Кәсіпкер әрі блогер «Сәкенді сатқын» деп баттитып тұрып жазды

ӘДЕБИЕТ
5131

«Бірі қан бірі май боп екі ұртың»  (Абай)

Ғаламтордағы кәсіпкер әрі блогер болып жүрген Нұрсила Ахметбек пен белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлының YouTube каналында жариялаған «Алашты сатқан алаштықтар: Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов» атты сұхбаты 123 мың қаралым жинапты. Бір қызығы, сұхбатты бастан-аяқ көрген біз алаштанушы Сұлтанханның Сәкенді «сатқын» дегенін естімедік. Сонда «алашты сатқан – алаштықтар» деп қызыл сиямен жазғандай, Сәкеннің фотосуретін басқан. Сәкенді тура солай «жарнамалауға» сұхбат авторының қандай заңды құқығы бар?


Сұлтанхан мырза 15 том кітап шығарған, басқа да ғылыми мақалалардың авторы екен. Айтқандарын мұқият тыңдадық. Оның «Алаш идеологиясы мен коммунистік идеологияның үш қайнаса сорпасы қосылмайды» дегені обьективті көзқарас. «Мәдениет халықтың білімі мен ғылымында болады» және «Сәкенді Әлихан Алашордаға қабылдамағандықтан, коммунистік партияға еніп кетті» дегендері шындық. Яғни, бұдан біз сұхбат жүргізуші блогер Нұрсила мырзаның Сәкен Сейфуллинді алаштықтар деп көрсеткені өтірік болып шығады. 

Осылай бола тұра, Сұлтанхан мырзаның да кей пікірмен келісе алмаймыз. Бірінші, «бүгінгі Қазақстан шекарасын Алашорда көсемдері бекітті» дейді. Алайда, шекара бекіту мәселесіне Сәкен де араласқаны деректе бар. Оны қалай білмейді? 

Сәкен қазақ болмысына утопиялық идея әкелді, қазақты бай, кедей деп жікке бөлді деп айыптаған. Бұл идея Ленин құрған коммунистік партия идеологиясы емес пе? Сәкенді Алашорда партиясына қабылдамай, коммунист болуына итермелеп, артынан «неге қарсы шықпады?» деу утопия емес пе? Әдеби кітаптарда халықты бай, кедей деп тапқа бөлу фактісі жетіп артылады.М. Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, С. Мұқанов, тағы басқа жазушылар шығармаларында өріп жүр. Әлде Сәкеннің аруағында ала алмай жүрген өші бар ма? 

Енді «1916 жылы Сәкен қайраткерлігін ісімен көрсеткен жоқ» дегеніне келейік. Оның жауабы жазушы, публицист Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында тұр. 1916 жылы шілде-қыркүйек айларында Омбы әскери округі штаб бастығы А.Таубе қазақтардың патшаға қарсы күш жинап жатқанын, оларды басу үшін Ақмоладан жазалаушы орыс-казак отрядтары жасақталғанын жазған. «По сведениям гражданских властей и путем разведки, выяснилось, что наиболее значительные скопище киргизов сосредочились... В Карагашском районе до 2 тыс. киргизов» деген депеще бар.

Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Біздің Қараағаш елі Шоңның Оспаны дейтін кісіні хан сайлапты... Біраздан соң әскер шықты. Әскер Қараағаш елі мен Тінәлі елінің ортасына қарай, жұрт үрейленіп, әскердің көтеріліс қылған елмен соқтыққан хабарын күтіп отырдық...» деп жазған.

Сәкенмен рулас Тоқа елінің жауынгерлері қатарында оның әкесі Сейфолла да болыпты. Соғысқа қатысқандар қатарында әкем Кәкен, інісі Балта, бүгінде астанада тұратын Хакім Ақмурзин ақсақалдың әкесі Ақмағанбет болған. Соғыста Ақмағанбетке оқ тиіп, жараланған. Орыс-казактардың 7 солдаты өлтірілген. Әскер көтерілісшілерді талқандап, біраз адам Ақмола түрмесінде өлген. 

