Халықаралық Түркі академиясы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік у...
Сұраған Рахметұлы. Ұлы дала: Тәуелсіздіктің жеті қыры - 6 (мақалалар топтамасы)
АЛТЫНШЫ ҚЫРЫ
СУЫТ ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЕЛІ
In 2010, the ranking of 183 countries according to the Ease of Doing Business criterion of the “Doing Business” report of the World Bank in terms of “Taxation”, Kazakhstan occupied the 39th place and the 1st place among the CIS countries therein.
Әлемдік Қауымдастықта жаңа кеңістік иеленген Қазақстан енді-енді әлем назарына ілікті. Жаһанданудың жаңа бір жағы – жаңа қазақты жаңа замандық мінберден көрсетеді. Теңізге қарай өтетін өткелі шалғай болса да территориялық, жағырафиялық жағынан тұйыққа тіреле қоймайтын Азиядағы Ел осы.
Болашақта саналы жастарының рухани жетістігіне сүйене алатын ғаламдық ақпараттық ортаны бұл елде де қалыптастыруда. Ақпараттық технологияның жылдамдығына ілесу үшін солай. Алда аламан жарыстар, әр елдер бір-бірінің алдына түсіп озып кетуді көздейтін тұстағы өліара келеді. Азия кіндігіндегі Қазақстан ендігі кезекте – өз ықпалын кеңейте түсері сөзсіз. Ол үшін аймақтық даму, көршілік берекетті әріптестік, жақсы ынтымақтастық, сырттандық пен сақтық, қауіпсіздік қағидаларына берік болу мақсаты ең алдымен көзделеді. Бүгінгі қауіп-қатердің ең сорақысы – көштен қалу, мимырттап өркенге ілесе алмау. Өркениеттер жылдамдығына сәйкес қадам басудың нақты болуы жаһандық жүйенің өрісіне енуге оңтайлы болады деген сөз. Жаһандық геосаясаттық бедерлерден бейтарап болу да, болмау да қатерлі. Әпербақан ниетті, әккі үстемшіл елдердің сыңаржақ жаһандану үлгісі қажет бола қоймас. Ендеше азулы империялардың қолына қарап, тәуелді болмау үшін дәл айтқанда тәлтіректемес үшін не істеу керек?!
Біріншіден: тәуекелділікпен Тәуелсіздіктің жауларына қарсы тұру, сұрыпталу, уақыт ұту қауқарына ие болу басты шарт. Тарихта біршама майда ұлттардан құралатын кіші елдер күшті елдердің талас алаңына айналып құрып кеткені де көп.
Екіншіден: Тәуелсіздікті сақтаудың тиімді жолы – күрт суыт дамуға ұмтылу, артқа қарамау, бүкіләлемдік қаржы жүйесіне сүйеніп, дұрыс өркендеу. Әлем банкісінің сараптамалау бөлімінің лауазымында болған Пол Коллиердің «Күресінде қалған миллиард» атты әйгілі еңбегін көрдік. Оксфорд университетінің Африка елдері экономикасы бойынша ерекше зейінімен машықтанған сарапшы Пол Коллиер кедей елдерді төрт түрлі тығырыққа тірелуі мүмкін дейді. Мұнда азаматтық соғыс өртінде қалу, репрессия, байлықтың кәріне шалдығу, теңізге шығатын айлақтың болмауы, жаман көрші…т с с.
Бастапқы екеуін бастан кешірген қазаққа «жаман көрші» түсінігі Қазақты түгелдей РКФСР-дың құрамына тықпалаған Никита Сергеевич Хрущевтің тұсында тіптен айқын көрінген-ді. Бұл халықаралық экономикалық жаңа тәртіпке дейінгі көріністің сұры еді. Ендігі жол – бүкіләлемдік макроэкономикалық тәжірибеге беттеу.
Жер шары халқының үштен екісі еуропалық табыстың бес пайызына ғана тең. Кедейлер – басым көпшілікке ие. Көшпелі мал шаруашылығына негізделген көптеген елдер өзінің тығырыққа тіреліп, тапшылыққа ұрынғанын толық біле бермейді. Санасы жабық жұрт – қарнының тоқтығына марқаяды.
