Фейсбукте Елеужан Серімов бауырым: «Сiздiң елжақтан шыққан Әл-Хорезмидiң 'Махаббатнамасын&...
«Дарынды дінтанушының» хикаясы (қазіргі әңгіме)
Астана жақтан Алматыға әйелімен қыдыра келген ескі танысымның айтқан әңгімесіне қатты таңқалсам да, дін жөніндегі «білімдарлығына» тіпті, тәнті болдым.
Еркегінің айтқан әңгімесін әйелі де төтенше қадағалап көз жазбай бағып отырады екен.
Екеуі әлдебір жұма күні мешітке садақа салмақшы болып көшеге шығыпты. Өзара ақылдасады, «қайсы мешітке барсақ жақсы болады», деп. Күйеуі айтыпты, «ең қымбат салынған, жарқырап тұрған мешітке садақа берсек сауабы көп болуы мүмкін» депті.
Яғни, нақтырағын айтқанда қаладан жаңа алып жатқан пәтердің құжаты тез біту үшін Құдайға мешіт арқылы теңге жөнелтіп жалбарынбақшы ғой.
Әйелі, «екі мың теңге берсек болатын шығар», десе күйеуі «әй, анандай салтанатты мешітке екі мың теңге салу деген ұят емес пе, оның үстіне үйдің құжаты үшін салғалы тұрмыз, пара берсек одан да көп ақша кетеді, не де болса он мың теңге салайық» деп, әйелін көндіріпті.
Сөйтіп, екеуі жұма намазынан бұрынырақ әлгі атақты мешітке енді таяп қалғанда дәл алдарында қапшыққа салған ауыр затты қолдасып алған, жұпыны киімді, жүдеу жүзді екі жас жігітті көреді.
Әйелі қалт тоқтап, күйеуінің жеңінен тарта қалады, «Қанат, мына екеуі әлгілер емес пе!?» дейді, сыбырлап. Күйеуі: «Не болды? Әлгілерің кім!?» дейді, шошына.
Әйелі жауап та бермей, әй-шайға да қаратпай, жігітінің жеңінен тарта кілт бұрылып кейін қарай жылдамдата басып:
«Әй, әлгілер деп, әлгі жаратындарды айтып тұрсам, дәл артына барып алып, дар-дар етесің ғой өзі! Кәне, бұл жерден тез қашайық!» деп, үйлеріне қарай зытады. Содан, үйге келіп бір пәледен аман-есен қалғандарына мәз-мәйрам отырады ғой.
Кешке үйге жұмыстан ұлдары келеді. Ол: «Бүгін жұма намазға бардым» дейді, «жаңа мешітке барып едім, алғаш көргенім ішінің кеңі-ай!» деп, тамсанып көңіл баяғыдай әке-шешесіне әңгімесін соғып жүр.
Ұлдарының сөзін естігенде екеуі де үрпие қалады: «Әй, мешіт жақ тыныш па?» дейді, қосарлана. Ұлдары «Не болды?» дегендей, аңтарыла қарайды.
Әке-шешесі бүгінгі көргендерін, өздерінің аман қалғандарын айтқаны сол еді, ұлдарының көзі жасқа тола бақырайып, ауызын арандай ашып, ішін басып бүктетіле құлап түскен. Дауысы қиық-қиық шығып, кілем үстінде аунап-аунап алып, селкілдеп жатыр.
Әке-шешесі болса, «Мына бала қатты қорыққанан кенет есінен адасып, талып қалды ма, не пәле болды?!» деп, естерін жия алмай, үрейленіп тұрғанда ұлдары күлкіден парлай аққан көз жасын сүрте орнынан тұрады.
Сөйлей алмай әлі күліп жүр: «Әй, мама-ай! Не деген қызық адамсыз! Жарғыштар дегенің мешіттің артына плита төсеп жүрген жұмысшылар емес пе! Біздің Ораз да сонда істеп жүр ғой, бағана көргем» депті. Бірақ, мамасы оған қайдан илана қойсын, ұлым алдаусырытып тұр деп ойлаған...
Осы «жарылғыштан» басталған әңгімеден кейін әлгі ескі танысым Қанаттың шабыты ашылып кеткендей болды. Маған дәріс оқыған ұстаз секілді тоқтамай төгілді:
Мойынына галстук тағып, еуропалықтар құсап шыттай болып жүретіндерді «сүлейменшілер» дейді. Олар Құранды түпнұсқадан үйреніп, тәжуитті жақсы меңгереді. Қари болып, сенімге кіргендері «рабытаға» қамтылады.
