін емес. Оның өзі 14 миллиард жылдай бұрын болған деп жорамалданады. Хокинг уақытты Үлкен Жарылыстан бастайды.
Қазіргі философияның түсінігінше, сингулярлық деген бүкіл ғаламды бойына жинаған, әлемнің бастауы болып табылатын нүкте. Демек, ол нүкте ғаламның бастауы болса тіршіліктің де бастауы болғаны. Хокинг атеист ғалым ретінде құдайдың әу бастағы жаратушылығын мойындамайды: «Құдай Ғаламды жеті күнде жаратуы мүмкін емес еді, себебі оның уақыты болған жоқ, үйткені Үлкен жарылысқа дейін уақыт деген болмаған». Демек, ештеңе болмаса, уақытта, кеңістікте жоқ. Ал ғаламның жаратылуының себебі оның өзінде: «Гравитация сияқты күштің болуы себепті Ғалам өзін өзі жаратуға да мүмкіндігі болды. Өз бетімен жаратылыс - ғаламның болуының, біздің тіршілік етуіміздің себебі болып табылады. От «тұтатып», Әлемге жұмыс істету үшін Құдайға деген ешқандай мұқтаждық жоқ». Сингулярлық күйінен шыққан ғалам кеңейе бастайды. Одан әрі ғалым «қара құрдым», «кеңеюші ғалам» сияқты идеяларды таратады.
Стивен Хокинг 50 жылдай арбаға таңылып, Лондонның ортасында, Вестминстер аббаттығында, кітабында «коварный, желчный» атаған, бірақ өзі ұлылығын мойындап, тіпті содан қолған кафедраны басқарған Исаак Ньютон мен Чарльз Дарвин сияқты екі ғұламаның бейттері ортасынан мәңгілік мекен тапты.
Философиямен жақсы таныс болған Хокинг өзінің қазіргі философтарға көзқарасын сыни, тіпті олардың тарапынан ренгіш туғызардай түрде білдіреді: «Философы же, чья работа в том и состоит, чтобы задавать вопрос «почему», не могут угнаться за развитием научных теорий. В XVIII в. философы считали всё человеческое знание, в том числе и науку, полем своей деятельности и занимались обсуждением вопросов типа: было ли у Вселенной начало? Но расчёты и математический аппарат науки XIX и XX вв. стали слишком сложны для философов и вообще для всех, кроме специалистов. Философы настолько сузили круг своих запросов, что самый известный философ нашего века Витгенштейн по этому поводу сказал: «Единственное, что ещё остаётся философии, — это анализ языка». Какое унижение для философии с её великими традициями от Аристотеля до Канта!“
Міне, философ болмаса да тілдік анализді өзінің ғаламды игеру ізденісінің негізіне айналдырған адамның бірі қазақ мифологі Серікбол Қондыбай болды. Оның философтарға қаратып айтқан осы бір сыни сөзі Қондыбайға да қатысты болып көрінеді. Бірақ олардың арасында ұқсастық та аз емес еді. Біріншісі, арбаға таңылған тағдыр ұқсастығы, екіншісі, ізденіс ұқсастығы, үшіншісі, алапат ақылдың шексіз ғаламның сырын игеруге ұмтылысы, төртінші, шексіз әлемді дәл сондай шексіз ақыл-оймен игеруі, бесіншіден, мұқалмайтын жігер мен рух.
Қондыбай Ғаламның жаралуы туралы мифтің бірін, тілдік-мифтік вариантын ұсынды. Оның теориясының қатаң ғылыми теория тұрғысынан ақиқат немесе жалғандығына қарамастан ол ғалам жаратылысын өз бетінше түсіндіргісі келген ғажап ақыл иелерінің бірі болып қала береді. Ғалам жаратылысы жайлы көп болжамның немесе мифтің бірі Серікбол арқасында дей-түріктің тарихқа ие болып шықты.