Тарихи Қазақ елі ежелден һәм Х-ХІ ғасырлар тоғысында ірі саяси, экономикалық үрдісті көрген іргелі мәдени ошақтың орталығы болған үдерісті ұйық. Жаратылыстың төрт бағыты – Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батысқа кең ашылған есігі бар өнеркәсіпті инфрақұрылымдық мүмкіндігі зор, шартарапқа геосаяси салмағы басым Ел. Жуырда ғана Американың «The Heritage Foundtion» зерттеу орталығы тарапынан экономикалық еркіндігі индексі жағынан (Index of Economic Freedom 2015) алға шыққан мемлекеттер жария етілді. Экономикалық еркіндік деген Үкіметтің өндіріс пен кәсіп жасаушыларға ешқандай қысым жасамауына қатысты түсінік. Айтулы 10 көрсеткіш бойынша 178 елден 100 ұпай жинай алған елдер қатарына 89,6 пайызбен Гонконг бастаған Сингапур, Жаңа Зеландия қостаған үш ел басқадан оқ бойы озық тұр. Ал Австралия, Швейцария, Канада, Чили, Эстония, Ирландия, Маврикия қатарлы елдер алғашқы 10 елдің қатарында орын тепті. Соңғы орындарды АҚШ, Жапония, Германия бөлісті.
Ал, Қазақ – Ресей, Беларусь, Армениямен бірге Еуразия экономикалық Одаққа (ЕАЭО) келіп геоэкономикалық міндет, мақсаттарды шешуге құлшынумен қатар дүниежүзілік экспорттаушы елдер арасында 43-ші орында тұр. Бұны бір қисынынан ғана түсінуге болмас деп ойлаймыз. ЕАЭО-тың жақсы жағы – Қазақ елі өз әріптестері арқылы 3 мұхит, 13 теңізге шығатын жол іздеуге тиімді. Бұл әрекет сыртқы қатынасты
экономикаға бейімдеу тауар айналымына қатысты жасалған игі шараның бірі, немесе ішкі нарық пен тауарды қорғаудың ұрымтал тәсілі. Қазақстанның ДСҰ-на мүшелікке өтуінің алғы сатысы. Оң нәтижеден кейін Қазақстан экспорты жоғарғы лигада «ойнай» бастайды. Өндірістік басты бағыт, осы заманауи ауыл шаруашылығы қуатты банк жүйесі, ірі өндірістерді жаңарту, кіші шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарды қолдау, мәшине мен мұнай химия салаларын пәрмендендіру арқылы бәсекеге қауқарлы болу – Қазақтың мақсаты.
Бес түрлі реформа -100 нақты қадам, «Ұлы Жібек жолы» аймағындағы геожорық, Қазақ елінің алдында тұрған мақсат – экономиканы тұрақтандыру, өркенді өсірудің бағыты солай апара жатыр. Астананы халықаралық қаржы орталығы ету ұлы секірісі тағы бар. Еуразияның озық дамушы елдерінің тәжірибесіне қарасақ, ІЖӨ-нің 80-ге жуық пайызын тек қызмет көрсету арқылы табатындығын еске алайық. Алайда Ресей мен АҚШ және алпауыт Европа елдерінің дүрдараздығының күңгірт көлеңкесі Қазақстанға түсіп кетпесе игі еді деген секем де жоқ емес. 1992 жылы наурызда БҰҰ-ның толық өкілетті мүшелігіне өткен экспортты, импортты барынша либералдануға бастаған Қазақ елі үшін бұл жағдай онша көп әсер етпейді. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерімен жасалған жан-жақты келісім шарт аймақтың қауіпсіздік жүйесіне Қазақ мемлекетін де тарта түсті. Европа Қауіпсіздігі Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 елдің ықпалы, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше болуы – Қазақстанның әлемдік әріптес, серіктестігінің нығаюына себін тигізеді.
Экономикалық құрылымдық оңды өзгеріс нәтижелері Қазақ елінің өркенін алға сүйреуде. Әсіресе үкіметтің иновациялық индустриялық саясаты шағын және орта кәсіп пен өндірістерге қолдау көрсетуі – кәсіпкерлердің тынысын кеңейтетін үлкен реформа. Кәсіпкерлер ептеп орнынан қаз тұрып келеді. Жаңартуға ұмтылған жылдардан бастау алатын инвестиция енгізу саясаты да тұрақтанды. Шетелден енгізілетін қаржыландырудың игілігі Қазақ үкіметінің қамбасына миллиардтаған шет ел қаржысын әкелді. Шамамен 160 млрд американ долларын! Енді бұдан кейін бір нәрсені кесе ойлану керек-ті… Қазақ мемлекеті жемқорлықтан қорғанудың нақты әрекетіне көшеді. Жемқорлықтан құтылмаса басқадай дамуға лаж жоқ. Қазақ арасында не көп, қаптаған қалың ашкөзді қарақұрықтар көп.
