«Махаббат, қызық мол жылдар...» немесе ұлттық әдебиетті сахналаудағы саналы әрі сәтті қадам

ӘДЕБИЕТ
8476

Бұрынғы театр мен бүгінгі театрдың даму үдерісі салыстырмалы түрде едәуір өзгеріске ұшырауы, бағыттарының бөлек болуы заңды. Қазіргі сахна кеңістігінің игерілуі, актерлік, режиссерлік, ұжымдық өнер өзге сарынды беттеді. Бүгінгі спектакльдерде шымылдық ашылып, көз үйренген кейіпкерлер заман тынысын арқалап шығуы сирек. Бүгінгі актерлік өнерде «Станиславский жүйесі» атанған кейіпкержандылық мектебінің түлектерін де жиі кездестірмейсіз. Қазіргі театр өзінің даму жолында түрлі театр теориктерінің батыл тәжірбиелерін кеңінен қолданатын эксперименталды және еркін кеңістікке айналды. Халықтық мұражайға айналып бара жатқан әкемтеатр да өз репертуарын жаңашыл режиссураға негізделген спектакльдермен толықтырып, бір театр маусымында монодрама, хоррордрама, трагедия, драма жанрларын тізгіндеп үлгергені өзге театрлардың да шеңберден шығуына түрткі болғандай.  

Сонымен, күні кеше жаңа театр маусымын ашқан алматылық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсіпірімдер театры өз көрерменін қазақ әдебиетіндегі таңдамалы туындылардың бірімен қуантты. 

Махаббат қызық мол жылдар... Атауының өзінен ішің жылып қоя беретін сол бір шығарма... Мәніне үңілсең, Кеңес үкіметін мадақтау, соғыс жылдарындағы халық тағдырын бейнелеу, талай боздақтың қанын арқалаған қырғын кезіндегі ғашықтар мен адамдар психологиясы. Бірақ, шығарманы өміршең етіп тұрған – махаббат жыры. Туындының әр оқырманында өз «Махаббат қызық мол жылдары» бар. Көз алдына елестетіп, қиялы арқылы қалыптасқан Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Майрасы мен Зәйкүлі бар. Көркем шығарма ретінде көпшіліктің көкейінен ерекше орын алған туындылар үлкен тәуекел теңізін кешіп экранизацияланғанда, сахналанғанда өз биігіне тұрақтай алмай жатады. Сондықтан да, екінші автор атануға көп режиссерлер жүрексінеді. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына сұранып тұрған туынды бүгінгі жастардың болмысымен астасып, қай ғасырда да албырт көңіл, адал достық, балауса сезімнің оқиғасы ұқсас болатынын көрсеткісі келгендей. Режиссер Ф.Молдағали азаматтық әрі суреткерлік ойлауда кәсіби шеберлік пен интуицияның қақ ортасын дәл тауып келеді. Қай режиссер болмасын қойылым туралы не айтқысы келгенін түсіндіруге міндетті емес. Оның барлық ойы спектакльде ақтарылып жатуы тиіс. Дегенмен, режиссердің «дегенімізге жеттік» дегенін есту көңілді аздап күпті етті. Көпшілікті асыға күттірген қойылымның жаңа маусымдағы алғашқы көрсетіліміне куә болуға біз де асықтық. 

Алғашқы сахна романдағыдай соңынан басталады. Оқиғаға сілтеме беретін («обратная композиция») Меңтайдың перзентханадан өмірмен қош айтысар сәтіндегі хатын оқып тұрған Ербол монологы. Көрерменін түпсіз ой тереңіне тартқысы келген алғашқы сахна тым ұзақ. Ербол-Б.Камарановтың хатты оқып тұрса да, үнсіздікпен (пауза) сезіндіргісі келген сәттері көрерменді алғашқы әсерден алшақтатып алып жатты. Соған қарамастан, Ерболдың ел ағасы жасына жақындаған бейнесі алдағы оқиғалардың ауыр өтетініне сенімді сілтеме бере алды. 