Серікбол Әділбекұлы Қондыбай Маңғыстаудың Қарақия ауданы, Құрық кентінде 1968 жылы 14 наурызда дүниеге келіп, 2004 жылдың 24 тамызында қайтыс болды. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазұудың география факультетін бітірген. Өзінің 36 жыл өмірінің 9 жылын төсекке, креслоға таңулы өткізіп, 16 том кітап жазды. С.Қондыбай өзінің тағдырын, мойнына түскен ауыртпалықты өзіне берілген ерекше миссия ретінде түсінді: «Осы жұмысымды атқару үшін Алла тағала мені әдейілеп осылай арбаға таңып қойды. Әйтпесе, кәдімгі денім сау адам болсам, мұны атқаруға менің уақытым да, құлқым да болмас еді». Тіршіліктегі кәдімгі пенденің өмірінің көбін жұтып қоятын тұрмыстық Сизиф жазасынан құтылған ол қалған 9 жыл қысқа өмірін ғылымға бағыштады. Екеуі де ғаламның жаралу тарихын өздерінің дәрменсіз тәніне қарамастан алапат миы, тегеурінді ақылымен шешкісі келді. Екеуі де ғаламның жаралуы, уақыттың бастауын іздеу бақыты бұйырғандардың сапынан еді. Қондыбай өз концепциясында жаратушының немесе Нұрдың ғаламның бастауы болғанына сеніммен қарады. Сондықтан оның түсіндірмесінде ғаламның тарихы символдар арқылы беріліп, «көресін» және «көрілмес» түрінде бөлінеді. Дүниені бейнелеудегі универсал символдарды нүкте мен шеңберді алады. Нүкте- абсолют, принцип. «Нұр- құдайдың бұйрығының келбеті, жасампаздық қаракетіне пайдаланған ілкі материал» -дейді. Ол өзінің эклектикалық көзқарасында– «интегралдық дәстүршілдік» бағытының негізін салушы Р.Генонға көп сүйенеді.
Әу баста ғаламда ештеңе болмаған. Нүкте-ғаламның түп нұсқасы, яғни, ол-протокосмос. Ғалам нүктеден шығады, тарайды. Нүктені ол «ештеңе» деген сөзбен шендестіреді. ЕҢ-ғалам, космос. Ең-ғалам- «ештен» жаратылады. Еш (ЕҢТ)-ғаламның бастапқы, ілкі нүктелік күй, көрілмесі. Демек, ЕҢТ-жаратушы, Ең- жаралған, көрінетін әлем. Нүкте (Еңт) мен шеңбер (Ең). Олардың айырмашылығы- «т» праформасында-дейді ғалым. Ол бағытты, қозғалысты білдіретін «универсал септік жалғауы». Оны үнді еуропа тілдеріндегі «ent» түбірімен байланыстырады. Бірақ ол түбірдің өзі дей-түркілік «ең»-түбірі мен «т» жалғауынан шығады. Автордың ойынша осы екеуінде байырғы «ғалам жаралу оқиғасы» ақпараты астарланған. Ол әлемнің нүктеден шығуын тілден іздейді. Ғаламның жаратылуы жайлы ақпарат тек тілде ғана сақталған, сондықтан тіл(дерден) сол ізді іздеу керек деп санайды. Дей-түркілік прото түбірден ол үндіеуропа тілдеріне тараған. Әлемдегі тілдер қанша өзгерсе де сонау бағзы, алғашқы уақыттағы ақпаратты ішіне бүгіп келген. Демек, оның нүктесі-Хокингтің сингулярлық нүктесінің алғашқы бейнеленуі. Ол нүкте туралы адамзат ғылым шарықтап дамыған соңғы ғасырда біліп жатырса, тіл ол туралы ақпаратты ғасырлар бойы кодтап өзі бойынша сақтап келген.