Ал, мұртын шақана ғана шырпытып қойып, сақалын қырып тастап дәрісханада Құранның мағынауи тәпсірі дейтін «Қызыл кітап» оқитындар «нұршылар». Олардан бөлініп шыққан «гүленшілер» деген топ «мұсылмандар ғылымның бәрін игеру керек» деген мақсатты ұстанады.
Басына қазақы оюлы тақия киіп, мұртын дырдай қырып, сақал қойып жүретіндер «сәлапшілар». Олардың көбі орыс тілді қазақтар болады. Кейбіреулері шалбарының балағын қысқартып тастайды, кей сәлапшылар ұзын көйлек киіп аяғына мәсі сұғады.
Енді, сақалы кеудесін жауып жүргендерді көрсең оларды «уахабшылар» дейсің. Олардан басқа «құранидтер» дегендер де бар.
Мәулана деген ғұламның жолын ұстаған «тассауыпшылар» дегендер де болады. Ал, өзіміздің Яссауи бабамыздың жолын қуғандар да аз емес, «зікіршілер» деген де бізде бір кезде қатты көбейген, дейді... Тақиясында оюы жоқ шымқай көк болса діни басқарма...
Оның мұнша «біліміне» таңырқап: «Әй, Қанат мұның бәрін қайдан естіп жүрсің? Мен өз басым сол мұрт, сақал, балақ, тақия дегенді әлі білмейді екенмін. Намаз оқығанның бәрін мұсылман дейміз, әйтеуір. Енді, өзің қайсысын ұстандың?» деймін ғой. «Ой, мұны қазір елдің бәрі біледі емес пе? Мен осының қайсысы оңды деп... ойланып жүрмін...»
«Сонымен, басқаны қойып өзіңді айтсаңшы!...» десем, Қанат әйеліне жаутаңдай қарап: «Мына, Гүлмайра рұқсат бермей жүр, Жұма намазға барайын десем, жарылып өлгелі жүрсің бе?! деп ұрсады... Пенсияға шыққан соң бірақ, көрем бе, деп байқастап...»
«Үйбай-ау, Құдайдан гарантия алып пе, ең... ажал деген айтып келмейді ғой!...»
Әлгі, шабыттанып әңгімені бұрқыратып отырған Қанатымның өңі өзгеріп кетті. «Өй, өй олай деме! Әлі алпысқа шыққамыз жоқ қой... Намазға жығылайық деп жүрміз...» деп, ренжіді.
Мен де өз сөзімді ақтамақшы болып: «Ой, оған ренжіме! Мұны мен айтып отырған жоқпын имамдар солай дейді ғой. Әр адамның ажал уақыты жазылып қойған, бір сәт бұрын не бір сәт кейін келмейді, деп.»
Қанатым дереу қарсы шабуылға көшті: «Өй, ол имамдар сөйтіп айта береді, адамдарды қорқытып қоймақшы...»
Мен де оңай жығыла салғым келмей: «Қанеке, имамдар Құран сөзін айтып тұрмыз дейді емес пе? Олар уағыз айтқанда осы қалпы өліп топырақ болып қалмайсың, дейді. Бүкіл адам қайта тіріліп Құдайдың алдында жақсы, жаман істерінен есеп береді. Мұсылман болған жақсылар жәннатқа, жаманшылық жасап Құдайға қарсы келгендер жаханнамға, кетеді дейді...Намазды сол үшін оқу керек шығар...»
Қанат қанша дегенмен Құдай, Құран деген сөздерді естіген соң бөгеліңкіреп қалды.
Осы кезде әңгімені қалт жібермей бақылап, гүл-гүл жайнап отырған Гүлмайра да күйеуіне болыса кетті: «Қанат Құрандағы құлқуалланы жақсы жаттап алған, жұма сайын тәңертең шелпек пісіріп бет сипаймыз» деді.
Мен де, ескі танысымның дінге деген талпынысын қуаттағандай: «Қанеке, енді намазға жығылғанда да өзің айтқан осынша көптің біреуін ұстануың керек қой...» дедім.
Қанат бағанадан айтпай сүр еттей сақтап отырған ойын жайып салды: «Бәрі Әбу Ханипа деген бағытты жақсы деп жүр... жығылсақ, соны ұстап жығылатын шығармыз...»
«Оның қандай жақсылығы бар екен?»
«Ойбой, оны өзің де білетін шығарсың! Ата-бабамыз ұстапты ғой, баяғыда... Әйтеу, той-томалағымызға бөгеті жоқ секілді... Салт-дәстүрімізге тиіспейді екен...»