Сұхбат барысында Сұлтанхан мырза 1822 жылы ақ патша төрелер институтын жойғанын тілге тиек етті. Сөйте келе, ҚР Мәжілісінде төрелерге 10 орын тегін беру қажеті туралы ойын білдірді. Сонымен қатар, төре тұқымдарына Ақтоғайдағы патша заманынан тиесілі қонысын меншікке тегін беру керектігін айтты. Бұған қарап, алаштанушы ғалыммын деген журналистің үй ішінен үй тігіп, Қазақстанда бұрынғы хандық құрылымды орнатпақ ойын мәлімдеп қойды. Бұл – бүгінгі конституциялық құрылымға қарсы тірлік қой...

Оның «Қарқаралы жерінде мал қалған жоқ» деуі де шындыққа еш жанаспайтын пікір. Себебі, ол ауданда жылқы, ірі қара, қой түгілі, фермерлер өлкеде болмаған як тұқымды ірі қара өсіруді де қолға алып отыр. Осындай дизинформацияны ғылыми көзқараспен шатастырып, ғаламторды шулатудағы мақсаты не? Мен Алашорда қайраткерлері қазақ жерінде мемлекеттік жүйе, оқу-білім негізін құрып, еңбек жасамады деп айтпаймын. Алашорданың құлауының басты себебі – бұл қозғалыс, Алаш автономиясы Ресейде құрылған Уақытша үкіметке арқа сүйеді. Уақытша үкіметті Ленин бастаған коммунистік пролетарлық үкімет жеңген соң, Алаш автономиясы да құлады. Сондықтан, кез келген Алашорда қайраткерлері мен Ленин құрған үкіметке сеніп, басқа қоғам құруға күрескен қайраткерлердің өзара күрес, талас-тартысына, архивтен табылған құжаттардың барлығына жеке азаматтардың өзара қарама-қайшы арақатынасы тұрғысынан емес, екі саяси идеологияның (үш қайнаса сорпасы қосылмайтын деп Сұлтанхан айтқандай) соғысы тұрғысынан баға беру керек. Бұл позициядан ауытқу алаштанушы ғалымдарға ортақ кемшілік. Көбіне мәдениетті, жоғары сауатты саяси көзқарастың орнына көрпе астынан бит іздеп ұсақ ұпай (хайп) іздеумен әуестенгені осыдан байқалады. 

Қазақ халқын аштықтан қырған – И. Сталин, Ф. Голощекиннің геноцидтік саясатының салдары. Қазақстандағы Ф. Голощекин, тағы басқа доносчиктар – сол бекітілген саясатты орындаушылар. Бұл мәселені саяси тұрғыдан ашу үшін Поволжье, Украина жерінде жүргізілген аштыққа ұласқан саясатпен бірге қарап талдаған абзал болар. Алашорда ұйымының тарауын, Алаш қайраткерлерінің жеңілісін, Уақытша үкіметтің күйреуін Ресейдегі Кадет партиясының ыдырауымен қосып қараған жөн. Мысалы, Сұлтанхан мырзаның «Әлихан өзі мүше болған орыс Кадет партиясы Алаш автономиясын құруға қарсы болған соң шығып кетті» деген пікірі де сыңаржақты көзқарас. Себебі, Кадет партиясының сол кездегі жаңа демократиялық Уақытша үкімет құрғандағы негізгі бағыты еш зерттелмеген, ашылмаған. Мұндай көзқарас сол замандағы Ресей саяси аренасындағы жағдайды, Қазақ даласындағы саяси ағымдардан бөлек қараудан туындаған кемшілік деп санаймын. 

Саяси көзқарас комплексті тұрғыдан сараптауды, ненің бастауыш, ненің баяндауышқа жататынын обьективті бағамдап, айыра білуді талап ететін тарихи тұжырым. Сұлтанхан «Сәкен қазақты бай, кедей деп жікке бөлді» дейді. Тарихта қашаннан бері, тіпті, адамзат жаралғалы қай қоғам болсын бай мен кедейден тұрады. Бүгінгі Қазақстан мемлекетінде де бай, кедей тап болып бөлінген жоқ па? Бөлінбесе мына індет жайлаған карантин кезінде 5 млн адам үкіметтен көмек сұрап неге арыз берді? Бұл тапқа ең төмен зейнетақы алатын қарттарды қосыңыз. Сонда 19 млн халықтың кедей табы 40 пайызға жетіп қалмай ма? Бұған кінәлі кім? Тағы да Сәкен шығар Сұлтанханның ойынша? 