Мүмкін, Хокинг немесе одан бұрынғы физик ғалымдар бұл ақпаратты лингвистикадан іздесе ертерек ашар ма еді кім білсін? Бірақ, жоғарыда оның тілдік зерттеу жөніндегі теріс пікірін көрдік. Сондықтан белгілі физик пен лириктің антиподы жайлы әзілде жайдан жай шықпаған шығар деген оймен шектелеміз. Бірақ С.Қондыбай бұл идеяға мүлдем әзілсіз, нық сеніммен қарайды және тілдегі жасырын ишараны физикамен дәйектеуге тырысты. «1995 жылы апатқа ұшырап, үш-төрт ай ауруханада, тағы үш ай Ақтауда жаттым. Ол уақыт жөнінде ойыма алғым да, жазғым да келмейді. Ауруханада жатып, өзімнің сол кездегі 27 жасыма дейін не істеп, не істемегендерімді есіме алдым. Құрған отау жоқ, артта қалар ұрпақ та жоқ. Дерт дертімен, енді бұл жалғаннан осылайша жатып-жатып кете бермекпін бе?- деген ой мазалай бастаған еді... Міне, сол кездерде өлім туралы ойлай бастадым. “Көпірден құлап, ес-түсімді білмей жатқанымда, құдайым алып кетпей, неліктен мынадай күйге түсіріп кетті екен” деген ой жетегінде болып, барлық болмысқа кіжінеген сәттерім көбейе түсті. Ең болмаса осы жаз бойына азаппен жағаласа отырып, мифологиямды жазып, қолжазбасын қалдырайын, күндердің күні, жылдардың жылында жарық көрер, содан кейін осылай өзімді де, өзгені де азапқа сала бергенше 1997-нің басталуын күтпей тезірек өліп кетейін» деп ойлап, қаптаған жараның үстінде отырып білгендерімді, тапқаным мен түсінгенімді қағазға түсіре бастадым»
С.Қондыбайға құдай қозғалу, жүру мүмкіндігінен айырғаннан кейін басқа бақыт сыйлады. Ол ойлау, қиял, шабыт, талмай ізденіс бақыты. Кемістік феномені, шектеулі дене мүмкіндігі шексіз ақыл қызметіне импульс берді. Адамның дене күші ақылға жиналғанда ол энергияның тығыздалуы мен қызуы, қысымы, рухани жарылыс сияқты интеллектуалдық құбылысқа әкелді.
Бұл дүниеде адам мен адам кездесуі болжам, ықтимал нәрсе ғана, ал оймен ойдың кездесуі ешбір талас немесе таңданыс тудырмаса керекті. Әлемді шарлаған гипермәтіннің шексіз кеңістігінде Шетпенің арбаға таңылып, дүниенің тылсымын ашуды өзіне ермек еткен, осы дүниеде қашан дәмі таусыларын күткен баласы Хокингтің идеясына тап болады. Тап болғанда тікелей емес. Құдайдың өз идеясына, ғаламның жаратылысына қатысына күмәндана қараған, атеист ағылшынның көзқарасы оған ислам діні арқылы жанамалай жетеді. Жеткенде қазақтың ғылым мен дінді ұштастыруға талпынған ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбыраевтің бір мақаласы арқылы жетеді.(«Шапағат нұр» ислам тану журналы, №11, 2001 ж.) Қондыбай осы мақаладағы Саят баяндаған Хокингтің пікіріне сілтеме жасайды. Онда Ыбыраев Хокинг жайлы мәлімет беріп, оның қазіргі мықты ғалым екенін, оның арбада көп жылдар таңылып отырғанын да айта кетеді. «1979 жылы сэр Иссак Ньютонның кафедрасын сыйға алған Стивен Хокинг 21 жасынан бастап қимыл-қозғалыстан мүлдем қалып, мүгедекке айналған. Сөйтсе де өмірге құштарлықтың үлгісін танытқан бірегей ғалым айналасындағы қол-аяғы сау адамдардың бәрін өзінің өмір сүргіш оптимизмімен жігерлендіріп отырады екен».