Мұндай тарихи ұласпалы келеңсіздікпен Қытай ЖКП-сы 2012-2014 жылдардан бастап ұдайы арпалысып, нақ майдандасып келеді. Әуелі 400 мың партия мүшелері қаперге ілігіп, тең жарымы сотқа өтсе, Бо Силай соңынан Жоу Юнкан қатарлы 48 ірі «акула» құрықталды. Түркия Үкіметбасшысы Таийп Эрдоғанның баласы Биляльдің басынан кешкендері Том Сойердікінен де қиынырақ болғанын мысалға алуға да болар еді?! В.Путин жуықта ғана өз азаматтарының шет ел банкілеріне тыққан қаржыларын ықтиярымен «отанға оралтар» болса, немесе «еркімен» салық төлесе деп, рақымшылық жариялайтын заңға қол қойды!!! «ТАСС» мәліметіне сүйенсек соңғы жылдары ресейлік бақуатты алпауыттардың шетке кетірген заңсыз қаржысының мөлшері 2 триллион АҚШ долларына тең дейді!? Мәссаған, ал керек болса!
Қазақстан еркін нарықтық заңдылықты ұстануының нәтижесінде басқадан өзгеше әлеуметтік-экономикалық секіріс жасай алды. Соңғы 20 жылда Қазақтың алға қадам басуы – табиғи аяқтануға лайықталған тәсілдің жемісі. Әлемде соңғы ширек ғасырда жаңартулар мен төңкерістер жасауға ұмтылғанымен әлде қаншасының «бір қайнауы ішінде». Мұнда әйтеуір өтпелі, өліара кезеңді бастан кешу үстінде тұрған елудей ел бар. Сол елу елдің көшбасында Қазақ елі! Ең бастысы – Қазақ елінің рухани саналық өсімі өзгерістер мен жаңартушылыққа бейімделу ниеті таза, ынтасы сәл жоғары. Үш ғасырлық жасы бар капитализмді ұғып, үйрену, сәйкесу, мекендеу тым оңай болмаса керек. Айталық, 70 жыл бойы қызыл коммунизмшіл империяның «мырзақамағында» отырып шыққалы көп болмаған, саяси-экономикалық азаттыққа қол жеткізгелі арпалыстар мен жаңа күрестерді басынан өткеріп жатқан Қазақ үшін бәрі қиын. Иә, небәрі 20 жасар жас мемлекеттің ортодокс парадигмамен ауырған марксшылары үшін капитализм теориясындағы «m» әліпбиі Маркстың сақалындай құжынаған ақша болып қана елестегені белгілі. Расында Алаш үкіметінен кейін қазақ зиялылары арасында Э.Бернштейн, К.Каутский, А.Бебель, И.Дицген, П.Лафаргшылар болғанымен О.Шпенглер, А.Тойнби, Бакунин (1814-1876), С.Кьеркогершілдер (1813-1855) болмаған. Даяшылық үстемдігі, игілік, тәжірибе, тәртіп, құлықсаналық т.с.с түрлі технологиялар кешені туралы ойлана алмайтын дімкәс едік.
Экономикалық жоғарғы қарқын Қазақ еліне тақияға тар келмейтін игіліктерді ұсынды. Артта қалған 2012 жылдан бері жан басына шаққанда ішкі жалпы өнімнің /ІЖӨ/ мөлшері 12 мың американ долларына тең келеді және үстіміздегі жылы 5,7 пайызбен қосылды. Бұл көрсеткіш Польша, Венгрия, Бразилия, Түркия, Малайзия елдеріндегімен тең шендес дәреже.