Нұрсила сұхбат тақырыбында «Сәкенді сатқын» деп баттитып тұрып жазды. Нақты дәлелі болмаса да. Сұлтанхан мырзадан «Сәкендер қазаққа нендей зиян келтірді?» деп нақты сұрап еді, ол айта алмады. Бар жазығы – болшевик болғандығы екен. Бұрынғы Коммунистік партияның басшы қызметтерінде істеген, Орталық партия комитетін басқарған қайраткерлер жаңадан құрылған тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің де тізгінін ұстап, жоғары лауазымды қызметтер атқарды ғой. Елбасы бастаған ол ел ағалары бүгінде ақбасты ақсақалдар. Сонда Нұрсиланың пайымдауынша, ол кісілердің кім болғаны? Сәкенді сатқын атандырғанда негізгі меңзегені не?  

Сәкенді «алошордалықтарға қарсы шықты. Сондықтан, Әлихан оны партияға қабылдамады» дегендер алдымен Алашорда арқа сүйеген Колчак үкіметінің азап вагонында Сәкенмен бірге отыру керек немесе сондай өлімші күйді басынан өткеріп көрсе ғой. Ал, «Сәкен ана хатқа қол қойған, мына хатқа қол қойған» деп жазушы псевдопатриоттарды Сталин жендеттері айуандықпен ұрып-соғып, бір көзін ағызып жіберсе көрер ем. Сәкен азап вагонында кетіп бара жатқанда, осы колчактықтар даладан кездескен қазақтарды еш ойланбастан нысана (мешен) қылып атып кете бергенін көреді. Ал, оларға Әлиханның жақтас екенін білген ақын не істеу керек? Кейін қайта тұтқындалғанда жендеттердің аяусыз ұрып-соққанынан есі ауып қалған ақынды жары Гүлбаһрам да танымай қалмай ма? Тіпті, ғаламторда тарап кеткен сол фото суретті көрудің өзі аянышты. Пікір жазарда олар өздерін бір мезет болса да, Сәкеннің орнына қойып көрді ме екен? Каторгада дәл сондай айуандықпен азапталған Алаш арысы Әлімхан Ермеков те айтпай ма, «ес-тұссыз жатып бірер қағазға қол қойып жібергеніме әлі күнге өкінемін» деп? Егер  бізде обьективті, тың талдау мен зерттеу болса, Сәкендердің үстінен «данос» жазып, шын сатып, атылуына себеп болғандардың аттарын ашық атап, жария етпес пе еді?

Сұхбат барысында Сұлтанханның аузынан «Сәкен сатқын» деген сөз шыққан жоқ. Нұрсиланың жарнамасы болмаса. Бұл жігіттің олай сөйлейтін қақысы бар ма, соны білу үшін ғаламтордан хайптарын қарастырдық. Ғ.Жақияновпен бірге жүргенде ол «ДВК жиналысында қазақша сөйлейтін ешкім болмаған соң барып, сөйледім» дейді. Ал, ДВК төрағасы М.Әбілязов болса, «онысы – өтірік, себебі, Жақиянов қазақша таза сөйлейді» деген уәж айтты. Әрине, төрелік айту қиын. ДВК-ның белді мүшесі Жақиянов сотталып, түрмеге отырып шықты. Нұрсила болса сүттен ақ, судан таза.

Екінші бір хабарында Нұрсила ССРО кезінде әскерде стройбат құрамында болғандығын, ерен батырлығы жайлы жарнамалаған. Ол замандағы талап бойынша, «в Советский стройбат брали тех, кто был ограничено годен к прихождений службы по состоянию здоровье, с наличием судимости по нетяжелым статьям...». Бұл жерде ненің ақ, ненің қара екендігін ажырату қиын. Әрі стройбатта болған Нұрсила мырза армияның мемлекеттік меншігі болып табылатын сырларды (краска) сатқанын мойындайды. Солдат бола тұра, кәсіпке ерте араласқаны таң қалдырады. Оның үстіне, Нұрсила мырзаның 3 шәкірті, бүгінде «шегіртке» атанған өнер адамдары, атын пайдаланып, лоторея ойынын ұйымдастырғандары анықталды ғой. Пирамида құрып, жауапқа тартылып жатыр.