Қондыбай алыстағы ағылшын ғалымының тағдыры да өзіне ұқсас екендігі жөнінде еңтеңе айтпайды. Тек Ыбыраевтің Хокинг идеясы жайлы сөздерін сөзбе-сөз келтіріп кетеді. Сүйтіп ағылшын физигінің де әлем жаралғанда бір нүктеден бастау алғанын және үлкен жарылыстың себебімен әлемнің таралғанын айтқанын, оған дейін «ештеңе» болмағаны жайлы сөзін өзінің нүкте жайлы болжамына дәлелге келтіреді. Ал Ыбыраев осы уақыттың бастауы болғанын, одан бұрынғының адамға беймәлім екенін айтып, құранның сөздеріне сілтеме жасайды. Әлем құдайдың кішкентай нұрынан кеңейіп жаралған деген идея мақаланың негізі болып келеді. Уақыт нүктедегі үлкен жарылыстан басталса, тілде ол нүкте өзінің тілдік бастауын алады, уақыттың одан әрі тарауы тілден көрініс таба береді. Біз тілдің құпиясына енген сайын уақыттың тарихын бағамдай аламыз. Осылайша Қондыбай танымындағы әлемнің тілдік нүктесі Хокингтің сингулярлығымен тоқайласады. Дәрменсіз арбаға таңылған, бірақ сол тағдырын өмірмәндік ізденіске айналдырған екі ақыл иесі осылайша әлдебір рухани сингулярлық нүктеде кездеседі. С.Қондыбай тілдік-мифтік теориясында Ғаламның жаратылысына тілдік талдау арқылы жеткісі келді. Соның арқасында біз ғаламның тылсымы мен тілдің уақытты жеңген құдіретіне бір қадам жақындай түстік деуге болады
Ослайша шетпенің интеллектуалы алғаш рет Хокинг атын естиді және өзінің теориясына дәйектемеге алады. Бұл да бір тылсым кездесу еді, 3 жылдан соң Серікбол бақилық болып, өзі сырын тіл құдіреті арқылы ашқысы келген Ғаламға мәңгі сапарға аттанды. Ал тура 10 жылдан кейін тағдыры ұқсас екі ғалымды табыстырған С.Ыбыраев жазықсыз сотталып кетті.
Зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз мақаласында мынандай таңданыс сұрақ қояды: «Мәселе – әлемдік өркениеттен тысқары, шалғай жерде өмір сүріп, тым қысқа ғұмыр кешкеніне қарамай, қыруар іс тындыра алған осы бір ғажайып жанның жан дүниесіне үңіліп, оның арман-аңсарын, көздеген мақсат-мүддесін танып білуде, тағдыр тауқыметінің тар қыспағында, бір тірлігі біреуге тәуелді болып, ертеңінің не боларына сенім арта алмай белгісіз күй кешкен дәрменсіз ауру жанның тіршілік иесі ретінде емделіп, жазылудың жолын іздеп, бар мүмкіндігін тән саулығын түзетуге жұмсаудың орнына, үлкен қалада, төрт құбыласы түгел, сау адамдардың өзінің батылы барып, білімі жетіп тәуекел ете алмайтын соныға түрен салып, өз еркімен, жанкешті азапты тірлікке өлермендікпен жегілуінің себебін ашуда». Әлемдік өркениеттен тыс деген не тәйірі, жердің тартылысынан, уақыт пен кеңістіктің шегінен шығып ғаламның тылсым құпиясын білгісі келген адамға! Тіпті анығына келгенде әлемдік өркениеттің өз байланыс жолы, әлдебір ақпараттық, ментальдық кеңістігі бар, бірақ оған кіру немесе қосылу үшін жеті мүшесі сау болуы шартта емес. Жеті мүшесі сауға көбіне басқа кеңістікте жүру бұйырған сияқты, оның міндеті мен миссиясы басқалау әрі қарапайым да түсінікті пендеуи сипаттағы нәрсе. Сондықтан біреуі әлемдік ғылымның тарихына сүйенген, біреуі әлемдік тіл мен мифтік қорына сүйенген екі жан әлемдік рухани кеңістікте ортақ нүктеде кездесті. Бұл өлермендіктің құны тәні сау мыңдағандардың дәрменсіз немесе мәнсіз тіршілігімен салыстырғанда ғана айқындалуы мүмкін.
Осы эссені жазу үстінде менің ойыма Борхес киліге берді, мен көпке дейін оның неге ойымнан кетпей тұрғанын түсінбедім. Міне, мәтінді тәмамдай келе Борхестің неге киліккенін түсіндім. «Слепота-это дар» - бұл өмірінің соңына қарай жанары мүлдем көруден қалған Хорхе Луис Борхестің «Зағиптық» аталатын лекциясында кездесетін сөз. Өзіне берілген сый ретінде білген тілдерін, оқыған әдебиетін, жазған кітаптарын тізе келе ол: «Она (зағиптық) должна стать одним из многих удивительных орудий, посланных нам судьбой или случаем» - дей келе көптеген белгілі зағип жазушыларды мысалға келтіреді..
Өмірбек БЕКЕЖАН
Мәдениет порталы