Қытайдың экономикасын көтерген әйгілі сәулеткер Дэн Сяопин сексенінші жылдардан бастап «Азия ғасыры» атты жаңа атау қалыптастырған-ды. Әрине Ұлы Қытай, Үндістан экономикасының негізіне сүйеніп айтылған қисын еді бұл. Алайда Тайвань, Сингапур, Гонконг, Оңтүстік Корея осы құрылықта аяқтанды. Қазірде сол қисын бойынша – «Азия ғасыры» деген атау жаңа Қазақ еліне де тән секілді. Азия құрлығы әлемдік нарықта ең алпауыт тұтынушы. Әлем халқының жан санының жартысынан көбі осы құрлықта шоғырланған. Азия елдерінің жан саны үстіміздегі ғасыр басында 4 млрд-қа жетсе, 30 жылдан кейін 5 млрд-қа жетеді. Әлемдік орта дәулеттілер, яғни сатып алуға қауқарлы отбасылары басым елдер – Батыс Америка, Батыс Еуропаға дейінгі кеңістікті алатын еді /2009/. Енді таяу 2030 жыл дегенде бұл көрсеткіш Азия елдеріне қарай аунайды немесе орта дәулеттілер мен сатып алу қауқары жағынан Азия елдері 66 пайызға дейін көтеріледі. Расы, орта дәулеттілер саны жағынан Азияда басым дауысқа ие болады. Мұнда Қытайдың экономикалық күш-қуаты жыл сайын 8-10 пайызға дейін өседі. Таяу 2020 жыл дегенде жунголықтар үшін ІЖӨ 2 еселенеді. Үнді Қытайда 4 млрд тұтынушы бар. Тұтынудың соңғы нәтижесі – өндірістің көбеюіне келтіреді. Аталмыш екі держава 2050 жыл дегенде экономикалық қарқыны жағынан бүкіләлемнің маңдай алдына шығады. Қытай – ең алпауыт кәсіпорын орталығы, Үндістан – баламасыз сервиздік даяшылық жасайтын жаңа қоғамды пайда болдырады!? «Голдман сакс» болжамы осындай. Үндістанның жан саны 1,3 млрд. Бұл елді Бхратиа Жаната партиясының лидері Нарендра Моди басқарады. Ол өзін ұлы Үндістанның «құлақкесті құлымын» деп мақтанышпен атайды. Қазірде 65 жасар Н.Модидің бағыты – үнділердің қарынын аш, киімін жыртық етпеу. Оның қорқатыны – фрейдизмі жоқ, феноменологизмнен ада «нео» көсемшіл социализм! Себебі, «өкіметтік сектор бұл елдің өркеніне тұсау болды. Еркін, тәуелсіз экономикалық саясат жүрген болса әлдеқалай болар еді…». Бұл Н.Модидің халқынан бұрын өзінің байып кетпеуін қадағалаумен бірге өз ынсабын тыятын қанағатынан туған ойы.
Бір ғана мысалға, соңғы кезде ел басқаратын топ президенттердің жалақысы да жария етіле бастағанын айта кету тура. Мысалы, Сингапурдың басшысы Ли Сяньлун жылына 1,8 млн американ долларын санаса, АҚШ президенті Барак Обама 400 мың доллар, Оңтүстік Корея басшысы 240 мың американ долларын ай сайын санайды. Мұндай елдердің «тымағы төбесінен тозбайды» деген сөз.
Қытай төрағасы Си Зиньпиннің айлық жалақысы 11385 юань – Қазақстан теңгесі бойынша 340 мың теңгеге шақ, жұқана. Ұлы Аспан асты елінің көшбасшысы өзінен гөрі қазіргі «Google» немесе «Baidu» компаниясының қожасы, Шаньси өлкесі Янжюань қаласында 1968 жылы туған 12 млрд американ долларына тең мүлкін игілікке жаратуға әуес Робин Лилерді қолдайды?! Керемет емес пе!? Робин Лилер тапқан ақшасы мен жиған мүлкін шетелге қарай ұрлап өткізбейтіндігімен сыйлы.
Қытайда экономикалық өсім баяулай түскен сайын оның орнына Үндістан шырқау көкке көтеріліп келе жатқандай. Нарендра Модидің ықпалымен рупидің «ойнауы» инфляцияның оңтайлы күйге дейін түсуі ғажайып көрініс. Нарықтағы шикізаттың жедел өсуі де бұған ерекше тиімділік болатындай.