Кез-келген спектакльде жанр тазалығы сақталуы тиіс. Артист өзінің қай жанрда жүргенін, актерлік ансамбль біртұтас дүниеге айналуы үшін жанрды жете түсінуі қажет. Ал, бүгінгі көп спектакльдерде форма бар да, жанр белгісіз. Форма – ол сыртқы пішін, көрініс. Ал, жанр спектакльдің қантамыры. Бұл кемшілік аталмыш спектакльді айналып өтпеген. Алғашқы сахналардың бірінде аудиториядағы студент қыздар мен олардың соғыс жылдарындағы бейнелері, бір-бірін қайталамайтын мінез ерекшеліктері көрерменді еліксіз елітіп әкетеді. Шартты театр («Условный театр») элементтері қолданылған қойылым көрермендерге сахна декорациясындағы көрініске қарап отырып, өз қиялындағы картинасын салып алуға мүмкіндік береді. Бұл өте ұтымды әрі сәтті қолданылған тәсіл. Сахна кеңістігі ұтымды пайдаланылған, артық-кем реквизит, декорация жоқ. Осындай тәжірбиелер көңіл қуантқанымен, ирониялық оқшаулану әдісі қолданылған Ерболдың әр кезеңдегі хәл-күйін аңғартатын сахналардың алғашқысы «1945 жылдың он төртінші ноябрі күні Қазақ «Педагогикалық» университетіне қабылдандым» деген репликасынан-ақ бір кездері кітапты жастанып оқып, тіпті шығарманың жазылу тарихынан хабары бар, Ә.Нұршайықов шығармашылығына аз-кем талдау жасай алатын кәсіби көрермендер алдында қысыласыз... Сонда актер өз ролінің ұсынылған тосын жағдайын алғашқы сөйлемнен бастап зерттемеген бе? Қойылым тек сезім мен сезіндіруден тұрмайды. Онда тазалық, тарихи шындық пен сәйкестік астасып жатуы шарт. Санадағы сауалға жауап іздеп отырып, Ерболдардың сөзі мен болмыстарында өзгешелік аз екенін де аңғардық. Бірі бозбала, бірі соғыс аяқталмас бұрын делегациямен қаңыраған үйге келген шарасыз сарбаз, бірі ғашықтықтан есі кеткен азамат болса да айырмашылық аз. Қош. Қойылымның өн бойын тіктеп тұратын актерлік ойын төңірегінде аз-кем.