Ер адам 60-қа толғанда, қазақ «ата сақал аузында екен» дейді. Себебі, ақыл тоқтатып, сабыр сақтайтын жас. 

Блогер Е.Тұрғымбаймен болған дебатын да қарап шықтым. Олардың саяси көзқарастарына баға беруден аулақпын. Бірақ, бір нәрсені айтпасқа болмайды. Е.Тұрғымбай: «Сен неше жыл Қытайда болып, сол елдің тыңшысы болып, жасырын келісім жасап елге келген жоқсың ба?», – деп сұрайды.

Нұрсила тайғақтап: «Жоқ» – деп тура жауап берген жоқ. 

Сәкенді сынап жүрген оның тағы бір өрескел қатесі, күллі ел алдында екі саусағын мүйіз қылып шошайтып, теке болып бақылдаған . «Партия құрып, баспанасыз қазақстандықтарды пәтермен қамтамасыз етемін» деген ел ағасы жасындағы Нұрсила мырза екі ортада текеше бақылдап, сайқымазақтығын да байқатып қойды. Және ол әрекеті әлеуметтік желіде сынға қатты ұшырады. 

Кез келген азамат, мейлі кәсіпкер, блогер, ғалым, премьер-министр, тіпті, президент болсын бұл дүниеден өтіп кеткен, жатқан жері де белгісіз, жұрты үшін жауыздардың қолынан қаза тапқан Сәкен сияқты ел мақтан тұтқан азаматты ешбір прокурордың шешімінсіз «сатқын» деп айыптауға қақы жоқ. Ал, Нұрсилаға прокурор құқығын кім беріпті? Сәкеннің соңында қалған ұрпақтарына «Сатқынның ұрпағы» деп қара күйе жағатын кім ол? ҚР Заңын белден басқанының айғағы – ғаламторға Сәкеннің фотосуретін салып, «Алашты сатқан алаштықтар» деп жазғаны емес пе?.. Егер Нұрсила шын мұсылман болса, өлген адамды ғайбаттау күнәнің ең ауыры екендігін білетін шығар? 

Былтыр туғанына 125 жыл толуына байланысты жиналып ас беріп, құран бағыштаған Сәкеннің барша руластары мен ұрпақтарын бір-ақ күнде «сатқынның ұрпақтары» етіп қаралағанына Нұрсила не деп жауап берер екен? Екінің бірі емес, мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, сазгер, әдебиетші ғалым Сәкенді солай қаралаған Нұрсила шын бейнесінің «бақылдаған теке провакатор» екенін айдай әлемге өзі әйгілегенін неге ұмытады?

Сұлтанхан мырзаның «бүгінде қазақтың жері ит пен құстың қолында кетті. Төре тұқымының қонысы Әлиханға меншікке берілмеді» дегенін де түсіну қиын. Алаштанушының сөзінше, төре тұқымы адам да, қалған қара қазақ «ит пен құс» болып отыр ма сонда? Мен екеуінің сұхбатының түпкі мәнін түсінбедім. Алаш идеясы, ұлттық негізіміздің іргетасы туралы айтқандары дұрыс-ақ. Бірақ, Алашорданы насихаттау үшін өмір бойы Қазақ мемлекеттігі жолында күрескен, жалған большевик бола жүріп, ұлтқа қызмет еткен көмілген қабыры де белгісіз Сәкенді қайта-қайта құрбандыққа шалу – оқыған өрелінің ісі емес. «Жақсыны жаман атандырып, жақсы аталудың заманы өтті» деген сөзді естіп ем. Мынау – тура сол! Бұрыс болса, төрелігін ел айтсын.

Нұрша Кәкенов

author

Сәкен Сейфуллин

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...