Сурет—поэзия. Поэзия—сурет

ӘДЕБИЕТ
5889

Күні кеше елімізде тұңғыш рет ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауы жарияланған болатын. Осыған байланысты суретші Шаттық Батан мен ақын Абзал Сүлейменнің аталмыш жоба жөніндегі пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз. Мархабат!

Шаттық Батан:

Сөз бен сурет. Сурет—поэзия. Поэзия—сурет. Шынын айту керек қазір кескіндеме өнерінің жағдайы мәз емес. Бүгінгі қоғамның мүсіншіге, суретшіге, жалпы бейнелеу өнеріне деген көзқарасы қандай? Талантымыз көп болғанымен қалың бұқараға таныта алып жатырмыз ба? Бағасын бере алдық па? Міне, бұл сұрақ. Бірақ бұл өнерге тауар ретінде қарау, пайда табу деген сөз емес. Өнерді тудыратын таланттар келе береді. Тек оларға мемлекет тарапынан қолдау керек. Қос суреткердің шығармашылығын үндестіріп, бір арнаға тоғыстыру көңіл құптарлық іс. Жүрекпен қуанарлық жағдай. Осындай жобалардың өмірге келуі жоғарыдай айтылған сұраққа шешім береді деп ойлаймын. Сайысқа қатысушылардың, жеңімпаздардың шығармалары жоба біткен соң ұмытылып қалмай, республикалық мұражайларда, галереялардың төрінде тұрса деген тілегім де бар. Бұрын соңды болмаған жобаға бақ тілеп, сөз бен сурет отызға келген егемен еліміздің қос қанатына айналып мәңгілікке сапар шеге берсін.


Абзал Сүлеймен:

Сурет болсын, поэзия болсын даму кезеңінде бірінен кейін бірі ілесіп келе жатқан өнер. Яғни, жеткізу тәсілі бөлек десек те, эстетикасы ұқсас. Екеуі де түйсікпен жазылады. "Мәдениет порталы" жариялаған конкурс екі өнер өкілдері арасындағы диалогқа ұмтылыпты. Бұл да құптарлық жағдай. Жоғарыда айтқанымыздай, бірінде пайда болған жаңалық екіншісінде міндетті түрде қайталанады. Өнерде шекара жоқ. Конкурс бұны дәлелдейді деп ойлаймын. Содан кейін біз бұл жерде қатысушылардың тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік алғанын айта аламыз. Егер болашақта, мүмкін болса, конкурс аясында онлайн коференциялар, уоркшоп, мастер-класстар да ұйымдастырылып жатса керемет болар еді. Бұл жақсы бастама жалғасын табады деп үміттенеміз. Бастысы қатысушыларға пайдалы дүние болғай.

Мұз құрсауы

қыстың аязды күні
көл бетіндегі қалың мұз құрсауын көріп
тәнімді құшқан жұмсақ су туралы ойладым
құдды күллі ғаламның суы қазір қатып жатқандай
қолымды батырғым келді менің

сірескен толқын жалына қолымды қойғанда
беймаза ойлардан оятқан суық
миыма өтеді
ондағы тірі жасушалардың тітіркенгеніне
тамырымдағы қою қанға өшіккендей
тәнімдегі өмір жылуын сөндіруге тырысып

мен тағы еске алдым көл бетіндегі мұз құрсауын
бала күнімде сырғанап ойнағаным да
көліктің көл түбінк кеткені де
мұз аударылып өмір мен өлім қақпасына айналғаны да есімде
бізге сонда мұз құрсауы шексіз көрінетін

қазір көкжиекке сіңіп бұлдырайтын мұзды көл
уақыт аралық көпір сынды
қайтадан өткен өмірімді еске салады
оның жібіген кезін ұмытқалы қашан
иә оны бұл жердегілер де мұз күйінде ғана көреді

сосын тұрдым жағада
ақ жал толқындарды көруге зарығып
әбден мезі еткен ойлардан арылуға
тыныштықты тыныштықпен алмастырғым келгендей
мәнсіздік ішінде тұншығып
көкжиектен соққан желмен ұшқан
қар ұшқыны бетімде ериді жас сынды
мұз жарығынан сытылып шыққан суға
тамып

Үрдіс

Көрдіңіз бе сіз Айды?
Бетін сипаған әже төсек тартқалы бері
Айға сәлем беруді қойған.
терезеден түскен сәуле
Оның да бетінен сипай алмас.

Шекара сызығына айналған өзен де тартылуға шақ,
Бұл жерде тіршілік болмағалы қашан?
Жағадағы қамыстар жапырылғанда
Су бетінде тек Ай сәулесінің дірілі ғана көрінетін.

– Жүріңіз , тас атып ойнайық!
– «Енді бұл жерде су да жоқ!»*
– Жүріңіз, қолымнан ұстаңыз!
– «Шіркін, бір тамшы су болсашы!»*

Сор түбінен ұшқан топырақтан да ауыр қайғыға,
Жон арқасын желге тосқан
Дала шөбі де шөгеді.

Сіз зират басына көшкен мыңдаған Айды көрдіңіз бе?
Мүктің үнемі ағаштың солтүстік бетіне бітетінін айтқанда,
Сіз көрдіңіз бе? Мыңдаған айдың сөнгенін?

* Т. Элиоттың «Шөл» поэмасынан


Желге ұшқан түстер

Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы —
жел ізін салған көшеге…
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді әлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді…
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді…

Әділет Шопен

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Жеңістің 79 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды, деп...

Жаңалықтар

Алматыда ер адам анасын аяусыз ұрып-соққан үшін қамалды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Қарияның а...