Дидар Амантай. Кітапханалардың күйреуі (Философиялық эссе)

КІТАПХАНА
2664

Біз кітап оқып өстік. Әр совет адамы, күллі капиталистік елдер қоғамы, алдымен, оқырман, сосын, көп оқып қойғаны оқымысты еді. Қазіргі ұрпақ – көрермен. Тіпті, жылдам көрермен, отыз секундтан асқан уақиға қоқыс сауытқа тасталады. Жаңа талап уақытты тағы нығыздап көрді, кеңістік екеуі шексіз нығыздала береді екен, үш өлшемді көлем қос параметрлі жылдамдық бойында қайта алға озды.

Дидар Амантай

Өрелі технологиялар өрістеткен көп функциялы құрал-жабдықтар өзін өзі түбегейлі игеріп, төңірегін басқара бастады, нүктемен нүкте жалғасты, адамның қолы босады, оңтайланған тетіктер өнімді еңбек етті, артылған уақыт содан бері қордаланып келеді, адамзат алдынан жаңа бір көлденең мәселе шықты, бұл уақыт қайда жұмсалуы керек… тиімділігін айтып отырған жоқпыз, сөз аталған категорияның онтологиялық тағдыры жайлы да емес, задында, уақытта мағына бар ма, өмірге серік пе, пенде тіршілігіне мән беріп, сәуле түсіріп тұра ма, бізді қызықтыратын осы, уақыт ақша сияқты, не нәрсеге, қандай жайтқа айырбастағанымыз жөн, саудалап алған затымыз уақыттың құнына жарай ма, бағасына орай ма, жаратылыс дүкенінен не бізге қат, қымбат, қажет, уақытымызды жұмсағанда, енді қайтып уақыттың өзін кері сатып ала алмайтынымызды ескеруіміз керек. Уақыт – бір жақты валюта.

Біз ойынды таңдадық. Ойнағанда, уақытымызды жұмсаймыз.

Уақытты “жейтін” ойын түрлері көбейді. Тегінде, уақыт – ойдың азығы еді, енді ойын құрбаны болды. Йоганн Хейзинг ашқан, адамның ойынқұмар табиғаты, өмірі ойыннан тұратын болмыс-бітімі, ойынпаз кескін-келбеті, ойын бөлген міндетін, жетекші рөлін орындауға қашанда даярлығы, ойын шартына құрылған мемлекеттік немесе қоғамдық қарым-қатынасы, әдет-дағдысы, салт-дәстүрі, бәрі тегіс компьютерлік персонаждарды жат көрмей, ақпараттық ғаламторға ойындық смартфондарды балама санай бастады.
Ғұмырдың өзі – құзырлы ойын. Ойын кезінде шартын бұзуға, тәртібін мансұқтауға, рөлден шығуға болмайды: ойынды шын ойнау керек. Ойын өмірге мән-мазмұн енгізеді. Үйде әке рөлін ойнаған түзде басшылық қызметте – бастық, көлікте: жүргізуші немесе пассажир, жол апатында: зардап шегуші, қатыспаса – куәгер, ережені бұзса: күдікті, сот шешімімен – қылмыскер, жазасын өтеуші, азамат, баласы үйленсе, құда, немерелі болса – ата. Ойын уақыты – өмірдің ұзындығына тең, туғанда басталады, өлгенде – аяқталады. Есі жоқ нәрестенің рөлі бар, оның образын қоршаған жұрт қалыптастырады. Бала екенін басқаға қарап білеміз.

Тегінде, ойындар – уақытты өлтірушілер. Модерндік/постмодерндік қоғамдарда дәстүр жойылып, түр-сипаты бір үлгілендіріліп, ойын атаулы виртуалды әлемге үдере, қопарыла көше бастады.

Кітап оқуға жұмсалатын уақыт өзінің интернеттегі орнын тапты. Ол ойынға шығындалды.

Ғаламтор ғұмырымызға дендеп енгенде, дегбіріміз қашты, жаңа кеңістіктің талаптарына тап болдық.

Адам артық уақытын рухани кемелдікке жұмасаған жоқ, ол – ойын ойнады, оның үш себебі бар – бірі: ойын қол боста анық көрінетін, көңілді жүдетіп, көзіңе жас үйіретін метафизикалық ішпысуды жояды, сана аңдып, аңғарып отырған жалғыздықты жұбатады, сосын: ойын табиғатында бәрін ұмыттырып жіберетін құмарлық/құштарлық (“страсть”) бар, алайда, жазу да, оқу да ойын контексіндегі қадамдар (акт), бірі – қаламгер, бірі оқырман рөлінде өмір сүреді.