Қытай енді кәсібі дамыған державалық орнынан үстем технологиялы ұлы ел болуға көшті. Көшті деуге келмейді. Бірақ нақты жағдай осылай. Қытайдың 1 млрд тұрғынның тұрмысы аңыздағыдай алға жөңкіді. Тек соңғы 12 жылда қаладағы қытай жұмысшыларының жалақысы 1534 – 4579 долларға һәм 3 есеге «өсті». Қытайдағы жұмысшының бір сағаттық құны 35 американ долларына тең, жалақы деңгейі Үндістаннан 4, Индонезиядан 2,5, Вьетнамнан 2 есе жоғары. Мінеки осыны көрген Н.Модидің көкейінде Дэн Сяопиннің жаңарту жобасы тұрғаны рас… Үндістанда өте арзанға жалданатын жұмыс күші қисапсыз. Мысалы, 458 млн. Қытайдан кейінгі орында. Жұмыс күшінің 1 сағаттық құны 0.9 доллар. Еңбекке жарамды жан саны жағынан 1,2 млрд, жастарының иеленетін орны 25 пайыз. Қазақ еліндегі жастардың саны 4 млн 700 мыңға жуық, аз?! Азия барыс елдері басқаның шикізатын жандандыру, жаратудың аражігінде орасан байлыққа жолықты. Бір ғана мысал; Үндістан қазір көмір тұтынысы жағынан әлемде АҚШ пен Қытайдан кейінгі орында келеді.
Ал, көмір импорттау жағынан 3-орында, жылына 240-260 млн тонна Австралия көмірін тұтынады. Демек, озық технологиялық тәсілмен тазартылған өңделген көмірмен ғана. Адамзат дәуіріндегі отты ойлап тапқаннан кейінгі жаңалықтар тұр мұнда.
Соңғы кезде Қытай мен Үндістан аралық тиімді қарым-қатынастардың жаңа кезеңі басталған. Олардың экономикалық ынтымақтастығының мөлшері 22 млрд американ долларына теңесетін «келісімге» әкеле жатыр?!
Нарендра Моди мен харизмашыл Си Зиньпин өзара қаржы экономика, ғарыштық жаңа технология, теңіз айлақтарының тете құрылымы, баламалы энергетика саласына қатысты 21 шартқа «бармақтарын» басты. Өткен жылғы мәлімет бойынша екі елдің сауда- саттығы 71 млрд долларға жеткен. Екі жақтың қарым-қатынасы күрделі бола тұра осылай жасауға мәжбүр болған сыңайлы. Үндістан мен Қытай Гималайдың шығыс бөлігі, яғни 90 мың шаршы шақырым аумаққа талас. Ал, Үндістан болса Қытайдан аталмыш өңірдің 38 мың шаршы шақырым жеріне даулы. Өткен кездері Қытай Үндістанның тарихи «ата жауы» Пәкістанға қару-жарақпен көмектесіп келуі тағы да «отқа май құятын-ды».
Қазақстанның ірі екі көршісі Қытай мен Ресей қарым-қатынасы бұрын соңды болмаған аса биік деңгейге көтерілді. Аталмыш елдердің сыбайластығы стратегиялық жан-жақты әріптестіктен етене жақын «жанашырлықтың» шыңына көтерілді?! Бір сөзбен айтсақ осы ғасырдағы мүдделі ең ірі стратегиялық Одақ Евразияда бас көтерді. Бұның дәлелі – ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған Мәскеудің Қызыл алаңындағы Владимир Путиннің сөзі. Бұған қоса бұрынғы КСРО, соңғы ТМД жуықтағы Евразия экономикалық Ынтымақтастығы алаңында қалай ойнауға Ұлы Қытай басшысының көзі әбден жеткен секілді. Себебі, «Ұлы Жібек жолының» белдеулік жобасы Си Зиньпиннің назарында болды. Яғни 2013 жылғы «бір белдік, бір сілем – экономикалық белдеулік» Қытай басшысының 2013 жылы тамыздың 7 күні Астанадағы мәлім еткен «Ұлы Жібек жолы – экономиканың белдеуі» стратегиясы… «Жібек жолының» стратегиясы берекелесу арқылы табысқа жету. Қысқасы ең іргелі, тың концепция. Азия елдерінің Ынтымақтастығын пәрмендендіру бейбітшілікті көркейту, дамытуға арналған ұлы бағыт.