Спектакльдегі сәтті бейнелердің бірі Тұмажан-Ұлан Болатбектің характерлік сипаттамасы, іс-әрекеті, ым-ишараты өзінің кім екенін аңғартып тұр. Соғыстан келсе де киімі жұпыны емес. Негізгі мақсатын білетін адам. Сондықтан, ол Меңтайдың жанында алты ай жүрген Ерболдан епті, айлалы. Өз діттеген ойына жетуде тайсалмайтын бейне. Бірақ, роман желісіндегі Ерболдың оған берген жазасы спектакльден көрініс таппайды. Режиссер қазіргі қоғамда Тұмажандардың жазаланбай да жүргенін көрсеткісі келгендей. Дегенмен, актер табиғаты терең ашылған бейнеде «әдемі» сөздер арқылы Меңтайға көрсеткен қорлығын жіпке тізу артық сезілді. Оның түрмеге түскенін де айту соншалықты маңызды емес. Қоғамда қылмысы үшін жазаланбай жүрген Тұжамандар толып жүр, тіпті, ондай істі қылмыс деп санамайтындар одан да көп. Меңтайды құлындай шырылдатқаны, сөлі біткен лимондай сығып әкеп тастағаны айтылмаса да көрермен көзінде, одан әрі көңілінде тіреліп тұр еді. Спектакльді әнмен әрлеп, лейтмотив таңдауда режиссердің жанды дауыс пен сазды үнді қолдайтыны қуантады. Жас сазгермен бірлескен тандем жаман болмаған. Әр оқиғаның мәнін ашатын, сырын сездіретін әуендер шертіледі, өлеңдер орындалады. Бірақ, жүректі селт еткізер махаббат сарыны аз. Соғыс та, адамдар да, университет те, қоғам да айналып келген бір ғана махаббат жырымен мол жылдарға айналып тұр емес пе? Кейіпкерлер линиясы сақталып, табиғаттары ашылғанымен Ербол – Дархан Сүлейменовте біз күткендей таңдай қағар қаhарман жоқ. Өзіне тән жарасымды, зілі жоқ әзілдер айтқаны, асып-сасқан азамат болғаны алғашында ұтымды болғанымен, барлық оқиғада бір хәлде болады. Меңтайдың жанында да, университет қабырғасындағы қыздардың да, Тұмажан мен Жомартбектің жанында да өзгермейді. Жауды жеңген батырдың қанша уақыт өтсе бір хәл-күйді (состояния) көрсетуі, тіпті қызыл көрпе жамылған Меңтай бөлмесінен шыққандағы әсер жастық жалын, ғашықтық, мөлдір сезім емес, аңғал ынтызарлық, сөзге бен іске шорқақ жігіттің күйі іспеттес. Қос ғашық жолдарының бір үзіліп барып қайта жалғануы тек Ерболдың ынжықтығынан болғандай әсер қалдырады. Оның батыл болмысы, намысы мен шынайы сезімі емес пе еді қызды дүниенің бар қиындығынан өтсе де алдына әкеле алған. Спектакль кейбір сәттерімен жабырқатқанымен, Д.Сүлейменовтың ішкі рухани қоры, пластикалық, кәсіби шығармашылық потенциалы қойылымды әр сахналаған сайын өсе түсетінін аңғартады.  Ерболдың еңсесін тіктетіп, өміріне өзгеше леп алып келген ғашығы – Меңтай-Гүлбахрам Байбосынова жасаған қайсар да нәзік ару бейнесі нанымды. Бұл бейнені жасауда режиссер тарапынан Байбосынова болмысын ашатын, өзінің нәзік иірімдерін игеретін кейіпкерін жасауға ерік берілген. Ол сахнада өмір сүрді. Режиссер интерпретациясы алғашқы планға қыз мұңы, қасіреті, қайғысын шығарғысы келгенімен, актриса табиғатынан, ізденісінен қосылған нәзік те ақылды бойжеткен болмысы шетте қалмаған. Ф.Молдағали сахналаған туындылардағы әйелдер галереясы да бір-біріне ұқсап бара жатқанын аңғарғандай болдық. Негізгі фокусы – қоғамнан, адамнан зәбір көретін бойжеткен-әйел мен оның жанының тазалануы. Иә, Қарагөз, Фариза, Ғазиза, Меңтай... 

Көпшілік сахнадағы Майра, Зәйкүл, Жомартбек бейнелері де өзіндік мінездемеге ие. Комедиялық сарындарды сәтті қолданып, өз кейіпкерлерінің болмысын аша түскен. Әсіресе, Майра-Ақбота Қаймақбаева, Зәйкүл-Арайлым Мырзахан бейнелері өз линиясын тауып, қасіретті жылдар салған жараларды сездірмеуге, қоғамның соғыстан да қиын аласапыранын осы екі қыз болмысымен бүркеп, тазалыққа, адалдыққа құштар екенін көрсетуге талпыныс жасайды. Және талпыныс сәтті шыққан. 

Қойылымға екі актерлік құрам қажет емес екені сезіледі. Бір артист келе алмай қалса, біреуінің орынын «білдірмейтін» құрам жасағандай әсер қалдырады. Екі құрам да келген көрермен, жалпы шығармашылық ұжым үшін бір темпте болуы тиіс. Спектакльде актерлік ансамбль де, жекелеген характерлердің ашылуы да, сәтті лейтмотив те, суретші мен режиссердің ұтымды шешімдері де бар. Бірақ, спектакль атауын арқау еткен мөлдір сезім пен тазалыққа толы махаббат жыры кемшін. Ұлттық әдебиеттің таңдамалы туындысына батыл қадам жасаған режиссер шешімін, көрерменіне көркем ойды жеткізгісі келген шығармашылық ұжымның еңбегін бағаласақ, қойылымның ғұмыры ұзақ, әр буын ұрпақтарын өз әдебиетіміздің тереңіне бойлатар асыл қазынаға айналуы шарт. 

Құрметті оқырман, сәті түссе сіз де көрермен қатарынан табылыңыз. 

Бейбіт Әлкеева 

Театртанушы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...