Бірақ, оқудың рөлі үлкен.
Сондықтан, кітап оқуды қоғам жолға қоюы қажет, тіпті, оны культ дәрежесіне көтеруі тиіс.

Культ-кітап. Біздің ерен-адам идеямыз осы – көп оқыған тұлға. Немесе, кітапқа сыйынған адам, түпкі мақсат – материалдық игілік алдына рухани бекзадалықты шығару.

Дәлірек, мұрат – рухани бекзат тұлға жасау.

Ұлы романдарды ұрпағымызға оқытпай, ұлтымыздың келбетін сақтай алмайтынымыз анық.

Кітапханалар жабылып жатыр. Ықшамдалғаны виртуалды формаға көшті, кітап мәдениентіне қауіп төнді.

Кітап – жеке мәдениет, мұқабасынан мазмұнына дейінгі үлгісіне, қалыбына талай жүзжылдықтар танымы, табысы, талабы, яғни еңбегі сіңген, қолданысқа қолайлы, оқуға ыңғайлы, тасымалға оңай, көтеруге жеңіл, аунап жатып бет парақтауға жақсы, жазбаларды жазуға, сақтауға, белгілеуге, зейін қойып оқуға – шақырып, сұранып тұрған дүние.

Қазір Алматыда үй сатылғанда бәрі пайдаға асады, бірақ кітап сөрелері ғана саудаға түспейді: пәтер бағасына классикалық туындылар қаланып тұрған мүлік кірмей қалады. Көшкен ауылдың жұртында шашылып кітаптар жатады. Жаңа қожайын оны қағаз қораптарға салғызып қоқыс сауытқа тасытады. Кейін жол бойындағы жаймалардан, темір-терсек, ескі-құсқы заттар арасынан көреміз.

Кітаптың қадірі кете бастағаны әуелі әр үйдің жеке кітапханалары жаңа мебель алғанда сандықтардан шықпай қалғанынан көрінді. Оның орнын қымбат бағалы ыдыс-аяқ басты. Бұрын бірді-екілі фотосуреттер кездесетін еді. Ол да жойылды. Фотоның бәрі виртуалды. Әрі – әдемі, бір-біріне көшіріледі, әжімсіз, мұқият тазаланған, сұрағанға жүктей саласың, түпнұсқадан адасқалы қашан, көшірмелер қаптап өріп жүр, алайда, кей суретте қандай фотоаппарат түсіргені, қай мезгілде, қай жерде екені көрсетілген, ғаламторда мекенжайсыз объектілер көп.

Технологиялық табыс, тектоникалық өзгерістер арқасында таралымы көбейген кітап, саны артқан сайын, керісінше, оқитын адамы да азайып келеді.

Шындықты мойындағанымыз абзал: кітап оқу тоқтады. Әрине, тұс-тұста, жер-жерде, аттан түспеген бірді-екілі интеллектуал оқырмандар бар, мүмкін, ғылыми жұмысына, міндетіне байланысты белгілі бір жас ғалымдар кітапханаларға барып, оқып, ізденіп, күні-түні еңбектеніп жүрген шығар, ата-ана, ұстаз насихатына еріп, дүкендерден кітап қараған жасөспірімдер болуы да ықтимал, сол ғана.

Көркем мәтін оқылмайтын болды.

Бірақ, жазу тоқтаған жоқ, инерциялық екпін алға сүйреп келеді, оқырман қауым, алайда, қусырылды, жолы тарылды, қатары сиреді, енді мүлдем құрып бітеді.
Кітапханаларды кинотеатрға да айналдырып көрді, кафе-бар түрінде де қызмет жасап байқады, жоқ, тоқтамайды екен, бұл процесс – қайта айналып қалпына келмейді екен.
Бірақ, байыған, басына дәулет бітіп, қолы босаған адам ермектің барлық түрін көріп, астың бүкіл түрін ішкен соң, әрі қарай не істейді, көп уақытын қайтеді, болмыспен бетпе-бет қалғанда, өмірдің мәнін ұқпай, мағынасын түсінбей, мұратын танымағанда, жалғыз алысқанда, күллі сауалдың жауабын таппай қиналғанда, тек қана ішіп-жеуден шаршағанда, ол ғұмырға, тағыр-талайына жүк артып, құтқарып тұрған өнер, мәдениет екенін аңғарады, сол кезде мейірімге шақырған, адамзат тірлігін мән-мағынаға толтырған ұлы кітаптар есіне түседі.

Өйткені, өнер-мәдениет дегеніміз жаңа мән, жақсы мағына тудыру екені анық.

Өмірде мағына жоқ. Өмірде ешқандай мағына жоқ. Оның мағынасы – өнерде.

16.09.2020

teledidar.kz

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...