«Дінтанушы» замандасымның мына әңгімесін естіп ойға қалдым. Себебі, өзімнің де діни білімім шамалы ғой. Өйткені, біздің буын атеизмнен шығып демократиямен қауышқан кезде халқымыздың хақ діні қайта келді, деп қатты...ы...ы қуандық қой, мұсылман болуға талпындық көптің бірі болып.
Дінді оразадан бастадық. «Сілекейіңді жұтсаң ораза ашылып кетеді» деген қағиданы қатаң ұстандық. Сондықтан, оқыс түкірік жұтып қоюдан қорыққанымыз сондай қолтығымызға бөтелке тығып жүріп, ауызға келген түкірікі соған жып еткізіп сақтандық. (Қырсыққанда сақтанған сайын түкіріктің келе беретінін қайтерсің... «Ана тілі» редакциясына жұмысқа келсем, өзімнің екі-үш әріптесім де дәл мен құсап қолтықтарында бір-бір банк тығып алған бұрыш-бұрышта шауып жүр екен... қазір ойласаң күлкілі).
Тоқсан үшінші жылы алғаш Алматыда «Мың бір хадис» деген атпен жұқа кітапша болып шыққан пайғамбардың хадисін оқып «пөө, мынау не деген терең философия» деп, мәре-сәре болдық. Хадис деген Құранның пайғамбарлық түсініктемесі екенін қақпайтын кезіміз ғой.
Бұл кезде ел ішінде Сары әулие, Ақ әулие, Көк әулие, Жасыл әулие... секілді түрлі-түсті әулиелер шығып, соған таң-тамша болып, қара-шобыр көпшілікпен бірге олардың қасиетіне бас иіп, уағызына да жүгірдік, әулиенің тұрған тұрысына, елден ерек киім киісіне де тамсандық.
Сөйтіп жүрген қызық күндерде киелі мекен Түркістан жаққа сапарлайтын Ақ ана, Аққу ана деген қасиетті әйелдер пайда болып, «ПАЗ» автобустың артына тірі қой тиеп алып, аруақ адақтаған ұрғашылар жамағаты дегендер де көбейді... Былайша айтқанда, халықтың арасында «дін күшейе бастады».
Криллицамен төрт-бес қысқа сүре жаттап алып, жұма намаздан қалмай жалпылдадық. Осыны керемет діндарлық көріп, көңіл жайланды.
Тоқсаныншы жылардың орта тұсында Түркиядан, Мысырдан, Пәкстаннан алғаш діни оқу оқып келген жас талапкерлердің қазақша жазған Ислами кітаптарын түгін қалдырмай оқып, «О, Ислам деген менің атам мен әжемнің бүкшеңдеп оқыған намазы ғана емес, қыруар кең ғылым екен ғой» деп, материализм меңдеген «дүние өзінен өзі жаралған» дегенге сенген сырқат санамызға самал кіргендей, «шексіз әлемді де, ғажап пішінді адамды да өзі жаралмаған ұлы Жаратушы жаратты» деген сеніммен рухани дүниеміз кішкене жанданып, дүниеге басқаша көзбен қарауға талпындық, өзімізше...
Сөйтіп жүргенде, дариядай жылжыған жылдар да ілезде өтіп, елде Ислам дінінің оқымыстыларының саны артып, олардың неше түрлі пәтуа-түсініктемелерінен осы Хақ діннің қайсысы хақ, қайсысы ақ, қайсысы қара, қайсысы сара екенін білмей басы қаңғырған адамдар да көбейе бастады. Басы қаңғырған дегеннен гөрі, басы жаңғырған десе де бола ма, деп қалдым.
Өйткені, тоқсанынышы жылдары «бисмиллә» деген сөздің сөзбе-сөз мағынасын да білмейтін замандастарым, қазір дін десе білмейтіні жоқ, тума талант «дінтанушы» болып кеткен секілді көрінеді. Міне, жәңе көргендеріңіздей астаналық танысымның әңгімесі осыны дәлелдеп тұр ғой.
Әрине, мұндай әңгімені алғаш естіп отырмасақ та, мені таңғалдырғаны замандастарымның діннің имани мақсатынан гөрі «дінтанушылықты» қатты «зерттегені».
Бір қызығы астаналықтың әлгі әңгімесінен кейін маған да «психологиялық вирус» жұққан секілді, көпшілік көлікке отырған кезде, көшеде жүргенде еркектердің мұрынының астындағы мұртының жағдайын бақылайтын, сақалының ұзын-қысқасын тексеретін, балағына да көз тастап қалатын, тақиясына да қадала қарайтын басымда «автомат» бірдеңе пайда болыпты.
Бір жақсысы, Қанаттың қатынының «жарылғыш» дейтін үрейінен аман-сау қалған сияқтымын, әйтеубір...
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