Саясаттанушылардың жарыса қалам тербеуіне арқау болған осынау ұлы жорықтың ерекшелігі – қатысушы елдерге ортақ жариялылықтағы өзара пайдалы бастама секілді. «Жібек жолының» экономикалық «белдеуі» деген мағынаның астарында ХХІ ғасырдағы «мұхит Жібек жолы» деген жаңа түсінік те жатыр. Бұл, Қытайдың Шиаңынан кіндік Азия, Мәскеу арқылы батыс Европаға қарай төселетін асфальт және шойын жолдар, яғни Мәскеу-Қазанның қас жүйрік темір жолы мұнай мен газ құбырларының жүйелерін реттейтін ірі жобалар жиынтығы т.с.с. Мұндағы көрсетілген жол кестесіне оңтүстік және Шығыс, оңтүстік Азиядан Шығыс түстіктегі Африка, ары қарайғы Жерорта теңізінің солтүстік бөлігіне дейінгі теңіз жолы бойындағы айлақтардың тете құрылымын пайдаға беру жобалары қамтылады. Осы алапат ауқымды мега жоба аясында басқа да қаржылық «айдаһарлармен» қатар «Азия тете құрылым қаржыландыру банкісі», «Жаңа жібек жолы қоры» т.с.с интеграциялар, ашық сауда, ақпараттық кеңістіктер Ресей, Кіндік Азия, Европаны жалғайтын көлік-логистикасы осылай дамиды.
Қазақтың ұлы даласы арқылы Европаға өтетін 8800 шақырым Батыс Қытай, батыс Европа дәлізі немесе ұшы-қиырсыз Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейінгі көлік жол (көсікжол – Р.С) Мега жобасы! Бір ғана Қытайдың қомақты қаржысы араласқан қатысты елдераралық 40 млрд американ долларына тең баламасыз алапат қаржылық құрылым. Мұндағы Қытай Ресейаралық темір жол Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс тетеқұрылымдары, ішкергі Қытай өңіріне салынатын АЭС-ы, ғарыш саласындағы соны радиоэлектроника кешені мен соғыс құралының ең ірі елеулісі осызаманауи ауыр тікұшақ өндіру т.с.с жобалар жоба ауқымында жүзеге асады.
Құдыретше, Иә, 1960 жылдан 1969 жыл аралығында КСРО мен ҚХР арасы саяси қайшылықтың ең биік шегіне жеткен кезі болған. Осы мезетте АҚШ-тың 37-ші президенті Ричард Никсон (1969-1974ж.ж) Қытай АҚШ аралық қарым-қатынасты жақсартуға аттанған болса, 2001 жылы Ресей мен Қытайдың достық қарым-қатынасы жаңа сатыға көтерілген. Демек, жуықта ғана Мәскеуде өткен жеңістің 70 жылдық шеруіне қатысқан Қытай, Ресей, Қазақстан, Беларусь басшылары біртүрлі сәтті келісімге келді. Айталық, 2014 жылы Шанхайда басталған 400 млрд американ долларына тең келісім-шарттарға толықтырулар енгізу арқылы келісілген әйгілі 32 шарт екі жаққа да қыруар пайдасын беретін болады. Келешек 30 жыл, яғни 2018-2048 жылдар арасында Ресейден Қытайға тартылатын газ мөлшері 38 млрд шаршы метр… Бұл әрине Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Еуразия Экономикалық Одағы (ЕАЭО) немесе нақты «ШЫҰ, ЕЭАО – Жібек жолы» аталатын стратегиялық үштіктің өмірге келуіне қатысты нәтиже! Батыс Қытай, Батыс Еуропа дәлізі арқылы млрд-таған тонна тауар жөнелту, яғни транзиттік қисапсыз жүк тасымалданады. Мұның Қазақстанға тиеселі бөлігі 2500-ге жуық шақырым. Бұл жобаны сонау 1927 жылғы Транссібір темір жолы магистралімен тіптен шендестіріп қарауға болмайды. Ал, Жапонияның ХХ ғасырды таңғалдырған «Шинкансен» жүйрік шойын жолын ендігі кезекте көз ілеспес жылдамдықпен жүгіретін шайтан арбалы «Шиаңкең жолы» кес-кестейді.
Бір қызықтысы – аталмыш Мегажоба жүлгесімен ауыл шаруашылығына бағытталған қаржы мөлшері екі млрд американ долларына жетеді. Мінеки, осыдан соң экономика сергиді, экспорт күшті қарқын алады, валюта қоры үсті-үстіне молаяды. Экономика тұрғындардың тұрмысына қарай бет бұрады. Ұлы көш осылайша жүре түзеледі. Қысқа мерзімде ғана 200 млн. АҚШ долларына тең инвестицияны агробизнеске тартып, ең үздік қаржыландырушы 20 елдің қатарына енген – Қазақ елі «G-Global» ұстанымын (бастамасын) паш етті. Өте қарапайым қағидатқа негізделген «G» саясаты қандай бір төңкеріс, яғни байыпты саяси сыпаттағы әсіре төңкерістен шегіну, әділеттілік, теңдік, келісім бітім, сабырлылық пен сенім ауқымында өрбиді. Бұл сенім жалпы Қазақты, күллі жұртты жасанды «гомеостазистік» қысымнан қорғауға тиімді.
The 3-year State Agricultural and Food program, developed in the republic ,shall provide for the intensification of the country’s agriculture and for the execution of changes in the agricultural sector.
Қытай арзанқол экономикалық тауар өндірістен пайда табатын әдетінен айни бастады дедік. Демек, олай болса, бұл ел экономикалық жаттанды үрдістен басқа тың жол таңдады деген сөз. Себебі, Ұлы Қытай әлемдік азулы ұлу. Сол тұрғыда «Саннан сапаға, ұраннан үнемге, ысыраптан нақты мықты технологиялық өнімді пайдалануға» қарай беттеді. Қазақстан енді тек көмір кендері мен алтын, мысты экспортқа шығару үшін әрекет жасайды. Австралия қой етін, Жаңа Зеландия сиыр етін Азия елдеріне жөнелтіп қыруар пайда табады. Ресей болса сиыр етін Америкадан, Бразилиядан, Аргентина мен Уругвайдан импортпен алады. Мәскеуде 1 келі сиыр еті 50 долларға тең. Аргентинаның табыс көзі жалғыз – сиыр етінен… Жалпы әлемде сиыр етіне сұраныс өте көп. Сиыр өсіріп, етін экспортқа шығаратын елдер де аз емес. Әлемде 1,3 млрд зеңгібаба бар деген сандерек рас болуы мүмкін. Сондай-ақ Үндістанда 200 млн, Бразилияда 180 млн, Қытайда 100 млн сиыр бар.
КСРО тұсында жылына 300 мың тонна ет әзірлеп титықтайтын Қазақ Агрокәсіп, агроөндіріс, бизнеске қолайлы инвестиция тарту арқылы ауыл шаруашылығы өнімін арттыру жолына келді. Италия, Австралия тәжірибесімен жылына 7800 тонна ет өңдейтін жаңа өндіріс нысанының алғашқысы Семей өңірінде пайдаға берілді. Қазақстанда сиырдың өсімі өте қарқынды. Әр ауылдан өріп шығатын түліктің тұяқ саны 6-7 млн арасында. Қазақстанда асыл тұқымды ең сапалы бұқа өсірумен шұғылдану керек секілді. Өте шыққан жылдары Қазақ кәсіпкерлері 40 мың іріқара малды шеттен енгізді. Бір бұқадан бір жылда 100-180 бұзау алатын жаңа технологияның ескерілуі қажет. Бір бұқаны бордақылаған кезде оның тірі салмағы 420-450 келіге дейін барады. Алайда оны қомсынудың керегі де жоқ.
Соңғы сәттерде Қазақ даласында мал түліктің өсімі күрт қосылатын секілді. Кейбір елдер малдан алынған өнімдерді шикідей сырт елдерге шығаруға әуес. Бұндай тәсіл бүгін керек емес. Егер шетелге мал өнімдерін шикі зат ретінде арзан бағамен шығаратын болсақ, оны қайтадан даяр өнім ретінде қымбатқа сатып алатын боламыз. Тері-терсекті өңдейтін өндірістер жылына қаншама пар етік, киім-кешек тігетін есеп бүгін үкіметтің сейфінде жатуы мүмкін. Қазақ елінде аталмыш бұйымдарды өндіруге ниетті 5000-нан астам шағын өндірістер, шағын тігін цехтары болса жетеді. Қазақстанға ең жақын орналасқан Ресей, Қытай, Еуразияның бірқанша елдері соңғы өнімдерді яғни өңделген тері бұйымдарын экспортқа шығарса, «Қазақстанда жасалған» деген жеңіл өнеркәсіптік нарық ауқымы кеңейе түседі. Ал, Қазақ елі үшін тек тері-терсек өңдейтін орта, ықшам, ірі өндірістер саны 40-50-ге жетуі ғажап емес. Демек, осы бағытта шетелдермен бәсекелесуге қауқарлы 10 ірі өндіріс бой көтереді. Жартылай өңделген өнімді қосымша құн аралас тауарға айналдыру саясаты қарқынды жүргізіледі. Табиғи таза қырымнан аяқ киім жасайтын өндіріс пайдасы кем дегенде 70-80 пайызға дейін өсе түседі. Теріден жасалған қазіргі бұйымдар мен өңделген теріге Италия секілді елдерде сұраныс көп. Тек ешкі терісіне сұранысы бар Қытай өндірістері өнімін экспортқа шығару арқылы мол пайда табады.
Кейбір елдер өңделген тері-терсектің 20-30 пайызын ғана соңғы өнім болдырады. Бұл, әрине, Қазақстаннан сырт елге қарай аға жөнелетін валютаны шектей алады. Демек тері-терсекті сапалы өндіруші өндірістерге коммерциялық банкілер несие беретін жол ашылады. Таяу 10-15 жылда Қазақтың қорасындағы мал саны кем дегенде 5-10 есеге өседі. Айталық, қазіргі 7 млн-ға жеткен сиыр саны 60-70 млн-ға, 21 млн 101,9 мың ұсақ мал шамамен 100 млн-ға жетуі тиіс. Ендеше 1 млн 977 мыңға жуық жылқы саны ең кемінде 5 млн-ға артуы әбден мүмкін. Қазақ жері төрт түліктің өрісі. Мол алқапты, кең жайылым. Бір бие 3 жасар кезінен бастап 7 рет құлындайды. Қазақы жылқы өсімтал, төзімді әрі өнімді. Ал 21 млн 101,9 мың қой мен ешкінің саны да «тақияға тар келмейді»… КСРО кезінде Қазақстанда 4 млн-дай ешкі өсірілген. Қазір де ешкінің саны 2,3 млн-ға жуық. Әлемдегі 11 түрлі ешкінің 4 түрі Қазақ даласында өсіріледі. Ешкі екі рет лақтайды және егізден?! Біздің пайым бойынша таяу жылдары ешкінің саны да 5 миллионнан аса жығылады. Сол ешкінің өңделген 1 келі түбітінің құны әлемдік нарықта 80-120 доллар!? Мысалы, екі серкештің үстінде «100 доллар» жүр?! Ендеше 1 келі түбіттен жасалған соңғы өнім немесе бір көйлектің төменгі бағасы 1000 доллар! Мың көйлек көбейту бір келі түбіт – тең «икс»?! Бұл жұмбақты шешу үшін Иван Андреевич Крыловтің «Стрекоза и Муравей», «Комар и Пастух» атты екі мысалын Иманғали Тасмағамбетов, Бердібек Сапарбаев қатарлы Қазақтың қас зиялылары оқып, біліп те жүргені анық!..
Әлемдегі баға шикізат құнына, ырғалымына сай өз орнын жиі алмастырады. Шикізаттың өз отанына сүйреп келетіні – қаржы. Қарынды сипап, жібекке оранып жататын бекзада арабтарды құдай берген мұнай шикізаты әлемдік деңгейге көтерді. Шикізат өссе, инвестиция өзі қораға іздеп келеді.
Қымбаттым! Сіздің көкейіңізде «Күйзеліс пен күйреу» тұрғанын сеземін. Бірақ, Харвард университетінің профессоры, әйгілі экономист Н.Фергюсон қаржыландыру (инв) нарқындағы дағдарыстың айнақатесіз ақиқат болғандығы жөнінде жағы қақсағанша айтумен келді. Қаржы жүйесі қисапсыз ауыр қиыншылықты бастан кешеді, әрине. Оның пайымдауынша 1914, 1930, 1980 жылдардағы ұлы күйзеліс дағдарыс әлемді қамтыған азаматтық соғыспен қатар келді. Жаһандық экономиканың нарқы осылайша өзгеріп, жаңарып, құлдырап, өрлеп отыратын тірі ағза. Әсіресе, ХХ ғасырдағы әлемдік нарық тарихы қаншама дағдарыспен ұшырасты?! Оның барлығы жаңа Қазақстанды айналып өтпейді.
Демек, Қазаққа төніп тұрған елден ерекше дағдарыс көлеңкесі көрінбейді.
Иә, солай…